Ақын Еламан Қабділәшімнің «Болмысымның бояуы» жыр жинағы туралы
Еламанның өзінен бұрын өлеңімен таныстым. Былтыр Қорғаныс министрлігі жариялаған ақындар мүшәйрасында «Үрейді жеңген ер» атты туындысымен жеңімпаз атанған. Кейін Баянауыл сапарында өзімен жүздестім. Бір күн бірге жүріп, тарихи өлкенің шежіресінен сыр шертті. Сөзінің де, өзінің де табиғилығы болмысынан көрініп тұратын жігіт екен. Енді сол Еламанның «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жарық көрген «Болмысымның бояуы» атты жыр жинағы туралы пікір білдіруді жөн көрдім.
Еламан – өлеңмен өмір сүретін ақын. Ақын болғанда да, көркем сөзді кестелеп төгетін шебер. Жас та болса, өз қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер.
«Іздедім, өлең, сені,
Ұлғайғанда жанымның шемен, шері». Біздің әлгі пікірімізге дәлел – осы. Бұл жолдардан қара өлеңнің ақын үшін талайлы тағдыр, жанға медеу жұбаныш, тіпті өмірінің мәніне айналғанын аңғаруға болады.
«Дегендей маған: «Жарқылда!»
Тәңірім жасын-от берген.
Өмірге сәби қалпымда,
Бір шумақ Өлең боп келгем», – деп әлемге бар дауысымен жар салады. «Тәңірім жасын-от берген» деуіне қарағанда ақын өзіне сенімді. Байқадыңыз ба, құлашын Мағжанша сілтейді! Сөзінде от бар. Ол от күйдіріп-жандыратын от емес, селт еткізіп оятатын от. Осындай сенім мен ішкі қуат бар жерде парасатты поэзия мінберге шығады, ал ақын өз дәуірімен тайталасуға дайын тұлғаға айналады.
Сонымен бірге бұл метафора автордың ішкі жан дүниесіндегі энергия мен жарқылдың күшін әсерлі жеткізеді. Еламан да Мағжан ақын секілді рухани қуат пен шығармашылық шабытты Тәңірдің сыйындай қабылдайды.
Жалпы, Еламан ақын өмірде де, өлеңде де ізденіс үстінде жүргендей. Біз тілге тиек етіп отырған «Қасым ескерткішінің саясында. Өлең жайлы ойлар» өлеңінен жоқ іздеген Еламанды көреміз. «Мен өмірге келген кезде шыр етіп, Бұл өмірден кетті Оралхан – Кербұғы», «Алматыға алып-ұшып жетіп ем, Кетіп қапты Қадыр менен Тұманбай!», «Қара көзден ғайып болды Шер-ағам – «Қара сөздің майданына» енген күн» деген тіркестерінен ақынның өмірдің мәнін, өз болмысын және тағдырын аласұра іздегенін аңғарғандай боламыз. Мұны экзистенциализм деуге де болатын шығар. Ақын шығармашылығында бұл көбіне өмірдің өткіншілігі, адамның ішкі мұңы, уақыт алдындағы жауапкершілігі мен рухани ізденісі арқылы көрініп отырады. Мысалы, Еламанның:
«Баянсыз тіршіліктен баян іздеу –
жалғанда Өлең дейді мұның атын», – деген жолдары осының нақты көрінісі іспетті. Мұнда ақын өмірдің тұрақсыз, кейде мәнсіз, «баянсыз» екенін сезіне отырып, тағы да сол тіршіліктен рухани мән, «баян» іздеу арқылы экзистенциалдық ізденіске барады.
Өлеңнің тілі бай, артық әшекейсіз, шынайылық тән. Негізі, Еламан ақындықты романтизацияламайды. Оның ішкі монологы мен рухани «майданы» табиғи. Өлеңді тағдырлық миссия деп түсінеді. Сол себепті терең философиялық лирикамен өрілген бұл шығарманы автордың ақындық манифесі деуге болады.
Еламанның жаңа жыр жинағына бірқатар сүйекті дүниелер енген. Әуелден өлеңді келте қайырмайтын ақын шығармаларында балладаның жүгін көтеріп тұрған шығармалар да аз емес. «Ақселеу Сейдімбекті ажал шалғысынан қағып отырған құдіретті күш туралы жыр», «Серік Ақсұңқарұлымен кітап дүкеніне баруым туралы баллада», «Автовокзал. Қаныш ескерткіші. Қазылмаған қазына туралы жыр» секілді өлеңдерінің өркеші биік.
Еламанның «Қасым үйінде» ой кешу... Ішіме үңілу» өлеңіне біз де үңіліп көрейікші.
Еріп кеткен қаншаның қарша өмірі,
Сетінеген талайдың бар сенімі.
Тастамайтын,
сатпайтын,
жоғалмайтын –
Немене екен адамның жан серігі?!
Көкейіме кептелді сұрақ талай,
Өз ойымнан қонамын жырақ қалай?
Сақтай алды әдеп пен жан ибасын
ұятының шегінен кім аттамай?
Ауады да тұрады өткенге есім,
Естеліктер, жалғанда жоқ теңдесің.
Осы қазір тулаған іштегі сөз
уақытында айтылмай,
текке өлмесін.
Жүрген жол, түскен ізін кім аңдамақ?
Көз емес, көңіл алды тұманданад...
Өзімді өзім жақыннан тани алмай,
Өз-өзіме алыстан тұрам қарап, – деп басталатын бұл ұзақ өлең – автордың шығармашылық шындығы. Өлеңде автор өз болмысымен, ішкі әлемімен бетпе-бет келіп отырады. Әйтпесе, «Өзімді өзім жақыннан тани алмай, Өз-өзіме алыстан тұрам қарап» деп күрсінбес еді.
Ақын ішкі әлемін түс, жарық, сенім, сезім сияқты символдар арқылы да көркемдеген. «Үмітімді қандай түспен бояймын, Сенімімді айқындайды қандай түс?» немесе «Өкініштің түсі қандай болады? Қандай түске жасырынған сатқындық?» деген жолдары – сезімнің визуалды, эмоционалды бейнесін іздеу арқылы оқырманға терең әсер қалдырады.
Ол өлеңдегі үйлесімді сөз иірімдерінде қарапайымдылық пен тереңдікті қатар беріп отырады. Оған мысал: «...сырттан келіп құйылған нұрдың бәрі, сырттан келіп жиылған кірдің бәрі», – деген мына бір егіз жолдар. Бұл жерде Еламан сөзді композициялық түрде иіріп әкеп, қарапайым тіркестерге терең философиялық мән беріп отыр. Бұл – Еламанға тән стиль. Ақындық шеберлік.
Ұлы ұстазымыз Зейнолла Қабдолов: «Өнердегі шын шеберлікке апарар жол – еңбек, дилетанттыққа – халтура. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуге тиіс. Ал шеберлік шексіз» дейді.
«Кір жайласа – шуағың, жарығың не,
кеуде-баққа қояды ол гүл өсірмей.
Майданды адам кешкен жоқ әлі мүлде,
Нұр мен кірдің іштегі күресіндей».
Мұндағы «нұр» мен «кір» – адамның ішкі әлеміндегі мәңгілік текетірес. Адам болмысына әсер ететін игілік те, іріткі де көбіне сырттан келеді. Бірақ соларды сүзгіден өткізіп, кеуде-бақта гүл етіп өсіру не қоқысқа айналдыру адамның өз еркі мен рухани тегеурініне байланысты. Еламан өлеңді осылай түйіндейді. Шеберлік пе – шеберлік!
Бұл жерде «Қасым үйінде» ой кешу... Ішіме үңілу» өлеңінде философиялық лирика мен психологиялық портрет үйлесім тапқанын баса айту керек. Ақын рухани ізденісі мен өмірлік сұрақтарын оқырманға шынайы әрі эмоционалды түрде жеткізген.
Еламанның «Ақын үйін іздеу» атты балладасын оқып отырып, лирикалық кейіпкердің осыған дейін іздегенін тапқандай әсер аласың. Алғашында Сіздің де көз алдыңызға Жәркен жыраудың мекенжайы жазылған қағазға қобалжи қарап тұрған жас ақын келетіні анық. Бірақ ол өзіне сенімді. Сол сенімін «...Тек мекенжай емес тілдей қағазда, Басылғандай болашақтың бедері» деген жолдармен бекітіп алған.
Жәркен дедім жігерімнің есімін,
Жәркен дедім Жыр-Елімнің бесігін.
Жәркен деумен...
Жәутеңдеумен көп көзге,
Таптым,
Қақтым аға үйінің есігін.
Өлеңді оқып отырып, жігерін Жәркенге жанып алған жас ақынмен бірге ұлы жыраудың шаңырағына өзіңнің де еніп кеткеніңді байқамай қалғандайсың.
Әйгілі «Сөз өнерінде» суреткер табиғатының жілігін шағып, майын ішкен академик Зейнолла Қабдолов: «...Екіншіден, бақылау. Жіті бақылағыштық. Нәзік сезім көреген, дәл бақылаумен ұштасып жатады. Көрмесе, сезім қайдан болмақ. Мұның өзі талант табиғатына тән сезімталдықтың ақиқат шындыққа, өмірдің өзіне негізделген мазмұнын танытпақ» дейді.
Еламанның да Жәркен жыраумен болған кездесуден алған әсерінен жіті бақылағыштық, талант табиғатына тән сезімталдықты байқауға болады. Сол өзі сезінген қарапайым ақиқаттың өрісін кеңейтетін шығармашылық қиял да бар. Ішкі интуициядан да кенде емес. Оның дәлелін мына жолдардан қиналмай табасыз:
«Қыран кегін мысал етіп айтқаны –
«Тегеурінді бол!» дегені.
Соны ұқтым.
Тегеурін демекші, Еламанның тегеуріні текетірескен ойларында жатыр. Қиялы – жүйрік, ойы – ұшқыр ақын:
«Ғарыш жайлы айтқан оның сөзінен,
Биік самға деген ойын ұқтым мен», – дейді. Ақынның өлеңдегі биіктікті мұрат еткен ұстанымы осынау қарапайым ғана қос жолға сыйып кеткен.
Ал мына:
«Босағадан бозбала боп аттап ем,
Жалындаған жігіт болып шықтым мен» деген жолдары арқылы ақын өзіне артылған жауапкершіліктің салмағын сезінгендей. Ол жауапкершілік – өлеңге адалдық. «Ардың ісі – әдебиетке» қалтқысыз қызмет ету. Сол жолдағы алға қойған ұлы мақсатын Еламан ақын:
«Табам іздеп ақындықтың кенішін,
Ұлы ақынның үйін іздеп тапқандай», – деген салмақты жолдармен түйіндейді. Сөздің иесі де, киесі де бар. Біздіңше, сөз киесін сезінген ақынның бұзылмас серті – осы.
Бұған дейін айтқанымыздай, Еламанның жыр жинағына енген кесек дүниелер аз емес. Олардың қатарында «Әлімхан мен Сұлтанмахмұт» микро-поэмасы, «Сайыпқыран» фрагменттік поэмасы және көлемі жағынан да, көркемдігі жағынан да оқ бойы озық тұрған «Нықтұрақ» поэмасы бар. Олай болса, ендігі сөздің баяны – «Нықтұрақ».
Поэманың көтерген жүгі ауыр. Қазіргі қазақ қоғамындағы өткір әлеуметтік мәселені тақырып етіп алған. Арғы беттен атамекенге оралып, қалталы қарынбайдың босағасында пәтер жалдап күн кешкен ақын бауыр, үйдің ауласында балаларымен окоп қазып ойнаған пәтершінің қожайыннан көрген зәбірі, мұны естіген әкесінің баласына қаланың сыртынан жер сатып алып беруі, ол жердегі кейіпкердің жаңа өмірі – мұның бәрін жүрегіңді сыздатпай оқу мүмкін емес. Әсіресе, қос ұлын қасына алып, бақ екпек болып жерді қаза бастаған сәттегі мына шумақты оқығанда көз жасыңа ерік бересің.
«Қаза бастап еді жерді әкесі,
Кенже ұлы кеп түзеткендей қате ісін:
«Әке, қазір қожайын кеп ұрсады,
қазба жерді»...
...Ғұмыр құны – сәт осы...»
Жанардан жас парлап ақты еріксіз,
Жанардан жас парлап ақты – желіксіз.
(Ұлын құшып еңіреген әкені,
Шыдай алар ма едіңіз, ал, көріп, сіз?!).
Түн ауып кеткен уақыт. Бағанадан бері ұйықтамай, мені төңіректеп жүрген сегіз жастағы ұлым кейіпкермен бірге егіліп отырған кезімде келіп қалмасы бар ма? Күтпеген көрініске таңқалған баламның: «Неге жылайсың, әке?» деген сауалына
«– Балам, бұл жер сенің жерің, меншігің,
Қадай алмас бұған бөтен ел сұғын.
Ойна, ауна, ән сал, лаула, өз еркің,
Сол ісіңді көреді, ұлым, ерсі кім?», – деп кемсеңдей жауап бердім...
Еламанның соғыс тақырыбындағы туындылары да бір төбе. Жоғарыдағы «Сайыпқыран» фрагменттік поэмасы, мүшәйрада топ жарған «Үрейді жеңген ер» балладасы, «Боздақтар», «Балдақ», «Бір қолын майданда қалдырған ер» өлеңдерінің әрқайсысының көтеріп тұрған жүгі – соғыстың ауыртпалығы мен адам рухының мықтылығын көрсету. Бір кездері өзі де бейбіт заманның сарбазы болған Еламанға бұл тақырып оң жамбасқа келген секілді.
Еламанның «Болмысымның бояуын» бас алмай оқып жатқанымызға айға жуықтады. Кейбір өлеңдерді қашанғы әдетімізбен қайталап оқимыз. Кей сөздер мен тіркестер жатталып қалды. Өлең техникасына, ұйқасқа мән бересің. Сонда бір байқағанымыз, Еламан апакопаны жиі қолданады екен. Мәселен, «Көз емес, көңіл алды тұманданад», «Жанар менен екі-үш жастай үлкен ед», «Күнде көңіл бақшасынан гүл теред...», «Өлең-ғұмырым жалғаса беред(і)» деген және бірқатар өлең жолдарындағы етістіктердің бәрінен дауысты дыбыстар түсіп қалған. Әрине, өлеңнің ұйқасы үшін ол да керек шығар. Әйтсе де, «айналасының жұп-жұмыр тегіс келгеніне» не жетсін.
Біз әдебиет сыншысы емеспіз. Бірақ жақсы дүние туралы жағымды пікір айту – қанға сіңген қасиет. Шағын мақаламызда Еламанның санаулы шығармаларына ғана тоқталдық. Ал жинақта оқырман оқитын өлең өте көп.
«Өлең – менің өмірімнің бір аты,
Сағыныштан тұратын.
Гүлге құштар, жырға ғашық жүрекке,
Үміт сыйлау – мұратым», – деп өлең өрген ақынға «Үмітің жырға орансын!» деген тілек айтамыз.
Мұхарбек Жәкейұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
