Ақыл мен жан мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі»
Абай
Психология – жаныңның тұңғиығына жетелейтін терең ойдың ілімі. Қай заманда да өзектілігін жоғалтпаған жанның дертін емдеп, дауасын іздейтін, зейінді зерделейтін үлкен ғылым саласы. Кейбір жерде «жанның сөзі» деп те айтады. Түп-төркініне көз салсақ, бұл әуелден грек тілінен шыққан ежелгі сөздердің бірі екен. Ана тілімізге аударғанда «психо» – жан, «логос» – сөз деп топшылайды ғалымдар. Тура аудармасы «жан сөзі» болып тұр. Қазіргі күні қолданыста «жан тақырыпты пән», «жан туралы ғылым» деп те айтылып жүр. Жүсіпбек Аймауытұлының «Психологиясын» ойымдағы сан түрлі сауалдардың қызығушылығынан қолыма алғаным бар. Бүгінгі оқырман арасында психология дегенде, бірден ойға шетелдік жазушылар, осы саланы зерттеген әлемдік әйгілі авторлар келетіні рас. Менің де ойыма бестселлер атанған кітаптары бар шетелдік жазушы, авторлар орала берді. Алайда қазақ даласында да психология ғылымын әуелден зерттеген философ, ағартушы ғалымдар көп болған. Бізге мәлім психологияның негізі қазақ топырағында дүниеге келген ғұлама-ойшылдар әл-Фараби, Жүсіп Баласағұнидың психологиялық мұраларында, төңкеріске дейінгі кезеңдегі қазақ ағартушылары Абай, Шоқан, Ыбырай, Шәкәрім сынды ұлы жазушылардың психологиялық ілімдерінде, жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі Мағжан Жұмабайұлы еңбектерінде қаланған. Алаштың Аймауытұлындай баласы психологияны қазақи дүниетанымға негіздеп тұтас бір кітап етіп жарыққа шығарған алғашқылардың бірі еді. Жазушы өзі өмір сүрген XIX-XX ғасырларда бұл саланы тереңірек зерттеп, ұлттық болмысымызбен ұштастыра отырып, халыққа ұсынған.
Бүгінгінің бәрі әуес болған психология жайында әлемдік коучтардың туындыларынан емес, қазақтан шыққан педагог-психолог Жүсіпбек Аймауытұлының кітабынан тереңірек оқу әр қазақ үшін міндет деп білеміз. Сол кездері ел астанасы Қызылордадан 1926 жылы басылып шыққан «Психология» кітабы ұзақ уақыттан соң, «Marfu press» баспасынан жаңартылып, қайта жарық көрді. Баспадан шыққан бұл кітапты менде қолыма бірінші рет алдым. Кітаптың бетін ашпастан бұрын мұқабасындағы «Қазақы дүниетанымдағы психология» деген сөздер көзіме оттай басылды. Жап-жаңа кітаптың иісін құшырлана иіскеп ап, асықпай парақтай бердім.
Менің түсінігімде психология жайлы шығармалар жанталаспен, атүсті оқитын туындылардан емес. Оларды оқи отырып саралап, қорыта алу үшін тереңінен ойлап, кідіріп, қайта оқып, санада зерделеп барып ұғыну аса маңызды сияқты. Психологияға жүгінуді – өз жаныңның түбіне үңілу деп білем. Өз ішіңдегі саңылау болып тұрған кей сұрақтарға жауабыңды іздеу. Таба білу. Салыстыру. Жаныңның үніне құлақ асу. Осының бәрі мен үшін психологиямен қабыса байланысқан нәзік дүниелер. Сондай толқынысты сезіммен кітапты қолыма алдым. Алғы сөзді академик, ғалым Дихан Қамзабекұлы жазған екен. Ғалым: «Бұл кітапты біз, психология және педагогика ғылымдарының докторы, профессор марқұм Құбығұл Жарықбаев екеуміз бірігіп жазып шыққанбыз» депті сөз басында. Ал көзі тірісінде туындыны зерттеп, оған баға берген Құбығұл Жарықбаев: «Бұл кітап қазақ әдебиетінің XX ғасырдағы ірі өкілі Ж.Аймауытұлының елеулі бір қырын – ғалымдық-ағартушылығын көрсетеді. Бұл еңбегі – сол замандағы ғылыми-танымдық кітап болып тұр. Аймауытұлының «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау» атты еңбектері төл тілімізде алғаш туындаған дүниелер болуымен қатар, бұлар – бүкіл кеңестік түркі тектес халықтар тілдерінде бірден-бір жарық көрген басылымдар»,- деп ерекше атап өткен екен.
Оқырман кітаптың алғашқы тарауларында «Жан» деген ұғым қалай туған? Психология пәніне діннің әсері, зат пен қимыл, жан мен рух сияқты кең көлемді тақырыптармен танысады. Бас-аяғы 12 тараудан тұратын жазушының бұл кітабында осы ғылымның бастауы қайдан? қалай? шыққаны жайлы тарқатылып баяндалады. Сол дәуірдің өзінде психологияны әлемдік деңгейде қандай ғалымдар зерттегені турасында, психологиядағы адамның қылығын бақылау, оны қалай зерттеу керек, жүйке және оның қызметі, рефлекстік әрекеттер, ми, көз, құлақ сияқты мүшелердің психологияға қатысы, тіпті мимика (беттің ымы) мен ымдасу, қолдың сермесі психологияда қалай көрініс тапқандығы, сондай-ақ, соңғы тарауларда жады, қиял, көз байлау, тіл, салт, ертегі, өнер деген тақырыптарды да барынша қамтып өткен. «Психология нені сөйлейді?» деген алғашқы тарауы – күрделі философиялық дүниелер жазылған оқырманын бірден тұңғиыққа тартатын бөлімдердің бірі. Жан деген ауқымы кең дүниені зерттейтін психологияның түп-төркінін оқырманға дұрыс ашу үшін жазушы әу баста әлем ғалымдары мен психологтарының не дегені, бұл саланы қалай зерттегені жайлы тоқталып, кезеңдерге бөліп, философиялық тұрғыда түрлі терминдермен толықтырған. Айталық, бұл тарауда автор алғашқы психологияны белгілі жүйемен жазған грек ғалымы Аристотель еді дейді. Содан бері көп заманға дейін психология «жан туралы» пән болып келді делінген. Демек, психологияның алғашқы атасы Аристотель екендігін қазақ жұртына танытқан – Аймауытұлы десек болар. Бұдан бөлек сол дәуірдегі өзге де әлем таныған психолог, философтардың дәйекті пікірлері келтірілген. Солардың ішінде, француз данышпаны Декарттың, неміс философтары Вольф және Лангенің, танымал Шотланд философы Юмнің және де Лок, Герберт, Джеймс атты атақты ағылшын философтарының психология жайлы көзқарастары мен зерттеулері негізге алыныпты. Мысалғы жоғарыда атап өткен неміс ғалымы Вольфтің психология жайлы еңбектерін зерттей келе, жазушы: «XVIII ғасырда неміс данышпаны даналық психологияны тәжірибелік психологиядан айырып, жігін ашады. Және де «психология» сөзін көпшілік жұртқа алып келген дәл осы неміс ғалымы еді» деген тоқтамға келген.
Кітаптың әлқиссасы болған алғашқы тақырыптардың бірінде, автор жан мен тәнді бөліп, жеке-жеке дүние етіп таныстырады. «Жанды» «тәннен» бөлек, бар нәрсе деп ұғуға адамның түс көруі себеп болғандығы жайлы жазылады. «Ұйықтағанда адам ешнәрсені сезбейді, сөйлемейді, жарты жаны жоқ тәрізді болады. «Ұйқы мен өлім тең» дейді қазақ мәтелі. Бірақ адам өңіндегідей нәрселерді көреді. Дене сезбейтін болса, көретін не болу керек? Әрине жан болу керек деп жорыған. Сонымен ұйықтаған адамның жаны денесінен шығып, қыдырып кетеді, басқа жандармен қала берсе өлген адамдардың жанымен жолығып жүреді деген наным туған» делінеді. Кітаптың келесі бір тақырыптарында діннің психологияға әсері турасында ой айтылған. «Жан бар» деген нанымды бекітуге, өрбітуге мықты себеп болған нәрсе – дін. Әуелгі тағы адам – сәби тәрізді. Бұл күнгі киім, қару-құрал, үй оларда болған жоқ. Олар әуелде құр қол болған. Келе-келе таяқты, тасты қару қылып, азулы, тырнақты, қатерлі аңдармен алысып, тамақ табуды күйттеген. Найзағай, өрт, дауыл, тасқын сықылды табиғаттың тілсіз күштері ол адамдардың тіршілігіне қауіпті болған, адам қорыққан. Өзінен күштінің бәріне мойынсұнған. Осы сықылды күштердің бір иесі болу керек деп жорыған. Шамасы келетін жауларын алысып жеңетін болса, шамасы келмейтін тілсіз жауды қалай жеңбек? Күшпен жеңе алмаған соң, басқа бір айламен бетін қайыру керек қой. Бірақ қандай айла бар? Міне, осы айланы қарастырған. Тілсіз жаулардың иесі, билеушісі бар екен, солардың тілін, сырын біліп, сөзге түсіріп, жалынып-жалпаятын адамдар табылмас па? Олар кім? Ол адамдар табылған. Бақсылар, молдалар, тәуіптер, сопылар, абыздар. Міне осындай «алапаты артық» адамдар кәрлі, қатерлі рухтардың тілін біліп, дуалап, сиқырлап, алдап-арбап мейірімін түсірмек болған. Осы қорқудың салдарынан барып дін шығады, діннің түбі – қорқу» деп келтіріледі. Яғни, психология бойынша, адам өзінің күші жетпейтін қауіп барын білген кезде, бойын үрей билеп, қорыққанынан жаны қысылғанда өзіне сиынатын, жалбарынатын «Құдайын» іздейді-мыс. Жазушының талдауы бойынша сондай ойдан пайда болған дүние дінге алып келеді деген пікірге саяды. Жалпы алғанда кітаптың бастапқы екі-үш тарауы адам мінезі мен болмысындағы өзгерістер мен құбылыстар, адамның қылығын бақылау, адамның айуаннан өзгешелігі, адам бойындағы парасат сияқты тақырыптарды талдай келе, адамның мінез-құлқының негізі тәрбие мен қоршаған ортаға байланысты екенін айтады. Жүсіпбек Аймауытұлы: «Мінез – адамның өмір жолының айнасы. Оның түпкі себебі – дұрыс тәрбие», – деп көрсетеді.
Әрі қарай адам бойындағы тәрбие мен психологияның өзара байланысы жайында сөз қозғалады. Педагог-психолог Аймауытұлының кітабындағы зерттеулерге сүйенсек, тәрбие арқылы адамның психологиясын өзгертуге болатындығы жайлы деректер негізделген. Оның пікірінше, әу бастан дұрыс берілген тәрбие адамның тұлға болып қалыптасуында шешуші рөл атқарады. «Психология – терең ой, терең білім, терең пәлсапаға соғатын пән, - деп жазады. Жазушының сөзіне сүйенсек, «Өзге білімдер затшылдыққа табан тіресе де, психология әлі тіреп, аяғын нық басқан жоқ. Қарапайым адамға жұмбақ сықылды көрінетін талай нәрселер психологияда қаралады. Себептері, сырлары айқындалады. Бұлардан хабары болу, ақыл-ойына ерік беру кімге болса да керек-ті» депті. Бұл кітапты алдымен бала оқытушыларға ұсынады. Арасында бала тәрбиелеудің маңыздылығына психологиялық жағынан тоқталғандығын байқаймыз. Сондай-ақ, кітапта тәрбиеге қатысты мына жолдарды атап көрсетуге болар. «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» дейді жазушы. Ол оқулықта тәрбиенің: дене тәрбиесі және жан тәрбиесі болып екіге бөлінетіндігін жазып кеткен.
Психология мен адам эмоциясының түрлері, тірі жан бойындағы рефлекстік іс-әрекеттері мен психикаға тікелей байланыстарын талдап жазған кітаптың кейінгі тараулары да өте құнды ақпараттармен көмкерілген екен. Осы тұста Жүсіпбек Аймауытұлының «Эмоция – адам өмірінің қозғаушы күші» деген сөзі дөп айтылған. Расымен, психологияда эмоциялар мен сезімдердің атқарар рөлі зор. Адамның өз эмоциясын басқара алуы арқылы оның өмірін жақсартуға болатыны жайлы атап айтылған. Сол сияқты шартты рефлекстер, организмнің тітіркенгіштік, сезгіштік қасиеттері туралы да жазылады. «Денедегі кейбір мүшелер, оның қызметтері», «Эмоция және сезім» атты төртінші және бесінші тарауларында психикалық үрдістердің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері мен эмоция, сезім, көңіл-күйге талдау жасалады. Әрі қарай оқулықта таным үрдістеріне сипаттама беріледі, олардың заңдылықтары мен қасиеттеріне тоқталады. «Ескі психология мамандары психологияның негізі – өзін бақылау деп санаған» деп жазады Жүсіпбек Аймауытұлы. Бұл сөздің де жаны бар. Адам өзін бақылап, эмоцияларын дұрыс басқара алса, негізі көп жерде ұтады. Кейде бір қатты ашуланып тұрып, ашуды іште бұғып қалсақ, қан жүрісінің өзгеруі қызара бөртіп бетке шығатыны бар. Іштен берілген бұл сигнал «субтитр» боп сыртқы бейнемізден көрініс тауып жатады. Дәл солай қолымыздың да сөйлесіп тұрғанда әрлі-берлі қозғалысының өзі қырағы бақылаушыға ішкі сезімдеріміздің «қозғалысын» ашып береді. Қалай дегенмен, мұның бәрі де психологияда қию қиылысқан мәселелер екенін айтып өтеді жазушы. Сол арқылы адамның өзін-өзі дамытуға назар аудару қажет екендігін меңзегендей.
«Адамның өзін тану, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық әсіресе, жастардың басында: олар тәжірибесіз, көңілді, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан өзін сынай алмайды. Өмір жолдары сан тарау. Жастар тоқсан жолдың торабында, қай жолға түсерін білмей, дағдарды. Егер жазатайым теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді» деп жазады кітапта ағартушы. Аймауытұлының айтқанына негізделсек: «Тәрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу» деген қағиданы қуаттайды. «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң, балаға жақсы мінез болсын деп іспен көрсету керек» – деп қоғамда бүгінгі «белсенді» сөздерді, жазушы жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ айтып кеткен екен. Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесіне туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. «Ойын-сауық, жыр-дастанды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады», – деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына да аса мән берген. Кітапты оқып отырып, қазіргі қатып қалған стереотиптердің ұшқынын сол замандағы кей әдеттерден бастау алғанын байқауға болады. Ол туралы: «Баланың жасындағы икемдігі сыртқа шығуға, ақылға сыймайтын ырымшылдық бөгет қылады. «Жер қазба, қора соқпа, жаман сұмдықты бастама» деп кейбіреулер баланы ойыннан тыяды. «Қара құлақ ойнаса» қасқыр келеді деп сұмдық көреді. Әуелі асық ойнағанды әуейілік деп тыятындар бар» деп жазады автор.
Мұндай шектен тыс тыйымдардың көбі даму үстіндегі бала миына шектеулер енгізіп, оның ішкі психологиялық негізінің мықты әрі тұрақты күйге өтуіне әсер етері бар екенін келтірген. Оқыған көзі ашық адам қашанда білімімен көш бастап жүрері анық. Кітаптағы осындай мысалдары арқылы ғалым қараңғы қазаққа заманында баға жетпес, құнды ақпарат қалдырған екен. Тіпті миға әсер ететін, жасанды шектеулер жайлы жиырмасыншы ғасырда жазып өткен. Жүсіпбек Аймауытұлы – психикалық құбылыстардың беймәлім сыр-себептерімен оқырманын таныстыра отырып, психология жайлы мазмұнды кітап жазған қазақтың тұңғыш педагог-психологы. Ол – қазақ халқының әдебиеті мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ағартушы. Бүгінгі күні кітаптың алғашқы түпнұсқасының жарыққа шыққанына тұп-тура жүз жыл өткен. Бір ғасыр уақытта бұл кітап өзінің құндылығын арттырмаса, еш кемітпеген ұлы мұра. Осы кітапты оқып отырып ұққаным: қазақ баласының психологиясы қазаққа ғана керек. Қазақтың ішкі жан-дүниесін қазақ қана пайымына жетіп, терең түсіне алатынына көз жеткіздім. Қазір психология жайлы әдеби алаңды орыс, ағылшын, қытай сияқты өзге тілдерден аударылған көптеген шетел психологиясы жаулап алған заманда, мұндай ұлттық танымдағы кәсіби әдебиеттер аса құнды. Ұрпақ үшін қашанда керек-ақ. Қалыптасып келе жатқан ұлттық психологиямыздың қайнар көзі, негізгі діңгегі – Аймауытұлының қазақы дүниетанымдағы «Психологиясы» дер едім. Жазушының ана тіліміздегі ұлтына қалдырған нағыз психологиялық зерттеу-оқулығын сіз де оқып көріңіз, оқырман.
