Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Арман Шеризат. Ақынды не мазалады?...

12.08.2019 4814

Арман Шеризат. Ақынды не мазалады? 12+

Арман Шеризат. Ақынды не мазалады? - adebiportal.kz

Өлең өмірдің өзінен туады. Ақын жанының айнасы. Әлемдегі болып жатқан дүниенің ешқайсы да ақынды бей-жай қалдырмайды. Хәкім Абай атамыз: «Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды, Кім желігіп, қай шеттен қағынса да» - деп мұңға батады. Бұл заңдылық та. Ақын жүрегі тіршіліктің сүзгісі іспетті. Сондықтан болар, шын ақында жеке басының қайғысы деген болмайды. Болған күннің өзінде ол елдің қайғысымен, елдің мұңымен астасып жатады. Өлеңнің құдіреті де осында болса керек.

Біздің бүгінгі сөз етпегіміз бүйрекке байланған тас жайында болмақ. Жалпы медицинада белең алған бұл дерттің пайда болуы табиғаттың бұзылуы, ауаның ластануы, ауызсудың сын көтермеуі, тамақтың табиғи болмауы деген сияқты тізіммен кете береді. Осы дертке шалдығып, бүйрегіне байланған тасты жырына арқау еткен қазақтың көрнекті ақындары Қадыр Мырза Әлі, Жәркен Бөдеш, Темірхан Медетбек екен. Қызығы, бүйрегіндегі тастың өзін ақынның ойы басқаша таразылап, көзі басқаша көреді.

Әр сөзін қадап айтатын Қадыр ағамызға шаншу болып қадалған оқ сөздер, өкпесіндегі қара даққа айналыпты. Домбыраның көп тартылған ішегіндей боп, жүйкесі де жұқара бастаған ақын «Айтатын сырын» өлеңмен былай жеткізіпті:


Жүзуді кім үйретеді үйрекке!
Жыр жазуды сен де маған үйретпе!
Ащысы мен тұщысынан тірліктің
Бір уыс тас жатыр мына бүйректе!

Тек сағаттай кеудесінде соққан жүрегі жүрісінен жаңылмасын деп тілейді.


Әдебиетіміздің үш бірдей алыбы бір тақырыпта қалам тербегенмен бірін-бірі қайталамайды. Керсінше өзіндік ерекшелігімен оқшауланып, дараланып тұрады.

Туған жерге деген шексіз сағыныш сезімі өлеңдерінің өне-бойынан есіп тұратын Жәркен ағамыз өзінің бүйрегіндегі тас туралы терең толғанады. Басында жақындары естіп қатты қобалжып, ақынды күтіп бәйек болыпты. Ақын бал мен зәрді жұтқан бүйрегіне түйір тасты қорытпадың деп өкпелеген де сыңайлы. Бірақ, көңілін басқаша ой жұбатады. Тау ұлына тастың қандай ыстық екенін айтып келіп, қай таудың тасы екен деп қайран қалады. Ақын Алтайдан, Атырауға дейін барып, бір емес, Алатауды алты айналған екен. Сыр барып, Көкшетауға көктеп, Тарбағатайдың төрінде марқаяды. Тіпті, Жәйірдан тартып, Алатауға дейін баспаған жері, аспаған тауы жоқ. Әсілі бұл тас туған жердің менің денемдегі бір бөлшегі болуы керек деген тоқтамға келеді. Торғайдай сарайына ұялаған туған жердің тасын ерек сезінеді. Сағынышына демеу болған осы тасқа да, разылығын білдіреді. «Туған таудың бөлшегі» аталатын өлеңіне түйінді былай қояды:

Мен де бір өнерқуып жүрген сері,

Жаныма асқақ ән мен жыр көрші еді.

Алыстап тауларымнан кеткенімде,

Денемде жүрсін солай бір бөлшегі.

Ақын Темірхан Медетбек ағамызды да бауырдағы тасы көп мазалаған сыңайлы. Бауырындағы сол тастан, ауырлап жүргенін байқайды. Жалғыз бауырда ғана емес, жүректе де, санада да ауыр тастардың жатқанын сезінеді. Тіпті, ақынның асқақ армандары да тас көтергендей ауырлап алысқа самғаудан қалғандай күй кешеді. Көзіне шалқалап жата алмай сабылған елдің барлығы да қара жартас арқалап жүргендей көрінеді. Елімнің иығынан қара тас түсер ме екен деп қам жейді. Осындай ойға батып, күрсініп отырған ақын өлеңді мынандай үлкен ізгі тілекпен түйіндейді:

Тiлегiм тек – бiлiңiз! –

Елдi қорлап сөкпейiк,

Бiрiмiзге бiрiмiз

Тасбауыр боп кетпейiк!

«Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді» дегендей, үш ақынға ортақ тақырып болған бүйрек пен бауырға жиналған тас өлеңде осылайша көркемдік сипат алады. Бұл да болса ақындардың шеберлік мектебінің бір көрінісі. Мақсатымыз ақындарды бір-бірімен жарыстыру емес, олардың жалпақ жұртқа жұмбақ, сезім мен ой әлеміне үңіле отырып таным тұрғысынан зерттеп салыстыру. Сол арқылы ерекшелігін, даралығын аңдату болса керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар