Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Бақытбек Қадырұлы. Қош келдің, кинопоэзия!...

05.01.2019 4451

Бақытбек Қадырұлы. Қош келдің, кинопоэзия!

Бақытбек Қадырұлы. Қош келдің, кинопоэзия! - adebiportal.kz

Жас режиссер Нұр Жан Рух (Нұржан Тұрғымбаев) және прозаик, сценарист Есбол Нұрахмет деген үкілі үміттей, дәмелі жүйіріктей, ізкесер ізденімпаз, жас талап, замандас қос таланттың тамаша тандемінен туындаған – «Дем» art room (қысқаметрлі фильмнен) алған әсер, аймауыт ойыммен бөлісейін.

Картинада жалғанның жалғандығын сезінген, сенген соң бәрінен безінген Қуаттың бір күнгі «итше» өмірі суреттеледі. Тірліктің таңын атырып, кешін батырып жүрген қаласын тастап шығуына не түрткі болды? Әрине, қоғамнан, бәрінен жалықты. Қоғамның бір мүшесі – өзі. Өзінен де жалықты. Өзін де талақ еткісі келді. Ете алмады. Жан әлемінде жасырынып жататын «сират көпірі» оларды құлатпай, қасіретің «ләззатына» батыра түскісі келеді.

Фильм үзік-үзік символикалық сырлардың сығындысы. Сондықтан фильмдегі көпір – дәуірлер мен ғасырлар ортасын жалғап тұрған өткел секілді көрінеді. Күз бен қыс арасындағы өліра мезгіл және көпір – колониядан шыққан метрополия қоғамының жаңа бір өркениет баспалдағында тұрған сәтін ділгірлікпен дәл һәм көркем бедерлей алуымен ерекше.

Көпір, көшедегі кофе, қар астындағы сәкі, қар бетіндегі жасыл ала жапырақ, аядай жетім бұрыш, әрлі-берлі бейсауат сапырылысқан қала тұрғындары, жарығы әлісіреген балауыз шам, кітап, поэзия – бәрі-бәрі адамзат баласына ортақ игілік. Ортақ мұң. Олардың көрермен таңдайында қалатын дәмнің кермегі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ фильмдегі осындай көркемдіктің символына айналған әртүрлі зәру заттар және бояулардың бай палитрасы – қиялыңа қанат бітіріп, қай-қайдағыңды қоздырып; бір ауық күрсінтуі де ләззат.

Авторлар әлемдік классикалық art house-пен әбден таныс екендігі күмән тудырмайды. Андрей Тарковсийден Jim Jarmusch-қа дейінгі art house-тың талғамы өр көл-көсір тәжірибені емін-еркін қолдана білген. Бірақ, бір ғажабы, көріністердің көбі сужаңа. Бұл режиссердің алғашқы қадамдарының бірі болса да ізгі ізденістің ізі байқалады.

Ал түр-әлпетіміз ұқсас, Шығыстық мәдениетіміз ұқсас, туысқан корей кинематографиясымен де етене таныстығын – жас режиссердің оқшау псевдонимінің өзі аңғартса керек. Тіптен, Нұр Жан Рух деген де Францияның әйгілі киногері Жан Люк Годарды еске түсіреді. Фильмнің тақырыбы да «Дем». Жан Люк Годарда «Соңғы дем». Көшеге камераны қойып кетіп, кино түсіру – әуелі осы Годардан басталған еді. Бұл тәжірибе «Демде» де көрініс береді. Екеуі де жаңа өркениетке бара жатқан, дамушы қоғамның қорқынышы емес, болмыспен бетпе-бет келуі, қорқынышты жеңуі секілді әсер қалдырады. Фильм шарасыз босып бара жатқан жігітті суреттеу арқылы көрермен санасына жігер ұялата алуымен де тартымды шыққан.

ХХ ғасыр басындағы жастардың шетке босуын Жапон жазушысы Сато Харуо өзінің «Минору мырзаның өкініші» әңгімесінде суреттейді. Бірақ Сато Харуоныкі Жапоняның әлеуметтік-патриотық жанайқайы ғана болып шықты.

Франацуз бен жанпоның имитациясы деуден аулақпыз. Бүгінгі өркениет пен мәдениеттің көшін бастаған біраз елдің «шаптырып» кеткен сүрдегі осы.

Фильмнің бір «әттеген-айы» – монтажда. Әсіресе, көшедегі кейбір көріністердің аяқталған я қосақталған тұстарындағы темпараменттің тігісі жатқызылмаған. Бұл сенімсіздікке апарады. Сіз бір көркем проза оқып отырсаңыз бір-екі грамматикалық қателіктер көңіл ауаныңызды көп бұрмайды, іштей түзетіп, әрі қарай оқи бересіз. Ал кино бөлек әлем. Сондықтан монтажда ұсақ-түйек деген болмаса керек...

Өмірдің өзі секілді қысқа фильм финалына жеткенде ой ағысы жалт бұрылады. Басындағы әлеуметтік көрініс, философиялық толғаныс, күйреуік мұң, психологиялық желі төңкеріліп түседі. Режиссердің көркемдік шешімі – Көктем қыздың әкесін күтуі һәм таныс та бейтаныс жанға деген жіптей жіңішке лирикалық сезімі – тағы да зарыға күтуі... Бейтаныс қыздың аты – Көктем. Көктемнің бір аты – қыз ғой. Бәлкім, қыздың күтіп отырған әкесінің есімі Қыс шығар?

Сценарист қазақ киносында көп қолданылмай жүрген поэзияны шебер араластыра алған. Өлең кейіпкерлердің көңіл-күйімен дәл үйлесімін тапқан. Фильм соңы кинопоэзияға ұласып барып, сұлу сұлба балауыз шамның жарығымен солғын басылуы – көңілдің басылмаған солығындай.

P.S. Болашақтан үміт зо-о-ор. Рөлдегі Әлқуат Төлембетов ойынының әлі де бір қайнауы ішінде. Алда ашыла түсер. Жігітердің тырнақалды туындысы осы болса, көп белес иек астында тұрған сияқты... Бұл сөзімді қарапайым көрермен пікірі деп қабылдарсыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар