Досым Омаров. Абайдың ұлылығы неде?
Абай ұлы ақын, немесе, ағартушы, ұстаз, халқының қамын ойлаған аяулы жан дейміз. Бәрі де дұрыс. Бірақ, оның ұлылығының негізгі мәні бұлар емес. Бұлар өткінші фәни өмір көрсеткіштері. Ал данышпан Абай тұлғасы рухани деңгейде, яғни, бүкіл болмысты қамтитын бақилық әлемде жатыр. Абай діндар емес, рухани деңгейде болған…
Абайдың ұлылығын танудың маңызы өте зор. Себебі, заңғар тұлғасын дұрыс түсінгенде ғана оның бүкіл болмысты қамтитын терең ойларын өз дәрежесінде дұрыс түсініп, толық қабылдай аламыз.
Абай ұлы ақын, немесе, ағартушы, ұстаз, халқының қамын ойлаған аяулы жан дейміз. Бәрі де дұрыс. Бірақ, оның ұлылығының негізгі мәні бұлар емес. Бұлар өткінші фәни өмір көрсеткіштері. Ал данышпан Абай тұлғасы рухани деңгейде, яғни, бүкіл болмысты қамтитын бақилық әлемде жатыр. Абай діндар емес, рухани деңгейде болған. Дін мен рухани деңгейді айыра білу керек. Өмірде қалыптасқан діндер Болмыстың белгілі бір бөлігін ғана қамтыса, ал рухани деңгей Болмысты бөлмей, Оны толық қамтиды. Хакімдер осы рухани деңгейдегілер. Абай да хакім болған. Абайдың өзі жазғанындай, хакімдер бір дінде емес, барлық діндерде де бар.
Хакімдер кімдер? Олар Болмыс сырларын толық меңгерген, олар үшін ешқандай құпия жоқ, яғни, материалдық және рухани әлемдердің сырларына толық қанық. Олардың білімі -- бүкіл Болмысты қамтитын толық білім. Өздері сол рухани білім аясында өмір сүреді. Абайдың өзі көрсеткендей, олар бүкіл адамзат ұстаздары.
Абайдың ұлылығы неде?
Хакім Абай адам өмірінің түпкі мақсатын беріп, оған жету жолдарын көрсетеді. Сонымен бірге, бұл жолдағы керекті рухани білімді беріп, жетілу барысындағы адамның өтетін сатылары мен деңгейлерін де көрсетеді. Адам өмірін толық қамтитын оның осы рухани мұрасына қысқаша тоқталайық.
Адам өмірінің түпкі мақсатын ол өзінің әйгілі «Лай суға май бітпес, қой өткенге» атты өлеңінде былай деп көрсетеді:
Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкән
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға қона ма екен?
Хакім Абай бұл түпкі мақсатқа жету жолын да береді. Ол өзінің әйгілі үш сүюінде былай дейді:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланың жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.
Осы төрт жолда ол Алланың кім екенін, оған жету жолдарын көрсетеді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деп Абай махаббат сезімі әркімнің бойында, тіпті, әрбір клеткамызда бар екенін білдіреді. Бірақ ол ұйқыда. Соны оятуымыз керек. Бұл оңай емес, себебі адамдардың ой өрісі, сана-сезімдері бірдей емес. Олардың өмірге көзқарастары мен тіршіліктері де әртүрлі деңгейде. Сондықтан, махаббатты ояту жолдары да бірдей емес, әртүрлі.
Аллаға толық берілген адамдарға «Сенде сүй ол Алланың жаннан тәтті» деп Абай тура жолды көрсетеді. Бұл Абай сөзімен айтқанда, сопылық «бек шетін, бек нәзік жол», сондықтан қарапайым адам бұл жолмен жүре алмайды.
Сондықтан, қарапайым адамға Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген басқа жолды ұсынады. Бұл жолмен әркім жүре алады. Адамзатты сүю әуелі жақыныңды, отбасын, туған туысқандарды, ұлтыңды, еліңді сүю арқылы, әрі қарай кеңи отырып адамзаттың бәрін сүю деңгейіне жетеді. Бұл жолмен жүрген адам жақсы отбасы, туыстарының құрметіне бөленген, ұлтын, ел қамын ойлаған патриот деңгейіне көтеріледі. Жақсы адам дегеніміз осы. Себебі, бұл жол Хақ жолы әділетті.
Абай рухани жетілу жолындағы адамның жетілуін «жарым адам», «адам», және «толық адам» деп үш сатыға бөледі. Ол әрбір сатыдағы адамның болмыс-қасиеттерін, өмір мақсаттарын толығымен көрсетеді.
«Жарым адам» туралы көп жазады. Мысалы:
Ақыл да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Немесе, олардан «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма жан» дейді. «Ендігі жұрттың сөзі ұрлық қарлық. Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық» деп олардың сипатын береді.
Олардың надандық себебін былай деп береді:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек.
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Яғни, имандылықтың жоқтығынан.
«Адам» сатысындағы пенделердің қасиеттерін Абай былай деп береді:
«Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұры ақыл, жылы жүрек».
Адам баласы бұл қасиеттерін шыңдауда үш деңгейден өтеді.
Біріншісі. Имандылық қабылдау. Әуелі имандылық қабылдап, дұрыс өмір сүре бастайды. Қоғам өмірімен үйлесіп, қоршаған ортамен қарым қатынасын өзгертеді. Абай оларға «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол», «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деген тәрізді өмір қағидаларын береді. «Пендеге иман өзі ашады жол» деп имандылықтың маңызын көрсетеді.
Екіншісі. Оларды Абай «Еңбек ет, мал тап. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Адал бол – бай тап, адам бол – мал тап, қуансаң қуан сол кезде» деп үйретеді. Дұрыс еңбек етіп, тапқан байлығын дұрыс пайдаланып, қоғам өмірімен үйлесімді болған соң адам өзін дәулетті сезінеді.
Үшіншісі. Дәулетке жеткен соң, тән құмарлығына қанып, енді өмірдің қызығын көргісі келеді. Абай бұл деңгей туралы «Әуелде пенде адам болып жаратылған соң дүниеде ешбір нәрсені қызықтамай жүре алмайды» дейді. Адамның жаны ләззатқа толы, сондықтан ол өмірден ләззат іздеп, бақытқа ұмтылады. Осылай келесі деңгейге, сезім қанағаты деңгейіне көтеріледі. Адам шет елдерге саяхат жасап, білімін толтырып, денсаулығына көңіл бөле бастайды. Ақыры, бұл фәни өмірдің қызығы жалықтыра бастайды. Абай бұл туралы «Тағдырдың жарлығын білесіңдер. Пендеде бір іс бар жалығу деген» деп ойлы адамды өмірдің қандай қызығы болса да жалықтыра бастайтынын көрсетеді. Себебі, фәни әлемнің қызықтары шектеулі, олар жанды жалықтырып жібереді. Бұл деңгейге жеткенде Абай өзін былай деп суреттейді «Енді жер орта жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін көрдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын». Осылай адам «толық адам» сатысына көтеріледі. Бірақ бұл деңгейге имандылығын өсірген, ойлы адам ғана көтеріле алады. Имандылығы әлсіз адамдар төмен құлдырайды, немесе өмірден қол үзетіндері де болады.
«Толық адам» сатысы. Абай «толық адамды» былай деп суреттейді. «Құдай тағаланың жолы өзіндей шексіз болады. Оның шексіздігіне ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» Осылай «адам» мен «толық адамның» айырмасын Абай анық көрсетіп береді. Оларды шатастыруға болмайды. «Толық адам» сатысын кәміл мұсылман, хакім, әулие, пайғамбар деп төрт деңгейге бөледі.
Осылай Абай жетілудің шыңын «толық адам» деп атап, оған жету сатылары мен деңгейлерін көрсетіп кеткен. Бұл жолда әркім өзінің деңгейін көріп, өткен өмірін саралап, болашағын болжауға мүмкіндік алады. Осылай, үйлесімді өмірге жол ашылады.
Сонымен бірге, Абай осы эволюциялық жолмен жүруге қажетті толық білімді де береді. Олар: Жаратушы туралы, жан туралы, Алла мен адамның қатынасы, және қоршаған табиғат туралы білімдер.
Сонымен, Абай мұрасынан адам өмірінің мақсатын, оған жету жолдары мен ол жолдағы сатыларды, және қажетті білімді де таба аламыз. Абайдың ұлылығын осылай көре аламыз.
