Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Тауман Саржан мен Алтын сақа (фэнтези хикаят)...

Тауман Саржан мен Алтын сақа (фэнтези хикаят)

45

Тауман Саржан мен Алтын сақа (фэнтези хикаят) - adebiportal.kz

 Алтыншаш Құрманаева – жас фэнтезист жазушы. «Қазақ фэнтезиінің поэтикасы мен кейіпкерлер типологиясы» монографиясының авторы. Республикалық «Ер Төстік» әдеби байқауының 2 орын жүлдегері. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының үздік түлегі. Туындылары «Таңғажайып автобус», «Наушаһар шежіре», «Шыны бала һәм оның басынан кешкендері» деген атпен «Жалын», «Ұлан», «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ», «Ертегілер елінде», «Үш қоңыр» басылымдарында жарық көрген. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында тұрады. Автор 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай өзінің «Тауман Саржан мен алтын сақа» фэнтези повесінен үзінді ұсынады. 

ТАУМАН САРЖАН МЕН АЛТЫН САҚА

(Фэнтези хикаяттан үзінді)

Алғы сөз

Біз бәріміз батыр баласы туралы ертегі тыңдауға әсте құштармыз. Ол ер жетіп, әкесіндей шын батыр болса екен іштей тілейміз. Дәл қазір де сіздер менен әлдеқандай батырдың баласы жайындағы ұзын-сонар, келелі әңгімені тыңдауға сақадай сай болып, дайын отырған шығарсыздар. Бәлкім, Ер Төстік, Алпамыс, Қара Қыпшақ Қобыланды, Ер Қосай немесе Ер Тарғын батырдың баласы хақындағы қаһармандық оқиғаны күткен боларсыздар. Бірақ мен өздеріңізді өкіндіруге мәжбүрмін. Өйткені бұл бүткіл ертегі еліне аты шулы зұлым Шойынқұлақ пен Күңке бегімнің жар дегендегі жалғыз ұлы – Тауман Саржан жайындағы шытырман оқиға. Тауман Саржан – бүкіл ертегілер елінің хас жауы, Ер Төстіктің мықты қарсыласы, рух шарапатшысы Шойынқұлақтың туған перзенті!

Шарапатшы кім дейсіздер ме? Шарапат көне қазақиялықтар тілінде «стихия», «элемент» деп аударылады. Ал шарапатты қолданатын адамды «шарапатшы» дейді. Қазақия әлемінде бес шарапат бар: ауа, жер, от, су және рух. Әр шарапаттың өз пірі бар. Мәселен, ауа шарапатының пірі Зеңгі баба, жер шарапатының пірі Ойсылқара, су шарапатының пірі Қамбар ата, от шарапатының пірі Шопан ата және рух шарапатының пірі Қорқыт ата. 

Қазақия әлеміндегі елдер шарапат бойынша орналасқан. Атап айтқанда, солтүстікте жер шарапаты Тартария, оңтүстікте ауа шарапаты Трансоксиания, батыста су шарапаты Мауреннахр, шығыста от шарапаты Фараруд және орталықта рух шарапаты Ергенеқон және ертегілер елі Наушаһар мен Барсакелмес иелік етеді.

Осылардың ішіндегі ең қауіптісі – рух. Неліктен? Аңызға сүйенсек, рух шарапатын таратушылардың бірі сардар – ең биік шарапат иесі болып саналады. Сардар болу – кез келген адамға бұйырмады. Жаны таза, ізгі ниетті адамды «сардар» дейді. Сардарлардың сол жақ мойынында жасыл бөрінің нышаны болады. Осыдан бірнеше мыңдаған жылдар бұрын дүниеге сол жақ мойнында жасыл қасқырдың суреті бар, болашақ жырау, абыз адам, ұлы сардар Қорқыт дүниеге келеді. Ол өсе келе шарапаттың заңғар шыңына жетіп, сардар атанады. Бірақ жасы келгенде, адамдардың қаны қарайып, иманнан ажырап бара жатқандарын көріп, қатты қаймығады. Дүниеде орын алып жатқан зұлымдықты тоқтатудың жолын іздейді. Ақыры, желмаясына мініп, төрткүл дүниені шарлайды. Алайда қай жерге барса да, жолында көр қазып жатқандар шығады. Міне, осы аңызды Қорқытты көре алмаушылар бұрмалайды. Олар әулие кісіні «өлімнен қашты» деп жалған аңыз таратады. Ақылгөй, абыз адам Қорқытты «өлімнен қашты» деудің өзі ақылға қонбайды. Бірақ амал нешік. Жалған аңыздың жетегіне ергендер, Қорқытты қаралап, рухтың дәрежесін түсірді. Сол себептен ол заңсыз шарапат болып саналады. Ал оның иелері қазақия әлемінен мәңгілікке қудаланды... 

Жә, бастапқы оқиғаға келсек. Сіздер қағыс естімедіңіздер. Қазақия әлеміне аса қауіпті шарапат иесі Тауман Саржан «Тұран» баһадүрлер мектебіне оқуға түсіп, шын батыр атанбақшы! Бұл қалайша? Осы сұрақты өздеріңізге қарсы қояйыншы. Неге қауіпті шарапат иесі батыр бола алмайды деп ойлайсыздар? Сіздердің ойыңызша, кедей, құл, зұлым баласы батыр бола алмайды ма? Батыр болу үшін батыр әкеден туылу шарт па? Жоқ! Белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы Сейтен батыр айтқандай, «біз ешқашан өзімізге дұрыс ата-ана таңдай алмаймыз!» Олай болса, Тауман Саржан зұлымнан туылғанына айыпты ма? Оның бар жазығы – әкесі Шойынқұлақтың Ер Төстіктің жауы болғанында ма? Қойыңыздаршы. Қазақ айтқандай, «Бір биеден ала да, құла да туады» емес пе? Атақты ғұламалардың өзі әдепті болуды «әдепсіздерден» үйренген жоқ па? Ендеше, Тауман Саржанның зұлымнан батыр болып туылуы – заңды құбылыс. 

Тауман Саржан – жай батыр емес, адамгершілігі мол, жауапты, намысшыл тұлға! Сондықтан мені Ер Төстіктің қарсыласының баласын, рух шарапатшысын батыр қылып қойдың деп жазғыра көрмеңіздер. Батыр болуға – жаны, жүрегі мен ниеті таза, адамгершілігі мол, намысшыл әр адамның құқысы бар. 

Әлқисасы, Тауман Саржан рух шарапатшыларының емес, жүрегінің бұйрығын қуып, жақсы жолға түседі. Батырлық жолдың ащы-суығына бірдей шыдайды. Алайда Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Ер Қосай және Ер Төстік, Таусоғар, Көлтауысар, Саққұлақ, Желаяқ сынды батырлардың балалары оқитын «Тұран» мектебінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ұлан болу – оңайлыққа соқпас! (Ұлан деп «Тұран» батырлар мектебінің оқушысын айтады) Әсіресе, егер, сен Ер Төстіктің қарсыласы Шойынқұлақтың ұлы әрі рух шарапатшысы болсаң. Жан-жақтан өзінді табалауға жұрт жұдырықтай жиылары айдан анық. Біз баяндағалы тұрған Тауман Саржан да осындай қиын күндерді басынан аман-есен өткізді. Үміті сөңіп, салы суға кеткен күндері аз болмады...Сүреңсіз күндерде тек Бекторының қызы Зере, Алдар Көсенің ұлы Әли ғана көмектесті...

Дегенмен, мейірімді, қайсар әрі таза ниетті адам кез келген қиындықты еңсереді. Осыны есте мықтап сақтаңыздар, балалар! 

ТАУМАН САРЖАН МЕН 

«ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ» МЕКТЕБІ

(Фэнтези повестен үзінді)

Шойынқұлақ жауыздың жалғыз ұлы Тауман мен Бекторының қызы Зере және Алдар Көсенің ұлы Әли Тартария вокзалына келді. Айнала лық толған адам. Аяқ қоятын жер жоқ. Көптің арасында бұлар құмырсқа іспетті. Бір кезде «Бурабай, самға!» жазуы бар круиз автобус та келді. Бұл автобус балаларды Тартариядағы «Тұран баһадүрлер мектебіне» апаратын жалғыз көлік еді. Балалар автобус алдында кезекке тұрды.

– Круиз неге «Бурабай, самға» деп аталады? - деді Тауман.

– Оны қазір ішке кірген соң білесіңдер, - деді Әли.

Олар жүктерін жылдам алып, круиз автобусқа жайғасып отырды. Автобус жолаушысын кіргізіп болған соң аспанға қалықтай жөнелді. Енді бәрі түсінікті болды. Бұл автобус жүрмейді, аспанда ұшады екен! Ғажайып автобус шаршы бұлттарды артқа тастап, алға қарай үлкен жылдамдықпен ұша жөнелді.

Круиз ішінде Алты алаш тобының «Ел қорғаны» әні әсем шырқалып тұрды:

Жүрегімде заң мен тәртіп,

Елім менің жанымнан артық,

Халық үшін абыройлы қызметте, 

Міндетіміз елімізге тынышты.

Балаларға бұл ән ерекше шабыт сыйлады. Олар мектепті абыроймен бітіріп, өз Отандарына адал қызмет етуге дайын тұрды.

Міне, «Бурабай, самға!» круиз автобусы үлкен жылдамдықпен мектепке қалықтап ұшып, тартып барады. Круиз терезенінен балалар айналаны рахаттанып тамашалады. Ну орманды жерде орналасқан «Тұран» мектебі алыстан көздің жауын алады. Балалар бұл ғажап көріністі асқан қызығушылықпен терезе әйнегінен тамашалап отыр. 

– Әне мектеп! - деді Зере орман ортасында орналасқан зәулім қамалды нұсқап.

Осы сәтте автобус кілт тоқтап, тарс-тұрс еткен дыбыс шықты. Автобустың әр шетінде орнатылған радиодан «Шығыңыздар. Біз мектепке келіп жеттік» деген жуан дауыс жаңғырықтай ойнап тұрды. 

Балалар лезде жүктерін алып, сыртқа атып шықты. Өңі ме? Түстері ме? Дәл алдарында өздері асыға көптен күткен ұлы – «Тұран баһадүрлері мектебі». Мектептің маңдайында тайға таңба басқандай үлкен әріптермен «Тұран баһадүрлері мектебі» деген жазу жақұттай жарқырап тұр. Жазулары мәрмәрдан жасалғандай, жасыл түспен ойылған. Таңбаларға бар зейіндеріңізді қойсаңыздар, әсем қазақы оюларды көресіздер. Мектептің ауласы жұпар гүлдер мен алма ағаштарына толы.

Олар кіре берісте бір аққұбаша келген бозбала қарсы алды. Сымбатты бала өзің «орда сардарбегі» деп таныстырды.

– Армысыздар, құрметті бірінші сынып ұландары! Мен орда сардарбегі Мәди Шырақ боламын! - деді кентавр.

– Сіздің әкеңіз Шырақ батыр ма? – деді Зере өзің толғандырған сұрақты қойып.

– Дәл солай, – деді Мәди.

Барлығы таңырқай оған қарады. Аты аңызға айналған Шырақ батырдың ұлымен танысқаны үшін болашақ шарапатшылардың кеудесінде мақтаныш кернеді.

– Ұлан деген оқушылар. Сардарбег деп – барлық орда серкелеріне жауап беретін бір ұланды айтады. Мектепте бір ғана сардарбег және төрт серке болады. Әдетте, сардарбег пен серкелерді жоғары сыныптан тағайындайды. Ал серке дегеніміз, орданың кіші басқарушылары. Серкелер ордабасылары берген тапсырманы орындайды. Өз ордасының барша бірінші сынып ұландарына жауап береді. Ордабасылары орданы басқаратын негізгі адамдар. «Тұран» мектебінде төрт негізгі орда бар. Олар: «Сайыпқыран», «Ғайыперен», «Құлагер» және «Жалын». «Сайыпқыран» жер шарапытын, «Ғайыперен» ауа шарапатын, «Құлагер» су шарапатын һәм «Жалын» от шарапатын білдіреді, – деді.

– Шарапат дегеніміз не? – деді Зере.

– Қазақия әлемінде төрт заңды шарапат бар. Олар: ауа, су, жалын және жер. Шарапат көне қазақиялықтар тілінен «элемент, стихия» деп тәржімаланады. Әр шарапаттың өз пірі бар. Мәселен, ауа шарапатының пірі Зеңгі баба, жер шарапатының пірі Ойсылқара, су шарапатының пірі Қамбар ата, от шарапатының пірі Шопан ата, – деді Мәди.

– Неге арасында рух шарапаты жоқ?! – деді Шық бермес Шығабайдың ұлы Шаян.

– Рух шарапаты туралы айтуға тыйым салынады. Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын, – деді Мәди.

Шық бермес Шығабайдың өз сұрағына мардымды жауап ала алмағаны үшін ернін тістеді. Шыны керек, оның сұрағы буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей болды.

– Бәрінен сүгірдің қызметі жоғары тұрады. Сүгір тұтас мектепті басқаратын басты тұлға. Мәселен, біздің мектептің сүгірі Қыдыр ата, – деді Мәди.

«Сүгір» деген сөзді Тауман мен Зере іштей «директор» деп түсінді. 

– Сондай-ақ, бұл мектепте сабақ беретін барша ұстаздарды біз «ыдырыс» деп атаймыз. Естеріңізде болсын, ыдырыс – мұғалім деген сөз. Мұғалім немесе ұстаз деп айтпайсыздар. Барша оқытушыларға «ыдырыс» деп айту міндет, – деді Мәди. 

– Мектептегі әрбір орданың өз қалаушылары бар. Орданың негізін қалаушыларды шарапат пірлері деп атайды. Мәселен, «Сайыпқыран» ордасын жер пірі Ойсылқара ата, «Ғайыперен» ордасын ауа пірі Зеңгі баба, «Құлагер» ордасын су пірі Қамбар ата және «Жалын» ордасын от пірі Шопан ата қалаған. Бүгінде «Сайыпқыран» ордасының орбасысы Таусоғар мырза, «Ғайыперен» ордабасысы Желаяқ мырза, «Құлагер» ордабасысы Көлтауысар мырза және «Жалын» ордабасысы Епті мырза, – деді де кентавр сәл демалып алып сөзің әрі қарай жалғастырды.

– Пәндер жер, су, от және ауа шарапаты деп бөлінеді. Бұдан бөлек, хикмет, түркітану, қаракет һәм қорғаныс, шабуыл сабақтары бар, – деді кентавр сөзің тәмәмдап.

Оның жасаған таныстыруы болашақ ұландарды тәнті етті. Бірінші сынып ұландары жас сардарбекке тамсана қарап тұрды.

ЕСТЕН КЕТПЕС АШЫЛУ САЛТАНАТЫ

Көптен күткен ордаға бөлу дәстүрі басталды. Бұрын да, қазір де ұландар ордаға «Алақан» бәйтерек ағашы арқылы бөлінеді. «Алақан» бәйтерегі дегеніміз, алтын ағаштан жасалған, ортасында зор алтын кітабы бар ұландарды ордаға бөлудің жалғыз және оңтайлы құралы. Бәйтерек ағаштың ортасында алтын кітап бар дедік. Сол алып кітаптың ішінде Тартария ханы Аяз бидің оң қолы тайға таңба басқандай ойылып салынған. Кім де кім әлгі ойылып салынған хан қолына өз алақанын қойса, бәйтерек айналасына шашқан нұрды көреді. Бұл жай нұр емес, ұландарды қай ордаға жіберуін шешетін басты төреші. 

Ордаға бөлу рәсімі Аяз би қолы бейнеленген «Алақан» атты жалғыз бәйтерек ағашы арқылы жүзеге асырылады. Болашақ мектеп оқушылары бір-бірдеп бәйтерекке келіп, бетіндегі қол таңбасына өз алақандарын қояды. Сосын алақан жарқырап, айналасына шуақ шашады. 

Егер алақаннан жасыл шуақ шықса, демек бала «Сайыпқыран» ордасына, ал егер қою көк түс жанса, «Құлагер» ордасына, бәрінен бұрын күлгін түс жарқ етсе, «Ғайыперен» ордасына түседі деген сөз. Ал «Жалын» ордасына оқушылар тек қою қоңыр түс жанған жағдайда түседі.

«Рухтар шеруі»! - деді Қыдыр ата асатаяғымен жер ұрып.

Қыдыр атаның сөзін екі етпей, ортаға сыбызғы ұстаған «Құлагер» ордасының бір ұланы шықты. Ол сыбызғысын тартып, әсем күй орындады. 

Осы сәтте сыбызғыдан шыққан күйдің әсерінен, салтанат залының есігі айқара ашылып, ішке қарай бір топ көгілдір сәулелі аң рухы ұшып кіріп келді. Орда туларында бейнеленген киелі аңдар түрлі түске еніп, шарқ ұра билей жөнелді. 

Алып арыстан бүркіт, қанатты пырақ, айдаһар түлкі һәм қанатты барыс салтанат залын айналып, бір шеттен екінші шетке секіре қонды да ауада жоқ болып кетті. Шоу аяқталды. Балалар ду-қол шапалақ соқты.

– Ас әкелінсін! - деді Қыдыр ата қайта орнынан тұрып, асатаяғымен еден ұра.

Жалғыз әрі үлкен есіктен мектеп аспаздары исі бұрқырап тұрған бесбармақ, бауырсақ, жент, шелпек, құрт, қуырдақ салынған қазақы оюмен безендірілген табақтарды ұстап кіріп келді де дастарқанға жайып қойды. Қыз жасауындай жайып қойған тамақтардың исі мұрын жауып, көздің жауын алады. Қайсын бірінші бастап жерінді білмейсің. Аузына сілекей оралып, тіл үйіреді. Әсіресе, шоколад бауырсақтың көрінісі қарын шұрылдатып, тәбет аштырады.

– М. Неткен дәмді! – деді Әли шоколад бауырсақты асап жеп.

– Өте дәмді екен! – деді Тауман қуырдақтан ауыз тиіп жатып.

– Иісін-ай! – деді Зере бесбармақтың исіне тамсанып.

Табиғатынан аздап қомағайлау Әли дастарханның ана шетінен мына шетіне қолын созып, барлық тәттіні аузына салып татумен болды.

– Мынаны да жеп көріңдер, өте дәмді, – деді Әли жент салынған ағаш қазақы оюлы ыдысты достарына ұсынып.

– Өте дәмді сезіледі екен, – деді Зере.

Тауман да аузына жент салып, жеп көрді. Бір кезде есінен танып қалды. Осы кезде салтанатты залда отырғандардың бәрі жеген астарын үстелге қойып, өре түрегелді. Олар Тауманға жалт қарады. Ес-түссіз, жылқы іспетті пырылдап ұйықтап жатыр! 

– Қап-ай! Айтуға ұмытып кетіппін! – деді Зере күйгелектеніп.

– Нені? – деді Әли ешнәрсе түсінбей.

– Оған тәтті жеуге болмайды! Тәтті жесе, осылай есінен талып құлайды, – деді Зере.

– Тәтті жеп, талықсып құлаған адамды бірінше рет көріп тұрмын. Осындайда батыр болады екен-ау! – деді «Жалын» ордасының шеткі үстелде отырған Шаян Шығайбай мырс күліп. 

Жолдастары бірге қосылып күлді. Бұған тек «Сайыпқыран», «Ғайыперен», «Құлагер» ордасының ұландары қосылып күлмеді. Тауманның жан досы Зере сазарып Шаянға қарап тұрды. Күлмегендер арасында «Жалын» ордасының жалғыз сымбатты ұланы да болғанын Зере бірден байқап қалды.

– Нағыз батыр болғасын, талып қалды! Батырлар өзің сияқты көп тәтті жеп, жалқауланып жатпайды! – деді Зере Тауманды аса қорғаштай сөйлеп.

– Аузыңды жап, ерін далабы! – деді Шаян Шығайбай Зереге жиіркене қарап.

– Өзің жап, банан қалдығы! – деді Зере Шаянға.

– Қазір мен саған көрсетемін, – деп Шаян алақанынан от шарапатын шығармақшы болғанда, Әли оның қолын қағып жіберді.

Зал шулап кетті. Қыдыр ата ұзын асатаяғымен еденді ұрып, залды тыныштандырмақ болды.

– ДОҒАРЫҢДАР! – деді Қыдыр ата.

Бәрі лезде тыныштала қалды. Сары маса мен қара шыбынның да қыбыры білінбеді. Шкаф үстінде ас ішіп отырған шыбындар бір-біріне қарап «түш!» деді.

– Дереу Тауман Саржанды палатаға апарыңдар! Оның сонда сабақ басталар уақытқа дейін емделіп шыққаны жөн болар, – деді Қыдыр ата қызметшілерге бұйрық беріп. 

Барлығы астан кейін бөлмелеріне тарады. Әли мен Зере палатаға бару үшін Мәдиден рұқсат сұрады. Олар үшеу болып, Тауманның халін білуге палатаға тартты.

ҚОЙ КӨТЕРУ

Ертеңгі күні «Тұран баһадүрлері» мектебінің бірінші сынып ұландары үшін алғашқы сабақ басталды. Барлық ұландар Таусоғар ағайдың «Жер шарапаты» сабағына жиналды. Сабақ барысында ұландарға «қой көтеру» тапсырмасы берілді. Бұл тапсырма бойынша ұландар түрлі-түсті ақбас қойларды жерден алып, арқаларына асып көтереді. Сол арқылы ұланның ниеті мен оқуға деген ынтасы анықталады. Егер, ұлан ірі қойды көтере алмаса, онда тәкаппарлығы тым жоғары деген сөз. Бұндай жағдайда ұланның бағасы төмендетіледі. Ал егер, ол ақ ірі қойды бірден жерден көтеріп алып шықса, демек, ұланның ниеті таза, жаны жомарт болғаны. Жаны жомарт ұланға ұпай көбірек қосылып, «оқу озаты» атағы беріледі. 

Барша ордалардың бірінші сынып ұландары ашық аспан аясындағы бір саябаққа жиналды. Таусоғар ағай ысқырығын үрлеп, ұландарға белгі берді. Ұландар ысқырық даусын ести сала, қой көтеруді бастап кетті. 

Шықбермес Шығабайдың ұлы Шаян өзімшілдігінің кесірінен қойды көтере алмай, біраз әлекке түсті. Ақыры, ол тұрған жерде өздігінен шұңқыр пайда болып, Шаян сол шұңқырға қоймен бірге құлап түсіп кетті. Барлық ұландар қарқылдап күліп оған қарады. Тек Тауман, Әли мен Зере күлмеді. Зере шұңқырға жақын келіп, қолын созды. 

– Қолыңды әкел, – деді Зере достық ниетпен.

– Өзімде шыға аламын, – деді Шаян қабағын түйіп. 

Шаян Зерені жақтырмай, қолын айқастырып алды. 

– Біз оған көмектесеміз, – деді Жылан Бапы ханның ханзада ұлы Шаймерден Зереге жымия қарап.

Шық бермес Шығайбайдың ұлы Шаян жан достарының көмегінің арқасында шұңқырдан аман-есен шықты. Бойлары әбден балқып, мандайларынан тер аққан ұландар дайындықты әрі қарай жалғастырды.

Кенет Шойынқұлақ жауыздың ұлы Тауман алып қара қойды жерден лезде көтеріп алды. Барлық ұландардың ауыздары ашылып қалды. 

– Жарайсың! – деп ұландар Тауманның айналасына жиналды.

Шаян Тауманға жеккөрушілікпен назар аударды. Ол өзінің адал достары Дабыл, Шаймерден, Қарабек пен Тастанға ашулана қарады. Достары оның көзқарасынан кейін қол шапалақтауларын лезде тоқтатты. 

– Жауымызға қол соққандарына жол болсын! – деді Шаян долдана.

– Бірақ ол қойды бірінші болып көтеріп алды ғой! – деді дәудің аңқау ұлы Дабыл.

– Міне, сондықтан да, біз оған бірінші болып қол соқпауымыз қажет! – деді Шаян зілдене сөйлеп.

– Енді қашан қол соқпақпыз? – деді Дабыл шын жүректен.

– Оған түсіндіріңдерші, – деп Шаян басын шайқады.

– Ақымақ! Ешқашан?! Түсіндің бе?! – деді Бөжайдың ұлы Тастан.

Дабыл «түсіндім» дегендей басын изеді. Жылан Бапы ханның ұлы Шаймерден, Көңаяқтың ұлы Қарабек пен Бөжайдың ұлы Тастан еш үндемеді. 

– Қазақ халқы «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» деп бекер айтпаған. Сенің бойындағы ақ ниет пен таза пейіл де, міне, сүт бетіндегі қаймақтай қалқып шығып, ақыры көпшілікке танылды, – деді Таусоғар ағай Тауманның ақ ниетіне дән риза болып.

– Рақмет! – деді Тауман ұстазына ризашылығын білдіріп.

Келесі күні Тауманның өгей қарындасы, Бекторының қызы Зеренің де алғашқы сабағы сәтті өткен еді. Барша орда оқушылары тамақ пісіруді үйрену үшін Бармақ шал ағайдың «қаракет» сабағына жиналды. Бұл бір бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс кісі екен. Бойы тапал, бітімі майда демесең, шаруаға өте епті адам. Шыны керек, өзі ержегейліден аумайды. 

Бармақ шал ағай «Тұран» мектебінде харекет пәнінен сабақ жүргізеді. Одан басқа осы пәнен Қарға апа сабақ береді. Мәстек Бармақ шал тамақ пісіруді үйретсе, ал оның аяулы жары Қарға апа жер тігу, киім пішу мен үтіктеу сынды ғажайып пен сиқырға толы Тартариядағы күнделікті тіршілікке қажет дүниелерді үйренуге көмектеседі. 

– Ең алдымен алдарында тұрған қазанға «піс қазаным, піс» деп айтуларың қажет. Егер, ниеттерің қаһарманға тән ақ болса, онда қазан еш кедергісіз піседі. Ал егер ниеттерің таза емес болса, тамақтың піскенін ұзақ күтулеріне тура келеді, – деді ергежейлі ағай.

Орда оқушылары тамақ пісіруді құлшына бастап кетті. Әр бұрыштан «піс қазаным, піс» деген дауыстар естіле бастады. Бір сәтте Зеренің тамағы лезде пісіп шықты. Қазанның темір қақпаған ашқанда, ішінен дәмді палау иісі аңқып тұрды. 

Шық бермес Шығабайдың қызы Бізбикенің қазанынан сасық иіс шығып, айналаны алып кетті. Бізбике қақпақты ашқанда, құжынаған қара шыбынды көрді. Ол бір қолымен өз мұрнын басып, қақпақты жапты. 

– Фу! – деді Бізбике темір қазанның қапағынан дереу жауып жатып.

Барлық оқушылар тәрелкелерін алып, Зеренің қазанының жанына жиналды.

– Олар алтын сақаны табуға сақадай сай дайын, – деді Жиренше шешен терезе жанында тұрған Қыдыр атаға қарап.

– Әлі де бақылап көруіміз қажет, – деді Қыдыр ата.

Қыдыр ата мектептің барша ыдырыстарына ерекше тапсырмалар ұсынып, Шойынқұлақтың ұлы Тауман мен Бекторының қызы Зеренің және Алдар Көсенің ұлы Әлидің үлгіремін бақылауды тапсырды. Оның басты мақсаты – балаларды алыс сапарға дайындау еді…

Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА, жас фэнтези жазушы.

Жалғасы бар...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan