«Байрағы биік байтағым» мүшәйрасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

234

«Байрағы биік байтағым» мүшәйрасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды - adebiportal.kz

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында Астана күніне арналған «Байрағы биік байтағым» республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған әдеби байқауға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен әдебиет сүйер қауым қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Есет Байкен бұл мүшәйраның елордадағы игі әдеби дәстүрдің біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, байқаудың бастауында елорданың рухани өміріне елеулі үлес қосқан көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы тұр. Сондықтан бүгінгі ұйымдастырушылар ақынның бастамасын жалғастырып, дәстүрді үзбей өткізуді маңызды міндет санайды. Сонымен қатар ол мүшәйраны тұрақты ұйымдастыруға еңбек сіңіріп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлына алғыс білдірді.

Ерлан Каналимов өз сөзінде әдебиеттің ұлт руханиятын қалыптастырудағы маңызына тоқталып, мұндай шығармашылық бәйгелердің жас қаламгерлерге үлкен серпін беретінін айтты.

Биылғы мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен 125 ақын қатысып, өз туындыларын ұсынған. Көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай жетекшілік еткен қазылар алқасы олардың арасынан 12 үздік ақынды анықтады.

Арнайы жүлделер төмендегі ақындарға табысталды:

* Несіпбек Айтұлы атындағы арнайы жүлде – Тоқтарәлі Таңжарық;

* Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы жүлде – Айдана Қайсарбек;

* Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлде – Дәулет Жәлел;

* Қонысбай Әбіл атындағы арнайы жүлде – Мәрлен Ғилымхан;

* Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлде – Абзал Мақаш.

Үшінші орынға Ғазиз Ештанаев, Батырхан Сәрсенхан және Арайлым Мұратәлиева лайық деп танылды. Екінші орынды Әбубәкір Смайылов пен Бекжан Әшірбаев иеленсе, бірінші орын Бауыржан Қарағызұлына бұйырды.

Ал биылғы мүшәйраның Бас жүлдесін екі балладасын ұсынған Нұржан Қуантайұлы жеңіп алды.

Марапаттау рәсімінде жеңімпаз ақындар өз шығармаларын оқып, әдеби кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендерге қазақтың әсем әндері мен күйлері ұсынылып, мерекелік шара ұлттық рух пен поэзияның үндестігін айшықтады.

«Әдебиет порталы» мүшәйра жеңімпаздарын құттықтай отырып, жүлде алған ақындардың өлеңдерін оқырман назарына ұсынады.

Нұржан Қуантайұлы 

Елорда мен бозторғай

(баллада)

Сонымен, бұл оқиға Астанада

Өтіпті-ау, өнеге сөз жас балаға, 

Ертеде, 

Ширек ғасыр ілгеріде

Қосыпты биік үйді бас қалаға.

 

Қағыпты ең әуелі сваясын,

Төмпештеп төбесінен, кім аясын. 

Күрсініп темір өзек кірген кезді

Көріп пе ең, 

Көрген адам шын аясын. 

 

Құйыпты іргетасын сом бетон ғып, 

Қалдырмай қалғанына өңге теңдік, 

Әуелі шор темірін торлай тоқып, 

Қалдырмас еш мүмкіндік кер кетерлік.

 

Асықпай жұмысшылар таған үстеп, 

Арасы темір қаңқа тым алыс деп,

Тоқыпты бірнеше күн арматура, 

Артынша бес-алты күн демалыс боп.

 

Алты күн демалыстан қайтып келсе, 

Жұмысты тездетем деп айтып келсе, 

Краншы айғай салды іргені ашып, 

Бозторғай ұя сапты, байқап көрсе.

 

Тағы да тоқтай ма деп дүрлiгiп қап‚

Жігіттер бірін-бірі тұрды құптап.

– Шығарып әкеткенше балапанын 

Тимейік, – деді сосын сырды нықтап. 

 

Япыр-ау, тоғаяды көңіл неге,

Басқа емес, мейірім ғой – өмір деген, 

Шырылы шымырлатып бозторғайдың,

Тоқтады жұмыс кенет сол іргеде. 

 

Қарөткел, қайыңды өткел, қайран өткел,

Жағаңда бозторғайың сайрап өткен, 

Шырылын жарықтықтың естігенде

Қабағын шайдай ашар ойлар өктем. 

 

Арада екі жеті өткен еді, 

Қуырып қырық күн шілде жеткен еді, 

Жұмысың қаңтарылып қалды-ау деп те

Прораб айлықтарын шектемеді. 

 

Аузынан қырық күн шілде жалын шықты, 

Жолатпай жұмысшылар сар мысықты, 

Шиқылдап бес балапан тұс-тұсынан

Сар секпіл жұмыртқаны жарып шықты.

 

О‚ ғажап‚ балапанның бұлқынғаны­ай‚

Бұлқынар тіршілігім, шiркiн‚ қалай?

Анасы ентелеген жанға қарсы

Шығады шыр­шыр етiп‚ шыр­пыр қалай?.. 

 

Жақында, келші бері, келгей, ұлым, 

Ұмытпа елжіреген ел пейілін, 

Жүрегі елордамның бетон емес,

Жүрегі елордамның – мол мейірім! 

 

Елорда-ау, кеңсің ғой сен, кеуілің жаңа, 

Кең біткен, кем-кетікке пейілің дара.

Адамды мейірім ғана жылытпай ма, 

Ғаламды мейірім сақтап, мейірім ғана!..

ОТАНЫМ

немесе Кореядағы гастарбайтер жігіт туралы баллада

 

– Қайтсаңшы, балам, үш жылдан асты, қайтшы елге!.. 

– Қайтамын, апа, қашанға жүрем жат жерде. 

Пусанның* зауытын күндіз де, түнде мекендеп 

Үш жыл жүріппін кеткендей болып әскерге.

 

Үш жылым өтті, біреуге бұл шақ қас-қағым, 

Жиырма бестегі қылшылдап тұрған жастамын,

Хал-жағдай сұрап апамның айтар сөзі бар: 

Інің де аман, аман жүр қарындастарың.

 

Жүрсінші аман,  жүрмін ғой солар үшін мен,

Ойымнан күндіз,  кетпейді түнде түсімнен, 

Бүтіндеп берсем үстерін бауырларымның, 

Толықсыр апам тоқмейіл, риза пішінмен.

 

Несие алып оқиды қарындастарым,

Жабам деп соны жат елге қадам басқаным.

Үш-ақ жыл шыда, үш күн де тұрмай қайтармын, 

Сәулетін қайтем, әулетін қайтем басқаның.

 

Пусанда зауыт, бусанып қара жұмыста, 

Үзілген белі бейнебір қара құмырсқа,

Таң қылаң бере кіріскен гастарбайтерлер

Қызыл іңірде тоқтайтын бір-ақ тыныстап.

 

Тіл басқа мұнда, тіршілік басқа, заң басқа,

Болса да басқа, болмады-ау амал бармасқа, 

Құлқынның құлы болғандар кетті деп, достар, 

Сөкпеңдер бізді, теңемей тексіз қарны ашқа.

 

Контейнер іші көнтері жұмыскерлерге

Баспана болды, жасқана көнді ерлер де.

Отаным, сонда білінді-ау сенің қадірің, 

Жан едім елде жалындап тұрған, өр кеуде.

 

Конвейер бойы – жұмыскер қазақ, қырғыздар,

Вьетнамнан жеткен, Лаостан келген ұл-қыздар.         

Қақаған қыста контейнер қамсау болмайтын,

Сары теңізден сақылдап келсе сызды ызғар.

 

Жан бақсам деген, мал тапсам деген үміттер,

Жұмысқа келсең, жұмбағын, сырын біліп кел,

Бала-шағаның болашағының қамы үшін 

Қасқайып тұрып гастарбайтер болған жігіттер.

 

Видеодан көріп жүдеген жүзін шешемнің, 

Өңінен қашан, құдай-ау, қашан көшер мұң, 

Мен ұрлық қылсам, ай жарық болды дегендей,

Кеткені-ай мынау тағдырға шіркін есемнің...              

 

Жарымай жүрген батпайды-ау,

Жанға батары: 

Жан бағамын деп жан-жаққа кетті-ау қатарым, 

Сенделіп қайтсам, сен аман болшы, қарсы алар, 

Жалғанда жалғыз Отаным менің,  Отаным!

 

Апам-ау қайран, жатам-ау қайдан жат елде, 

Үш жылым мынау үш күндей болып өтер ме,

Өзгеден шайлық, өзге елден байлық тапсаң да, 

Өзіңнің дәмің таңдайдан, шіркін, кетер ме!..

 

Ұшақпен келем, ұшпаққа жетпей ұға алмау, 

Арманым шіркін – аулыма жетіп бір аунау, 

Жаныма батты қамалып тордан шыға алмау, 

Қашан жетемін, жетемін қашан, уһ, алла-ау...

 

Елімді көрсем, жерімді көрсем, шіркін-ай, 

Дариға-ай, жетсем, жете алсам, болды бір күні-ай, 

Еркелеп сонда төріңде сенің жатамын, 

О, менің бейқам, бәрінен азат Отаным!..

*Пусан – Оңтүстік Кореяның Сеулден кейінгі ірі қаласы

 

Бауыржан Қарағызұлы 

Ел

Ел деген – картадағы сызық емес,

маңдайдағы сызық;

шекарадан бұрын туған ана тілдің ішіндегі

көзге көрінбейтін ұлы мемлекет – Ел деген.

 

Астанасы – жүрек, 

Заңы – ұят,

Туы – таңдайға дәмі тұнған

бір уыс көк сөз желбіреген Ар.

 

Ел деген –

ешкім жоқ жерде

Ар алдында тік тұру;

намысты ұлықтау, 

нанды бөліскен қолдың

қылыш ұстаған қолдан

биігірек екенін ұмытпау.

 

Ел деген –

жердің үстіндегі иелік емес,

жердің астындағы

ата сүйегінің

аруақ тілінде үнсіз серт беруі,

көгеріп көктеуі, 

көкіректе мөлт еткен

Астана болып

халықтың кірпігіне қонған

жалғыз жарық.

 

Астана –

ақ тастан қаланған салтанат емес,

халықтың ішіне жиналған

жарықтың сабыры;

жетім дұғаның да,

жеңімпаз тудың да

бір аспан астында тоғысуы.

 

Елтаңба –

қабырғаға ілінген дөңгелек белгі емес,

шаңырақ болып

шашылған тағдырды жинаған

көк шеңбердегі көнекөз дұға.

 

Ақорда –

биіктің үйі емес,

биліктің үйі емес,

Алаштың ақ сүйегінен тұрғызылған

шексіз жауапкершілік.

 

Ел деген – ұлықты ұл, 

қылықты қыз;

бір бесіктің тербелісінен

бір ғасырдың тағдыры қозғалып,

бір ананың әлдиінен

мың боздақтың рухы оянады.

 

Мен осы Елдің

бір әрпіне айналсам деймін –

дауысым жетпеген жерге

ұятым жетсе екен...

Шіркін, тілің тірі болса –

шекараң үнсіз сөйлеп тұрады;

рухың бостан болса –

картаңды өшірмек болған қолдың өзі

өз көлеңкесінен сескенер.

 

Менің Көк Туым –

желге байланған мата емес,

бабамның аспанға жазып кеткен

көгілдір күнтекті аманаты;

күн түбінде – қанымның жарығы,

қыран қанатында –

ноқтаға көнбеген

қазақ рухының

үнсіз шымырлап ұшып бара жатқан

мәңгілік батасы;

сол бата

менің маңдайыма ғана емес,

болашақтың маңдайына

Ел болып жазылсын.

 

Көрінбейтін дос

 

Көп адам – өзі емес: өзгерілген;

түк шықпас қиянатқа төзгеніңнен…

Шөлдеген мейірімге жүрегіңе

уытты сөз тамса егер көздерімнен,

сен мені кешір, кешір, замандасым:

оңай деп ойлайсың ба маған да осы?..

Маған дос – адам емес: ауа – досым;

аң мен құс, өсімдіктер, ғалам – досым.

Топырақ – менің әкем, Ай – жанары;

мен-дағы топыраққа айналамын.

Анашым – аппақ шашты ақжусаным;

ол-дағы топыраққа айналады.

Топырақ шөп тілінде сөйлегенде,

ұялам... қатты ұялам кейде мен де...

Гүл болып өлең оқып тұрған кезде,

жас өмір сүйгені үшін жұлған кезде –

көрдім мен гүл анадай қуанғанын,

көрдім де – тоқтай алмай жылап алдым...

Көз жасым Күнге айналды бір-ақ сәтте:

Құдайдан гүл тағдырын сұрап алдым.

Түсінсең – содан бері ауа досым.

Білемін: көңілімнің ауа алмасын

ауадан… Ауа, бәлкім, Құдай шығар?

Сұрасам «сен кімсің?» деп – жылай салар…

Сондықтан сұрамаймын…

Әбубәкір Смайылов

Түнгі Астана. Бассыз салт атты

«Мы привыкли жить в мире, где мы либо есть, либо нас нет. 

Но ведь возможно и то и другое»

  (Роберт Турман)

 

  «Қапа шығар қазаққа дедім іштей,

Қарындасы секілді хан Кененің»

(Есенғали)

Не қалды десек те біз көрмегендей,

Шарлап шаһар таппадым тең келердей.

«Қарындасы секілді хан Кененің»,

Сол қаланы сүйемін мен де өлердей!

 

Көңіліңді тұратын гүлге бөлеп,

Түстіктегі шәрлердің түндері ерек.

Мәжнүн талы талықсып құлағыңа

Сыбырлайтын сияқты бірдеңе деп.

 

Бірақ, нем бар басқаның қаласында,

Бес бересім, жоқ алты аласым да. 

Өзге тұрмақ өзі де түсінбейтін,

Алқам-салқам қазақтың Жаны осында!

 

Түнгі Астана бір жұмбақ мен білетін.

Тапқандаймын айтудың енді ретін.

Бұйығы Есіл, бүк түскен Қараөткел де

Бүгіп жатыр тарихтың шерлі бетін.

 

Тылсым күштер әдетте түнде өреді,

Емес бірақ бұл әсте жын-пері елі. 

Қараңғылық басқанда айналаны,

Олар-дағы оянып үлгереді.

 

Ескерткіш боп тұрғанмен Кенесары,

Есіл бойын кезіп жүр елесі әлі.

Түсіп келе жатады түн ішінде

Тұғырынан (басы жоқ!) дене жағы.

 

Көк шалғынның орнына тас төсеген,

Көк аспанмен таласқан асқақ, әсем-

Астананы жаңғыртып ат тұяғы

Батыр жүйткіп барады Бас көшемен

 

Шашыраған қазақтың басын құрап,

Шейіт болған жолында асыл мұрат,

Батыр жаны жай таппай өлген соң да

Кең даланы кезіп жүр Басын сұрап!

 

Шолпан жұлдыз туғанда Ай таранып

Тұрады осы көрініс қайталанып.

Таң сыз бере қажыған әлсіз дене

Тұғырына қонады қайта барып.

 

Арылып қалың тұман – ойдан енді

Таң да атты. 

Қоңыр тірлік, қой мәнерлі.

Қалай деуге болады, таң қаласың

Ханға басын іздетіп қойған елді?!

 

Батырхан Сәрсенхан

  1. Күмбез қала

Кезеңдер қойнауына жаңа бардым,

қат-қабат тағдырындай қала адамның.

Астана —

болашағы

бұрынғының,

көненің,

кербез уақыт,

бабалардың!

 

Келемін күмілжулі, қалықтаулы,

қарсы алып ұлы сәске, жарық таңды.

Әрбір жота астында бір-бір баба,

Бір-бір баба жатқандай қорып маңды!

 

Жолаушы,

асыққандар

шуламаңдар,

Мен балаң жад тарихын жырға малған. 

Бұл жерде шоғыр-шоғыр елес көшкен,

Бұл жерде алуан-алуан сыр қаланған!

 

Шығысым, дұғагөйім, жол көшінде,

Батысым, шақырған кіл шендесуге.

Қаз тұрған

дүр Астана,

жыр Астана,

Күмбездей Сарыарқаның кеудесінде!

 

Білсемші кеше қандай, бұрын қандай,

тұсына уақыт сұсы бұрылғандай.

Бұтада әлсін-әлсін шырыл бардай,

Еңісте естілмеген бір үн бардай!

 

Кезеңдер… тұман жапқан, бұлт орнаған,

Тұншықты лағыл бұлақ, бұрқан далам.

Сен айт енді, шаттықты айта алмаған,

Сен орында, әуенді шырқалмаған!

2. Қала кеші

Қала кеші мұнартар толған айлы, 

тек сүйеді толған ай, талғамайды. 

әрідегі күндермен иықтасып, 

жұлдызқанат дегбірім жол қарайды. 

Өтті күндер жел ескен, жарық сөнген, 

өң бермеген, өкінген, желік көмген. 

жылынбаған, жүгірген, жүгері үзген, 

сыбырласқан сиқырлы әріптермен. 

Жарым түнде жадымда ақтарғаны, 

ақтарған сыр ұзаққа жатталғаны. 

жарым түнгі жадымда жолдың бойы, 

қалқатайдың күміс көз, мақпал жаны. 

Ертегідей көшелер есінесер, 

қартаң мысық қабағын кесіп өтер. 

«Өмір – жалған!» десе ғой, шығып біреу, 

«Күлімдеңдер!» десе ғой, несі кетер? 

Тура жори алмаған түстерімді, 

қайталау да бекерлік іс көрінді. 

Тоғай шөбі үстінде қалықтаймын, 

толған айға мінгізіп үстелімді…

 

3. Қарағаш

 

Қаланың ағашы,

қартайған ағашы,

кел, бірге, сөйлейік қадым жыл жайында,

 

мың да бір тоғыз жүз қырықтың бесінде,

жүрген бе осында сантүрлі есімдер?

 

тасырлап тұяғы, тер көміп кеудесін,

түзетіп даңқымен тарихтың емлесін,

 

кезген бе арғымақ арқаның қырында,

мехнаты кірмеген кітап пен ғылымға.

 

бейтаныс ғашықтар, шадыман, мұратты,

керуендер інжулі, батырлар бір оқты,

 

өтті ме жаныңнан оқылып дұғасы,

замана сұсына атылып дұғасы.

 

Қаланың ағашы,

көнекөз ағашы,

екі мың жиырма үшінші жылында,

кездестік мамырдың оңашалығында.

 

жүрді де толғанып шындық пен ар жайлы,

егер де болашақ сұраса мен жайлы.

 

қараймын тұлғаңды, біле алмай затыңды,

сендегі үнсіздік бәрінен ақылды!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan