Бағытыма Баянның бақтары алаң,
Жолаушыдай жолым бар,
Жоқ қараған.
Уақыт бізді құлындай ноқталаған.
Тұсыңа кеп толқимын,
Тоқтап ағам...
томсырайып...
Тосады топ қараған.
Құлындай ноқталаған уақыттар қақтығысында өлең аламанына арғымақ аттар жалына жабысып кірген, «Жылқышының баласымын мен деген», - деп үйір-үйір сезімдерімен шаңдатқан, Есіл аққанда ескі елестердің жаңғырығын жаңғыртқан жырларды жүрегіне орап, жоқ қараған жолаушыдай мұңлы күйде жас ыршытып, жағаға келіп, жалғыздыққа бас қояды. Содан туған өлеңдер өміршең күндермен жалғасып, қара өлеңнің құдіретімен поэзия мектебіне айналып кетті.
Қазтуғаннан жеткен шайыр шерлерін шертіп, «Жұртта қалған» дүрия дәуренмен ғұмырлық пәлсапаны XXI ғасырға жеткізді.
Қараша үйдің киесі.
Қарашада тоңғандай.
Қара қазан иесі
Қара күйе...
Сормаңдай.
Домбыраның тиегі,
Пернесінде – түйсігім.
«Жұртта қалған» күй еді –
Жұртта қалған күйшінің.
...Шертіп өткен шерлерін.
Ғалым аға Жайлыбай өлеңдерін алғаш оқыған әсер әлі күнге көңіл түкпірінде маздай кетеді. Арғанаты қанатындағы Ақсуаттың, Әбіш досының ауылында біз де дүниеге келіп, сол ауылдан қанат қақтық. Ақсуаттай ауылдың аядай ғана кітапханасындағы сөренің бірінен – Ғалым Жайлыбай;дың «Ардакүрең» атты мұқабасы іңір шапағында жылқылар дүбірін бейнелеген кітапқа көзім түсті. Бірде Бұқтырмадай тау-тасты жаңғыртып аққан, бірде Жасыбайдай үнсіздікке шомған, бірде Есілдей еркелеген жырлар легі еріксіз бөлек сарынға, сазды әлемге жетелей түсті. Содан бері біраз жылдар уақыт ағысымен ілесті. Бірақ, ақын өлеңдерін оқыған сайын сол сезімге түсе кететінім өзіме аян. Оның жырларын оқып отырып, өлең қамбасындағы сұңғыла теңеулер мен ішкі жымдасуларға, көркем суреттеу мен шеберлікке таңдана қарайсың, тамсана үңілесің. Қазақ қара өлеңінің бағзы сарынын қаламұш әлеміне қондырып, жыраулардан жеткен эпикалық қуатты нәзік иірім мен парасатты ойларға жымдастырған ардакүрең ақынның шығармашылық қуаты мен-мұндалап тұрады.
Жаңаарқаның жазығында жоғалған естеліктерді көңіл көкжиегімен көз алдына әкеліп, Шайтанкөлде ән қанатына жалғанып, Тобыл жағасында түндерін толқытып, «Күршім қызына» сері күндегі сағыныштарын баяндап, Баянауылға қонақтаған бұлттан өлең сауып, «Жидебайда жазылған жырмен» Хәкім ауылына сәлем бере барады. Жыр Меккесі – Жидебай мен зәмзәмін ұсынған Қасқабұлаққа «қайран құрдас, қайран дос, Қайран Әбіш» дей құрдасын ертіп алып, бас ақынға жас ақын болып барған кездерін ебіл-дебіл күндердің көшінен іздейді. Қош, сонымен:
Бетегелі бел ассам,
Белес екен,
Атар таңнан аламын неге секем?
Жылжымайды жанарым,
Шын жылайды,
Тұнжырайды қабағым,
О, несі екен?!
Серілердің соңы едік,
Сезімі – ой, жыр,
Бүгінгінің мұны да сөзі дей жүр.
Өмірдің де болады өз өлеңі,
Көңілдің де болады кезі кейбір.
Мына күннің мінезі тасыр, өкпек,
Солқылдасаң сорлатып басып өтпек.
Соны ойласам қаламын
Жасып ептеп,
Әйтеуір, қасірет көп...
Азамат Серікұлы
