Кауаи-оо
Кауаи-оолар бұл орманға адамдардың аяғы тимей тұрған уақытта жұптасып ән салып, айналасын әуезді үнімен тербеп махаббат машақатын да, сүйіспеншілік сиқырын да бірге тататын. Жұмыртқа басып балапан өрбітетін. Ағаштардың шырынын сорып масаттанып мастанатын. Кейде бәрінің бастары қосылғанда бастарын жерге төсеп, қолтықтарын жазып қомпиып алып қуысып, өмір бойы мәңгі жасайтындай күй кешетін.
Биылғы күзгі аң аулау маусымы қойдың күйек маусымы келмей тұрып басталып кетті. Күкірттің күлімсі иісіне мастанғандар тегіс және қос ұңғылы мылтықтарын иықтарына асынып, күн-түн деп ажыратып жатпастан көлдер мен егіс алқаптарына жарыса ағылды. Үйдегі «пневматиктерін» майлаған кәмелетке толмағандар да айдаладағы аңшылыққа аңсары ауып, түзге шыққысы келіп табалдырықты тырналаған тарғыл мысық құсап тағаттарын тауысатыны бар.
Қайуана қазақ ауылының тоғайындағы қос қапталынан қара су құйылатын қайраңды Қаракөлдің жағасындағы қайық қалқып жүзе алмайтын қалың қамыстың етегіндегі борпылдақ жерден шұңқыр қазып алып, үстіне сары жапырақ түстес ала камуфляж киген бейуайым Орион көлден көз алар емес. Жайын ауызды, жалпақ мұрынды оны құлқынсәріден жылы төсегінен жұлып әкелген құрттаған құлқыны, нәпсісі нәпақаға қарық қылардай. Ақар-шақар болып жататын құс атаулының патшалығындай көлдің айналасы қара күзде қанбазарға айналады. Сілекейін жұтынған сайын кеберсіген кеңірдегі жібіп, аузына майлы «шулюмнің»1 дәмі келген оның дүрбі салып аңдығаны барылдауықтар мен қоспақ үйректер. Су үстінде сүңгіп кетіп, тереңдегі балдырдың тамырын жеп, қылтиып шығып қақшаңдап, «қыт-қыттаған» дауысы төбеңе тиетін ақбас қасқалдақтар да маңайдан көрінбейді. Жапан түзде толассыз оқ атылғаннан бері ажалдарына арандап қалатындай безіп, жағалауға жоламай кеткен. Қаздар да қырдағы егіс алқабына біржолата қоныс аударған. Тек жүнін жұлсаң жұдырықтай болып қалатын шүрегейлер ғана анда-санда «мені көрдің бе» дегендей үйірімен ұшады. Жарыққа үймелеген ақ көбелектер құсап өз ажалына өздері келіп соқтығатын оларды атқаннан қайыр жоқ, қара еті таңдайыңа татымақ түгілі тісіңе тұрмайды. Қызық үшін қуалап жүріп атпасаң, сопақ жақтың иегіндей сүйір құйымшағының терісіне қылтанағы қатып сорпаға майы қалқып шығып қарық қылар қайраны жоқ.
Сыз «окоптың» ішінде күте-күте қажыған Орионның қазан қаласынан хабар келе бастады. Қосатарын көрдей көрінген шұңқырдың қара қабырғасына сүйеп қойды да, «Dodo-steik» дәмханасынан сатып алған қуырылған тауық қанаттарын кеміріп өзек жалғады. Жіліктердің бастарын сорды да жанында езуін жалап, аузын аңдып отырған спаниель тұқымдас иті Роккиге тастады. Телефонын ашып, жасанды интеллект арнасын қосты. Дәмді қанаттар қуыратын дәмхана жайлы ақпарат білмек оймен «Do-do» деп терді.
«Үнді мұхитындағы Маврикий аралын мекендеген, қазіргі күні жер бетінен мүлдем жойылып кеткен ұша алмайтын, ірі денелі, салпаң құлақ құс. XVII ғасырда аралға келген теңізшілер, сондай-ақ өздерімен бірге ала келген иттер, шошқалар мен егеуқұйрықтар бұл құстарды және жердегі жұмыртқаларын түгелдей жеп, жойып жіберген. Небәрі бір ғасырдың ішінде толығымен құрып кеткен».
Жазбаны оқыған Орионның бойы түршігіп кетті.
– Масқара, осыншалықты ашкөз, қаныпезер болуға бола ма екен, – деді ол итіне тағы көз сүзіп. – Масқара!
Топырақ қорысының зәгі, қуырылған тауық қанаттарының иісімен араласып кеткен тұтатқан темекісінің көк бұйра түтінінің арасынан жағалауға біткен жиде талдың ішінде сорайып жалғыз тұрған көктеректі байқады. Бұтағына ұзын тұмсығы доға тәрізді иілген, арқа тұсы қоңыр-сұр жолақты, құйрығының үсті мен бауыры ақшыл торғай түрлес құстың келіп қонғанын анық аңғарды. Ол мұны көрмеді ме, жоқ алыстан ұшып келе жатқан беті ме, белгісіз. Сілесі қатып, орныққан жерінде лезде қалғып кеткендей. Орион алыстан анық байқап бақылап отыр. Төсі мен қапталындағы тамшы тәрізді қоңыр-қара теңбілдері бар, тарғыл тартады. Мылтық асынғалы мұндай құсты бұрын-соңды ешбір жерден жолықтырмаған соң ба, жақын жерден көруге қызыға түсті. Көзінің құртын жеп барады. «Барсам, әкелем» деген ұраны бар, қолы қанды, жолы болғыш. Есімін де Орион деп тауып қойғандай, ол аспан әлеміндегі аңшы шоқжұлдызының атауы.
Аяғына оралып берген сүйекті мыжғылап жеп жатқан Рокки де әбден құс атқанда барып кел, шауып келге машықтанып алған. Тіліне ине піссең де шәуілдеп үн шығармайды. Қатып қалғандай мыңқ етпейді. Аңшылыққа еті үйреніп әбден төселген.
***
Солтүстік шардың тропиктік белдеуіндегі Тынық мұхитының орталығында орналасқан архипелаг саналатын Гавай аралдары Америка Құрама штаттарының елуінші штаты саналады. Шығысында – АҚШ, батысында – Жапония мен Филиппин, ал оңтүстік-батысында – Аустралия орналасқан. Оңашалығы мен тропиктік климатына байланысты бұл жерде әлемнің басқа ешбір жерінде тамыр жаймайтын эндемиктер2, ерекше өсімдіктер жамылғысы бар. Әсіресе, «арал-бақ» атанған Кауаи аралының орны бөлек. Төрт қапталын Тынық мұхиты қоршаған аралға алыстан бұйраланып көрінген таудай толқындар жұтып жіберердей боп жақындап келіп құлайды да, құмдауытқа жайылған су мұхит ернеуіне қайта иіріліп сырғиды. Толқынмен бірге жеткен жойқын жел орман ішіне жұтып қоярдай боп еніп тыныштықты бұзып, айналаны сап-салқын саф ауаға бөлейді. Желдің лебі Кауаи-оо3 қоразы қонып, гүлінің шырынын тамсана жұтқан Охиа лехуа ағашының жапырағын сыбдырлатып тербеп өткенде, ол жан-жағына тағы да жаутаңдап қарады.
Охиа лехуа – Гавай аралдарындағы ең басты ағаш, бірнеше дәуірлер бұрын жерден жанартау шапшып шығып, балқыған лава күлінің үстінде бірінші болып бүр жарып, ашық қызыл түсті қылқан тәрізді гүлі қауызын ашқан өсімдік. Тек осы Кауаи аралында ғана өседі, басқа жерді жерсінбеген.
Кауаи-оо өзінің тұқымдастары саналатын тек Оаху аралын мекен еткен Оаху-оо, Мауи және Молокаи аралдарында болатын Мауи-оо, үлкен аралда салтанат құрған Гавай-оо сынды қанаттыларды іздеп айналаға шықылықтап ән салды. Қаны бір туыстарын зарыға іздеді, запы болған жүрегінің запыранын төгіп зарлағысы келді. Бірақ қаншама рет ышқынса да дауысы бұрынғысынша биязы әрі өте нәзік шықты. Ол үш тұқымдасының барлығы жер әлемінен қауырсынына дейін қалмай құрып кеткеніне көз жеткізгендей. Қайқайған жіңішке ұзын тұмсығын гүлдің түбіне терең бойлатып, қылқалам тәрізді ұшы бұдыр тілімен шырынды ұртына толтыра сорып жұтады да, тағы да әндетеді. Бірақ оның ең басты мұңы мен арманы, соңғы үміті – арал орманының ішінен аналық Кауаи-ооды табу болатын. Шағылысу маусымы өтіп барады, жан-жағына мойынын созып тамағын кенеп тағы да әндетті. Жауап жоқ. Тыныштықта жауап беретін тіл бар ма?
«Тұқымсыз қаламын ба?» деген үрей де бойын билеп жеңуге айналған. Далиған арал ішінде бір аналықтың қалмауы мүмкін емес дегенге сенгісі келмегендей ол қыстығып тағы да дауыс салып зарлағандай болды. Бірақ үні баз кешкен мұңлықтікіндей емес, айналаны әнге бөлегендей боп көрінді. Қораздығы қозып қоқиланса да тоят табар ұябасары жоқ. Сүрегі тығыз, бұтақтары бұралып біткен, ерекше ашық сары, қызғылт гүлдері көздің жауын алатын коа4 ағашы «бейшара осы жерде сенің тұқымыңнан қалған жалғыз сенсің, босқа зарлама, адамдар тұқымдастарыңның бәрін құртып жіберген» деп жауап берер еді. Ағаштың тілі жоқ. Оо да түсінбейді. Түсінбеген соң мұңайып, сағыныштан сартап боп мойынын сорайтып созып тағы да әнге салды. Шағылысу маусымы өтіп барады, артынан ұрпақ өрбіту керек, табиғат тізбегін үзу – күнә. Бірақ оның запыранын адамдар әкеліп еккен Гавайдың мемлекеттік символына айналған Кукуи ағашы да, полинезиялықтар тамақ үшін еккен кокос пальмасы да, тіпті манго мен авокадо сынды жемістер де түсінбейтін.
Кауаи-оолар бұл орманға адамдардың аяғы тимей тұрған уақытта жұптасып ән салып, айналасын әуезді үнімен тербеп махаббат машақатын да, сүйіспеншілік сиқырын да бірге тататын. Жұмыртқа басып балапан өрбітетін. Ағаштардың шырынын сорып масаттанып мастанатын. Кейде бәрінің бастары қосылғанда бастарын жерге төсеп, қолтықтарын жазып қомпиып алып қуысып, өмір бойы мәңгі жасайтындай күй кешетін. Жылтыр жасыл реңі мен ұзын жілікті тұрпаты көрген көзді арбап тамсандыратын. Жұптасқанда екі әнші дуэтпен ән айтқандай аралдағы табиғаттың тіршілік иелері ұйып тыңдайтын. Қара түсті қанаттарының астына біткен сары шоқ қауырсындары да сыңғырлап әуезді үн шығарып қосылатын.
Бәленің бәрі осы сары қауырсындардан басталған. Жергілікті гавайлықтар патша киімдері мен әшекейлерін жасау үшін таспен атып өлтіріп, бір шоқ қауырсындарын олжа көріп көздері қызарған. Қауырсындарын өңірлеріне қадап табынып, сүйіп тұмар тұтты ма керек, аш жүргендей аумен ұстап етін түтінге қақтап жеді ме керек, жасамағандары жоқ. Уақыт өте келе құстар паналаған ағаштарды да каноэ қайық үшін аяусыз отады, жиһаз үшін обалсыз балталады, қуларын отын үшін арам қолдарымен арашалаусыз аралады. Ал қу ағаш азайған сайын жұптасқанда бірін-бірі әндері арқылы табатын Кауаи-оолар да сирей бастады. Себебі ұяларын қураған ағаштардың басына салатын. Олар азайған сайын аралдағы эндемик өсімдіктер де лайықты деңгейде тозаңданбай гүлдеуі кеміп, кезінде табиғи жамылғысымен тамсандыратын орман жамау жамаған киімдей күтімі кете берді. Бұл аз болғандай адамдар аралға түрлі аңдарды, кеміргіштерді әкелді, жеміс ағаштарын бейімдеді. Табиғи тозаңдандырамыз деп инвазивтік масалардың5 көбеюіне жағдай жасады. Бұл масалар құс безгегін тарататын нағыз вирус тасымалдаушылар. Иммундық қорғанышы қарсы тұра алмаған құстардың серейген ұшасы әр жерде шашылып, борсып жататын болды. Осылайша бір тайпа үйірін бастап жүретін қораздың да жағдайы жыл өткен сайын мүшкіл тартып, ең соңында сайрағыш қораз сопиып жалғыз қалды.
Соңғы демін жұтып ән салған Кауаи-оо қораз нақсүйерін таппағанына, атадан балаға жалғасқан тұқым қалдыру циклінің бұзылғанына емес, адамдардың қаныпезерлігіне, тасжүректілігіне көзі жеткендей налып тыншығандай. Соңғы шешім – өлім, адамдардың ашкөздігі жайлаған жарық дүниеде баз кешкенше тұңғиық түнекке сіңіп жоғалу, жер әлемінен түп-тұқиянымен біржолата қарасын батырып кету болды. Қанатын бір желпігенде сары қауырсынның бірі үзіліп ауада қалқып барып жерге түсті де, өзі таудай боп жолындағысын жайпап келе жатқан толқынға соғылып жоғалмақшы болып соңғы рет «о-о», о-олап» әнге басты. Жан-жағынан аналық құстың жауап беруін елегізіп күткен. Кеудесінде жұп құрып, әуезді әуенді бірге саламыз деген көп жылғы үміт бар. Бір уақытта қалың ағаш ішінен «о-о, о-о» деген қайтарма дыбыс құлағына солғынданып сөніп барып ілінді. Селт еткен қораздың кеудесінде сәуле ойнап елегізіп, орманға қарай қанатын жиі қағып асығып, дауыс шыққан жаққа қарай бет алды. Жеткені сол еді, көңілі тағы да су сепкендей быж ете қалды. Тауыс құсап құйрығындағы қауырсындарын жайған кезде құлпырып кететін белгісіз бір құс. Ол ежелгі гректердің лира атты музыкалық аспабына ұқсайтын лира деген құс екенін, кез келген дыбысты, тіпті ағаш кескен араның, жан-жануарлардың, адамның, көліктердің дабыл дыбысын да айнытпай салатын иммитатор екенін, оны да бұл аралға адамдар әкелгенін білмейтін. Жақын маңдағы ағаштың бұтағында қонақтап отыр.
– О-о, – деп дыбыстады тағы.
– О-о, – деп жауаптасты белгісіз құс мазақтағандай.
Нақсүйері емес екеніне көзі жеткен ол мұхиттың үстін жапқан мұнарға қарай серпіле ұшты да, ұзай берді. Үміті күлтопырақ боп өшкендей. Алыстан көрінген қара ноқат та бара-бара солғындап сағымға сіңіп жоғалды. Тек өзі сынды жалғыз, ол да ұябасарын іздеп жүргенін іші сезген. Сезген де қос аяқты мұңдардан мүлдем түңілген.
Орман ішінен аналығын іздеп алпыс ай бойы әндетіп зар еңіреген Кауаи-оо қалың мұнар ішіне жойқын Иники дауылы6 соққан кезде жантәсілім болған сыңарына асығып бара жатқандай болды.
***
Бұл 1987 жыл болатын. Орнитологтарға7 Кауаи-ооның шағылысуға жұбын іздеп салған әнін ғана таспаға жазып алу мүмкін болды. Кауаи-ооны бұдан кейін тірі жан иесі көрген жоқ, ол ресми түрде мәңгілік әлеміне аттанып кетті. Қызыл кітаптағы құрып кеткен құстар бағанындағы қайғылы қатарға атауы қара бояумен сүйкей жазыла салды.
***
Көк терекке қонақтаған құс қос қанатын жазып қағынды да қайта қонжиды. Ерекше әдемі екен. Дауысы да қызық. «Би-би-би» деген секілді болды да, бір уақытта құбылып «ку-ли, ку-ли» дегендей естілді. «Мынау не құс? Әдемілігін-ай...», «Шіркінді атып алып, сорпасын ішіп көрер ме еді?» деп санасын орашолақ ой кезген Орионның нәпсісі шоқ қарығандай қоза түсті.
– Қанды басыңды бері тарт, – деп битін бір төгіп жарылғанатындай болған ол шүріппені басып қалғанда, көк теректің бұтағына қонып отырған құс теңселуге үлгермей төменге қарай төбесімен құлдилап бара жатты.
– Рокки, бар, алып кел, – деп айғайлап Орион қара ала итіне қарап. Өзі де күте-күте әбден зерігіп, қашан айтар дегендей бұйрықты тосып тұрған ит шұңқырдан шыққан бойда шабалаңдап, қос құлағы желпілдеп жүгіре жөнелді. Оның үстіне дала құстарының ішін тіліп, ішегін бергенге үйреніп алғаны бар.
Ит әкелген құсты аударып-төңкеріп қараған Орион олжалы болғанына масаттанды. Бұрын-соңды көрген емес, өзі де көрікті екен. Бір уақытта көзі аяғындағы сақинаға түсті. Ағылшынша «Slender-billed curlew. MOROKKO. №А-1» деген жазу бар. Альфа-нумерациялық код. Мұндай таңба сирек және жойылып кеткен құстар тізімі енгізілген дүниежүзілік Қызыл кітапта болатын. Абырой болғанда ағылшынша жақсы біледі. «Slender-billed curlew» – қазақша сүйір тұмсық шалшықшы, құстың ғылыми аты – кроншнеп8. «MOROKKO» –мекендейтін елінің атауы. «№А-1» – жер бетіндегі реттік нөмірін білдіреді. Жаһанда жалғыз қалған құстың түрі екен. Оны да басқа емес, өзі атып алды. Қолың сынғыр-ау, не істеп қойды? Ойы ойран, ақылы айран. Басы зеңіп барады, батпаққа айналған миы маңдайын тесіп ағып кетердей. Ол бұл құс Сібірде ұя салып, қысқы маусымға Жерорта теңізінің арғы жағындағы Солтүстік Африка аумағына бет түзеп ұшқан кезде Қазақстанда аз уақыт аялдап ұшатын сирек қанатты екенін жақсы білетін. «Вокруг света» телебағдарламадан көрген. Тек тірідей көргені бірінші рет.
Тағы да жан-жағына бажайлап қарады да, жер бетінде қалған ақырғы шалшықшы құстың өлексесін шұңқырға тастап, әскери күрегімен лезде көміп тастады. Өз шынтағын өзі тістей алмайды, кету керек. Ол басын ұстады. Жан-жағына жаутаңдай қарады. Алыстағы ауылдан мөңіреген сиырдың, кісінеген жылқының, шулаған үйрек-қаздың дауысы еміс-еміс естіледі. Бірсыдырғы тірлік. Томаға-тұйық дала. Біреу сыртынан «қолыңды көтер» десе, етпетінен жата қалып жорғалап қашуға бар. Қарасын жоғалту керек. Көлдің арғы бетіне тастап кеткен көлігіне асықты.
Асығып адымын алшақ басып келеді. Рокки жоқ. Қорықса да артына бұрылып қарап еді, сүйір тұмсық шалшықшының өлексесі көмілген шұңқырды тырналап қазып жатыр екен. Тірілтіп аламын деп асықты ма, жоқ олжасыз кетіп бара жатқандарына налыды ма, Рокки жанталасып, қыңсылап қазады.
– Рокки, – деп айғайлады ол тағы да өңеші жыртылғанша.
Балақ жүніне түймебас түйіртек тікендер жабысқан Рокки қазған жерін қимағандай бұрылды да желі байлам жердегі Орионға қарай арсалаңдап жүгірді. Көмілген шұңқыр дүние жүзіндегі тағы да бір сирек кездесетін құстың суық қабірі секілді. Оны да Қызыл кітаптың «Жойылып кеткен құстар» атты «қорымына» жерлеп барады.
Көлігінің есігін ашқан уақытта Рокки қарғып мініп алып, қасындағы орындыққа жайғасты. Орион жұмған жұдырығын жазып, сақинаны тағы да айналдырып байқап көрді.
Сол уақытта аузына шулюмнің дәмі келген.
Аузына запыран тығылып лоқсып жібере жаздады. Рокки терезеден құс көмілген жерге жаутаң-жаутаң қарап қыңсылап қойды.
1Шулюм – жабайы құстардың етінен дайындалатын сорпа.
2Эндемик – жер шарында тек бір ғана белгілі бір географиялық аймақта (бір аралда, бір тауда, бір көлде немесе бір мемлекетте) ғана өсетін өсімдік немесе мекендейтін жануар түрі.
3Кауаи-оо – Гавай аралдарындағы Кауаи аралында ғана тіршілік еткен, жер бетінен жойылып кеткен сайрағыш, әсем дауысты әнші құс. Оо атауы «о-о, о-о» деп шығаратын дауысына байланысты қойылған.
4Коа – Гавай аралдарында ғана өсетін мәңгі жасыл ағаш.
5Инвазивтік масалар – басқа аймақтарға адам әрекеті және климаттың жылынуы салдарынан таралып, жаңа экожүйеге тропикалық және вирустық ауруларды тасымалдау қаупін тудыратын жәндіктер.
6Иники дауылы – Гавай аралдарының тарихында тіркелген ең жойқын әрі қуатты тропикалық циклон. Ол Гавай тілінен аударғанда «қатты әрі тесіп өтетін жел» деген мағынаны білдіреді.
7Орнитолог – құстар әлемін ғылыми негізде зерттейтін биолог-ғалым.
8Кроншнеп (шалшықшы) – Қазақстан аумағы арқылы ұшып өтетін және Сібірде ұялайтын жер бетінен толықтай жойылып кеткен құс. Ең соңғы өкілі әлемде 1995 жылы тіркелген.
Бейбіт Бөжен
