Берген соң мына өмірді сынақ қылып...
Өмірде арамдықпен аласарған,
Кездерім жоқ жаныма жара салған.
Өз еркіммен биігімнен құлап тұрып,
Адалдықтың алдында аласарғам.
Өз-өзімді кей-кейде сұракқа алып,
Ой-санам күннен-күнге тұрақталып.
Кемелдену келген соң тұла бойға,
Пенделік те барады жырақ қалып.
Бағындырмас биікті аласа арман,
Адал жанмен адал боп, жараса алғам.
Әркімнің өмірдегі жолы бөлек,
Ешкіммен ешқашан да таласа алман.
Жақсылардың сөзіне құлақ түріп,
Шөлдегенде шөл басар бұлақ қылып.
Бойыма үлгі аламын өнегелі,
Мен үшін ең бастысы –тұрақтылық.
Мұң тұнбасын көңілдің аспанында,
Ой жатар асыл сөздің астарында.
Мендік арман жасайды аласармай,
Әрқашан адамдықтың асқарында.
Сөнбейтұғын сәулелі шырақ қылып,
Адамдықтан аттамас мұрат құрып.
Жан дүниемнің бойлаймын тереңіне,
Жамандықты жағаға лақтырып.
Жүрегімнің үніне құлақ түріп,
Сүре жүріп өмірді жылап-күліп.
«Ұрпағымның қызығын көрсете гөр,
Жаратқан!» - деп сұраймын жылап тұрып.
Берген соң мына өмірді сынақ қылып...
Жүрекпен сырласу
Жүрегімді сағыныш мұң басады,
Жүрегім тек өзіммен мұңдасады.
Мен сені түсінемін мұңды жүрек,
Ал мені кім түсініп сырласады?
Бірге жылап, қуанып күлетін де,
Жалғыз сенсің жан сырымды білетін де.
Менімен өле-өлгенше бірге болып,
Сен ғана бірге өмір сүретін де.
Кір шалмаған бойдағы аппақ ардың,
Жүрегінің жартысы адал жардың.
Иесі таза, арлы махаббаттың,
Бәріне куәсің сен менде бардың.
Батқан күн, атқан арай таңдарымның,
Тілекшісі ет жақын жандарымның
Соға бер, тоқтай гөрме ғұмыр сағат,
Шұғылалы шуағы боп жан-жағымның!
Табиғатым – тағдырым
Табиғатым – жарқын менің тағдырым,
Саған ғана аян менің жан сырым.
Қасиетті ауасымен демалып,
Тіршілікті сүріп жүрміз бал шырын.
Жыр тұнады жүректерде жағылып,
Шабыт келсе көмейіңе ағылып.
Табиғаттан таңғажайып жаралған,
Сый алады пендесі одан табынып.
Табиғатым – тербелген тал бесігім,
Дүниенің маған ашқан есігін.
Аяушылық жасамаған пендеңе,
О жер ана, бере гөрші, кешірім!
Табиғатым – тылсым менің тынысым,
Күш-қуатым, сарқылмайтын ырысым.
Табиғатым – жан азығым бойдағы,
Сенсіз менің көрген күнім құрысын!
Өмір жыры
Өмір – алып асқар таудай кезең бе?
Толқыны – асау арындаған өзен бе?
Үрейленсең дәл батылдық қылмасаң,
Өтемін деп ешқашан да кезенбе!
Өмір, өмір – арайланған таңдар-ай,
Сөнбестей боп жанып тұрған шамдар-ай.
Үзілмесін үлбіреген үміттер,
Қиылмасын қилы тағдыр арман-ай!
Өмір, өмір – алабұртқан сезімдер,
Өмір, өмір – таусылмайтын төзімдер.
Өр толқынның жағадағы жартасқа,
Әкеліп бір соғатынын сезіңдер!
Өмір, өмір – алапат күш ағынға,
Қарсы жүзген табады адам бағында.
Бәрін, бәрін жүрегіңе бағындыр,
Өзге күшке ешқашанда табынба!
Өмір, өмір – шаттық пенен мұңдар-ай,
Көз жетпейтін биік құздай шыңдар-ай.
Қайран ғана қайта оралмас уақыт,
Өтіп жатқан сағымдай боп жылдар-ай!
Із қалдырам десең егер ҒАЛАМДА
Құрсауында қалғандайын
сыры жұмбақ ғаламның.
Құйттақандай жүрек келіп
ақтарады маған мұң.
Көп сауалға жауап таппай сандалам,
Түйсігіне түсіне алмай санамның.
Шырылдаған шындығына
түсіне алмай қоғамның,
Таңғаламын
өзгермелі мінезіне адамның.
Кірлетіп жүр көп пенделер
кісіліктің келбетін,
Қатысы жоқ мүлде бұған
қоғам менен заманның.
Кейбіреулер тәкаппарсып бас имейді ешкімге,
Кімге өздерін дәлелдемек
мынау жалған бас күнде?
Қас-қағым сәт өте шығар бұл фәни,
Артық емес бір-бірінен ешкімде.
Ар-ұжданын айырбастап
түкке тұрмас шекпенге,
Адамдықтан алыс кетіп
бара жатыр көп пенде.
Ар сотынан қорқып неге
адал ғұмыр сүрмейді?
Қандай күйде болар екен
соңғы сәті жеткенде?!
Барлық кінә қоғамда емес,
заман да емес, адамда,
Құйтырқылық, жасандылық санаңда.
Қойшы өзіңді,
ұрпақ үшін ойланшы,
Жарқын іспен
із қалдырам десең егер ғаламда!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.