Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Байбота Қошым-Ноғай. Сөйлеп тұрған суреттер...

Байбота Қошым-Ноғай. Сөйлеп тұрған суреттер

08.05.2026

140

Байбота Қошым-Ноғай. Сөйлеп тұрған суреттер - adebiportal.kz

Байбота Қошым-Ноғай – қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі, қаламын әр жанрда еркін сілтеген көпқырлы қаламгер. Ол поэзиядан бастап, публицистика мен ғылыми-танымдық бағытқа дейін тоқтаусыз еңбек етіп, ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейткен тұлға. Бүгінгі Байбота ағаның туған күнінде ақынның өлеңдерін оқырман назарына  ұсынып отырмыз. 

*   *   *

Қаратаудағы тұлдырсыз шоқыда менiң

нем қалған, сiрә?

                       Неге ұқсас отына демiм?

Тағы аңсап келдiм.

                         Бiр туған өкпесiн айтты:

– Елге келсең де, бастық боп отырар едiң!..

Бесарық бар ғой бергiсiз қалаға мұнда,

бұл қалай,

            елге қайтуға жарамадың ба?

Отырсаң өзiң басқарып бiр мекеменi,

iстемес пе едiк мына бiз қарамағыңда?!.

…О, қайран бауыр,

                        шақырдың несiне менi,

алысқа кеткен ақынын кешiрер елi.

Мансаптың құлы болғам жоқ астанада мен,

бұйдалап алған өлең ғой несiбедегi.

Жүрекке түйген сырды елге айтамыз дағы,

айналып жүрмiн ауылды Ай тәрiздi әлi.

Жетедi туған жерiмнiң

                                әр келген сайын

көкiректегi отыма май тамызғаны!..

 

«Мен сенi сүйемiн!» немесе Һауа ана мен Адам ата дуэтi

Бiз дағы, қалқам, Һауа Ана – Адам Атаның

қайталағалы тұрмыз ғой махаббат әнiн!..

Һауа мен Адам қылды екен қай тiлдi мұрат,

бiлмеймiн оны,

                      сезiмi айтылды бiрақ!..

Махаббат мұңын ешкiм де жасыра алмастан,

одан да кейiн қанша жыл,

                                       ғасыр алмасқан?!.

Мен дағы сенiң назды үнiң ғашық еткенде,

жас төгiп көзден,

                         қауыштым қасiретпен де.

Ғашық боп саған,

                          асқар тау,

                                        көк теңiзге мұң

шақтым мен,

                   қаңтар айында көктем iздедiм!..

“Сырыңды ақтар!”– деп,

                                      қолдады киелi  үн менi,

жасқанып сосын: 

                          “МЕН СЕНI СҮЙЕМIН!”– дедiм.

Санаңда сенiң бұл сөздi Тәңiр қайталап,

үн-түнсiз қалдың,

                          бетiме таңырқай қарап!..

Жүз тiлде…

                 мейлi, мың мәрте қайталанса да,

“Сүйемiн сенi, қалқам!”– деп айта алам саған!

Бiз дағы, қалқам, Һауа Ана – Адам Атаның

қосылып мәңгi шырқаймыз махаббат әнiн!..

 

(Тарас Шевченко. «Даладағы өрт»)

Сөйлеп тұрған суреттер

(Тарас Шевченконың Ақтөбе өңірінде салған суреттеріне қарап түйген ойлар)

1.  «Даладағы өрт»

(1848. Қағаз, акварель)

Жалмаңдап жалын шарпиды байтақ даланы,

от шашып аузы, 

                         айдаһар ұшып барады. 

Көкжиек үнсіз тұншығып жатыр түтінге,

қып-қызыл өртке сүрініп көзің талады.

 

Бақа мен шаян шыққандай қашып тозақтан,

(білмеймін, сірә, құтылған кім бар о жақтан).

Көк түтін келіп сүртеді Күннің жанарын,

соқырдың күйін кешкендей бейне көзі аққан.

 

Атынан түспей,

                        сақшыдай бейне болып бір,

кентавр қазақ қырқаны көзбен шолып тұр.

Аруақтарды тебірентеді демімен,

кесенелер мен сағаналарға толып қыр.

 

Артында қалар ұрпағын ойлап әр пенде,

бүгінге емес, 

                     артады үміт ертеңге.

Қалпағын көзге түсіріп қазақ:

                                             «Қыр шөбі

өрттей боп қаулап өседі, – дейді, – өртеңде». 

 

(Тарас Шевченко. «Жалғыз ағаш»)

2. «Жалғыз ағаш»

(1848. Қағаз, акварель)

Жапанда өскен жалғыз ағаштың

аялдады ақын түбінде.

Жүрегінде оның бар-ды ыза...

                                            Жас күн

қызығын жойған бүгінде.

 

«Жалғыз ағашты әулие тұтқан

бұл қазақ қызық, шынында.

Бар мұнда қандай тәрбиелік мән,

сыймайды тіпті ұғымға.

 

Жалғыз ағашқа жай құмар,

                                          мұны

елей бермейді ел кейде.

Жалғыздың кімге айтылар мұңы,

ішқұса болып өлмей ме?

 

Жалғыз ағаштың орман емесі

бұ жұртқа мәлім бірақ та.

Әулие болса,

                    қолдап елесі,

жеткізбей ме елді мұратқа?

 

Қабақты құрсап сапарда нала,

санама мұң кеп шөгеді.

Мені де мына жапан далада

жалғыздық жеңіп келеді».

 

Арыла алмай жалғыздығынан,

шағады Тарас қырға мұң.

Сыңар аққудың салғызды бұған,

Тәңірі қинап,

                   сырлы әнін...

(Тарас Шевченко. «Қарабұтақ форты»)

3. «Қарабұтақ форты»

(1848-1850. Қағаз, акварель)

Көкірекке кілкіп мұң,

жан жарасын жалайды.

Мұнарадан мылтықтың

ұңғылары қарайды.

 

Бейқам қазақ,

                     боздаған

түйесінің үніне

құлағын сап аздаған

ой түймейді күніге.

 

Есіл-дерті қымыз боп,

күрпілдетіп сабасын,

келер фортқа ұн іздеп,

жетекке алып баласын.

 

Манаурайды қыр тіпті,

ұйқыға еніп бір қалың.

Ойламайды ел

мылтықтың

кімді көздеп тұрғанын.

 

Жыламсырап ағады

Қарабұтақ өзені.

Көзбен шолып жағаны,

Ашиды ақын өзегі...

(Тарас Шевченко. «Ырғыз қала бекінісі»)

4. «Ырғыз қала бекінісі»

(1848-1850. Қағаз, акварель)

Өзегі талмас өзен жағалап халықтың,

шұбат болмаса,

                        сорпасын ішер балықтың.

Днепрде өскен баламын,

                                       мұндай суретке

көбелек қуып жүрген кезімнен қанықпын.

 

Су жағалаған балада, сірә, бар ма мұң,

жар басында отыр лақтырып тастап қармағын.

Қасына келген ағасына айтып қояды

ол бүгін қанша аққайран ұстап алғанын.

 

Қазақы ауыл мал-жайын қамдап күйбеңмен,

көтеріледі көк түтін киіз үйлерден.

Бекініс салып бөтен жұрт отыр іргеде,

ерулік беріп, 

                   қоңсының көзі үйренген.

 

Селт еткізбейді бұл жұртты мына шетін іс,

өмірде жоқтай өзегін өртер өкініш.

Жайлаудың жасыл шұрайлы жерін тарылтып,

салынып жатыр,

                           салынып жатыр бекініс.

 

Дәстүрі қызық қонақжай жұрт пен даланың,

ырыс-құт жайлап жатқандай Ырғыз алабын.

Атақоныстан ысырып аңқау қазақты,

аумағы кеңіп барады ақшаңқан қаланың...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan