Мо Янь. Әдебиет және сиыр

46

Мо Янь. Әдебиет және сиыр - adebiportal.kz

«Проза айлық газетінің» сыйлығын алғаныма қатты қуандым. «Сыйлық алғаннан кейінгі әсеріңіз туралы жазыңыз», – дегенді естігенде ашуландым. Шынын айтайын, сыйлық алудың өзі де оңайға түспеген еді, ал енді ол туралы әсер жазу қайдан оңай болсын. Көнуден басқа не амал бар дейсің, сол бір сыйлықты күткеніме де талай заман болған еді ғой. 

Бір есімде қалғаны, Уаң Зың-чи мырза біздің сыныпқа келіп дәріс берген тұста, ең алдымен «қарапайым сөз болса болды, тереңнен толғаудың қажеті жоқ» деген сөздерді тақтаға жазып қойды, бұл қанатты сөздің қай кітапта жазылғанын ұмытып қалыппын, Уаң мырза сол кезде бірдемелер айтқан болса да ол сөздердің мағынасын түсіне алмадым. Енді әдебиетке келейік, Уаң мырза сияқты атақты кісілердің өзі тереңнен толғауға батпай отырғанда, мен сияқты ақымақтар қарапайым сөздің өзіне батылы қайдан жетсін. Мен де батылдық болмаса да табыс бар, өйткені менің «Сиырым» сыйлыққа ие болды ғой, мен ол сыйлықты жоғары бағалаймын.

«Су ішкенде құдық қазушыны ұмытпа» дегендей, жүлделі болғанда өзім бағып, өзім қуалаған сиырларды қайдан ұмытайын. Сиыр туралы сөз болса, балалық шағым есіме түседі, балалық шақты еске алсам болды өзгелердің мазағы мазалайды. Біреулер соншама ақылды бола тұра мені мазақ етеді, олардың мені мазақ еткені сиырдың құлағына домбыра шерткенмен бірдей, өйткені олардың айтатының бәрі әдебиет теориясы. Мен әдебиет теориясы дегенді мүлдем түсінбеймін, бір нәрсе жасырып отырғаным жоқ, рас түсінбеймін. Бірнеше рет мен өзімді гүлдей құлпыртып көрсеткім келіп, білмесем де білгенсіп алдым, нәтижесінде «гүлін шығарамын деп күлін шығарғанның» күйін кешіп, өзгелерге өзімнің осал тұстарымды білдіріп қойдым, бұл Гуйжоу есегінің[1] сырын жолбарыстың біліп алғанынан аумайды.

Менің балалық шағым «Мәдениет төңкерісімен» тұспа тұс келді. Ол кезде үлкендер күлкіден қалғанымен, балалардың шаттығына шектеу жоқ болатын. Сол кездегі біздің ең жақсы ойындарымыздың бірі кешкі астан кейін далада сиыр қуалау ойыны болатын. Айлы түн болса тіптен керемет. Үлкендер майшамдарын көтеріп алып бригада штабында революциямен айналысады, төрт түрлі элемент[2] ай сәулесін пайдаланып өндіріс бригадасының қара жұмыстарын істейді, ал біз де олардан қалыспай ай сәулесін пайдаланып кең далаға шығып сиыр қуалаймыз. Ол кезде менің «Сиырда» жазғанымдай, сиыр жұрттың ортақ малы, өндірістің қазынысы, кім сиыр ұрлап сойса сотталатын. Бірақ өндірістік бригадада жем-шөп жоқ, революциялық кезеңде келесі жылдың жоспарымен кім санаса қояды дейсің? Сиырларды қорасынан қуып шығып далаға айдап жіберетін, тірі болса жүре береді, өлетіндері өле береді. Егер өлгендері болып жатса коммунаға хабарланады, ондай да табиғи таза өліммен өлгені дәлелденсе, жеуге рұқсат етіліп, терісі сыпырылады да еті сатылады, сөйтіп түгел бір ауыл қарық болатыны бар. Сөйтсе де елден ерек қуанышқа бататындар сол бір қызыл гвардияшылардың[3] басшылары болады, олардан өткен сұмырай болмаса керек. Ана бір сыналып, «жазасын алып» жатқан партия бөлімшелерінің хатшылары мен бригада басшыларынан да бұзық. Арам қатқан арық сиырдың бойындағы тіске ілінерінің барлығын солардың өздері жеп алады. Енді ойлап қарасам, шенеунік болғаннан пайда жоқ екен, біреулердің неге басшы болатынын түсінбеймін? 

Бір топ бала кешкі астан кейін, ай туа салысымен кең далаға барып, ыңыршағы шыққан арық сиырларды тырқырата қуалаймыз. «Мәдениет төңкерісі» кезінде егін өспек түгілі, ен далаға шөп те шықпайтын. Сол тұста сиырлар шөптің тамырын қазып, ағаштың қабығын сыдырып жеп, жұқалап қатқан мұзды тұяқтарымен жарып су ішуді білді. Айдың жарығымен сиырларды қуалай жөнелеміз. Алғашында сиырлар бізге жеткізбейтін, кейін келе біз олардан озатын болдық. Әрқайсысымыз бір-бір сиырдың құйрығынан ұстап алып шалқалап аламыз, ай мен бұлтқа қарап жүгіргеніңде өзіңді бұлт пен тұманның ішінде ұшып бара жатқан періштелердей сезінесің. Не керек, кәрі, әлсіз, ауру, мүгедек сиырларды біз қуалап жүріп өлтірдік. Қалған сиырлар тағыланып алды, адамдарды көргенде көздері қанталап, танаулары желпілдеп, мойындарын іштеріне алып, сүзіп өлтіруге дайын тұрады. Ондай сиырларды қуалауға батылымыз жетпей қалды. Көп ұзамай, жақын арада қайтыс болған бірнеше адамның қабірін осы сиырлар қазып, ондағы мәйіттерді жеп алыпты деген қауесет таралды. Сиырлардың тағыланғаны сонша, өлген адамдарды жейтін деңгейге жеткен, енді тірі адамдарды жейтін күнде алыс емес. Сонымен біз сиыр қуалауды тоқтаттық. Осы бір кезеңде Қытайда әдебиет негізінен болған жоқ. 

«Мәдениет төңкерісі» ақырласқаннан соң көп ұзамай халық коммунасы тарап, серіктескен өндіріс жүргізіліп, істегеніне қарай еңбекақы төленді. Кейін егістік жерлер бөліске түсіп әркім өз алдына еңбек етті, сиырдың бағасы да шарықтап шыға келді. Халық коммунасы тұсында маңызы болғанымен құны жоқ сиырлар ендігі кезекте диқандардың ажырамас бөлшегіне айналды. Бұл кезең Қытай жаңа дәуір әдебиетінің алтын дәуірі болды.

90 жылдардан бастап түрлі себептерге байланысты шаруалардың егіншілікке деген құлшынысы төмендеп кетті, жастар ауылдан қалаға барып жұмыс істеп ақша тапты, ауылдағы жерлердің көбін ауқаттылар жалға алды, оның үстіне шағын ауылшаруашылық техникалары жалпыласып, жеміс бақтары көбейіп, астық алқаптары кішірейді, сөйтіп сиырдың шешуші өндіріс құралы болу тарихы ақырласты. Қазіргі кезде диқандпр сиырды бордақылап, базарда ет қып сату үшін бағады. Қоғам нарық жүйесіне өтті, сиыр мен диқан арасындағы сүйіспеншілік те үлкен өзгерістерге ұшырады. Бұрындары біреу сиыр сойса жұрт оны «өлгенде көрің де өкір» деп қарғайтұғын, ал қазір сиыр сою шошқа сойғанмен бірдей көз үйреніп, көңіл көндіккен іске айналды. Осы кезеңде әдебиетіміз де өзінің қасиеті мен абройын жоғалтты, әдеби шығармашылық тауар өндірісінің бір түрі сияқты болып шыға келді.

Шала-шарпы болса да бір байқағаным, ондаған жылдар ішінде сиыр мен әдебиеттің тағдыры бір-біріне қатты ұқсайтындай көрінеді. Сиыр өсіру тарихы – тұп-тура осы заман әдебиетінің тарихы. Көп адам менің бұл «зерттеу нәтижелеріме» қарсы шығуы мүмкін. Менің де сүттен ақ, судан таза болғым келеді, бірақ мен оны үйрене алмадым, адамның өзі қандай болса, сөзі де сондай болады екен ғой.

Сөз соңында айтайын дегенім, әдебиетпен айналысатын жолдастар, түңілмеңіздер, үміт үзбеңіздер, ғылым қанша дамыса да, диқандар қалай өзгерсе де егіншілік үшін бағылатын сиыр бәрібір болады, сол сияқты таза әдебиет те болады. «Проза айлық газеті» мені романды жақсы жазғаным үшін марапаттап отырған жоқ, қайта олар менің егіншілік үшін сиыр бағатын рухымды бағалап отыр.

Қытай тілінен аударған Қалбан Ынтыханұлы

 

[1] Гуйжоу есегі – автор мұнда «Гуйжоу есегі» деген мысалды меңзеп отыр(ауд).

[2] Төрт түрлі элемент – қыт.:四类分子 silei fenzi; Мәдениет төңкерісі кезінде билікке жақпайтын адамдарды жер иеленуші, бай шаруа, анти революцит және бұзық элемент деп төртке бөлген, оларда ешқандай адамдық құқық болмаған(ауд).

[3] Қызыл гвардияшы – қыт.:红卫兵 hong wei bing; Қытайдағы мәдениет төңкерісі тұсында ерекше міндеті бар, әсіре солшыл, әпербақан шолақ белсенділерге берілетін атақ(ауд). 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan