Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Әр дәуірдің құнды шежіресі – есімдер мен атаулар...

08.08.2023 6313

Әр дәуірдің құнды шежіресі – есімдер мен атаулар

Әр дәуірдің құнды шежіресі – есімдер мен атаулар - adebiportal.kz

Өмір есігін жаңа ашып, өмір табалдырығын енді ғана аттай бастаған нәрестеге жарасымды, айшықты ат беру – әрбір халық үшін маңызды да, мәні зор дәстүр. Адам есімі өзі өмір сүрген қоғаммен, қоршаған ортамен тығыз байланысты. Тарихта талай әлеуметтік істердің, қоғамдық құбылыстар мен ірі оқиғалардың адам есімімен аталып, кейінгі ұрпаққа, тарихта мәлім болып жүргені осының айғағы. Есімдерде халық тіліндегі сөздер сияқты өмір сүріп, ескіріп әрі жаңарып отырады. Олар да ғасырлар үшін қарт шежіре сияқты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. 

Ұлттық сана-сезімді жетілдіріп, болашаққа жарқын қарауымыз үшін, біз, әрине, өзіндік болмысымызды, ділімізді сақтап қалуымыз қажет. Халықтың әдет-ғұрып, тарихи, дәстүрлері мен кісі аттарының арасында байланысы бар екені ономастикада дәлелденген. Ал оның этномәдени мәні ерекше екені баршамызға мәлім. Осы тұрғыдан алғанда, балаға ат қоюда ерте кездің өзінен-ақ ырым мен әдет-ғұрыпты сақтаушылық болған. Ал, ырым мен әдет-ғұрып Ш.Уәлиханов атап көрсеткендей, салт-санаға тән. Мысалы: ұлы жоқ үйлерде қыз туатын болса, онда ол қызға Ұлтуған немесе Ұлбосын деп ат қояды. Ондағысы «кейінгі бала ұл болса» деген ырым-сенім.

Қазіргі қазақ есімдері сан жағынан көп те мол болуымен қатар, құрамы мен құрылысы жағынан да әр алуан, өзінше бөлек. Ол жөнінде жазылған еңбектер біздің қазақ тіл білімінде де аз емес. Әйткенмен, кісі есімдері жөнінде жазылған еңбектердің ішіндегі халыққа ең қажеттісі де, керегі де адам аттары жайлы анықтама құралы. Осыған орай, 1968 жылы белгілі ономаст ғалым Т. Жанұзақовтың «Қандай есімді ұстанасыз?», 1989 жылы «Есіміңіз кім?» деген қазақ есімдеріне қатысты еңбектері шықты. Телқожа Жанұзақов өзінің бұл жинақтарында кісі есімдерін лексика – семантикалық тұрғыдан, сан есіммен байланысты келетін есімдер, алуан түрлі тілек мақсаттарға байланысты қойылатын есімдер, ырымға байланысты берілетін есімдер т.б. деп бірнеше топқа бөліп жіктеп өтеді.

Тіл қызметінің ерекше бір саласы – ономастика. Жалқы есімдердің жинақтық атауын лингвистикада ономастика дейді де, оны зерттейтін ғылым ономасиология деп аталады. Ономастика кез келген жанды және жансыз заттарды не құбылыстардың есімін зерттейді. Ономастика грек сөзі «ономия» (грек тілінде «onoma» есім, ат) onomastika – ат қою өнері, яғни атауларды зерттейтін ғылыми сала. Ономастика өз ішінде бірнеше салаға бөлінеді: топонимика (жер, су, қала атауларын зерттейтін ғылым), антропонимика (адам аттарын зерттейтін ғылым), этнонимика (ру, ел, халық аттарын зерттейтін ғылым), зоонимика (хайуандар аттары), гидронимия (теңіз, өзен, су, көл атауларын) зерттейді. Түркі тіл білімінде жан-жақты зерттеліп, ғылыми негізі қаланған ономастиканың күрделі бір саласы – анропонимика. Анропонимика кісі аттары, әке аты, фамилиялар, лақап аттар, бүркеншік аттары зерттейтін ономастиканың бір саласы.

Антропонимдер жүйесі адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Олардың кейбір топтары қазақ ауылының ертедегі тіршілік, іс-әрекетінен және шаруашылық, тұрмыстық сөздерге байланысты есімдер. Немесе қазақ халқының ұлттық әдеті бойынша жас келіндер күйеуінің жақын туыстарының, ата-енесінің аттарын атамайтын. Сөйтіп жас келін күйеуінің ағасын, інісін я қарындасын тура атымен атай алмай, жанама ат қойып алатын. Атап айтқанда, қайын сіңлілерін – шырайлым, бикеш, бойжеткен, еркем, ержеткен, ерке қыз, ал ер адамдарды төрем, шырақ, мырза жігіт, молда жігіт т.б. деп атайды. Тіпті күйеуінің құрдастарының аттарын атауды да ұят санап құрдас, замандас немесе аттас деп атау дәстүр ұстаған.

Эвфемизм – бір затты немесе құбылысты тікелей өз атымен емес, басқа сөзбен атау. Айтуға дөрекі, қолайсыз сөзді сыпайы сөзбен ауыстырып айтудың негізінде шыққан. Онық тілдік көріністері қазіргі қазақ тілінде көптеп кездеседі. Мысалы өтірік айту – қосып айту, ұрланыпты – қолды болыпты, өлді – қайтыс болды, үзілді т.б. Ал, табу ерте замандардағы адамдардың мифтік танымына сәйкес кейбір заттардың аттарын тікелей айтуға қорқып, тыйым салынуынан қалыптасқан. Әлем халықтарының көпшілігінде, оның ішінде қазақ тілінде де жалқы есімдердің көбі табуға айналған. Ш.Садиевтің мәліметі бойынша, Әзірбайжанда күні бүгінге дейін шын аттар жасырын болған. Түркіменстанда «әр баланың чын ады – шын аты және ямен ады – жасырын аты бар». Сібірдің солтүстігінде ер адамдарда екі ат болды, оның бірі – шын ат, ол сирек қолданылса, ал екіншісі күнделікті қолданыстағы ат болып саналған. Антропонимдер мен жалқы есімдерді қолданған кезде мұндай сөздік тыйымдар (табу), жоғарыда атап өткендей, қазақ әйелінің де сөздік ғұрпында болған. Қазақ әйелінің сөзіндегі табуға айналған жалқы есімдер эвфемизмдермен алмастырылған.

Жер бетінде 3 мыңнан астам тіл бар. Әрбір халықтың тілі арқылы сол халықтың өмірінің рухани қазынасын, мәдениетін білуге болады. Бұл жөнінде академик Ә.Қайдаров: «Әрбір халықтың тілі – тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар рухани болмысы мен мәдени байлығының барлық болмысы мен өмір тіршілігін, дүниетанымы мен әдет-ғұрпын бойына сіңіріп, ата-мұрасын, асыл қазынасы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын қасиеті бар» деп тілге анықтама береді. Сондықтан да халықтың тілі рухани болмысы және мәдени байлығы бірімен-бірі тығыз байланысты. Бұл жөнінде көптеген зерттеуші ғалымдардың пікірлері бірізділік табады. Қазақ есімдерінің де өзіне тән тарихы, шығу, пайда болу жолы бар. Кісі есімдерінің шығу, қойылу тарихы өте көне замандарға, алғашқы рулық қоғамға барып тіреледі. Әуелде ру, тайпа аттарының, содан кейін кісі аттарының шыққан күні бүгінде ғылымда белгілі болып отыр.

Антропонимдерде халықтың өткендегі тарихын танып, білуге септігін тигізетін, сондай-ақ қандай діндерде болғанын мәдени өмірінен мағлұмат беретін қызықты деректер де жатыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ антропонимдерінде өзге туыс халықтармен ұқсас та жағы және өзіне тән характерлі өзгешеліктері бар. Тілдердегі кісі аттарының шығу төркінін және олардың этимологиясын зерттеу – тіл білімінің ономастикасы салаларымен тығыз байланысты. Түркі тілдерінің ономастикасының зерттеу – ғалымдардың еңбектерінде Орта Азия халықтарында адам аттарының көпшілік жағдайда ұқсас екендігі айтылып жүр. Бұндай ұқсастықтың болуы заңды нәрсе. Себебі бұл халықтардың әдет-ғұрып, салт-санасы, күн көрісі өте ұқсас. Сондай-ақ бұлардан басқа да ономастикадағы ұқсастық бұл халықтардың дінінің де ұқсастығы да болуы мүмкін. Бізге белгілі қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, қырғыз халықтарын да жүздеген аттар діни ұғымдармен байланысты.

Түркі халықтарында ат қоюға байланысты түрлі әдет-ғұрыптардың барлығы байқалады. Бұндай жағдайлар түркі тілдерінің бәрінде де, монғол тілдерінде де жиі ұшырасатынын Т. Жанұзақовтың «Қазақ есімдерінің тарихы» деген еңбегінен көбірек байқауға болады. Көркем туындылардағы адам аттары түркологияда В.В.Радлов, В.М. Жермунскийдің, А.К. Боровковтың, Н.К.Баскаковтың, Ә.Қоңыратбаевтың т.б. ғалымдардың еңбегінде жиі сөз болған мәселелердің бірі. Кезінде М.Әуезов эпостағы ономастикалық атауларға байланысты былай деп жазған: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында ғибрат беру сарыны күшті. Қаһармандарының бір парасы жамандықтың үлгісі болса, екінші парасы жақсылықтың үлгісі болып көрсетіледі. Қатты Қарабай, жауыз Қодар, сұм мыстан, Сасан би, опасыз жеңге-зұлымдықтың жоқшылары болса, әділеттің жоқшылары. Жырда жауыздық пен әділет дүниесінің тартысы суреттеледі.

Алғаш орыс есімдерін зерттеген М.Морошкин мен Н.М. Тупиков. М.Морошкин орыс есімдерін хроникалық жоспарда алып қараса, Н.М.Тупиков орыс есімдерін тек тарихи тұрғыдан қарамай лингвистикалық тұрғыдан талдау керек деген пікір айтқан, - дейді Т.Жанұзақов. Соңғы дәуірінде орыс тіл ономастикасының салалары - зоонимия, астрономия, этнонимия және антропонимика салаларын зерттеу мәселесі жолға қойылған. Орыс ғалымдарының игі әсерінен қазақ тіліндегі кісі аттары да зерттеле бастады. Жалқы есімдер мен жалпы есімдер туралы, соның ішінде қазақ есімдері ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап шыққан. Қазақ есімдерін талдауда В.В. Бартольд, Ш.Ш. Уалиханов, В.И. Даль, Н.И. Ильминский, А.И. Самойлович сияқты ғалымдардың еңбектерінде бұл мәселеге көңіл аударылған. Осы қазақ антропаномикасына алғаш пікір айтып талдау жасаған профессор Қ. Жұбанов. Оның «Қазақ сөйлеміндегі сөз тәртібінің тарихы» деген еңбегінде антропонимдерге синтаксистік талдау жасалған.

Біріккен тұлғалы кісі аттарының грамматикалық құрылысының дамуы тіліміздегі Бүркітбай, Шаянбай, Құнанбай, Асаубай, Асылбай кісі есімдері мағыналық жағынан бірдей емес. Себебі «бай» сөзінің мағынасы екі түрлі жолмен қолданылады. Біріншіден «бай» сөзінің алдына жалғанатын сөз зат есім болса, екіншіден «бай» сөзінің алдына жалғанатын сөз сын есім болып жалғанады. Ал түркі тілдеріндегі ономастиканың зерттелу тарихына шолу жасалғанда ол екі дәуірге бөліп қараған.

Біріншісі - ертеде жазылған еңбектер, екіншісі - советтік дәуірдегі еңбектер болып бөлінген. Бұндай еңбектер - В.В. Радловтың әйгілі «Түркі тайпалары әдебиетінің үлгісі» кітабы негізінде жасалған. Қазақ тілінен бөлек түркі тіліндегі ономастикасын және тарихын, әдебиеті мен тілін зерттеушілерден: В.А. Гордлевский, А.И. Самойлович мақалаларында әдет-ғұрып, ырым жайлы жасөспірімдерге ат қою, тәрбиелеу туралы мәселелері көрсетілген. Қазіргі тіліміздегі антропонимдер ХІ-ХҮ ғасырларға тән архитектуралық ескерткіштерде де кездесетіні айтылып жүр. Сол кездегі есімдер мен қазіргі романдағы есімдердің арасында айта қоярлықтай ерекшеліктер байқалмайды. Тек қана олардың айырмашылығы дыбыстық құрылыста екендігін білеміз.

Сонымен қатар «Абай  жолы» романындағы жиі айтылатын Мырза сөзінің шығу төркіні негізінде Мырза - парсының амиразада сөзінің қысқарған түрі. Негізінде ХІХ ғасырда бұл термин Қырым татарларында атақты семьялардың балаларына берілген титул болғандығын мысалы: Мирзада яғни «ақсұйек»/әкім/ «ұлы» және де Мырзатай, Мирзахан деген есімдердің бар екенін зерттеуші ғалымдар толық айтқан болатын. Дүние жүзіндегі халықтарының өзіне тән, жеріне әдет-ғұрпына, шаруашылығына, салт-санасына, дәстүріне байланысты кісі есімдері бар. Кісі есімдерінің қойылу салты рулық қоғамнан бастап бар екенін дәлелдеген. Мысалы: Ф.Энгельстің жазғанындай «Әрбір рудың белгілі бір есімдері немесе бірнеше ұқсас есімдері болады, ол есімдермен бүкіл тайпа ішінде сол рудың өзі ғана пайдалана алады . Әрбір мүшесінің есімі де оның қай рудың адамы екендігі дәлелдеген», - дейді Ә.Әбдрахманов. Түркі тіліндегі қазақ есімдері ерте кезден бастап-ақ, пайда болғанын және де есімдеріміздің ішінде ерте замандарда қойылған есімдердің шығып қалғандары да бар, сонымен қатар кейбіреулері жұрнақ ретінде сақталған. 

Антропонимдер адамдардың ғасырлар бойы басынан кешірген күнкөріс жолындағы табиғатпен аңға, құсқа сыйыну, ай мен күнге табыну сияқты ырмдардың барлығы кісі есімдеріне әсер етеді. Мысалы: осы романдағы есімдерден Құсбек, Бүркітбай, Қамысбай, Көкше, Торғай т.б. есімдері жоғарыда көрсетілген жағдайларға байланысты қойылған. Халқымыздың шет елдермен байланыс жасау арқылы тілімізге мыңдаған сөздердің және басқа тайпалар мен рулардағы кісі есімдері біздің тілімізге енген.

Фольклор халқымыздың көркем әдебиеті мен жазба әдебиетін дамытуда ерекше орны бар. Қазақ халқының ауыз әдебиеті ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда дамыған. Қазақ халқының көшпелі тұрмысына төрт түлік мал атауына байланысты есімдер көбірек ұшырасады. Осы атаулар арқылы жасалған есімдерден «Абай» романындағы жиі ұшырасатын құбылыс. Аққозы, Бурақан, Қаратай, Құлайғыр, Құлыншақ, Құнанбай, Серке т.б. есімдер пікіріміздің дәлелі. Қазақ халқы өзге туыс түркі халықтары тәрізді көршілес отырған халықтармен туысқандық көршілестік қатынаста болған.
Түркі халықтары оның ішінде Орта Азия халықтарының есімдері түрі жағынан бір-біріне өте ұқсас. Бұл халықтар діни ұғымдар негізінде балаларға ат қоюда табиғатқа бас ию сияқты әдет-ғұрыпты сақтушылық болған. Бұл мәселеге кезінде Ш.Уалиханов былай деп пікір айтқан: «Ырым мен әдет-ғұрып, салт-санаға тән». Мысалы: ұлы жоқ ата-аналар кішкене кезінен бастап-ақ қыз балаларға Ұлтуған, Ұлболсын деген есімдерді ырым бойынша қою негізі ұлды қастерлеу, жоғары бағалаудан шықса керек.

Қазақта ауыз әдебиетімен батырлар есімдеріне байланысты қылып ат қою себебі: халық қамын ойлау, елін, жерін сүйген батырлардай болсын деген үмітпен балаларына ат қойған. Мысалы: Қобылан, Қамбар, Назым, Құртқа, Қарлыға, Төлеген т.б. осындай есімдерге байланысты «Абай» романындағы есімдерден: Баян, Қамқа, Қамар, Манас, Зылиқа, Жамал сияқты есімдер мен халық сенімі арман тілегі, баланың ұзақ өмір сүруі үшін қойылған аттардан: Мыңжасар, Тұрсын, Жетпіс т.б. есімдер бар. Бұл есімдерде романда жиі ұшырасады. Қазақ тілі сөздік құрамында көптеген орыс тілінен енген сөздер сөздік құрамның едәуір бөлігін құрайды. Мұның алғашқы дәуірі ХҮІІ ғасырдан басталады да алғашқы сөздер сауда-саттыққа, шаруашылыққа байланысты болып келеді де, кейін ХІХ ғ. екінші жартысында Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты бұл процесс күшейе түседі. 1861 жылы крепостнойлық праводан азаттық алған орыстар Қазақстан территориясына лек-легімен ығыса бастайды. Қала берді орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық идеялы адамдары қазақ жеріне аударылды. Қазақ еліндегі мұндай әлеуметтік құбылыстар романда кең және жан-жақты суреттелген. Осыған байланысты романда толып жатқан орыс есімдері өте көп. Жалқы есімдердің морфологиялық құрылысын лингвистикалық бағдарда зерттеу өзекті мәселелердің бірінен болып саналады. Сондықтан да адам аттарының грамматикалық құрылысы бірқатар тілші ғалымдардың ғылыми еңбектерінде әр түрлі тілдердің материалдарында ашып көрсетілген.

Тал бесіктен жер бесікке енгенше сенімен бірге өмір сүретін – есім.  Ғылым тілімен айтқанда, «айрықша тілдік таңба». Жалқы есімдерсіз адамзат қарым-қатынасы болуы мүмкін емес, тіпті елестету де қиын.  Жалқы есім – лексиканың ең жылжымалы, өзгермелі қабатын, атау беруші халықтың танымдық көзқарасына сәйкес әлем моделімен анықталатын ономастикалық кеңістікті құрайды.

Антропоним формуласында, атау беру уәжінде, атау құрлымында байқалатын әр халықтың өзіндік атау беру дәстүрі бар. Кез-келген халықтардың антропонимдік қоры (антропонимдер жиынтығы) құрамы жағынан әр түрлі болып келеді. Әр халықтың атау тізімі немесе реестрі (антропонимиконы) шектеулі, сондықтан бір атқа бірнеше адам ие болуы мүмкін. Антропонимдердің тілдік аспектісі оны ұлттық белгі ретінде айқындайды. Антропоним бір тілге қатыстылығы тұрғысынан ғана қарастырылмай, сонымен қатар, оның шығу тарихы, қолданылу аумағы, сол есімді қолданған халықтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы, тарихы мен әлеуметтік жағдайы, қоғамдық ортасы жайлы көптеген маңызды мағлұмат беретін тілдік бірлік ретінде қарастырылады.

Қазіргі антропонимдік жүйенің қалыптасуы мен дамуын бірыңғай қарастыру мүмкін емес өте күрделі және ұзақ үрдіс екені байқалады. Антропонимиканың теориялық негіздері В.Д. Бондалетов, Н.А. Баскаков, С.И.Зинин, Ю.А.Карпенко, А.А.Реформатский, А.М. Селищев,  О.Н. Трубачев, Н.М. Тупиков, В.П. Морошкин,  В.К. Чичагов,   Л.В. Успенский, А.А. Белецкий, В.А. Никонов, Н.В. Подольская, А.В. Суперанская, Р.Г. Алеев, Г.Ф. Саттаров, К.М. Мусаев, Т.Ж. Жанұзақов сияқты ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Антропонимка саласы жалпы тіл білімі мен түркітану саласында, оның ішінде қазақ тіл білімінде көптен зерттеліп келеді. Қазақ ономастикасы тақырыбына Т.Ж. Жанұзақовтың, А.Т. Қайдаровтың,  Г.Б. Мәдиеваның,        Б.М. Тілеубердиевтің кешенді еңбектері арналған. Антропонимдердің тілдік аспектісі оны ұлттық белгі ретінде айқындайды. Антропоним бір тілге қатыстылығы тұрғысынан ғана қарастырылмай, сонымен қатар, оның шығу тарихы, қолданылу аумағы, сол есімді қолданған халықтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы, тарихы мен әлеуметтік жағдайы жайлы көптеген маңызды мағлұмат беретін тілдік бірлік ретінде қарастырылады.  Әр тілдің ономастикалық қоры түрлі кезеңдерде, түрлі тілдерде пайда болған тілдік бірліктердің жиынтығын құрайды. Қазіргі қазақ тілі лексикасының құрамы жағынан біркелкі емес. Тіліміз түркі сөздерімен қатар, араб, парсы, орыс және де басқа шет тілдерден енген сөздер кездеседі. Шет тілдерден енген антропонимдермен салыстырғанда көбіне араб және парсы тілдерінен енген есімдер пайыздық көрсеткіші жағынан басым. Түрік тілінде, қазақ тілімен салыстырғанда, араб тілінен алынған жалқы есімдер біршама көптеп кездеседі.

Есімдер мен атаулар – әр дәуірдің ескерткіші, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын құнды шежіре, ұлттық ерекшелігімізді әйгілей түскен тарих айнасы. Осы және де басқа себептерге байланысты жалқы есімдерді зерттеу жалпы алғанда тарих үшін, оның ішінде тіл тарихы үшін өте маңызды. Ономастика ғылымының зерттеу нәтижелері тіл білімі тарихы үшін, халықтың тарихы үшін, диалектолoгия, этнография, археология, география, философия ғылымдары үшін құнды да маңызды дереккөз болып табылады.

Антропонимдердің пайда болуы өте ұзақ уақытты талап ететін күрделі үдеріс. Сондай-ақ, әр халықта, әр ұлтта  өзіндік саяси, әлеуметтік және ең бастысы қоғамдық жағдайларға байланысты қалыптасып, дамиды. Антропонимиялық жүйе қоғамның талаптарына сай өзгертіле отырып жетілдіріледі. Адам есімдерінің қоғамға байланысты дамып, өзгеріп отыратыны даусыз. Қоғам дами түскен сайын дамып, қоғам құрылысы күрделене түскен сайын күрделене отырып, қоғам ағымына сай өзгертіледі. Антропонимдер мен антропонимиялық жүйе қоғамның құрылысына, оның дамуына сәйкес  өзгеріп, түрленіп қоғамдық талаптарға жауап беріп отырады.

Әрбір халықтың ұлттық антропонимиялық қоры сол халықтың ұлттық тарихына, тіліне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, дініне, дүниетанымына және тағы да басқа өзіндік ерекшеліктеріне тікелей байланысты  қалыптасады. Тарих қойнауына көз салсақ, КСРО мемлекетінде он бес одақтас мемлекет өмір сүрді. Олардың ішінде қазақ халқы да бар еді. Негізгі көшбасшы ұлт орыстар болды. Нәтижесінде қазақ ұлты мен орыс ұлты  арасында мәдени, экономикалық және саяси байланыстармен қоса рухани байластар қарқынды дамыды. Екі ұлт арасында кісі есімдерін алмасу байқалды. Яғни орыс пен қазақ халқына ортақ кісі есімдері пайда болды. Еліміз егемендік алғанымен Ресеймен қатынасты үзбегені анық. Ресей мен Қазақстан бір географиялық аймақта орналасқан. Айта берсек, атай береміз дегендей, Ресей мемлекетімен де, ұлтымен де қарым-қатынасымыз  тығыз орнағаны соншалықты, бір жылдары қазақ халқының арасында туылған нәрестеге Ресей қалаларының аттарын да қою сәнге айналған еді (Минск, Армия), мұндай жағдайлар ұлы үйленіп, әскерге кеткенде босанған келінінің баласына әскери борышын атқарып жүрген жерінің атын қойған екен. 

Тағы бір мысал, 1985-90 жылдары орыстың ертегілерінің кейіпкерлерінің аттары да назардан тыс қалмағандай, мысалы: «Людмила» есімімен қыздарының атын атаған.   Қазіргі кезде осы екі халықтың арасында ер, әйел адамдарына ортақ кісі есімдері көптеп кездесіп жүр. Мысалы: Сара, Роза, Тимур, РоманРаяЛаура, Зина, Шура және т.б. секілді. Совет кезеңінде, яғни орыс тілінен жалқы есімдер, әсіресе әйел есімдері Октябрь революциясынан кейін, Кеңес заманында кеңінен жайыла бастағандығы байқалады. Мысалы: Лиза, Марина, Клавдия, Римма, Рита, Светлана, Тамара, Клара, Мира, Мая, Жеңіс сияқты есімдер көбіне ХХ ғасырдың орта кезінде дүниеге келген балаларға берілген. Кеңес үкіметінің тұсында сол кездегі қоғамдық ұғымдардан туындаған антропонимдер қолданысқа енеді. Т. Жанұзақов Совет есімінің ХХ ғ. 30 жылдары шыққанын алға тартады [1, 70 б.]. Съезд, Советия, Советгүл, Совета, Советнұр, Советхан,  Кеңес, Кеңесгүл, Кеңесхан есімдерін беру сол кездегі жаңа ұғымдарға байланысты жаңалықтың нышаны болса керек.

Орыс тілі арқылы Жанна, Луиза, Клара, Роза, Дина, Элеонора, Рига, София сияқты  интернационалдық есімдер де көптеп енді және кеңінен болмаса да, қолданыс тапты.

                        Кісі есімдерінің қойылу ерекшеліктері

Қазақ есімдерінің басым тобы халқымыздың өткен замандардан бастап күні бүгінге дейін мәдени-тарихи өмір бейнесін анық көрсетеді.
Белгілі бір адамның өз аты, әкесінің аты, тегі бірін-бірі анықтаумен қатар, бәрі құралып бір күрделі есім де бола береді. Мысалы: Әміре Қашаубайұлы, Құдайберген Қуанұлы Жұбанов, Мұхтар Омарханұлы Әуезов т.б. Кісі аттары қалыптағыша атау күйінде қолданылумен қатар, сыйлау, құрметтеу, еркелету, кішірейту мәнін білдіру үшін, атау формасына арнаулы қосымша жалғанып та жұмсалады.
Мысалы: Сәбит, Ахмет деген аттарды құрметтегенде, сыйлағанда я үлкен тұтып атағанда, Сәбең, Ақаң деп атауға болады, Сәуле деген атты еркелетіп Сәулеш деуге болады. Мысалы: - Осы ат мінгізгендей көрейін, тек осындаймен мақтағаныңды қойшы, тіпті, Қареке! - деп Абай Қарабастың иығына асыла түсті (М.Әуезов. «Абай жолы»,108-бет).

Сәбиге қойылатын есім оның болашағына ғана емес, сол жанұяның тарихына, айналасындағы адамдарға, ауыл-аймаққа да қатысты болған. Мәселен, ұзақ уақыт бала сүйе алмай жүрген ата-аналар тұңғыш баласына
Ерсін, Жалғас, Тұрсын деген сияқты аттарды қояды. Тұрсын сасқан жоқ, іле жауап қатты. (М.Әуезов. «Абай жолы», 774-бет). Бұл аттар соңынан тағы да сәби ерсе екен, аман-есен болып, ұрпағым жалғасса екен деген ниеттен туған. Қазақ халқы ежелден ұл баланы ұрпағының жалғасы, шаңырағының ұйтқысы санайтыны белгілі. Сондықтан бір отбасында тек қыз балалар ғана болса, онда қыздарға т.б аттар қойылған, яғни келесі бала ұл болып қалар деген үміт, тілек, ниет айқын аңғарылған. Бұрынғы заманның медицинасын қазіргі кезбен салыстыруға келмейді. Ертеде әр түрлі аурулардың себебінен, заманның қиыншылығынан жаңа туған нәрестелердің шетінеп кетуі жиі ұшырасқан. Осындай жағдайда қатарынан бірнеше сәбиінен айрылған ата-аналар келесі баласы бәле-жаладан аман болсын деген оймен мағынасыз немесе қораш естілетін есімдерді қоя салатын болған. Мысалы: Итбай, Тышқанбай т.б. Ал кейбір адамдар ұрпағым даналардың ізін басып, солар сияқты озық ойлы болса екен деген ниетпен әйгілі адамдардың есімдерін қойған. Әйгілі ақынымыз Мұхтар Шахановтың Мұрат Әуезовқа қарата жазылған «Мені неге Мұхтар қойған?» деген өлеңінде:

Ғасырлардың күйін шертіп өтер күн,

Заман терек, адам соның бұтағы.

Мен туғанда досым сенің әкеңнің,

Жазылыпты Абай жайлы кітабы...

Менің әкем соны оқып,

Ұзақ түндер отырыпты оңаша.

Бір биікпен табыстым деп тамаша,

Шаттаныпты балаша..., - дей келе, әрі қарай Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғаның есімін ырымдап өзіне қойғаны туралы жазады.

Ертеректе араб, парсы тілдерінде қолданылған кісі есімдерін қою көптеп кездескен. Өзімізге белгілі ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының шын есімі – Ибрахим болса, Шоқан Уәлихановтың шын есімі - Мұхаметқанафия болған. Бұл екі ұлы тұлғаның да әжелері (Зере мен Айғаным) немерелерінің зеректігі мен алғырлығын кішкене күнінен байқап, бірі – әр түрлі оқыс жағдайлардан абай болсын деген тілекпен – Абай, екіншісі - шоқиып үлкендердің әңгімесін ерінбей тыңдап, көңіліне тоқитын немересінің зеректігіне қарап «шоқиған жаным» деп жүріп – Шоқан атап кеткен. Бұл аттардың өзгеруінің екінші қырына үңілетін болсақ, тым ұзақ есімдер айтуға қиын әрі сәбилерге ауыр тиеді деп есептелген. Сондықтан әу баста «азан шақырып қойған» аттары ықшамдалып, өзгеріске ұшыраған адам есімдері жиі кездеседі. 

Ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың шын есімі Мұқаметқали болған. Ал әу баста Нұрмағамбет есімін еншілеген, өзі балуан, өзі әнші атамыз, кейіннен елге Балуан Шолақ атымен танылған. Мұндай аты өзгеріске ұшыраған тарихи тұлғалар тек қазақ халқында ғана емес, өзге халықтарда да кездеседі. Өте ертеде елге танымал адамдар қай қаладан шықса, сол қаланың атын оның тегіне қосып айту дәстүрі қалыптасқан, оған дәлел ретінде Ахмет Яссауи, Сайф Сараий, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари т.б шығыстың ұлы ғұламаларының есімдерін атауға болады. Отырарлық дана Әбунасыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархани әл-Фараби бабамыздың есімі бұл күнде арабтар Фараб атап кеткен Отырар қаласымен тікелей байланысып, ықшамдалып, Әбунасыр әл-Фараби болып айтылып келеді. Қазіргі күні бұл дәстүрді жалғастырушы актер ағамыз – Тұңғышбай Жаманқұлов. Ол өз есімін Тұңғышбай әл-Тарази деп өзгерткені баршамызға белгілі. Кейбір халықтарда бір есімді өзгертпей атадан балаға қою дәстүрі кездеседі.  Ал, «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп, ежелден жас балаға дейін жеті атасының есімдерін білуді міндетті санаған халқымыз аталарының есімдерін баласына қоймаған. Бұл қағида бойынша, ең алдымен, жеті атаға жетпеген туыстар арасында қыз алысып, қыз беріспеуге қатаң тыйым салынған. Яғни, бұл жерде ұлттың қан тазалығы, этнобиологиялық тұтастығын қамтамасыз етеді. Екінші қырынан қарайтын болсақ, үлкендерін құдайындай сыйлайтын халық үшін үлкендердің есімін бадырайтып айтып отыру аса зор қателік саналған. Сондықтан жақын туыстар арасында да есімдерді қайталап қою көп кездесе бермеген.  «Адам есімінде оның тағдыры жасырылған» деген пікірді растау үшін оқымыстылар зерттей келіп, көптеген қорытындыға келген. Соның бірі, мәселен, Қайрат есімді ерлердің көбіне денсаулықтары мықты, белсенді болса, Рашид есімді жігіттер әр қадамын ұсақ-түйегіне дейін ойластырып, есеппен басатын, қулау, әйелқұмар болып келеді екен. Әділ есімді жігіттер табиғатынан сақ, достыққа адал, тез сүйіп қалғанмен, қыдырымпаздыққа жоқ болса, Мұхтарлар алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын, іскерлік қасиеті мол, кез келген тығырықтан шыға алатын жандар болып келеді екен. Серік есімді жігіттер бақытты болып туса, Қуаныштар – өз беттерімен өмір сүруден қатты қорқатын, өмірдің бәрі мәңгілік қуаныш, күлкі, той болса екен деп тұратындар. Ал Мақпал есімді қыздардың бойында артистік қасиет басым, энергиясы мол, толықтыққа бейім болып келетіні дәлелденген. Рас та шығар, бұл бағалау біз білетін әнші Мақпал Жүнісоваға біршама дәл келетін сияқты. Ал Гүлнәр есімді қыздардың құлағы сақ, қимылы ширақ, Гүлбанулар болса – пысық, жігерлі. Сондай-ақ адам есіміндегі әрбір әріптің өзіндік құпия мән-мағынасы бар. Мәселен, А-Ә – күш, билік, салтанат; Б – биік сезімге бейімділік, тұрақтылық; В – тұрақсыздық, жүйеліліктің жоқтығы; Г – құпиялылық, болмашыға мән берушілік, тиянақтылық; Д – көпшілдік, ақжарқындық, кінәмшілдік; Е – өмір сүруге бейімділік, сөзге құмарлық; Ж – өзіне деген сенімсіздік, маңыздылық, ішкі сырына беріктік; З – материалдық тұрғыдан қанағаттанбаушылық, жоғары сезімталдық; И – нәзік руханилық, әсерленгіш, бейбітшіл; К-Қ – төзімділік, күйгелектік; Л – әртістік, ұсақшылдық, қисын, әр нәрсені ойлап табушылық; М – қамқоршылдық, ұялшақтық, еңбексүйгіштік; Н – шығармашылық амбиция, денсаулыққа мән берушілік, алғыр ой; О – ерекше сезімталдық, құпия толғаныс; П – қарапайымдылық, жалғыздық, идеяның молдығы, сыртқы түріне мән беру; Р – өзіне деген сенімділік, үнемі шиыршық ату; С – билікке құмартушылық, кінәмшілдік; Т – идеал іздеушілік, сезімтал шығармашылық тұлға; У – жараланғыш, үркектік; Ф – жұмсақтық; Х – заңға бағынғыштық, сезімнің екіұдайлығы; Ш – қызғаншақтық, әзілқойлық; Ы – іспен көрінушілік; Я – өз орнын бағалай білушілік, зиялылық, шығармашылық бейімділік және т.б.

«Абай жолы» романын жазу арқылы Мұхтар Әуезов Абайдай ұлы тұлғаны бүкіл әлемге танытты, Абай арқылы өзі де танымал болды. Абайдың балалық шағынан бастап, дана Абай атанғанға дейінгі өмір жолын сипаттай отырып, Мұхтар Әуезов сол кездегі қазақ халқының өмір тарихына кеңінен тоқталды. Осы туындының осындай ұзақ уақыт аралығындағы еліміздің тарихын қамтитынын ескере отырып, сол кезеңдегі аттардың қойылу ерекшелігіне назар аударайық. «Абай жолы» роман-эпопеясында кейіпкерлер өте көп кездеседі. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкерлердің есімдері: Абай, Құнанбай, Байтас, Жұмабай, Ұлжан, Айғыз, Зере, Майбасар, Жұман, Қалиқа, Ызғұтты,Оспан, Қамысбай, Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйіндік, Жиренше, Ысқақ, Тәкежан, Қодар, Қамқа, Құтжан, Жексен, Жетпіс, Күңке, Байкөкше, Барлас, Ырғызбай, Құдайберді, Тәңірберді, Құлыншақ, Жұмағұл, Наданбай, Төлепберді, Базаралы, Балағаз, Абылғазы, Бейсембі, Оралбай, Айдос, Пұшарбай, Камшат, Смағұл, Қалке, Қарабас, Алшынбай, Ділдә, Баймұрын, Шөже, Тоғжан, Салтанат, Әйгерім, Шүкіман, Ербол, Асылбек, Қарашаш, Қадырбай, Әділхан, Қуандық, Үмітей, Біржан, Олжай, Керімбала, Марқабай, Тұрғанбай, Тулақ, Жабай, Мамырқаз, Шұбар, Таңшолпан, Үркер, Бостанбек, Бүркітбай, Ақтайлақ, Құлжабай, Көжекбай, Бурахан, Қараша, Өскенбай, Қожақан, Нұрғаным, Ақылбай, Мағаш, Әбіш, Тойжан, Иіс т.б. Осы есімдерге қарайтын болсақ, қазақ халқының ат қоюдағы өзіндік ерекшелігі бірден көзге түседі.

Ежелден жұма күнін қасиетті санайтын ата-бабаларымыз жұма күні дүниеге келген ұл балаларға Жұмабай, Жұман, Жұмағұл деген аттарды қойса, қыздарға Жұмагүл, Жұмабике деген аттарды жөн көрген.
Баладан қорыққанына Жұмабай ұялды да, ыза болды. (М.Әуезов «Абай жолы» 9-бет). Жұмағұл Абайды тани берді. (М.Әуезов «Абай жолы» 302-бет). Жексен, Бейсенбі деген аттар да сәби қай күні дүниеге келсе сол күнге лайықталып қойылса керек. Соған қолы ұзын Жексен қарайласса нетуші еді? (М.Әуезов «Абай жолы» 37-бет). Ал бала сүюге зар болып жүрген отбасылар зарықтырып дүниеге келген балаларына Құдайберді, Құдайберген, Тәңірберді, Тәңірберген, Алдаберген, Бердіқожа, Қожамберді сияқты аттарды таңдаған. Құдайберді бұл бұйрықты ести сала тебіне жөнелді. (М.Әуезов «Абай жолы» 69-бет). Найман қолынан осы ауылға тұтқынға түсіп, жыл жарымдай кісенде жатқан Қожамберді деген ақын жайын айтады. (М.Әуезов «Абай жолы» 57-бет). Бердіқожаның көнген хатын алысымен, Құнанбай қалың малды, жыртысты бір-ақ жібертті. (М.Әуезов «Абай жолы» 314-бет). 

Ежелден көшпелі тұрмыс кешіп, мал шаруашылығымен айналысқан халықтың осы кәсіпке байланысты, аң-құс атауларына қатысты есімдері де осы кітапта көптеп кездеседі. Мәселен, Құнанбай, Бүркітбай, Балағаз, Ақтайлақ, Құлжабай, Көжекбай, Жамантай, Бурахан, Қаратай, Құлыншақ, Марқабай. Ал қыз балалардың болашаға нұрлы, өмірі сәнді, мәнді болсын деген ниетпен Нұрғаным, Әйгерім, Салтанат, Керімбала, Камшат, Қамқа сияқты аттар қойылған. Әні тоқтаған Әйгерім, күліп қана қымыз ұсынып, Абайды тағы өзі оятты (М.Әуезов «Абай жолы» 449-бет).  Салтанат сыры әлі күнге жазылмай, жадырамай тұрған күптілік, мұңдылықпен айтылды (М.Әуезов «Абай жолы» 571-бет)


Ер балаларға Ақылбай, Қожақан, Қадырбай, Әділхан, Құтжан, Өскенбай, Байсал, Сүйіндік, Ербол, Асылбек сынды аттарды қойып, ақылды, бай, өсіп-өнген, байсалды, ел сүйетін, ер мінезді, асыл қасиеті мол, қадірлі, әділ болғандарын қалаған. -Әй, керім!...Әй, керім! - деп, Ербол да сұқтанып, тамсанудың үстінде еді.. (М.Әуезов «Абай жолы» 419-бет).
Бұл топта Сүйіндік шешіліп сөйлеген жоқ. (М.Әуезов «Абай жолы» 80-бет), т.б. 

Қай кезде де адам баласы заман өзгерісінің өз өміріне өзгеріс енгізетінін терең түсінген. Төле би атамыздың «Өткен күн, Кеше - тарих, Келер күн, Ертең - сыр, Ал бүгінгі күн үлкен сый» деген сөзін ерекше айтуға болады. Өткен күн ешқашанда өз ізін қалдырмай кетпейді. Сол сияқты өткен траихымызға үңілетін болсақ, тарихи оқиғалардың кісі есімдеріне де өз ізін қалдырғанын көреміз. Мәселен, қазақ халқының СССР құрамына енген кездеріндегі аттарға мән беріп қарасақ, Сәбетбек (Советбек), Сәбетхан (Советхан), Сәбетай (Советай), Союзбек, Мэлс (Маркс-Энгельс-Ленин-Сталин), Марлен (Маркс-Ленин), Сәйізхан (Союзхан), Пионер т.б аттары қазіргі жасы үлкен апаларымыз бен ағаларымызда көптеп кездеседі.
Ал енді қазіргі күндегі аттардың қойылу ерекшелігіне мән беріп, қарастырып көрейік. Анық байқалатын нәрсе тарихи оқиғалар, әншілердің, атақты адамдардың аттары, кино кейіпкерлері т.б ат қою мәселесіне өз әсерін беретініне көз жеткізуге болады. Мысалы, Ерболат Құдайбергеновтың «Айдана» әнінен кейін елде Айдана есімін қыздарына қоятын ата-аналар көп кездеседі. Ерболат есімі де көп тараған есімдердің бірі.

Ал Роза есімімен әйгілі әнші апамыз Роза Бағлановадан кейін, Роза Рымбаева, Роза Жаманова сынды әнші, актриса апайларымыз, одан басқа да өнер иелері көптеп кездеседі. Әйгілі әнші Мақпал Жүнісова бір концертінде өзімен аты да, тегі де ұқсас бірнеше әншілерді тауып, оларды сахнаға шығарып, ән салғызды. Осыдан-ақ өнер адамдарының атын қоюға деген ел ықыласын білуге болады. Көгілдір экраннан түрік сериалдары беріле бастағаннан соң елімізде Ясмина, Жанан, Орхан есімдерінің қойыла бастағанын көріп келеміз. Қорытындылай келгенде, адамдар ат қойған кезде біріккен сөзді ат қоямын ба немесе қысқа ат қоямын ба деп ойлана бермейді ғой. Бірақ сол аттың белгілі біреудің атымен ұйқасқанын немесе ол аттың қандай мағына беретінін ойлайды. «Жаралғанға жабысқан» деген жұмбақтың өзінен-ақ адам баласының дүниеге келген кезінен белгілі бір атқа ие болатынын білеміз. Мұсылмандардың ежелгі салты бойынша жас балаға ауыр тиеді деп кейбір аттарды қоймағандығын аталарымыз айтып отыратын. Осы еңбекте есімдер сырына терең үңіліп, жалпы адамдар өз нәрестелеріне жақсы әрі өнегелі ат қойса екен деген ниетпен біршама жазбаларды аударыстырдық.  Содан түйген ойымыз кейбір адамдардың еліктеушілігі болмаса, жалпы қазіргі күнде халқымыздың нәрестелеріне халқымыздың ерекшелігіне сай аттарды қоюды әлі де жалғастырып келе жатқандығын, әсіресе қайта оралған зиялыларымыздың есімдері қазір көптеп қойылып жүргендігін байқауымызға болады. Т.Жанұзақ «Есімдер сыры» еңбегінде қойылған аттардың мағынасын ашса, бұл еңбекте жалпы есімдердің қойылу мақсатына көбірек мән бердік. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым - Қожа» повесінде айтылғандай, адамның аты бір-ақ рет қойылады, ал сол есім сол адамның өмір бойы серігі болып жүретіндей, мақтанышпен айта алатындай болғанға не жетсін.

Антропонимдер жүйесі адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Олардың кейбір топтары қазақ ауылының ертедегі тіршілік, іс-әрекетінен және шаруашылық күйінен мағлұмат береді. Ат қою – қазақтарда, кең көлемде – түркі халықтарында өте тереңде жатқан мәні бар дүние. Жалқы есімдер тарихи жағдайларда тарихшыларға, әдебиетшілер, этнографтар мен мәдениеттанушыларға құнды ақпарат көзі де бола алатыны белгілі. Ата-бабаларымыз көшпелі өмір салтын ұстанып, мал шаруашылығымен айналысқандықтан, төрт түлікті киелі санаған, олардың әрқайсысының иесі, желеп-жебеушісі, қамқоршысы бар деп сенген, сондықтан да төрт түлік пірлеріне сыйынып отырған. Бұған дәлел келесі есімдердің қойылу уәжділігінде: Қозыбақ, Қойбағар, Жылқыайдар, Ақбота, Ақнар, Қойшыбай және т.б. Аузыма құдай салған шығар... қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар? (Ғ.Мүсірепов ”Ұлпан”). Түйені түлік төресі, ұлық малы деп есептеген ата-бабаларымызда «Түйе – байлық, жылқы – сәндік» деген қалыптасқан тіркес те бар. Адам есімін: Тайшық, Жамантай, Тайжан деп жылқымен байланыстырып қою жиі кездесетін құбылыс. Оның мәні жылқыны киелі, қасиетті деп санаудан туған. Сонымен бірге жылқы – байлықтың, сән-салтанаттың белгісі. Ал, құлын – сұлулықтың, еркеліктің символы. Халқымыз әдемі әйелді «құлын мүшелі», «құлын мүшесі бұзылмаған» деп сипаттайды. Адам есімін жылқыға байланыстырып қоюдың сырлары осында. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар