Білім күні туралы он дерек

Тәуелсіз Қазақстанның миллиондаған ұл-қыздары жаңа оқу жылы бүгін білім жолына қадам басты. Осыған орай 1 қыркүйек – Білім күні туралы он деректі ұсынып отырмыз.

Білім күні туралы он дерек - adebiportal.kz

«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет». Ұлы Шоқан Уәлихановтың ХІХ ғасырда айтқан бұл сөзі қашан болмасын, маңызды күйінде қала бермек.

Тәуелсіз Қазақстанның миллиондаған ұл-қыздары жаңа оқу жылы бүгін білім жолына қадам басты. Осыған орай 1 қыркүйек – Білім күні туралы он деректі ұсынып отырмыз.

1. Бірінші қыркүйек – Білім күні. Бұл күні әлемнің көптеген елдерінде жаңа оқу жылы басталады. Солардың бірі – Қазақстан. 2026-2027 оқу жылы еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллионнан астам бала білім алады. Соның ішінде 380 мың бала бірінші сыныптың табалдырығын аттаса, 227 мың оқушы он бірінші сыныпқа көшті.

2. Әлемнің барлық елдерінде бірдей 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталмайды. Шамамен қырықтай мемлекетте осы күні Білім күні атап өтіліп, алғашқы қоңырау соғылады. Бұл меже бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі елдердің көбінде және Еуропаның Польша, Франция, Бельгия, Ирландия, Венгрия, Чехия, Словакия, Словения, сондай-ақ Азияның Қытай, Монғолия, Лаос, Тайвань, Вьетнам елдеріне тән.

3. Бірінші қыркүйек не себепті оқу жылының басы деп таңдалған? Бұл ерте христиан әлемінің тарихи танымымен астасып жатыр. Ертеде христиандар жаңа жылды қыркүйектің басында тойлаған. Шіркеу мен білім беру – бірлікте қарастырылғандықтан, бұл күн – жаңа жыл әрі жаңа оқу жылының басы болып саналған.

4. 1935 жылы Халық Комиссарлары Кеңесі мен Бүкілодақтық коммунистік партиясы Орталық Комитеті арнайы қаулы шығарып, Кеңес Одағында 1 қыркүйек оқу жылының алғашқы күні ретінде бекітілген. Қазақстан мен өзге де бұрынғы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған елдерде бұл күн өзгеріссіз қалды.

5. Бірінші қыркүйек – ІІ Дүниежүзілік соғыстың басталған күні. 1939 жылы дәл осы күні Гитлершіл Германия Польшаға басып кірген. Сондықтан да бұл күннің соғысқа қарсы мәні тарихта күшейе түскен.

6. Бірінші қыркүйек – Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Сондықтан бұл елде 2 қыркүйек – Білім күні.

7. Бірінші қыркүйек – Арменияда Білім және жазу, әдебиет күні ретінде атап өтіледі. Осы уақытта Оңтүстік Кавказда қатты ыстық болатын себепті, көршілес Әзербайжан мен Грузияда оқу жылы 15-18 қыркүйекте басталады. 

8. Бірінші қыркүйек – Вьетнамда да Білім күні. Өзге елдердің бәрінде осы күні алғашқы қоңырау соғу рәсімі өтеді. Ал Вьетнамда қоңыраудың орнына дәстүрлі тронг-туонг барабаны соғылады. 

9. Кейбір елдерде, мысалы, Израильде 1 қыркүйек – Білім күні. Бірақ күздің алғашқы күні сенбіге немесе ұлттық мерекеге тап келсе, Білім күні тамыздың соңғы күніне ауыстырылады.

10. Білім күні немесе жаңа оқу жылының басталуында әлем елдері бойынша ешқандай бірізділік жоқ. Мұның басты себебі – климаттық-маусымдық ерекшелік болып саналады. Әр мемлекет оқу жылының бас-аяғын оқушылардың қолайлы білім алуына орай ұйымдастырады.

Білім күні құтты болсын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan