Ғаламторды шарласақ, әлем мойындаған танымал жазушылардың біразы дерлік шығармашылық жолын журналистикадан бастағанын көзің шалады. Журналистика – уақыттың, әдебиет – адамзаттың үні десек, екеуін бір арнаға тоғыстырған жаһанға әйгілі жазушы-журналистер кімдер? Солардың бірнешеуіне шолу жасап, оқырмандармен бөліссек...
Әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, классик жазушы, «Шал мен теңіз» шығармасы арқылы әлемге танылып, 1953 жылы Нобель және Пулитцер сыйлықтарын иеленген Эрнест Хемингуэй – жазушылыққа бет бұрмас бұрын журналист болып қызмет еткенін білесіз бе? Еңбек жолын «Toronto Star» газетінен бастаған жазушы әуелі соғыс тақырыбында жазатын майдан тілшісі болған. Хемингуэйдің қаламынан екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі махаббат пен қайғыны суреттейтін «Өзеннің арғы жағында, ағаштар көлеңкесінде» (Across the River and Into the Trees), «Төзімділер мен берілмегендер» (To Have and Have Not), «Қош бол, майдан!» (A Farewell to Arms), «Қоңырау кімге соғылады?» (For Whom the Bell Tolls) атты шығармалар дүниеге келеді. Журналистика қалыптастырған оның публицистикалық стилін ұлы романдарынан-ақ байқауға болар. Өзінің өмірі мен басынан кешкен оқиғалары жайлы автобиографиялық «Фиеста» кітабын жарыққа шығарған. Бүгін әлем Хемингуэйді журналист емес жазушы деп танитыны рас. Жазушы еңбектері көпшілікке қарапайым тілімен, терең философиясымен және өмірдің шынайылығын суреттеуімен танымал.

«Марк Твен» лақап атын журналистика «сыйлаған». Көпке мәлім Марк Твен есімі танымал америкалық жазушыға журналистика арқылы бұйырған. Қаламгер өзіне бұл есімді журналистика «сыйлаған» дейді екен. Ол еңбек жолын он екі жасынан журналист болып бастаған жан. Иә, жасөспірім шағында «Turner Journal» атты ағасына тиесілі газетте алғаш тілші болады. Шын есімі – Сэмюэл Клеменс. Жазушы 1835 жылы 30 қарашада Флорида қаласында туған. Невада штатындағы газетте тілші болып жүргенде жариялаған мақалаларын өз есімімен емес, лақап атпен көпшілікке шығару идеясы келеді. Сатира мен иронияға бір табан жақын жазушының алғашқы шығармалары газет беттерінде Марк Твен атымен жарияланады. Осы есіммен елге таныла бастаған соң, әдебиет әлеміне де дәл осы газеттегі лақап атымен енеді. Журналистиканы жазушылыққа алмастырған талантты тұлға уақыт өте әдебиеттен ойып орнын ала білді. Жаһан таныған Марк Твен есімі журналистік қиялдан туған лақап ат еді.

Гонзо-журналистика деп аталатын ерекше әдеби жанрдың негізін қалаушы Хантер Стоктон Томпсон — америкалық танымал жазушы. Алғашында ұзақ жылдар бойы Rolling Stone журналында тілші болып жұмыс істейді. Көбінесе америкалық саясатты сынап, президенттік сайлаулар мен қоғамдық өмір туралы мақалалар жазған. Ол – субъективті көзқарасты, деректі оқиғаларды және көркем әдебиет элементтерін біріктіріп, оқырмандарды оқиғаның ортасына тікелей енгізетін гонза стиліндегі шығармаларымен танымал. Гонзо стилінде журналист оқиғаны бақылаушы емес, оған белсенді қатысушы тұрғысынан жазады. Мұнда фактілермен қатар эмоция, автордың жеке басы әңгімеге арқау болатын ерекшелік бар. Алғашқы үлкен табыс пен танымалдылыққа «Тозақ періштелері» (Hell’s Angels) атты кітап жазғаннан кейін ие болады. Ол атақты мотоциклшілер бандасы жайлы жазылған туынды еді. Журналист содан кейін біржола жазушылыққа бет бұрған.

ЮНЕСКО деректері бойынша әлемдегі ең көп оқылатын жазушылардың бірі – Федор Достоевский. Ол ұлы жазушы ғана емес, сонымен қатар өз заманының көрнекті журналисі, редактор және көсемсөзші болған. Газет беттеріндегі публицистикалық шығармалары кейін әдебиетке, жазушылыққа қарай жол сілтейді. Омбыда қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановпен танысып, екеуара кездесу – уақыт өте үлкен достыққа ұласады. Бұл достық Достоевскидің қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыра түскені мәлім. Жазушы журналистік еңбек жолында әуелі ағасы Михаилмен бірге «Время» және «Эпоха» атты ірі қоғамдық-әдеби журналдарын шығарған. Кейіннен 1873-1874 жылдары «Гражданин» атты журналда редактор, аға редактор қызметтерін атқарады. Артынша 1876-1881 жылдар аралығында «Дневник писателя» атты ерекше моножурналын жарыққа шығарады. Өзі баспадан шығарып, автор әрі редактор болған басылымы уақытында үлкен таралымға ие болған екен.

Еңбек жолын журналистік саладан бастаған тағы бір әлем мойындаған жазушы – Максим Горький. Прозаик, драматург, публицист атанған Горький – кеңестік әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі. ХХ ғасырда ең көп оқылған классик жазушы, әуелде жолын журналистік салада тереңірек шыңдайды. Горький тамаша және көрнекті журналист болды. Көзі тірісінде ол фельетондар, эсселер, очерктер мен мақалалар сияқты көптеген журналистік материалдар жариялаған. Кең ауқымдағы тақырыптарды қозғап, сол арқылы халқының санасын оятуға тырысқан, цензурадан қаймықпайтын өткір тілді журналист атанған. Горькийдің журналистік бағыты – революциялық-патриоттық мәлімдемелермен және оқырманға арналған батыл диалогтармен әйгілі. Ол журналистиканың мақсатын «қоғамдық пікірді басқару» деп санайтындардың бірі еді. Кейіннен жазушылыққа толығымен ден қойған.

Атақты ағылшын жазушысы Чарльз Диккенс те өзінің ұлы романдарын жазбас бұрын, парламенттік репортер және сот журналисі болып жұмыс істеген. XIX ғасырдағы ең ұлы әрі танымал ағылшын жазушыларының бірі, әлем әдебиетінің классигі – өзінің жазушылық қырын журналистикаға келу арқылы аша түскен. Ол өзінің шығармаларында «Виктория» дәуіріндегі қоғам өмірі мен әлеуметтік теңсіздікті шебер суреттейді. Оның ерекше әдеби стилін қалыптастыруда жазушылық шеберлігі мен журналистік қырағылығы үлкен рөл атқарған. Әлемге әйгілі «Оливер Твисттің бастан кешкендері», «Дэвид Копперфильд», «Пиквик клубының посмерттік жазбалары», «Үлкен үміттер», «Рождестволық ән» сияқты романдары мен повестерін жарыққа шығарады. Чарльз Диккенс өзінің кәсіби мансабын журналист ретінде бастап, өз заманының ең мықты репортерлерінің бірі болды. Журналистикада «Боз» лақап атымен лондондықтардың күнделікті өмірі туралы очерктерді жариялай бастайды. Кейін «Боздың очерктері» деген кітабы басылып шығып, ең алғашқы танымалдылыққа да осы очерктері арқылы ие болған.

Қорыта келе, әдебиет пен журналистиканың қазанында қатар қайнаған дарынды тұлғалар әр дәуірде болғандығын айта аламыз. Журналистика – оларға өзіндік стиль мен қолтаңба қалыптастыруға, қаламгер ретінде шыңдалуға жол ашса, ал әлемге танытқан – жазушылық болды. Бір-бірімен біте қайнасқан бұл екі сала қашанда қатар жүретін тел ұғым. Ғаламға мәшһүр классикалық және заманауи авторларды саралап отырсақ, осыны анық байқауға болады. Сіз бұл тізімді тағы кіммен толықтырар едіңіз?
