Ділдәр Мамырбаева. Мейірім моделі – әже

Бала шақта көрген жылу мен мейірім біздің кеудемізді  өскенде де жылытып тұрады.

37

Ділдәр Мамырбаева. Мейірім моделі – әже - adebiportal.kz

-  Кемпір үйде ме? – деп, бірақ сұрағының жауабын тоспай еркінси төрге озған көрші апайға Сафиат жақтырмай қарады. Кемпір деген сөзді естісе қабағы тырысқан, көрінгенмен ұрысқан, кенеп шалбар киген, жерден  бойы сәл ғана көтеріліп тұрған мыстан, жалмауыз кемпір елестейді. 

-Өзің кемпірсің! – деп айтқысы келді де, әжесінің қабағымен қой деп ымдап тұрғанына қарап, теріс бұрылып кетті. 

   Мұның әжесі кемпір емес, құшағы қарлығаштың ұясындай жып-жылы, алақаны әжім-әжім болса да жұп-жұмсақ, баланың алдағанына да сеніп қалатын,пейілі күн нұрындай сәулелі, өз-өзінен боларға да, болмасқа да жылай салатын өзгеше аяулы жан. 

Ал кемпір деген... өздері 5-сыныпта оқып еді ғой, әлгі бір қыздың үйіндегі ошақтағы от сөніп қалып, содан от іздеп шыққан ол алыстан жылтыраған шоқ пен мұржадан тік көтерілген түтінді көріп сол жаққа қарай жүреді. Барса, от дегені есігінен көрінген кемпірдің көзі екен. Кіріп, қыз үйіндегі ошақтың оты өшіп қалғанын айтып, от сұрайды. Ал кемпір қызға отты балтырынан қан сорғызса ғана беретінін айтады. Қыз көнуге мәжбүр болады, кемпір шоқ беріп, содан соң күнде келіп қыздың қанын сорып тұратын болған. Міне, кемпір деген сол. Жалмауыз. Сафиат  көрші әйелдің бетіне қарады. Шүңірейген көзді, мұрны біздей, көзі жапалақтың көзіндей. Қан соратын жалмауыз кемпір алыстағы үйінен шоғын алып кетуге келгендей жиырылып қалды. 

Мұның әжесі түк те қарға бұтты қара кемпір емес. 

    Бұлар бүгін шөбі тізеден келетін, бетеге мен боз, қияқ пен қоңыраубас желмен бірге толқып жататын Қырғауылды ауылының тауына шыққан. Сафиат шыққа малынып, күмістей жарқыраған шөптерге қуана қарап тұрған. Шөптің арасынан сусылдап жылан сырғып өткенін көргенде қорыққаннан бақырып жылап жіберген. «Жылан! Жылан» деп бәрі сол жерге үймелесе қалды. Әкесі қолындағы таяқпен соғып қалғанда басы бөлек ұшып түсті.  Жыланды ертеңгісін өлтірсең, жаны кеш батқанда бір-ақ шығады дегенді білсе де, аулақтау жердегі басты құмырсқаның илеуіне не тастың астына бастырып тастағысы келіп алдымен аяғымен түртіп көрген. Өлі бас. Жыланның басын ұстап тұрып суретке түсіп, құрбыларына мақтанғысы келген. Қолына ала бергенде, саусағы тыз ете қалды. Алғашында қорқынышты ешнә рсе байқалмағанымен саусағы ісініп, домбығып, біреу ине шаншып жатқандай болды. Жылан шаққан жерден сәл жоғары бұрауыш салып, әкесі төмендегі машинаға жеткізгенше әжесі қарауытып шыққан қанды сорып,сыртқа түкіріп отырды. Қуанышты үндер, абыр-дүбір сап тыйылған. Бәрінің көзінде үрей. Ісік білекті жайлап бара жатты. Әжесі жыланның уын соруын бір сәтке де тоқтатпады. Жылдам қимылдап,  бұрын жылай салатын әдеті болмағандай тым сабырлы әркет етті. Аурухана келгенде Сафиат естен танудың аз-ақ алдында еді. Қан сараптамасы қорқынышты қорытынды берді. Қаны сұйылып кеткен. Сафиат бір есін жиғанда, дәрігердің әжесіне ескерту жасап жатқанын естіді.

-Оқымаған адамсыз ғой деймін. Уды сору арқылы жараның аузын үлкейтіп,инфекция түсіресіз. Қазіргі жыландар бұрынғы жыландар емес, жылдан жылға улы болып бара жатыр. Олардың қорғаныс қабылеттері артып, иммунитеттері жоғарлап кеткен.Олардың уын сіздің ауызбен сорып емес, ыдыратқыш антителасы бар дәрімен ғана қайтарамыз, өзім білем деп сауатсыз әрекетке бармау керек- деп әжесіне зекіп тастағанда, манадан бері әжесі алақанымен ұстап келе жатқанда ауырсынбаған жері, әжесі қолын босатқанда саусағын ошақтағы лапылдап тұрған отқа жалаңаш ұстағандай солқылдады. Әжесі жанынан кетпеуін тіледі. Алақанын алақанына қойса жаны тынышталатындай.  Тілеуін берді. Дәрігердің болмайды дегеніне қарамай, әжесі жанында қалды. Оның жанында болғаны бойына тыныштық ұялатты,  жаны жайланды. Екі күндей ауруханада болды. Ісік қайтты. Қан сараптамасы қалпына келді. Жағдайы түзелді. Тек саусағының ұшында тауға шыққан күннен естелік болып  қара дақ қалды. Жылан шаққан күні әжесінің қолы бір сәтке де тыным таппағанын біледі. Біресе жараның аузын қысып, біресе маңдайынан сипап, бүкіл жан-дүниесінің жылуын беріп отырғаны ешуақытта ұмытылмас. Кейде осы қарақотырланған тұстың айналасы қызып, қышып кетеді. Ішінде бірнәрселер жүргендей сезіледі. Сафиат оны әжесінің тілеу тілеп күбірлеген дұға-демі деп, сыртынан сипап қояды.

Мұның әжесі түк те қарға бұтты қара кемпір емес... әже болған соң ажалдың аузынан жұлып алды ғой.

Сол оқиғадан  соң әжесі бұрынғыдан гөрі сақ, бұрынғыдан гөрі қырағы, сергек, ұсақ-түйекке мұқият қарағыш болып алған. Сыртқа ойнауға жіберген сайын үсті-басын қарап, киімдерін қағып, сілкіп, қол-аяғының саусағы мен башпайларын тексеру дағдысына айналған. Сафиат әжесінің бұл қылығына кейде жақтырмайтын. «Қойшы әже! Мен кішкентай бала емеспін ғой» дейтін. Даусы әжесінің құлағына қатқылдау боп естілетін. Ондайда әжесінің көзі мөлтілдеп, үнсіз қалатын. Біраздан кейін барып: «Осы зумерлерге дауа жоқ» дейтін өзімен-өзі сөйлесіп. Сонсоң өкпелегенін лезде ұмытып, айналып-толғанып, дүниедегі ең мейірімді сөздерді мұның басына үйіп-төгетін. «Осыны тым еркелетіп жаман үйреттіңіз»деген келін-баланың ескертуін жүре тыңдап, естімегендей сыңай таныта салады.

Сафиат тауға қыдыруға шығатын болса әжесі жыланның, араның, жәндіктердің қауіпті екенін құлағына мың қырық бес рет құяды. Олардың кейбірінде жауыз күштердің рухы бар деп қорқытып та қояды. Сафиат ұққандай сығай танытып, іштей күледі де қояды. Бүгін де достарымен тауға шығап келген. Әжесі киім-кешегін қаққыштап, дене басын бір сүзіп шықты. Бәрі дұрыс. Бірнеше күннен кейін осы тыныштық бұзылды. Сафиаттың дене қызуы көтеріліп әлсірей бастады. Аяқ-қолы шаншыды. Тыныс алуы нашарлады. Қол-аяғы жансыздана бастады. Дәрігерлер вирусты инфекция деді, кейін менингит деп өзгертті. Ауруы ауытқып тұрды.Диагноздың нақтылығына көз жеткізу үшін жұлыннан пункция алынды. Дәрігерлер аяқтарынан тік тұрды. Жұмыс қарбаласып кетті. Тыныс алуды қалыпты ұстау үшін плазмафария   жасалды. Интенсивті емдеу бөліміне бөгде адамды кіргізбейді. Сал болудың алдында жатқан Сафиаттың бір кезде көзіне әжесі көрінгендей болған. Сандырақтап жатқандағы елес шығар деп ойлаған.Қолында өзі бит тарақ дейтін тарағы. Әр шашын талдап, мұқият қарауға кіріскен. 

-Қараңдар, міне, таптым! – деген дауыс дәрігерлердің бәрін жалт қаратқан.

-Нені?

  -Кенені!

Кене  қанға толып тырсылдап тұр. 

-Тиіспеңіз! – деп медбике қыз тістеуішпен теріде қылы да қалып қалмайтындай етіп толығымен алып шықты. 

-Уһ, – деді Сафиатты қоршаған дәрігерлер, – кене денеден айырылған соң токсиндер әсер етуін бірден тоқтады, адам бірден сауығады, –  деп дәрігерлер достық рәуіште бір-бірінің арқасынан қағып, мәз болды. 

  Сафиаттың емдеуші дәрігері әжесіне қарап: 

-Бұл өзі бізге жақсы тәжірибе болды. Озық технологияның жетістіктерін пайдаланып жүргенімізде қарапайым тарақ бізді қайғылы жағдайдан құтқарды, –  деп әжесіне ризашылығын білдірді де-енді бір-екі күн жараны дауалауға келесіздер ғой, – деп жылы жүзбен шығарып салды.

Сафиаттың басында кене шаққан бармақтай жерге шаш өспей қалған. Қолға білініп тұрады. Шашын тараған сайын ажалды жеңген әже мейірімінің, әже махаббатының таңбасындай сезіледі. 

Сафиат бала кезінде ертегілердегі мыстан кемпір мен жалмауыз кемпірден қатты қорқатын. Басы мүйіз, бөксесі киіз, ұзын тырнақ, қу жақ құбыжық елестейтін. Өмір ертегіден өзгеше екен.  Өмірдің кейіпкері – әжелер.  Өмірді періште болып қорғайтын  мейірімнің аты  да – Әже!Ұрпақтан ұрпаққа берілетін жүрек жылуының аты да – Әже екен ғой!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan