Жанаттың өлеңімен 1990 жылы таныстым. Оқуға түсіп, «сельхозкаға» барғанда Біржан Үсенов курстасым біз әлі танып үлгермеген Табылдының әндерін шырқап, бәрімізді шалқамыздан түсірді. Соны ішінде «Қара гүл» деген ән тіпті бөлек еді.
Ақ гүлді тердім,
Қызыл гүл көрдім.
Ал, мұны
Көргенім осы,
қозғалып кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға
Гүлдің де сірә,болады екен-ау тағдыры.
Нәп-нәзік болмыс неліктен ғана қаралы,
Жалғыз бұл емес, гүл біткен ертең солады.
Жаудырап тұрып қараған сәтте көзіме
Елестеп кетті қара көз қыздың жанары.
Тұңғиықтанып, түнеріп тұрды қара гүл,
Төбенің төсін қақ жарып шыққан жара бұл!
Бұрылып кетттім... құйындай ұйтқып көңіліме
Беймазаланып, тап бола кетті нала бір...
Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма,
Аршылар мұңың, қансыра, жүрек, қансыра!
...Көз орынында көз емес, кейде қарасаң,
Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға..
Өлең жазатын адамның мұндайда бірінші сұрағы: «Сөзі кімдікі?» болады ғой. «Жанат Аймұхамбетованікі!» деді Батырболат бірден. «Мықты өлең!» деді сосын таңдайын қағып. Өлеңге келгенде аса кіді, тым кірпияз Батоштың шын сүйсінгенін кейін оның жеке архивіндегі «Ақ желкен» журналынан көрдім. «Қара гүлдің» тұсына үш леп белгісін қойыпты.
... Жанат – менің түсінігімде ірі ақын. «Сенің осы жақсы өлең алып тұратын жерің бар-ау деймін» дедім бірде желіде. Біраз адам күліп жатты. Ал Жанаттың расында да өлең «алатын» жері бар-тын. Ол – біздің фольклор! Жанаттың өлеңін оқысаң, кішкентайыңнан құлағыңа сіңіп қалған аңыз әңгімелер, ертегі кейіпкерлері, жын мен пері, ноғайлының батырлары алдыңнан андыздап шығады. Құдды солардың әлеміне кіріп кеткендей боласың. Оның жырларының атаңның ескі шапанындай қымбат, әжеңнің жаңа сыққан құртындай тәтті, әкеңнің қамшысындай өткір, шешеңнің сақтаған сүріндей дәмді, шыңыраудың суындай мөлдір, түнде жол сілтейтін жұлдыздай жарық болатыны содан.
Асылы, Жанат туралы жазғаннан гөрі оны оқу керек. Әрине, автордың айтпақ ойын өзінен де зият етіп талдай алатын хас ғалымдардың жөні бөлек. Ал біз секілділердің жазғаны олақ адам пішкен бешпеттей болып тұрары хақ. Сондықтан өз басым оның өлеңдеріне жиі үңілемін. Сіз де сөйтіңіз.
БІР МЕЗЕТ
Шөп басына шық тұнған таң еді бұл,
Қарап тұрған —
қамкөңіл жан еді бір…
Алқызыл таң.
Жасыл шөп.
Мөп-мөлдір шық,
Жабырқаған жалғыз жан…
және ғұмыр.
Ғалам үнсіз… ойланар мұңға батып,
Өкінішін әр өткен күн жалатып…
Қарашыққа түсірер көлеңкесін
Шөп басына мөлдіреп тұнған ақық.
Бірін бірі қимайды, амал қанша,
Деп сұрай ма тілекке таң арбалса…
Көксегені жеткізбес қайран көңіл
Айыбы жоқ бір сәтке… сәл алданса.
АЛТЫН БАЛЫҚ ТУРАЛЫ
ШЫНДЫҚ
Толқында ойнақтаған жарқылды алып,
Тереңге сүңгіп кетті алтын балық.
Қалт тұрды жүйткіп бара жатқан бір сәт,
Жағада қалған жанның қалпын бағып.
Болса да балықты ілер жоқ қармағы,
Бұл жанның оған айтар көп-ті арманы.
Бәрі де ұмытылар…
Ұмытылмас тек
Өзекке өкініш боп шоқ тамғаны…
Тірілер түске айналып көп естелік,
Жұбатар бір сабырлы ой
соңы ескеріп.
… Жүзеді алтын балық түс ішінде,
Сәулесі су түбінен елес беріп.
Әрбір сәт өз үлесін кетер алып,
Жалғыз жан мұңға батар жеке қалып.
…Сол балық…
бір күндері сол жанды іздеп,
Жағаға «мен келдім»
деп жетері анық…
***
Көңілдің түкпірінде кірбің бұғып,
Қасына жайғасады бір мұң кіріп…
Өмірдің серті солай, әр пендені
Жетелер бір жылатып, бір күлдіріп.
Қиялдың қиясына жетпейді арман,
Тау түгіл таба алам ба
беткейді алдан?!
Жаудың жалғыз шыққан шаңын көрмей,
Адасып алты қазым көкті айналған.
Алты қаз – алты күнім мына менің,
Ұқтырар осы жайды ұлы әлемім…
Білмеймін шабандоз – күн қайда әкетті,
Мәреден табылмады Құлагерім.
Бүркеді мінімді түн, мұңымды ымырт,
Сырт берді сырғыма күн сырын бүгіп.
Бұрылып қарамадың деп өкпелеп,
Бұлдырап бұлтқа сіңді бұрынғы жұрт.
Асығар әрбір сәтім аялдамай,
Жүйткіді…
Ара-тұра аялдамай.
Мұңымды мұнар шыңға бұлт қып байлап,
Кірбіңді жанымдағы шаям қалай?!
