Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы мен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында белгілі жазушы Асқар Алтай «Құлазу - жан-дүние мен шығармашылық кілті» тақырыбында дәріс оқыды.
Құлазу жайлы толғаныс
Бүгінгі тақырыпты неге «Құлазу» деп қойғаныыма тоқталғым келеді. Жалпы, өнер адамы – тек жазушы ғана емес, өнердің кез келген саласында жүрген, өз жанын сол жолға арнаған адам. Мұндай жандардың жан дүниесінде үнемі бір құлазу, сағыныш, уайым сынды сезімдер қатар жүретіні шындық. Өйткені, құлазусыз, сағынышсыз, уайымсыз көркем шығарма тумайды. Суретші – суретін сала алмайды, актер – рөлін шынайы сезінбей, ойнай алмайды. Бұл – шығармашылықтың табиғаты.
Адам неге құлазиды? Шын мәнінде, адамзат баласы жалғыздықтан құлазиды. Бұл тек өнер адамдарына тән құбылыс емес, жалпы кез келген жан иесіне тән жағдай. Адам мыңдаған адамның ортасында жүрсе де, кейде өзін жалғыз сезінеді. Бұл – өмірдің бір шындығы.
Өнер адамы, әсіресе шығармашылық сәтінде, үнемі жалғыз. Ол – өзінің ішкі әлемімен бетпе-бет қалған сәт. Шынайы туындылар да, міне, дәл сол сәттерде, сол жалғыздықта туады. Өз басымнан да осы жағдайлар жиі өтеді. Сондықтан да бұл тақырыптың кілті – құлазу, жалғыздық деп есептеймін.
Ал егер жазушылық лабораторияма келсек, алғашқы қалам тартқан сәтім – 1976 жыл, алтыншы сыныпта оқып жүрген көктем мезгілі еді. Сол кезде сыныптағы қыздарға арнап өлең шығарып бастадым. Сол сәттерде өзімді нағыз ақын сезіндім. Ұйқасқа құрылған, тастай етіп түскен өлеңдер жаза бастадым.
1978 жылы отбасымызбен Черняевка деген ауылға көштік. Бұл – Күршім ауданының арғы беті. Осы ауылда «Қыз бейіті» деген алғашқы прозалық әңгімем дүниеге келді. Бұл шығарма кейін жоғалып кетіп, көп жыл өткен соң, осы ковид кезінде, інімнің үйіндегі ескі сандықтың түбінен табылды. «Қыз бейіті» – менің өмірімде екі рет жазған жалғыз шығармам. Алғаш – 1978 жылы бала кезімде, Алтайдағы сол ауылда. Екінші рет – 1994 жылы КазПИ-ді бітіргенде. Себебі бұл шығарма – менің бала күнімнен бастап жүрегімді тербеткен, жанымды тереңнен қозғаған оқиға еді. Екінші нұсқасы Семей топырағында, мамыр-маусым айларында дүниеге келді. Осылайша, аз ғана уақыт ішінде бұл әңгіме толық пісіп, көркем туындыға айналды. Қазіргі таңдағы «Казино», «Киллер сауысқан» деген әңгімелер жинағына енген «Қыз бейіті» сол 1978 жылы жазылған екінші нұсқасы.

Кейін бірінші нұсқасы табылған соң, екі нұсқасын салыстырып көрсем, екі нұсқа арасында үлкен айырмашылық жоқ екен. Негізгі сюжет, композиция, суреттеулер бірдей. Әрине, тілдік тұрғыдан, сөз саптау жағынан аздаған өзгешеліктер бар. Бұл – алты жыл ішінде қалыптасқан шығармашылық тәжірибенің нәтижесі. 1978 жылғы мен – жаңа бастаған бозбала болсам, 1994 жылғы мен – жоғары оқу орнын бітіріп, өмірге сәл де болса көзқарасы тереңдеген адам едім. Соған қарамастан, екі нұсқада да сол бір бала күнгі әсер, жүректі тербеген сезім өзгермей қалған.
«Қыз бейіт» – менің алғашқы прозалық туындым. Бұған дейін мен бұл фактіге аса мән бермей келіппін. Ойланып қарасам, дәл осы шығармамен менің прозадағы шығармашылық жолым басталыпты.
Сол кезеңде «Қыз бейітінен» кейін тағы бір әңгімені жазған екенмін. Бұл екінші әңгімем де әлі күнге дейін үйімде, ескі дәптерде сақтаулы. «Құла құнан» әңгімесі – менің Дәурен есімді ағама арналған. Біз бала күнімізде жеті мың жылқының ортасында өстік. Алтайдың биік жоталарында, ну қарағай мен өзен-сулы, ауасы таза өңірде өткен балалық шақ – шығармашылығыма мол азық болды.
Кейде көктемде, мамыр айының соңында Алтайға атпен шыққанда, ер үстінде мызғып кеткенімді есіме аламын. Бұл ауаның саф тазалығы, табиғаттың құдіретінен болса керек. Сол сәттер, сол иіс, сол тыныштық, менің бүкіл балалық шағым – прозадағы алғашқы іздерімнің қайнар көзі болды.
«Құла құнан» – сол балалықтың, сол бір тазалықтың көрінісі. Осы екі әңгімені жазғаннан кейін, мен ұзақ уақыт прозамен айналыспай кетіппін. Тек 1979 жылдың көктемінде «Біз әлі кездесеміз» деген романымды бастап, отыз бетке жуық жаздым. Бұл шығарма – менің кластастарым жайлы еді. Өкінішке қарай, ол қолжазбам жоғалып кетті. Себебі сол жылы отбасымызбен Алматыға көшіп, қолжазбалар реттелмей, жоғалып қалды. Содан кейін бұл романды қайта қолға алмадым.
Менің шығармашылық өмірімде бірнеше маңызды қолжазбаларым жоғалды. Бұл – қаламгер үшін ең ауыр, ең жүрекке бататын жайттардың бірі. Себебі әр жазылған дүние – өміріңнің бір үзігі, жүректен шыққан жан сырың ғой.
Екінші рет қолжазбамды студент кезімде жоғалттым. Бұл – 1983 жыл, үшінші курста оқып жүрген шағым. Ол кезде бір қызға ғашық болдым. Қыз өте көрікті еді – көзі ерекше, ерінінің үсті мен астыңғы жағында меңі бар. Осы екі деталь менің шығармашылық қиялымды оятып, «Көз» атты әңгіме жазуыма себеп болды.
Бұл әңгімені алғаш рет «Жас Алаш» газетіне ұсындым. Оған сонда істейтін Бауыржан Омар, Қыдырбек Рысбеков секілді азаматтар куә. Солармен кездесіп, «Көзді» бердім. Ол кез Қайрат Әлімбековтің «Жас Алашқа» келе қалған кезі болды. Ол әңгімені көріп, ұнатып: «Міне, нағыз проза, жарыққа шығару керек», – деп қабылдаған еді. Бірақ белгісіз себептермен шығарма газетте жарияланбай қалды. Мен қолымдағы жалғыз нұсқасын сол кезде редакцияға берген едім. Одан кейін ол әңгіме қайта маған оралмады, осылайша, мәңгілікке жоғалды.
Ал үшінші ең ауыр тигені – «Алтайдың алқызыл модағайы» атты романымның жоғалуы. Бұл романның тең жартысынан астамын жазып қойған едім. Ол кезде шығармаларымды дәстүрлі «общий тетрадьқа», яғни қалың дәптерге жазатынмын. Сол дәптердің біреуіне шамамен тоқсан алты бетке жуық, жол тастамай жазылған нұсқасы бар еді. Сол қолжазбаның 60-65 пайызы біржола жоғалды.
Бұл кезеңде мен «Қаржы-қаражат» журналында жұмыс істеп жүргенмін. Ол жерде менің ұстазымдай болған, қазақтың көрнекті жазушысы, зиялы тұлғасы – Әкім аға Таразимен бірге қызмет еттім. Әкім аға – менің ғана емес, өзінен кейінгі, тіпті өз тұсындағы қаламдастарды да тәрбиелеп, бағыт-бағдар бере алған үлкен ұстаз еді. Ол кісінің сабырлылығы мен парасаты маған көп өнеге болды. Сол ортада жүріп, осындай құнды шығармамнан айырылып қалу – мен үшін орны толмас өкініш болған еді.
Сол жұмыста жүріп, Нағима деген қызға қолжазбамды сеніп тапсырып, өзім қызмет бабымен командировкаға кеттім. Бірақ қайтып оралғанда, әлгі қыз жазбаларымды жоғалтып алғанын айтты. Бұл жағдай маған қатты соққы болды. Шынымды айтсам, өте қатты уайымдадым. Қолмен жазылған, жүрегімнің тереңінен шыққан дүниенің бір сәтте жоғалып кеткені мен үшін оңай болған жоқ.
Арада төрт-бес айдай уақыт өтті. Сол кезеңде әкем түсіме кірді. Ол кезде жас едім, жаңа үйленген кезім. Түсімде өз үйімізде – үш бөлмелі пәтерде жатыр екем. Әкем үйге кіріп келді. Бірақ ол толық көрінбейді – тек қырымен тұр, жарты денесі ғана айқын, ал екінші жағы қараңғы. Дүниеден озған адамның бейнесі солай болар деп ойладым.
Әкем сонда маған: «Неге жатырсың? Тұр, ана шаруаңды бітірмейсің бе?» – деді де, қабағы қатулы күйі бұрылып жүре берді.
Осы сәтте оянып атып тұрдым. Іштей мазам қашты. Жарыма шелпек пісіртіп беріп, жұмысқа беттедім. Бірақ көңілім орнына түспеді. Түстен кейін жұмыстан сұранып, үйге қайттым. Үйге келіп, тамақтанып алған соң, тыныстап отырғанымда – кенеттен бүкіл роман, алғашқы сөйлемінен бастап, жадымда жарқ ете қалды. Миыма фотоестелік секілді жазылғандай, түгелімен оралды.
Сол сәтте жазу үстеліне отырдым. Алғашқы тарауын, кіріспе бөлімін түнгі сағат бір-екіге дейін бір деммен жазып шықтым. Жоғалған қолжазбамды қайта жаңғыртуға тура келді. Бұл – менің шығармашылығымдағы ең ерекше сәттердің бірі еді. Үш рет жоғалтып барып, қайта табылған дүние.
Осы оқиғадан кейін сабақ алдым. Ол кезде көшірме жасау деген жаңа ғана шыға бастаған уақыт. Сол сәтке дейін шығармаларымды көбейтпейтінмін, бір дана қолжазба ғана болатын. Бірақ осыдан соң, әр жазғанымды міндетті түрде көшірмелеп алатын болдым. 2000 жылға дейінгі барлық әңгіме, повестерімді – соның ішінде «Таганка» атты әңгімеге дейін – түгелдей қолмен жазыппын. Қазір қарап отырсам, сол бір кезеңдер шығармашылықтың шыңдалу, үлкен сабақ алған уақыт екен. Ал кейіннен, 2018-2019 жылдардан бастап, бірден компьютерде жазуға көшіп, цифрлық түрде сақтайтын болдым. Енді жоғалып кетеді деп қорықпаймын.
«Альпинист» әңгімесінің тууы жайлы
Мен «Альпинист» деген әңгімені бекерден-бекер жазған жоқпын. Бұл шығарманың артында менің туған жерім – Күршім ауданының табиғаты, бала күнімнен көрген, көңілге түйген көптеген әсер жатыр.
Біздің ауданда Құзғынды деген керемет шың бар. Басынан қар мен мұз арылмайтын, биіктігімен, тылсым болмысымен ерекше орын. Бұл тауды тек Барыс мекендейді. Қасқырдың өзі бара бермейтін, адам аяғы сирек басатын, айбынды биік. Сол Құзғындының етегінде менің түп нағашым Зәйтүтін ақсақал өмір сүрді. Ол кісі нағыз аңшы, нағыз орман адамы болатын.
Бір жолы біз Қаражал өңіріндегі Қызбейіт жайлауына бардық. Одан әрі қарай Жүндіқарағай деген жер бар. Бұл аты айтып тұрғандай – қарағайы жүн секілді қалың өсетін, ит тұмсығы батпайтын ну орман. Аюдың өзі кіре алмайтын, табиғаттың өзі жаратқан шын мәніндегі тылсым кеңістік еді. Мен ол жерлерді өз көзіммен 1977-78 жылдары көрдім.
Сол Жүндіқарағайда отырғанымызда, бір күні Зәйтүкең көк ат мініп келді. Қасында екі жігіт еріп жүр. Аттың сауырын жауып тұрған – барыстың (қар барысының) терісі. Құйрығы жерге дейін сүйретіліп тұрды. Мен ондайды алғаш көруім. Әкемнен: «Барысты көргім келеді», – деп өтіндім. Сонда әкем:
– Отыр ғой нағашың, сол көрсетеді, – деді. Зәйтүтін ақсақал:
– Апырай, балам-ау, шын көргің келе ме? – деді.
– Көргім келеді, – дедім.
– Онда күзге қарай Құзғындыға барамыз, – деді.
Айтқандай-ақ, қыркүйек айында біз Құзғындыға бардық. Сол сапар – менің есімде мәңгілік сақталған ерекше әсер. Жолай мен барысты бірінші рет дүрбімен көрдім. Кейін 1978 жылы Сарытауда, Марқакөлдің үстіндегі Топай жайлауында жақыннан көрдім. Өмірімде барысты екі-ақ рет көрдім, бірақ бұл екі көрініс те менің жан-дүниемде терең із қалдырды.
Аңшылықпен өзім де айналыстым. Сол аңшылық, Алтайдың ғажап табиғаты, бала күнімнен көрген бейнелер – бәрі кейін шығармашылығымда орын тапты. Әсіресе Сарытау мен Құзғынды жайлауы – түсіме жиі кіреді.
Бірде «Қаржы-қаражатта» Әкім ағамен істеп жүрген кезімде ғажап жағдай болды. Біраз жұмыс реттеген соң, үйге келіп едім,ұлым өлеңдетіп жүгіріп жүр:
Құзғынды құздары,
Қарағай ұлдары,
Қайыңдай қыздары...
Сөйтсем, ауылдан келген бір ақын азамат осы өлеңді шығарып, ұлыма жаттатып кетіпті. Ұлымның аузынан туған жердің өлеңі шыққанда, бойым шымырлап кетті. Сол түннің ертесінде-ақ жазу үстеліне отырдым. Бір деммен «Альпинист» әңгімесіне кірістім. Бұл әңгімені жазуға бес-алты күн, тіпті бір аптадан астам уақытым кетті. Мен үшін бұл – ең ұзақ жазған шығармамның бірі. Кейін Сайлау деген жігіт келіп:
– Асеке, мен «Альпинисті» қайта-қайта оқимын. Басқа шығармаларың бір төбе, ал мен үшін «Альпинист» бір төбе. Өйткені сен альпинист болмасаң да, оның тағдырын дәл өздері секілді жазғансың? Сен оны қалай осылай сезініп суреттегенсің? Мен де журналиспін ғой, альпинистердің тағдырына байланысты көп нәрселерді оқығам, орыстардың альпинистерінен де сіздің шығармаңыз секілді жағдайларды көп оқыған едім, – дейді.
Енді білмеймін, бәрі түсіме Құзғынды кіргеннен кейін басталды. Құзғындыға деген ерекше сағыныш, содан туған әсер – осының бәрі мені толғандырып, осылай жазуға жетеледі деп ойлаймын.
Бұл әңгімеге себеп болған тағы бір жайт бар. Әйелім «Қайнар» университетінде жұмыс істеп жүрген кезінде, сол жерде Мақсат Жұмаев есімді жігітпен танысқан. Ол – Оралдың тумасы, қазіргі таңда Қазақстандағы кәсіби альпинистер қоғамының басшысы. Сол кездері Мақсат Жұмаев қазақ тілін үйренгісі келіп, «Қайнар» университетіне келіп, дәрістерге қатысып жүрді. Кейін әйелім маған сол туралы айтып берді.
Сол арада Бауыржан Омаров, ол кезде «Хабар» агенттігінде ме, әлде «Қазақстан» телеарнасында ма, нақты есімде жоқ, сол Мақсат Жұмаевпен кездесу ұйымдастырып, сұхбат алған екен. Мен сол сұхбатты тыңдап, ерекше әсерлендім. Бұл әсер де менің альпинист тақырыбында жазуыма себепкер болды. Яғни шығармашылық осындай тосын, ішкі жан тебіренісінен, кейде күтпеген жағдайлардан туып жатады. Бұл жерде мен өз тағдырыма қатысты дүниелерді айтып отырмын. Бұл әңгімеге байланысты.
Ал енді нақты шығармаларға келсек, мысалы, «Қызыл бөлтірік» атты повесімді жиырма бір жасымда жаздым. 1984 жылдың көктемінде, бар болғаны он бес күн ішінде жазып бітірдім. Өте тез жазылды. Өйткені бұл шығарма менің жан дүниемді тербеген, балалық шағымнан бері бойымда жүрген терең әсерлердің нәтижесі болды.

Менде бөлтірік аулаған адаммын. Қасқырдың апанына талай түскенмін адаммын. Бөлтіріктің бір тірсегін ғана қиып қалдырып кеткен адаммын. Қауқай, Нұрғали, Буратай сияқты елге белгілі аңшы, күйші ағаларымызбен бірге аңға шығып жүрдім. Үшінші сыныптан бастап солардың соңынан еріп, дала кезіп, аңшылықтың дәмін ерте татқанмын. Бұл көрген-білгендерім, алған әсерлерім кейін шығармашылығыма тікелей әсер етті. Табиғат туралы, аң-құс, далалық тіршілік туралы шығармаларым сол кезден бастау алады.
Жалпы, жазушы үшін балалық шақта алған әсер – оның өмір бойы сусындайтын рухани суаты. Әсіресе роман сияқты үлкен дүниелерді жазғанда, сол балалық шақтағы шынайы сезімдер мен көрген-білгендер өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, мен «Қызыл бөлтірікті» КазПИ-діңтөртінші курсында оқып жүргенімде жаздым. Бұл шығарма – тікелей өз өміріммен байланысты болды.
Жалпы роман жазу – әр жазушы үшін ерекше процесс. Әркімнің шығармашылық зертханасы әртүрлі. Кейде кішкентай ғана деталь, тосын оқиға үлкен шығарманың тууына себеп болады. Мысалы, «Түсік», «Кентавр» сияқты әңгімелер де осындай күтпеген әсерден туған.
Бірақ үлкен роман жазу – жазушының ішкі болмысына, жан әлемінің тереңдігіне байланысты. Сенің ішкі болмысың, ішкі рухың қаншалықты бекем, қаншалықты толық, қаншалықты жан-жақты оттегін жұтқандай қаныққан болса, сонда ғана сол романың төрт аяғын тең басып дүниеге келеді деп ойлаймын. Мысалы, «Алтай балладасы» атты шығармамды мен жиырма тоғыз, отыз жасымда жаздым. Кейін оны қайта өңдеуге тура келді. Бұл да менің ішкі жан дүниемнің, балалықтан келе жатқан болмысымның көрінісі.
Сол сияқты «Былғары табытта» да солай. Ал «Қаладағы құтпандар», «Қара бура» сияқты шығармалар – бір сәттік әсерден туған дүниелер. Мысалы, «Қара бура» кейіпкері – Ескендір деген қарияны көзіммен көрдім. Ол – ауылдағы ең соңғы түйе бағушы, бурасы болған адам. Ақ сақалды, қарапайым қазақ ақсақалы. Осындай бір көрген бейнелер де шығармашылыққа шабыт бере алады.
Мысалы, «Қаладағы құтпандар» повесін мен тоқсаныншы жылдардың көктемінде жаздым. Ол кезде «Жұлдыз» журналында жұмыс істеп жүргенмін. Бұл шығарма да аяқ астынан туды. Бар болғаны бір апта ішінде жазып шықтым. Қолжазбасы әлі күнге дейін бар. Жалпы, мен шығармаларды бірден үлкен ақ қағазға жазатын едім.
Сол кезде Алматыда «Саяхат» деген автостанция бар еді. Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірі болатын. Науырыздың аяғы болу керек, жылы, шуақты күн еді. «Саяхаттың» алдында аллея бар, оның бергі жағында Көк базар орналасқан. Сол аллеяда ағаштардың арасында бес ит бірін-бірі қуалап жүрді. Бір сәтке бәрі тоқтап, сол жерде тынығып жатты. Мен ұзақ қарап тұрдым. Сол көрініс менің жан дүниеме ерекше әсер етті де, «Қаладағы құтпандар» солай дүниеге келді.
Кейде шығармашылық дәл осылай – тосын әсерден, күтпеген сәттерден туады. Адам шығармашылыққа «Мен жазушы боламын», – деп келмейді. Өзім жайлы айтсам, бала күнімде геолог болуды армандайтынмын. Геологтардың тағдырына қатты қызығатынмын. Олар орман, тауды еркін аралап, шатыр тігіп, табиғатпен біте қайнасып өмір сүреді. Қастарында жап-жас келіншектері болады, әртүрлі ұлт өкілдерімен бірге жұмыс істейді – мұның бәрі маған қызық әрі романтикаға толы болып көрінетін.
Бала күнімде әкеме ілесіп, Майқапшағай деген жерде геологтардың шатырларын барып көргенмін. Ол кезде жеті-сегіз жаста едім. Соларға қарап, «Мен де жер тінтуші болам», – деп армандайтынмын. Әкем де геологтарды «Жер тінтушілер», – деп атайтын. Бірақ адам тағдыры үнемі ойлағандай бола бермейді екен. Бәлкім, мені жазушы еткен Алтайдың табиғаты, оның ерекше болмысы шығар. Ол менің жан дүниеме қатты әсер етті. Әйтпесе, мен басқа бір маман иесі болып кетуім де мүмкін еді.
Біздің отбасымызда бес ұл, бес қыз өстік. Соның ішінде тек мен ғана осы сөз өнерінің соңына түстім. Қалғандарының бәрі кәдімгі өмірдің мамандықтарын игерді.
Тағы бір ой – жалпы роман туралы.
Кеше Бауыржан Бабажанұлы маған: «Роман жазу хикметі туралы айтсаңызшы», – деді. Шынында, роман жазудың өз сыры бар. Роман деген – полифониялық дүние. Яғни көп қабатты, әртүрлі ой мен сезім, түрлі тағдырлар тоғысып жатқан күрделі құрылым.
Бұрын Мұхтар Мағауинмен бірге қызмет істедім. Оның «Аласапыран» романын оқыған шығарсыздар. Менің ойымша, бұл – қазақ тарихи романдарының ішіндегі ең ұлы шығарма. Мүмкін болашақта қазақ әдебиетінде тағы да сондай туындылар дүниеге келер. Бірақ ол басқа болады. Себебі Мұхтар Мағауин – тарихты терең білетін, білімнің көзінен мол сусындаған жазушы. Ондай шығармалар кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Мұхаңмен қызметтес болған кезімде оған сұрақ қойғаным бар. «Сіз бұл романда отаршылдық тақырыбын ашық көрсетпей, астармен ғана беріпсіз. Мұны қалай жасадыңыз?» – деп едім. Сонда Мұхтар Мағауин екі қолын астастырып, қабат-қабат етіп көрсетіп: «Барлығын қат-қабат қып жібердім ғой», – деді. Міне, бұл – жазушының шеберлігі. Оның шығармаларында көрінбейтін астарлар, терең қабаттар болады.
Мұндай қат-қабат құрылымдар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да кездеседі. Ол романның бір тарауында да «қат-қабат» деген әдіс көрініс табады. Роман – көрінбейтін ой қабаттарымен, сезімдердің астарлы иірімдерімен ерекше жанр. Мен де өзімнің алғашқы романымнан гөрі, «Былғары табыт» романында да осы қат-қабат тәсілдерді қолдануға тырыстым. Солай қолдандым да деп ойлаймын. Жалпы, жазушы роман жазуға келгенде, ең алдымен, өмірлік тәжірибе алдыңғы орынға шығады. Адам жас кезінде роман жазуы мүмкін, бірақ тәжірибе жетіспегендіктен шығарманың кей тұстары әлсіз, олпы-солпы болып шығуы ықтимал.
Сондықтан да кез келген жазушы шығармашылық жолын көбіне әңгіме мен повестен бастап барып, роман жанрына келеді. Бұл – табиғи әрі заңды процесс. Мысалы, әлем әдебиетін алып қарасақ, ұлы жазушылардың көпшілігі осы жолдан өткен. Француз жазушысы Ги де Мопассанның өзі де алдымен көптеген әңгіме жазып барып, кейін ғана повесть пен романға өткен. Оның әйгілі «Пышка» повесін еске түсіріңіздер. Ол да бірден роман жазған жоқ.
Бірен-саран ғана жазушылар бар, жас кезінде бірден роман жазып кеткен. Мысалы, орыстың ұлы жазушысы Михаил Шолохов. Ол — казак текті адам, бірақ орыс әдебиетінің өкілі ретінде танылды. «Тынық Дон» романын жиырма бір жасынан бастап жаза бастаған дейді. Бірақ ол бұл туындыны ешқандай дайындықсыз, тосыннан жаза салған жоқ.
Шолохов – өзі Дон өңіріндегі соғыстарға қатысқан, казак әскерінде болған, сол дәуірдегі большевизм мен патшалық дәуірдің арасындағы қайшылықтарды көзімен көріп, жүрегімен өткерген адам. Оның «Қал» атты әңгімесін білетін шығарсыздар. Ол да терең өмірлік тәжірибенің жемісі. Демек, «Тынық Дон» – бір күнде туған шығарма емес. Оның алдында Шолохов Лев Толстойдың ізімен «Дон әңгімелерін» жазып, прозалық дайындықтан өткен.
Толстой өзінің алғашқы «Севастополь әңгімелерін» қалай жазса, Шолохов та дәл солай прозаның шағын түрлерінен өтіп барып романға келген. Оның артында үлкен орыс әдеби мектебі тұрды. Толстойдан бастау алған сол мектеп оған жол ашты. Сондықтан да Шолоховтың шығармашылық жолы мүлде басқаша болды.
Бүгінгі қазақ жазушыларының да алдында үлкен мектеп бар. Ол – қазақ әдебиетінің өзі. Қазіргі жастар егер әдебиетке терең үңіліп, бар болмысымен ден қойып оқыса, ол – нағыз ұстаз.
Бірақ, өкінішке қарай, университеттерде әдеби білім бергенде, көбіне тарихи, фактологиялық мәліметтерге ғана мән беріледі. Әдебиеттің ішкі лабораториясына терең бойламайды. Ал шын жазушылық деген – дәл сол лабораторияда басталады.
Мысалы, Горький атындағы Мәскеудегі Әдебиет институтында (Литературный институт) оқыған жігіттердің айтуынша, ондағы профессорлар лекция оқумен шектелмейді. Олар жазушының шығармашылық процесіне, ішкі ізденісіне, кейіпкерді қалай тудыратынына дейін талдап түсіндіреді деп отырады.
Себебі роман жазу кезінде жазушы кейде өз ойын өзі басқара алмай қалатын сәттер туады. Көркем шығармада, әсіресе романда, кейіпкердің болмысы ерекше рөл атқарады. Ол – жазушының өз болмысы емес. Жазушы мен кейіпкерді шатастыруға болмайды.
Мысалға жазушы аю туралы жазып отырса, психологиялық тұрғыда өзі сол аюдың болмысына еніп кетеді. Бұл – бейсаналы процесс. Сананың астарында бір нәрсе оянады да, жазушы өзі байқамай кейіпкердің ішкі әлемін шынайы суреттеп жазып қояды. Мұны ғылымда подсознание дейді. Бұл – түйсік деңгейіндегі процесс. Мұндай сәттерде жазушы өз шығармасына өзі де таңғалады.
Маған жазушы Қалихан Ысқақ ағамыз бірде осындай пікір айтқан. Менің романым алғаш журналда жарық көрген кезде, Қалихан аға оқып шығып, кейін хабарласып:
– Сенің романың шығыпты ғой. Кітабыңды берші, – деді.
Кейін үйіне шақырып, бәйбішесімен бірге әңгімелесіп отырғанда:
– Асқар, мен ғұмыр бойы дәл осындай бір роман жазуды армандап едім. Алтайдың табиғатын, ондағы жан-жануарларды осылай бірге өріп, көркем тілмен жеткізген шығарма керек еді. Сен соны жаздың, – деді.
– Сен аюдың психологиясын керемет бергенсің. Аюдың болмысын шынайы суреттегенсің. Бірақ соған қалай барғансың? Ол аң, ол жануар ғой. Ал сен оны тірі адамдай сипаттапсың, – деді.
Сонда мен айттым:
– Аға, мен аңшы болған адаммын. Аюмен жиырма-отыз метр жерден бетпе-бет келген сәттерім болды. Мысалы, қарақат теретін атақты Тынбай дейтін шат бар. Сонда атпен келе жатып ұшырастым бір рет. Бұл туралы кейін арнайы әңгіме де жаздым. Тағы бірде Бақай деген жерде, Тайшын деген шат бар. Сонда барып әкемдермен бірге аю атуға барғанда қонжықтарымен ойнап жүргенін көргенім бар. Ол кезде аю апанынмен ара қашықтық – жиырма-жиырма бес метр ғана жер болды. Міне, осындай сәттер менің жадымда мәңгі сақталып қалған. Аң-құс, табиғатпен етене өмір сүрген балалық шақтың әсері менің шығармашылығыма осылай сіңіп кеткен шығар дедім.
Расымен де, жазушы кейіпкердің, мейлі ол адам болсын, аң болсын – ішкі болмысына еніп кетеді. Бұл процесс жазушыға өзі де байқалмайды. Бұл – «саналы түрде емес», «бейсаналы (подсознание) түрде» жүзеге асады. Жазып отырған кезде кейіпкердің табиғаты жазушының бойына сіңіп, ол соны жүрек сүзгісінен, сезімінің елегінен өткізеді. Сонда ғана шығармада шынайылық болады.
Жазушы мен кейіпкер арасында бір «табиғи, ғарыштық байланыс» бар секілді. Сол байланыс орнағанда шығарма өздігінен жазыла бастайды.
Сондықтан да, шығармашылықпен айналысатын адам, әсіресе роман немесе терең проза жазатын болса, таңдап алған тақырыбын бүге-шігесіне дейін, жан дүниесімен сезініп, жүрегінен өткізіп барып қана жазуы керек. Егер жазушының жүрегінен өтпеген дүние болса, ол шынайы болмайды, жалғандық байқалады.
Мен өзім өмірімде жүрегімнен өтпеген, жанымды тербетпеген дүниеге қалам тартқан емеспін. Бір-ақ рет, бір ғана тапсырыспен (заказбен) жазған шығармам болды. Ол — кейін көп пікір тудырған «Түсік» атты әңгіме.
Бұл әңгіме қалай жазылды? Ол кезде мен «Қаржы-қаражат»басылымында қызмет істеп жүрген едім. Бір күні Нұртөре Жүсіп ағамыз хабарласты. Ол сол кездері «Жас Алаш» газетіне бас редактор болып енді ғана келген шағы еді.
– Асеке, жұмысты қоя тұр. Ертең таңертең біздің қолымызда сен жазған бір әңгіме болуы керек. Біз бір жобаға үш жазушыдан тапсырыспен шығарма сұрап отырмыз. Бірі – үлкен буыннан, екіншісі – орта буыннан, үшіншісі – жастардан. Сол үшінші буын ретінде сені таңдап отырмыз, – деді.
Мен қарсы болдым.
– Нұреке, мен тапсырыспен жазбаймын. Ондай адам емеспін. Өзіңіз білесіз ғой, мен тіпті журналистік мақала да жазбаймын. Оны да көрген емессіз. Оның үстіне, дайын нәрсені қинап жазсам, сапасы қандай болары белгісіз, – деп едім.
Сонда Нұртөре ағам:
– Асеке, бұл жолы сенен жеке өз атымнан сұрап отырмын. Мақсат – жастарға бағытталған арнайы шығарма әзірлеу. Бір бет болса да жеткілікті. Өзің білесің, сенің қаламыңның салмағы бар, – деді.
Солай болғасын келістім. Кешкісін жұмыстан келіп, жазуға отырдым. Бірақ миымда ештеңе жоқ. Сағат он екі болды – әлі бос қағаздың алдында отырмын. Содан кейін ғана ой келе бастады. Түнгі сағат төртке дейін отырып жаздым. Сол түнде төрт жарым бет шамасында «Түсік» атты әңгіме дүниеге келді. Ертеңіне апарып бердім.
Кейін білдім: бұл жобаның аясында Қалихан Ысқақ пен Жанат Ахмади де шығарма жазған екен. Үшеуміздің де шығармаларымыз «Жас Алаш» газетінде қатар жарияланды. Осылайша, «Түсік» – менің өмірімдегі жалғыз тапсырыспен жазылған әңгімем болды.
Әрине, кейін оны газеттегі нұсқасынан сәл өңдеп, тереңдете түсуге тура келді. Себебі алғашқысы асығыс жазылған еді. Бірақ негізі түн ішінде, ішкі күйзелістен, ой жетегінен туған шынайы дүние болды.
«Түсік» – менің жалғыз тапсырыспен жазылған шығармам. Бұл әңгімені тек шығармашылық лаборатория тұрғысынан айтып отырмын. Ал енді шығармашылық шеберлікке байланысты мәселелер – ол терең дүние. Бұл – жай тәжірибе емес, ішкі ұстаным, таным мен білімнің ұштасқан жері.
Менің «Кержақтың монологы» деген әңгімем бар. Онда баяғы Сарытау тауы суреттеледі. Бір кезде оның төбесін үнемі қар мен мұз басып жататын. Қазір ол табиғи келбетін жоғалта бастаған, тақиядай ғана қар қалатын болды. Ал соңғы жылдары ол да қалмаған.
Сарытау – мен үшін қазақтың көзімен қарағанда бір марқа қозының жоны сияқты, мейірімге толы биік. Бірақ мен бұл әңгімені кержақтың көзімен бердім. Ол үшін бұл тау – Торғайдың жоны секілді.

Мысалы, сіз кейіпкер жараттыңыз делік. Ол – өзіңіздің ішкі әлеміңіз емес, бөтен адамның көзімен қарайтын, бөтен менталитеттің иесі болуы мүмкін. Сонда сіз оның болмысымен сөйлей де, ойлай да алуыңыз керек. Әйтпесе кейіпкеріңіз жалған шығып, шығармаңыз өтірікке айналады. Егер кейіпкеріңіз шетелдік болса, сіз оның мәдениетіне, дүниетанымына сай сөйлете алуыңыз қажет. Сол кезде ғана шынайылық туады.
Бұл – қазіргі жазушылыққа ұмтылған жастарға да маңызды ескерту. Әдебиетке келгісі келетіндер үшін, шығармашылықпен айналысқысы келетіндер үшін кейіпкер табиғатын игеру – басты шарт. Және ол жай ғана ойлап табу емес, психологиялық терең түсінікпен, біліммен келетін нәрсе.
Мысалы, менің «Туажат» деген романым шыққан кезде, жазушы Тұрысбек Сәукетай маған бір қызық пікір айтты.
– Асеке, романыңызды оқыдым. Бірден «Жұлдыз» журналында жарияланыпты. Қысқа уақыттың ішінде жазылған, бірақ терең дүние екен. Ішінде бір бүкір жігіт бар ғой. Сол бүкірді мен қазақ әдебиетінен кездестірген емеспін. Мұндай кейіпкер бұрын болмаған, – деді.
Сонда мен айттым:
– Ол эпизодтық кейіпкер. Егер мен оған арнайы тағдыр жасап берсем, ол романның негізгі желісінен ауытқып кетеді. Бүйірден жабысып тұрған аппендицит сияқты артық дүние болып кетеді, – дедім.
Мұнда айтқым келгені – жазушы негізгі тақырыптан ауытқымауы керек. Әрбір қосымша кейіпкер де осы негізгі ойдың айналасында ғана болуы тиіс. Егер сіз бір эпизодтық кейіпкерге артық көңіл бөліп, оқырман назарын соған бұрып жіберсеңіз, онда сіз негізгі мақсаттан адасасыз. Бұл – шеберліктің бір қыры.
Иә, ол бүкірдің тағдырын штрихтармен кеңейтіп, тереңірек суреттеуге болар еді. Бірақ қажет пе? Ол негізгі арнаны бұзатын болса – қажеті жоқ. Жазушының міндеті – негізгі ойдан ауытқымай, тұтас мазмұнға қызмет етуі.
Осындай шеберлік, осындай түсінік жазушылық жолда білім арқылы келеді. Жай ғана шабытың келуі жеткіліксіз. Талант бар жерде – білім мен білік те болуы шарт. Әйтпесе, талант иесі болып тұрып, жазудан қалып қоятындар кездеседі. Жаза алмай қалатын кезең басталады. Неге? Өйткені ішкі білім мен таным жетіспейді.
Ең қауіпті нәрсе – «мен болдым, толдым» деген ой.
«Мен енді жаздым, мені бәрі мойындады, менен асатын ешкім жоқ» деген ой – таланттың жауы. Өйткені сенімен қатарлас, сенен артық жазатындар да бар, болады да.
Жазушы үнемі өзін-өзі қамшылап отыруы керек. Өз шығармашылығына ешқашан толық риза болмауы тиіс. «Мен бұдан да биікке шығамын. Бұдан да терең, өзгеше дүние жазамын. Менің ойлау жүйем бұрынғыдан өзгеше болуы керек» деген талаппен өмір сүрсе ғана жазушы шыңдала түседі.
Стиль деген – өте күрделі ұғым. Мысалы, сіз әңгіме жаздыңыз, повесть жаздыңыз, роман жаздыңыз. Бірақ бұл үш шығарманың стилі бір-бірінен өзгеше болуы тиіс. Себебі бұл – автордың қалауы емес, тақырыптың, кейіпкердің, оқиғаның өз табиғатының талабы.
Жазушы кейде мұны өзі де аңғармайды. Әр шығармада стильді анықтайтын – сол сәттегі кейіпкердің жан дүниесі, автордың сол кездегі рухани қалпы мен өмірлік тәжірибесі. Сондықтан да нағыз жазушының әр шығармасы бір-біріне ұқсамайды.
Бірнеше әріптес жазушы жігіттер маған:
– Асеке, сіздің шығармаларыңыз бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әңгімеңіз де, повесіңіз де, романыңыз да әртүрлі әлем секілді, – деген еді.
Менің жауабым:
– Ол шығармалар «жазылды» деп емес, «туды» деп айтқан дұрыс. Себебі шығармашылық – әйелдің перзент әкелуі секілді процесс. Әрбір шығарма жазушының жан дүниесінен, рухынан, ішкі тереңінен туады.
Сол туатын сәттегі рухыңыз қандай болды? Сіз игеріп отырған тақырып қандай? Кейіпкердің ойлау жүйесі қандай? Соның бәрі сіздің жаныңызбен үндескен кезде ғана ол шынайы, дара туынды болып шығады. Міне, сондықтан менің шығармаларым бір-біріне ұқсамайды. Рақмет!
Оралхан Бөкей туралы естелік
Оралхан Бөкей туралы сөз қозғағанда, жүрегім ауырады. Шын мәнінде, ол –қазақ әдебиетінің ұлы суреткері еді. Бірақ кезінде оның шығармашылығын мойындамай, тіпті «жазушы емес» дегендер де болды. Ондай сөздерді өз құлағыммен естідім, тіпті ол үшін талайымен сөзге де келіп қалған кездерім бар.
Сонда мен:
– Егер сіз оны жазушы емес дейтін болсаңыз, онда сіз одан қаншалықты биік жазушысыз? – деп қарсы сұрақ қоятынмын.
Бұл – шындық. Көп талант уақытында бағаланбай жатады. Дегенмен, оқырман Оралханды ерте мойындады. Бүгінгі күнге дейін қалам ұстаған жастардың, әсіресе прозашылардың Оралханды айналып өтуі мүмкін емес.
Мен өзім бұрын да айтып жүрмін:
Қазақ прозасында екі жазушыны айналып өту мүмкін емес. Біріншісі –Мұхтар Әуезов. Екіншісі – Оралхан Бөкей.
Аймауытов та, басқалары да айналып өтілуі мүмкін, бірақ Әуезов пен Оралхан – жоқ. Әсіресе жас прозаиктер үшін бұл – ақиқат.
Оралханмен өте жақын араласқан екі адамды ерекше атағым келеді. Бірі – марқұм Талаптан Ахметжан, екіншісі – көзі тірі Жүсіпбек Қорғасбеков. Екеуі де Оралханды шексіз сыйлаған, шығармашылығына бас иіп, жарым-жартылай еліктеген жазушылар.
Ал өз басым Оралханға еліктеген жоқпын. Менің шығармаларымды оқысаңыздар, Оралхандағы мұң, қасірет, үлкен романтизм менде жоқ. Себебі мен оның табиғатынан өзгеше болдым. Мүмкін, Оралханға кейін келген шығармын.
Мысалы, Талаптан – маған аға әрі дос. Ол Оралханды басына жастап жатып оқитын. Тіпті «Мұң» деп кітабының атын қойып, шығармаларын Оралханша жазуға тырысқан кездері болды. Бірақ Оралхан оған не айтты – ол жағын білмеймін.
Бір жолы Талаптанға:
– Тәке, сен Орағаңа көп еліктеп жатырсың, – дедім.
Ұлы суреткерлерге еліктеген, оның көлеңкесіне түіп кетесің. Бұл өте қауіпті құбылыс. Жастарға айтарым: «Ешқандай жазушыға еліктеуге болмайды.» Ол әлемдік классик болсын, қазақтың заңғар жазушысы болсын, орыстың әйгілі суреткері болсын – бәрібір. Әр жазушы өз жолымен жүруі керек.
Бақытыма орай, мен ешкімге еліктеген жоқпын. Оралхан Бөкейді қатты сыйладым, құрметтедім, бірақ оған еліктеген емеспін.
Мен Оралхан ағамен екі рет үйінде кездесіп, шай ішіп, әңгімелескенім бар еді. Екі жолы да Ардақ жеңгемізбен отбасылы болып тұрған кезі еді. Бірінші рет – балалы болғаннан кейінгі шақ. Айқын есімді сәбиі дүниеге келіпті. Оралхан ағамыз төртінші қабатта тұратын. Үйіме баспалдақпен көтеріліп бара жатсам, есік алдында шопырын күтіп тұр екен. Есіктен шыға бергенде Орағаң мені көріп:
– Әй, Асқаржан, жақсы келдің. Жүр, – деді.
Үйінде отырып бір кесе шәй іштік. Әңгіме аса тереңге бармады. Тек:
– Әкең кім еді? Шешең кім? Отбасың туралы айтып берші, – деп сұрады. Солай жай ғана танысып қайттық.
Келесі жолы біз «Жұлдыз журналында» істейтін едік. Бір күні тағы да ертерек барғанымда, есік алдында Орағаң күтіп тұр екен.
– Әй, Асқаржан, жүр, Алтайдан бал келді, үйде шай ішейік, – деді.
Сол кезде Ахат ағамыз бар еді. Ол бір тиянақты, тәртіпті кісі. Сағат он екіде бәрін түгендейтін. Оралхан:
– Өзім айтамын, Ахатқа, – деп, қолын бір сілтеді де, мені ертіп алып кетті.
Үйіне бардық. Шай үстінде Ардақ жеңгеміз келіп отырды. Қызық әңгімелер айтылды. Оралхан аға кейде мысқылмен сөйлейтін. Әдебиет, шығармашылық, қазіргі заман туралы пікір алмастық.
Оралхан аға туралы «Хан Алтайдың хан ұлы» деген мақаламда жаздым. Ол мақалада Талаптанның шығармашылыққа келу жолы, Әкім ағаның қолдауы, Оралхан ағамыздың оны жазушылар ортасына қалай тартып, қабылдағаны туралы айтылды. Сол естелікте Уәлихан Қалижан, Мұрат сынды қаламгерлер жайлы да тоқталдым. Олар – сол дәуірдің шындығын бірге арқалаған замандастар.
Оралхан дүниеден өткеннен кейін Ардақ жеңгемізді тек бір рет, Талаптан марқұмның қазасы кезінде ғана көрдім. Себебі Талаптан Ардақ жеңгемізбен өте жақын араласатын. Біз де кезінде жақсы араласатын едік. Қазір, расын айтқанда, байланыс үзілген.
Өмір соқпақтары
Мұқаңа, Мұхтар Мағауинге жас кезінде Әкесі:
– Мына бәленбайдың қызы қалай өзі саған? Біз бұл қыздың әке-шешесін, тегін, бәрін білеміз. Саған лайықты ма, соны өзің шеш! – деген екен.
Сол сәтте Мұқаң:
– Әке, екі нәрсеге араласпаңыз. Бірі – жұмысым, екіншісі – әйел таңдау, – депті. Мұхаң қызық қой.
Мен де 32 жасқа дейін бойдақ жүрдім. Шешем 27-ден асқан соң-ақ «үйлен» деп қыңқылдай бастады. Бірақ мен де:
– Шеше, әйел туралы әңгіме қозғамаңыз, – дедім.
Содан кейін шешем бұл тақырыпқа қайтып оралмады. Бірақ мен үйленем дегенде – ең қатты қуанған адам да сол кісі болды.
Адам болған соң бәрін көрдік. Жас болдық, ғашық болдық, кейде көзсіз ғашық болдық. Тіпті әскерде жүрген кезімде өзімді өзім атып тастамақта болдым.
Мен Ленинград әскери округінде әскерлік борышымды өтеп болған соң, Ауғанстанға сұранған қазақтардың бірі болдым. Бірақ мені бұл шешімге алып барған – елге деген махаббат немесе батыр болу арманы емес еді. Мен Ауғанстанға ерлік жасағым келіп емес, Совет Одағынан жек көріп сұрандым. Өйткені 1979 жылы менің әкемді Совет үкіметі өлтірді. Сол кезден бастап бұл жүйені жан-тәніммен жек көріп кеттім. Мен – комсомолға өтпеген адаммын. Тек пионерлік кезеңді ғана бастан өткердім. Октябрь баласы ретінде жүрдім, бірақ өсе келе олардың идеологиясына ішім қас болды. Әскерде жүргенде де олар мені коммунист қылғысы келді. Бірақ көнбедім. Өйткені мен бұл жүйенің шынайы бет-бейнесін ерте таныдым. Өйткені мен тарихты ерте түсіндім. Жастайымнан Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен тағдырына қанық болып өстім. Ауылымызда Аймауытов жайлы көп айтылатын. Оның әйгілі «Ақбілек» романының басты кейіпкері – біздің жақтың шын өмірде болған адамына негізделген.
Дариға болыс – менің апам. Қожамбеттің ішінен шыққан. Өзі болыс болған, ел басқарған адам. Жайлауы, тарихы – бәрі көз алдымызда. Мен оқыған мектеп – Дариға болыс ашуға себепкер болған Қалғұты ауылындағы мектеп. Бұл ауыл Марқакөл мен Күршімнің ортасында, қазір шекара бойында тұр. Сол жерлердің рухы мені осылай қалыптастырды. Сол себепті де мен кеңестік биліктің жалған ұранын ермедім.
Әскерде жүргенде мен бір қызға шын ғашық болдым. Сол кезде ол тұрмысқа шығып кетіпті. «Кешір. Мені ұрлап кетті...», – деп хат жазыпты. Ол кезде не ойларымды білмедім. Ашындым, бірақ оны кінәлай алмадым. Қолдан келмеді. Сол қызбен өмірде екі-ақ рет кездестім, ол да бір ұстаз болған жан еді. Кейін ол ана атанды, тұрмыста болды. Біз қайтып кездеспедік. Солай, өткеннің бір елесі ретінде қалды.
Бірде атақты академик, қазақ әдебиетінің абызы Зәки Ахметовтің кабинетіне кездейсоқ кіріп қалған күн әлі есімде. Ол кезде мен «Жұлдыз» журналында жұмыс істейтінмін. Қасымда Тұрдығұл Шаңбаев бар еді. Кабинетке кіргенімізде, Зәки аға орнында жоқ екен. Біз төрдегі үстелге жайғасып, бірден телефонмен сөйлесіп отырғанбыз. Сол сәтте есік ашылып, бір қыз кіріп келді. Қыз дегенде, нағыз қазақтың қара көзі, бұйра шашты аруы.
Тұрекең таныстырып жатыр:
– Асқар Алтай деген жазушы, - десе. Әлгі қыз сонда:
– Білмеймін, мен үшін Әуезовтен басқа жазушы жоқ, - деп жатыр.
Сол сөз менің жүрегіме қатты тиді. Содан бастап ойым да, өмірім де өзгеріп сала берді.
Сөйтіп, Мақпал Оразбекпен осылай, аяқ астынан таныстық. Бірақ ол кездесу – жай ғана таныстық емес, тағдырдың бұйрығы еді. Ол қыз – қазіргі белгілі ғалым, ұстаз, Мақпал Оразбек болатын. Табиғатынан ақылгөй, мінезі тік, шыншыл жан. Мақпал шынымен де ғалым болатын адам. Мінезі – шынайы, бірсөзді, әділ. Ол артық сөзді ұнатпайтын, көңілі толмаса, бетіңе бірден айтып салатын. Бұл – біздің найман қыздарына тән тік мінез. Ондай қыздарда жалтақтық жоқ, олар ашық сөйлейді. Кейде көңіліңе ауыр тисе де, ер азамат ондайды көтере білуі керек. Өйткені нағыз еркек – сынға төзетін, шындықты қабылдай алатын адам.
Қазір ше? Қазір кейбір жігіттер сын көтермейді, қыздардың ашық айтқан сөзінен шошып, өзін жоғалтып жатады. Бірақ еркектік деген – дәл осындай сәттерде көрінеді ғой. Рахмет!
