Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Ерік Асқаров – лирик ақын, сан қырлы талант...

02.08.2023 1782

Ерік Асқаров – лирик ақын, сан қырлы талант 14+

Ерік Асқаров – лирик ақын, сан қырлы талант - adebiportal.kz

Қазақ айтысында бақ жұлдызы жанған көптеген айтыскер ақындардың жазба әдебиетпен шұғылданып жетістіктерге жеткеніне, жетіп те жатқанына мысал көп. Тіпті жаңа заман бедерінде айтыстың өресі өскені ме, әлде басқа қалыпқа көшкені ме, кейбір айтыскер жұптардың көпшілік алдында сахнада яғни қазіргі тілмен айтқанда «онлайн форматта» таңдайы тақылдай төкпелеген суырыпсалма жырларының көркемдік кестесі өзін әжептәуір шығармашылық иесімін деп санайтын қайсыбір жазба ақынның қаламына оңайлықпен бұйыра қоймайтын деңгейде шығып жататыны бар. Бұл да бекер емес қой.

Қазақта жазба әдебиет қалыптасқанға дейінгі кезеңде айтыс – шығармашылыққа бейімі бар қазақтың айналасына өзін ақын ретінде танытудың дәстүрлі мектебі болғаны белгілі. Сондықтан да бұрынғы айтыскерлер өз дарын-қабілетін заманға сай үнемі жетілдіріп, дамытуға мән беріп отырған. Суырып салмалық қасиет турасында белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов былай деп атап көрсетеді: «Импровизатор ақын – үлкен творчествоның адамы. Ақын өмірдегі құбылысты, тарихи оқиғаны өзінің ой-өрісі дәрежесінде таниды, ақынның сезінуі, ол сезгенін қабылдауы шапшаң, ол тез көріп, тез әсер ала біледі, алған әсерін ұғып есіне сақтауы да күшті, тұрақты. Ақын естігеннен гөрі, көзі көргенін тез сезіп, жылдам жырлап кетеді... Қазақ ақындарының ежелгі салтында жылдам, бөгетсіз тыңнан өлең шығарып айта білмегенді күшті ақын деп танымаған.» Яғни ізденімпаздық, дарын-қабілетті шыңдау айтыскерге де, жазба ақынға да тән қасиет болғандықтан, қазақ әдебиетіндегі фольклорлық жанр өкілі айтыс ақыны мен жазба ақындықтың ара-жігі соншалықты алшақ та емес. Табиғаттан мысал алатын болсақ, екібасқа түсті Ертіс пен Үлбінің суы бір арнаға тоғысып, толыса ақпай ма?

Айтыскерлік пен жазба ақындықтың қос арнасын біріктіре шығармашылық ғұмыр сүрген талантты тұлғалардың бірі – қазақтың жайсаң азаматы Ерік Асқаров еді.

Яғни жасынан жасындай жарқылдаған жан жақты талантты тұлға Ерік Асқаров тек айтыс жанрында жарқырай көрініп елге танылып қана қойған жоқ. Ол өзінің ойлы, талғамға татымды жазба поэзиясымен де оқырмандарының, сыншылардың назарына ілінген ақын болатын. Ерік Асқаровтың айтыскерлігінен өзге, кәсіби қаламгерлігін де аға буын жазушылар мен қатарластары жасынан мойындап, оның болашағынан үлкен үміт күткен. Ел астанасы, қазақ әлемінің рухани ордасы Алматыға арман қуып келген жастардың бәрінің бірдей айы оңынан туа бермеген. Жас Ерік те астанаға оқысам-білсем, таныссам-танылсам деп сонау қиыр өлкеден келген еді. Жолы болды, аңсаған арманына жетті. Алматыдағы әдебиетші қауым мен өнер ордасы қазақ даласының солтүстік шетінен келген жас жігітті бекерден бекер құшағына тартып төріне шығара салмағаны анық. Ол үшін терең білім мен таланттың мықтылығына қоса, мінездің өткірлігі, үлкен-кішімен адами қарым-қатынастың биік деңгейі де мейлінше қажет болатыны сөзсіз еді. Ақын Ерік Асқаровтың бойынан осындай қарым-қабілет пен қасиеттер табыла білгені анық болды. Ерік ақынның үзеңгілес досы Құдайберлі Мырзабек былай деп еске алған екен: «Жазушылар одағын басқарған Олжас Сүлейменов те оған сенім артып, сапарларға бірге алып шыққанын білемін. Көрнекті жазушы Сәкен сері ағамыздың туған інісіндей араласты. Сері ағамыздың оны сондай жан тартып жақсы көргенін, Ерекеңнің қаралы жиынына барғанда көргенім әлі көз алдымда. Болмашыға босай қоймайтын Сәкен ағам елдің алдында қатты толқып, сөйлей алмай, солқылдап жылап еді. Ерік жалпы жұртқа жағымды, жаны жайсаң, ешкімге жаттығы жоқ, ақжарма ақ көңілді, аңқылдаған асыл азамат болатын».

Айтыс аламанында ұзақ жылдар қатар сайысқан айтыскер, әрі өзі де тамаша жазба ақын Қонысбай Әбілов Ерік Асқаров жырларының көркемдік қыры туралы мынадай пікір білдірген екен: «Ерік айтысқа жазба ақындықтан келді. Қанша айтқанмен, олардың деңгейі жоғары болады». Иә, қазіргі күні қазақ айтысындағы сөз саптау, сипаттау деңгейі жазба әдебиеттен бір де кем емес, өте жоғары екендігі туралы жоғарыда тоқталғанбыз. Бұл тұрғыда кейде олардың біразы күнібұрын жазып алып, жұрттың алдында дайын өлеңді (заготовка) айтып береді деген күмән-күдік те айтылып жататынын білеміз. Дегенмен, сөз кезегін жұптап, жүйелеп алатындай мүмкіндік жоқ тікелей айтыста және айтыстың қызған сәтіндегі ситуацияға байланысты жауаптасулардан Ерік Асқаровтай суырыпсалма айтыскерлердің қарым деңгейі анық танылып отыратынын аңдауға болады. Бүгінгі айтысты қайдам, кешегі айтыста жасанды жаттандылық мөлшері тым аз болғаны рас. Ол тұстағы айтыскерлер өзінің жоғары зияткерлік білімі арқасында әрбір айтыста қарсыласқа айтатын тап берме, қарымта сөздерінің ұйқасын, мазмұны мен мағынасын тамаша келістіре білгендігі анық. Кейінгі көптеген ақындар туралы да осыны айтуға болады деп білеміз. 

Ерік Асқаров – лирик ақын. Ерік ақынның жыр жинақтары жүрекке жылы, қазақы қоңыр өлеңдерге толы. Әр ақынның жыр арқауы – туған жер, алтын бесігі.

Кіндік кескен жерім, сені жырға мен,

Қосам талай – 

Саған тəнті бір жан ем. 

Іздеп мені ақ бораның ұли ма?

Құлдыраңдап тауды кезген құлжаң ем, - 

деп тебірене жырлайды ақын «Туған жер» атты өлеңінде. Жалпы алғанда ақын Ерік Асқаровтың өлеңдерінде өмірдің алуан түрлі бояулары, туған жер табиғатының тамаша көріністері бар. Ақын өлеңдерінде көркем портреттер мен пейзаждар жиі кездеседі. Ерік Асқаров – Қызылжардай сұлу өңірде туып-өскен, сұлулыққа жаны құмар ақын. Ақынның өлеңдерінен біз осы бір қасиетті, сұлулыққа деген іңкәрлікті анық аңғарамыз. Мысалы, ақын күзгі даланың жабырқаңқы, мұңлы қалпы туралы көркем сурет жасай отырып «Жауып жатыр жапырақтар жалтылдап» өлеңінде былай деп жырлайды:

Жауып жатыр жапырақтар жалтылдап,

Күзгі леппен дем алады алтын бақ.

Ойға батқан əлденеге ақ қайың

Жапырақсыз тұр, əнеки, қалтылдап...

Ақынның өлеңдерінде туған жер тақырыбы үлкен орын алатындығы бекер емес. Тоқындана аққан Есіл мен ну қарағаймен көмкеріле көкке бойлаған сұлу Көкшенің арасындағы көркем өңірді талмай жырлап, ақ қағазға өлең етіп түсірген Ерік ақынның шығармашылығында туған жеріне деген перзенттік парыз, алыста жүрген шағындағы сағынышы жатыр. «Барады ағып ерке Есіл» атты өлеңінде тамаша суреттеу, кейіптеу жасайды:

Нəзік белін мың бұрап,

Ағады Есіл сылдырап.

Күлкісі – күміс қызына,

Қарайды Арқа тұнжырап...

Ақынның өлеңдері – көңіл күйдің сан түрлі жиынтығы іспетті. Ақын жырлары бірде лепелі қуаныш-шаттықа, бірде мұңлы, сағынышқа толы, енді бірде ойшыл даналыққа қарай қанат қағады. Еі бастысы, ақын жырларында туған жердің көркем суреттері, ондағы қайнаған қызу тіршілік көріністері бар. «Туған топырақ» атты өлеңінде Қызылжар өлкесінің көңілді көктемі мен жайдары жазын ақын былай деп суреттейді: 

Көргің келсе қар бүркеген боранды – 

Жаннан кешкен жаһанкезге еліктеп,

Көргің келсе хаса сұлу көктемді,

Қызғалдаққа ғашық болсаң сен егер, - 

Желек жапқан ақ қайың да, терек те,

Жаз да сұлу менің туған даламда.

Абай айтқан шыбынсыз жаз керек пе, - 

Мына біздің Қызылжарға кел онда...

Ақын Ерік Асқаровтың туған жер табиғаты туралы өлеңдерінде көз алдыңа дәлме-дәл суретті елестететін сәтті метафорлар жиі кездеседі. Сарырарқаның ну орманды Сібірмен астасып жатқан тұсындағы туған жерінің табиғаты мен ондағы қазаққылықтың қаймағы бұзылмаған туған ауылын жырлаудан ақын жалыққан емес.

Сібірдің төсі – ақ орман,

Алғыспен елі ағарған.

Бабаның балдай арманы – 

Сібірім – бізге əлі арман.

Кәсіби жазба ақын Ерік Асқаровтың өлеңдеріндегі пейзаждар мен портреттерді, метафорлар мен теңеулерді, эпитеттерді қарастырғанда, олардың көбі өзінің туған жеріндегі, бала кезінен көріп өскен әсем табиғатты тамашалаудан, соның сұлулығын сезінуден пайда болған деуге болады. Себебі әркім не жазса да жастайынан көрген-білгенін, алған тәрбиесін жазады деген бұлжымас қағида бар. 

Бір халыққа тұлға болу оңай ма,

Сондай тағдыр бұйырыпты Абайға.

Барласа да арғы-бергі заманды,

Соңғы сөзін айта алған жоқ алайда.

Мұңдас болып кәрімен де, жаспенен,

Қолын бастап жауға шапқан тасберен.

Махамбеттің соңғы сөзі кетті ғой.

Ақынның ұлы қазақтар Абай мен Махамбеттер жайлы айта отырып, елінің елеулі азаматтарын жас ұрпаққа үлгі ретінде олардың ержүрек бейнесін жыр тілімен кестелеп ұсына білгендігін көреміз.

Ақынның өлеңдеріндегі толқымалы лирикалық көңіл-күй, көркем айшықтаулар оқырманға шынайы қабылданады. Өйткені, әр ойлы оқырманның өз жүрегіндегі сағыныш ақынның Қызылжарына деген сүйіспеншілігі мен сағынышымен астасып жатыр:

Қабағымды ылғи бағатын, 

Қайыңы қарындасымдай.

Шалдықсам тіреу болатын,

Терегі аға-бауырдай –

Сағындым Қызылжарымды,

Сағындым туған ауылды-ай.

Алысқа самғап кеткенде,

Қимайды сені құсың да.

Алқынып жазың жеткенде,

Қимайды сені қысың да.

Сағынып Қызылжарымды,

Талпынам мен де ұшуға, -

деп туған жерінің сұлулығына тамсана, әрі алыстап кетсе сағына жырлап өткен ақын Ерік Асқаров өлеңдері оқырманды туған өлкені ардақтап сүюге, ондағы адамдар арасындағы бауырластық пен достық қарым-қатынастарды сақтап, табиғатпен үндесе өмір сүруге шақырып тұрғандай.

Айтысқа жазба ақындықтан келген Ерік Асқаровтың сөз құрау мәнері, ой жұптау шеберлігі қазіргі ақпа ақындардан гөрі аз-саз болса да, шынайылығы айқын аңғарылып тұрар еді. Айтыспен жазба ақындықты қатар алып жүрген Ерік Асқаровтың қаламынан көптеген жырлар туды. Ән болып халықтың аузында жүр.

Өрттей шарпып жүректерді жаңғырған,

Кәусар ойы сезім шөлін қандырған.

Ұлылар тек жырын емес,

Ұрпаққа

Айта алмаған сөздерін де қалдырған, -

деп ақынның өзі жырлағанындай, ақынның соңында қалған, қысқа ғұмырында айтып үлгерген сөзі – халқының қазынасы туған елімен бірге мәңгі жасап келе жатыр.

«Ерік Асқаров өлеңдерінің ерекшелігі неде деген сұрақ қоятын болсақ, ол – алдымен ұлттық сипатында, ұлттық мазмұнында, көркемдігі жоғары ұлттық бояуында дер едік. Автор туындыларында ұлт тарихымен, ондағы тұлғалармен, белгілі тарихи оқиғалармен біте қайнасады, олармен бірге жасайды», - деп атап көрсетеді, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер. Ғалым Ерік Асқаров өлеңдерінің тақырыбына зерттеу жасай келе, ақын өлеңдері жалпы бірнеше негізгі тақырыптардан тұрады деп қорытынды береді. Ерік Асқаровтың лирикалық  өлеңдеріндегі негізгі тақырыптар ретінде мыналарды атап көрсетеді: 

«- махаббат лирикасы,

- табиғат лирикасы,

- туған жер лирикасы,

- философиялық лирика» (философиялық һәм көңіл-күй лирикасы, философиялық-дидактикалық лирика,

- ата-анасына, бауырларына, балаларына арналған өлеңдері,

- діни-имандылық лирика,

- әлеуметтік-дидактикалық лирика,

- саяси-патриоттық лирика,

- тарихи-этнографиялық лирика».

Ерік ақынның жалпы шығармашылығында, соның ішінде лирикалық жырларында туған жер тақырыбы ерекше орын алатынын көреміз. Солтүстіктің ойдым-ойдым орманды, мөлдіреген тұп-тұнық көлді, кілемдей түрленген жасыл алқабы ақын жырларының мәңгілік арқауы екендігін оның өлеңдеріне көз салғанда аңғаруға болады. Бұл – ақынның ес біліп, ойын баласы болған шағынан көз алдындағы көріністер, көкірегіне мәңгі қонақтаған суреттер еді. Өлеңге деген бейімділігі сол кішкентай кезінен-ақ сыныптастары мен мұғалімдеріне белгілі болған бала еріктің болашақта ақын боларына маңындағы сол адамдар сенген де, сенім білдірген де болар. Бала ерік төртінші сыныпта оқып жүргенде  тырнақалды «Туған жер» деген өлең шығарған екен. Ақынның «Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам», «Қызылжар», «Қыс болса Қызылжарға кеткім келер», «Барады ағып ерке Есіл», «Көргің келсе қар бұрқаған боранды», «Қызылжарда биыл тіпті қар қалың» тағы басқа өлеңдерін оқығанда туған өлкесі Қызылжар-Есілге деген риясыз перзенттік махаббаты барын сезінуге болады.

Ақын, жазушы Ерік Асқаровтың терең білімі арқылы жазылған құнды туындылары оқырмандарының назарын аудармай қоймады. Ерік ақынның көзі тірі кезеңдегі ойлы оқырман, қазіргі күні белгілі жазушы қыздарымыздың бірі Жадыра Шамұратова өз замандастарының кімді оқып, идеал тұту керек екендігі туралы ойын былай деп жетізген екен: «Қазір Муракамиді айтуды «мода» еттік, бірақ, өзіміздің қасиетті әдебиетіміз туралы айтқымыз келмейді. Өзге елдің әдебиеті арқылы емес, өзіміздің Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков, Әлібек Асқаровтар арқылы ғана жаны да, ары да таза, кісілігі мол, ізгі ниетті ұрпақ тәрбиелеуге болатынын мойындағымыз келмейді». Сыншылар, оқырмандар Ерік Асқаров есімін қазақтың әйгілі жазушыларымен қатар атап, оның болашағынан үлкен үміт күткені белгілі.

Талантты адам – расымен де сан қырлы талантты адам. Бұл қағидат Ерік Асқаров тұлғасына да қатысты айтылады. Айтыскерлік, жазба ақындыққа қоса, өзге де шығармашылық қырлары туралы тоқтала кету ләзім.

Ерік Асқаров – көлемді эпикалық туындыға да қалам тартқан ақын. Сондай шығармасының бірі – «Бозауыз ат». «Шұбыртпалы Ағыбай батырдан қалған сөз» деп тақырып асты аңдатпа қойған ақын бұл туындысы туралы былай деп ықсқаша түсіндірме береді: Бұл шығарма 1979-1980 жылдары жазылды. Қылышынан қан тамған кеңестік цензурадан өткізе алмасымды білген соң, аяқталмай тастап едім. Сол кездерде қазақ қауымын өксіткен жалғыз идея – ұлт азаттығын көксеген көңілдің көрінісі. Жиырма жылдан соң, бас-аяғын бүтіндеп, оқырманға ұсынуды жөн көрдім.»

Ағыбай емес пе едім,

Ерлігім қайда менің?!

Ерлікпен қанатымды

Алашқа жайған едім;

Алтайға шалғайдағы

Бара алмай қайта көрме,

Таба алмай қайта көрме

Найман елін!

Атағы асып жеткен

Алтайдан Көкшетауға –

Бозауыз тұлпарды алып

Қайтады ерің!..

Қалсыншы бір қуанып

Науандай қайран ерім.

Жырдың оқиғасы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандарының бірі шұбыртпалы Ағыбай батырдың Бозауыз атты тұлпардың даңқын естіп, оны Наурызбай батырға ұрлап әкеліп бермек болып алыс өлкеге беталуына құрылған. Осы мақсатын орындамақ болып, ақыры алты айшылық Алтайға жетіп, енді Бозауыз арғымақты бағып отырған ауылға бармақ болғанда батырдың жүрек-санасында ар мен нәпсінің күресі басталады:

Қу нәпсі:

- Арғымақтың

Тізгінін білегіңе іл, -деп еді,

- Арқаға жүр, - деп еді;

Ар келіп:

- Ілме, - деді.

Ешқайда жүрме, - деді.

Ағыбай қақ жарылды,

Арды да, нәпсіні де қолдамады.

Ләм-лим деп үндемеді.

Сол шақта қарағайдан бір шал шықты,

Сүйретіп қомақтылау бірдеңені.

Бұл асқақал – аю жетелеген нағыз ересен күштің исеі екен. Ол батырмен жөн сұрасқан соң, «Тымақты жігітпен күреспе!» -деген ақыл-ескертуін айтып, жолға салады. Ақыры Ағыбай батыр найман елінде атақты палуан қыз Айпарамен танысып, үйленіп, ол жақта қала алмай, жарының көмегімен Бозауыз тұлпарды ұрлап міне қашып, Арқаға жетіп, Ер Науанға көлденең тартады. 

Әлхиссалы қара сөз аралас жазылған «Боазуыз» ат хикаясынан кәдімгі кинотүсірілім сорабы анық аңғарылады. Бұл да бір ғажап тарих.

«Сарыарқам қолын жайып қарсы алғанда,

Артымда алтындай тау Алтай қалды;

Еске алсам ет жүрегім езіледі –

Ай маңдай Айпарадай қалқам қалды… – 

деп Шұбыртпалы Ағыбай батыр қартайған шағында қарлыққан дауысымен әнге салар еді. Ел естімеген ескі ән. «Айпараның әні», - дейтін. «Алтайдан шыққан Бозауыз тұлпар Сарыарқада Наурызбайдай ерді алып сан майданға кіріп еді, сүйегі Алатауда қалды», — деп қарт батыр әңгімесін тұжыратын.

Бұл күнде Бозауыз атқа мінген Наурызбайдай ерлерді шексіз сағынамыз. Келер ме екен?!.» 

Ер Науан мен Ағыбай батырлар арқау болған «Бозауыз тұлпар» туындысы 1979-1980 жылдары баспа бетін көруі неғайбыл еді. 

Ерік Асқаров – өзінің жоғары білім алып шыққан мамандығы бойынша киногер екендігі белгілі. Ол кәсіби маман кинорежиссер ретінде өзінің бірнеше туындыларын жарыққа шығарды. Ерік Асқаров қазақтың талантты прозаик қаламгері Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» хикаяты бойынша бейнефильм түсірген болатын. Мұнда жазушының өз шығармасында айтқысы келген идеяны барынша ашуға тырысқаны байқалады. Ерік Асқаров Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі мен Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасы бойынша түсірген бейнефильмдерінен өзге де көптеген дүниелерді жобалап жарыққа шығаруды жоспарлаған екен. 

Ерік Асқаров – драмалық туындыны аударумен де шұғылданған екен. Оның қазақ тіліне аударуымен грузин драматургі Лаша Табукашвилидің «Арманымның ақ құсы» («В поисках фантома») спектаклі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының кіші залы сахнасында КСРО халық әртісі Әзербайжан Мәмбетовтің көркемдік жетекшілігімен 1981 жылдан бастап 1990-шы жылдар аралығына тұрақты қойылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Сондай-ақ саха драматургі Иван Гогольев-Кындылдің  «Наара суох» комедиялық пьесасын да  қазақ тіліне тәржімалаған.

Ерік Асқаров жырлары – әнге сұранып тұрған шығармашылық айдыны. Ақынның біршама лирикалық өлеңдеріне ән жазылған. Атап айтқанда «Кірлеме менің жүрегім», «Күзгі элегия», «Құлыншақтарым» өлеңдеріне белгілі сазгер Еркеш Шәкеев ән жазып, тыңдарман, көрермендердің сүйіп тыңдайтын туындыларына айналған.

Ерік Асқаровтың ерекше бір қабілеті – әңгіме айтқанда тыңдаушысын еліктіріп, оқиғаны жандандырып, қажет болғанда кәдімгі рөл ойнаған артист сияқты, өзі әңгімелеп отырған адамның образына еніп, даусына салып, қызықты етіп жеткізетін пародистігі де болған екен. «Театр институтында режиссер мамандығы бойынша білім алған ол кез келген оқиғаны түрлендіріп баяндағанда, тыңдаушысын кейде күлдіріп, кейде толқытушы еді. Ғабит Мүсіреповтың, Хамза Абдуллиндердің айтқан әңгімелерін өз дауыстарына салып отырып әдемі жеткізетін», - деп еске алады, досы Құдайберлі Мырзабек. Бұл да жан жақты талантты тұлғаның ерекше бір қабілетін танытатыны сөзсіз.

Сондай-ақ Ерік Асқаровтың әдеби сыншылық қырына да арнайы тереңдете зерттеуге болатындай.

Өнер мен шығармашылық адамы халықтың алқауын, ықылас ниетіне бөленумен қатар, тиісті мекемелер мен билік орындарынан еңбегіне лайықты атақтар мен марапаттарға ие болып отыруы да заңдылық. Бұл тұрғыдан алғанда  Ерік Асқаровтың сан қырлы таланты әр кезеңде лайықты бағаланып, биік марапаттарға ие болды деуге негіз бар. «Ерік Асқаров шығармашылығы мәйекті, мазмұнды, кесек дүниелерден тұрады. Аз жазса да, саз жазылған әдеби мұралары – соның айғағы. Жас кезінде жарқ етіп, көзге түскен өлеңдері «Жетіген» атты топтық жинаққа басылған кезден-ақ аға буын қаламгерлер өз бағаларын беріп, жылы лебіздерін білдірді. «Көгілдір» атты жыр жинағы үшін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты иеленді. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алғаны да өз дәуірінде көп замандасының қолы жете бермейтін абыройлы дәреже еді», - деген екен, ақын, айтыскер, бүгінгі ел ағасы Құдайберлі Мырзабек. 

Ақын ретінде Ерік Асқаров 1988 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығына ие болды. Ал 1990 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері атанады. Жоғарыда аталған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы – қазіргі күні беріліп жүрген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы деңгейіндегі, әрі кез келген жас дарының қолы жете бермейтін, өз дәуіріндегі аса беделді сыйлық болғаны белгілі.

Осы ретте мына сыйлық, марапаттарға қатысты мына бір пікірді де келтіріп өткен дұрыс болмақ. Себебі қазіргі күні күйреп кешегі тарихқа айналған Кеңес Одағы тұсында өмір сүрген  шығармашылық иелеріне берілген кейбір жоғары атақ пен дәрежелерге, таққан орден-медальдарға әлдебір күдік-күмәнмен қарайтын жағдайлар кездесіп жататынын білеміз. Біз келтіріп отырған, «Егемен Қазақстан» газетіндегі уәжді пікір осындай жағдайға жауап береді: «Бүгінімізді бүтіндей алмай, қазіргі шаруамыздың қиюын келістіре алмай жүріп, кейде өткенді сынауға құмармыз. Өткендегі жайылған идеологиялық өрісіміз соншалықты сорлы болатын болса, қазақ әдебиетінде таңдай қақтырар демесек те, жаппай тұшынып оқитын шығармалар дүниеге келер ме еді?! Сыйлық талаптыларды таланттылар қатарына қоспағанымен, жастарды ынталандыру белгілі бір деңгейде шығармашылық ізденіске, еңбекқорлыққа жетелегені анық. Оралхан Бөкеев, Роллан Сейсенбаев, Күләш Ахметова, Баққожа Мұқаев, Асқар Егеубаев сынды талапты жастардың еңбегін бағалау соның айғағы. Қазақ елі тәуелсіздігін алар қарсаңда Ұлықбек Есдәулетов, Байбота Серікбаев, Ерік Асқаров, Бақытжан Қанапиянов есімді қаламгерлер де дарынды лауреаттар қатарынан табылды».

Ақын Ерік Асқаров Кеңес Одағы заманында Ленин комсомолы сыйлығына өзінің тума талантын таныта, мойндата отырып ие болды деп білеміз. Атап айтқанда 1990 жылы үш бірдей қаламгер Ленин комсомолы сыйлығына ие болған екен. Олардың бірі – әйгілі «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің сөзін жазған, кейінгі дәуірдегі аса танымал ақын Есенғали Раушанов «Шолпан жұлдыз туғанша» атты өлеңдер жинағымен ие болса, белгілі әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай «Ой түбінде жатқан сөз» атты жинағымен, ал айтыскер ақын Ерік Асқаров өзінің халық ауыз әдебиетін, айтысты дамытудағы ерекше еңбегі үшін осы жоғары дәрежелі сыйлықтың игері деп танылған екен. 

Туындыгерлік қарым-қайратының нағыз дер шағында мезгілсіз өмірден озған талантты ақын Ерік Асқаровтың шығармашылық әлемі туралы әр қырынан қарастырылған мақалалар мен зерттеу еңбектер жазыла берері сөзсіз. Бұл мақаламыз ізденімпаз жас оқырмандарға аз да болса ақпарат беріп, кәдесіне асса – жазған еңбегіміздің далаға кетпегені болмақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар