Қазақ даласының қай түкпіріне барсаңыз да, қасиет қонған, кие дарыған соңына сан ұрпаққа өнеге боларлық із қалдырған дара тұлғалардың есіміне кездесетініңіз анық. Сондай киелі мекендердің бірі – Астананың іргесінде орналасқан, шүйгінді нулы жері бар, берекелі елі бар Ерейментау өңірі.
Бұл қасиетті топырақ – Қанжығалы қарт Бөгенбай, оның шөбересі Саққұлақ би, дін ғұламасы Сәдуақас қажы Ғылмани сынды елге танымал тұлғалар туып, өсіп-өнген құтты мекен. Аты аңызға айналған осы тұлғаларға Ереймен жерінде есімдері ұлықталып, рухтарына арнап дұға бағышталып, ат шаптырылып, көкпар тартылып, ас берілді.
Дүбірлі асқа алыс-жақыннан келген қоғам қайраткерлері, елге белгілі зиялы қауым өкілдері мен Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Қостанай өңірлері мен Өзбекстан Республикасынан келген батырдың әулетінен тараған ұрпақтары қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Баянауыл және Ерейментау ауданының құрметті азаматы Сайлау Байбосын сөйледі.

«Бүгін, міне, қасиетті Ерейментаудың төрінде, бабалар рухы оянып, төбемізді айналып жүргендей ерекше күнде жиналдық. Бұл – жай ғана кездесу емес, бұл – ұлы тарихпен, ұлы бабалармен қайта қауышу күні.
Өздеріңіз білесіздер, XVIII ғасыр – қазақ халқының тағдыры таразыға тартылған, аласапыран дәуір болды. Сол бір алмағайып заманда ақырып атқа мінген, алты Алаштың басын қосқан, ата жауды Алтай асырып тастаған баһадүрлер өмір сүрді. Солардың бірі емес, бірегейі – қазақ қолының бас қолбасшысы, Қанжығалы Бөгенбай батыр. Биыл, міне, бабамыздың туғанына 345 жыл толып отыр.
Бөгенбайдың шөбересі, дана би, дуалы ауызды шешен – Саққұлақ би бабамыздың да туғанына 225 жыл толды. Ал осы өңірде дүниеге келген, ғұлама ғалым, ақын, дін қайраткері, фольклоршы – Сәдуақас қажы Ғылмани бабамыздың туғанына 135 жыл толып отыр. Бұл үш тарихи дата – халқымыздың рухани тұтастығы мен тарихи жадын жаңғыртатын ерекше бір даталы жылдар болмақ.

Біз бұл күндерді жай аттап өтуге дәтіміз бармады. Сондықтан да бүгін: «Жорға бие сойып, жоғарғы елді шақырып, төбелі бие сойып, төменгі елді шақырып, ала биені сойып, алты Алашты шақырып», - сіздердің бастарыңызды қосып, дүбірлі той жасап отырмыз.
«Көне заман қандай қашық арамыз
Қайтіп сенің құпияңды табамыз.
Бар тарихын тұяғымен тұлпардың
Даласына жазып кеткен бабамыз», -
дегендей бұл жер жай ғана қара жер емес. Бұл – тарих тұнған, құпиясы ашылмаған мәңгілік архив. Бұл дала – тұлпардың тұяғымен тарихы жазылған «Ұлы кітап». Бұл – шежіресі сыр шерткен, қанша араласаң да қызығы таусылмайтын алып «Музей». Табанымыз тиген осы қасиетті топырақ – біз үшін алтын бесік.
Бүгін біз тек Бөгенбай батырды ұлықтау үшін ғана жиналған жоқпыз. Біз – кешегі аласапыран заманда ел үшін атқа қонған, найзаның ұшымен, білектің күшімен ұлы даланы қорғаған барлық бабаларымыздың рухына тағзым етуге келдік», - деген жүрек жарды тілегімен той шымылдығын ашқан Ерейментау өңірінің белгілі азаматы С.Байбосын қонақтар алдына кеңнен көсілді, ұзағынан толғады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қасым Тәукенов ақсақал Бөгенбай батырдың есім-сойына байланысты тұщымды пікірін былай деп жеткізді.
«Қанжығалы Бөгенбай батыр туралы айтқанда, біз көбіне тек «Бөгенбай батыр» деп қысқа қайырып жүрміз. Бірақ неге оның толық есімін – Қанжығалы қарт Бөгенбай деп атамаймыз? Осы мәселені мен талай жерде сан мәрте айтып келемін, бірақ, өкінішке қарай, тыңдап жатқан ешкім жоқ.
Астанада да, басқа өңірлерде де Бөгенбай бабамызға ескерткіш орнатылды. Алайда онда да есімі толық жазылмайды. Батыр батыр дейміз. Бірақ батыр деген кім? Батыр деген жау елдің іргесіне бір кірді десе, Құдайберген Жұбанов еңбектерінде жазылғандай, әрбір ру өз ішінен бір рота, не батальон құрып, ұрысқа қатысқан. Сол кезде ғана рота командирі не батальон командирі – батыр атанған. Яғни, батырлық ұғымы – тек ерлік, даңғойлықпен жау алған дүлей күштің егесін емес, ұйымдастырушылық, қолбасшылық қабілетпен өлшенген.
Осындай жағдайда Қанжығалы қарт Бөгенбай – жай ғана батыр емес, 26 жыл қол басқарған қолбасшы, көреген көсем, кемеңгер тұлға. Оның есімін толық, тарихи әрі рухани мазмұны сақталған түрде – «Қанжығалы қарт Бөгенбай» - деп атауымыз керек.
Бұл «қарт» сөзі оның жасын емес, ақыл-парасатын, кемелдігін, даналығын білдіреді. Ол – батырлықтың, қолбасшылықтың, ел басқарудың биік үлгісі болды. Сондықтан Бөгенбай бабамыздың атын тек батыр ретінде ғана емес, рухани және тарихи көшбасшы ретінде, ұлтқа ортақ дара тұлға ретінде лайықты дәрежеде айтуымыз – бүгінгі ұрпақтың тарихи жауапкершілігі», - деп сөзін аяқтады.

Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман өз пікірін былай деп жеткізді:
«Ерейментау – қасиетті мекен! Қазақ халқының кіндік жерлерінің бірі. Бұл өлке – ерліктің, елдіктің, рухтың алтын бесігі! Мен осы топырақта төрт жыл қызмет атқарып, сіздермен бірге елдің дәмін татып, суын ішкеніме өзімді бақытты санаймын. Өйткені Ерейментау – тұнып тұрған тарих. Бұл жерге келген сайын сол тарихтың қойнауына еріксіз сүңгіп кетесіз.
2016 жылы осы алаңда «Ереймен көтерілісінің 100 жылдығын» бірге атап өттік. Сол көтеріліс – қазақтың азаттығы жолындағы күресінің бір жарқын парағы. Тәуелсіздік үшін Торғай даласымен қатар, осы Ерейментауда да атой салған ардақтыларымызды бірге еске алдық.
Одан кейін Шаңды жорық – тарихта терең із қалдырған оқиға. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде жазылған бұл жорық – қазақ батырлығының ерлік символындай. Бүкіл әлем айтып жүрген «Үш жүз Спартандықтар» туралы аңыз бар ғой. Ал біздің Жантай батыр бар болғаны бес жүз қолмен он мың жауға қарсы шыққан. Бұл ерлікке қандай дастан жазсаңыз да, қандай роман, поэма арнасаңыз да жарасатын ұлы ерлік. Оны Үмбетей жырау мәңгілікке жырға қосқаны есімізде.
2016 жылы сол жорықтың ізімен арнайы экспедиция ұйымдастырғанымызды да ұмытпаған боларсыздар. Ал енді қазіргі тарихшылар 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін Тәуелсіздіктің бастауы дейді. Дұрыс. Бірақ оның тамыры одан ертерек жатыр. Мен айтар едім, 1979 жылғы Ерейментау көтерілісі – қазақ рухының қайта жаңғыруының алғашқы бұлқынысы еді. Бұл – осы өңірдің ерлерінің арқасы!» - деп сөзінің түйінін тарқатты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор Серік Негимов Сәдуақас Ғылмани туралы тың баяндама жасады.
«Сәдуақас қажы Ғылмани – өткен ғасырда Ислам ғылымына, тарихқа, әдебиетке теңдессіз үлес қосқан ғұлама.
1949 жылы Сәдуақас Ғылмани Мәскеу арқылы Меккеге сапар шегіп бара жатып, Бейрут қаласына тоқтайды. Сол кезде Бейруттің төрт мың адам сиятын үлкен мешітінде қажыға сөйлеуге небәрі 30 минут уақыт беріледі. Алайда хазіреттердің ықыласымен ол араб тілінде бір жарым сағат бойы үздіксіз сөйлейді. Жиналған жұрт Сәдуақас хазіреттің білімі мен шешендігіне тәнті болады. Ол Құранның жетпіс екі мақамын толық меңгерген, ал араб тіліндегі 13 миллионнан астам сөздің 108 200-ге жуық мағынасын қазақ тіліне тәпсірлеп түсіндіре алған.
Ол тек аудармашы ғана емес, діни педагогика саласында «Калила мен Димна» атты еңбекті қазақша аударып қалдырған. Бұл еңбек – соңғы екі мыңжылдықта Құраннан кейінгі ислам әлемінде жазылған ең көрнекті туындылардың бірі саналады.
1964 жылдың тамызында, Ғылмани өзінің үйінде, академик Әлкей Марғұланның алдында Әмір Темір мен Сұлтан Баязит туралы тарихи дастанды орындап берген. Ол жай ғана өлең емес – шынайы тарихи, философиялық, поэтикалық мазмұндағы терең дүние еді.

Мен 1993 жылы осы дастанды қайта қолға алып, мәтінін қарап, құрылымын зерттедім. Ғылмани тек араб тілін ғана емес, түрікше, татарша, ноғайша, өзбекше, тіпті көне түркі тілдерін де жетік меңгерген. Ол кісінің танымы – тарихи тереңдік, құқықтық пайымдау мен философиялық ойды қатар ұштастырған, ешкім теңесе алмайтын ерекше қабілеті бар тұлға.
1964 жылғы осы дастан – Әмір Темірдің тарихи бейнесін сомдайтын, ақ жібек туы мен шатырын суреттейтін, Анкарадағы Сұлтан Баязитпен болған шайқасын баяндаған аса көркем туынды. Онда Баязиттің халыққа жасаған зұлымдығы, Әбу Саид есімді бозбаланың әділдікті іздеп, Әмір Темірге келуі, және Әмір Темірдің парасатпен жауап беруі – барлығы терең символикамен өрілген.
Бұл дастанда лирикалық, тарихи және философиялық сарын қатар тоғысқан. Ғылманидың орындау мәнері, жетпіс екі мақамды еркін игеруі – қазақ руханиятының алтын қорына қосуға лайық өнер еді.
Мен бұл дастанды өз қолымда сақтап келемін. Әлкей Марғұлан туралы жазып жүрген кітабымның бір тарауын осы тұлғалардың рухани байланысына арнадым – «Марғұлан және Ғылмани» деп атадым. Бұл еңбек әлі жарық көрмесе де, ішіндегі осы дастан – ел рухын көтеретін, мұра етіп қалдыратын қазына», - деп сөзін аяқтады профессор.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, мәшһүртанушы Айтмұхамет Тұрышев «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы Бөгенбай батыр бейнесі» атты баяндама жасады.
«Қазақ даласының ең бір сын сағаттарында жау ентелеп, үш жақтан қысқан сәтте:
«Қалаға қабылан жаулар тигей ме,
Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме,
Қатарланып, қарланып,
Қайран ер қарт күреңге мінгей ме!
Қабырғадан қараған
Достым менен дұспаным:
«Апырым, ер Доспанбет!» - дегей ме! – дегендей қабырғадан дұспан жалдап, жау төнген шақтарда, ел мен жер үшін ерлікпен еңсерген есіл ерлердің ерлігі еске түседі. Солардың бірі ғана емес, бірегейі – Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр.
Даңқты батыр Қанжығалы қарт Бөгенбайдің есімнің тарихи салмағы өте зор. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тоғызыншы, он алтыншы томдарында Қанжығалы қарт Бөгенбай жөнінде он шақты рет кеңірек тоқталған.
Мен осы мәліметтерге сүйене отырып, жиырма беттей материал дайындадым. Сонда ең бірінші Қанжығалы деген сөз қайдан шыққан деп қатты толғандым. Бұл жөнінде он алтыншы томында: Ішпекбай байға Үргеніш ханы жолдас болады екен. Кейін хан Ішпекбайды ордасына шақырып: «Бұл адам басында жыға жоқ екен ғой, бұл қалай? Бұл бай адам ғой, аты Қанжығалы болсын», - деп атап жіберіпті дейді.

Ж.Артықбаевтың «Қанжығалы Бөгенбай» деген кітабында осы жыға мәселе айтылады. Бұл жыға деген немене екен деп қарасам – Радловтың, Будаговтың, тағы да Қайырмұхаметхановтың шығармаларында, қазақ әдебиетін жазған кезде осы жыға туралы өте жақсы айтылған. Абайдың «Бастан жыға қисайғанда» деген жолын мысал ете отырып, олар «жыға» сөзінің мағынасына да тоқталады. Хандар мен батырлар киген қауырсын белгісі ретінде жыға – рух пен мәртебенің нышаны саналған. Осылайша, Қанжығалы Бөгенбай бейнесі халық жадында да, жазба деректерде де терең сақталған.
ХІІІ ғасырдап үш жүздің басы қосылғанда, бас қолбасшы болып Бөгенбай тағайындалған. Оның жорықтары – 1708 жылы Еділ бойында казактарды жеңгенінен басталып, 1713 жылғы Қарақұм құрылтайында елді біріктіріп, 1723 жылғы Бұланты, Бөленті шайқастарында жеңіске жеткен. 1730 жылы Аңырақай шайқасында қазақ әскері ұлы жеңіске жетті. 1756–1758 жылдары Шығыс Түркістанда Қытай шапқыншыларына соққы беріп, оларды Үрімші мен Тұрпаннан асыра қуған. 1761 жылы Абылай ханның тапсыруымен Қытайға келіссөзге барған.
Бөгенбай — тек соғыстың адамы емес, соғыстың өнерін, тактикасын білген стратег. Бір ғана мысал, Шәді Жеңгірұлы жазғандай, қалмақтың Сырым деген батырымен жекпе-жекке шыққанда, Бөгенбай найзамен де, қылышпен де, атымен де шебер қимылдап, қарсыласын жеңіп шыққан. Осы жерде Бөгенбай тек батыр ғана емес, неше түрлі сайыс техникаларын білген, талай батырларды тәрбиелеп өсіргенімен бас қолбасшы болды. Әйтпесе жай адам бас қолбасшы бола ала ма?» - деп сөзін аяқтады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Нұржан Қуантайұлы «Үмбетей жырау» атты баяндамасын оқыды.
Бүгін біз тек Үмбетей жырау туралы сөз қозғаймыз. Себебі Үмбетей халқымыздың тарихында, руханиятында, әдебиетінде айрықша орны бар тұлға. Ол ел намысын көтерген, отанды жырға қосқан, ерлікті дәріптеген ұлы жырау еді.
Үмбетей – Бөгенбай батырдың жанында жүрген сенімді серігі, қобызшысы, жыршысы. Егер Үмбетей болмағанда, Бөгенбай батырдың көптеген ерлік істері ұмыт қалуы да мүмкін еді. Ол – XVIII ғасырдағы ерлік дәстүрін, тарихи шындықты жыр арқылы жеткізген алғашқы әдеби тұлғалардың бірі. Жыраудың келесі жылы туғанына 320 жыл толмақ.
Бүгінде Үмбетей жыраудың асыл мұрасы «Бес ғасыр жырлайды» жинағы арқылы халыққа кеңінен танымал. Бұл жырлар алғаш рет Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына Аманғұл Әлжанұлы атты ақсақалдың тапсырмасымен енген болатын. Жыраудың поэзиясы институт қорында сақталған және ғылыми айналымға енген.
Шоқан Уәлихановтың сөзімен айтқанда, XVIII ғасыр – ерлік ғасыры. Сол кезеңде Бөгенбай батырға, Абылай ханға арналған жырлар Үмбетей арқылы ел арасында кең тараған. Үмбетей жырау Бөгенбайды:
«Алатаудай Ақшадан асып туған Бөгенбай,
Болмашыдай Анадан болат туған Бөгенбай,
Қолтығы ала бұғының бәйгесіндей Бөгенбей...» -
деп жырлай келе, оның образын әдебиетке алғаш әкелген жырау болды.

Бүгінде бізге Үмбетейдің тоғыз жыры жеткен. Бұл туындылар – қазақтың классикалық поэзиясының алтын қорынан орын алған жауһарлар. Үмбетей - тек батырлықты емес, ел бірлігін, адамгершілікті, адалдықты насихаттаған дидактикалық поэзияның да шебері.
Ол тек Бөгенбайды ғана емес, Абылай хан тұсында қол бастаған барлық батырларды, Қабанбайды, Қазыбек биді, Сарыбаян мен Сағынбайды да жырға қосқан. Үмбетей поэзиясы – жауынгерлік дәуірдің шежіресі ғана емес, практикалық тәрбиенің, елшілдік рухтың қайнар көзі.
Жырау шығармаларынан оның елмен бірге жауға қарсы жорыққа аттанған жорық жырауы болғанын аңғарамыз. Мысалы, «Бөгенбайдың өліміне» арнаған жоқтауы - қазақ әдебиетіндегі тарихи маңызы зор эпикалық туынды. Бұл жоқтауда жырау:
«Ей, Абылай, Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тындамай....» -
деп бастап, Бөгенбайдың ерлік бейнесін әрі батырдың өліміне орайластыра Абылайға қарата үлкен философиялық ой айтады.
Сондай-ақ Үмбетей:
«Атамекен жаудан қорғап қалған,
Қайсар елдің қайтпас батыры» -
деп Сарыарқаның кең байтақ өңірінен Тарбағатайға дейінгі жерлерде Бөгенбай бастаған қолдың жаумен шайқасқанын айғақтайды.
Осылайша Үмбетей жырау – ел қорғаған батырлар ерлігін ұрпаққа жеткізген, тарихи деректерге негізделген шынайы жырларды мұра етіп қалдырған бірегей ақын. Ол болмағанда, біз Қанжығалы қарт Бөгенбайдың бейнесін дәл бүгінгідей танып-білмес едік.
Сондықтан келесі жылы өтетін Үмбетей жыраудың 320 жылдық мерейтойы елдік мәні бар, тарихи маңызы зор іс-шара ретінде өтуі керек дегіміз келеді».

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, «Бөгенбай батыр» романының авторы Серік Ерғалиұлының былай деп сөз сөйледі.
«Бүгінгі табиғаттың мінезі – кешегі бұрқанған, бас сауғалауға жол бермейтін, ат тұяғын тайдырмас қазақтың қаны мен жаны қиналып келіп, тұтас ұлт болып ширығып жеткен тағдырлы тарихын еске түсіреді. Қиылып келіп қияға қанат сермеген, жиылып келіп жылғаға қарай жығылған, жұрт болып, ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба деген екіталай күндерді бастан кешкен, екі дүниенің арғы жағы мен бергі жағы тайталасқан шағында, қазақтың қамсыз күндері таусылып, дәмсіз, зәрлі күндері басталған шақта Қанжығалы Бөгенбай сынды ұлы тұлғалар тарих сахнасына шықты.
Мен Қанжығалы Бөгенбай туралы «Бөгенбай батыр» романымды 2018 жылы жазып бітірдім. Өзім Абай облысы, бұрынғы Семей аймағында дүниеге келдім. Бірақ Қанжығалы Бөгенбай есімі – бала күнімнен құлағыма сіңіп, жүрегіме жақын болған тарихи тұлға.
Мен туған өңір – Ақсуат маңында Кәрібай деген ақын өмір сүрген. Ол кісі кезінде «Қанжығалы Бөгенбай» атты поэма жазған. Осы поэмада Бөгенбайдың өмірмен қоштасар сәті мен оны жоқтау нұсқалары берілген. Бұл жырлар менің жас күнімде құлағыма сіңіп, жадымда жатталып қалды. Сол уақыттан бастап, Бөгенбай туралы тереңірек білуге, зерттеуге ұмтылдым.

Кейін Қанжығалы Бөгенбайға байланысты жазба деректерге ден қоя бастағанда, бір өкінішті жайтқа тап болдым. Батырдың атын өзіне қатысы жоқ тұлғалармен шатастырып, оның ерлігін өзгеге теліп, Бөгенбайдың шын бейнесін көмескілендіріп жіберген тұстар кездесті. Бұл – тек тарихи әділетсіздік қана емес, халықтың рухани киесіне жасалған қиянат еді. Сондықтан да Қанжығалы Бөгенбай туралы жазуға, оның лайықты орнын қайтаруға бел будым. Бұл – мен үшін тек әдеби не ғылыми міндет емес, азаматтық, елдік, рухани жауапкершілік болатын.
Айта кетер жайт, біз Бөгенбай мен Қабанбай секілді тұлғалар туралы сөз еткенде, оларды тек жекпе-жекке неше рет шыққан, қанша жау өлтірген деген санмен ғана бағалауға тырысамыз. Алайда, мәселе санда емес. Мәселе – сол тұлғалардың ұлт тағдырындағы тарихи рөлі мен ұлағаты мол ұстанымдарында.

Қанжығалы Бөгенбай – жай ғана батыр емес, елдің тұтастығы үшін күрескен бас қолбасшы, ерлігімен ертеңіне аманат қалдырған баһадүр. Ол – жеке ерліктен гөрі, елдік мүддені бәрінен биік қойған тұлға. Сондықтан да, Бөгенбайдай батырлар жөнінде сөз қозғағанда, біз тек жекпе-жек пен соғыс санын емес, оның ел жадында қалдырған мұрасын, тарихи маңызын айтуымыз керек.
Қасиетті Ерейментау өңірінде өткен бұл тағылымды жиын – тарих пен руханият тоғысқан, ұлт жадын жаңғыртқан маңызды шара болды. Ат шаптырып, көкпар тартылып, ас берілген бұл күн – елдік пен ерліктің, дәстүр мен даналықтың терең үндестігін паш еткен айрықша күн ретінде ел есінде қалмақ.
Тарихи тұлғалар – Қанжығалы қарт Бөгенбай, Саққұлақ би, Сәдуақас қажы Ғылмани сынды ел рухының символына айналған асыл есімдердің мерейтойларын қатар атап өту – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған үлкен рухани көпірге айнала берері хақ!












