Жас ақын Жанарыс Әскербайдың өлеңдері өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Оқырман қауымға ақынның бірнеше өлеңін ұсынып отырмыз.
***
Жаныма қарсы жүрген арайлы таң.
Күз келеді, содан ба маңай жұтаң.
Жаным – мола, жан-жаққа жәудіреген,
Жәудіреген жанармен қарайды там.
Жанымды жылытпайтын арайлы күн.
Тарқамайды сен жайлы оңай мұңым.
Самал келіп сипайды жәдігөйсіп,
Одан басқа сипасын самайды кім?
Қаңыраған әлем боп жан-жүрегім,
Қандай қиын қоштасып, жәудіреуің?
Қырық жамау болып тұр мына жүрек,
Тәбәрік қып жаныңа ал біреуін.
Ерініңдей кеберсіп қалды сүтті ай,
Суық самал жүр ме екен жанды шытпай?
Өзіңді ойлап, бір тамшы домалаттым,
Боз жусанға тұнатын таңғы шықтай.
Таң атады.
Атады ол арайланып,
Мендік мұңнан хабардар маңай ғаріп.
Тұра қалдым өзіңді ұмытуға,
Жалғыз тұрған Шолпанды санай қалып.
Мұңым қылған бүгінде таңды мезі,
Ай да үнсіз жәудіреп қалды көзі.
Ұмытуға өзіңді жәрдемдеспей,
Шолпан қалды елеңдеп жалғыз өзі.
Таң. Арайлы таң. Арайлы таң.
***
Кеше әлеуметтік желідегі жекемнен біреу:
– Бақытты болу үшін не істеу керек? - деп сұрады. Оны білсем, өзім бақытты болып алмаймын ба?…
Түнгі сәт…
Тағы екеуміз…
Махаббат тұрды көзде шын.
Бақытты болған екенбіз,
Бақыттың нұрын сезгесін.
Еріттім жаннан көп қырау,
Қолыңнан ұстап ең нәзік.
Бақытты қылып кеттің-ау,
Жанарыма сен жазып.
Үздігіп тұрдық сен, мен де,
Құшаққа алдым тағы үнсіз.
Сол сәтте жүрек кеудемде,
Дірілдеп жатты дамылсыз.
Үнсіздік және тілсіздік,
Құшуға жетті дәрменім.
– Бақытым, - дедім. Үнсіздік…
– Бақытым… - дедім…
– Ау… - дедің.
Құлшынып жаттық қосылып,
Тұншығып жаттық әтірге.
Бүлкілдей қалды қос үміт:
– Сүйемін… деген сәтіңде…
Сол сәтте үнсіз көкседім,
Тоқтатқым келіп уақытты.
Құшағыңда тек сенің,
Боламын дедің бақытты.
Иіскей бердім құлшынып,
Жұпарлы иіс шашыңнан.
Тамшылар тұрды малшынып,
Кірпіктеріңе асылған…
…Таңғы сәт…
Тағы өзіммін…
Жалғыздық сәл-пәл құндырақ.
Тамшыларында көзімнің,
Жатады сол сәт бұлдырап.
Қалмады өлең мен жазған,
Бақытсыздары бар шығар.
Жанарымда сен жазған,
Бақытты шайды тамшылар.
Үздігіп тұрды аспан жақ,
Сіркіреп барып, бастықты.
Жанарымнан жас парлап,
Құшаққа алдым жастықты…
Жастықты құшып, «сүйем» деп,
Жыладым сосын тағы үнсіз.
Жүрегім өртке күйер боп,
Қан жылап жатты дамылсыз.
Куә боп мұңға ай-таға,
Жатырмын сені мінсіз қып…
– Бақытым…
дедім…
қайтара…
– Бақытым…
дедім…
үнсіздік…
ӨТІРІКШІ АНАҒА
Алдадың неге, анашым, мені,
Алданып қалдым тағдырға.
Шыншыл қылады баласын кері,
Алданып сен де қалдың ба?
Құласам тасқа сүрініп келіп,
Жыласам қолды жаралап.
Өзіңе қарай жүгіріп келіп,
Қабырғалы үйді жағалап.
Жылайтын едім, анашым, саған,
Көрсетіп жара, бәлемді.
Жарамды сосын таңасың сараң,
Жылытып әкеп әлемді.
– Ұйықтап тұрсаң, жазылады, - деп,
Алдайтын едің балаңды.
Ұйқы қашанғы созылады деп,
Үйреніп алдым санауды.
Тұрғанда бала көңілім лаулап,
Ұмытып кетем жараны.
Тістетіп кетсе өмірім бармақ,
Ұйықтағым келіп қалады.
Құладым талай, жыладым қанша,
Жаралап жан мен жүректі.
Бірақ та, апа-ау, сұрағым:
– Қанша
дауа бермейтін түн өтті?
Ұйықтап тұрсам да дауасыз өткен,
Балаңның мәзі болмай тұр.
Оянған шақта жарасыз еткен,
Анашым, айтшы қандай түн?
Ұйықтайыншы, анашым, түнде,
Жазылады ма жан жарам?
Көрсетер балаң жарасын кімге,
Жанында ешкім қалмаған.
Басым ауырып, мұздап тұр, ана,
Қолыңды қойшы шекеме.
Жүрегім қатты сыздап тұр, ана,
Ұйықтап тұрсам, кете ме?
***
Мәңгі емес мынау ғұмырда,
Ғаламнан асқан ғасыр боп.
Жарығым, сенің шынында,
Тамып кетсем ғой жасың боп.
Тамып кетсем ғой тамшылап,
Жанарың сенің жыласа.
Жаныңда жанып шамшырақ,
Үлпілдек жұлдыз құласа…
Аспанның және жердің де,
Көркін көр, жаным, таныс па?
Мұңаймай енді мен мүлде,
Сіңіп кетсем ғой ғарышқа.
Содан соң жанып аспанда,
Темірқазығың болайын.
Аспанды бұлттар басқанда,
Жанарыңа тамайын…
Былдырлап жатып өтсем ғой,
Сыңғырлап күлкің естілсе.
Аспанға мәңгі кетсем ғой,
Күншуақ ғұмыр кешкірсе.
Сырымды көрге сақтайтын,
Кетермін, басқа не етермін?!
Жымыңдап барып ақпайтын,
Тілексіз жұлдыз екенмін…
***
Қара түннің оранып шашын жайған,
Тыныш қана отырмын қашырмай мән.
Жүрегімде боп жатқан төңкерістің,
Өртеніштің мұңдары – Ғасыр Майдан!
Қыспен бірге кіргендей сарыла мұң,
«Өлме, өлме, Жүрегім!» – әнұраным…
Талап мені кеткенде тағдыр тісі,
Тәңір Құдай, мен саған табынамын…
Қыла көрме өзгеге, Құдай, ғаріп,
Жастыққа кеп құладым, жылай қалып.
Тағдырыма бақытты салып қойшы,
Оған дейін келейін бір айналып…
Жұлмалаған мұңдардан жанып ішім,
Күнді сүйем, жәй ғана жарығы үшін…
Сендіргенмен өмірді сүйгенім жоқ,
Телміргеннен кетсе егер сағынышым.
Мұнартыған кеудемде мұң бүрісіп,
Тұман-қайғы торлады… тұрдым үсіп…
Үміттерім үзілген жапырақтай,
Көздерімнен барады бұлбұл ұшып…
Күпті көңіл күмбірлеп күдікті ойдан,
Еркін жүрек тастамай құрық бойдан.
Жылайыншы Тәңірге, мұңымды айтып,
Жүрегімнің ішіне тығып қойған…
***
Таңғы уақыт. Кітапхана ішінде,
мен үнсізбін…
тым қым-қуыт жан-жағым.
Құдай, мені түсін, мейлі, түсінбе,
Мен мешітке бармадым.
Кіргенім жоқ және тіпті шіркеуге,
Кітапхана есігіне бас сұқтым.
Міне, осылай сенің сорлы бір пендең,
Жалынына еріп кетті жастықтың.
Мен мешітке кіре қалсам, кім маған,
Әмірхан мен Мейірханды айтады?
Өмір бойы пәк сезімді жырлаған,
Ақыныңның мықты қазір сайтаны.
Қай молда мен қай поп маған жүйелеп,
Бұл өлеңнің қасиетін ұқтырар?
Қу кәллама тобыр ойлар үйелеп,
Маған, әйтеу, жебір ойлар құп-құмар!
Жазғаным да, түйгенім де мардымсыз,
Нә дәлелдеп жүрмін осы, КІМДЕРГЕ?
Кітапхана. Мен де үнсіз. Ол да үнсіз,
Ешкім қайыр сұрамайды бұл жерде.
Бәрі мұнда тыныштықты сауғалап,
Келіп отыр, қашып қала шуынан.
Мен отырмын, тек отырмын жол қарап,
Жол ашылса сәждеге кеп жығылам.
Ақыныңның алашұбар тағдыры,
Күйім осы… түсін, мейлі, түсінбе!
Мен мінәжат етіп жүрмін әр күні,
«Жүрек» деген мешітімнің ішінде…
***
Санам үнсіз. Сыбыр қағып саяқ үн,
Өмірімді өгей мұңмен боядым.
Мұқалмайтын ақын болсам деп едім,
Жүрегімді аядым…
Жылу іздеп, жапырақты жамылдым,
Мені ұғам деп сен несіне сабылдың?
Сен аяулы бір Ананың қызысың,
Мен – баласымын Тәңірдің.
Ұлығанда, шер дауысым көк тіліп,
Айқай салдым:
– Мен – Ақынмын! - деп тұрып.
Ар еншілеп қалғаннан соң қашуға
жібермейді тектілік.
Бірі – Зая, Гладиатор, Спартан,
Бәрін көрдім. Мысын білем, іш тартам.
Мыстан түннен құтылдым-ау дегенде,
Атты тағы мыстан таң.
Санам үнсіз. Басылды енді саяқ үн,
Білем мен де… ақырыма таядым.
Ақын болмай, ақыр көрмей кетер ем,
Ақын қылған Тәңірімді аядым.
Мен – Ақынмын!
Мен — Ақырмын…
