Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Біздің сынып (әңгіме)...

13.11.2017 6405

Біздің сынып (әңгіме)

Біздің сынып (әңгіме) - adebiportal.kz

Өмірімде келістіріп футбол ойнаған бала емес едім. Енді, міне, алтыншы сыныпты бітіруге жақындағанда ойнауға тура келіп отыр. Оған сыныптастарымның сөзі себеп болды.

– Ертең Дархандар өздерінің балаларын алады да, бізді командаға кіргізбей тастайды, – деген Айдар. Оны Дулат пен Сағдат та қостады.

– Биыл жарыстарға да, басқасына да дұрыстап қатыса алмадық. Ылғи бөліп тастай береді.

– Өмірі құрама болып шығамыз, осы жолы өзіміз бөлек шығайықшы.

Бәріміз асханада отырғанбыз. Алдымыздағы кампотты ортайтып, қолымыздағы бәлішті пыс-пыс етіп жеп, тауысуға таяғап қалғанбыз.

Бесіншіні аяқтаған соң біздің сыныптың атаманы Бағдат қалаға көшіп кетті де, біздің сыныптың спорттық көрсеткіштері төмендеп кетті. Мен ешқашан атамандыққа таласқан бала емеспін, бірақ шартпа-шұрт мінезімді ескеріп, басқа балалар менімен санасып жүретін. Ал спорттық ойындарға онша ебім жоқ, сол үшін де осы уақытқа дейін ол мәселеге мән бермей келіппін. Әйтеуір Бағжат кеткелі жарыстарға біздің балалар Дархандармен бірігіп, құрама команда шығарып қатысып жүрген. Сөйтсем, олар негізінен өздері шығады екен де, біздің балалардан бір-екеуін алып, қалғанын ауысып ойнайсыңдар деп күттіріп қояды екен.

Дархандар деп отырғанымыз, «ә» сыныбы. Біздің әріптік белгіміз – «а». «Ә»-нің балаларымен ешқашан әңгімеміз жарасқан емес. Бір ауылдың баласы болып бірігіп асық та ойнаған емеспіз. Оған не себеп болды, бұл бәсекелестік дейміз бе, қарсыластық дейміз бе, әйтеуір келіспеушілік қашан басталды, оны тап басып айта алмаймыз. Әйтеуір олар бөлек әлем, біз бөлек әлембіз.

Дархан деген алтыншы сыныптың емес, сегізінші сыныптың баласы сияқты – бойы ұзын, денелі бала. Онымен төбелесетін жағдай болса, оңайға соқпайтынын білемін. Егер бөлек команда шығарамыз десек, түбі төбелеске баруы да мүмкін. Бірақ достарым мені арқа тұтып отырғанын да сезіп отырмын. Сондықтан намысқа тырысу керек болды.

– Сөйтейік, – дедім мен сенімді түрде. – Өзіміз бір команда шығарып, осы жарысқа қатысайық. Жақсылап дайындалайық.

– Дарханға өзің айтасың ба? – деді Дулат.

– Иә, – дедім.

Бірінші күнгі шешім осылай болды. Асханада болмай қалған балаларды тауып алып, жасырын келісімімізді жеткіздік. Қай-қайсы болса да қуана қабылдады. Енді тек Дархандарға айту мен Еркебұлан мұғалімге айтып, команданы тіркету ғана қалды. Содан соң, жақсылап дайындалу керек. Жарысқа дейін әлі екі апта бар.

***

Екі күннен кейін мектептің артындағы алаңға қарай бара жатыр едім, анадайдан әлденені талқылап келе жатқан Еркебұлан мұғалім мен Дархан көрінді. Мұғаліміміздің бойы аласалау еді, Дархан ол кісімен теңесіп қалған екен. Тіпті ұзындау ма, қалай өзі... Мұғалім мектептің көлеңкесінде, Дархан күннің көзінде келе жатыр. Жақындағанда қарасам, Дарханның маңдайы тершіп, кекілі бұйраланып кетіпті. Жүгіріп дайындалған болуы керек.

– Сәлеметсіз бе, мұғалім? – деп даусымды қатты шығарып амандастым да, алдарынан тосқауылдай тұра қалдым. Дархан сонда да сөзін тоқтатпай, айтатынын айтып барып тоқтады. Менің созған қолымды да үнсіз, сүлесоқ ала салды.

– Иә, сәлемет пе, Нұрқанат? – деп мұғалім маған қарады. Дарханға қолымды созып едім, ол еш ықылассыз алды.

– Мұғалім, біз осы айдың аяғындағы жарысқа өзіміздің сыныптың ұлдары болып шығайық деп едік, жазып қоясыз ба? – дедім әңгімені төтесінен бір-ақ бастап. Мұғалім сөйлемей жатып, Дарханның даусы естілді:

– Неге, ей?

– Сол. Өзіміз де бір команда шығара аламыз. Сендерде де бала жетеді ғой. Алтыншы сыныптан екі команда шығарайық та? – дедім жымиған болып. Даусым бас жағында сенімді шыққанымен, соңына қарай босаңсып кеткенін байқадым.

Дархан ызалана мырс етіп күлді де, тез-тез басып мектептің кіреберсіне қарай жүріп кетті. Еркебұлан мұғалім дәптерін алып, кестеге біздің команданы қосып жатты да:

– Ой, сен де, әйтеуір, бірдеңені былықтырасың да жүресің. Жарайды. Енді өзгеруші болмаңдар, – деді.

***

Біз дайындықты бастап кеттік. Мен капитан болатын болдым. Ойындағы позициям – қорғаушы. Айдар мен Дулат шабуылшы. Негізі Дархандардың бізбен бірігіп командасы шығарғысы келіп жүргендегі ойлары – осы Дулат үшін. Әйтпесе басқаларымыз онша жақсы ойнай алмаймыз. Айтпақшы, Сағдат жақсы қақпашы болатын. Бұл жолы да сол міндетті атқаратын болды. Ал Әділет, Сержан деген балалар ортада тұратын жартылай қорғаушы болып тағайындалды.

Көктем шыққалы бері ауылдың балалары мектептің артына жиналып, футбол ойнайтын. Біздің балалар күн сайын сол жерге барып, ойнап тұру керек деп шешті. Мен де басында баруым керек шығар деп ойлағанмын, бірақ көңілім соқпай қойды. Осыған дейін үйренбеген нәрсемді, екі аптада үйреніп кетпеспін деп түйдім.

Бірақ жаңадан қосылған дүние жүзі тарихы деген пәннен мұғаліміміз үйреткен бір нәрсеге ерекше мән бердім. Ол – психологиялық дайындық. Әлемде болған соғыстарда қаруы сай, саны көп әскер емес, көп жағдайда психологиялық дайындығы мықты болған жақ жеңіп отырған. Сондықтан біздің де ішкі әзірлігіміз күшті болуы керек. Өйткені, бұл жолы Дархандардан жеңілуге болмайды. Бесінші сыныптардан жеңіліп қалсақ та, 6 «ә»-ден жеңілмеу керек...

Қараңғы түсе балалардың біреуінің үйінде жиналып, жақындап келе жатқан жарыс туралы әңгімелесетін болдық. Не істесек, жеңеміз? Қалай ойнаған дұрыс? Көбіне жарыстың бірінші кезеңінде әр қатар өзара ойнап алатын. Яғни, үш бесінші сынып өзара, екі жетінші сынып өзара дегендей. Егер солай ұйымдастырылса, біз бірінші Дархандармен шығамыз деген сөз. Одан кейін бесінші сыныптардың біреуімен шықсақ, үміт бар. Ал жетінші сыныптармен шығып қалсақ, жеңу қиын болады. Әсіресе олардың «ә» деген сыныбы біз түгілі, кейде тоғызыншы, оныншы сыныптарды да жеңіп кетеді. Сондықтан да әзірге Дархандарды жеңуді ғана ойлау керек. Әр жағын уақытында көреміз.

Бәріміз ата-анамызға, ағаларымызға айтып жүріп қаладан ақ футболка алғыздық. Қағазға әдеміліп атымызды жаздық та, әріптердің ішін ойып, футболканың артына қойып, фламастермен аямай бояп тастадық. Қағазды алған кезде атымыз футболкаға түсіп қалды. Астына нөмірімізді бастық. Маған қорғаушы ретінде «2» деген нөмір бұйырды.

***

Бүгін ұзын Дулаттың үйінде жиналатын болғанбыз. Мен барсам, балалар футболдан әлі келмепті. Үйдің іргесіндегі орындыққа жайғастым. Мұрныма бықсып жанған ағаштың түтіні мен кешкі салқын таза ауа араласып жеткендей болды. Жер біраз кепсе де, қордалардың, күл үйінділерінің астында әлі қар жатқан мезгіл. Біздің ауылда көктемі осылай сәуірдің соңына дейін созылады. Кешкілік ауыл болып үйдің маңын жинайды. Қыс бойы қардың астында көрінбей жатқан қоқыстар, ағаштан сынып түскен шыбықтар төппешік-төмпешік болып үйіледі. Оны жинап, сыртқа шығару әдетке енбеген. Әркім шетінен от қойып, өртейды. Басында лап етіп жанғанымен, біраздан соң бықсуға көшеді. Сол бықсығаннан келесі күннің сәскесіне дейін жатады. Бала кезден көріп жүргендіктен, бізге бұл иіс көктемнің иісі сияқты болып кеткен.

Неге осы Дархандармен араласа алмаймыз деп ойладым. Талай рет бірге жүрейік деп ымыраластық. Бірақ не ойынымыз, не әңгімеміз жараспайды. Қырылып төбелесіп жатпасақ та, бір сыз қабақтан арыла алмай-ақ қойдық. Мұғалімдер соларды мақтағыш. Сабақты жақсы оқиды, спорттық ойындарға мықты дейді. Онысы рас. Біздің балалардың ішінде олимпиадаға қатысып, орын алып жүретін мен ғана. Бірақ...

Қораның артынан естілген балалардың даусы ойымды бөліп жіберді. Әлденеге ренжіп, күңкілдесіп келеді екен. Әне, ұзын Дулаттың бойы көрінді. Әділеттің жуан денесін таныдым. Екі аяғын екі жаққа тастай жүрген Айдар. Қоршаудың есігін ашып, бірінен соң бірі кіріп келе жатыр.

– Не болды, жеңдіңдер ме? – дедім мен, өздері әңгімені бірден бастамаған соң.

– Жоқ, ә, ойнаған да жоқпыз, – деді Айдар қабағын түйіп.

– Неге?

– Жетінші сыныптың балалары алаңды босатпай қойды. Одан біреуі кетіп еді, Дархандар команда болып кіріп алды. Араласып ойнайық десек, қоспай қойды.

– Өзі діңк-діңк етіп сөйлейді.

– Сен ештеңе демедің бе? – дедім ұзын Дулатқа қарап.

– Енді ойынға бола төбелесіп кетпейсің ғой, – деді ол жайбарақат. – Оның үстіне мен барғанда олар соңғы ойындарын ойнап жатыр екен.

Осы сыныптасыма таңғаламын. Бойы ұзын, күші көп. Шындаса Дарханға да әлі келеді. Оның жанында мен түк емеспін. Бірақ қақ-соқта ісі жоқ. Ашуланып кетпесе төбелеспейді де.

– Олар жарыста бізден жеңіліп қаламыз деп, өзінше ызаланып жүргендері ғой, – дедім мен, – Қайтсек те жеңуіміз керек.

***

Жарыс болардан бір күн бұрын Еркебұлан мұғалімге барып, кестені көрдік. Өзіміз болжағандай, бірінші Дархандармен ойнайды екенбіз. Одан соң команда капитандары шығып, командалардың аттары жазылған қағаздарды таңдайды. Кімге қай команда түседі, сонымен екінші ойынды өткізеді. Екі ойыннан да жеңілген команда жарыстан шығады. Ұпайы көптер финалға шығады.

Біз әдеттегідей кешкісін жиналып, түннің біруағына дейін әңгімелестік. Бар білгенімізді айттық. Он-он бес күннен бері айтып жүрген сөздерімізді қайталап айтып шыққан шығармыз.

Жарыс болатын күні таңертең ертерек тағы сол Дулаттың үйіне жиналдық та, аппақ-аппақ, атымыз жазылған футболкамызды киіп, мектепке қарай беттедік. Кез келген айқасқа тас-түйін дайынбыз. Не бел кетеді, не белбеу кетедінің кебі. Бір жағы бұрынғы кездегідей бірігіп, арамызға бөтен балаларды қоспай, өзіміз команда болып келе жатқанымызға масаттанатын сияқтымыз.

Дархандарда өзіміз команда шығарайық, сыныппыз ғой деген ой жоқ. Олар біз бөлінгеннен бері ашумен жүр. Қазір ойын кезінде де тәртіп бұзып, қағып-соғып ойнауы мүмкін. Егер біз жеңіп кетсек, одан соң біразға дейін мінез көрсетіп жүреді. Ал егер біз жеңіліп қалсақ, мен ретін тауып бір жанжал шығаруым мүмкін. Алдыңгүні алаңға біздің балаларды кіргізбей қойғанан ұмытқан жоқпын. Не бүгін жеңіп есе қайтарамыз, не артынан бір алысып қалу керек. Әйтпесе тап-таза жеңіліс табамыз.

Бірінші ойын бесінші сыныптардың арасында болды. Оларда үш команда болғандықтан, екеуі өзара ойнады да, біреуі бос қалды. Таңертең күн салқындау еді, тал түс таяған сайын күн ыси берді. Біз шығатын кезде тіпті шыжып кетті.

Еркебұлан мұғалім ысқырығымен қаттырақ ысқырып, назарын өзіне аударып алды да:

– Алтыншы «а» сыныбы мен алтыншы «ә» сыныбы ойнайды, – деп хабарлады.

Жүрегім жиірек қағып, алақаным ысып кетті. Қазір ойын басталады. Қайтсек те жеңілмеу керек. Біз бергі қақпаға, Дархандар арғы қақпаға қарай беттеп барады.

– Ал, жігіттер, тезірек жеңіп тастайық! – дедім дауыстап. Балалар секіріп-секіріп, қолдарын сермеп, ширығып тұрды.

Еркебұлан мұғалімнің ойын басталды деген ысқырығы естілді. Доп аяқтардың арасында әрі-бері жөңкіле жөнелді. Әркім өз орнында болуы керек, алаңның бір жағына жиналып қалмайық деп алдын ала келісіп алғанбыз. Сол үшін ғана сабыр сақтап, арт жақта жүрмін. Әйтпесе допқа талас болып жатқан орта шепке жүгіре жөнелгім келіп тұр.

Доп Сержан мен Әділетке түсті. Екеуі бір-біріне кезек тастап, алға оза беріп еді, ана команданың біреуі жүгіріп келіп Сержанды соқты. Ойын ережесін бұзбай иықпен соқты, бірақ ызаланып жүргені көрініп тұр. Арт жақтан Дарханның «шығар, алға шығар» деген даусы естілді. Ол да қорғаушы болып жүрген секілді.

Доп біздің алаңға қарай кіріп келеді. Шабуылшыларының екіпіні қатты. Ұзын Дулат қарсы жүгірді. Мен де жүгіріп кете жаздап, өйтсем арт жақтың ашылып қалатынын ойлап, көзімді допқа бір қадап, арасында алға шығып ашылып келе жатқан үшінші ойыншыға қарап қойып, күтіп тұрдым. Ақыры мен ойлағандай екі шабуылшы Дулатпен алдаспай, допты келесі қапталға, жүгіріп келе жатқан үшінші ойыншыға қарай тепті. Енді тебеді-ау деген кезде доптың жолын кесу үшін тіке жүгірдім. Үнемі ойнап жүрген адам болмаған соң, допқа аяғымды қанша тура тоссам да, ойлағандай дүңк еткізіп ұстай алмай қалдым. Бірақ қарсы жақтың шабуылын бұзып үлгердім. Доп аяқ астымда қалмаса да, қаңғып басқа жаққа кетті.

Осылайша жан алысып, жан беріскен ойын жүріп жатты. Әдетте ойындарда ара-тұра саябырсыған уақыттар болады, балалар әзілдесіп, күліп жүреді. Бізде ондай жоқ. Бәрінің қабағы түюлі. Кім бірінші гол соғады? Кім ойын біткенше көбірек гол сағып қалады? Кім өктемсіп ойнай алады? Кімнің абыройы үстем болады? Осындай маңызды сұрақтар шешіліп жатқан.

Қарсы жақтың шабуылшылары тағы біздің жаққа өтті. Бұл жолы мен жақтан келе жатыр. Тұра ұмтылдым. Бірақ олар екеу, мен біреу. Біріне бірі беріп, мені айналып өтті. Артта қорғаушы Дулат бар. Ол не істеуі мүмкін? Мен жанұшыра артқа жүгірдім. Бірақ екпінмен келе жатқан шабуылшылар маған жеткізер емес. Әне, Дулат жүгіріп келеді. Оның да екіпіні қатты. Әй, допты алып қойса жақсы болар еді. Алайда Дулат допты алып келе жатқан шабуылшымен соғысты да, оны ұшырып түсірді. Бірақ ана бала допты серігіне беріп үлгерді. Ол енді біздің қақпашы Сағдатпен бетпе бет шықты. Артында жүгіріп мен келемін. Сәл алданып қалса жетіп алмақпын. Бірақ анау теуіп үлгерді. Қақпаның оң жақ бұрышын көздей тепті. Демімді тартып тұра қалыппын. Сағдат секіріп барып допты қағып үлгердей. Әй, жарайсың, Сағдат.

Допты бұрыштан теуіп, ойынға қосты. Тағы да тапыр-тұпыр таласа кеттік. Ұзын Дулат мүмкіндік туған бетте шіреніп тұрып алдыңғы жаққа теуіп кеп жіберді. Бір қауіптен құтылдық.

Алдында ана команданың мүшесімен соғылып, құлап түскен Сержан ортада допқа таласып жүріп, ебін тауып алып шықты да, Әділетке берді. Әділет алға сәл жүрді де, күрт артқа бұрылып, қайтадан Сержанға берді. Сержан бірден алға тепті. Доп шабуылшы Дулатқа жетті. Ол бір қорғаушыны алдап өтіп, қақпаға қарай ұмтылғанда алдынан Дархан шықты. Дәу, ебедейсіз денесімен допқа қарай емес, Дулатқа қарай жүгірді. Егер артық қимыл жасайтын болса, бәрін қойып, тұра ұмтылмасам, бара салып жағадан алмасам деп ойлап үлгердім. Бірақ алыстан бақылап, әліптің артын бақтым. Әне-міне, дегенше екеуі беттесіп, ортадағы допқа таласа кетті. Дулат қаймықты-ау деймін, көп амалдамай, допты Айдарға қарай тебе салды. Мүмкіндікті аңдып, сақ тұрған қақпашы жүгіріп шықты да ақырын домалап бара жатқан допты алға қарай бар күшімен бір тепті. Ана команданың мүшелері өз қақапаларына қарай жүгіріп бара жатқан жерден тоқтай қалып, бізге қарай қайта жүгірді. Біз сияқты емес, олар онша ұйымдаспаған секілді. Өз орнынан қозғалмай тұрған қақпашы мен Дархан ғана. Екінші қорғаушының өзі ортаға таман кетіп қалды. Бізге олардың сол берекесіздіктері тиімді болды. Қалай болғанын өзіміз де түсінбей қалдық, әйтеуір ана жақтың көпшілігі мен біздің қорғаушылар таласып жатқанда біреу допты ашық жаққа қарай теуіп жіберді. Мен сәл арт жақта тұрғанмын. Бар күшімді салып допқа жүгірдім. Алдыңғы жақта Дулат пен Айдар жүргенін білемін. Соларға бағыттап, жобалап тұрып бір тептім. Мүмкіндік туды деген осы деп ойладым. Шабуылшы Дулат допты еппен тоқтатып алды да, Дарханға қарай жүгірді. Ол тура алдында істегенін жасап, қарсы жүгірді. Сол кезде Дулат допты Айдарға беріп үлгерді де, өзі Дарханды айналып өтті. Дархан: «Қайтыңдар, әй» деп айқайлады да, қақпаға қарай кері ұмтылды. Бірақ үлгере алмады. Айдар өзі тебетін адам секілді қақпаға жақындап, қақпашыны алға шығарып алды да, оң жақта жүгіріп келе жатқан Дулатқа допты тастай салды. Дулат қақпаның босап қалған жағына допты теуіп кеп қалды. Гол! Бірінші гол – біздікі. Бұрын Бағдат атаманымыз болғанда да бұлай бірінші болып Дархандарға гол соқпаған шығармыз. Енді осы есепті сақтап қалу керек.

Гол соққанға дейін барымызды салып ойнап жатқанбыз, енді тіпті ұйыса түстік. Алдағылар ортаға, ортадағылар артқа жиі-жиі қайта бастады. Дархандар шама келгенше алға ұмтылып бағып жатыр. Бірақ бір гол жіберіп қойған соң, көңіл күйлері бұзылып кетті. Бір-біріне айқайлап, арасында боқтап, ашуланып жүр. Әсіресе Дархан артта тұрып алып, доптан айрылған әр сыныптасын сықпыртып жатыр. Біздің балалар қандай жағдай болса да бірін бірі бұлай боқтамас еді. Олардың бізден айырмашылығы да осы секілді. Дулаттың үйінің алдында балаларды күтіп отырғанда да осыған ұқсас ой келіп еді. Дархандарда бірлік жоқ. Және бәрін бірі сыйламайды.

Алаңдағы жағдай барған сайын тұрақтала бастады. Бір ырғақпен қимылдап, ұйымдасып қайта-қайта шабуыл жасаудың орнына, қарсыластарымыз аяқтарына доп тисе үмітсіз алға ұмтылады да, доптан айрылып қалса бастары салбырап әрі қарай жүгіре береді. Ысқырық қашан естіледі деп, тағатсыздана Еркебұлан мұғалім жаққа қарап біз жүрміз.

Бір мезгілде ол сәт те жетті-ау. Бәріне естілетіндей қатты ысқырық созылыңқы шықты. Біздің жеңісімізді сүйіншілеген ысқырық болды. Бір-бірімізге қарай жүгіріп, қатты-қатты құшақтаса бастадық. Жеңіс!

Ойын біткен соң, екі команда қарсы тұрып, бір-бірімен қол алысатын дәстүр бар еді. Мен қуана-қуана бәрімен қол алысып келе жатқамын. Кезек Дарханға келген кезде алақанымды шарт еткізіп қағып өтті. Бірнәрсе айтып үлгермедім, теріс айналып жүре берді. «Жарайды», – дедім іштей. – «Не де болса жеңілдің ғой».

Жарыс әрі жалғасты. Жетінші сыныптар ойнап, біз ойлағандай олардың «ә» сыныбы жеңді. Олар осы жарыста бірінші олатынына ешкімнің күмәні де жоқ еді.

Енді келесі қарсыласты анықтау үшін команда капитандары ортаға жиналды. Еркебұлан мұғалім алақанын ашып қалған кезде бүктелген қағаздарға басқа балалар тала кетті. Мен асықпай, соңында қалған қағазды алдым. Ашсам, ештеңе жазылмаған таза қағаз екен. Сөйтсем, бас-аяғы жеті команда болғандықтан, бір команда бос қалады екен. Оған жеңген команда сияқты үш ұпай жазылады. Осының алдында бесінші сыныптың біреуі солай ұпай алыпты.

Сөйтіп, алты ұпайды қанжығамызға салып алдық та, кезегімізді күту үшін көлеңкеге барып отырдық. Ең қиын қарсылас – жетінші «ә» Дархандарға түсті. Иә, бұл олар үшін ауыр күн болып тұр дедік біз.

Бесінші сыныптардың алдыңғы ойында ұпай жинаған екі командасы осы айналымда жеңіліп қалды. Біреуі алдында жеңілген жетінші сыныптан, екіншісі өздерінің құрдастарынан жеңілді. Сөйтіп, екінші айналым біткен кезде толық алты ұпай алған екі-ақ команда болып шықты. Біреуі – жетінші «ә», екіншісі – біз. Бір-ақ гол салып, финалға шыға ма деп, бізге қарсы басқа сыныптар дау көтеріп еді, Еркебұлан мұғалім ұрсып, бәрін тоқтатып тастады. Жағдай осылай болды, жарысты кешке дейін бітіруіміз керек деді. Бұл кезде расында да уақыт біразға барып қалған.

Үшінші орынға бесінші сыныптың екі командасы мен жетінші «а» сыныбы таласты. Бір бесінші мен Дархандар жарыстан шығып қалды. Ақыры, үш команданың арасында талас аяқталғанда күн ұясына еңкейіп келе жатты. Жетінші сынып екі бесіншіні жеңіп, үшінші орынға ие болды. Енді финал басталмақ. Біз әйгілі жетінші «ә» сыныбымен шығамыз. Бұл – осы жарыстағы әрі қызықсыз, әрі қызық ойын болғалы тұр. Қызықсыз болатыны, кім жеңетіні бесенеден белгілі. Қызық болатыны, жетіншілер бізге неше гол салады, қалай жеңеді – көрермен болып отырған балалардың ендігі ермегі осы.

Біз бұл ойында да барынша тырыстық. Қорғанысқа көбірек мән бердік. Алда тек Дулат қана қалды. Айдардың өзі ортаға қайтты. Ортадағы Әділет біздің жанымызға келді. Бірақ әккі команда бәрібір бізге үш гол салып кетті. Біз бір-екі рет шабуыл жасағанымызбен, қақпаның ашық жерін таба алмадық.

Дегенмен, көңіл күйіміз өте көтеріңкі болды. Қараңғы түсе бастағанда Еркебұлан мұғалім мектептің ішіне кіріп, жарықты жағып, дипломдарды толтырып әкелді де, ресми түрде табыстады. Екі жетінші сыныптың ортасында біз тұрдық. Екінші орын алдық. Екінші орын! Неше күннен бергі әзірлігіміз, таңертеңнен-кешке дейін ойланып, іштей дайындалғанымыз бекер болмады.

***

Содан бері он бес жылдай уақыт өтіпті. Қазір балалар жан-жақта жүр. Әр қайсы әртүрлі мамандықты игерді, әрқайсының жағдайы да әртүрлі. Бұрынғыдай жиі-жиі хабарласпаймыз да. Бірақ сол балалармен бірге өткізген күндерімді ойласам, бойыма жылу тарайды. Өздері қарапайым болса да, адам сыйлай білетін қабілетке ие еді. Әрі өздерін де сыйлата білетін. Ана сыныптың оқушылары не бірін-бірі, не басқаларды сыйлау білмейді екен. Көңіліміз жараспайтыны да содан екен. Оны сол кезде жобалап түсінуші едім, кейін, біраз өмірлік тәжірибе жинаған соң барып толық ұқтым.

Жарыстан кейін үйімізге тараспай, Дулаттың үйіне барғанымыз есімде. Ақшамызды қосып, дүкеннен тәтті-пәтті алып, өзімізше дастархан жайдық. Қуанышымыз қойнымызға сыймады.

Түннің біруағында үйге келген соң, таң қылаң бергенше тағы да ұйықтай алмай қойғанымды білемін. Кейін Дархан басқа бір жағдайды сылтауратып, бізге соқтыққанда мектептің дәлізінде тұрып төбелесе кеткеніміз бар. Бірақ ол өз алдына бөлек әңгіме. Оны келесі жолы айтып берермін.

Арман Әлменбет


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар