Әдебиетке қадам басқан жиырма бес жасымда күй анасы Дина Нұрпейісованы түсімде көрдім. Телефон шырылдап, тұтқасын көтергенімде көз алдымда басында дағарадай аппақ жаулығы бар, ұзын бойлы, қарасұр суық жүзді Дина Нұрпейісованы көрдім. Ол: «Мен – Дина Нұрпейісовамын! Маған Маржан Ершуова керек! Сен неге мені іздемейсің? Менің үйім 8 март көшесінде!», – деп бұйрық еткендей өктем дауыспен сөйлей бастағанда шошып оянып кеттім. Қатты қорықтым.
Дина шешейді түсімде көргеннен кейін көңілімде мазасыздық орнады. Ештеңеге қызықпай, әйтеуір бір көңілім толмай іштей мұңайып жүретінмін. 8 наурызда елдің қыздары мейрамдатып, сыйлықтар алып мәз болып жатса, мен бұл күн тез өтіп кетсе екен деп тілейтінмін. Жаным мазасызданып, мұңға батып, әлдебір қорқыныш пен үрей мені уысынан босатпайтын. Мүмкін, өлең дерті деген осы ма? Білмедім. Сол күндерде ұққаным, үрей мен қорқыныш – екі түрлі нәрсе екен. Адамды өлтіріп, мысын құртатын – үрей ғой. Ал қорқыныш ойлауға, ойлануға үйретеді. Қазақтың «Қорқа-қорқа батыр болады» деген сөзінің философиясы терең. Уақыт өте келе ойлана бастадым. Дина Нұрпейісованың күйлеріне деген қызығушылығым арта түсті. Дина шешейдің күйлері менің мұңдасыма, сырласыма айналды. Дина туралы деректер жинай бастадым. Менің осылайша Динатануым басталып кетті. Динаның күйлеріне құмартқаным соншалық, музыка, өнер тақырыбы қызықтыра бастады. «Шопеннің жүрегі», «Асалы-Көкетай», «Құлпытас», «Күй-құдырет», Ерік Құрманғалиев т.б. туындыларымды жаздым. Елге кейде түсініксіз, кейде сүйкімсіз, кейде тентек болып көрінгенмен, менің көңілім іштей үнемі толқуда жүретін. Өмірде іздеп жүрем, бірақ нені іздеп жүргенімді өзім де білмей дал болатынмын. Сол бір көрген түсім жылдар бойы ойымнан шыққан емес. «Дина шешейді қайдан, қалай іздеймін, не істеуім керек, бұл неғылған түс, әлде менің уақытым келді ме» деген сұрақтардан басым қататын. Содан Дина Нұрпейісова туралы жазуым керек деп шештім. Осылайша 2007 жылы «Дина» атты поэмамды жаздым. Фариза Оңғарсынова апамыздың кездескенде амандық-саулықтан кейін маған үнемі қоятын дәстүрлі сұрағы бар еді: «Не жазып жүрсің?» – деген.
«Дина» деген поэма жаздым, – дегенімде, ол кісі:
– Кім саған Дина туралы жаз деп идея берді? Тасмағамбетов пе? – деп сұрады.
–Жоқ. Өзім, – дедім.
Ол кісі маған таңғалып қарады да:
– Осы жұрттар «сүйдім-күйдімнен» әрі аспай жатқанда тарихи тұлғаларға бет бұруың қызық екен. Баяғыда Хамаң – Хамит Ерғалиев өзі «Құрманғазы» деген поэма жазғаннан кейін маған «Дина туралы поэма жаз», – деп еді. Мен поэма емес, өлең жаздым, – деді Фариза апай.
– Апай, мені жазайын деп жазып жүр дейсіз бе? Қорыққаннан жаздым ғой! – деп қойып қалдым.
– Кімнен қорқасың?
– Дина Нұрпейісовадан!
– А, Дина Нұрпейісовадан?!
Мен көрген түсімді баяндап бердім. Түсіме жиырма бес жасымда ақ жаулығы дағарадай Дина Нұрпейісова енгенін, «Маржан, сен неге мені іздемейсің?» – деп ұрсып жатқанда, оянып кеткенімді айттым.
–Ақылым кеш келді. Бірақ Дина Нұрпейісованы іздесем, жырмен іздеуім керек шығар деп ойладым, – дедім.
Сонда Фариза апай:
– Дина шешеміз – аруақты адам ғой, сені желеп-жебеп жүрген болар, қорықпа, – деген еді. Поэма жазғаннан кейін іштегі мазасыздық қорқынышым кететін шығар. Мен де басқалар секілді мұңсыз болармын деп ойлаған едім. Олай болмады. Ішкі көңіл күйім тағы да бір істер тындыруым керек дегендей, аяқ астынан көтерілген дауылдай тістеніп, тынышымды кетірді. 2009 жылы Атырауда болғанымда белгілі суретші Камила Жапаловамен әңгімелескен едім. Мен оған бұрын суретшілер ақын-жазушылардың шығармаларына картина салатынын, қазір бұл дәстүр жоғалып кеткенін әңгімелеп, «Дина» поэмам мен түсім туралы айтып, поэмама сурет саласың ба?» деген едім.
Содан арада біраз уақыт өтті. 2011 жылдың мамыр айының ортасында Атыраудан Камила Жапалова телефон соқты. «Картина дайын. Бүгін бітірдім», – деп. «Қандай картина?» – деймін. «Сенің «Дина» поэмаңа салынған картина», – деді. Сондай қуандым. Осы жерде бір қызықты айта кетейін (Дина Нұрпейісованың туғанына 150 жыл толған мерейтойы қалай тойланғаны жөніндегі бір сырды). Аяқ астынан пысықтығым ұстап, шкафтағы кітаптардың шаңын сүртіп жатыр едім, төбеден бір кітап басыма құлады да, парақтары ашылып жерге түсті. Кітапты қолыма алдым. Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабы. Кітап айқара бетімен ашылып түскен жерге. Бетін қарасам, Динаның суреті мен өмірбаяны бар бет екен. Сосын отыра қап кітап ақтарып кеттім. Мен математик емеспін, ақынмын ғой. Цифрға көп мән бере бермеймін. 1861 жыл – Дина шешейдің туған жылы деп жазылған екен. Бұл цифр мені қызықтырды. Есептесем, дәл қазір 2011 жыл, демек Дина Нұрпейісованың туғанына 150 жыл толып отыр. Камилаға телефон шалып: «Сен конкурсқа қатысайын деп жатырсың ба, картинаны сол үшін салдың ба?» – десем, «Қандай конкурс?» – дейді. «Биыл Динаның 150 жылдығы екен. Атырауда не болайын деп жатыр?» – деп сұрап едім, ол таңырқап: «Ондай хабар естіген жоқпын», – деді. Атырауға билет алып, бірден Камиланың шеберханасына бардым. Туынды маған ұнады. Ертесіне екеуміз Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына орай «Дина» поэмасы мен картинаның тұсаукесерін өткізгіміз келеді деп, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қойшығұл Жылқышиевке барсақ, ол кісі: «Қайдағы 150 жылдық?» – деп шоршып түсті. Маған Атырау облыстық мәдениет басқармасынан, облыстық әкімдіктен телефон шалып: «Маржан, сен қайдағыны айтып жүрсің? Қайдағы 150 жылдық? Дина Нұрпейісованың 150 жылдығын 2000 жылы облыс әкімі И.Тасмағамбетов өткізген. Домбырашы қыз-келіншектердің республикалық конкурсы ұйымдастырылып, Динаның ескерткішін қойған. Музыка академиялық колледжге, Мәдениет сарайына Дина Нұрпейісованың аты берілген сол жылы», – деп жамырап айтып жатты олар. «Иманғали ағаның өткізгені 140 жылдық. Ол кісі бір жыл ерте өткізіп жіберген. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы болды ғой, соған байланысты шығар. Дина Нұрпейісованың өмірбаянын қарасаңыздаршы. Мен шын айтам», – деп едім. Сонымен қарады-ау деймін. Одан сайын ренжісін: «Сен неге мұны ерте айтпайсың?!» – деп. Мәссаған, өзім де енді біліп тұрсам! Басыма Ахмет Жұбановтың кітабы құламаса, мен қайдан қайдан білейін 150 жылдықты? Ертесіне облыстық тарихи өлкетану музейінде шарамызды өткіздік. Белгілі журналист Сәния Тойкен «Ақ Жайық», «Жас Алаш» газеттеріне «Екі қыз немесе сурет пен поэзияның дуэті» деген тақырыпта мақала жазды. Осы шараны өткізген соң, сол кездегі Халықаралық Түрксой ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке хат жаздым. «Түркияда Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына бір шара өткізсеңіздер жақсы болар еді. Түркі әлемінде Дина сияқты виртуоз күйші-композитор өнерпаз әйелзаты бар ма екен?» – деп. Ол жақтан да: «Мұндай нәрсені бір жыл не жарты жыл бұрын жазбайсың ба?» – деген реніш болды. «Бәріміз де жаңа біліп жатырмыз», – дедім. Содан Дүйсен аға Атырау облысының әкімдігіне шығып, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрін Түркияға шақырып, концерттерін ұйымдастырып, Динаның туғанына 150 жыл толған мерейтойын Түркияда керемет қылып өткізді. Бұл жайды Фариза апайға да айттым. Астанада Президенттік мәдениет орталығында Фариза апайдың айтуымен министрлік кеш өткізген еді сонда. Әйтеуір сол жылы менің «айқайшылығымның» арқасында Дина апамыздың 150 жылдық мерейтойы елеусіз қалмады.
Халықаралық Түрксой ұйымы 2011 жылы Дина Нұрпейісованың 150 жылдығын Түркияда кеңінен насихаттады. Сол жылы Түрксойдың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ағамыз: «Динаның өнері мен өміріне түркі әлемі таң қалды. Түркі халықтарының әйел өнерпаздары арасынан Динадай дарабоз шықпаған. Түркі әлеміне Дина Нұрпейісованы таныстыратын, қазақтың күй өнерін танытатын кітап жаз», – деген ұсыныс айтты. Динаны түркі әлеміне танытатын кітап болса, Әбіш ағаның алғысөзі керек болады ғой ойладым. Содан бір күні ағаның үйіне бардым. «Әбіш аға, сізге осы күнге дейін бір өтініш айтып көрмеппін. Менің бір үлкен арманым бар. Ол – Дина Нұрпейісова туралы қазақша-түрікше кітап шығару. Сол кітабыма Дина шешеміз туралы сіздің пікіріңіз өте қажет боп тұр. Сізді шаршатқым да, мазалағым да келмейді. Жарты парақ сөзіңіз болса, жақсы болар еді» деп едім. Әбіш аға сөзге келмеді. Қолына қағаз, қаламын алды да, сол бойда мөлдіретіп жазып берген еді. Бұл – 2015 жылдың 25 қарашасы болатын. Араға ай салмай, Әбіш ағамыз бұл дүниеден өтіп кетті ғой.
«Қазақтың кейбір күйлері теңселе тебіреніп, күйзеле күңіреніп, безілдей бебеулеп басталады. Құдды бір Жер-Ананың өзін толғақ қысып, ышқына ыңырсып жатқандай. Тас құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, жаңа бір Алып перзент бұл дүниеге бет алғандай. Оның жарыққа келгенін ұлан дүние түгел тосып тұрғандай. Жер мен Көк шыр көбелек айналып, асыр салып, билей ала жөнеледі. Осылай арындап, ала қызып, басталатын өмір сазының әр дірілін аудармай-төңкермей дәлме дәл құйып ала қояр құйма құлақ күйшілер біздің қазақта жетіп артылады. Солардың ең дүлей еркесі де, қара домбыраны қақпақыл қылып, қаққанда қылын, соққанда сөлін шығарып, қақтай еметін еріні епсек ерені де – Дина шешеміз еді. Азуымыз еді. Анамыз еді. Мерейлене бауыр басқан панамыз еді. Ол сілтеген он саусақ жарыса шапқан он арғымақтай атанақтай ойнақтап, жүйки жөнелген жүрек қылын тербеп, небір тылсым саздарды ақ нөсердей екілене себелеген. Ағыла түседі. Ағыла түседі. Тыңдаған сайын көңіл түйткілін серпілте сейілтіп, өмір нәрін құмарлана, құшырлана жұтасың. Өнер Тәңірі деген осы екен. Дина Нұрпейісова. Көңіл жайлауынан тұла бойын күйге толтырып ораған, нағыз құт саулаған түйе енесі – құба сирақ аруана. Ыңырси бер, ышқына соқ, күй дауылы! Төкпелете төк, төгілте түс, күй нөсері. Әдемі әуеннен маржан терген дүлдүл күйші, бұлбұл күйші Дина апа!» Әбіш Кекілбайұлы. 25. 11. 2015»
Осылайша қатталып қалған Әбіш ағамыздың сөздері сом алтындай, салмақты да бағалы. Терең де күрделі ғой. Түрік тіліне аудартқанда қиналдық. Бұл кітаптың форматы туралы көп ойландым. Түріктің ақын қызы Нұрай Гүнеш кітабымның түрікше аудармасын жасады. СD дискіде «Дина» атты поэмамды қазақтың белгілі дикторы Сауық Жақанова оқыды. Поэма Динаның өз орындауындағы күйлерімен әрленді. Дина туралы кітабымның тұсаукесері Түрксой халықаралық ұйымының қолдауымен Түркияда өтті.
Күй анасы Дина Нұрпейісованы іздеуім мені сонылы ізденістерге алып келгені анық. Сондай іргелі ісімнің бірі - «Дина» драмасы дер едім. 2006 жыл болуы керек, Алматыда опера және балет театрында Сәуле Жанпейісова «Ән-аманат» атты жеке концерт-спектаклін өткізген еді. Сол концерт-спектакльдің режиссері Болат Атабаев болды. Сол кезде Сәуле мені Болат ағаға таныстырмақ болып, ақын деп аты-жөнімді атап еді, режиссер ағамыз тәкаппар, паң қалыппен: «Естімедім», – дегені. Менің бір қырсық мінезім бар. Бұл мінезім өзіме ұнағанмен, өзгелерге ұнай бермейтінін білетінмін. Сол мінезіме салып, «Шырақ» атты кітабымды ұсындым да: «Уақытыңыз болса, оқып шығарсыз, мен күшті ақынмын», – дедім. Содан бір күні режиссер Атабаев: «Кітабыңды түгел оқып шықтым. Шұбатылған поэма, ертегі-аңыздарды. Композицияны жақсы құрасың. Сюжеттерді ойната білесің. Бұл – ақындарда сирек кездесетін қасиет. Әй, сен поэзияда неғып жүрсің?! Сен драматургияның адамысың ғой. Маған бір драма жазып берші», – дегені. Бұл қалай деп өзім де ойланып қалдым. «Дина» атты алғашқы драмамды, «Баяғыда өзіңіз драма жазып берші деп айтқан едіңіз, міне, жаздым», – деп Болат ағаға бергенмін. Оқып шыққаннан кейін ол кісі сөйлегісі келмегендей қалып танытқаны. Мен ішімнен «ұнамаған ғой» деп ойлап қалдым да, «Еркін сөйлей беріңіз, аға, мен өкпелемеймін», – дегенімде, Болат аға: «Осы кезге дейін сахнадағы әйелдеріміз бағы ашылмаған сорлы, бейбақ, одан қалса, ақсақ-тоқсақ, мүгедек кейпінде көрініпті. Мен мұны бұрын ойламаған екем. Сенің Динаң ерекше қайратқа ие образ. Хулиган. Мен мұны шығарам. Тың дүние», – деген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, Болат Атабаев шетелге кетіп қалды көп жылға. Келер, сосын қолға алар деп көп күттім. Үміттендім. Болат Атабаев аға дүниеден өткен соң ойлана бастадым. Ақырында Оралдағы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрына ұсынғанды жөн көрдім. Дина шешей, Дина Нұрпейісова Жаңақалада туған, Орал өңірінің төл перзенті. Туған жерінің рухы қолдаса екен деп едім. Өнердің қара шаңырағына айналған Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры «Дина» драмамды сахнаға жақсы алып шықты. Қойылымның режиссері – Алмат Шәріпов.
Түркиядағы «Дина Нұрпейісова паркі» 2011 жылы Күй анасының 150 жылдығына орай Түрксойдың ұсынысымен Анкара Этимесгут аудандық басшылығының қолдауымен ашылған еді. Түбi бiр түрік жұртының күйшi анамызды құрметтегенi қазақ өнерiне деген ықылас-iлтипаты деп білеміз. Он шақты жыл бұрын «Алматы ақшамы» газетінен жазушы Нұрғали Ораздың Түркия сапарынан жолжазбасын оқыдым. Сол мақаласында Анкарадағы Этимесгут ауданында салынған Дина паркіне барғанын айта келе, муниципалитет әкімдігі өкілдерінің: «Бұл саябаққа Дина Нұрпейісованың ескерткіші орнатылса, өте жақсы болар еді. Бұл жерде Дина апайдың күйлері орындалатындай жағдай жасасақ, мұнда демалуға келген кісілер ерекше әсер алар еді», – деген пікірлерін жазыпты. Бұл пікір маған да ұнады. Түркия мен Қазақстан тарапы осы бір игілікті істі бірлесіп атқарғанын қалар едім.
2019 жылы Анкарада қазақша-түрікше шыққан «Дина» деген кітабымның тұсаукесері өткенде, Этимесгут ауданы әкімінің орынбасары Аладдин Сонат мырзаның кабылдауында болып, «Дина-Dina» атты қазақша-түрікше кітабымды тапсырдым. «Дина Нұрпейісова паркіне» қала тұрғындары келіп демалғанды ұнатады. Болашақта паркте белгілі бір уақытта Дина күйлерін ойнатып қойсақ деген де жоспарымыз бар. Паркке келгендер «Бұл кісі кім?» деп көп сұрайды. Қазақтар Дина күйшінің ескерткішін қоямыз деген еді. Сол күнді күтіп жүрміз», – деді Алааттин Сонат мырза. Күйші анамыздың паркі жақсы жерге салынған екен. Айналасы көмкерілген жасыл бау. Динаның ескерткішін қояр тұғыры да дайындап қойыпты. Дина Түркиядағы «Дина Нұрпейісова паркіне» күй анасының ескерткішін қою туралы мәселе соңғы он бес жылдың ішінде Атырау облыстық әкімдігі тарапынан екі мәрте көтерілді. Бірақ қандай тосқауыл барын білмедім. Әлі күнге дейін сөздер сөз күйінде қалып келеді. Дина Нұрпейісованың ескерткіші қойылатын тұғырды да түріктер дайындап қойғалы он бес жылдан асып барады.
Биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толған мерейтойы қарсаңында Түркиядағы осы бір атақты саябақта ескерткіші орнатылса деген тілегімді айтқым келеді. Динаның «8 март» деген атақты күйі бар. Білгенім, Алматыда, Көк базар жақта осы күйдің құрметіне арналған «8 март» деген көше болған екен. Ол көшенің аты тоқсаныншы жылдардың аяғында Шәмші Қалдыаяқов болып өзгерген. Ал Динаның мазары Алматыда Райымбек бойындағы бейіттер арасында. Жол түскенде ұлы күйші Дина Нұрпейісованың басына барып тәу етемін.
Дина күйші менің өнердегі адастырмайтын темірқазығым сияқты. Ол маған алға жетелейтін күш, кайтпас рух пен қажымас жігер беретіндей. Кейде босаңсып, жазудан шаршадым деп ойлай бастасам не жазуыма немқұрайлылық таныта қалсам, Дина шешей тағы да түсіме еніп, ұрсатындай қатты қорқамын. Түс сыры. Түс құпиясы бұл да бір ашылмаған құпиясы мол әлемдей. Жұмбаққа толы тылсым сыр. Түс кереметі, оның адамға әсері – сан мыңдаған жаңалық ашқан ғұламаларға да, дүниеден астар іздеген ақындарға да, өз тыныс - тіршілігін ғана күйттеп өмір сүріп жатқан жай пенделерге де бірдей дәрежеде құпия боп қала беретін сияқты. Кейде өнердің құдырет-киесі деген осы емес пе екен деп те ойлаймын. Жиырма бес жасымда түсіме Күй анасы Дина Нұрпейісованың енгені, бұйыра ұрсып, «Сен неге мені іздемейсің? Менің үйім 8 март көшесінде» деген сөзіне жауабымның дәлелі- «Дина» поэмам мен «Дина» драмам. Динаның өмірі – өнерге айналған өмір. Дина Нұрпейісова анамыздың аруағы жар болып, мені әр қиындықта қолдап, желеп-жебеп жүргендей болады. Сол кезде өзімнің ақын болып жаралғаныма мың шүкірлік етемін...
