Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Аспанға құлаған өлеңдер...

Аспанға құлаған өлеңдер

17.11.2025

3521

Аспанға құлаған өлеңдер - adebiportal.kz

Ақын Мерей Қарттың кітабы хақында

XX ғасырдағы қазақ поэзиясы түрлі ағымдар мен эксперименттерге, өлең түрлерінің түрленуі мен модернистік жаңашылдыққа бет бұрып, дәстүрлі өлең бағыттарын дамытып, күрделі ой-танымға ұласты. 

Қазақ өлеңіндегі есім-сойы қалыптасқан ақындардың соңынан ізін өкшелей басқан толқындар бірінен соң бірі келді. Поэзиядағы лирикалық туындылар қазақ әдебиетінің мызғымас серігіне, айнымас досына айналды. Ақындардың әу баста жазған шығармалары нәзік лиризмнен басталып, эпикалық поэмаларға жол бастады. Оның тарихы әріден басталып, бергіге мұралыққа өтті. 

Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Артығали Ыбыраев, Жәркен Бөдешұлы, Қадыр мен Тұманбай, Сағи Жиенбаев, Есенғали Раушанов поэзияларындағы лирикалық таным-түсініктер мен көзқарастар бүгінгі лирикалық поэзияның жетілуі жолында қажырлы қызмет қылды. Лирикалық шегіністер табиғат, тағдыр,  адам ұғымдарымен астасып, біте қайнасты.

Біз арқау еткелі отырған ақынның балалық шағы, бозбалалық аңсары, жігіттік белесі, өмір тарауларының тарамдарынан өткен тағдыры, әлеуметтік-қоғамдық процеске үн қосуы, сол арқылы шығармашылық ізденістерге бет бұруы – қалыпты құбылысқа айналды. Ауыл баласының ой мен қыр арасындағы түске айналған сағынышы қаламұш әлемінде қанат қағып, қиялында көктеген шаһарларға бет алды. Жайлауда қалған көнетоз естеліктер мен табиғат тылсымындағы қыр әңгімелері өлең болып, Ертіс жағасында күбірге басты. Ертістің жағасындағы сәуір сезімдері еріксіз ойға оралады -өлең болып, сезім болып:

Ертістің жүрегі бүлкілдеп, 

Тамырға жүгірді мөлдір қан.

Жағада отырмын, шіркін деп,

Есіме оралды сол бір жан.

 

Жағаға келсеңші, жадырап…

Өкпешіл қалпыңнан өзгерсең.

Сәулесін шашады сәуір-ақ,

Мендегі шуақты аз көрсең.

 

Кел, сәулем, Сәуірде

Сәл ғана Сыр айтып,

Көрейік тілдесіп. 

Сағынып, Сағымға алданып,

Жүреміз қашанғы мұң кешіп.

 

Қыс өтті,

Жаз көшті жадымнан,

Жаныма тым жақын күзгі шақ.

Сен келсең, жарылам ағымнан, 

Ағынға шыдамас мұз құсап.

 

Содан соң... жауындай себелеп,

Жасынның ойнатам не бірін.

Санамнан ұшырам көбелек,

Сейілер тұманды көңілің.

 

Айналам – ақ қанат шағала,

Ойларым ұшып жүр дәл солай.

Аруым, қайдасың ақтамақ,

Күн кешу өмір мен аңсамай?!

Міне, осы сезімнің, аспанға құлаған жаңғырық пен сәуір сағыныштарының иесі – Мерей Қарт. Ақын өлеңдерін алғаш оқығандағы әсерлер әлі күнге санам ішінде, көңіл көкжиегінде сайрап тұр. Семей шаһарына жетпей тұрып-ақ, аяулы ауыл Ақсуатта, бауырын жазған Барқытбелде, арқары ойнақтаған Арғанатыда жүргенде-ақ ақынның өлеңдері ауыл баласына жетті. 

Тылсым табиғаттың жаймашуақ мезгілін, жадыраған күнін әп-сәтте бұлт торлап, күн күркіріндегі жасыны мен ақжауыны, тағалы аттың тасырқай барып, тастарға соғылған тағалар дыбысы, сәурік үстіндегі Сауыр жазығындағы Ебінің ескені, сол сағыныштарды қимай-қимай қоштасып, қалаға аттанған бозбаланың тағдыр жолындағы кейіпкерлері мен қарашықтағы құбылыстардың уақыттар қақтығысындағы түсініксіз мелодиясы – ақын өлеңдеріндегі тағдыр пәлсапасы. Тағдыр пәлсапасы бір мезетте:

Қарашаның алғашқы қырбақ қары 

Қаламызға қылаулап түсті бүгін.

Көңілімде күзгі әуен ырғақтары 

Жүрегімнің тарқатар ішкі мұңын.

 

Өңменімнен өттің-ау, қара суық. 

Жүрегімді жылытар сөз қалмады. 

Тіршілік жоқ қайнаған.

Қала сұлық.

Көліктер де көшеде қозғалмады.

 

Дәті берік, ойпыр-ай, базар неткен. 

Шулап жүрген кешегі жұрты қайда?!

Ара-тұра аңсаймын ғазал көктем, 

Шуақ түссе шомылып, шіркін ойға!

 

Жексенбі деп жатыр ма, бәрі бұғып, 

Әлде жалғыз қалдым ба әлемде мен?!

Жабырқадым, мұңайдым әрі күліп. 

Құтқарды бір құдырет — Өлең деген!

Семей шәріндегі шу мен кептеліске толы мейірімсіз көшелер, аяулы махаббатарына мас болған бозбала мен бойжеткен, қиыла қарап, жымия күлген бикеш, өткенге көз тастап, жалғыздық сарынына сарнай басқан уақыттар – ақын туындыларында Ван Гогтың бояуларындай түрлі қалыпқа, өзгеше реңге енген. Үштөбе шатқалындағы үскіріктер үмітке жалғанып, болмыс жадында сақталған беймезгіл түстердің ақын қиялындағы жемісі, аспанға құлаған мұнара ойлары өлең тілінде өзегін жарып шықты. 

Бұл кітап – осы ойымызды айғақтап, оқырман жүрегіне сәуле шашып, көңіліне естеліктер галереясын әкелері хақ дүние. «Аспанға құлау» кітабы – лирикалық поэзияның жарқын сәттерін парақтайтын философиялық туындылар желісі. 

 

«Сәкен Сейфуллин» музейінің ғылыми қызметкері,

 Азамат Серікұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan