Менің бағым - елдік, ұлттық мүддеменен өрілген...

Менің бағым - елдік, ұлттық мүддеменен өрілген... - adebiportal.kz

Бүгін ақын, қоғам қайраткері: ұлт руханиятының биік тұлғасы Мұхтар Шахановтың туған күні. 

Арда азаматының туған күнін қалың елі бил алғаш рет ақынның өзінсіз қарсы алды. 

Әкем сенің төсіңде атын тұңғыш ерттеген,

Анам сенің төсіңде тамыр жайып көктеген.

Мен де сенен ең алғаш таптым арман өрісін,

Сенен ұлы ешкім де болмақ емес мен үшін, - 

деп өзі жырлағанындай, 1942 жылғы 2 шілдеде қазіргі Түркістан облысы, Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында дүниеге келген Мұхтар Шахановтың әдеби, музыкалық шығармашылығы мен атқарған қоғамдық қызметі – екі бірдей дәуірдің айқын да көрнекті шежіресі. Өзінің өршіл рухты жырларымен, жүрек тербеген әсем әуендерімен, ел өміріндегі әрбір түйткілді, маңызды мәселеге бейжай қарамайтын азаматтық жоғары белсенділігімен ерте еректелген ұлын қазақ халқы әрдайым дара тұтты, басқа бұлт үйірілген сындарлы сәттерде өзін іздеді, сөзін күтті, арқа сүйеді. Мұхаң да осы үдеден әрдайым шыға білді.

Заманымнан алғанша үлесімді,

Тоқтатпаймын тағдырмен күресімді.

Мұхтар деген – киелі ат, марқұм әкем,

Маған тегін қоймаған бұл есімді.

Мені осынау сенімнен айырма, Отан,

Қастарыма күшімді пайымдатам.

Өзім қанша мықтыны мойындадым,

Енді өзімді соларға мойындатам!

Мұхтарлардың осалы болған ба?! Әрқайсысы тек өзіне ғана тән дара жолын қалыптастырған Мұхтарлардың тоғысар ортақ арнасы – қала берді қазақ халқының, асса адамзаттың руханият әлемі. 

«Ақындығы бір төбе, азаматтығы бір төбе» деген сөз Мұхтар Шахановтың шығармашылық ғұмыры мен қоғамдық қызметіне арналғандай. 

«Мен үшін Олжас пен Мұхтар Шахановтың орны бөлек. Халқы да солай қадірлейді. Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, бірақ жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман бар?!» - деп Димаш Ахметұлы Қонаевтың өзі жоғары баға берген Мұхтар Шахановтың қоғамдық қызметін оның шығармашылығынан бөліп қарау мүмкін емес. 

Жылтырағын гауһар деуге тым шебер,

Сүйікті Отан, аз ба бізде дүмшелер,

Оттан қашып піспей қалған күлшелер!

Әркез сені жалғандықтан қорғауға

Бақыттымын, күшім жетіп тұрса егер!

Осылай деп жырлаған ақын қоғамдағы өзекті мәселелерге әрдайым үн қатып, күш-қайратының жеткенінше табандылықпен күресіп отырды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тарихи әділетті қалпына келтіру, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерінде батыл пікір білдіріп, қоғамдық санаға ықпал етті. Оның азаматтық ұстанымы шығармашылықтағы ұстанымымен толық үндеседі. Ақынның сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоқ. Бұл қасиет қай кезеңде де шығармашыл тұлғаның ең басты өлшемдерінің бірі ғой. Осы алшақтық болмағанда ғана халық шығармашыл тұлғаны көзі тірісінде шынайы тұлға тұтып ардақтайды, ал өмірден өткенде жадында мәңгілік жаңғыртады.

Менің бағым – елдік, ұлттық мүддеменен өрілген,

Сондықтан да ұлтпен бірге өлу даңқы берілген...

Рухы биік ұл-қыздары тұрғанда елдік, ұлттық мүдде де өлмек емес. Ақынның «ұлтпен бірге өлу» деген сөзін «ұлтпен бірге мәңгі жасау» деп түсінеміз. Себебі ақынның болашаққа деген жарқын үміті осы шумақтың кейінгі екі жолында жатыр:

Рухсызға жеңіс жолы тым оңай боп көрінбек,

Бәлкім, маған тас атқанның бәрі ертең жеңілмек...

Қазақ әдебиетінің тарихына көз салсақ, әр дәуірдің өз үні, өз мінезі, өз мұраты болғанын көреміз. Абай адам болмысының биігін танытса, Мағжан ұлттық рухтың асқақтығын жырлады, Мұқағали адам жанының нәзік пернелерін сөйлетті. Ал сол ұлы дәстүрді жалғастырып, ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясына азаматтық үн мен қоғамдық серпіліс әкелген қаламгерлердің алдыңғы қатарында Мұхтар Шаханов тұр. Оның шығармашылығы – көркем сөздің қуатын елдік мүддемен ұштастырған, поэзияның әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінген суреткердің шығармашылық әлемі.

Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақын ғана емес, ұлт тағдырына бейжай қарамайтын қоғам қайраткері, мемлекет және мәдениет мәселелеріне батыл үн қосқан қайсар азамат. Оның есімі поэзиямен қатар ұлттық намыс, мемлекеттік тіл, тарихи әділет, рухани тәуелсіздік ұғымдарымен қатар аталады. Бұл ерекшелік оның шығармашылық болмысын даралап қана қоймай, қазақ руханиятындағы орнын айқындай түседі.

Шаханов поэзиясының басты ерекшелігі – азаматтық пафостың табиғи көркемдікпен астасуында. Көп жағдайда азаматтық поэзия ұраншылдыққа ұрынып кетуі мүмкін. Ал Мұхтар Шахановтың өлеңдерінде көтерілген қоғамдық мәселелер терең философиялық оймен, көркем бейнелеу тәсілдерімен және психологиялық дәлдікпен өріледі. Ақын ешқашан оқырманға дайын қорытынды ұсынбайды, қайта оны ойлануға, өз ар-ожданының алдында есеп беруге жетелейді.

«Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,

Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»

Деп қиялдап әр биіктен көрсетіппіз бекер бой,

Қымбаттым-ау, сөйтсек, бақыт ҚАНАҒАТта екен ғой!

Егер бүгін аласарса мекеніңнің шоқтығы,

Оған себеп – қанағатсыз адамдардың көптігі...

О, тәңірім,

Қанағатпен басар болса аптығын,

Мүмкіндік бер қадірлеуге жауымның да шаттығын!

Расымен де ойланып қаласың! 

Ақынның шығармашылық әлеміндегі негізгі ұғымдардың бірі – ар. Оның көптеген өлеңдері мен поэмаларында адам өмірінің басты өлшемі байлық немесе мансап емес, ар тазалығы екені көркемдік тұрғыдан дәлелденеді. Бұл идея қазақтың дәстүрлі дүниетанымымен де сабақтасып жатыр. Қазақ әдебиетінде ар мен намыс мәселесі ежелден көтерілгенімен, Мұхтар Шаханов оны қазіргі қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерімен байланыстыра отырып жаңаша пайымдайды.

Мұхтар Шаханов шығармаларында ұлттық рух мәселесі ерекше орын алады. Ақын үшін ұлт – этностық ұғым ғана емес, рухани тұтастықтың көрінісі. Сондықтан оның поэзиясында туған тілге деген құрмет, тарихи жадыны сақтау, ұлттық мәдениетті қорғау идеялары үздіксіз көрініс тауып отырады. Ол ұлттық болмысты сақтауды жаһандануға қарсы тұру емес, керісінше әлемдік өркениетке өз келбетін жоғалтпай ену деп түсіндіреді. Бұл – ақын дүниетанымының тереңдігін көрсететін маңызды ерекшелік.

Шаханов поэзиясының тағы бір қыры – адамзаттық құндылықтарды ұлттық дүниетаныммен сабақтастыра білуі. Оның кейіпкерлері белгілі бір тарихи кезеңнің немесе әлеуметтік ортаның ғана өкілдері емес, жалпы адамзаттық мәселелерді көтеретін көркем тұлғалар. Махаббат, адалдық, әділет, мейірім, жауапкершілік секілді ұғымдар ақын шығармаларында ұлттық сипатпен бірге жалпыадамзаттық мазмұнға ие болады. Сондықтан оның туындылары тек қазақ оқырманына ғана емес, әлем әдебиетін сүйетін қауымға да түсінікті гуманистік сипатымен құнды. Ол қоғамды үнемі алға қадам басуға үндеумен болды. Ол – әрқашан жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылды. «Мұхтар Шахановтың бұл ұмтылысы — адамды жай ғана ойлануға шақыру емес, ойлануға мәжбүр ету», - деп кемел ойдың кемесі Әбіш Кекілбаев бекер айтпаса керек.

Ақын шығармашылығында ерекше назар аудартатын туындылардың бірі – «Өркениеттің адасуы». Бұл шығармада техникалық прогресс пен рухани құндылықтардың арақатынасы кеңінен талданады. 

Оян, Данте, Фирдоусидің және Абайдың айбыны!

Бөгей алмау ғасырға сын бұл тасқынгөй қайғыны.

Қол қусырып көнеміз бе,

Үнсіз жата береміз бе,

Робот-түйсік арқаланған,

Мейірімі тұл жарты адамдар

Жердің бетін түгел жаулап жеңгенше?..

Дөңбекшиді көңіл-ғалам,

Бүгін өлу жеңіл маған,

Осы рухсыз жеңістердің ертеңіне сенгенше...

Ақын ғылыми жетістіктердің адамзатқа пайдасымен қатар, оның рухани әлеміне тигізетін ықпалы туралы толғанады. Материалдық дамудың шексіз өсуі адам бойындағы мейірім, ізгілік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді әлсіретпеуі тиіс деген ой шығарманың негізгі өзегіне айналады. Бұл мәселе бүгінгі цифрлық дәуірде бұрынғыдан да өзекті екені анық.

Сол сияқты «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы қазақ әдебиетіндегі философиялық ізденістің ерекше үлгілерінің бірі саналады. 

Ойың мен iсiң – жаңғырық, кейде оған түйсiк жетпейдi,

Әйел ап, бала тудыру ақылды қажет етпейдi.

Күнделiк құмар сезiмдi өрiлгенi үшiн отпенен,

Шатастырып алдық, құдай-ау, бiртуар махаббатпенен.

Ақын адамзат баласын адамзат еткен ақыл мен ойлаудың шынайы биік шыңы махаббатты соқыр нәпсімен шатастырмау үшін осылай шыр-пыр болады.

Мұнда ақын адамзат санасының даму жолын, тарихи жадының маңызын, рухани жауапкершіліктің мәнін көркемдік және ғылыми-философиялық пайымдаулар арқылы бейнелейді. Мұндай шығармалар Мұхтар Шахановтың тек сезімі сергек ақын ғана емес, таным-түйсігі терең ойшыл екенін дәлелдейді.

Желтоқсан оқиғасының тарихи ақиқатын ашуда Мұхтар Шахановтың еңбегі ерекше. Кеңестік идеология үстемдік еткен тұста бұл мәселені ашық көтерудің өзі үлкен батылдық еді. 

Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,

Ал, біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қары жоқ,

Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.

Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,

Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,

Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп.

Ақын Желтоқсан оқиғасының саяси және тарихи мәнін дәлелдеуге күш салып, әділеттің салтанат құруына ықпал етті. Осы азаматтық ұстанымы оның халық арасындағы беделін бұрынғыдан да арттырды.

Шаханов шығармашылығына тән ерекшеліктің бірі – диалогтық ойлау жүйесі. Ақын көбіне өз кейіпкерін ішкі тартысқа түсіреді. Ар мен нәпсі, адамдық пен опасыздық, руханият пен материалдық мүдде арасындағы күрес оның көптеген шығармаларының көркемдік желісіне айналады. Мұндай тәсіл шығармалардың психологиялық тереңдігін арттырып, оқырманды өзін-өзі тануға жетелейді.

Ақынның тілі – қарапайым әрі бейнелі. Ол ауыр философиялық мәселелерді халыққа түсінікті тілмен жеткізе алады. Бұл – үлкен шеберліктің белгісі. Оның өлеңдерінде мақал-мәтелге тән нақылдық, шешендік сөздерге тән өткірлік, ұлттық дүниетанымға тән бейнелілік үйлесім тапқан. Сондықтан Мұхтар Шаханов поэзиясы көпшілік оқырманға жеңіл қабылданғанымен, оның астарында терең философиялық мазмұн жатады.

Әдебиеттанушылар Мұхтар Шаханов шығармашылығының басты ерекшелігін азаматтық поэзияның жаңа сапалық деңгейге көтерілуімен байланыстырады. Расында да, ол қоғамдық тақырыптарды жалаң үгітке айналдырмай, көркемдік деңгейін төмендетпей жырлай білді. Оның әрбір шығармасында көркем образ, философиялық пайым және өмірлік шындық өзара табиғи үндестік табады.

Шаханов шығармашылығында жастар тәрбиесі ерекше орын алады. Ақын кейінгі ұрпақтың ұлттық санасының қалыптасуына, ана тілін құрметтеуіне, тарихи жадыны сақтауға айрықша мән береді. Оның көптеген өлеңдері жастарды еңбекқорлыққа, әділдікке, батылдыққа, елін сүюге үндейді. Бұл тұрғыдан алғанда ақын поэзиясының тәрбиелік маңызы өте жоғары.

Мұхтар Шаханов шығармаларының өміршеңдігі олардың уақыт талабымен үндесіп жатуында. Ол көтерген мәселелердің басым бөлігі бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау, ақпараттық кеңістіктегі рухани қауіпсіздік, ана тілінің тағдыры, тарихи сананың беріктігі сияқты мәселелер қазіргі кезеңде де маңызды болып отыр. Сондықтан ақын мұрасы жаңа буын оқырмандары үшін де өз құндылығын жоғалтқан жоқ.

Дегенмен әдеби-сын тұрғысынан қарағанда, Мұхтар Шаханов шығармашылығы төңірегінде түрлі пікірлердің болуы – заңды құбылыс. Кейбір зерттеушілер оның азаматтық пафосының көркемдік компоненттен басым түсетін тұстары бар екенін айтса, енді біреулері дәл осы қасиетті оның шығармашылық даралығы деп бағалайды. Әдебиеттануда мұндай пікір алуандығы қаламгер мұрасының өміршеңдігін көрсетеді. Өйткені үлкен әдебиет әрдайым пікірталас тудырады. Ал Мұхтар Шаханов поэзиясы оқырманды бейжай қалдырмайтын, ойландыратын шығармалар қатарында.

Бүгінгі қазақ әдебиеті ұлттық рухтың жаңа белестерін бағындыру кезеңінде тұр. Осындай уақытта Мұхтар Шаханов шығармашылығы жас ақындарға азаматтық жауапкершілік пен көркемдік шеберлікті қатар алып жүрудің жарқын үлгісін көрсетеді. Оның өмір жолы да, шығармашылық тағдыры да қаламгердің халық алдындағы жауапкершілігінің қандай болуы керектігін айқындайды.

Қорыта айтқанда, Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиетіндегі азаматтық поэзияның көрнекті өкілі, ұлттық рухтың жаршысы, қоғам қайраткері ретінде ел тарихында өзіндік орны бар тұлға. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған рухани мұра ғана емес, тәуелсіз елдің ұлттық санасын қалыптастыруға қызмет еткен көркем дүниелер. Ақынның басты ерекшелігі – сөз өнерін қоғам алдындағы жауапкершілікпен ұштастыра білуінде. Сондықтан Мұхтар Шаханов мұрасы алдағы уақытта да әдебиеттанушылардың зерттеу нысаны болып, жаңа ұрпақтың рухани тәрбиесіне қызмет ете беретіні сөзсіз.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan