Шыбын жанының қанатына хат жазып...
Өмір, арман,
Алынбайтын қамал сияқты,
Сол үшін өмір сүргің келеді ...
Қайғы, шексіз құмды шөл сияқты.
Дауылды аңсайсың
Адасып жүріп адасқың келеді...
* * *
Күзгі ымыртта
Қабақханадан мас болып қайтып
Данышпан досыңды ойласаң
Өткінші өмір туралы ойланасың.
* * *
Өмірдің мәнін,
Бақыттың формулаларынан іздеп,
Армандар туралы айтып отырғанда,
Өмір оте береді, құм төбелер көшеді,
Қалағанынша...
* * *
Мейрімділік
Туған кезде асырап алған балаң сияқты.
Өмір бойы көлеңкеңнен қашып
Сыр сандығыңның кілтін
Қайда жасыруды білмей
Аласұрып жүріп жылағаның ...
* * *
Адам өмірден өтеді
Аспанның бұйрығына қарсы
Шыбын жанының қанатына хат жазып.
* * *
Маңғаз суретіңе қарап,
Өзіңді таппай қаласың
Өзіңді жұбатасың да ұйқыға кетесің
Әйгілі актёр болуға лайық екем ғой деп,
Ырза көңілмен )))
Айна
Айнаға қарап,
Өзім туралы ойлансам
Сен есіме түсесің.
Су бетіне қарап ойлансам
Өзім есіме түседі.
Айнаның бетіндегі әлем,
Қағаздың бетіндегі жазба,
Су бетіндегі қауқарсыз жапырақ,
Қабырғадағы көлеңке,
Ай астындағы өзімнің елесім
Бәрі аруақтардың әлемі секілді
Өлі тыныштың
Жансыз жүрек соғысы
Суық қабырда жатып көрген түсім сияқты.
Менің әлемімдегі кескін
Өртенген қағаздардың күлі сияқты
Аспанда қалқып жүргендей
Күн астынан өзімнің жазбаларымды
Көремін, оқимын
Перілер қонған лашықта отырып.
Кардиограмма
От болып өртеніп, мұң өзенінен өтіп
Алқызыл гүлдің қош иісін иіскегім келді
Туған өлкемнің тауларында өскен.
Бітпес сағыныш...
* * *
Үстелге сүйенген мас жігіт
Түтінге толы шарапханада,
Ғашықтық қарыған жүрегін
Аяуды ұмытып кеткен.
Қызыл көйлекті қыз
Шылым тартып, жыр тыңдап отыр.
Жәй ғана...
* * *
Күн батардағы ұзын көлеңкемді еске алдым,
Аттың үстінде отырып
Ұзын көлеңкеме қараушы едім,
қалтиған арық бала кезімде.
Сала құлаш, түйіншек түтіннің арасынан,
Ұзын көлеңкемді іздедім...
Дон Кихот па Шияң Зы ма, мастық па?
Құмырсқаның илеуін тауып
Жыланды тірідей лақтырғым келді.
* * *
Ешкім түсінбейтін болашақ туралы айтқым келген
Сөзімде мән де мағана да қалмапты
Түтінге тұншыққан шарапханада
Ешкім тыңдағысы келмеді,
Мәйтханадағы суық мүрде сияқты
Үнсіз қалдым...
* * *
Бірақ бір күні, сен және ол...
Қарама -қарсы түрасыңдан
Бір-бірінен алшақ әлем туралы
Үнсіз ойланып жауап іздейсіңдер.
Арқанның екі ұшынан ұстап
Өркештендіріп, толқындатып тербесе
Өркештеніп шұбатылады
Жүрек соғысының электронды бейнесі сияқты.
Жалғыз әлем
Сағыныш қалғытып,
Салқын жел мазалады
Қалтырауық жапырақтарды.
Шырақтың астында
Шашылып қалған мұң,
Құлазыған орындықтар...
Жалғыздықтың әуенін
Жел сыбрлап айтып жатқанда
Тротуарда келе жатып
Серуендеп жүргеніңді ұмытып,
Неге шылым тұтатып
Неге құшырлана сорып
Тоқтай қалып түтінін аспанға үрлеп
Өліммен өмірдің шекарасында тұрғандай,
Күрсінгенің есіңде қалмай
Салқын ауаны құшырлана жұтып
Жалғыз әлемде, жалғыз өзің
Жапырақ кешкенің жүрегіңді тулатқанда,
Асығасың.
Байыз табалмайтын
Көңіліңді бір түсінбей ...
Желге ұшып кеткен сен бе?
Мені жел ұшырап кетті ме?
Кім жел кім жапырақ?!
Алыстап бара жатқан ән
Сенің мұңға боялған үнің
Сағыныш болып тұнып тұр қос жанарыңда
Қасірет сияқты жалғыздық
Өр, тәкаппар жүзіңнен
Асқақ көрінетіні несі?
Жалғыз әлемде
Жалғыз жапырақ қалғанша сынбашы
Сен,
Жалғыз әлем...
Тағасымен өлген ат!
Тағасымен жатқан аттың
Қурап кеткен сүйегіне қарап
Дүбірден көтерлген шаң көргің келеді.
Қасқа жолда шұбатылып жатқан.
Иіскегің келеді
Жылқының бусанған иісін!
Тағасымен қурап жатқан тұяқты
Қайта көру қасірет екенін ойлайсың.
Таңдайыңа сордың дәмі жиналып!
Үш бұрыштың ортасында тұрып
Біреуін ғана көре аласың!
Артың қараңғы елеске айналғанда
Аспанға көтеріліп үш бұрышты да
Анық көре алатын сәтіңде
Аттың қурап, саудырап жатқан сүйегі
Сенің табытыңа айналып,
Тұяғындағы тағасы
Сенің ескерткішіңе қағылса
Патышалар "Өмірдің үшінші өлшемін"
Сенің табытыңа жасырдық деп
Мақтаншақ сөздермен
Жаңа аңыз таратып жатқан болар еді...
Шілденің түні
Жарық көше,
Тымырсық ауа тұншықтырған жапырақтар
Шөлдеп, кенезесі кепкен,
Түсіне теңіз кіріп қалғып тұрғанда
Тереземнен үңілген көшенің жарығымен
Өлі көлеңке қымтаған болмемде
Үш өркешті түйенің көлеңкесі кезіп жүргендей
Үрейлі.
Шілденің тымырсық түні...
Таудағы, жасыл шалғынды, орман арасындағы
Сүйспеншілікке толы ағаш үйді есіме алдым
Ауасын сезінуге тырысып көрдім
Бірақ...
Үрей сейілмеді,
Перденің артында тұрған көлеңке
Үш өркешті түйе сияқты...
Жалғыз аяқты адам
Жылқы құйрықты ешкі,
Сібірткі мінген кемпір
Қайнаған суға тұншыққан тасбақаның үні,
Суға батып бара жатқан титаник кемесі...
Өңім мен түсімнен шаршап
Келер көктемде көк шөп арасындағы
"Сүйспеншілікке толы ағаш үйге барам" деп
Өзіммен өзім күбірлеп сөйлестім...
Өз құлағыма өзім сендім.
Өз көзіммен көргім келді
Ағаш үйдің іргесіндегі өзенді,
Сайраған құстарды
Ай астындағы ауаны
Қалғыған тауды, мүлгіген орманды...
Көктем, түн
Жаңбырдан кейінгі бақ
Хош иісін аңқытады,
Дымқыл ауаны бояған иіс
Шырақ сәулелеріне еркелейді...
Көлеңкедегі күңгірт сәуле
Қою қоңыр бояулар
Топырақтың исін
Топырақтың түсіне бояпты...
Ағаш бүршігінен тамған тамшы
Инеліктің көзіндей боялып, құбылып
Ақ, сары, жасыл, қоңыр...
Сұр сәулелердің арасымен қалқып
Шөптің сүйрік саусағына қонып ұйқтап кетті.
Құйттай бір құс
Қанаттарының сымпылымен,
Боялған ауаға өрнек салып ұшқанда
Көзіме қуаныш,
Жүрегіме махаббат ұялады!
Көктем мені сүйе ме?!
Мен көктемге ғашықпедім?
Білмеймін.
Жан әлемім боялып
Қалықтап барады...
Құс қанатына
Сағынышын жасырып...
Сен жаққа, көктем..!
Құй достым!
Күздің ақ маржандары
Аспаннан шашылып
Көше шырақтарының сәулесіне
Меруерттей мөлдіреп, жарқырап
Алақанымнан сусып, төгіліп
Өмір сияқты,
тәтті, мұңлы
Асфальт жолға құлап
Ғайып болатын елес...
Қобыздың мұңлы күйі сияқты
Күзгі жел,
Сары жапырақтарды тербеп
Ұйқтатып, ұрлап
Сбдыр-сыбдыр әуен
Балкоп жарығына боялып
Тамшылар жарқырағанда
Қалықтап кетті жапырақ
Құс қауырсынындай
Нәп-нәзік, өмір....
Алматы күзі
Алматы жаңбыры
Сарғайтып жеттің
Сары уайымымды
Сағынышқа орап
Қауырсындай қалықтап
Шалқытып тастадың.
Күзгі әуен, күзгі жаңбыр
Қарт қалама арқамды сүйеп
Шарап ішейін
Құй достым...
Жапырақ кешіп теңселе басып
Өткен күндерді еске алайық
Бағдаршамдарды санап...
Көлеңке
Көз алдым тұман,
Көңілім жапырақсыз ағаш.
Елемей кетіппін іңірді иіліп тұрған.
Толған ай төбемде тұр,
Өлі сәулесі өне бойымды қалтыратып...
Көл жағасында жалғыз отырмын,
Ескексіз бос қайық жылжып барады.
Дірілдеп тұрған ай сағымы ақ қағаз сияқты,
Көл бетінде бос қайық, ақ қағаз,
Жотамды бір ыстық алау шарпыды.
Үрей, күз,
Түнжыр көл
Қалтырауық жапырақтар…
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.