Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Ұлытау үні - ұлттық рух...

Ұлытау үні - ұлттық рух

137

Ұлытау үні - ұлттық рух - adebiportal.kz

Ол Сарыарқа мен Ұлытаудың тарихи тағылымына қанығып өскен қазақ ақыны, содан болар  өлеңдерінде туған жерге деген шексіз махаббаттың лебі есіп тұрады. Тек лирикалық сезімдерді жырлап қоймай, тарихи жады мен елдік рухты да қаламға тартады. 

Дәуренбек Бұланбаев  Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Сарысу ауылында дүниеге келген. Республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері. «Мұңайма, менің аққуым...», «Жалғыз» жыр жинақтары жарық көрген. 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Ғазиз Ештанаев Дәуренбек туралы: « - Оның өлеңдері  аласұрып, асығып, аптықпайтын, сырғып ағып, жағалауындағы тіршілік тамырларының мейірін қандырып ағатын даланың ойлы өзендері сияқты. Әуелде момақан болып көрінетін монтаны жырлары сәлден соң көңіліңе қонақтап, жүрегіңе тереңдеп батқан сайын ақынның айтпақ ойының батпан-батпан салмағын сезінесің», - деп ой түйгені бар. Осы орайда портал оқырмандары үшін Дәуренбек Бұланбаевтың бір топ өлеңдерін жариялауды жөн көрдік.  

ЖАЛҒЫЗ

Ай жалғыз.

Күн де жалғыз.

Мен де жалғыз,

Санама сағынышын теңдеп әр күз.

Жанымның жарасына таңатұғын,

Жалған-ай, табыла ма емге жалбыз?

 

Тамсанып күткенменен таңды не бір,

Қайтейін, қарайғаннан қалды көңіл.

Тасадан тас атасың маңдайыма, 

Сен менен не сұрайсың, Жалғыз өмір?

 

Ат қойған жан-жағымнан андыздатып,

Суық ой сенімімді сан мұздатып.

Өзекті өртейтұғын өксігімді,

Қай күні басар екен Жалғыз бақыт?

 

Жатқанда жетесіздер Арды күреп,

Тал қармап, талпынумен талды білек.

Қаққылап қабырғамды, қабармағын,

Сен маған өкпелеме, Жалғыз жүрек.

 

Көңілі, құдайым-ау, қалды неден,

Жар басы.

Жалғыз жадау жанды көрем.

... Жалғанның жанарында мөлдіреген,

Жалғыздың жасын сүртші, Жалғыз өлең!..

АЙ ТУЫПТЫ

Алтын емес, туған ел, ар тасыған,

Тауқыметі түсе ме арқасынан?

Келер күнін күдікпен кісендепті,

Ай туыпты, құдай-ау, шалқасынан.

 

Шалқасынан туғанда ай көктегі,

Кең жайлауын көңілдің жайлы етпеді.

Жараланып оралам сапарымнан,

Сауытымды шықсам да сайлап, тегі.

 

Жабырқаса жанымның жасыл бағы,

Бұлты аумаған тағдыр да, басымдағы.

...Айдан сырға тағынған жеңешемнің,

Ай қабағы неліктен ашылмады?

 

Бесігіне бөлесе шер құндағы,

Ашыла ма, аяулым, ердің бағы?

...Шалқасынан жатқанда шенді көкем,

Арқасына батқан ба, елдің қамы?

 

Ұнжырғамыз түскен кез ұмытылар,

Үкілеген ел едік үміті бар.

Ай туғанда аспанды баққан елдің,

Күні ертең-ақ жарқырап күні туар!..

***

Керуен-күн енгенде құм шағылға,

Кезіктің бе сен-дағы мұнша мұңға?

Қанатыңды, қара өлең, қаққаныңда, 

Мен анамның тулағам құрсағында.

 

Сен – жалғызым.

Мен саған сыр ақтарам,

Ешкім сендей дос емес бірақ маған.

Бар әлемді басқанда қараңғылық,

Қара өлеңім!

Өзіңе жылап барам.

 

Сезім барда мен саған алаң едім,

Өзің барда дауысым дара менің.

Көңілімнің кезеңі – алагеуім, 

Өмірімнің өзегі - қара өлеңім!..

ҚАРАША. ҚАРАҒАНДЫ

Бойындай бетегенің еңіс біткен,

Көңілім не күтеді кеңістіктен?

Қараша.

Қарағанды.

Жылауық күз,

Жаныма не бересің, жеңіс күткен?

 

Тізілген тырналар-ай, тыраулаған,

(Менімен қоса егіліп тұр-ау далам).

Сап-сары жапырақтар сездіріп тұр,

Тұрарын сағыныштан мынау ғалам.

 

Мекені  - қоңыр күйдің, қоңыр үннің,

Өзегі осы айда ма, өмірімнің?

Азаннан жас саулаған жанарынан,

Аспанның аулайды екен көңілін кім?

 

Көретін көңілсіздеу күнде мені,

Бозторғай тағы айтады бірдеңені.

Көшеде су шашады көліктері,

Көңілдің аз болғандай кірлегені.

 

Арынын ағып өтіп,  баса алмаған,

Әлі күн арғымақтай асау ма, арман?

Қараша.

Қарағанды.

Жылауық күз,

Жанымның жанарындай жасаураған…

ТҰЛПАРДЫҢ ТОРЫҒУЫ

Тәңірден тілеп алғам азығымды,

Өлтірсең айтып өлтір жазығымды.

Басымда болмаса да ноқта-жүген,

Неге айнала беремін қазығымды?

 

Ауылға аян болған жалтаңдығым,

Ашиды кіл жауырдан арқам бүгін.

Қойшының қой торысы болған күні,

Мәңгіге тастап кетті тарпаңдығым.

 

Мен көрген бұлақ та аман, шоқы да аман,

Жетеді осы араның оты маған.

Дегенмен... тұлпар еді  - десе біреу,

Құлағым елеңдейді...

Оқыранам.

 

Қайтесің, жария ғып мұны көпке,

Қасымнан өте шықшы, күбір ет те.

... Басымда ноқта да жоқ, жүген де жоқ,

Қазыққа байлап қойған құдірет не?..

***

Сезімге сен сияқты сән бермек кім?

Сағымға араласып, сәулем, кеттің.

Жанына жалау еткен жанарыңды,

Дәурені өткені ме, Дәуренбектің?

 

Көк аспан.

Сен де бұлай күркіреме,

Жайымды айта алам ба, жыр тілінде?

Жалғанның жалғандығын жасыра алмай,

Дүние дірілдеді кірпігіңде.

 

 Кім білген, бұл ісіңнің ақ-қарасын,

Сезімді сақтау керек... сақтағасын.

Есімің есігінің кілті болған,

Сен қалай жүрегіме ақталасың?

 

Алдымнан атпады ма, арман таңы,

Тағдырдың таусыла ма жалған шағы?

...Бір жұлдыз ағып түсті таң алдында,

Бір үміт үзілді ме, қарғам, тағы?..

***

Күніне тап келгендей қарашаның,

Үніме үн қоса ма, нала-сағым?

Қырқада қыр астында қалып қойған,

Мен сені аңсап жүрмін, бала шағым. 

 

Ақылын тыңдағанмен сан алыптың,

Қараудың қорғанына қамалыппын.

Қырдағы қара тастың қынасында,

Мен салған ізі қалды балалықтың.

 

Көңілге көмген шоқтай халді біліп,

Санама сағыныш кеп салды бүлік.

Шыңсайдың шыңға біткен шынарын-ай,

Талыңның саясын-ай, Талдықұдық!

 

Тілеуін тілеуші едің мұратты ұлдың, 

Жусаны, жұпармысың, қырат-қырдың?

Түсімде сені көрем, балалық шақ,

Кірмедің үйге неге?

Жылап тұрдың.

 

Адасып қалдым ба екен, жаза басып,

Отырам соны ойласам маза қашып.

Қамшы өріп қайран әкем.

Анам болса,

Ошаққа от жағатын, қазан асып.

 

Сан сурет жанарыма тұнады анық,

Сайменен жатушы еді бұлақ ағып.

... Қырқаны кезіп қайтам ертең енді,

Тұлпарын жылқышының сұрап алып.

БӨРІ  БОПТЫ  БАБАМЫЗ…

(Баллада)

Олар жайлы жырларым  - талай дәптер,

Бөрі бопты бабамыз.

Қалай мықты ер?!

Көрінбесе көл кеуіп көңілдегі,

Бөрі енбесе түсіме...

Талайды иттер.

 

Түлкідейін сонарда соғып алған,

Құбылады-ау осылай өмір-жалған.

...Ауыл көшті.

Қарт мерген жұртта қалып,

Қаладағы қу жалғыз қолына алған.

 

Болғаннан соң киелі ар құндағы,

Құтылмайтын жортқан аң алдындағы.

Жастық шағы қашты да қыр астына,

Береніне аңшының алдырмады.

 

Күзге айналып кеткен соң көктем-күнің,

Өткен күнге оралар жоқ көлігің.

Көшті солай қалаға.

Ал, ескі үйден

Алғаны тек  - терісі көк бөрінің.

 

Баспасын деп бейдауа ырық бойды,

Бездірмек пе, осылай күдікті ойды?

Көк бөрінің терісін кие көріп,

Өз тұсына қарт аңшы іліп қойды.

 

Кең даланың серісін қала қысты,                                           

Ауыртқанда жүрегін алаң ішкі,

Көк бөрінің терісін сипалайтын,

Алақаны аңшының тарамысты.

 

Қашқаннан соң қадірің  - сен де кебін,

Күйін кешті қарт аңшы шерменденің.

Тас қабырға тұс-тұстан тесірейді,

Қабағымен ықтырды кердең келін.

 

Жана алмасаң, замандас, шырақ құрлы,

Тағдыр бізге таңады сынақ түрлі.

...Көк бөрінің терісін, төрде ілулі,

Кесір келін қоқысқа лақтырды.

 

Жауабы жоқ, санамда сұрақ ащы,

Жалған!

Сенің жолыңнан кім адасты?

... Ауладағы қоқысқа қожа болған,

Ит атаулы қыңсылап тұра қашты.

 

Көрік басар жаныңа жоқ ұста әлі,

Бұл өмірде осылай оқыс бәрі.

Ырылдасқан иттерді бездірді анық,

Көк бөрінің терісі...

Қоқыстағы. 

 

Шимай жібі-ай тағдырдың, шешілмедің,

Дүниенің қарашы есіргенін.

-Қасқыр көрдім түсімде, - деді ақсақал,

Үндемеді ұл.

Мырс етті кесір келін...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan