Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бибігүл Төлегенова: Күләш сахнаға ешқашан қоңыр ки...

06.03.2018 12975

Бибігүл Төлегенова: Күләш сахнаға ешқашан қоңыр киім киіп шыққан емес 12+

Бибігүл Төлегенова: Күләш сахнаға ешқашан қоңыр киім киіп шыққан емес - adebiportal.kz

– Бибігүл апай, қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованы алғаш сахнадан көрген күніңіз есіңізде ме?

– Кімнің болсын есінде ұзақ сақталатын қымбатты, қимас шақтары болады. Мен өз өмірімдегі сондай бір өзгеше ыстық сәт Күләш апаймен дидарласқан, әңгімелескен кездерім дер едім. Бала кезімнен Күләш апайдың әндерін тыңдап өстім. Алғаш сахнада «Қыз Жібек» операсынан көрдім.

Біз қазіргі балалар сияқты емес, ынжық, ұялшақ болатынбыз. Сол себепті Күләш апаймен көп аралас-құралас болған жоқпын. Арамызда жас айырмашылығы да болды, ол кісі анамдай адам ғой. Ал мен консерваторияны енді бітіріп келген әнші едім. Оның үстіне опера театрында азғана уақыт істедім.

– Сахнадағы Күләш бейнесі жадыңызда несімен сақталды?

– Күләш апай кәсіби білімі болмаса да, дауысы сыңғырлап, әсіресе қазақтың халық әндерін, Қазақстан композиторларының шығармаларын шебер орындайтын. Аса талантты жан еді, интонациясы мүлтіксіз таза, ән орындау ырғағы керемет, музыкалық есту қабілеті жоғары болатын.

Ол кісі сахнаға шыққанда сахна жарқырап кеткендей көрінетін. Сахнаға Күн шыққандай әсерде болатынбыз. «Жалбыр», «Абай» операларында болмаса, Күләш апай сахнаға ешқашан қоңыр киім киіп шыққан емес. Қыз Жібектей ару, аппақ аққудай болып шығатын. Концерттерге де ақ көйлек киюші еді. Апай орындаған опералық рөлдерді ойласам, таңғалысымды жасыра алмаймын. Қандай талантты жан болған! Небір күрделі рөлдерді сахнаға жарқыратып алып шыққан.

Кейін мені опера театрынан филармонияға, Құрманғазы оркестріне жеке әнші ретінде жіберді. Оның алдында оркестрмен Күләш апай шығып жүреді екен. Сол оркестрге барғаннан соң Күләш апайдың репертуарындағы барлық әндерді мен орындадым. Ол кісі көптеген әндердің алғашқы орындаушысы болды. Күләш апай орындаған әндерді енді өзім орындап жүргеніме мақтанамын. Сондықтан халық маған «екінші Күләш» деген ат та берді.

– Сіз таныған Күләш өмірде қандай жан еді?

– Күләш апай өте ақжарқын адам еді. Үнемі күліп жүретін. Дауысы сондай жіңішке болатын, жоғары дауыспен сыңғырлап сөйлейтін. Біз сияқты жастарды «Кішкентай» деп атайтын. Маған да «Әй, кішкентай» деп қойып, кеңесін айтып отыратын. Кейін Қазақ радиосында жұмыс істеп жүргенімде қазақтың небір мықты әншілері сонда келіп, ән шырқайтын. Ол кезде қазіргідей жазып алу құралы жоқ. К.Байсейітова, Р.Есімжанова, Р.Қойшыбаева, Ж.Елебеков, Б.Досымжановтар келіп, радиода концерттер өткізетін. Оларға қосылып, біз де ән айтатынбыз. Олардың ән айтқандарын тыңдап тұрып, әннің, сөздің мағынасын дұрыс ұғу, қай әнді қалай орындау керектігі жөнінде сұрақтарыма жауап алатынмын. Аз уақыт аралас-құралас болғанымызға қарамастан, мен апайды өзіме ұстаз тұтамын. Дауысымыз да ұқсас, репертуарымыз да бір болды.

– Күләш апайдың өзі сіздің әніңізді тыңдап, баға берген кезі болды ма?

– Әрине, «Риголеттада» Джильданы орындағанымды естіп, жылы лебізін білдірген. Қазақ операсына келгенде, орысша оқыған маған алдымен қазақшамды дұрыстауымды тапсырды. Қайран ұстаз, «Қыз Жібек» операсындағы шағын Қарлығаш рөлін тапсырып тұрып, кейін Жібектің партиясын өзі үйретпек болған еді. Ол тілегіне жете алмады...

1957 жылы аяқастынан Құрманғазы оркестрімен Қытайға баратын болдым.

– Күләш Байсейітованың орнына ғой?

– Иә, алғашында Күләш апайдың орнына кетіп бара жатқанымды білмедім. Тек Қытайға барғаннан кейін «Бұлбұл» әнін керемет шеберлікпен КСРО Халық әртісі Күләш Байсейітова орындады» деп хабарлағанда «Мені шатастырды ғой деймін. Неге Күләш апайды айтты?» – деп таңғалдым. Сонда ғана айналамдағылар маған бұл сапарға Күләш апайдың келмек болғанын, кейін мені жібергенін айтты.

– Қытайға баратын өнерпаздардың қатарынан Күләш Байсейітованың алынып қалуына не себеп болды екен?

– Анық-қанығын білмеймін. Естуімше, Күләш апайдың үстінен біреулер арыз жазған деседі. Сол арыздан кейін ол кісіні тізімнен алып тастапты. Қытайдан қайтып келе жатқанымда «Советская культура» газетінен Күләш апайдың дүниеден озғанын оқыдым. Бізге ол кісі асқар таудай көрінетін. Сөйтсек, өмірден өткенінде небары 45-ақ жаста болыпты ғой. И.Тургенев: «Дүниеде жақсы нәрселер көп қой, бәрін де қимаймын. Әсіресе бәрінен бұрын әнді қимаймын», – деп жазған екен. Әнді сүйген адам оның шебер орындаушысына да сүйсінеді. Күләш апай біздің сондай сүйіктіміз еді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар