Бетбермедегі өрт
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
Бетбермедегі өрт
(әңгіме)
Ұлытаудың өркеш-өркеш жоталары шөге бере Бетпақтың жазығымен түйісер тұста өзінің биігімен емес, байсалды болмысымен ерекшеленіп Майтөбе жайылып жатыр. Қыс келе ат құлағы көрінбес борандары бет қаратпай бөжектетіні болмаса, жазы жайлы, суы майлы, жалпы мал семіретін жер. Жел айдаған бұлтты да Бетпаққа жібермей ұстап қалатын осы Майтөбе жоталары. Бауырынан баяу жылыстап жиналған бірнеше ұсақ көздер Ащылы өзеніне айналып, Қарақұм жақтағы жер асты теңізіне сіңіп кетеді. Ал бастау жағы осы бір майсалы даланың күре тамырындай ерекше ирелеңдеп, көз жетер жердің бәрін жасыл желекке көмкеруде. Жағалай қалың қияқ, құрақ, жыңғыл мен өлең шөп жайқалып тұр. Осындай тұмса табиғат үстінен қарақұс қалықтап, ителгі шүйіліп өтетін сәттерде бетегелі белдің бар болмысы алдыңа жайылып салады-ау, шіркін!
Майтөбенің бауырында Жәлмен ата ұрпағынан тараған әулеттің қорымы жатыр. Енді бір төбе ассаңыз, бағзыдан келе жатқан қыстақты көресіз. Ата кәсіп әкеден балаға мирас болып, тек кейінгі он жылды санамағанда, иесіз қалып көрмепті. Айналадағы талай шаруалықтарға үлгі болып, бетке ұстар ферма болған соң көп малшы бұны «Бет ферма» атап, кейін қазақ тілінің икеміне орай өзгеріске ұшырап, «Бетберме» деп кеткен. Соңғы жылдары қала күйбеңінен безген халық қайыра мал бағуды табыс көзіне айналдыра бастағанда осында бір жас отбасы ата кәсіппен айналыспақ ниетпен көшіп келді. Жас отбасы болғанда ерлі зайыпты екеу. Үкіметтен алған көтерме жеңілдіктері алғашында жететіндей-ақ еді. Жаңа отау құрған жанұяның арманы тым асқақ келеді ғой. Армандары да сол баяғы пендеуи қамсыз өмір, таршылық көрмеу. Былтыр Әсия келін болып түскенде қаладағы жайлы ұяларын тастап, Саматтың артынан осы фермаға келем деу түсіне де кірген емес еді. Басында бармаймын деп қиғылық салғанымен, Саматтың дегенінен қайтпайтынын түсінді. Өзінің біртоға байсалдылығына салып, үнсіз ғана көндірген. Алайда осынау иен далаға ерінің етегінен ұстатып, жетектеп алып келген нендей қасиет екен?!
Мамырдың соңын ала ағайын болып қонысқа ат салысқан. Ескі-құсқыны сыртқа шығарып өртеп, қаладан жаңа жиһаздар алдырып, тұрмыстық техникамен жабдықтап, заманға лайық барлық жайын жасасты. Ағайынның көптігі осындайда байқалады, жұмыла көтеріп жүктің ауырлығын да сезіндірмеді. Содан не керек, қоныс-қора, үй-жай реттелген соң, әруақтарға арнайы құран бағыштап, әулет болып ас берген-ді. Сөйтіп бір-біріне ұқсас күндер бірінің артынан бірі сырғып өтіп жатты.
Сондай бір шілденің тамызық кеші-тын. Ымырттың қою көлеңкесі ақбас сиырлы ферманы бауырына тартып, қора жақтан шыққан шөп пен көк сүттің иісі айналаға жайылып, танауды қытықтап ерекше жайлылық сыйлап тұр. Әсия жаңа қайнаған самаурынның қақпағын сәл көтеріп, буы бұрқыраған шайды асықпай құйып, дастарханның шетін реттей бастады. Шайдың жылуы көңілді босата бастаған мамыражай сәтте Әсия қабағын түйіңкірей:
– Күндегі бітпейтін күйкі тірліктің күйбеңі шартшатпады ма сені? Таңның атысы, күннің батысы малмен мал болып біттік, жас өмірімізді осылай иесіз ен далада өткізбекпіз бе? – деп сөзінің соңын даусын жыламсырай жеткізді.
– Сәл шыдашы, ботам, келер жылға дейін ақталатын түрі көрінбесе қалаға көшеміз. Әлі бір жыл да толмады ғой келгенімізге.
– Мен саған тұрмысқа шығарда үлде мен бүлдеге ораймын деп уәдеге толтырдың, оның үстіне аяғым ауыр екенін білесің, аяқ асты толғақ басталса не істемекпіз? Сенікі рахат осы, кез-келген уақытта қалаға кете саласың, мында түннің тылсымымен елегізіп мен қаламын. Малды ойлай бермей бізді де ойлап қойсайшы, - деп домаланып біткен қарнын сипап қойды. Самат бірдеңе айтуға оқталып, кесенің түбіндегі шайдың түйршіктері араласқан қалдықты шайқап отырып, өзінің байсалды қалпымен келіншегіне мейірлене қарап:
– Бұл өлке біздің ата-бабалар жатқан қорым. Менің бабам, жеті атам түгел жатыр. Әруақ қолдап, әлі-ақ еңбегіміз жанады. Әжем жарықтық айтатын, бұл маңға жын-жыпыр жолай қоймайды деп. Өзі де келін болып түскен жылы тура сен сияқты осы қыстақта тұрыпты. Атам марқұм малға кеткенде, не алыс сапарға шыққанда енесімен ғана қалып қояды. Сонда дейді, түнде небір шықылықтап күлген дауыс естиді екен. Қорқау деп топшылап жүрген ғой. Сөйтіп түннің бір уағында әлгі шықылықтап күлген дауыс кіре берістен естілгенде ұйқысы шайдай ашылып шар ете қалмасы бар ма? Осыны күтіп тұрғандай әжемнің енесі төрдегі қамшыны қолына ала сала екі аттап дәлізге келіп, әлдекімді ұрғандай ауаны қамшымен тіліп жіберіп «Өй қаншық немелер, ұйқы бермедіңдер ғой түге, сендерді кім шақырды ей, жоғалыңдар әрмен» деп қамшымен тағы екі рет бос кеңістікті осып жібергенде шықылықтаған дауыс жанұшыра шыңғырған дауысқа ұласып жоқ болып кетіпті. Содан бері мына қамшы кіре берісте тұрса, ештеңе де бұл үйге кіре алмайды деп айтатын еді, - деп сөзін аяқтай берген Самат Әсияның атыздай көзі мен шүберектей қуарған өңін көріп шын састы. Жүрегін басамын деп, шайлықтырып алғанын түсінді-ау, лезде:
– Әжемнің ертегісі ғой, сауаты ашық, дап-дардай адамсың, иланып отырғаның бар болсын.
Сөйтті де келіншегін маңдайынан иіскеп алдарқатты. Әйтпесе таңның алғашқы шапағымен қала жақты бетке алып, тартып кетпесіне кім кепіл? Шай ішіліп болған соң Әсия жатын орнын реттей бастады. Самат ұйқы алдында бір тыныстайын деп сыртқа шықты. Бетберме қыстағы жаздың осы бір тылсым түннің тұмсауында баяу ғана мүлгіп тұр. Жап-жарық ай төңіректі күміс нұрға бөлеп, жусанды жердің әр бедерін, қиыршық тастарын анық байқатады. Төбеде сансыз жұлдыз жымыңдап, Құс жолы ақ шаңдақтай көктен көлденең созылып, мақпал күмбездің құдіретін сездіре түсуде. Арагідік қора жақтан малдың пысқырған, күйіс қайырған дыбыстары талып естіледі. Самал жел жұқа өскен селеу мен шидің басын сусылдатып қана тербеп өтеді. Бір кезде көз жетер тұстағы ши арасынан бір түлкінің сұлбасын көзі шалғандай болды. Қыс мезгілі болмаса, талғажау қылар ұсақ аңдар жаз мезігілінде жетіліп артылғандықтан адамдар мекеніне жолай қоймайтын бұл мақұлықтың не істеп жүргенін түсінбей дал. Түлкі болса Самат жаққа назарын да аудармастан бүлкіліне басып қараңғы түннің құшағына еніп кетті. Біз де осы кезде уақытша бұл жерден жырақтай тұрайық....
***
Мыс зауытының мұржаларынан баяу көтерілген көкшіл түтін желдің ыңғайын бағып бірде шығысқа, біресе батысты бағыт қылып, бауырындағы жасанды көлшіктің бетін жанай жалпағынан жайылған жалпақ далаға барып бірақ қонады. Бұндай өндіріс түтіні үй пешінің мұржасынан шыққандай ауаға таралып та кетпей төменге тартатын қасиеті бар. Құрамындағы металл қалдықтары көп болса керек. Әйтеуір мұржалардан қою қошқыл түтін будақ-будақ етіп бұлтпен барып араласқанда көк күмбездің етегін сұрқай түске шылап, еңсені езер кескінін ескермесек, қас қарая қала шамдары самсап жанған тұста адам танымас кейіпке енеді. Тынық кеште бауырын жағалай созылып жатқан су қоймасына шағылысқанда қап-қап-қара түнді қақ жарып келе жатқан «Титаник» кемесін еске түсіреді. Желдің бағытын өзгерткен тұста зауыт түтіні қаланың ішін басып қалатын әдеті бар-тын. Бүгін де ескен жел теріс айналып, қаланың еңіс тұстарына зауыт газын қуып әкеп, әдеттегі бұйығы тірліктің ырғағағы бұзылмап еді. Қаланың шет жақтарын ақ түтін торлап алды. Әсіресе осы бір қозы көш жердегі қалыпты арнасына түскен шағын елді мекенді берекетін қашырар нышан байқалмаған. Әуелгіде зауыт түтіні шығар деп топшылаған төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Сейдахмет кәдімгі түтін иісі екенін түсіне бастағанда қатты састы. Бірден есіне алагөбеде алқынып келген Абылайдың ағатайлаған өтінішіне келісе кеткені түсті. Өкініштен жұдырығын аузына тақай бере қыршып алып, не істеп қойдым деп қос шекесін сабалай жөнелді. Әкесімен бір-бірінің көңілдеріне кірбің түсірмеген сыйлас достар екені еріксіз еске түсіп, екінші жағынан өзіне деген елпілдек көңілі жібітті ме, таң сәріде киік қууға қызметтік «Тойота» пикабын бере қоймасы бар ма? Бұрындары да өстіп бір-екі сағатқа беріп тұратын да, Абылай да аса бір ұқыптылықпен жуып сүртіп орнына қайта қойғаны бар-тын. Әкесі де бір кездері кірпігіне қан қатқан қаніпезер аңшы еді. Баласына сол қасиетінің жұрнағы жұғып кеткенін қарасаңшы. Әйтеуір желігі басылмай жүреді-ақ. Қайтсін, өзге тоңмойын байдың балаларындай жаман қылықтарға әуестігін естімепті, әйтпесе алақандай ауылда әрбір қадамың ел назарында ғой. Екінші жағынан тексеріс өткен апта келіп кеткесін, «бүгін бәлендей не болар қояр» деп көңіл қимастық танытқанына қатты қапаланды. Күн тас төбеге көтерілгенде тау-тастың тажал иесі жалаңдаған тілін жарқ етікізіп үлгерген еді. Көкжиектен көк түтін көрінгенше даланың өртеніп жатқаны туралы хабар аядай қаланы айналып үлгергені қашан. Кезекші офицерлер жеке құрамды сапқа тұрғызып, әр бөлімшеге нақты тапсырмалар мен жүру бағыттары бекітілуде. Барлық әскери, төтенше жағдай сарбаздары аяқтарынан тік тұрғызылып, сақадай сайланды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар техникаларын сайлап, байланыс мамандары рациялардың жұмысын тексеріп, орталықпен арадағы үздіксіз желіні іске қосып әлек. Сейдахмет уақыттың мүлде тығыз екенін тоқтаусыз шырылдаған дабыл қоңыраулары мен орталық бөлімнің толассыз бұйрықтарынан аңғарды. Енді аялдаса мына желмен жарысқан қызыл аждаһа маңайдың бәрін жалмап өтер түрі бар. Түн пердесі түрілгендегі түтіннің сәске кезінде қоюланып, көмейді алған кермек дәмі араны ашылған тілсіз жаудың қарқыны қатты екенін аңғартты. Өстіп аспан мен жер алағайлағанда әрбір техниканың сұрауы ерекше екенін білетін ең бірінші адам өзі . Темірдің бір жөні болар, жазымдай жас жігіттің өмірі не болмақ, қападан қабарып қалған досының түрі көз алдына келді. Иен даланы кеулеген өрттің шоғы ұшып келіп бұның өзегіне түскендей қолқасын ащы запыран күйдіріп жіберді. Жеке телефонын жалма-жан суырып, жалғыз ұлын құла түздің құшағына жіберіп қойғанын Ғалымбекке кінәлі дауыспен күмілжіп жеткізді. Әрбір минуттың қымбат екенін екеуі де біледі. Жалғыз ұлы десе шығарға жаны бөлек Ғалымбек ұлының өз дегенін істететін бірбеткей мінезін білетін, сондықтан аса қатты кейіп, реніш табын білдіре қоймады. Сейдахмет те тәптіштеп жатпады. Көп сөзге келместен екеуі «Уазға» қарғып мініп, жалаңдаған жалын тілі жалмаған жапан түздің құшағына сіңіп кете барды.
***
Бұл кезде Бетбермедегі бір ізге түскен өмір өз жосығынан жаңылмай, қалыпты тірлік ырғағымен сырғып жатқан еді. Қалаға сырт жақтан бір отбасы көшіп келіп, бұлардың фермасына орналаспақ екенін кеше ағасы айтып кеткен, соларды тайлы-тұяғымен көшіріп келмекші ниетпен таң бозымен Самат жолға шықты. Ферма тірлігіне бой үйренгенімен, айы-күні жақындап қалған Әсия аяқ қолын бауырына жинағанша жалғыз өзі мына күйбеңді еңсере ала ма? Мал баққан адамның жауы көп қой. Мезгілсіз жауын, аптабың мен аязың шамадан асып кетсе білген адамға жұттай көрінеді. Қыс түсе сала бір құдай мен айғырдың асаулығына сеніп, далаға өз бетімен жібере салатын жылқы малы жайлы еді ғой осындайда. Бірақ заманның желі кері ескенде, құны жоқ дүние қымбаттап, ірі қара пұлға айналып кеткелі қашан. Күтімі де ерекше ұқыптылықты қажет етеді-ақ. Тау мен тастың тажалы бір жағынан, тарғыл тағының шеңгелі мен азуынан бір сақтауың керек. Кейде өзін осы бір ен далаға жұмағынан жылыстап кеткен жындыдай сезінеді. Жарқырайтын кезінде күйкі тірліктің қамытын мойнына іліп, енді артқа қарауға шама жоқ. Осы бір грантты ұтып алуына ағайынның ішін алты ай аралап қаражат жинап, енді алаңсыз кәсібін өрге домалата беруге мүмкіндік туып келе жатқанда берілгісі де келмейді. Бәрінен де бататыны ағайын арасында желдей есетін күңкілі, әйтпесе көктемде көшіп келгеннен біраз қиындықты көріп-ақ бақты. Әсияның да көңілі алақұйын болып жүргені өз алдына. Не де болса жұмыскерлерді осында орналастырып, демалыста бір келіп отыратындай амалын ойластырып қойды. Оған Әсия да қуана келісті. Саматты шығарып салысымен шабаданын айқара ашып, киімдерді ақырын жинай бастады. Бұл жолы қимылы ерекше ширақ, әр қадамы нық, саңлақ. Арасында әлгі бір таныс әннің әуенін ыңылдап қойып әлі киіп үлгірмеген көйлектерін денесіне шақтап, айна алдында аз-кем кербезденіп, тек енді сыймай қалғаны еске түскенде ерке көңілі қамығып қалады. Денесі толықсып, іші әжептәуір байқалып қалғанын енді аңғарғандай шарайнаға ұзақ телміріп тұр. Бүгін-ертең тұла бойы тұңғышын дүниеге әкелмек. Осы ой санасына қайта оралған сайын жүрегі аттай тулап, кеудесін беймәлім қорқыныш пен тәтті үміт алма-кезек кернейді. Апа-жеңгелерінен толғақтың қаншалықты азапты екенін талай естіген еді. Есіне түссе қарақұс тұсынан шым ете қалған тоқ бақайының ұшына дейін тыз ете қалады. Ал сәбиін алғаш рет бауырына басар сәтті ойласа, жан дүниесін түсініксіз бір сағыныш пен мейірім тербей жөнеледі. Адам ойынан жүйрік не бар екен бұл ғаламда?! Сол бірер секунд ішінде «қолымнан келеді» деп өзін жігерлендірсе, іле-шала ана атанудың салмағы мен жауапкершілігі еске түскенде жүрегі құрғыр бірқалыпты дүрсілінен ауып кете беретіні несі екен? Бірақ құрсағындағы титтей ғана тіршілік әлсін-әлсін белгі берген сайын, бар үрейінің ар жағында ана бақытын сезіну ғажабы қол бұлғап шақырып тұр ғой...Бір мезетте ойы қарсы тұрған шарайнадай шытынап, шашырап кетті. Айнадағы өзінің бейнесі кіндік тұсынан бастап ұсақ жарықшақтанып кетті. Бешпетінің түймесі сырт етіп үзіліп, айнаға барып тиген екен де, әйнегі шытынап кеткені содан. Есін жиып үлгерем дегенше балағынан сауғалаған суды көргенде «Самааааааат» деп шар ете қалды да, арт жағындағы үюлі көрпе жастықтың үстіне құлай кетті. Сай сүйегі сырқырап, сегізкөзден төмен жағы уатылып сынып бара жатқандай шыдатар емес. Бірде анасын, бірде қалаға кеткен жолдасын көмекке шақыруда. Алайда жақын маңда оның жанайқайын естір тірі жан жоғын өзі де білмейді емес. Толғақ кезіндегі ауырсынудың азабын тек тірідей өртенген адам ғана түсіне алады екен. Өмір мен өлімнің ортасында жаңа өмір үшін жанталасып жатқан жанның жанұшыра шұрқырауына жүрегінің түгі барлар ғана бейқамдықпен қарай алар. Кенет санасының бір түкпірінен әлдеқандай сигнал келгендей болды. Құр айғайдан ештеңе өзгермейтінін, дәл осы сәтте өзінен басқа жәрдемші жоқ екенін ұқты. Бар қуатын жұмыр жұдырыққа түйіп, қасарыса тістеніп; бойын бұратып әкеткен азапқа қарсы тұруға емес, құрсағындағы шаранасын аман алып қалуға тырысты. Сонда ғана бойын билеген қорқынышты ана болуға ұмтылған қайсарлық басты. Енді ол өз өмірі үшін емес, жарық дүниеге келуге асыққан титтей ғана жүрек үшін жанын салып күресіп жатқан еді...
***
Таңсәріде Абылай пикаппен алты жүз шақырымды артқа тастап келе жатқан достарын күтіп алуға ерекше дайындалды. Киіктің қуырдағына тойдырамын деп талай уәде берген. Соның сәті бүгін келіп тұрған соң Қарсақбайдан Қарақұм жаққа өзінің талай аң қуған сүрлеуіне түсті. Таң бозамықтанып қана келе жатқан. Түннің салқыны әлі тарқамаған шөл даланы боз жусанның бұрқыраған иісі кернеп, көкжиектен жаңа ғана қылтиған күннің қызғылт сәулесі сортаң мен тақырды бозамық түске бояп тұр. Абылай пикабын ойдым-ойдым сексеуіл мен жыңғыл арасымен баяу айдап, таң алдында суатқа түсетін киіктің сүрлеуін көзбен шолып келеді. Бұл маңдағы ақбөкендердің қай ескі құдыққа, қай тұщылау жылымға келетінін ол бала күнінен білетін; күн көтерілмей-ақ үйірімен келіп, күн қыза бере қайтадан кең далаға сіңіп кететін әдеті бар. Сондықтан ол көліктің моторын өшіріп, Ащылының ықтасын жотасына шөпшілердің үйіп кеткен маяларының маңына аялдады да, бозамық даланы үнсіз шолып, таң тыныштығын бұзбай, ақбөкендердің ізін алыстан аңдып күте бастады. Алайда бөкен түгіл суыр мен тышқан да көзге ілінбеді. Тұмса табиғаттың осынау бір тыныштық орнаған келбетіне ұзақ көз алмады. Осы бір мүлгіген тыныштық толассыз ойларын тоқтатып, құлағына бір сәт тыныштық орнай бастағанда кірпігі ауырлай бастағанын байқап, қалтасынан «мальбороның» бір талын тұтатып кеудесін темекінің түтініне толтыра бір сорды да рахаттана көкке қарата будақтатып жіберді. Ортасына келгенде лоқсытып жібергендіктен жартыкеш шылымды өшірмей шертіп кеп қалды. Таң мезгілінде ашқарынға тартқан темекі басын қатты айналдырып жіберсе керек, зеңіп барып рүлді құшақтаған күйі қалғып кетті. Қанша ұйықтағаны есінде жоқ, тек кеңсірігін ашытқан түтіннің ащы иісінен селк етіп оянды. Бағана өшірмей тастай салған жартыкеш темекі маңдағы көп маяның біріне жел айдап түскен болса керек, маңайдың бәрі көк түтін, арасынан жалынның жалаңдаған қызыл тілі бір байқалып қалады. Абылай шын састы. Апыл-ғұпыл көлік есігін ашуы мұң екен қошқыл қою түтін лап беріп көлік ішін алып кетті, сөйтті де қолқасын қанжармен тіліп жібергендей ашытып жіберді. Бірден басы айналып, өкпесін құсып тастардай жөтелге басты. Ұзақ жөтеліп, толассыз төгілген сілекейі тыйылған соң ғана есін жиып көлікті оталдыра жөнелді. Тау мен тасты жолға әбден бейімделген пикап гүр ете қалып, далаға жайылып үлгерген қалың өртті тіле жүйтки жөнелді. Алайда жансыз темір көлік өздігінен жол таба ала ма?! Көз жетер тұстың бәрі аппақ түтінге оранған далада жол таба алмай Абылай газдың педалін түбіне дейін басып, құйғытып-ақ келеді. Ойлы-қырлы жерден бір-екі рет секіріп өтті де, кісі бойындай екі қойма тастың ортасына барып бірақ кірді. Көлік моторы бір ышқынып барып өшті. Қайта оталдырып орнынан қозғау әрекеті еш нәтиже бермейтінін түсінген ол есікті ашып көрмекші болды. Екі жағынан қысып қалған екі алып қара тас аштыртпады. Шынтағымен әнекті ұрып көріп еді, арнайы шыныққан шыны анау-мынау соққыға сына қоймайды. Есесіне қолын оңдыртпай ауыртып алды. Шынтақтың сіңіріне соққы оңбай тисе керек, тыз ете қалып, иыққа дейін жансызданып, сонымен әуре болып бірер минутын жоғалтып алды. Жаз бойы жауын көрмеген Бетпақтың шөп атаулысы қаулаға айналып, өртке жеңіл азық болып тұрғандықтан, алау теңізі көз ілеспес жылдамдықпен жайылып жатыр-ақ. Жел екпіндей соққан сайын жалынның жіңішке тілдері бірін-бірі қуалай жүгіріп, әп-сәтте көліктің айналасын қызыл шеңберге айналдырып үлгерді. Әуелі құрғақ шиге жармасқан от тас маңайындағы қалың тобылғыға тиіп еді, майлы бұталары одан әрі шытырлаған дыбыспен жан-жаққа шашырап күшейіп бара жатыр. Аптаптан қызған темірдің өзі енді сыртынан шарпыған жалыннан шыжылдап, есік қапталдарының бояуы күлдіреп көпси бастады. Алдыңғы әйнекке ұрылған ыстық лептен шынының өн бойын қылдай жарықтар торлап, пластик бөлшектердің күйік иісі салон ішіне жайылды. Түтін әуелі саңылаулардан жыландай жылжып кірсе, көп ұзамай қоюланып, тынысты тарылтып, көзді ашытатын ащы иіске ұласты. Сыртта өрт долданып, көлікті біртіндеп от құрсауына алып жатқанда, темір сауыттың іші тірідей қақпанға айналып, әрбір өткен секунд Абылайдың ғұмырынан моншақтың тастарындай үзіліп түсе бастады. Алғашқы шарпыған жалыннан-ақ адам баласына берілер азаптың ең зоры тірідей өртену екенін жан-тәнімен сезінді. Оттың жалыны бір жерді ғана күйдірмейді екен; ол теріні ғана емес, жүйкенің әр талын қуалап, сүйектің өзегіне дейін жетіп, адамды есінен тандырмай-ақ азаптың бәрін сезіндіреді. Шыдамастай күйік жанын тіліп өткен сайын айқайлағысы келеді, бірақ аузын ашқан сайын өкпесіне жалынның ыстық демі құйылып, жан даусы өз кеудесіне тұншығып қала береді. Сол сәтте уақыт та тоқтап қалғандай: әрбір секунд бүтін бір ғұмырға айналып, ажалдың өзі емес, ажалға дейінгі азап есінен тандырып барады. Аласұрып ағатайлағанда осынау бір азаптан тезірек құтылып, жаны кеудесінен тез шығып кетуін тілесе, тірі қалуға деген табиғи түйсік соңғы деміне дейін өмірден айырылмауға жанталастырып жатты. Майтөбе бауырында өлім мен өмірге деген құштарлықтың тағы бір шешуші айқасы басталып-ақ кетті....
***
Жезқаладан тоқсан шақырымдай жердегі, қазақтың тұңғыш мысы қорытылған Қарсақбайдың ер-азаматының бәрі аяқ астынан абыр-сабыр күйге түсті. Өрттің алғашқы нышанын да өзгеден бұрын байқаған осы ауыл болатын. Көлік атаулыға жеті-сегіз адамнан нығыздала мініп, Бетберме жаққа қарай ағылуда. Әркімнің қолында – іліккен бір-бір үзім киіз. Сол жұпыны қарумен тілсіз жаудың бетін қайтаруға жан ұшырып жүр. Жалын әзірге көкке шапшып, алапат қабырға болып көтерілмегенімен, шоқ-шаласы жан-жаққа шашырап, әр тұстан қылаң беріп үлгерген. Жердің тақырлығы ғана оттың екпінін сәл де болса тежеп тұр. Жейделерін беттеріне тұмшалап, түтінге тұншықса да, ешқайсысы кейін шегінер емес. Табиғаттың долы мінезіне қарсы жалаң қолмен айқасып жатқан осы жұрттан кешегі жауынгер халықтың қаны сезілетін. Кезінде алдаспан ұстап жауға шапқан жауынгер халықтың ұрпағы бүгін семсердің орнына киіздің бір қиығын сермеп жүрсе де, бойларындағы қайсар рух өзгермеген. Бар ойлары – арнайы өрт сөндіру жасағы жеткенше жалынның бетін қайтарып, оның айналаны жайпап кетуіне жол бермеу. Әгәрәки оған жол берсе, мына тұрған Бетбермедегі қалың шөпке жетіп, бой бермей кетері анық. Әрі қарай өзге фермалар да от құрсауында қалмақ. Ең қорқыныштысы өрттің Майтөбедегі қорымға жетуі. Осындағы жұмылдырылған жігіттердің біразының аталарының сүйектері сол қорымда жатыр. Шежіре десе шығарға жаны бөлек қазақтың бұндайда аянбасы әмбеге аян. Біресе әруақтап, бірде қаптағайлаған ұранды дауыстар әр жерден андағайлап естіледі. Бұл жанкештілердің алғы шебінде Самат та бар. Шаруасын маңдатуға фермадан таңсәріде шыққанымен, көлігі қайта-қайта жұлқи тартып, біресе өшіп қала берген соң ақауын жөндеп алайын, әрі қара шаңырақта отырған ағасына амандаса кетейін деп жолай Қарсақбайға соққан. Шай ішіп болып, гаражда көліктің капотын ашып қойып шұқи бастағаны сол еді, үй іргесіне жеткен жамыраған дауысқа елең ете қалды. Сырттағы иін тірескен елдің қимылынан бір апаттың болғанын түсіне қойды. Сол сәтте Пионер жақ тұстағы қалың түтінге көзі түсіп, асығыс аттанып жатқан көліктің біріне мінгесе кетті. Содан міне өртпен қанша алысып жатқаны есінде жоқ, тек ымырт үйіріле бастағаны мен қарының талып бара жатқанын ғана сезді. Алайда қолындағы киізден гөрі кеудесін қысқан үрейдің салмағы ауыр еді. Бір қолымен жалынды жасқап жүрсе, бір ойы Майтөбедегі жалғыз үйде қалған Әсияға қайта-қайта тарта береді. «Мотоциклге мініп, тартып кетсем бе екен?» деген аласұрған ой сан мәрте санасын осып өтті. Бірақ дәл осы сәтте шегінсе, тілсіз жау фермаға еш бөгетсіз жететінін, онда Әсияны ғана емес, бүтін Бетбермені, одан іргелес жатқан Майтөбені жалынға жалмайтынын ұғып, тістене түсіп өртке қайта қарсы ұмтылады. Желдің лебі Бетберме жаққа бұрыла берген сайын жүрегі шым ете қалып, қолындағы киізді бұрынғысынан бетер өшіге сермейді. Әр сермеген сайын «Жаратқан, әуелі осы өрттің бетін қайтар, Әсияны өзің сақтай гөр» деген жалғыз тілек кеудесінде күбір болып қайталана берді. Сырт көзге қасқайып жүргенімен, жан дүниесінің жартысы жалынмен жағаласып жатса, екінші жартысы әлдеқашан Майтөбедегі жалғыз шаңырақтың маңында безектеп жүрген еді.
***
Сейдахмет пен Ғалымбек томсырайған қалпы біраз тілге келмеді. Сейдахметті досының алдындағы кінәсі қысса, Ғалымбек тәңірден жылап жүріп сұрап алған жалғызының жаны аман қалса деген жалғыз тілегін қайталап құдайымен іштей тілдесіп келеді. Қарсақбайдан аса бере Сейдахмет өрттің қаншалықты алапат екенін көргенде ғана шошына «Піссіміле» деп салон ішіндегі өлі тыныштықты бұзды. Содан кейін ғана:
– Ғалеке, баланы табамыз, уайымдама, осы даланың сай-саласын жаттап алған әккі ғой, саған тартқан тарлан емес пе? Өзің де талай рет киік қуғанда неше апаттан аман қалдың?
– Білем... - деді Ғалымбек дауысы қарлығып. - Бірақ түздің айласын білгенмен, оттың айласын кім білген? Желдің беті бір ауса болды, жалын жалмауыздай қуып жетеді...
Ол терезеден көз алмай отырды. Қып-қызыл шоққа айналған көкжиек жүрегін қарып бара жатқандай. Іштей бір түйін тарқамай, дәл қазір үнсіз отырған Сейдахметке де қадалып өтті. Егер Сейдахмет көлікті бермегенде, өзі де «қайда барасың-ей?» деп сұрағанда, баласы бұл тозақтың ортасында қалмас па еді деген ой жылт етіп өте шықты. Бірақ дәл қазір кінә артып, өткенді қазбалаудың еш пайдасы жоғын да сезді.
- Абошым қорықпайтын бала ғой, маған тартса мінезге салып бір амалын табар... - деді ол ауыр күрсініп. - Бірақ қайсарлықтың да шамасы жетпейтін жері болады...
- Ештеңе болмайды, Ғалеке, - деді Сейдахмет сенімді үн қатуға тырысып. - Ол мына даланы бес саусағындай біледі. Желдің ығын, сайдың ықтасын іздеп кеткен шығар. Аман болса болды.
Ғалымбек басын изегендей болды.
- Құдайдан басқа медет жоқ... - деді сыбырлап. - Жалғызымды аман кезіктірсе екен...
Көлік алға зулап келеді. Екеуінің де үміті бір тал қылдың үстінде тұрса да, сол қыл үзілмесін деп іштей жанталасып отырған. Сейдахмет рүлге еңкейе түсіп, жолдың әр бедеріне көз жүгіртті.
- Анау қырқаның арғы бетінде ескі құдық бар. Оның төменінде ұзын жыра созылып жатыр. Оттан қашқан адам ең әуелі сондай ықтасынға тығылады. Ол маңды менен гөрі өзің жақсы білесің. Қанша жылдан бері осы жердің сай-саласын кезіп жүрміз ғой. Әлі де болса Абылайдың ізіне түсетін жерді жаңылмай табамыз,- деп досының алақұйын көңілін жұбатқандай болды. Ғалымбектің көз алдына жас шағындағы аңшылықтың қызықтары кино пленкасындай сырғи бастады. Әлгі жыра жайлы сөз қозғалғанда, оның есіне жастық шағындағы бір оқиға сап ете қалды.
Жаңа ғана үйленіп, шаңырақ көтерген кезі. Жастықтың желігі басыла қоймаған, аңшылықтың қызығына әлі тоймаған шағы. Қуған аңын құтқармайтын әккілігі маңайдағы елге жақсы таныс. Бірде Сәтпаев совхозынан сойысқа қой алып қайтпақ болып, ИЖ-5 мотоциклімен жалғыз жолға шыққан. Жалғызаяқ сүрлеумен зулап келе жатып, Майтөбеге жетер тұста жалғыз жайылып жүрген құлжаны көзі шалды. Тау мен тастың тағысы бұл жазыққа қалай ауып келгенін түсінбей дал. Бұйырып тұрған олжа деп түсінді өзінше. Лезде төртінші жылдамдыққа салып, газды барынша бұрап жіберді. Мотор өкіріп қоя бергенде, үріккен құлжа да тау жаққа қарай атыла жөнелді. Қайқиған үш иірім, сала құлаш мүйізін сегізкөз тұсына бір сүйкей алып көз ілеспес жылдамдықпен ұзай берді. Жас Ғалымбектің сол сәтте қаны қызып, бойын әлдебір өлермендік билей жөнелді. Әдетте шолақ мылтығын жанынан тастамайтын. Бүгін ғана қара басып, үйде ұмытып кетіпті. Ендігі ойы – арқарды анау тұрған төбеге жібермей, жазыққа қарай айдап, әбден титықтату. Үздіксіз қуаласа, қай аңның болсын аяқтары талып, сұлайтынын талай көрген.
Көп ұзамай жүрдек мотоциклмен құлжаға қапталдай жетті. Арқар басын оқыс шайқап, маңына жолатар емес. Алдын орап, бетін бұрмақ болып газды қаттырақ басқаны сол еді, мотор гүрс етіп барып өшіп қалды. Олжасынан айырылуды намыс көрген Ғалымбек еш ойланбастан мотоциклден қарғып түсіп, арқардың үстіне атылды. Қалай мініп алғанын өзі де аңғармай қалды. Асауды үйреткендей аяғын қолтықтың астына қыстырып, жабыса түсті. Беліндегі қанжарын суырып алып, мойны мен желкесіне сұққылай бастады. Құлаштап ұруға мүмкіндік жоқ. Арқар біресе мүйізін артқа сермейді, біресе тулап бұлқынады. Қалың мойын еті пышақты да оңай өткізер емес. Далада өскен қазақ арқарды кеңірдектен керіп бауыздамаса, желке тұсындағы қалың бұлшық ет пышаққа оңайлықпен алдырмайтынын жақсы білетін.
Сәтін аңдыған Ғалымбек кеңірдекке қол жеткізбек болып, желкесіне жабыса түсті. Сол сәтте арқар ескі құдықтың маңындағы кісі бойындай екі қара тастың арасына келіп, кілт тоқтай қалды. Алға ұмтылған екпінмен Ғалымбек ұшып барып, қарақұсымен тасқа соғылды. Көз алды жарқ етіп, дүние төңкеріліп кеткендей болды. Соған қарамастан орнынан атып тұрып, арқасын тасқа сүйей бергені сол еді, арқар екі-үш адым кейін шегініп барып, бар екпінімен маңдайға ұмтылды. Көрер жарығы бар екен. Сала құлаш мүйізі екі тастың арасына сарт етіп қысылып қалды.Танауынан буы бұрқырап, қанталаған көзін Ғалымбектен айырмайды. Екеуінің жүзін екі-ақ елі кеңістік бөліп тұр. Егер мүйізі тасқа тірелмегенде, әлгі соққы бас сүйегін күл-талқан етері анық еді. Арқар босануға әрекет жасап, шегіне берем дегенше, мүмкіндікті жібермеген Ғалымбек қанжарын иек астынан қорс еткізіп сұғып жіберді. Пышақты оңды-солды ырғай бергенде, қорылдаған үн шығып, аяқ астына көбік аралас қара қан жайыла бастады. Сала құлаш мүйізі тасқа қыстырылған күйі денесі сылқ ете қалып жан тәсілім болды. Қанталаған көзіндегі нұры өшкенде ғана қауіптің артта қалған түсінді. Тек сонда ғана Ғалымбектің бойындағы қызу басылды. Басы зеңіп, жүрегі айнып қоя берді. Қарақұсы жарылып, қанның біраз кеткенін енді сезді. Аспан төңкеріліп, жер айналып бара жатқандай. Одан кейінгісін анық есіне түсіре алмады. Сөйтсе, сол маңға қойды суатқа айдап келе жатқан малшылар оны алыстан байқап қалыпты. Жүгіріп жетіп, киіз күйдіріп жарасының қанын тоқтатқан. Кейін бас сүйегіне ота жасалып, ажал аузынан аман шықты. Сол күннен бастап аңшылықты біржола қойып кеткен еді. Ал енді, міне, баяғы қаны қызып, тау кезген мінездің өз ұлына қонғанын қарасаңшы. Осы ой санасын осып өткенде, алдыгүні көрген түсі де есіне сап ете қалды. Өне бойын мұздай суық шарпып өтті.
- Секе деймін, ұқсамасаң тумағыр, анау ұлдың аң десе желігі басылмай-ақ қойды. Тура өзім. Басылар, қояр деп жүрген едім. Аңның киесі болатынын миына қондыруым керек еді ғой. Өткенде бір түс көрдім. Мотоциклдің артына ұлды мінгестіріп киік қуып жүр екенбіз. Кенет қалың киіктің алдындағы теке адам сияқты екі аяқтап тұра қалып мылтық кезеп тұр екен. Соншалықты суық көрініс. Тақай бергенімде әлгі теке шүріппені басып қалғанда, мылтықтың қанды ауызы оқ емес от құсып жіберіп, Абошты мұрттай ұшырып түсірмесі бар ма? Шошып ояндым. Әй, осындай бір апатты ескертті ғой маған, неге қамданбадым. Қапияда көз жазып қалмасам болды.
Сейдахмет үндемеді, тек досының тізесіне жұдырығын білемдеп қойып:
– Ғалеке, уайымға салына берме, жақсы сөз жарым ырыс, жаққсылыққа жориық, - деп үміт мен уайымның арпалысында түтін қоюлана берген дала құшағына кіре түсті.
***
Толғақ үстінде қиналып аласұрып жатқан Әсия дала өртінен бейхабар еді. Оның күресі өртпен алысқан ағайыннан да ауыр еді, оның күресі – ұлы күрес. Әр толғақ қысқан сайын жанын суырып алардай болған азапқа тістене төзіп, дүниеге келер сәбиінің амандығынан бөлек, өз жаны үшін де аласұрып жатыр. Бір сәтке есін жиып, Саматты іздегендей жанарын есік жаққа аударып еді, келесі толқын қайта келіп, бүкіл ойын тағы да жан арпалысы жұтып жіберді. Табиғаттың тілсіз апаты мен ананың толғағы – бір мезетте бетпе-бет келген екі ұлы арпалыс еді: бірі өмірді жалмауға ұмтылса, екіншісі өмірді жарық дүниеге әкелуге жанталасып жатты. Енді бір басыла беріп шытынаған айнаға көзі түскенде толғақтың азабы емес, көзіне көрінген көріністен шошып шар ете қалды. Жалбыраған шашы бетін жапқан әйел бейнелі бірдеңе қарнына шоңиып отырып алған екен. Көмескі бейне басын сәл қисайтқандай болды да, қап-қара шашының арасынан екі оттай жанған жанар Әсияға қадалғандай болды. Денесі мұздап, тұла бойын үрей билей жөнелді. Айқайламақ болғанымен, дауыс тамағына кептетіліп қалды. «Бұл толғақтың елесі ме, әлде шынымен көзіме көрінгені ме?» деген ой санасын найзадай тіліп өтті, бірақ айнадағы бейне толғақ қысқан сайын қарнына батыңқырап отырғандай көрінді. Үйдің іші бұрынғыдан да суып кеткендей, тыныштықтың өзі қорқынышты әуенге айналып, Әсия алғаш рет толғақтан емес, көзге көрінбес бір тылсымның құрсауында қалғаннан жанұшыра бастады. Өмір мен өлім арасында жатқан адамға кеңістік перделері ашылып кетеді дейді сопылардың ілімінде. Әсия өзін қара басып қалғанын түсінгендей кәлимасын қайталай берді. Жаратқаннан аяқ-қолын аман есен бауырына алуды, мына бәленің бастыруынан құтқаруды сұрады. Кенет есіне Саматтың айтқан әлгібір әңгімесі еске түсті. Толғақтың толқыны сәл саябырлай бергенде, Әсия бойындағы қалған қайратын жиып, екі қолымен жер таянып әзер көтерілді де, босағада ілулі тұрған қамшыны жұлып алды. Келесі толқын жеткенше кіре берістегі бүктеулі текеметке қайта құлай кетіп, біресе «Уа, Жаратқан, өзің жебей гөр!» деп күбірлесе, біресе ата-баба әруағын шақырып, шыбын жанын шүберекке түйді. Толғақ жанын суырып алардай қыса түскен сайын қос қолымен қамшыны қыса ұстап, ернін қыршып ала тістеніп, ыңырсыған үнін сыртқа шығармауға тырысты. Дәл қарсы алдындағы шытынаған айнаның шеті ғана көрініп тұр еді, бірақ сол жарықшақтың ішінде әлгі жалбыраған шашты қаралы бейне баяғыша қарнына қонжиып алып, қос қолдап басып отырғандай көрінді. Сол мезетте айна іші кенет нұрланып, ақ кимешегі аппақ сәуле шашқан еңселі бір әже пайда болды да, дойыр қамшыны Әсияның қолынан жұлып алып, әлгі мақұлықтың дәл белінен осып өтті. Әлгі албасты жан дауысы шыққандай бұратылып, күйген шүберектей бүрісіп барып қап-қара түтінге айналып, айна жарықшақтарының арасына сіңіп жоқ болды. Сол-ақ екен, кеудесін жаншып тұрған көзге көрінбес зіл көтеріліп кеткендей, Әсия соңғы рет бар даусымен айқайлап жіберді. Келесі сәтте дүниені жарып шыққан нәрестенің шарана үні естіліп, дәл сол үнмен бірге үйдің іші де, ананың жүрегі де жарыққа толғандай болды; Әсия көз жасына ерік беріп, ажалдың табалдырығынан өмірді құшақтап қайта оралды. Әруақ қолдады ма, әлде өмірге деген құштарлығы бойына қуат берді ме, осы күресте Әсия жеңіп шықты. Жалғыз өзім көзге көрінбес жауды жеңдім, нәрестемді мына жарық өмірге әкелдім деген мақтанышы кеудесін кернеген еді...
***
Ұлының өлі-тірісінен бейхабар Ғалымбек Қарсақбайдан аса бере өртпен алысып жатқандарға жолыққанда көзінен жас ыршып түсті. Себебі өрттің беталысы сұрапыл. Тозақтың қақпасы ашылып, бар от осы далаға жауындай төгілген сыңайлы. Бұлардың жоқ іздеп жүргендерін ешкім байқамады. Сейдахметтің онсыз да осы өрт маңынан табылуы керек болғандықтан, аса бір күдік туғызбап еді. Өртпен алысып жатқан қарақұрым халыққа облыстан, қаладан арнайы өрт сөндіруші жасақ қосылып кеткен. Алғашында өрт жел қарқынымен күшейіп бара жатқанда Самат бірінші кезіккен көлікті оталдырып Бетберме жақты бетке алмақшы болды. Алайда дабыл дауысын аңырата жеткен арнайы техниканың керуен тізбегін көргенде бойына сенімділік ұялап, Бетбермедегі келіншегі, өзінің бар мал-мүлкін ажалдан арашалап қалушылардың алдыңғы шебінде өзі болуды ерлік санады. Тынымсыз жер сабалаған жігіттердің алдын бермей келеді. Алайда табиғаттың алапат күшіне жұмыр басты пенденің қауқары жете ме? Жалын енді ештеңеден қаймықпай, жел айдаған қызыл жыландай ирелеңдеп, Бетберме жақтағы қалың майсасына қарай лап қойды. Бір сәтте-ақ құрғақ шөп лап етіп, оттың тілі бірнеше жерден қатар көтерілгенде, жұрттың еңсесін үрей басып кетті. «Фермаға жетті!» деген ащы дауыс шаңқ ете қалғанда әркім бар күшін салып жалынға қарсы ұмтылды. Бірі киізбен ұрды, бірі күрекпен топырақ шашты, енді бірі жалаң қолымен шоқты таптап жүр. Бірақ тілсіз жау адамның қайратын менсінбей, қорым жаққа қарай ысқырып бара жатты. Дәл сол сәтте Майтөбе жақтағы қорымның үстіне үйірілген қара бұлт қас-қағымда қоюланып, яки жел, яки бір тылсым айдап әкелгені белгісіз, Бетберме жаққа дейін жайылып кетті. Күркірей барып, артынша көктен шелектеп құйған жауын жер дүниені бір-ақ басты. Жаңбырдың әр тамшысы жалынның бетін қайырып, лапылдаған отты біртіндеп жуасытып, сай-саланы сарқыраған суға толтырды. Аз ғана уақыт бұрын ажалдың демі сезіліп тұрған далаға енді жаңбырдың салқын лебі жайылып, түтіннің иісі ғана қалқып тұрды. Өрттің беті әбден қайтып, жұрт ауыр күрсініп бір-біріне қараған кезде ғана тірі қалғандарына шүкіршілік етіп, тізерлей отырғандар көбейді.
Тәңірін мадақтап, қуанысып жатқандар арасынан Ғалымбектің көзі анадайдағы ажал қақпасындай көрінген екі қара тасқа түсіп, өңі қашып кетті. Сол тастарды ол бірден таныды. Кезінде арқармен арпалысып, өлім аузынан қалған жері осы еді. Екі тастың ортасынан будақтаған қою түтінді көргенде жүрегі зу ете қалды. Ешкімге ештеңе деместен, есі ауысқан адамдай солай қарай тұра жүгірді. Оның артынан Самат бастаған жігіттер де лап қойды. Жаңбыр жалынды басқанымен, көліктің темір тұлғасы әлі бықсып жанып жатқан. Жұрт жабылып қалған шоқтарды топырақпен көміп, су шашып, есіктерін зорға ашты. Күйіп қарайған салонның ішінен адам сұлбасы көрінгенде, лезде суырып алуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Жанұшыра ұмтылған Ғалымбекті тоқтатып, әбден қап-қара болып күйіп кеткен Абылайдың денесін бірнеше жігіт көтеріп сыртқа алып шықты. Ғалымбек баласының жанына тізерлей отыра кетіп, дірілдеген қолымен оның күйеден көрінбей кеткен жүзін сипамақ еді, қалбыршықтанып терісі әбден күйіп кеткен екен. Бетінен сорғалағаны жаңбырдың суы ма, әлде әкенің көз жасы ма – оны ешкім ажырата алмады. Сол сәтте ғана айналадағы жұрттың бәрі үнсіз қалып, жаңбырдың сіркірі мен жалғызын жоқтаған әкенің жанайқайы ғана қаралы даланың үстінде қалықтап тұрды. Басылған өрттің соңғы түтінімен бұл боздақтың да жаны көкке көтеріліп бара жатты. Бәрі де тілсіз тажалдың ақыры өз сыбағасын алмай тынбайтынын енді ғана ұққандай болды. Сейдахмет еңкілдеп отырған Ғалымбектің иығынан құшақтап, үнсіз көрісті. Жаңа ғана өрттің беті қайтқанына тәубе еткен қалың жұрт енді екеуін үнсіз қоршап, бастарын төмен салған күйі сілтідей тынды. Ешкімнің жұбатар сөзі табылмады. Жаңбырдан кейінгі дымқыл далада күйген шөптің иісі мен өшкен оттың түтіні ғана қалқып тұрса, екі адырдың ар жағындағы Бетбермеде нәрестенің іңгәлаған үні шығып, керісінше жаңа өмірдің келгенін сүйіншілеп жатқандай. Бір шаңырақта сәби дүниеге келсе, дәл осы сәтте екінші шаңырақта қара жамылып жатқан еді. Өмірдің таразысы дәл осындай екен: өмір бар жерде өлім де қатар жүреді. Тепе-теңдік осылай. Жаратқан бір жанды жарық дүниеге әкелсе, бір жанды өзіне қайтарып алып жатты. Тек дала ғана үнсіз еді, меңіреу қалпы бәрін бақылап, адам баласының қуанышы мен қасіретін бірдей көтеріп, сол баяғы сабырлы қалпында көсіліп жатты...
Лақап аты: Ерман
