(әңгіме)
Түсініп болмайсың: біздің кішкентай кезімізде әке-шешеміздің киімін киіп, тезірек үлкен болғымыз келетіні несі екен және есейгенде бала күнгі арманымыздан жерігеніміз үшін өзімізді кінәлі санайтынымыз қалай? Арманымызға адал болмағанымыз үшін ұятты болғанымыз өмір бойы бетімізді қызартып жүретінін ойладық па?
* * *
Қазақ елі тәуелсіздік алған кезеңдегі жүректі лүпілдеткен шексіз қуаныш пен еңсені езген ауыртпалық пен қиыншылық жұртқа қатар келді. Біз ол кезде жанұямызбен Саяқ кентіне көшіп келген едік. Әу баста ел қатарлы күнелтіп жүрген едік, жұмыссыздық пен тапшылық қос бүйірден қысқанын бала болсақ та сезініп үлгердік. Әкем Жетісу жеріне, Қаратал өзені бойындағы күріш егетін кәрістерге жалдануға кетті де, үйде шешем, мен және екі қарындасым мен бауырым қалды.
Жетінші сыныпқа тоқсанның бесінші жылы бардым. Бұл кезде дүкен сөрелерінде сықап тұратын азық-түлік тауарлары көзден бұл-бұл ұшқан кез еді. Тіпті, бұрын ешкім менсіне қоймайтын консервілерді жұрт жапа-тармағай талап алып жатқанда балалық түйсігім елде бір жағымсыз өзгеріс болғанын сезген. Көп ұзамай отбасымыз ашыққан кезде сиықсыз тірліктің мәнісін тез түсіндік. Жұрттың ала сөмке арқалап, тойғанынан гөрі аш жүрген кезі. Үйдегі төрт баланың ішіндегі бас көтергені мен едім. Үйдегі соңғы тілім нанды төртке, тіпті кішкентай тіліктерге бөліп, іні-қарындастарыма:
– Нанды бірден жұта салмай, асықпай, шайнап жеңдер, – деп өзім тәжірибе ретінде бір түйір шақпақ қанттың көлемінен кішірек жарықтық нанды таңдайыма салып, бір кесе суды асықпай сораптаймын. Саят бауырым тамаққа шыдамсыз еді, аузына салып ұрып, бір-ақ жұта салатын. Бірер түйір нан асқазанын тойдыра қойсын ба, тағы нан сұрап, біздің нанымызға ортақтасатын. Балалардың үлкені болсам да, үй ішін асырауға дәрменсіз едім. Кішкентай кезімізден еңбекке де үйрене қойған жоқпыз. Көпқабатты үйдің жер тамға қарағанда берекесіз екенін сонда түсіндім. Балконға оншақты түйір пияздан өзге не өсіруге болады? Көктемде, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында тауға барып, жуа теріп келуді жиілеттік. Бірақ жуа қайбір ас болсын, қарын ашқан соң ащысына қарамай күтірлете шайнап, талғажау ететінбіз. Қарнымыз ашқан соң үнемі тамақты ойлаумен боламыз. Шешем байғұстың күнделікті жұмысы – біреуден барып бір табақ ұн сұрау. Әкем сол кеткеннен мол кетті. Сегіз ай бойы қалай өмір сүргенімізді білмейміз, әйтеуір жансауағалап аман қалыппыз. Анам қолындағы алтын сақинасын, үйдегі тәуір заттың бәрін сатып жіберіпті. Алғашқы айларда осылай күн кештік. Кейін жағдайымыз нашарлай түсті. Раушан шешем елден сұрап әкелген бір табақ ұнын бір-екі бөлке нан, қалғанынан кеспе көже жасайды. Майсыз, етсіз, картопсыз құр кеспе көже қайбір дәмді болсын, тамақты қырса да, таласып ішіп алатынбыз.
Бұл кезде Қытайға темір-терсек өткізу қарқын алды. Кәсіпкерлер болмашы тиын-тебенге темір, мыс, алюминий, латун секілді металдарды қабылдай бастады. Мен күнделікті нан алу үшін өзім құралпы балалармен бірге металл жинай бастадым. Осы темір шіркінді іздеп қайда бармадық: қалашықтың ана бұрышынан мына бұрышына дейін жаяу шарлап, қоқыс атаулыны қопарып біттік. Қолға ілінер темір табылмаған соң жерасты кабелі мен тоналып кеткен трансформаторларды қиратып, сымдарды сыпырып алып кеттік. Сол кезде бір келі темірдің бағасы - 3 теңге, алюминий - 6 теңге, ал мыс 20-25 теңге болыпты-ау! Күні бойы күн астында жүріп жүзіміз тотығып, ерініміз кеберсіп жинаған мөшек-мөшек металымыз небәрі жүз теңгеден әрең асатын. Қолымызға ақша тигенде қуанғанымыз сонша, үйге бір-екі бөлке нан алып, сол кезде жаңадан шығып жатқан «Юппи», «Инвайт» секілді тәтті сусын жасайтын ұнтақтарды су қоспай-ақ жалап, құшырлана соратынбыз. Кәмпит жегендей болмашы тәттіге марқайып қалатынбыз. Кейіннен қалашықтың сыртын тауысып, ел үдере көшіп, қаңырап бос қалған көпқабатты үйлердің жертөлесіндегі трубаларды, үлкен су крандарын газ кілтімен бұрып, нәпақа табушы едік. Бірде жарты қап бір қаптай мыс жинаған едім, кейін мен үйде жоқта әкем келіп Балқаш қаласына апарып, өткізіп жіберіпті. Жолына пұл болсын дегені шығар. Сол кезде жарты ай жинаған қазынамды алып кеткеніне өкіндім, бірақ бұл мені маңдай термен тапқан ақшаның қадірін білуге үйретті.
Бұл кезде «видик» деген жаңа шығып, шетелдік фильмдер көрсетіле бастаған кез. Атамекеніне Монғолиядадан көшіп келген қандастырымыздың үйіне барып, кинотеатрға келгендей балалар бәрі қатарынан тізіліп кино көретінбіз. Сол кезде бір жарым сағат жүретін кино көру үшін әрқайсымыз екі бос шөлмек әкеп беретінбіз. Кино көріп шыққан соң өзімізді батыр сезініп, Жан Клод Ван Дам, Брюс Ли, Тампо деп өзімізге ат қойып алатынбыз. Бір қызығы, күнде айтып жүрген соң бізді шетелдік актерлердің есімімен атайтын болды. Қарнымыз қатты ашқанда жер үйлерде тұратын адамдардың бақшасына тас лақтырып, жерге құлаған алма, алмұртты теңге ілген салт аттыдай ала сала құстай ұшатынбыз. Көбіне лақтырған тасымыз үйдің шатырына тиіп, иттерді абалататын. Әрине, кейде жеміс шарбақтың сыртында шашылып жататын, бірақ ондай бақыт күндей бола бермейтін.
Бір күні жазда далада ойнап жүргенде бір үлкен жігіт жаныма келді. Менің жұпыны киіміме қарап, ойланып қалды.
- Біздің үйге жүрші, - деді көпқабатты үйдің бірінші кіреберісін нұсқап. Өзін жөнді танымаймын.
- Не үшін? - дедім маған да біреудің назар аударғанына таңырқап.
- Саған бір шалбар берейін.
Мен үндеместен соңынан ілестім. Ол жігіт маған үйінен бір қоңыр шалбар әкеліп, ықыласпен ұсынды. Тілімнің ұшымен міңгірлеп алғыс айттым да, үйге қарай құстай ұштым. Үйге келіп шалбарды кисем, маған шап-шақ екен. Ол жігіттің қысқарып қалған, ескілеу, бірақ бүтін сым бергеніне қуандым. Шынымды айтсам, қазір менде су жаңа үш-төрт кәстүм-шалбар, он шақты жеке сымым болса да, сол кездегі қоңыр шалбар артық. Өйткені, менде жөні түзу бір киім болмады. Бірақ мен бейтаныс жігіт сыйлаған шалбарды мектепке барғанда кием деп сақтап қойдым.
Көп ұзамай айт мерекесі басталды. Тамаққа жарымай жүрген біз бұл мейрамға кәдімгідей қуанып қалдық. Себебі үлкен-кішінің бәрі айтшылып, мәз-мәйрам болды. Нанға жете алмай жүргенде бауырсақ пен шелпекке тыңқия тойып, бір қарық болып қалдық. Айттың екінші күні артылып қалған тоқашты үйге тасыдық. Үшінші күні нанға қарамай, үй иелері тәтті берсе екен деп тілейтінбіз.
- Айттарыңыз құтты болсын! – деп бір топ бала әр үйдің есігін қағып, шулап қоя береміз.
- Келіңдер, балалар! – деп үй иесі бізге кәмпит-құртын ұсынады. Бірде тіпті бір үйге кіргенімізде үйдің қожайыны бір табақ жаңа піскен тәтті тоқаш бере салғаны бар. Балалар қойсын ба, қуанғаннан қос уыстап әлгі кішкене тоқаштарды қалтасына сүңгітіп жатыр. Мен де қарап қалмай, тәттіге қол создым. Мен сонда «Бұл қандай керемет мереке, шіркін, осындай мереке жиі болып тұрса ғой» деп армандайтынмын.
Анам қалашық орталығындағы мәдениет үйіне күзетші болып орналасты. Ол отбасына түскен қиын тауқыметті жайып салды ма, әлде шешемнің соңынан жұпыны киім киіп, өріп жүрген төрт баланы аяды ма, әйтеуір директордың мейірімі түсіп, жұмысқа қабылдапты. Бұл жағдай біз үшін үлкен жетістік болды. Мейлі, жалақысы болмашы ғана болған шығар, бірақ жанұямызға үлкен қуаныш әкелді. Күндіз бәріміз клубтан тегін кино көріп мәз-мәйрам болып қайтатынбыз. Осы тұста үнді сериалдары бірінен соң бірі көрсетіліп, жұрттың дегбірін алған кез.
Күзде мектепке бардым. Үстіме жағасы тозыңқырап қалған былтырғы ақ жейдем мен бұтыма бейтаныс жігіт сыйлаған қоңыр шалбар, аяғымда табаны шөккен қоңыр кросовки кидім. Осының өзін қанағат тұтып, өзімше бұл деген әжептеуір жақсы киім деп жүрдім. Жетінші сыныпты тәп-тәуір бітірген едім. Биыл оқуға аса құлықты бола қоймадым. Мұны байқаған алгебрадан беретін Жәмилә апай:
- Бұрын есепті жақсы шығарушы едің, сабақ оқымайтын болыпсың ғой, - деді кейістік білдіріп. Әлбетте, мұғалімдікі дұрыс, ол бізді оқысын, білім алсын дейді. Біздің кері кетіп бара жатқанымыз қай ұстазға ұнасын? Басқа ұлдар бұл кезде қыздарға қарап, шашын тарап, бой түзей бастаған. Ұлдардың көбі жастық желік бұзса, маған не жорық? Менің түрім анау айтқандай сиықсыз болмағанымен, бойымның аласалығы, киімімнің жұтаңдығы бөгде ойға жібермейтін. Кейбір қыздарды іштей ұнатып тұрсам да, жақын барып сөйлесіп, достасуға кежегем кері тартып тұтатын. Өйткені, үстімдегі киім, «мен олармен тең емеспін» деген ойға жетелейтін. Өзімнен өзім тартыншақтап, бұйығы болып өстім. Тіпті, ұялғанымнан басымды төмен салбыратып жүретін болдым. Кейін бұл әдетке айналып, мойным қисық бітті. Қысқасы, менің ішімде бір алапат төңкеріліс болды. Костюм-шалбар киіп, галстук тағып жүрген балаларды көргенде қатты қызығатынмын, олар сондай сымбатты көрінеді. Бірақ мен сабақ оқуға аса құлықты болмағанымен, кітапханадан үйге бір бума кітап алып, үйде жатып оқуды шығардым. Әсіресе, әдеби кітаптарға қатты қызықтым.
Таңертең бір тілім нанды сумен жұта салып, мектепте алты-жеті сағат отыру кімге ұнайды? Сабақта үнемі қарным ашып отыратын. Тіпті, іш-қарыным шұрылдап, «әндете» бастағанда кәдімгідей қысылатынмын. Сондайда: «дачада тұратын орыстардың бақшасына тас лақтырып, жерге түскен алмаларды күтірлетіп жесе ғой» деп армандай бастайтынмын. Аштық не істетпейді: көшеде шашылып қалған алмалар, болмаса қауын-қарбыз тауып алсақ, соны еш қымсынбай жей беретінбіз. Бесінші сабақтан соң жанымда отыратын, өзі староста Мөлдірге:
- Мөлдір, менің қарным ашып кетті. Сабақтан қашамын, - дедім турасын айтып. Мөлдірдің де қарны ашып кетті ме, қызба мінезбен:
- Сабақтан қашсаң, тәтейге айтамын, - деп қорқытып қойған болды. Амал жоқ, сабақтың соңына дейін шыдауға тура келді.
Көп ұзамай қыс келді. Бұл мезгіл біздің отбасымызға өте жайсыз тиді. Бұрын аштық қыспаққа алса, енді бүрсектеп жаурай бастадық. Қырсық шалғанда электр тоғына төлейтін ақша болмай, жарықты қиып кетті. Көрші жас жігіт электрик екен, бізге жаны ашып жарықты қайта қосып берді. Үй де жылудан ажыратылған болатын, енді электр плитаны қосып жылытатын болдық. Бәрінен бұрын киім мәселесі қиын болды. Аяқ киімім болмаған соң мектепке бара алмадым. Клубты анам екеуіміз күзетіп жүр едік, енді анамның жалғыз баруына тура келді. Бір жағынан шешемді жалғыз жібергім келмеді. Анам шағын қойманы қопарыстап жүріп өзінің қысқарып қалған көк етігін тауып алды да:
- Мә, мынаны киіп көрші! – деп алдыма қоя салды.
- Мама, мынау сенің етігін ғой, мен мынаны қалай киемін, - дедім таңырқап. – Бұл... мұнымен көшеде қалай жүрем?
- Ештеңе етпейді. Етік алғанша осыны кешке кие тұр, - деді мені жұбатқандай болып. Шынымды айтсам, шешемнің етігін киюге ыңғайсыздандым. Егер көшеде танитын балалар көріп қойса, масқара болмаймын ба? Сосын мені бүкіл мектепке мазақ қылып, әжуалауды қоймас еді. Бірақ менде басқа амал жоқ еді. Қырсығып, қиқарлыққа салатын еш жоқ. Өйткені мен есейіп қалғам.
Бетімді шарфпен бүркемелеп алсам мені ешкім танымай қалады деп ойладым. Етікті аяғыма киім көріп едім, тұп-тура болып шықты. Әрі жып-жылы екен. Әттең, әйел адамның етігі... Әйтпесе, ертең-ақ мектепке киіп барып, «міне, көрдің дер ме? Менде мынандай бар» деп мақтансам да жараспай ма? Амалсыз шешемнің етігін киюге тура келді. Бала күнімізде үлкендердің аяқ киімін киіп, тезірек өсуді армандаушы едік. Қазір сол арманның ұсқынсыздығына көзім жетті. Иә, ғимараттың іші үлкен еді, соның бәрін жалғыз тексеру, күзету анама оңай соқпасы анық. Мен жанында болсам, қараңғылықтан да қорықпайды. Анам қарындасым Әселге екі кішкентайды қарауды, алаңсыз ұйықтауды тапсырды. Бауырым Саят пен Сания «біз де барайықшы» деп жалынғанмен, «таңертең қайтып келеміз, келген соң тәтті тоқаш пісіріп береміз» деген соң амалсыз бізді шығарып салды.
Далада болмашы аяз бар. Анам екеуіміз көз байланар шақта клубқа беттедік. Мен аяғымдағы көк етік не деген жылы еді деп мақтап, аяғыма қарап, сүйсініп қоям. Күн батуға айналған. Аспан қорғасындай түнеріп тұр. Көпқабатты үй мен Мәдениет үйінің ортасы қашық емес, бес жүз метрден астам ғана. Тура ғимараттың жанына келгенде алдымыздан бір топ таныс қыздардың шыға келмесі бар ма! Қыздар менің аяғымдағы көк етікке, сосын бір-біріне қарап, сықылықтап күліп жіберді. Бетім ду ете қалды. Өмірімде бұлай ұялып көрмеген едім. Не істерімді білмей, мойнымды ғимараттың қабырғасына қарай бұрып әкеттім. Сіздің сегіз оқитын оқушының қыздың етігін кигенін көргеніңіз бар ма? Қазіргі жоғарғы сынып оқушылары тұрмақ, төменгі сынып оқушылары кие қояр ма екен?
Мен, әрине, жоқшылықтан кидім. Анамның аяқ киімін кимесіме болмады. «Жұмақ ананың аяғының асында» дегенді естуші едім, жылылық пен жайлылық ананың етігінде де болды екен-ау!
Мәдениет үйіне келгенде етік оқиғасы қайта-қайта есімді алып, ұнжырғам түсіп кетті. Ағымдағы көк етікке қараймын да, кедейшіліктен құтылудың жолын ойлай бастаймын. Кімнің жақсы киініп, жарқырып жүргісі келмейді дейсің? Түнімен директордың кіреберіс бөлмесіндегі әдемі диванда жатсам да дұрыс ұйықтай алмадым. Көз алдыма таңертең балалар аяғымдағы етікті көріп, қарқылдап, күліп тұрғаны келді. Бірақ мен неге кедейшіліктен, басқа түскен жағдайдан жерінуім керек? Егер шешемнің етігі болмағанда аяғым үсіп қалмас па еді. Кросвкимен қар кешіп, жазылмас ауруға шалдықсам, асқақ армандарымның бәрі көзден бұл-бұл ұшпай ма? Ендеше, тартынатын, намыстанатын не бар?
Таң атқанда анам кезекшілік міндетін тапсырған соң үйге қайттық. Бірақ бұл жолы мен еш қысылған жоқпын. Бәлкім, маған біреулер мүсіркей қараған болар, бірақ олардың жанашырлық сезіммен қараған көзқарастары еш қызықтырмайды. Тіпті, шешемнің етігін кигенімді еш әбестік санамаймын. Ананың аяқ киімін киюден асқан қандай бақыт бар? Бұл өмірде анасыз жүрген балар қаншама? Олардың жанында мен шынында бақытты жан емеспін бе? Талай жетімдер аналарын бір көруге зар болып жүрген жоқ па? Осындай ойлардан соң жанымнан өтіп бара жатқан адамдардың пікірі мен көзқарасын елемедім. Осылайша бірнеше күн бойы анамның етігін киіп жүрдім.
Бірде қойманы қопарын жүріп, әкемнің карьерде істенгенде киген қонышы қысқа керзі етігін тауып алғанымда қуанғанымды көрсеңіз ғой. Құдды су жаңа етік сатып алғандай марқайдым. Ертеңінде керзі етікті мектепке киіп бардым. Анықтап қарамаса, шалбардың балағынан аса көрінбейді екен. Алғашқыда өзімді ыңғайсыз сезінгеніммен, уақыт өте келе бұл жағдайға менің де, оқушылардың да көздері үйреніп кетті. Қыздар көк етік туралы әңгімені ұмытып кетті ме, әйтеуір мені ешкім шешеңнің етігін кидің деп мазақтаған жоқ.
Әлі күнге дейін есімен анамның етігі кетпейді. Қазір қос-қос етігім бар болса да, сол кездегі жылылық пен жайлылық, анамның махаббатын сыйлаған көк етіктің орны бөлек екен. Көк етік көз алдыма келген сайын алғаусыз балалық пен жоқшылықтың ғибраты қол бұлғайды. Өмірімде орын алған осы жағдай барды бағалай білуге, әр нәрсенің қадірін білуге үйретті. Көк етіктің қасиеті де осында болса керек.
