
Нұрғиса
«Отырар сазы».
«Махамбет».
Домбыра – атты қосын, лап береді,
Қобыздың ысқышы да жақ* кереді.
Дирижердың саусағы жәй түсіріп,
Шымырлатып жіберді қақ төбені.
Сыбызғы – сусылдаған жебе сынды,
Қобыздың қыл ішегі көп есілді.
Жүрегіңе кірш етіп қадалмай ма,
Күйге құлақ түрсеңші о, кесірлі.
Сазсырнай – көк бөрідей ұли беріп,
Қас маңдайым қайыстай тұр иленіп.
Көздің көлін қонды да дір еткізді,
Сезім дейтін сенделген бір инелік.
О, Құдірет, кеудемді өксік тіреп,
Көнге айналған жанымды қопсытты кеп.
Адамзатта Нұрғиса жалғыз... бірақ --
Бұл қазақтың Шопені, Моцарты көп.
*Садақ

Күйші
Секен Тұрысбек ағаға
Күйшің отыр саусағы,
Перне орнына нұр ұстап,
Домбыраның шанағы, сапырғандай ырыс-бақ.
Үндігіне үңілсек, Тәңірі құты бақсыңыз,
Кемпірқосақтағы әуенді, оқығандай дыбыстап.
Өңештегі өксікті, сыққан сайын уыстап,
Қос көзінен тұзды жас құйылады жылыстап.
Жалғыз қалған адамның жанарындай бір жұмбақ,
Қалың жауға баһадүр шапқан сынды ту ұстап.
Шертіп жатқан қос ішек талшығындай сезімнің,
Айтып жатқан нала-мұң, көлеңкесі сөзіңнің.
Күй жаныңның сәулесі, күйге құлақ түргенің,
Дір-дір еткен судағы бейнеңдей бір өзіңнің.
Бұл даланың мұрасы, шанағыңда домбыра,
Бұл даланың сыры ащы, сағағыңда домбыра.
Сымға қонған торғайдай нота тізіп көрмеген,
Бұл қазақтың ыңылын таба алдың ба, домбыра?
Күйігімді күй қылып шерткен де сен, домбыра,
Шаттығымды шалқытып, төккен де сен, домбыра.
Өзегіңе от құйған Шыңғыс сынды қағаннан,
Үнің өшпей бүгінге жеткен есен домбыра.
Аққу мойын домбыра, қаққан қолы қанатың,
Көзді жұмып пернесін, қақпан қолы табатын.
Күйшің де бір міні жоқ, күмбірлейсің домбыра,
Балықтай боп біз тұрмыз, міне қармақ қабатын.
Төбемізден күй саулап, небір хәлге ендік те,
Толған Айдай күй кештік, туған Айдай семдік те.
Күйдің аты шыңырау, биіктікке арналған,
Күйдің аты таршылық, арналады кеңдікке.
Қорғасындай балқыған, шанаққа кеп құйылдық,
Кірпігімді бір шертіп, көзден шықты күй ырғып.
Перне басқан саусағы тамыршыдай тап басып,
Күй дұғаға айналды, күй үнімен сиындық.
Суға қонған аққудай, күй де тынды “шіркін” деп,
Күрсінгендей кеудесі, буырқантты бұлтын көк.
Күй тірілткен секілді, қайшы мұртты балбалды,
Балбал тасқа айналды, сосын күйші біртіндеп…

Кетбұға. Сауға күйі
Перне басқан саусағың, өрмекшідей жорғалап,
Ішек қаққан қолыңнан, қара қайғы сорғалап,
Шыңғыс ханның алдында күңіреніп отырдың,
Қара сақал, сом қабақ.
Әр пернеден бір әріп тамып жатты от тамшы,
Күйік екен бұл күйі, бәлкім зарлы жоқтаушы.
Домбырадан естілген “сауға” сөзі саңқылдап,
Құлағыма келеді, садақ атқан оқ даусы.
Қапсағай бұлт қаптаса, қақыратып бір жауар,
Көз алдыма елестеп, жол аңдыған мың зауал.
“Найман ата баласы, анда-досың болады”,
Көмейіңде бүлкілдеп, тұрды бірақ бір сауал.
Жиырма жылдай Шыңғысқа төтеп берген найманды,
Қап-қара бұлт қамап ап, көңіліңді қайғы алды.
Төбе жұрттан төбелдей қалды дейсің күрсініп,
Төбеліңнің өзі де таусылуға айналды.
“Сауға ханым, ендігі, садаққа қол сала-дүр,
Жанымызда жазылды, жаулық салған жара-дүр.
Сен басшы да мен қосшы, қалың найман қол болып,
Жер шетіне бара-дүр”.
Күй жібітті жүректі, тас балқытқан от тамшы,
Күйік екен бұл күйі, бәлкім зарлы жоқтаушы.
Жиырма жылдық қырғынға нүкте қойған ұлы күй,
Ұлы емей немене, ұлы күйге тоқтаушы!
Кетбұғадай бабаның саусағынан күй тамған,
Айналамды аршыр ме ем, қыңыр, қисық, қиқардан.
Бұл дүниеге бір күйді тартқым келіп менің де,
Қиялымның бір шетін, мүжиді кеп ит арман.
Жақсыкелді Кемал ағаға
Домбыраның қос шегі – тамырыңдай бүлкілдеп,
Көмейге әсем ән құйып, жібергендей шіркін, көк!
Перне басқан саусағы,
Омыртқаңды жан іздеп,
Басқан сынды біртіндеп.
Қайтқан қаздың даусындай, неткен шерлі домбыра,
Аққу жылап жатқандай, көптен шерлі домбыра.
Молда оқыған құрандай,
Сұпы айтқан зікірдей,
Күңіренткен көк пен жерді домбыра.
Тартқан сайын үндіктен, құзырлы үні естілген,
Шерткен сайын үндіктен, Қызырлы үні естілген.
Домбыраға тіл бітіп, сөйлеп кеткен секілді,
Ғаршы кезіп кеткендей, ғажайып күй кештім мен.
Сынықшыдай саусағы, сипай басып пернені,
Құдайға айтып жатқандай, барлық мұңды жердегі.
Отыз екі тамырдан от аққандай балқыдым,
Екі көздің жасынан, шайып кетті сел мені.
Бұлт айдаған аспанда, құлан қуған Жошыдай,
Екі шегі – екі әлем, күй кештірген қос ұдай.
Қою үнге қаламды матырам да жыр жазам,
Жақан ағам салған ән, самғатады осылай.
Іңір түссе Ай туар, ҚҰЛАҒЫНДАЙ аспанның,
Сол құлаққа жетер ме, мына сыры дастанның.
Біздің ғасыр бір әнді ыңылдайтын секілді,
Қайырмасы секілді, Жақан ағам басқа әннің.
