Біржан сал ауданы – Арқа аралы Ақмола облысының солтүстік бөлігінде орналасқан, биік тау, ну орман, жазық дала аралас, өзен-көлге бай өлке. Қазақ ән өнерінің биігі Біржан сал Қожағұлұлының есімін иеленген ауданның тарихы да, табиғаты да бай. Абылайдың қара жолы көлденең қиып өтетін аудан аумағында Аныдғожа, Аңғал батырлар, Шәймерден Қосшығұлұлы, Шәрәпи Әлжанов, Рамазан Елебаев сынды өз дәуірінің қайраткер тұлғалары туып өскен. Аудан орталығы, бір заманда Қазақстанның индустрия орталықтарының бірі болған Степняк қаласы тұрған жер – Біржан салдың атасы Қожағұлдың құтты қонысы, екі ғасыр жүзінде алтын өндіру қызу жүргізілген еңбек майданының куәсы. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, аталған өңірге сапарлаған едік.
Аудан тарихымен танысу барысында мұрағат саласының ардагері, жергілікті өңір тарихының білгірі Еркін Дәуітов ақсақалмен қала шетіндегі Біржан сал мәңгілік тыныс тапқан орындағы мемориалдық кешенде жолығып, аудан тарихы туралы аз-кем сұхбаттасқанбыз:
Өңір тарихының білгірі Еркін Дәуітов ақсақалмен (фото автордыкі)
Ауданның кешелі-бүгінгі тарихы туралы сыр шертуді өтінгенімізде ақсақал мынадай мәліметтерді айтып берген еді:
- Ауданымыздың құрылғанына биыл тоқсан жыл толып отыр. Біржан сал ауданы Еңбекшілдер деген атпен өз тұрағында 85 жыл өмір сүрді. 85 жылдан кейін Біржан атауы бекітілгеніне қуаныштымыз.
Ауданымыз әуелі 1928 жылы 14 наурызда Еңбекшілдер ауданы, Үлгі ауылдық кеңесі, Жаңажол колхозы болып қазіргі Үлгі аулының орнында (қазіргі Казгородокте) бекіген еді. Үлгі ауылдық кеңесі сол кезден бері өзгерген жоқ. Тәти деген атамыз болған. Ұрпақтары осында тұрады. Сол атамыздың араб жазуымен жазылған алғашқы бұйрығы бар мұрағатта. Осы Үлгі кеңесінде мен де хатшы болып істедім. 1956 жылы маусым айында аудан орталығы ауысқанда ауылшаруашылығы мамандары, кен орнында т.б. істеген кадрларымыз Казгородокке көшіп бармай, қалып қойған еді. Осы тұста Новостройка деген атаумен екі көшеге жаңа үй салынған еді. Ол заманда Степнякты өндірістік, Үлгіні ауылшаруашылық бағытта дамыту мақсаты болған сияқты.
Степнякқа 1889 жылы алғаш рет ағылшындық алтын барлаушысы келіп орныққан екен. Бұлар сол орныққаннан 1923 жылы ғана кетеді. Сізге өтірік маған шын, «сегіз арба пар өгізбен, қос жетекті арбаға алтын кесектерін толтыра артып, қазан айында екі қолын артқа беріп, Омбыға қарай кетті», - деген «Социалистік Қазақстан» газетінде кішкентай ғана үзінді бар архивте.
1989 жылдан 1923 жылға дейін тұрды дедік қой. Ол кісі кеткенде қаламызда небәрі 51 адам болған екен. Бұл жер қалың орман болыпты. Ол ағылшын байы мал да ұстаған. Оның себебі – халық алтынды ұрлап қоймасын деген қызғанышпен, ордалы жылан асырапты. Жыландарға сиырдың сүтін беретін еді дейтін, көз көргендер. Себебі, жылан сүтке тез көбейеді екен. Сағат он бір-он екілердің кезінде сүтке бөккен әлгі жыландар шалқасынан жатқанда Көкшетаудың биігінен кісілер осылай қарағанда, көздеріне айнаның сәулесі шағылысады екен. Ағылшын капиталисінің дәуірлеген тұсы сол заман.
Ағылшын алпауыты кеткеннен кейін 1923 жылдан 1934 жылға дейін халық ақырындап жинала бастайды. Ең гүлдену кезеңіне түсудің бастамасы – 1934 жылы Кеңес Одағы БК(б)П хатшысы С.М. Кировтың келуімен байланысты. Сол кезде Стпенякта үш интернационалды шахта болыпты. С.М.Киров өзі тікелей сол шахталарға түсіп жағдайымен танысқан. Бір айта кетерлігі, осы жерден кеткеннен кейін бір аптада өте Киров дүниеден өтеді.
Ауданды басқарған әр әкім мұнда өзінің жақсы қолтаңбасын қалдырып отырды. Қызыр Ыбыраев ауданды басқарып тұрған тұста қала өте көркейді. Тек аудан орталығының өзіне тоқсан алты үй салынған болатын. Өзге ауылдарға да мектептер мен балабақшалар көптеп салынды. Ондағы халықтың санына қараған жоқ. Мысалы, Қарасорда отыз бес-ақ үй болды. Осы елді мектепке мектеп пен елу балалық балабақша салынды. Өйткені, осындағы бөлімшеде он бес мың қой, бір мыңнан астам қара мал бағылатын. Осы Қарасор, мынау Қызылұйым сияқты кішкентай ауылдарда елді тұрақтандыру, шоғырландыру мақсатында ол кісі осындай батыл қадамдарға барған еді.
Теміржан Хамитов басқарған тұста Біржан салдың шағын алаңда үлкен мүсін орнатылып, бұрынғы шағын кеудемүсін музыкалық мектеп алдына қойылды. А.Сәдуақасов тұсында алаңның сәнін келтіру үшін арка жасалды. Ауданымыздың көркін асыру тұрғысында жасалған жұмыстардың бүгінге дейінгі ырғағы осындай.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы Степнякқа Елбасы Н.Ә.Назарбаев келгенде осы жерде құран оқытып, мешіттің ашылуына да қатысып кеткен еді. Елбасы Жоғары Кеңестің депутаты болып тұрған кезінде сол кісінің шешіп беруі арқылы Қазақстандағы алғашқы, анау қалаға кіре берістегі кемпинг салынған болатын.
Бұдан кейінгі жүздесу сұхбатымыз Біржан сал ауданының әкімі Нұғыманов Ермек Бекенұлымен өтті. Қазақтың арғы-бергі тарихы мен шежіресінен, фольклоры мен заманауи әдебиетінен молынан хабары бар екені анық аңғарылатын аудан басшысымен сұхбат - аспандағы аққуымен әнін қосқан Біржан салдың және ата-бабаларының өмір тарихы, ел мен жер , ұлттық рух тақырыбында өрбіді.
Біржан сал ауданының әкімі Ермек Бекенұлы Нұғыманов
(фотосуретті түсірген автор)
- «Рухани жаңғыру» аясында ел мен жерді, киелі орындарды насихаттауға бағытталған бұл сапарларыңыз жақсы бастама екен. Біздің Біржан сал ауданында да «Рухани жаңғыру» аясында жасалып жатқан игі істер көп. Елімізден шыққан белгілі адамдарды ұлықтау, жас ұрпаққа, жалпы қалың көпшілікке таныту – қашан да назарда ғой.
Ерейментау ауданы әкімі қызметінде төрт жыл істедім. Жақсы, Зеренді, Бұланды аудандарында қызмет атқардым. Туған өңірім Біржан сал – менің қызмет жолымдағы төртінші ауданым. Жиырма бес жыл осы атқару органдарында хал-қадерімше жұмыс жасап келе жатқан жайым бар.
«Рухани жаңғыруға» қатысты атқарылатын істер тұрғысында мектеп директорларын, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндері мұғалімдерін арнайы шақырып, жиналыс ашуды жоспарлап отырмын. Аудандық газетке «Ел тарихы» деген айдар ашыңдар», - деп ұсыныс айттым. «Біздің елдің өткені мен бүгінін жазып қалдыру – сіз бен біздің қолымызда. Сондықтан да елде қалған қариялардан, ел мен жерге, әулие адамдарға, мысалы, Аңғал батырға, Түркістанда жатқан Андығожа батырға қатысты не бар, олар туралы мұнда қандай деректер бар, барлық дүниелерді жазып алыңдар», - деп бір-біріне үйлестіре отырып, тапсырма бермекпін,, - деп сөзін бастаған ел ағасымен сұхбат төмендегідей арнада өрбіді.
- Қазақ әлемі жоқшыларының бірі, әйгілі ғалым Ақселеу Сейдімбекұлы қазақтың ежелден бергі дәстүрлі шаруашылық жүргізу тәсілін қалпына келтіру, көшпелі мал шаруашылығын жандандыру туралы өзі өмірден өткенше көп айтып, жазып кетті ғой. Ел басқару қызметіндегі кәсіби маман ретінде осы жөнінде ой-пікіріңізді білсек...
- Көшпенділік – халқымыздың шаруашылық жүргізу формасы. Біз бір жерден келесі жерге босып жүретін көшпелі халықтар мен қазақтың көшпелілігін айыра алмай жатамыз. Қазақтың көшпелілігі – шаруашылық жүргізу формасы дегенді әрдайым баса айту қажет. Қазақтың көшпелілігін өзгелердікімен салыстыра беруге болмайды. Мысалы, араб бәдәуидерінің, әлем сығандарының, тәжік люлилерінің көшпелілігі – өмір сүру салты. Ал біздің көшпелігіміз – шаруашылық жүргізу формасы. Бізде мысалы, ертеде қазақ Шудың арғы жағында тұрды. Сайрамымыз, Таразымыз, Түркістанымыз, Созағымыз т.б. қалаларымыз болды. Біздің біразымыз сол қалаларда тұрдық. Мына жақ – біздің кең жайлауымыз болды. Жоғарыда атаған Словцов қазақтардың шаруашылық жүргізу формасы туралы айна-қатесіз жазады. 22 наурызда, күн мен түн теңелген кезден бастап, қазақ бір-бірінің жағдайын барып білді де, оңтүстіктен солтүстікке қарай көше бастады. Мамырға қарай қазіргі Қарағандының бойына келді, ол кезде бұл өңірде көк шығып, жайнап келе жатар еді. Мамырдың аяғында, маусымға қарай мынау Сарыарқаның сол жақ жиегіне келді. Жасыл жайлауларына қонды, еркін көсіліп, ен жайлады. Ол заманда ешқандай сырт мемлекеттің кедергісі де, қамалы да жоқ, көшпелі өмірдің сән-салтанаты әлі бойында.
Әлгі кейінгі замандары кинода көрсететін қазақтардың жыртық тымақ, жыртық шапан, үсті басы өрім-өрім болып тұратыны – ол он тоғызыншы ғасыр төңірегінен бергі, отарлықтың салдары.
Қазақ – көшіп жүрген, ол сондықтан да мына жаққа келіп тұрақты қыстау салған жоқ. Бұл жерді жайлады, ғасырлар бойы қайтыс болған ата-бабасын осы жерге қойды. Ауылда он-бес-жиырма адам шаруашылықпен айналысты да, қалғандары әнін айтып, қымызын ішіп, етін жеп, өзінің еркін өмір салтыменен жүрді. Ал соғыс, өзге де бір төтенше жағдай болған кезде барлығы дүр етіп атына мінді де сақадай-сай жауынгер бола қалды. Біз ежелден жауынгер халықпыз ғой. Дүние жүзінде көлемді эпостық жырлар тудырған шамалы ғана халық болса, соның бірегейі – біздің қазақ. Міне, кешегі жауынгер қазақтың жігері жаншыла-жаншыла, сананың ең түбінде қалған сарқыншағы ғой, қазіргісі.
Ал жаншылған жігерден рух үні қашан шығады? Әнеки, екпіндетіп «Адай» ойналғанда, бәйгеде сатырлатып ат шапқанда, даладағы жусанның иісі мұрныңа келгенде, көңілі жадырап «айхой» деп серпіле айғайлаған кезде, санамыздың шыңырау түбінде жатқан жауынгерлік рух аздап қана оянады. Мұның бәрін жаншып-жаныштап, тыйым салып: «Қойыңдар, айтпаңдар, бас аман болсын», - деген сияқты көнтерлі ұғыммен әбден басып тастаған. Бұл ақпарат әрбір қазақтың бойында әлі жатыр. Биология ғылымындағы гендік инженерия теориясы бойынша, ата-бабадан келе жатқан код – қанда, сонау түп текте жатыр және жата бермек. Оны ояту үшін бір стимул керек қой. Оны оятатын не? Оны оятатын – жаңағы «Адай» сияқты рухты дүниелер. Себебі, «Адайды» тартқан кезде арқаланып, көтерілмейтін қазақ жоқ. Немесе, дүбірлетіп ат шапқан кездегі аламан бәйгені көріп қаны қызбайтын қазақ жоқ. Ал, мұндайда қаны қызған қазақ – қазақ.
Көкпар - қазақтың рухы! (ғаламтордан алынды)
Сондықтан, қанын қыздыру үшін қазақты атқа қондыру керек. Ерейментауда жүргенде бұл мәселені көтеріп: «Әрбір мектепте ат ұстайық, әдепкі спортпен бірге ат өнерін қоса үйретейік», - деген ұсыныс тастап, іске асыруды бастаған болатынмын. Бүгіндері ол жақта әрбір ауылдың көкпар командасы бар. Маған салса, әр аудандағы мектептердің барлығына ат спорты бағдарламасын міндетті түрде енгізер едім.
Бұланды ауданында істеп жүргенімде де көкпарға біршама көңіл бөлініп жұмыстар жасалған болатын. Көкпар деген – қазақтың нағыз жауынгерлік рухы. Көкпар – шындығында нағыз жауынгерлік ойын ғой. Себебі, көкпаршы мен аты – біртұтас әлем. Қарасаңыз, көкпаршының аты басқа аттардан мүлде бөлек. Қырғызстанда, біздің оңтүстік өңірлерде көкпар аттарының құны әлденеше мың доллар тұрады. Мұндай есті жануарлар иесінің қимылын, ойын аса сезімталдықпен ұғатындығы соншама, қарсыластың атын кері итеріп, үстіндегі адамның қимылына үйлесе, серкені ұстауына икемделіп, жағдай жасап жүргенін көресіз. «Тұр!», - десең ат тұрады, «Соқ!», - десең, қарсыластың атын омыраулап соғады, тебінсең екпіндей шабады, бәріне үйретілген. Көкпардың аты – адаммен бірдей. Сондықтан да ол – жауынгерлік ойын. Анау ежелгі еуропалықтар «кентавр» деп неге айтқан? Кентавр деп отырғанының мәнісі мынау болса керек: Біздің ата-бабаларымыз бабаларымыз соғыс кезінде ежелден тізгінді ұстамаған. Ал, қол бос болмаса садақты қалай атпақ? Ат тақыммен басқарылып отырған соң, қол бос қой. Қос қол бос болған соң, жебені қорамсақтан суырып алып, ата берген. Әбден төселген ат иесінің қимылына шабысын сәйкестендіріп, өзі желе-шауып отырады. Міне, көздеріне ат пен адам бірдей сияқты болып көрінген гректердің скифтерді «басы адам, аяғы жылқы сияқты» дейтінін осылай деп түсінемін. Бір қолында найза, бір қолында қылышы бар, қаһарлы кентавр ғой, бұл. Сол әлемді тітіреткен бағзы бабаларымыздың рухты қаны бәріміздің тамырымызда бар. Соны сіздер болып, біздер болып оятуымыз керек.
Кентавр - түп бабаларымыздың грек қиялындағы бейнесі (ғаламтордан алынды)
Осы тұрғыда жасалатын ұмтылыстың бірі – қазақтың өзін өзі бағалауын көтеру болуы керек. Жасыратыны жоқ, қазіргі біздің балалардың өзін өзі бағалауы (самооценкасы) төмен. Мен әр жолы мектептерге барған сайын оқушыларға:
- Осы елдің болашақ иесі де, киесі де сендерсіңдер! Демек, сен келе жатқанда, өзгелер «осы елдің иесі келе жатыр», - дегенді сезініп тұруы керек. Тіпті базарда арба айдап жүрсең де, сенің биоөрісіңнен осы жердің иесі екенің сезіліп тұруы керек. Себебі, біреу ғана. Сен – осы елдің иесісің! Сенің осыдан басқа баратын жерің жоқ! Сені Қазақстаннан басқа жерде ешкім күтіп тұрған жоқ. Қайда барасың? Мысалы, армянның баратын жері – Армениясы бар, ингуштың Назраны, шешеннің Грозныйы бар. Ал, сен қайда барасың? Ешқайда! Сен осы елдің түп иесі, қожасысың! Бірақ, бұл өзгені сыйлама деген емес. Өзгені де сыйла, өз-өзіңді де сыйла!» Жастарды әрдайым осылайша өзіне деген сенімділікке баулу керек деп білемін.
- «ХХІ ғасыр – ақпарат билігінің ғасыры» деп жатады. Ақпараттың жеткізілуі, шұғылдығы мен күш-қуаты тұрғысындағы ойыңызбен бөліссеңіз.
- Ақпарат – адамзат қатынасының аса маңызды кілті. Ақпарат саласы қай ғасырда да үлкен әлеуетке ие болып келген. Қазір де солай. Жиырма бес жыл осы басқару саласында жұмыс істеп келе жатырмын дедім ғой. Осы кезеңде жұмыс-шаруа барысында газетке де басылып жатырмыз, журналға да шықтық. Теледидарда да көрініп жатамыз. Мұндағы айтайын дегенім – қазіргі ақпараттық саладағы ғаламтордың күш-құдіретін жеткізу еді. Оған өз басымнан мынадай мысал келтірмекпін: Ерейментау ауданында басшы болып жүрген кезде, көктемгі тасқында «Джиппен» суға кеткенім туралы «Ютуб» желісіне шыққаны бар. Бір сабаз: «Ерейментау әкімінің машинасы суға ағып кетті. Әкім әупірімдеп шығып, су ортасындағы машинаның үстінде төрт сағат бойы отырды», - деп жазыпты да, машинаны камераға түсіріп алып, ютубке салып жіберген ғой.
"Ерейментау ауданын әкімінің машинасы суға ағып кетті..." атты
жазбадан скриншот (ғаламтордан алынды)
Міне, содан кейін маған қоңырау шалмаған, хабарласпаған адам қалмаған шығар! Телефонда маза жоқ. Мен әлеуметтік желі дегеннің құдірет-күшін дәл сонда сезіндім. Мұның кереметтігі – сол бейнеде «Джиптің» үстінде мен отырған жоқпын. Өйткені, қараңғыда келіп мені камераға түсіре алмас еді. Су тасқыны түнде болды. Мені де түнде шығарып алған. Ал бейнежазба күндіз түсірілген. Ал хабарласқандардың кейбірі: «Машинаның үстінде отырған сені көрдік қой!», - дейді. Ол әрине, ана мәтінді оқығаннан кейінгі елестету әсері. Мұны неге мысалға алып отырмын, сол сияқты, сіздердің жазғандарыңызды да жұрт алдымен көзге елестетеді, сосын нана бастайды. Ғаламтордың құдіреті осы. Әлемде болып жатқан неше түрлі төңкерістерге де осы ғаламтордың, әлеуметтік желілердің ықпалы бар екені жасырын емес қой. Ғаламтордың күші – алапат. Қазіргі күні қажетті ақпараттарды ең әуелі осы ғаламтордан алатынымыз да рас қой. Бір заманда ақпаратты негізгі жеткізуші болған газеттердің жағдайы түбінде не болатыны белгісіз. Қазіргі күні, әрине, газет өз позициясын бере қойған жоқ. «Егемен Қазақстанды», облыстық газеттерді, өзге де байсалды газеттерді қараймыз, оқимыз. Әсіресе, қазіргі «Егеменде» қаншама тамаша танымдық, рухани материалдар жарық көріп жүргенін, оларды қадағалап оқып отыратындығымызды айтып өткен жөн.
- Ендігі әңгіменің ауанын Біржан бабамызға таман ойыстырсақ. Жалпы, Біржан салдың жерленген орны туралы да әрқилы деректерді көзіміз шалып қалып жүруші еді, ертеректе. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз.
- Иә, Біржан бабамыздың жерленген жері туралы әр жерде, әр түрлі болжамдар айтылып қалып жүрді. Қисыны: «Бұл жерде жатқан жоқ, Молотов мектебінің қасында», - деген сияқтылар ғой. Осыған қатысты бір оқиғаны айтайын. Көрші Бұланды ауданында әкім болып жүрген кезім. Бір күні осы Біржан сал ауданының сол кездегі әкімі Теміржан Хамитов қоңырау шалып тұр: «Ойбай Ереке, мына жерде дау болып жатыр. Тез келіп жет!», - дейді. «Ол не дау?», - десем: «Сенің атаңның қойылған жері жөніндегі дау. Ата, туыс сенікі ғой. Өзің келіп бір жөнін айтпасаң, болмайын деп тұр. Қаламгер Социал Жұмабаев, генерал Абай Тасболатов, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бастығы Әліби Ғазиз т.б. ел ағалары, азаматтар келді», - деді. Содан тізгін ұшымен жеттім. Макинск мен Степняк арасы – отыз-ақ шақырымдық жол ғой. Келсем, қонақтардың бәрі қорымның басында тұр екен. Біржан атамыздың жатқан жері туралы тіпті әлдеқашан шешіп те қойған секілді: «Анау жерді қоршау керек. Ол жерді ешкім баспауы керек. Тас қою керек», - десіп жатыр екен. Сосын, аман-саулықтан кейін жөн сұрасқаннан кейін:
- Оу, ағайындар, сіздер не айтып жатырсыздар? – деп, ағаларға біраз деректерді тәптіштеп айтып беруге тура келді:
- Немере ағам Айыптың Қайырбегі деген кісі – Ұлы Отан соғысының ардагері, сексен асып қайтыс болды. Оның әкесі Айып та сексен асып жасаған. Айыптың әкесі Нұрмұхамед те ұзақ жасаған. Яғни, әкеден балаға, атадан немереге жалғасып отырған ғой, ел әңгімелері. Сол Қайырбек ақсақалға айтамын ғой, көзінің тірісінде:
- Ата, сіз деннің сауында, көзіңіздің тірісінде бізге айтып кетіңіз. «Біржан анда жатыр, мында жатыр» деген сөздер айтылып қалады, осыған дұрыс жауап қататындай, - деймін ғой. Сонда ол кісі шамырқанып:
- Сандалмасын ешқайсысы да! Сен білесің ғой, менің әкемнің, атамның қанша жасағанын. Кішкентай кезімде атаммен, кейін әкеммен келіп басына құран оқитынбыз. Ол кісі осында жатыр. Мынау – Қожағұл ауылы, мынау – Қожағұл бұлағы, міне зираты», -дейтін.
Біржан сал зираты басындағы ақынның өлеңдері жазылған қойтастар
(фото автордыкі)
Біржан бабамызға ескерткіш ашылғанға дейін басында тастар ғана жатқан. Бертістің Байшуағынан тараған Қисықтың Сарысы деген әңгімешіл, шежіре атамыз зираттыц жергілікті өлкетанушы Қарта Қаңтарбаевқа да көрсеткен екен. Қарта Қаңтарбаев – көрші ауыл Казгородокте өмір сүрген. Ол кісі – Біржан салу туралы шағын кітаптың авторы. Ел, жер тарихына байланысты көп дүние жинаған қадірменді адам, - деген сияқты мәліметтерді айтып бердім. Сөйтіп ақыры бір мәмілеге келгеніміз бар. Біржан атамыздың жатқан жері туралы әңгіме осы. «Ол кісі сол қазіргі мемориалдық кешен салынған жерде жатыр. Бұл жөнінде өзге ешкімді тыңдамаңдар», - десем де болады. Мұны мен аталас ұрпағы ретінде дәлелді түрде, сеніммен айтып отырмын.
- Біржан салдың тегі туралы айтылғанда «Бертістің бес баласы» деп айтылады. Жалпы, Бертіс ұрпақтары Жөкей маңына қай кезеңде келіп қоныстанған? Бұл жөнінде нақты мұрағат деректері бар ма?
- Біржан сал ауданының аумағы – қазақ даласындағы сан тарау оқиғалар мен дәуірлердің куәсі, киелі өңір, тарихы терең құтты қоныс. Көкшетаудың кіндігі, Хан Абылайдың ордасымен қанаттас жатқан бұл өңір 1822 жылдардағы Сібір қазақтары туралы жарғы тұсында Есенбақты керей уезі деп аталыпты. Біржан салдың атасы Қожағұл сол Есенбақты керей уезіне аға би болыпты. П.Словцовтың «Путевые записки...» деген еңбегінде «Қожағұл Дербисов» деп берілген екен. Бұл әрине, жаңсақ кеткен Бертісов болуы тиіс. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы жерінде Бертіс бабамыздың Үлкен Бүрлеу, Кіші Бүрлеу деген қорықтары болыпты. 18 ғасырдың аяғында сол жерден бес ұлымен көшіп келген екен. Көшіп келуге де біршама себептер болыпты. Адам бекерден бекер көшпейді ғой.
- Әрине, бекер жүріс жасалмайды ғой. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз
Қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы жерінде Марал ишан деген кісінің ұрпақтары тұрады. Бізге түбі жақын ағайын. Ашамайлы керейден тарайтын Ақсары өз ішінен Нұралы, Нұрымбет, Ақымбет, Тоқымбет, Есенәлі, Еменалы болып тарайды. Марал ишан Ақсарының Нұрымбетінен, біз Нұралысынан тараймыз.
Қармақшы өңіріндегі Марал ишан кесенесі (ғаламтордан алынды)
Қостанай облысының Обаған ауданы жерінде Қайраңкөл деген көл бар. Марал ишан мен Бертіс атамыз өз заманында осы өңірде қанаттас өмір сүрген екен. Марал ишан – Кенесары көтерілісінің рухани көсемі болыпты. Әрі Хан Кене екеуі – туған бөле. Бертіс атамыз да Кенесарыға жақтас болған екен. Тікелей қатынаспаса да, ағайын болған соң, Марал ишанға көмектескен ғой. Патшаның аты патша, үкімет тарапынан қысым күшейе берген соң, Марал ишан өзіне қараған керей-уақтың біраз ауылдарын соңына ертіп Торғай уезіне қоныс аударады. Одан әрі Бетпақтың шөлін кесіп өтіп, сол кезде Хиуа хандығы қарамағындағы Қармақшыға жетіп, қоныс теуіп тұрақтаған екен. Ишанның өзі, баласы Қалқай ишан, Әмет ишандар – бәрінің қорымы сол жерде.
Міне, сол «Кенесары көтерілісіне қатынасты» деп үкімет деп тыныштық бермеген соң, әрі қарашекпенділер жерді иемденіп, Ащылы өзекті (Горькая линия) сала бастаған кезде Бертіс атамыз бес баласын ертіп алып, үдере көшеді. Сөйтіп жоғарыда айтқанымыздай, Есенбақты деп аталып осы жақта тұрып жатқан ақсарылар арасына келген екен. Бұл өлкеде атығайдың Жанғара деген байы болыпты. Бертіспен бұрыннан дос-жар болса керек, сол кісінің рұқсатымен жер бөлдіріп алып, осы Жөкей мен Мамай көлдерінің арасында көшіп жүріпті. Қыстауы қазіргі Степняк қаласы орналасқан жерде болған.
Біржан сал басында тұрып ән салатын Көкшоқыдан қарағандағы Жөкей көлі
(фото автордыкі)
Бабамыз Бертістің Ақшуақ, Жаншуақ, Байшуақ, Қожағұл, Қожамқұл деген бес ұлы болған екен. Жаншуақ ертерек қайтыс болыпты. Қалған балаларынан тараған ұрпақ бүгіндері бес ауыл болып отыр. Бертіс баласы Қожамқұлдан 11 ұл туып, қазіргі күні сол он бірден тараған ұрпақ – екі ауылды құрап отыр. Ақшуақ бір ауыл, Байшуақ бір ауыл, Қожағұл бір ауыл болып, осы Степняк қаласы төңірегінде өмір сүріп жатыр. Кейіннен уездер құрылғаннан кейін Бертістің бес ауылы Көкшетау уезі, Қотыркөл болысы, 3-әкімшілік ауылына кірген. Бала күнімізден «Бес ауыл Бертіс», «Тоқсан үйлі Бертіс» деп естіп өскенбіз. Ата-әжелеріміз осылай айтатын. Мұның мәнісі осы.
- Патша билігі тұсында қағазға қаттау мұқият жүрілгені белгілі ғой. Аталған дәуірдің мұрағат деректері де табылған болар?
- 2002 жылы Қазақстанның Ресейдегі жылы болып, Ақмола облысынан Түмен облысының Сургут қаласына делегация барды. Сол делегация құрамында барғанымда Сургутте тегі Молдыбаев деген бір азаматқа жолыққан едім. Ол азаматтың қолында патша өкіметінің 1897 жылғы өткізген санақ материалдары бар екен. Сол санақ материалдарын қарап отырсам, жаңағы №3 әкімшілік ауылдың құрамында (бір әкімшілік ауылға 20-21 ауыл кірген) Бертістің бес ауылы – аталарымыздың атымен жазулы тұр екен. Бес ауылды жақшаға алып тұрып «Бертіс» деп жазып қойыпты. Рұқсат сұрап көшірмесін жасатып әкеліп, ағайын-әулетімізге көрсеттім. Ол заманда «указной молла» деп молла сайлайтын болған. Сол сайлау приговорында да аталарымыздың қолдары бар екен. Хат білетіндері арабша қол қойған, хат білмейтіндері крест қойған немесе бармағын басқан. Оқығандар мен ауқаттыларының арнайы мөрі болған. Белгілі қоғам қайраткері Шәрәфи Әлжановтың атасы Әлжан – бай болған кісі. Айта кетерлігі, «Бертістің бес ұлының ішінде байлық Ақшуақ пен оның балаларына біткен», - дейді, айтушылар. Ақшуақтан Жаман, Жаманнан Әлжан туады. Болыс болып ел билеген Әлжан бай 1929-жылы айдалып кеткен. Әлгі құжатта сол кісінің басқан мөрі бар екен.
- Өзіңіздің Біржан салға туыстық жөніңізді қазақи жүлгемен айтып берсеңіз?
- Біржан салдың атасы – Қожағұл. Қожағұл мен Қожамқұл бір туысқан дедік қой. Менің атам – Қожамқұл. Қожамқұлдың бәйбішесінен бес ұл, тоқалдан алты ұл туған. Сол бес ұлдың бірінен Айса, Мұса, Иса, Нұрмұхамбет, Баймұхамбет тарайды. Біз солардың Айсасынан туғанбыз. Ал Қожағұлдан Тұрлыбай, одан Біржан сал.
- Біржан сал туралы көркем туындылардың саны біршама. Әр кезеңде шыққан фильмдер де баршылық. Осыларға деген оқырмандық көзқарасыңыз қалай?
- Біржан атамыз туралы әр кезеңде көркем туындылар көптеп жазылды. Осылардың ішінде көркем фильмнің орны ерекше, әрине. Дегенмен кеңес үкіметі кезіндегі фильм де, Досхан Жолжақсынов қойған фильм де сол кеңестік идеология қалыбынан көп жағдайда шыға алмай қалды-ау деп ойлаймын, өз басым. Өйткені, «Біржан сал – қазақ музыкасының алыбы», - деп Ахмет Жұбанов айтып кетті ғой». Біржанның әндері – шынымен де ерекше ғой. Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың әндері лирикалық бір деммен бір қалыпты орындалады десек, Біржанның әндері ерекше асқақ шырқалатындықтан, екінің бірінің айтуына келе бермейді.
"Қазақфильм" туындысы - "Біржан сал" фильмі (ғаламтордан алынды)
Өзіміз де реті келгенде аздап ән саламыз. Бірақ бірден жоғары көтеріп, мүлтіксіз орындап кетуге жүрегіміз еш дауаламайды. Біржан атамыздың дауыс диапазонының зорлығы сондай, анау Бүркіттінің басына шығып алып шырқағанда, сол маңайдағы елге, жеті шақырымға дейін естіліп тұрған деп аңыз қылып айтады екен, үлкендер. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Мұхаметжан Қаратаевтың «Біржан сал – кім?», - деп сұраған орыс адамдарына түсіндіретін сөзін естіген боларсыздар:
- Сендерде Пушкин бар ма?
- Бар.
- Чайковский бар ма?
- Бар. Шаляпин бар ма?
-Бар.
- Ендеше, сол үшеуін қоссаң, бір Біржан шығады, - деген ғой. Бұл – әрине, негізсіз айтылмаған. Сол үш алыптың қасиеттері біздің бір Біржанымыздың тұлғасына сыйып тұр, - деген ғой.
«Кинода да қалыптан шыға алмай қалғандай» дейтініміз, Біржанның жан жақты тұлғасы ашыла түсуі керек қой. Біздің заманымызда елудегілер үлкен адамдар болып көрінетін. Ал алпыстағылар нағыз ақсақал болып елестейтін. Ал қазіргі заман, өнер адамдарына ол өлшем келмейді. Мысалы, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев ағаларымыз жетпістің бел ортасынан асса да сахнада жүр ғой, құдайға шүкір. Ол кісілерді қарттықа ешкім қиып отырған жоқ. Талант деген сол – ар жағындағы таланттың күші сахнаға шығаратын. Сол сияқты Біржан бабамыздың да ар жағынан талант келіп лықсытып қысып жатыр ғой, ән шығып жатыр. Отырып қалуға шығармашылық күй мүмкіндік бермейді. Ал туыстары, маңайы түгел қажылыққа барған адамдар. Осы жерде мынадай оқиғаны айта кетейін, аталарымыз айтатын еді: Қожамқұл атамыздың қажылық сапарға жүріп кеткен кез екен. Соңында қалған туыстары жиылып отырған бір сәтте Қожағұл інісі күбірлеп бетін сипаған екен. Ел-жұрт: «Неге бетіңізді сипадыңыз?», - десе: «Бауырым Қожамқұл пәниден бақиға озды. Ақбоз атпен алдымнан өтті», - деген екен. Сөйтіп жүргенде айлар өткенде бірге барған қажылардан хабар келеді. Расында да Қожағұл атамыз айтқан кезеңде өмірден өткен екен. Сондай көріпкелдік, сопылық, моллалық біздің тұқымда көп болыпты. Сондықтан да: «Елуден астың, Біржан! Енді бұл жүрісті қой, тыйыл», - деген ғой, туыстары. Біржан атамыз өзі де кеш үйленген екен. Өзі өмірден өткен кезде Теміртасы ондарда ғана толған, ал Қалкені бірден жаңа асқан, екеуі де жас қалған ғой.
- Біржан салдың өмірі мен шығармашылығы тарихшылар мен қаламгерлер, өнертанушылардың қызығушылығын тудырумен келе жатқандығы да тегіннен тегін емес қой.
- Солай, әрине. Белгілі композитор, жазушы, өнертанушы Ілия Жақанов та Біржан өмірінің білгірі Қарта Қаңтарбаев ақсақалмен көп әңгімелескен. Ілия Жақанов ағамызбен бір хабарласқанда:
- Мен көп жылдық ізденіс барысында Біржан аталарыңа қатысты мол дүние жинақтадым. Ұзындығы бірнеше шақырымға жететін аудиотаспалар бар. Осылардың бәрін игілікке жарату керек қой – деп айтқан еді. Бұл деген – үлкен қазына ғой. Сондықтан алдағы уақытта айлық демалыс алсам, Атыраудағы Ілекең ағамызға, ат-шапанын алып арнайы барып жолығу ойда бар. Қор жұмысын реттеп қаржы жинай алсақ ағамызға өтініш жасаймыз ба деп отырмыз. Себебі, Ілия ағамыздың қолында Біржан сал, Сегіз сері т.б. тұлғаларға қатысты бір романға тартарлық материал бар. Ертеректе шыққан «Аққулар қонған айдын көлде» де бетін қалқып өткен қаншама оқиға, деректердің шеті жатыр. Сондағының өзі жарты кітапқа азық емес пе! Бір романның сюжеті осында. Ол кісіде бәрі дайын деуге болатын шығар. Құдай қуат берсе, алаңсыз бір жыл отырып жазса, бір романды дайындап тастайтын мүмкіндік молынан бар ғой, ағамызда. Алдыңғы аталардың бәрінің көзін көрген зерттеушінің жазбасы құнды емес пе! Ілекеңің біздің ауыл туралы көлемді жазбасы «Таңшолпанда» шыққан болатын. Мұнда бес ауыл Бертісті таратып тұрып жіліктеп, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы туралы да жазғанын білеміз.
- Иә, Ілия Жақановтай сан қырлы таланттың жазбалары қашан да қызықты, әрі нақтылыққа құрылған ғой. Біржекең жайлы өзге де кесек туындылар шығып жатқанынан хабарымыз бар...
- Иә. Бірақ жазған соң солай, Ілекең сияқты сенімді жазу керек. Әйтпесе қазіргі күні кім көрінген алуан түрлі құбылтып жаза беретін болды. Соның бір мысалы, бірер жыл бұрын Ғалихан Ахметов деген кісі Біржан сал туралы алты том роман жазып тастады. Ол кісіні танимыз. Кезінде қарамағымызда инженер болып жұмыс істеген. «Атам туралы жазды ғой, оқиыншы», - деп бірінші томын қолға алып бастамаймын ба! «Қазақ солдатының» басында Ғабеңнің әлгі «қашып келем, зытып келем» дейтіні сияқты, оқып келе жатырмын, оқып келе жатырмын – жүзінші бетке келдім, Біржан туралы әлі бір сөз жоқ! Шөже, т.б. тұлғалар туралы айтып келіп, жүз екінші бетіне келгенде-ау деймін, әйтеуір он алты жастағы Біржанды шақырады-ау. Бұл кітапта, өзгесін айтқанда, Қожамқұл атамды дұрыс жазбапты деген сияқты жағдайлар толып жатыр. Оның бәрін тізбелеп жатуға уақыт та көтермейді. Әрі-беріден соң кітаптың авторына да өкпе артудың қажеті жоқ.
Мұны мынадай мысалмен түсіндіруге болатын шығар: Әйгілі А.Дюма: «Д.Артаньян, Людовик дегендер болған екен», - деп жазды емес пе? Сондықтан да Дюма туындысының ішіндегілердің бәрі – жазушы қиялының жемісі. Сол сияқты, мұнда да тек Біржан салдың атын алғаны болмаса, кітапта нақты деректі дүние жоқ. Сондықтан бұл кітапты Біржан сал туралы деректерге құрылған роман деп қарамау керек. Ол – Біржан салдың атын ала отырып жазылған туынды. Мұндағы Біржан – жай қиялдан туындаған кейіпкер ғана. Себебі, оның ішінде дерекке жұғысатын ешқандай дүние жоқ. «Атам Қожамқұлдың бәйбішесінен бесеу, тоқалынан алтау – он бір ұлы болды, олардан тараған екі ауыл бар», - дедік қой, жоғарыда. Ал кітабында Ғалекең алады да: «Қожамқұлда бала болмаған», - деп еш тұқымы жоқ адам қылып қояды. Оу, қалай бала болмаған? Ондай болса екі ауылдың халқы қайдан шыға келдік? Отырмын ғой, мен мұнда? Сондықтан, бұл кітапқа қатысты осындай көзқарас бар. Жазушының жеке басына, талантына ешбір айтар сөзіміз жоқ. Тек, жағдай осы. Айтпақшы, бұл кісі Үкілі Ыбырай туралы да төрт томдық кітап жазды-ау деймін. Ғалекеңді «қазақтан шыққан құбылыс, қазақтың Дюмасы» деп есептеу керек. Көкшетаудың асылдарын шетінен алып сартылдатып жазып жатыр. Мұның ішінде Шоқан Уәлихановты сөйлете отырып, анау сақ пен ғұнның тарихына дейін бойлап кетеді. Алты томды толтыру оңай ма? Ұлы Мұхаңның «Абай жолының» өзі төрт-ақ том емес пе!
- Әрине, талантқа тұсау, қиялға шектеу жоқ. Десек те мұндай нақты дерексіз еркін сілтеулердің соңы ұлттық әдебиет, мәдениет тарихын, жалпы алғанда тұтас тарихты былғануға ұшыратпай ма?
- Міне, мәселе осында! Бұл – деректі тарих емес деп отырмыз. Бірақ елу жылдан кейін мұны біреулер алады да, дерек ретінде қарастырады ғой. Олай болмасына кепілдік бар ма? Жоқ! Біржан салдың атын ең бірінші шығарып тұрған – композиторлығы мен әншілігі ғой. Біржан сал шығармашылығын жинақтап, насихаттау кемшін деп айта алмаймыз. Осы елдің тумасы, барша қазаққа танымал ақын, манасшы ағамыз Баянғали Әлімжанов өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдары шыққан Біржан сал жайлы дүниелердің бәрін жинап, әндерін түгел нотасымен бастырды. Оған өзі алғысөз жазды. «Әулеттің тарихынан» деп мен бес ауыл Бертістің шежіресін түгел таратып жаздым. Осы жазбаның соңына: «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатқанда, мынау тарих туралы, ұлыларымыз туралы жазғанда ақын-жазушылар дұрыс көзбен қараса екен», - деп әдейі жазған едім. Өйткені, айтып отырмын ғой, «Біржан бес әйел алған, он бес баласы болған», - т.б. деп қояды жұрт. Ол он бес бала қайда жүр, болған болса? Теміртас пен Қалкен ғана болғанын білеміз. Әкесі өлгенде Теміртас есейіп, Қалкен жас қалған. Қалкеннен Ахмет деген жалғыз ұл туады, ол үйленбей ерте қайтыс болып кетеді. Қалкеннің келіншегі менің атамның әйелі екен. Нақтылай айтқанда, Қалкен отызға жетпей қайтыс болып кеткен соң әмеңгерлікпен Мұхамедсалық деген менің атам алады. Атам Мұхамедсалық Жахин – Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыста бір аяғын жоғалтып, жалғыз аяқпен келді. Жетпіс бес жасында қайтыс болды. Ал әжеміз сексеннен асып барып қайтыс болды. Көзін көрдік, көп дүниені айтатын. Ілия Жақанов ол кісіден көп деректер алды. Ол кісіге келіп, көп отырып әңгімелесетін. Ол кісі де еңбектерінде: «Рақия жеңгеміздің айтқандарынан», - деп келтіретіні бар. Жазушы Қорғанбек Аманжол бірге келген. Ол кіснің де «Біржан бұрмалары» деген кітабында бар. Сол Рахия апа – менің әжем. Сол кісі де кезінде көп дүниелер айтқан. Сондықтан, мұның бәрі де анықтап қараған адамға – хатқа түскен деректер.
- Біржан салға қатысты сөз болғанда «Біржан-Сара» айтысына соқпай кету мүмкін емес. Біржан мен Сара айтысқан-айтыспағандығы туралы елдегі көнекөздері не деуші еді?
- Біржан сал бабамыздың Сара қызбен айтысы туралы көп айтылады. Соның ішінде көптеген дүдәмал болжамдар бары да рас. Бір жағынікі бұрыс, екіншісінікі дұрыс деп терістеу, бұра тарту – ойымда жоқ. Бұл тұрғысында айтарым – әуелі талдықорғандықтарға рақмет. Қатар жатқан үлкен екі көшенің бірін Біржан салдың, екіншісін ақын Сараның атына берген екен. Мен де осындағы жігіттерге: «Степняктан бір жақсы көше табыңдар. Сосын сол көшеге ақын Сараның атын берейік. Ескерткішін жақсылап, оңдап қояйық», - деп тапсырма беріп отырмын. Тіпті, айтыс болмады деген күннің өзінде, Біржан мен Сараның айтысы – қазақ әдебиетіндегі қыз бен жігіт айтысының керемет эталон үлгісі емес пе! Айтыстың болған-болмағанының өзі – аңыз. Менің әжемнің кітап оқитын сауаты болған жоқ. Ол Әріптің кім екенін де білмейді. Бірақ былай деп айтып отыратын: «Сарамен айтысқанда – айтты-айттымен Біржан атамыз: «Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға!» – деп айтып жіберген екен. Содан мұны естіген ел ақсақалдары: «Біреу-міреулер келіп әдейі тексеріп қалар, қамданайық», - деседі. Сөйтеді де, бес ауыл Бертіс жиналып жылқы қосқанда, бұлақ басына сыймай кеткен екен».
Себебі, расында Қожағұлда бір жарым мың жылқы болмаған. Кедей болмаса да, нақтысы үш жүз бе, бес жүз бе, жылқысы болды, әрине. Ал Ақшуақ атамыз бай болыпты. Біржанның бүкіл еркелігін, жүріс-тұрысын сол Ақшуақ көтерген. Негізгі меценаты сол Ақшуақ ағасы болған ғой. Ол кезде осындай туындыларды қазақтың құймақұлақтары жаттап алып, ауылдан ауылға жеткізіп тұрған ғой. Ауыздан ауызға тарай-тарай, Көкшеге жетіп отырғаны осы.
Әжеміз Балуан Шолақтың «Ғалиясы» орындалғанда: «Түһ, қойшы сол Ғалияны! Немене соншама әспеттеп. Қазақтың дәкөй қара қатыны отыратын, Атбасардың базарында қымызын сапырып», - дейтін еді. Кейіннен «Балуан Шолақты», өзге де шығармаларды оқысақ, шынында да қараторы келіншек болыпты, Атбасардың базарында қымыз сатқан екен. «Қамажай» әніне қатысты: «Сол Қамажайға да біздің қайнағалар неменге қызғып өлең шығарғанын, - деп отырушы еді, жарықтық. Олай дейтіні, бұл әнді Қамажайға арнап Сегіз серінің баласы Мұстафа шығарған екен. Осының бәрін кітаптардан оқымай тұрғанда, мектепке бармаған кезімде әжем айтып отыратын. Қазақтың ауыз әдебиеті деген керемет қой. Біржан мен Сараның айтысын әжеміз айтып отыратын, болған деп. Қазіргі күні «Әріп ақын жазыпты» деген дәлел көбірек айтылып жүр. Әріп те Абайдың шәкірті ғой. «Абай мені дұрыс бағаламады», - деп ренжіген, Сараға ғашық болған» т.б. дәйектерді білесіздер. Сараның елі қалың найман матай: «Айтыс болған», - дейді. Біржан мен Сараның жолыққанын растап, «Ешкіөлмеске Біржан барған», - дейді. Мұхтар Әуезов те Біржан сал сол сапарында Абаймен кездескенін жазды. Ар жағы Абайдың еліне тиіп тұрған жоқпа?
«Талантты адам – барлық істе де талант» демекші, Біржан сал – жан жақты талантты болған ғой. Ол орыс тілін де білген. Әнші, ақындығына қоса, сұңғақ бойлы, балуан кісі болыпты. Біржанның өзі ғана емес, баласы Теміртас та зор денелі кісі болған дейді көз көргендер. Біз Теміртасты көрмесек те, немересі Мұқамедқалиды көрдік. Екі метрге жуық бойы бар, денелі адам болатын. Магаданға айдауға кетіп, аман келгендігінің өзі қайраттылығы, сүйектің асылдығы ғой. Ол туралы көп әңгімелер айтатын еді. Сексеннен асып барып, осы жерде қайтыс болды. Домбыра тартып, аздап ән айтатын. Осы атамыздан тараған тікелей ұрпақтары бар. Шәріп, Марал, Орал деген балалары бар. Шәріп Щучинск қаласында, ал Орал мен Марал Көкшетау төңірегінде тұрады. Марал – Зеренді ауданының Қазақстан аулында тұрады. Жоғары білімді азамат, мектепте денешынықтырудан сабақ береді. Келіншегі сондағы мектептің директоры.
Аудан басшысы, ұлт руханиятының үлкен білгірі, әрі жоқшысы Ермек Бекенұлымен болған сұхбатымызды "әттең, тонның келтесі-ай" демекші, әттең, уақыт шіркіннің аздығынан осы арадан тоқтатуға тура келді. Әйтеуір қолында қызметі бар адамды мақтайтын сүйексіңді әдетке баққандығымыз емес, шынымен де сұрайын дегеніңді ауаныңнан аңғарып, әдебиет пен мәдениет, тарих саласындағы сан соқпақта қамшы салдырмас жүйріктей көсілтіп отырса, қалай сүйінбессің. Хош, аудан әкімімен сұхбаттан кейін ән падишасының басына барып құран бағыштатып, сапарымызды Біржан сал ән салған Көкшоқы, Жөкей көлі бағытында жалғастырған едік. Осы бағытпен аралай отырып, Зеренді ауданы Қазақстан аулына ат басын тіреген едік. Бұл жердегі биік адырдың басында, Қарақалпақ тауының баурайында Орта жүздің ханы Уәли Абылайұлының кесенесі бар.
Уәли хан кесенесі (фото автордыкі)
басында мектеп әкімі Базиля Есләмқызына жолықтық. Бұл кісі - Ермек Бекенұлы айтқанындай, Біржан салдың шөбере келіні болып шықты.
Біржан сал шаңырағынан дәм тата отырып, сөзге шебер, ойы орнықты, тәжірибелі тіл маманы Базиля Есләмқызымен Біржан салдан тараған әулет туралы айтып беруін өтіндік. Отағасы Марал Мұқаметқалиұлы бір шаруаларымен Көкшетауға жол жүріп кеткен екен. Орман шаруашылығында жұмыс жасайтын ұлдары Марлан да үйде болмағандықтан, жолығудың сәті түспеді.
Бұдан әрі қарайғы баяндау - Базиля Есләмқызының сөзі:
- Ұлы бабамыздың Теміртас, Асыл, Ақық деген үш баласы болды ғой. Менің жолдасым Теміртас атадан тарайды. Қайын атамыз Мұқаметқали деген кісі – сол кісінің баласы. Атамыз Бурабайда жүргізуші болып істеген. Еңбек ардагері. Мұқаметқали атамыздан Шәріп, Марал, Орал деген үш ұл бар. Шәріп 1957 жылы туған. Бір қызы бар. Орал 1960 жылғы. Ауылда тұрады. Бақытжан, Саида деген екі қызы бар. Менің жолдасым Марал 1961 жылғы. Бір ұл, бір қызымыз бар. Ұлымыз Марлан 1988 жылы дүниеге келген. «Бұқпа» орман шаруашылығында, қызымыз Аида Көкшетау қаласындағы «Айша» балабақшасында тәрбиеші болып өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Марланның қыздары – Інжу екінші сыныпты, Мерей бірінші сыныпты бітірді.
Біздің әулеттің адамдары өздерін өте қарапайым ұстайды. «Біржан салдай әйгілі адамның ұрпақтарымыз», - деп мақтанып-масаттану деген жоқ қой. Менің жолдасым да артық сөзге жоқ адам. Мен кейде: «Барша қазақ ардақтаған әйгілі адамның шөбересісің. Былай желпініп қоймайсың ба! – деп әзілдесем:
Біржан салдың шөпшегі Марлан отбасымен
- Мен олай қалыптаспағанмын. Олай мақтанудың не қажеті бар! – деп отырады. Бәріміздің басымызды қосып, жөн-жоба көрсетіп отыратын Ермек аға ғой.
- Өзіңіз қай саланың маманысыз?
- Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Он төрт жылдан бері осы Қазақстан аулындағы мектепте директорлық қызмет атқарып келе жатырмын. Марал ағаларың Қарағанды спорт мектебін бітірген. Осы мектепте денешынықтырудан сабақ береді.
Біржан салдың шөбересі Марал Мұқаметқалиұлы
Қарақалпақ тауының етегіндегі шағын ауылымыздың іргесінде Орта жүзді билеген Уәли хан жерленген. Республикаға танымал баспасөз ардагері Сүлеймен Ақтаев, ҚР Мемлекеттік ұлттық мұрағатының директоры қызметін атқарған Ләззат Ақтаева т.б. тұлғалар туып шыққан ауылымызда негізгі мектеп жұмыс істеуде. «Біржан сал» кинофильмі түсірілген кезде Досхан Жолжақсынов бастаған өнер адамдары келіп қонақ болған. Фильмнің ашылу рәсіміне шақырып, жолдасым барып қатысып келген.
Біржан салдың шөбере келіні Базиля Есләмқызы немерелерімен
(фото автордыкі)
Біржан сал ауданына, ән падишасының қара шаңырағына сапар барысында көзден кешіп, көкірекке түйгеніміз бір мақаланың аясына сыймайтыны анық еді. Рухани жаңғыру аясында рухымызды сілкіндіріп, барымызды базарлап, лайықтымызды ажарлаудың мәнісін осындай елге сапар барысында анық түсінгендейміз. Біз салдың от орнында отырып, көкейге келген ізгі тілегімізді арнадық:
- Біржан салдай тау тұлғаның, қазақ ән өнерінің асқар шыңының ұрпағы болу – расымен де мақтаныш қой. Марал ағамызбен, Марлен бауырымызбен бұл жолы кезіге алмағанымызбен, мүмкін, қуанышты бір сәттерде тағы жолымыз түсер, бұл ауылға. Мынау екі бүлдіршіннің соңынан дүйім қазаққа әйгілі сал бабамызға ұқсаған атұстар дүниеге келген қуанышқа келейік деген тілегіміз бар!
- Әмин, айтқаныңыз келсін! Бізің де ата-әжелік тілегіміз осы! Жақсы күндерде жолығуға жазсын!
- Амандықпен көріскенше, сау болыңыздар, тектінің тұқымы, асылдың сынықтары!
Біржан еліне, салдың қара шаңырақ, от орнына жасаған сапарымыз осылай аяқталды. "Ұрпақ үзілмейді, су сүзілмейді" деген ізгі ниетпен, жолсапар сұхбатымызды аяқтадық.
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.