Адам табиғаттың бір бөлшегі. Табиғат-ананың құшағында қанша ғасырлар бойы жасап келеміз. Демек, қоршаған ортамыздың тазалығы мен амандығы, көркейіп гүлденбегі біздің қолымызда. Осынау жауапкершілікті ұмытып бара жатқан жандардың салғырттығынан табиғатымыз табанға тапталып, аяусыз жаншылып, оталып жатыр. Қамқорлық емес, қиянатқа көп жол беріп жатқандығымыздың да басты себебі, адам ойының бұрыстығында жатса керек. Мәселе, табиғат жайлы түзу тәрбиенің болмауында.
Адамзат жаралғаннан бастап сол табиғатпен тұтасып өмір сүріп келеді. Біздің кешегі көшпенді бабаларымыз табиғатпен жарасып, үйлесіп өмір сүру өркениетінің ең шырқау шыңына шықты. Жыл мезгілдеріне қарай қоныс жаңалады, аспанға қарап ауа райын болжады, табиғатты тану арқылы арысы-жаратушыны, берісі-өзін таныды.
Жұмыр жердің бетінен өзіне құтты қоныс «Жерұйық» іздеп өткен Асан қайғының өмірі үлкен философияға толы. Халқымыз үшін «Жерұйық» ұғымының концептілік этимологиясы, мифологиялық тұғырнамасы қаншалық биікте болса, біздің жер-ана, табиғатқа, туған жерге деген махаббатымызда сол биіктен табылмақ. «Жерұйық» дегенде біріншіден, құтты мекен ойға оралады, ол қазақ халқының тарихында Асан қайғының өмірімен тығыз байланыста. Жырау желмаясына мініп халқына Жерұйық іздеді. Сонда «жерұйық» дегеніміз қандай жер? Оны бабаларымыз тапты ма? Табиғатпен тұтасып өмір сүрген халқымыздан арман-тілегі қандай еді? Жертаным, елтанымның білгірі болған сол бабалардың ұғым-түсінігіне еріксіз қайран қаласың.
Табиғатты қорғау қазақтың байырғы ұлттық дәстүрінде жатыр, оны сүюге баулып, жастарды табиғаттың заңдылығына үйрете отырып тәрбиеледі.
Əдебиеттегі табиғат тақырыбы — сонау ерте замандардан бері жазылып келе жатқан мәңгілік тақырып. Айтулы ақындардың барлығы да осы тақырыпты жырлауда небір жауһар шығармалар тудырды. Əрбір ұлттың əдебиетінде табиғат жырлап, суреттеуінде сол халықтың таным-түсінігі, тарихи дүниетанымы бірге көрініс табатыны анық. Қазақ əдебиетінде ақын-жыраулар толғауларында, Ыбырай, Абай, Мағжан, Сəкен, Ілияс т.б. ақындар шығармашылығында табиғат лирикасы ұлттық нақышпен, халықтық таным-білікпен жырланды. Табиғат жырлауда әр ақын өзінше ерекшеленіп, суреткерлік шеберлікпен дараланады.
Шын ақынның табиғат жайлы қай өлеңін оқысаңыз да, туған жерінің көркем де, сұлу табиғаты мен мұндалайды. Тіпті, халықтың көңіл-күйін, сүйініші мен күйінішін табиғаттың ішкі иірімдеріне сіңіре отырып, оны өзінің ішкі толқынысымен ұштастыра жырлайды.
Қазақ ақындарының табиғат лирикасында ешқандай үлгілерге ұқсамайтын, ұлттық бояуы айрықша қанық, қазақ тілінің бейнелеу қуатының кереметін көрсеткен суреттер жатады.
Экология қазақ үшін жұмбақ дүние емес, ол біздің салт-дәстүрімізде бар, бұл ананың ақ сүтімен беріліп келген, туған табиғатыңды қорғап қастерлеуге негізделген ғылым. Сәкеннің "Көкшетауын" алыңыз. Қалай мадақтайды тау-тасын, жер-суын, міне, "көк шөпті баспа", "суға түкірме" деп үйреткен, "ботам", "құлыншағым", "қошақаным" деп еркелеткен қазақ баласының түсінігі. Жерін жұтатпас үшін әр маусымға орай жайлау, күзеу, қыстауға көшіп-қонып жүрген. Көшкен жұртта бір түйір көлденең зат тастамай, ошағын тегістеп, қазығын қалдырмаған. Табиғатпен етене өскеннің белгісі. Бұл ұлттық таным-түсінікке байланысты ғылымда "этноэкология" деп аталады.
Табиғатпен жарсып өмір сүру тіршілік заңдылығы. Көктем сайын құлпырып жаңаша салтанат құрып тұратын жас қайыңға жанын айырбастағысы келген ақын Мұқағали:
Табиғат, жанымды алсаң, алшы менің.
Бір түйір жерге түскен тамшың едім, - деп тебіренеді.
Ал, аңшылықты жаны сүймеген, төрлерден ілулі тұрған мылтық көрсе мазасы кетіп, табиғат десе, оның аң-құсы десе жүрегі елжіреп тұратын Қадыр ақын жер бетінен жойылып бара жатқан аң-құстарға арнап «Қызыл кітап» деген атпен толық жинақ та шығарды. Оқыған жанның жүрегі езіліп, көзіне жас келері анық. Себебі, ақын жүрек бәрін де шынайы, ағынан жарыла жырлайды. Адам қолымен жасалып жатқан айуандықтың, қанқұмар қылмыстың алдын алып, оқырман жүрегіне ізгіліктің дәнін екті.
Хайуанатқа жасаған қиянатың —
Бауырыңа жасаған опасыздық! - деп қадап айтады.
Аласұрған ақын жаны жырмен жанына дауа, жүрегіне ем іздейді. Халық батыры Бауыржан Момышұлы «Сұлулық дегеннің тамыры табиғат» деген екен. Ендеше тамырынан ажыраған сұлулықтың қандай мәні болмақ?
Табиғат біздің өмірімізге тірек, кеудемізде соққан жүрек іспетті. Бойға қуат, көңілге шабыт сыйлайтын әсемдік әлемі. Табиғат адам баласына махаббат пен мейірім шуағын төккен – аяулы Ана.
Адам мен табиғат – мәңгілік егіз. Табиғат қорғаушың, асыраушың. Аталарымыз «Жер – қазына, су – алтын, мал – байлық» деп бекер айтпаса керек.
Табиғатсыз осынау ғаламда өмір сүріп, тіршілік ету мүмкін емес. Халқымызда табиғат жайлы қанатты сөз, мақал мен өлең-жырлар аз емес. Оның кереметіне сүйініп, таңғажайып әсемдігін жырлаған, суреттеген ақындар қаншама. Бірақ, адамзаттың кейбір істері табиғатқа кері әсер беруде. Оның кері әсері біздің денсаулығымызды да қоса улап жатыр.
Дүниедегі және біздің еліміздегі экологиялық ахуалдың күрт өсіп келе жатқаны алаңдаушылық тудырады, ғылыми жиналыстарда, мемлекеттік мекемелерде өткір пікір таластар тууда. Табиғат пен қоғам арасындағы проблемалар ғалымдарды ғана емес, ақын-жазушыларды да алаңдатты.
Адам әрқашан табиғаттың ең керемет жаратылысы екенін ұмытпаған жөн.
ХХ ғасыр ғылыми-техникалық революция ғасыры болды. Көптеген тонналық өнеркәсіптер ашылды. Оның қызығын да көрді. Өкініштісі ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері және шапшаң дамуы, адамзаттың барған сайын аранын ашып табиғатты тонауы, биосферадағы жаратылыстың тепе-тендік заңдарын бұзылуына әкеп соқты. Нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бүлініп, жайылымдардың топырағы тозып, қоршаған ортамыз көз алдымызда құрдымға кетіп барады. Салдары азынаған жел мен улы жаңбырға, ағаштардың өспей қурауына, ауа райының бұзылуына, қоршаған ортамыздың уланып ластануына әкеп соқты. Табиғат өрісі бұзылды. Адамдардың денсаулығы төмендеп аурулардың түрлері мен саны күрт өсті.
Бүгін адамзат қолымен жасаған экологиялық апаттан құрып кетудің алдында тұр. Табиғатты қалай сақтап қаламыз? Бұл өте күрделі мәселе. Егер жас ұрпақты ерте жастан табиғатты сүюге тәрбиелемесек көп нәрседен ұтылатынымыз анық.
Қоршаған ортаны ластаудан еліміз де алдыңғы қатарда келеді: Жезқазған тау-кен комбинаты, Павлодар алюминий зауыты, Өскемен қорғасын-мырш комбинаты, Өскемен титан-магний комбинаты, Лениногор полиметалл комбинаты, Зыряновск полиметалл комбинаты, Ақтөбе хром қосылыстары мен химия зауыты. Екібастұз энергетикалық кешені, Қарағанды металлургия зауыты, "Фосфор" Шымкент өңдірістік бірлестігі, Шымкент қорғасын зауыты, Батыс Қазақстан мұнай, газ, конденсат кең орындары, Жамбыл суперфосфат зауыты, Жамбыл фосфор зауыты, Балқаш тау-кен комбинаты, т.б.
Арал өңірінің экологиясы, Арал қасіреті бүкіл планетаның проблемасына айналды. Кезінде арнасынан асып жатқан алып теңіз, бүгінде жыламсырап жатыр. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаң әлемнің тарап, барған сайын қатерлі сипат алуда. Бұл жұқпалы аурулардың өршуіне, өңір халқының денсаулығына кері әсер етуде. Мұндағы халықты бір бүйірден Арал теңізінен көтерілген тұзды тозаң қысса, екінші бүйірінен Байқоңыр ғарыш аймағының қасіреті қысып жұрттың берекесі қашуда.
Әдебиетімізде Арал проблемасы тақырыбы өзек болып көптеген шығармалар жазылды. Қазіргі қазақ əдебиетінің көрнекті өкілі Ə. Нұрпейісов «Соңғы парыз» атты роман-дилогиясын арнады. Бұл шығармада жазушының запраны, толғаныс ойлары жазылған. Керек десеңіз, күні бүгін Арал аймағында болып жатқан ситуацияны қаншама жыл бұрын бейнелеп берген болжамы. Көркем əдебиетке тиесілі қыруар оқиғалар айналып-үйіріліп осы эколгиялық проблемаға тірелген.
Қазақстан экологиясы үшін, Семейдегі полигон әкелген зардаптың өлшемі әлі күнге дейін анықталмай отыр. Өңірде жарылған 500-ге жуық бомбаның зардабы адамдарды айықпас ақырзаман індетіне шалдықтырды. Жер-Ананы осьінен тайдырып жібере жаздаған жарылыс тоқтамағанда, улы тозаң мен аждаһа ошағы жарты әлемді ойрандап, Орта Азияны ядролық тозаңға тұншықтырып, ондағы халықттың түбіне жетер еді. Осы полигон маңындағы қазақтардын көбі, дәрігерлердің өзі анықтай алмайтын аурулардан қырылғаны белгілі. Бұл аймақта тұратын 1,5 миллионға жуық адам жазылмайтын дертке шалдығып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын кеселге душар болғаны жасырын емес.
Көрерменнің көңілін босатып, жүрегін жылатқан «Мәңгілік бала бейне» пьесасы бұл тақырыптағы ең бір өткір шығарма. Жазушы-драматург Роза Мұқанова жұмбаққа толы туындысы арқылы полигон зардабын тартқан жұрттың жанайқайын жеткізді.
Сондықтан да болар, атом сынақтардан зардап шеккен полигон құрбандарының ғана өмірін емес, күллі адамзаттың қасіретін бейнелейтін шығарма 1996 жылы алғаш театр сахнасына шығып, әлі күнге дейін түспей, үлкен аншлагпен өтіп келеді.
Ядролық сынақтардың зардабынан мүгедек болған Ләйлә қыздың өмірі сипатталған «Мәңгілік бала бейне» - күллі қазақ жұртының ауыр қайғысы мен қасіреті.
Күн кірпігін ашқанда, өне-бойы күйік шалып, жұтап қалған тақыр даланы көріп оянған Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы "Иттері мияулап, мысықтары ұлыған" елдің өлімнен де қорқынышты азапты халін «Қара дала» өлеңінде дәл суреттейді. Қалың елі көрген қасіретті қабырғасы қайысып тұрып жырға қосады:
Жер төсіне сол жақта Атом сына қаққан-ды.
Мекендейтін халқы да – қара халық, ақ қанды.
Абайлық ақын Төлеген Жанғалиев «Атом мен ақын» атты жинағын полигон тақырыбына арнады. Семей ядролық полигон тақсіретін көзімен көріп, жүрегімен жылаған ақын шындықтан басқаны айтпады. Отаршылдық озбыр саясаттың аяусыз жасаған қылмысы қазақтың қабырғасын қайыстырып, ормандай отап кетті. Өмір бойы ақырзаман аждаһасының ауызында ажалмен алысып келе жатқан ақын:
…Ағайындар, мен атоммен туыспын,
Ол туғанда мен өйткені туыппын.
Қырық жылдай «қыңқ» демеді ол-дағы,
Қырық жылдай мен де дерт пен у іштім, - деп тебіренді.
Неден өліп жатқаны жұмбақ, киелі саналатын түз жануары – киіктер елімізде жаппай қырылды. Ақпарат бойынша бір ғана Қостанай облысында 19 мыңнан аса киік өлексесі табылғанын хабарлады. Бұл нағыз апатқа айналды. Әлі күнге дейін қырылған киіктің нақты саны белгісіз. Дәл осы тұста ақындарымызда ашына үн қосты. Ақын Қалқаман Сарин «Қазақ пен киік» деген азалы толғау жазды:
...Қыран құсап ұшпайды құзғын биік,
Өлексе жеп жетеді ол күзге ілмиіп.
Бір кездері нақақтан нақақ кеткен,
Жүз мың қазақ секілді жүз мың киік.
Өртеніп, оталып құрып бара жатқан тағы бір дүние ормандар. Кеше ғана Сібірде басталған өрт, бүгін еліміздің шекарасына кіріп тілсіз жаудың тықсырып келе жатқаны өзегімізді өртеп, қабырғамызға батты. Онсызда орманы аз еліміз үшін оңайға соқпасы белгілі. Оталған орманның орынын сипап жоқтаған ақынның бірі Темірхан Медетбек. Адам қолымен араланып аяусыз кесіліп жатқан орманның түбірін құшақтап жылайды. «Тоналған орман» өлеңінде:
Түбiрдегi сақиналар –
бейне бiр –
қылмыскердiң саусағының iзiндей...
«Қараорман» романымен Алтай өңірінің әсем табиғатын, ондағы орманшылардың тағдырын суреттеген тағы бір жазушы Қалихан Ысқақ.
Табиғаттан адамды, керісінше, адамды табиғаттан бөлуге болмайды, Тіршілік заңдылыққа негізделген бұл шарттың көркем шығармада көрінуі заңды. Жазушының сөзден сурет салу шеберлігіне таңданбасқа шара жоқ! Адамның көңіл күйін ауа райымен, табиғаттың сан алуан күйімен байланыстыру бұл шығармада жиі кездеседі.
Ал тұтас қарағанда, «Қараорман» романы экологиялық мәселені қозғайды. Тағдыр тартысына түскен орманшы атты мамандықтың қиын да қызықты қырларын көрсетеді. Алтай бауырында адам қолымен жасалынған экологиялық апат нәтижесінде, тегіс жерде және тау бөктерлей өскен орман алқабы тоза бастағандығы да оқырман қаперіне салады. «Шынжырлы табан тау бөктерін бір жүріп өтсе, жүз жылдық топырағын сылып түседі... Өзің білесің, жер тусырап, шым қалыңдап кеткен соң, дән топыраққа жетпейді. Оның үстіне, тайганың дән шашатын аңы мен құсы да азайып барады, жөні түзу тұқым беретін орман да қалған жоқ. Ендігі бар үміт тек қана көшет.» Табиғат пен адам қоғамы арасындағы үйлесімділік жойылса, екі тарапқа да оңай болмайтындығын жазушы романда шебер өрнектейді.
Суреттер ғаламтордан алынды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.