Кадрия Темирболатова. Жаным маған «кел» дедің...

226

Кадрия Темирболатова. Жаным маған «кел» дедің... - adebiportal.kz

Ноғайдың от жүректі ақын қызы Кадрия Оразбайқызы Темирболатова 1948 жылы 14 желтоқсанда Дағыстанның Ноғай ауданы Терекли-Мектеб ауылында туған. Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Ол 1977 жылдан СССР Жазушылар Одағының мүшесі. 1970 жылы «Таулар даладан басталады», 1972 жылы «Жолдар» және «Жастық әуендері» және басқа кітаптары шыққан. Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан 1975 жылы «Улыбка луны» кітабы шықты. «Современник» баспасынан «Спасённые звёзды» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. «Улыбка луны» кітабы үшін Кадрияға  ДАССР Ленин комсомолы атындағы сыйлық берілді. М.Ю. Лермонтов, В. Маяковский, Н.Хикмет, Р.Гамзатов тағы басқа ақындардың шығармаларын ноғай тіліне аударды. 1984 жылы «Современник» баспасынан «Дочь степей» кітабы шықты.

ЖАНЫМ МАҒАН «КЕЛ» ДЕДІҢ

Жаным маған «кел» дедің,

«Кел» деген соң келгенім.

Қарамадым артыма,

Қарамадым алдыма

Сен болған соң сенгенім.

 

Ауыр сөзді кешірдім,

Ащы сөзді кешірдім.

Өкпе-назды бәрін де

Көңілімнен өшірдім.

 

Үміт-отым жанды ма?

Тағы әуреге салды ма?

Бас ұрғандай өзіңе

Тағы келдім алдыңа.

 

Бермес деген тілекті,

Қиялдан тартып алғаным.

Ызалы мұңды жүректі

Алақаныңа салғаным.

 

Оттай лаулап жан жағым,

Көрмедім сан көздерді.

Ойыма да алмадым

«Тоқта» деген сөздерді.

 

Төзімдерім таусылып,

Жанарыңа үңілдім.

«Кел,кел» деген даусыңа

Келемін деп жүгірдім.

 

«Кел, кел» деген тәтті сөз,

Шырын сынды, бал сынды.

Қандай ғажап осы кез

Сағындым ғой даусыңды.

Сағындым ғой даусыңды...

 

 КЕШІРІҢІЗ, КЕШІҢІЗ

Періштедей ақ түндерім,

Жоқ қой сізге өкпеміз.

Мен кінәлі болсам егер

Кешіріңіз, кетпеңіз!

 

Жалындаған жастығымды,

О, түндерім! Сөндірмеңіз.

Тек жақсылық ала келгін

Жамандықты ендірмеңіз.

 

Үкілеген үмітімді,

Аялаңыз үзбеңіз.

Жұлдыздардың жарығын тек

Жүрегімнен іздеңіз.

 

Кірбің басқан өткендерім,

Қайрылмай кетіңіз.

Қараңғыда өпкен ернім

Қызарады бетіміз.

 

Ақ білегім-ақ жібектей,

Көзің бейне көк теңіз.

Тереңіне батып кетсем

Түнім, мені сөкпеңіз!

 

Сезім қандай мөлдір әсем,

Естен шықса есіміз.

Таңдай күйіп елжіресем

Түнім мені! Кешіріңіз! Кешіңіз!

 

Періштедей ақ түндерім,

Жоқ қой сізге өкпеміз.

Мен кінәлі болсам егер

Кешіріңіз, кетпеңіз!

 

 ЖҮРЕГІМ ЖЫРЛАШЫ...

Мың толғанып, жүз ойлап,

Қиялыма жыр келер.

Мың толғанып, жүз ойлап

Қиялымда жыр да өлер.

 

Күндерім, ох күндерім,

Түндерімді күндейді.

Күндіз жырлар жазбасам

Түндер көзін ілмейді.

 

Саусақтарды мүйіздеп,

Сөздер судай ағады.

Жоғалғанды ми іздеп

Шаршап, талып табады.

 

Түнім келсе жұлдызды,

Жырдың шамын жағамын.

Кадрия атты бір қызды

Жыр да іздеп табады.

 

Тәтті, балдай сөздерім,

Сол түндердің ішінде.

Қуанышым, сезгенім

Аялайды түсімде.

 

Ферузадай күрсіне,

Ай қарайды төбемде.

Жасайын мен құлшылық

Өнеріме-өлеңде.

 

Жырлай берші, жүрегім,

Сенен соны сұраймын.

Жырымменен күлемін

Жырымменен жылаймын...

 

АЛМИРАҒА

«Көздеріңнің мөлдір моншақ жастарын,

Төкпеші» деп неге айтасың жарығым?

«Жабырқама түйілмесін қастарың

Күлімсіре» дейсің  тағы. Бәрі мұң.

 

Сүйесің сен жүрегіңмен білемін,

Білсең егер менің де аппақ тілегім.

«Күлімде» деп айтпашы тек өтінем

Еңсем түсіп езілгенде жүрегім.

 

Айтпа маған «күлші , қуан» демегін,

Өзегімде өксік атса өлеңім.

Жылап тұрып күліп қарай алмаймын

Ішім-сыртым біртұтас бір денемін.

 

Ортасынан қақ айырған алмадай,

Бір жүректі екі жарып  болар ма?

Бір жартысы қайғы-мұңмен шерленсе

Бір жартысы қуанышқа толар ма?

 

Мен мұңайсам жүрегімді жылатып,

«Қайғырма» деп тілемеші сен менен.

Мұң, шер, қайғы... бәрін жазар уақыт

Не түсінер ел деген...

 

АҚЫН БОЛСАҢ

 «Нағыз ақын болсаң егер артыңда ,

 Том-том кітап қалдырсаң тек болғаны.»

 Деген сөзге иланар ма бар тұлға,

 Біреу құптар, біреу иығын қомдады.

 

 Бұл өмірден мен ұзаққа кеткенде, 

 Кітаптарым шаң астында қалмасын.

 Жалын - жырым сусыз қалған гүлдердей 

 Сабағынан ерте қурап солмасын. 

 

Бүлкілдеген тамырымда қан ойнап,

Жырым болып толқысыншы деп едім. 

Ошақтағы жанған оттай алаулап, 

Ойландырсын ойлыларды өлеңім. 

 

Айдың аппақ сәулесіндей сиқырлы, 

Бір ғажап мұң қиялымды кезеді

Өлеңім бар дәл өзімдей біртүрлі,

Ащы-тұщы өмірімнің өзі еді! 

 

Көңілімді жұбатпайды тыныш жай, 

Салқын сарай, салқын өмір, салқын бақ. 

Тот баспайтын өткір алмас қылыштай, 

Жырым тұрсын жарқылдап...

 

 ЕҺ, КАДРИЯ

Жырлар жаздым ақ қағазға  не түрлі,

Сағым белді,  самал желді, ызғарды.

Кешіріңдер, тынышымды кетірді

Ұмытыппын жырлауды мен қыздарды.

 

Көп жырлаппын жігіттерді ардақтап,

Жолбарыстай жүректі деп үндедім.

Көзбен сезіп, оймен көрсем салмақтап

Жүректілік. Қызда екен білгенім.

 

Малға сатып, құнын өлшеп пұлменен,

Тұрмыс -көрме тағдырыңды сынады.

Бір мекенге кетеді алыс білмеген

Мәңгі бақи болады деп тұрағы.

 

Мен ойласам. Ойларым да тым терең,

Бір нәзіктік, сезім іздеп жүремін.

Сүймегенге сатылғанда сол сұлу

Неге менің сыздамады жүрегім?

 

Әйелзаттың мұң шалғанда жанарын,

Оған арнап неге жырлар жазбадым?

Зарын көріп ана менен баланың

Неге оған көмек қолын созбадым?

 

Байдан зәбір көргенінде аялап,

Неге оны құшағыма  алмадым?

Көз жасыңның бір тамшысы обал-ақ

Неге сенің сүйенішің болмадым?

 

Маңдайдағы жазылған бұл тағдыр ма?

Қиялым да, көңілім де шерменде.

Айыптымын қатын сенің алдыңда

Бұл өмірге қатын болып келгенге...  

 

ҚЫЗЫЛГҮЛДІҢ ЖЫРЫ

 (ноғай қызы мен қазақ жігітінің ғашықтық хикаясы туралы жыр)

Асыл тасты білезігім,

Жанарымда жүзеді мұң.

Сыйлап едің Қарайдарым

Ұмытылмас лебізің.

Сені қалай ұмытайын.

 

Айдикердің жанынан,

Ақсүйектер тамынан

Ұзатып салдың көзіңмен

Сені қалай ұмытайын?!

 

Жалғыз терек бау болмас,

Жалғыз тас та тау болмас.

Шолпан шықпай таң атпас,

Қазақтың нары Қарайдарым

Сені қалай ұмытайын?!

 

Тамшы-жасым ағады,

Моншақ-мұңым тамады.

Қыз дегенің өмірдің

Аз-ақ күндік қонағы.

 

Қыз-мұңлықтың шері көп,

Басатұғын өрі жоқ.

Көңілімнің көктемі

Көрінбейді төрі боп.

 

Атам салды лаңды

Үмітім енді құлар-ды.

Мен бейбақты жылатып

Күйеуге беріп тынар-ды.

 

Сүйгенім едің Қарайдар,

Жетер ме екен жан айғай?

Қызылгүлдің жырына

Қарайлай жүр, қарайлай.

 

Жүрегім шерлі, зарлымын,

Тас болды менің тағдырым.

Қарайдарым сен үшін

Тәрк еттім тірлік барлығын.

 

Қарайдарым, сүйгенім,

Мені өзіңмен ала кет.

Егер амал таппасаң,

Мойыныма қыл арқан

Құрбандыққа шала кет,

Қарайдарым! Қайдасың?

 

МҰҢ 

Жалғыз кезген көшелерім, 

Жалынсыз да жарықсыз.

Қуанышым, қайғы - мұңым 

Қай бұрышта қалыпсыз?

 

Солып қалды арманым да, 

Үмітім де өшеді. 

Мына өмірдің жалғаны да 

Жанарыма көшеді.

 

Раушан гүлдің исін алып, 

Келіп - кетер күндерім.

Бір сөнбейтін жалын болып,

Жанып тұрар түндерім. 

 

Жалғыз кезген көшелерім, 

Жарық та жоқ, мен де жоқ. 

Іздерімнен өседі өлең, 

Өзім от та, сөзім-шоқ. 

 

Неге сондай ауыр екен? 

Түндерімнің тынысы. 

Неге сондай ұзақ екен? 

Естеліктің ірісі. 

 

Ойларым да, сезімдерім, 

Енді кімге керексің? 

Мөлдірейді көзімде мұң 

Мен бөлекпін. Сен бөлексің...

 

«КЕЛЕМ  ДЕГЕНІҢ»

«Келемін»  дедің де келмедің,

Келмедің «келемін» дедің де.

«Келем» деп келмесең қайтермін

Мұңымды шағам да өлеңге.

 

Келеді, күледі, сөйлейді,

Сен емес. Күтпеген өзге адам.

«Келем» деп неге адам келмейді

Мұзданам, сызданам, қызғанам.

 

Жыладым, мұңдандым, түңілдім,

Көңілім бұрылмас басқаға.

Күзетшісі болдым ба түнімнің

Сыр айттым жұлдызға, тасқа да.

 

Түннен де сұрадым жалына,

Сенер ме ең күйімді көрмесең?

Қарайлап күн өтті жолыңа

Қайтермін « келем» деп келмесең.

 

«Келемін» дегенің келмесе,

Тілің де жүректей қиналар.

Көздерің сағынышпен шөлдесе

Күтуден үзбейді бір хабар.

 

«Келем» дегенің келмесе,

Төзім де тозады –ау темір ме?

Күтудің қайғысын, азабын

Күткендер біледі өмірде

«Келем дегенің» келмесе...

 

ТҰМАНДЫ КӨЛ

Тұманды көл, тұманды көл,

Тұманыңды жырлайын.

Түбіңдегі сырларыңды

Маған айтшы, тыңдайын.

 

Сен тұманға оранғандай,

Бұлдыр-бұлдыр бейнесің.

Тұманды көл! Тұмандардың

Кигенің бе жейдесін?

 

Тұманды көл тұманыңмен,

Маған әбден ұнайсың.

Суың мөлдір сырға толы

Кімнен сырды сұрайсың?

 

Тұмандарың бұлтқа жетіп,

Тауларды да айналсын.

Тұман-сырың алыс кетіп

Тұман болып ойлансын. 

 

Тұманды көл, тұманды көл,

Мүмкін сенің тұман жаның?

Сабырлығың неткен ғажап

Мен сені ұға алмадым.

 

Тұманды көл сол тұманға,

Сен басыңды иіпсің.

Қоршаса да қалың тұман

Сен тұманнан биіксің.

 

ІЗГІ ХАТ

Айтылмаған сөз-берілмеген хат,

Жүрегімді қинайды. 

Сенің есімің! Мен үшін ғазиз ат

Тек жылылық сыйлайды.

 

Ізгі хатым -ізгі ойларым,

Тек саған арналған.

Сезімімнің тәп-тәтті қаймағын

Қалқыған ойлардан.

 

Сандықта сақтадым бұл хатты,

Жетпеді-ау қолыңа.

Көрем деп, берем деп таң да атты

Қарайлап жолыңа.

 

Сұп-суық  асфальттар , көңілсіз көшелер,

Мұң басты тағы да.

Ашпаған сырым, жырым да осында

Қарадым  хатыма жабыға.

 

Өрлігім жете алмай, өксідім , басылдым,

Тістедім бармақты.

Айтпаған сөзімді сандыққа жасырдым

Мақтадай нәп-нәзік, темірдей салмақты.

Айтылмаған сөз, ашылмаған сыр

Сақтадым сол хатты...

Сақтадым сол хатты...

 

 МЕНІҢ ДАУЫСЫМ ТАСТАРДАН ДА ШЫҒАДЫ

                                      «Мен сыймаспын, дүниеге, сыймаспын...»  

                                                                                 Насими                                                                       

Кейде осы ойларыма сыймаймын,

Ми - санамды біреу мүжіп жатқандай.

Кейде өзімді азапқа сап қинаймын

Түпсіз терең тұңғиыққа батқандай.

 

Адамдардан өзім безген шақтар бар,

Менен үркіп қашты қанша пенделер.

Мені алда шақырады ақ таңдар,

Ал өсектер ескен желмен тербелер.

 

Мен танимын табиғаттың дауысын,

Аталарым мінген аттың тұяғын.

Менің жаным қылдай нәзік қауырсын

Дала үнін жырларыма құямын.

 

Дала даусы,

Ғасырлармен үндескен,

Сол бір дауыс құлағымда тұрады,

Даламенен дала болып тілдескем.

Менің даусым тастардан да шығады,

 

Жүрегімнің жомарттығы қазына.

Небір ұсақ пендеге де ырзамын,

Өкпе мен мұң өткен күнге базына.

Тағдыр маған ұсынса егер тұз-дәмін,

 

Сөздер де бар суықтығы ақ қардай.

Мұз демімен мені үсітіп жатқандай,

Достар да бар тасадағы тас атар,

Көріскенде – тілектері мақпалдай.

 

Биік қойдым өлең деген өлшемді,

Өмірім тек адалдықпен өлшенді.

Сыймай жатсам, кінәлама, достарым

Пақыр ақын... атанайын ең соңғы!.. 

 

ЕЙ, НОҒАЙДЫН ЖІГІТТЕРІ 

Ей, ноғайдың жігіттері айбатты! 

Ермін дейтін ерлер елін ойлапты. 

Ар- ұжданын биік қойып төбеге . 

Намыс туын биік ұстап ой бақты. 

 

Кең жайылған даласында ноғайдың ,

Көкжиекке көз талдырып қараймын. 

Ноғай десе, кан кызады бойымда, 

Ей, жігіттер! Жүректе бар талай мұң !

 

 Сатпа сөзді , сатпа өзіңді , аяла!

 Асау өмір еркіңді алмай қоя ма?! 

 Ат басындай жүрегі бар ноғайдын,

 Саяласаң , ноғай жырын саяла! 

 

Қорқақ мүскін жігіттікке жарай ма?! 

Тағдыр - теңіз түсіп кетпе абайла.

 Ей, ноғайдың жігіттері кіл мықты.

 Мықты болып қалу керек қалайда! 

 

Бар жігіттер кең жайылған Ноғайда, 

Көңілдері қардай таза , бағы үстем. 

Алып бейне аталар бар Ноғайда,

 Кеуделері - көмбе сынды әні іште. 

 

Ей, ноғайдың жігіттері тұлғалы! 

Тірлік сені уысында шыңдады .

Жігіттердің жігіттігін бағалар, 

Жырымды бір тыңдағын...

 

ЖҮРЕГІМ

Асау аттай шапқылаған жүрегім,

Сабырға да бас ұрмайтын шағы бар.

Жүрегімнің түсіндей бұл реңім

Мұздаса ол , реңінің қары бар.

 

Асау аттай жүрегімді қозғама,

Жіберме оны теңізге де тауларға .

Кейде оттай жанып кете жаздаған

Тепіріштің тасы оған ауғанда.

 

Асау аттай жүрегімде дауыл бар,

Жалғандықтың бет пердесін ұнатпас.

Бұл жүрегім мұңнан ғана ауырлар

Жылар өзі, өзгелерді жылатпас.

 

Бұл жүрегім сезім- сырды аялар,

Тамырымда бүлкілдейді бір ағын.

Жүрегім тек махаббатты саялар

Сүйсем егер жүрегіммен сүйемін.

 

Асау жүрек, адал жүрек жүрегім,

Жүрегімді мазалама пенделер.

Жүрегімнің дүрсілінен білемін

Жүрегімнің кілтін ашып кім келер?!

 

  БҰЛ  КҮЗ

Күз суретін көкірегіме құяды,

Сырларын да жасырмайды менен көп.

Күз суреті қиялыма сияды

Дәптеріме жазылады өлең боп.

Күзім! Сені сүйгенімді жапырақтар білмеді.

 

Айға қарап сырласымдай тілдесем,

Ақ моншағым жарқырайды өң беріп.

Көк аспанның күймесіне мінгесем.

Бұлттарменен тербеліп.

Күзім! Сені сүйгенімді жұлдыздар да білмеді.

 

Тауға қарап ұмтыламын шыңына,

Мен биікті сүйген едім о, бастан.

Жансыз тастар, суық тастар мұңыма

Аң-таң болып қарасқан.

Күзім! Сені сүйгенімді тастар да білмеді.

 

Өз отыма өзім күйіп барамын,

Үндемеймін, тістеп өскен тіліммен.

Өмірде бар жақсылар мен жамандар

Кісілігі келбетінен білінген.

Күзім! Сені сүйгенімді адамдар да білмеді.

 

Күзім менің! Қуат берші  жырыма!

Сыбырыңды құлағыммен тыңдайын.

Табиғаттың тылсым сырын ұғына

Тынысыңды жүрегіммен жырлайын...

 

 СЕН ДЕГЕНДЕ

Сен дегенде қызғалдақтай жайнадым,

Айлы түнде өзің жайлы ойладым.

Көрмедің.

 

Бұлбұл құстай бақшаларда сайрадым,

Сезімімнің ай қалқыды қаймағын.

Көрмедің.

 

Көздерімді жылылыққа толтырып,

Жырлар жаздым  елестетіп шолпыны.

Көрмедің.

 

Шілдедегі судай болып қайнадым,

Ошақтағы оттай болып лауладым.

Көрмедің.

 

Алыстардан жеттім саған сағына,

Құшақ ашып келдім тағы жаныңа

Көрмедің.

 

Суықтығың мұң толтырып жылатты,

Сезінбедім сенен ешбір шуақты.

Хош, не қайыр,

Сен оны да көрмедің...

 

МЕНЕН СОҢ 

Егер арман құс жетпейтін тау болса,

Ерлік қылам шыңдарына бармаған.

Сол шыңдардан не күтеді деме сен

Онда дүние тар маған.

 

Егер арман тау да болмай, жол болса,

Ұзақ жолға жолаушылап шығар ем.

Әлім құрып, аяқтарым талғанша

Жүгірер ем, жетіп алып құлар ем.

 

Пенде келер бұл өмірге арманмен,

Әр жанның да арман-мұңы болады.

Жалған дүние шынымен де жалған дер

Өлгеннен соң тек өз жолың қалады.

 

Қалар жолдар, қалар жырлар артымда,

Ақын болып  туғаным да бекер ме?!

Жарқылдасаң , тірлігіңде жарқылда

Жырың қалсын - таңдайларда шекердей...

 

МЕН СҮЙМЕЙМІН

Мен сүймеймін!

Сенің асыл үйіңе,

Жүрегіме қайғы оранып кіргенін.

Мен сүймеймін!

Жанымдағы пенделер,

Есімді алған сен екенін білгенін.

 

Арманым да қол жеткізбес биік боп,

Жүрегімді мұң басқаннан қашпаймын.

Өзегімді өртендірер күйік көп,

Сонда да мен сезімімді ашпаймын!

 

Сен жылама, сертін сүймес сүйіктім,

Мені тастап жырақтарға кеттің деп.

Зары қалды қайғы менен күйіктің ,

Неменеге ынтызар сен еттің деп.

 

 Сен қайғырма! Киік келер қырларға,

 Теңіз тасып, толқын ойнар жағада.

 Сенен қашқан жүрек- киік жырларға ,

Жан азабын кірпіштердей соғамын

 

 

 Айтқан едің. Жыр болса егер қалауың:

«Кетер болсаң, жақындама , кет енді».

 Жыр- жүрегім «сен» деп соққан жалауын,

Желбіретіп бұл өмірден өтер-ді...

 

               ПАСЫҚСЫҢ

«Көп гүлдерді үзгенмін» деп мақтандың,

«Мен сені де үземін» деп  сезініп.

Создың қолды, лебін сездің ақпанның

Боранына Кадрияның кезігіп.

 

Жанарымнан суық ызғар ескенде,

Кірпіктерім жебе болып атылар.

Ернін тістеп кейін қарай сескенді

«Көп гүлдерді үздім деген батыр-ау».

 

«Көп гүлдерді үздім» деп сен шіренбе,

Тамырыңды қанжарменен кесейін.

Сендей пасық, сендей сасық біреуге

Көңілімен ешкім бермес көсеуін...

 

                    ТҮС

Түс көрдім, аянышты әрі мұң,

Кезіп келем Дағыстанның даңғылын.

Аршып алып ақ қайыңның қабығын

Әлем бізге таратқандай таң нұрын.

 

Бір жас жігіт жатыр терек түбінде,

Ақ көйлегі қызыл қанға боялған.

Жалынышты сөздері бар үнінде

Қолымен қара жерді таянған.

 

Жақын келіп жанарына үңілдім,

Сол бір сәтте шалынысып сүріндім.

Қолым создым жас жігітке дем бере,

Қанның исі.

Тәтті әрі ащы екенін ұғындым.

 

Саулап аққан қанын тыйып байладым,

Саусағымды денесіне тигізіп.

Жарақатын таңып жатып ойладым:

Көре ме екен, бұл жігіт те түсінде

Алтын жүзік-

Сүйгенінің саусағына кигізіп...

 

 СЕНІҢ АЙЫБЫҢ

Сенің айыбың, аяулым,

Қайғыдан сақтамадың.

Алақаныңда - алақаным

Айырмай ақ -қараны.

 

Жас толды көздеріме,

Жалғыздық уын жұттым.

Жанымды сезбедің бе?

Келер деп  сені күттім.

 

Ақырған аяз кетер,

Алыстап жырақтарға.

Киіктер жосып өтер

Шөл басып бұлақтарға.

 

Ащы ойдан ашыр жүрек,

Ұршықтай айналар күндер.

Неткен ауыр мазасыздық

Сосын тағы мазасыз түндер.

 

Сезімсіз күнің қараң,

Сүюді ұғынармын!

Қайтейін, көңіл алаң

Сүйдім де күйіп – жандым...

 

          СЕН  КІМСІҢ, АЯУЛЫМ?

Ақ қанатты құсқа айналсаң аяулым,

Көк аспан боп саған құшақ жаярмын.

Құс емес сен биік тау боп ойлансаң

Көзімді алмай саған ғана қарармын.

 

Жырға айналсаң жүрегімнің үні боп,

Жыр-бейнеңе әдемі ән боп қонармын.

Өмір саған сыйласа егер сүюді

Лайықты сүйіктің мен болармын.

 

От сезіммен өртенгенде өзегім,

Келмесең де өзім іздеп барармын.

Жалынсыз һәм суық болса жүрегің

Жоқ, атама суықтықтан тоңармын.

Тоңармын да мұздай қатып қалармын...

 

 КИІК-КӨҢІЛ

Ішім толы қазынадай күй кешем,

Жүрегімді жаншытады салмағы.

Мұнша жүкті Құдай неге берді екен

Көп ішінен мені неге таңдады?

 

Достарым бар, деп қарасам жаныма,

Кейде олар қулығы көп түлкідей.

Кейде менің бұл өмірде барыма

Қарайтындай түрпідей.

 

Өзегімде өртті ойларым бұлқынса,

Жарқылдаған найзағай да боламын.

Күлімсіреп  кейде ноғай жұртымша

Кең даладай  достық құшақ жаямын.

 

Сөз -жебелер оқталғанда маған тік,

Көңіл жасып, үміт өліп шерленем.

Маңдайымнан сыйпай қалса адамдық

Мейірімге киік-көңілім шөлдеген...

Ноғай тілінен аударған: Маржан ЕРШУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan