Оған шығармадағы: «Қан қызып басқа шапқан, ат терлеп алып қашқан көкпар басталғалы біраз болған. Шал астындағы ақ көбіктенген Көкбестімен көкпардың қызығына батқалы қашан...»,–деген сөз дәлел (А.Алтай. Казино. Алматы: Атамұра, 2008, 206-б.). Осы төңіректі дүркірете дүрліктірген көкпарға шамамен үш жүзден кем емес ат құлағында ойнайтын, күш-қайраты тегеурінді үлкенді-кішілі ер-азаматтар қатысуда. Солардың ішінде сирек мұртын қырау шалған шал түйдектеле шоғырланған доданың ортасына сүңги кіріп, көкпарды қолынан шығарар емес. Астындағы күлте жалдылардың белі мықты, өздерінің білегі жуан, жүрегі түкті алпамса жігіттердің бәрі көкпарға түскен көксеркеге қарай жабыла ұмтылғанымен шалдың тақымындағы серкені жұлып алуға күш-қабылеті жетпей ащы терге малынып, намыс отына өртенеді.
Неге олай? Себебі, сол шалдың өзі бұл өңірде мұндай көкпар додасын алғаш рет көріп, солардың ортасында пұшпақтаған теріге шомылып жүр, көкпарды сағынып қалыпты. Өйткені, мына кәнігі додашының әкесі Кәкім де, оның арғы тегі де атақты көкпаршы атанған. Демек, ананың бойына бұл өнер ата қанымен тараған. Кәкім сонау кездегі ел ішіндегі жер аудару дүрбелеңі өршіген шақта әйелі және осы баласымен түн қараңғылығында қоштасып, үнін шығармай белгісіз жаққа қарай жол тартты. Ол тұста осы шал алты жаста еді.
Ақши ауылында жұрттың малын жаппай артельге өткізу басталды. Бірақ, мына шаңырақтың жалғыз сауын сиыры орталыққа тапсырудан аман қалды.Бірақ, «әкесі кеткелі атқа мінген, орысша киінген қайыстай қара қазақ түс кезінде бұлардың үйінен шай ішетін болып алды. Шешесі оның келгенін жақтырмаушы еді, бірақ үндемейтін. Бұл көбінесе ол келгенде далаға шығып кететін» (осында, 212-б.).Осылай жазушы А. Асқар «Дода» әңгімесінде бала жүрегінде таңбаланып қалған сонау кезеңнің қилы-қилы көріністерін көкпар додасымен қосақабат баяндауға талпыныс жасапты. Байқап қараса, жиырмасыншы ғасырдың екі және үшінші онжылдығында: Аяма қама! Көнбесе ат! Түгел колхозға өткіз! Бұйрықты тез орында!–деген қатыгездіктің қылышын жалаңдатқан кеңес өкіметінің науқанды жұмыстары көкпар додасындай қатулы дүбірімен өтті. Керісінше, қазіргі мына додадағы бірнеше жүздеген қайрат-жігері бойына сыймаған жалындаған жігіттер көкпар додасында жеңіске жетудің айла-тәсілін білмейді. Халықпен бірге жасасқан ұлттық өнерден бейхабар, тіпті естімеген.
Бұл додашы шалдың есімі Нұрғалаи. Ол жастайнан сұрқиялы сол заманның момын халыққа арнайы ойластырылып жасалынған: жалпы жұрттың күнкөріс төрт түлік малын сыпырып алу, аштыққа тап қылып, жаппай қырғынға ұшырату, елдің қаймағы саналатын жүздеген азаматтарды абақтыға тоғытып, Сібірге айдау, дүниені жайпап келе жатқан соғыста әуелгі қарсылыққа тосқауыл үшін оларды жау шебіне лек-легімен айдап салып, тұқымын түгел құрту сияқты айла-әрекеттердің бәрін көзімен көріп, тозақ өртіне түсіп, күйіп кете жаздады, Әйтеуір соншама азаптың бәрінен итжандылықпен тірі қалыпты.
Нұрғалидің «Кәнтөжін» атануының өзі елеулі оқиға. «Көкке кеме ұшқан көктем еді. Жиналған жұртқа ауданнан келген адам аспандағы айға дейін еліміздің бір азаматы ұшып барып қайтқанын айтып, ауыл адамдарының түсініксіз сұрақтарына жауап берген. Ал соның артынша ауылда түйе мен жылқы жинау науқаны басталды емес пе? Колхоз-совхоздікі жетпегендей бірен-саран қолда ұстаған кекілді мен шудалыны да өкімет бағасымен сыпыра бастады. Әлдекімдер қарсы болып еді, ауданнан милициясы бар өңкей бір сықиған киімділер толып кеткен» (осында, 208-б.).. Нұрғалидің ауласына ауылсовет еріткен үш-төрт сұсты адам бас сұқты. Топты бастаушы үй иесіне жоғарыдан нұсқау келгенін, түйе мен жылқыны түк қалдырмай өткізу керек екенін мәлімдеді. Топтағы билік айтушы өктемдікке басып қасындағы жұқа өңді жігітке: –Жазып қой, бұл үйде бір жылқы бар, –деді.
– Ә, әкеңнің... – деп, Нұрғали қораға қарай тұра жөнелді. – Көрсетермін жазғанды. Нұрғали жүгірген қалпы қора алдында сүйеулі тұрған қайың құрықты ала салып, көздері алая кері бұрылды.
–Әй, мынау контужный екен ғой. Контужный болмаса сүйтеме? Контужный.Мұның пәлесінен аулақ, – деп ділмарсыды Құрышбаев (осында, 210-б.). Осы сәтте ойға Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасындағы Танабай бейнесі оралды. Қайран, Шыңғыс аға! Қайран, Танабай! Әр көңілде осылай жасай береді ғой... Жазушы А.Алтай «Кәнтөжін» сөзін бекер пайдаланбаған сияқты. Өткен ғасырда момын қазақ халқын үстемдік жасаушы ел сондай қасіретке әдейі күшпен айдап апарды емес пе? Айтпақшы, бұл қаламгердің «Кәнтөжіні» деп алған сөзі Әбіш Кекілбайұлының «Күй» шығармасындағы «Мәңгүртке» ұқсағысы келеді, бірақ соның елесі сияқты ма қалай? Әйгілі қаламгер Әбекеңнің сол атауы – мәңгілік символдық бейнеге айналып кетті ғой.
Додашы Нұрғали сол аудан, ауыл атқамінерлерімен тайсалмай айқасып, жалғыз аты Желжорғасынан айырылып қалмауда ажалға басын тігетінін, не біреудің қанын төгетінін сол сұсты топтың көзін жеткізіп, олардың зәресін ұшырды. Ақыры әупіріммен көңілдегісін орындады. «...Қазір мына көкпарға салып жүрген сол алпыс бірде қалған Желжорғаның тұқымы» дейді жазушы (сонда, 210-б.). Турасын білдірсек, анау жердің жеті қабатын жиырып тастайтындай зор екпінмен шабатын Желжорға сәйгүлігі үшін ол «Кәнтөжін Нұрғали» атанды ғой. Әділінде, бәріміз де желден жүйрік жануарды да, ұлттық өнер – көкпарды да Кәнтөжін додашыдай өзегіміз өртене сүюіміз керек қой. Бәлкім, оны сол кездегі өмірдің ауыр тағдыры езгілеп «Кәнтөжін» еткен шығар.
Нұрғали шал Көкбестіні қалың дүрмектің арасына сұғындыра енгізді. Бағана қапылыста айырылып қалған көксеркеге өжеттене қол созды, бірақ сәтті ыңғайы келмеді. Одан бері көксерке бірталай білекті азаматтардың қолына көшті. Шабандоздардың қарасының ерен көптілігінен бе, әлде ұйлыққан түйдекке қалай оңтайлы сүңгудің сәтін тапағандықтан ба бірнеше жігіттер сыртқа ығысып, салқын қабақ танытады. Дүлей доданың ортасына енсе де көксеркені тақымына қайта баса алмай кіжінген Кәнтөжін Нұрғалидің есіне әкесі Кәкім орала кетеді. Ол Көкбестінің сауырынан осып-осып жіберді...
Нұрғалидің көз алдына сол сәтте илеуінде үймелеген қара құмырсқадай шоғырланған додашылардың арасына сынадай қадалып, көксеркенің сирағынан ұстап жұлып алып зымыраған әке бейнесі елестеді. Бұл да ауылдағы көкпаршылар арасында бой көрсететін. Ол кісі соғыстан оралған соң додашы атануды кәдімгідей армандап, соған ебі барларды айналасына топтастырып жүретін, бірақ өмір ағысы ырық бере қоймады. Әттең, әкем ортамызда жүргенде көкпар өнері көмескі тартпас еді дейді іштей додашы. Мына азамат көкесінен ақыл-есі енді кіре бастаған тұста айрылып қалған. Көп ұзамай шешесі де аштықтан ауылда адам қалмай бара жатқан соң қайын жұртқа қарай бет бұрды. Жолда суық тигеннен бе, әлде жоқшылықтан өзегі үзіліп кеткен болар, төсекте төңбекшіп жатып көз жұмды. Өмір еріксіз «кәнтөжін» атандырған Нұрғали да айналасындағы бас сауғалаған жұртшылықтың соңынан қалмай ілгері қарай тырмысып жылыстай берді.
Бұл дода бұрынғыдан да дүлейлене, әрі үрейлене түскендей. Көкбестімен сүйкеле қатар шапқан Ақжал ат қияста сүрініп кетіп, додашы жігіт құм үстіне домалап кетті. Мылжаланған көксерке Кәнтөжін Нұрғалидің тақымында. Бірақ оның артында жан ұшыра жарысқан додашылар жаудың қалың қолындай қаптай зымырап келеді. Алды – толқыны үйіріле жөңкіген Ертіс өзені, айналуға төңірек сығыла тарылған, қамашау. Көкбесті қамыс құлағын қайшылап бұрылуға ыңғайланғанда Кәнтөжін Нұрғали оған қамшыны аямай сілтеді. Көкбесті құмды жардан терең суға қойып кетті. Кәрі Ертіс ортасында додашы Нұрғали, Көкбесті, өзен ағысы көкпарды жұлып әкете жаздайды, жаға әлі алыс.
Шығарманың ең соңына жазушы құбылмалы күздің ызғарлы суығында додашы Нұрғали көкпарды қолынан шығармай көкбестімен бірге үйіріле жөңкіген өзен ағысына көміліп, көзден ғайып болғанын сездіртеді. Қаламгердің қазақ халқының ұлттық көкпар өнерін өмір ағысы жұтып қойды дегені ма қалай? Мұнда көңіл аударар нәрсе, Асқар Алтай «Дода» сөзін символ ретінде алуға талпынған сияқты, бірақ, әлі қайда-а, көмескі. Әйтсе де, оқырманын ойландырады, Нұрғали бейнесі есте қалады. Сол дәуірдегі қолдан жасалған жасырын майданның пердесі аптеп ашылғандай.
Тоқболат Еңсегенұлы,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.