Орхан Велидің «Garip» (Біртүрлілік) жинағының 1945 жылғы кеңейтілген екінші басылымына жазған кіріспе сөзі
Түрік әдебиетінде Бірінші жаңа немесе «Гарип» ағымы деп аталатын әдеби ағым Орхан Вели Канык, Оқтай Рыфат және Мелих Жевдет Андай секілді ақындардың төңірегінде қалыптасқан. Бұл ақындар классикалық поэзияның өлшемдері мен дәстүрлі тақырыптарынан іргесін ажыратып, көбіне күнделікті өмірді бейнелейтін, қарапайым сөйлеу тіліне жақын өлеңдер жазды. Ағымның атауы Орхан Велидің 1941 жылы аталған ақындармен бірге жариялаған «Гарип» атты алғашқы өлеңдер жинағынан бастау алады.
1941 жылы алғаш рет жарық көрген кітапта үш ақынның өлеңдері мен Орхан Велидің «Гарип» атты ауқымды мақаласы бірге басылды. Бұл мақаласында Орхан Вели классикалық поэзия түсінігін әрі мазмұн, әрі форма тұрғысынан сынға алды.
1945 жылғы екінші басылымда, кітап тек Орхан Велидің өз өлеңдерінен тұрды. Ақын осы басылымға «Гарип үшін» атты екінші мақаласын жазып, бұрынғы сыни көзқарасын жұмсартқан еді...
Қиындықтарға жалғыз қалса да қарсы тұра алған жан ғана шын мәнінде қуатты болуы тиіс. Мұны мен өзім ең терең жалғыздыққа тап болып, үмітсіздіктің салмағын сезінген сәттерімде айқынырақ ұқтым.
Жылдар бойы жалғыз қалғандықтан, жалғыздыққа әбден етім өліп кеткені сонша, ақырында бұл күйге әдеттеніп қана қоймай, тіпті күшті болудың нышаны ретінде кейде жалғыздықты өзім әдейі іздейтін болдым. Қазір «мақтаныш» деп аталатын бұл сезім, шынтуайтында, басында жай ғана жұбаныштың жолы еді. Өмірін мен секілді азапқа толы деп ойлаған адамдар да осыған ұқсас талай жұбаныш амалдарын тапқан болар. Сол амалдар – жалғыз қалған жанның жалғыздық сәтіндегі серігі.
Біз тіршіліктің алдында, тіпті өлімнің алдында да тек осындай серіктердің демеуінің арқасында ғана қасқайып қарсы тұра аламыз. Менің де, жоғарыда айтқан сол мақтанышым сынды, тағы бірнеше осы тектес «досым» бар. Уақытым болса, сіздермен солардың жайын бөліссем, қандай жақсы болар еді! Бірақ «Garip» үшін жазылар сөзді бірден сырласуға айналдырып жіберсем, бәлкім, маған ренжіп жүрерсіздер кейін. Сондықтан әзірге, сол достардың біреуі туралы ғана айтып бергім келіп отыр.
«Ешқашан істеген ісім үшін өкінбейтін боламын» деп өз-өзіңізге серт берген кезіңіз болды ма? Менде болды. Бұл шешімнің пайдасын да көп көрдім. Егер ол шешімді талай жыл бұрын қабылдамағанымда, ауыр күндерімнің, жан жарасын сезінген түндерімнің саны әлдеқайда көп болар еді.
Сол күндердің бірінде, сол түндердің бірінде егер мен «1941 жылы Garip деген кітап шығарыппын» деп санамды тырнап, өкінумен болғанымда, нәтижесінде тіпті оның қайта басылуына ешқашан келіспес едім. «Garip» қайта жарық көріп жатқан сәтте, ішімде «мәрттік менде қалсын» дегенге ұқсас бір сезім тұрды.
Бүгін, өлеңдегі «Garip» ұғымы жөнінде тағы бір жазба жазуға бел буып, жазу үстеліме отырсам, әлбетте бұрынғыдан басқаша нәрселер айтар едім. Бірақ осы үшін мені кім кінәлай алады? Оларды бес жыл бұрын жазғам. Егер бес жылдан кейін де дәл сол сөздерді айтатын болсам, мен не үшін өмір сүрдім? Сол күні-ақ өліп кеткенім артық емес пе еді? Өйткені бұл – бес жыл босқа өтті дегенді білдірмек...
Меніңмың тоғыз жүз қырық бірінші жылы айтқандарым мың алты жүз он алтыншы жылы елу екі жасында дүние салған Шекспирдің үш жүз жетпіс жеті жасында айтуы тиіс сөздері болатын... Дәл сол сияқты, жүз жылдан кейін өмір сүретін бір ақын да менің жүз отыз бір жасымда ойлайтын ойларымды ойлап, сол жайлы айтып беруі тиіс.
Біз бір болмысқа оралу, өзімізді іздеп табу дәуірін кешіп отырмыз. Тіліміздің тіпті күннен күнге өзгеріп жатқанын аңғармайтын болсаңыздар, осы жазбамды да, мың тоғыз жүз қырық бірінші жылы, сол кездерде жариялаған Garip-ті де салыстырып қараңыздар. Айырмашылықтың қаншалықты зор екенін көресіздер.
Бірақ сол айырмашылықтың бар күнәсін менің иығыма артпаңыздар; дәл сондай тәжірибені басқа жазушылардың шығармаларынан да байқап көріңіздер... Сонда мұның жеке адамның емес, уақыт өткен сайын алға, көркемдікке, жетілген дүниеге қарай қадам басқан тұтас қоғамның ісі екенін түсінесіздер...
Әрине, бұл өзгерістің қарқынына ілесе алмай артта қалып қоятын адамдар да кездеседі. Бірақ үнемі ілгерілеген сайын біз артта бір шоғыр «қалдық» тастап отырмаймыз ба, бірталай «шығынға» ұшырамаймыз ба?
Кейде сол қалдықтар аяғымызға оратылып, өз жолымызбен жүруімізге бөгет болмай ма?
Жазған сайын байқаймын: мен Garip-ті ақтап алғысы келген кісідей көрініп отырмын... Бірақ Garip-ті ешкімнен де емес, ең алдымен өзімнен қорғағым келеді... Мұны айналамдағыларды мүлде елемеуімнен деп ойлап қалмаңыздар. Жоқ, мен оны өзгелерден бұрын өзімнің алдымда қорғағым келсе, ол – ішіндегі кемшіліктерді өзгелерден гөрі өзімнің анық білетіндігімнен.
Әрине, «менен басқа ешкім білмейді» деген ниетпен айтып отырған да жоқпын мұны; өзгелер дегенім – кітабым жайлы пікір білдіргендер. Солардың ішінде атап өтіп, тиек қылуға тұрарлық жалғыз сыни жазба ғана есіме түседі қазір. Ол сынның иесі – ойларына шын сенген досым болатын. Ол кісі: «Қоғамға байланған өнердің адамның рухани өміріне ат салыса алмайтынын», - айтқан болатын...
Мен, бірақ, адамның рухани болмысы қоғамнан мүлде бөлек құбылыс деп ешқашан айтқан жоқпын қой... Әлде сол досымның өзі жазбаларымды солай түсінгені ме? Ол олай түсінбеуі керек еді. Өйткені мен сияқты бітімгер болмаған күннің өзінде де, қарама-қарсы теориялардың жақтастары кей сәтте өз ойларын қарсы тараптың уәждерімен толықтырып отырады. Мысалға, санадан тыс орынға, бейсанаға ысырылып тасталған тенденцияларды сол жерге қоғамның өзі айдағанын, демек, біз «бейсаналық» дейтін әлемнің қалыптасуында қоғамның орасан зор үлесі бар екенін мойындамайтын бір де бір фрейдшіл адам жоқ шығар...
Мен сол кездері айтпаған болсам, енді айтайын: өзім үшін бейсаналық – дербес бір болмыс емес, белгілі бір ойды түсіндіру үшін ұсынылған ұғым ғана. Тура бірқатар адамдардың Құдайды шынайы болмыс ретінде емес, өздеріне қажет түсінікті бейнелеу үшін ғана қабылдағаны секілді яғни.
Бұл әңгімені тереңдете түсуді қалар едім. Бірақ айтар сөздерім мен ойларым тым ақылгөйсіп кете ме деп қауіптенемін. Өйткені поэзия жөнінде, ақылгөйсімей-ақ айтылатын талай сөз бар... Бірақ мен Garip-ті жазған кезде, негізінен, бұл біртүрліліктің, біртүрлі ойлар мен сезімдердің қайдан шыққанын ойлап, маған қайдан келгенін бағамдап, өлеңнің құндылықтарына онша бойламаған едім... Шынын айтсам, сол құндылықтарды ол кездері онша білмейтінмін де. Бүгінде жағдай басқаша. Өлең жөніндегі тәжірибем де молайды, білімім де артты. Бірақ соған қарамастан, сол тәжірибе мен білімді жеткізу маған сол күнгі кездерден де қиын көрінеді. Ашығын айтқанда, жеткізудің емес, жеткізгенді түсінбей қалатындардыңжанды қинар тұсы басым болар деп ойлаймын.
Дегенмен бұлай болмай шықса да, айтқан сөзімнің неге жарайтынын да білмеймін. Өйткені ойлар тарихы – ақиқат іздеу тарихынан гөрі, «пікір саудагерлігінің» тарихы сияқты... Бүгінгі күнге келгенге дейін қаншама сөз айтылды. Бірақ, шын мәнінде, не айтылды? Бір кезде бір досым: «Өнерге қатысты мәселелерде, мен жоққа шығара алмайтын және дәлелденбейтін мәселе жоқ», - деген еді... Ал жоққа шығара алмайтын, дәлелденбейтін мәселе жоқ деу – дәлелдеуге болатын, жоққа шығарылуы тиіс бір мәселе де жоқ дегенмен тең болмақ... Егер жоққа шығаруға болатын бір мәселе жоқ болса, онда біз не үшін ойланамыз, не үшін сөйлейміз, неменеге жазамыз? Әлде өнер туралы сөз қозғау да, өнердің өзімен айналысу секілді, жазылмас дерт пе екен?..
Орхан Вели
Стамбул, 1945 жыл (сәуір)
Орхан Велидің «Гарип» жинағынан бір өлең…
ОАРИСТ
Әй, естелігі антымдай биік, ішімдегі...
Әй, бақшасының бақытқа ашылған қақпасы
әлі күнге дейін түсіме енетін алғашқы көз дертім,
Сәби маңдайларда сезілген жып-жылы ерін.
сезім бұтағымда ең алғаш ашылған бүршік,
Қанымның ағысын жаңартқан тамыр,
Гүл түсті жарығы махаббат толы кештер,
Жаңа атқан таң сынды ішімдегі балалық.
Әй, ағашперде арасынан болмашы жылт еткен қызғалдақ,
Және ауасы дауысымызға толы көктем,
Жүгірген жолдарымыз, ойнаған суларымыз,
Қағаз желкенінде сезім тасыған кеме.
Қарсы мұнарада оқылған азанды естіп
төсегіме жылылығын әкелген түсім,
Теңіздерінде бірге күн кешкен әлем,
Көкжиегі әппақ жәннаттарға апаратын жағалау...
Еһ!
Біршама естеліктерді есіме салған өрік ағашы
Және
алғашқы сапарымда-ақ басталған қасірет, зындан;
Сонсоң...
Шаңғырлақ ат арбаның артында қалып
әппақ қолорамалымда сақталған алғашқы мұң.

Орхан Вели Канык 1914 жылғы 13 сәуірде Стамбулдың Бейкоз ауданында дүниеге келген.
Түрік әдебиетінде Бірінші жаңа немесе кеңінен танылған атауымен «Гарип» ағымының басты өкілдерінің бірі. Қысқа ғұмырында өмірді іштен бақылайтын ойшыл болмысымен және поэзияға әкелген өзгеше көзқарасымен ерекшеленді.
Өлеңдерінен бөлек, аударма, әңгіме және әдеби зерттеу еңбектері де жарық көрді.
1950 жылғы 14 қарашада Стамбулда дүниеден өтті. Қабірі Ашийан зиратында.
Ақынның өлеңдері қайтыс болғаннан кейін «Барлық өлеңдер» деген атпен әртүрлі баспалардан жарық көрді.
Өлең жинақтары
Гарип (1941, 1945, Оқыр Жазушылар Қоғамы баспасы, 2021)
Вазгечемедигим (Бас тарта алмаймын, 1945)
Дестан гиби (Дастан секілді, 1946)
Йенисі (Жаңасы, 1947)
Каршы (Қарсы, 1949)
Аудармалары
Мольер (Жан Батист): Тартюф (1944), «Сицилиялық немесе суретті әңгіме» (1944), Скапиннің айласы (1944)
Альфред де Мюссе: Барберин (1944)
Ален-Рене Лесаж: Туркарет (1946)
Әңгімелері мен зерттеулері
Француз поэзия антологиясы: Ежелден бүгінге дейін (1947)
Лафонтеннің хикаялары (1948)
Насреддин Қожа хикаялары (1949)
