Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы, жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында) қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты ойларымның осы бөлігін өздеріңізге ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.
***
Шындық – биік мінбелерде немесе әдеби кейіпкерлердің ауызымен ғана айтылатын ғұлама сөздер емес, ол өртенген үй, өлген сәби бейнесімен де адамдарға астыртын көрініс береді.

***
Мишель Фуко: «Білесіз бе, билік не арқылы жүреді? Билік балабақша мен мектеп, сосын ауруханалар арқылы жүреді. Оның бар күші осы жерде» дейді. Сөз жоқ, билік табиғаты үшін аталған бұл нысандар көктемде тұқым себетін бейне бір егіс алқабы тәрізді.
Фуко неге бұлай деді? Біз бұл пікірді не үшін қуаттап отырмыз?
Қазір, өкінішке қарай, елімізде білім жүйесі толығымен идеология құралына айналып барады.
Бір-ақ нәрсені білемін. Идеологияға айналған «білімнің» қоғам келбетін шын танытатындай объективті болуы тіпті де мүмкін емес.
***

«...Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын, бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ...
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым тап шыным».
Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің бастапқы екі жолындағы осы, «Атадан алтау» мен «Анадан төртеу» түсінігі бұған дейін біздің санамызға, бұл өлең әкесі Құнанбайдан туған арыстай алты ұлына, ал ақынның «Анадан төртеу» деп ишаралап отырғаны анасы Ұлжаннан туған төрт ұлға қатысты айтылған деп түсіндіріліп келген болатын.
Шын мәнінде солай ма?
Біздіңше олай емес. Бұл бастапқы екі жолдың бірге туған ағайындық я туыстық ұғымына тіпті де қатысы жоқ.
Мұны енді былайша санамалап көрсетуге болады.
Өздеріңіз білесіздер, Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі Күңкеден жалғыз Құдайберді туса, екінші әйелі – Ұлжаннан: Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан, ал үшінші әйелі – Айғыздан: Халиолла мен Ысмағұл туған.
Байқап отырған боларсыздар, балаларының саны алтау емес, жетеу.
Ендеше ақын бұл жерде алты санын неге алып отыр?
Әдебиетте сөздің ерекше эмоциялық бояуын күшейтіп, дауысты дыбыстардың қайталануын анықтайтын АССОНАНС, сол секілді құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілерін ишаралайтын МЕТАФОРА дейтін арнайы ұғым бар.
Қайталап айтайық, ақын өлеңінің аталған бастапқы жолындағы «алты» мен «төрт» түсінігі туысқан, ағайындық емес, «ассонанс» пен «метафора» ретінде арнайы қолданып отыр.
Рас, «алты» мен «төрт» түсінігі – қазақ танымында әбден орныққан ұғым.
«Ауылдың алты ауызы», «Аларманға алтау аз...», «Алты алаш», «Алты қанат Ақорда» ал енді төртке келсек, «Төрт құбыла», «Төрт тарап», «Төрт сөзің түгелімен келмеген соң» (Естай Беркімбайұлы) іспетті мол мысалдарды айтпағанда, «АЛТАУ АЛА БОЛСА, АУЫЗДАҒЫ КЕТЕДІ, ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА, ТӨБЕДЕГІ КЕЛЕДІ» сөзіндегі осы «алты» мен «төрт» ұғымы қазақ танымында қамшының өріміндей бірімен бірі етене жымдасып кеткен түсініктер. Екеуін еш ажыратуға келмейді.
Бұл тұрғыдан келсек, Абай атадан көп болса да өзінің ішкі жалғыздығын ілкідегі Махамбет секілді «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол едік» іспетті метафора мен метонимия тәсілімен беріп отыр.
***
Авторитарлы қоғамда адам бойындағы жағымпаздық аман қалудың басты кепілдігіне айналады. Бұдан бөлек мына дүниені де қосарлап жаза кетейін. Мешел қоғам мазмұны мемлекеттік жүйенің ең негізгі моделіне ұласады. Мұны былайша тәтпіштеп түсіндіруге болады.
Мәселен, кез-келген диктатор бар болғаны ет пен сүйектен жаратылған пенде десек, ал мемлекеттік жүйе әлгі диктатордың ішкі мәдениеті мен ойлау мазмұны ғана. Енді сол жүйе жалқыдан жалпыға жайылып, аталған халықтың бейсаналы түрде өмір сүру салты мен күнделікті ғадетіне сіңеді. Бұл мазмұн жүрген жолың, ішкен тамағыңа дейін жайылып, жаппай көрініс береді десек те болады. Айталық, сапасыз салынған асфальттар әлгі адам мәдениетінің мың шұңқырлар арқылы қайыра көрініс берген реалды бейнесі. Міне, авторитарлы жүйенің қасіреті де осы...
***

Мына дөңгелек дүние сәбидің көз жасына мейірленіп, күлкісімен ғана жылынып тұр...
***
Күмбірлеген шешен домбыра дегенде, ең алдымен, ұлы органологтар Эммануэль Романенко мен Қамар Қасымов есімдері есімізге түседі. Қызығы, Қамар ақсақалдың өзі осы Романенконы сынап, қазақ мелодиясын білмейді, негізі, орыс инструментінің шебері деген сыңайда пікір білдіреді. Осы жерде Қамар Қасымов туралы бір дерек келтіре кетейін.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әйгілі «Қамар сұлу» роман-поэмасындағы есім осы Қамар Қасымовтың құрметіне қойылған. Негізі шығарма сүймеген адамына ұзатылып, зар еңіреген Гүләйім есімді қыздың тағдырына арналған. Сұлтанмахмұт Троицкіде оқуға қаржы таба алмай қатты қиналғанда көп көмек қолын созып көмектескені үшін аталған туындыға қолөнер шебері, досы Қамардың есімін берген екен. Қош...
Айтайын дегенім бұл емес еді. Қос ішекті домбыраның шешендігіне қатысты. Домбыраның сұңқылдаған ерекше үні артқы шанағынан гөрі бет тақтайына көбірек тиесілі. Енді өзім долбарлаған мына бір жайды баян етейін.

Әрине, менің бұл ойыммен (басы бүтін) келіспеуіңіз де өз еркіңізде.
Дене физиологиясы, оның ішінде адам көмейінен бұрын, таңдайы домбыраның осы бет тақтай фуникциясына көбірек келіңкірейді. Құпияның көбі таңдайдың табиғаттан ерекше жаратылған құрылымына қатысты ма деймін.
Бұл пікірімізге домбыра жасау шеберлері де назар қойса дейміз.
Көшпелі қазақтың балаға «шешен болсын» деп таңдай беруінде, оның ішінде асқан әншіні «жез таңдай» деп ат қойып, айдар тағуының астарында осындай архетиптік көп құпия жатқан тәрізді.
Қайыра айтайын. Адам көмейі артикуляция есебінде домбыра шанағына келеді десек, дыбыстың енді акустикалық аумағы мен тембріне қатысты тербелісті адам таңдайына теліген болар едік.
Осы таңдай дегеннен шығады ғой.
Өнертанушы Бөрібай Кәртеннің әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкірті есебінде сырласқан мынадай екеуара диалогы бар.
« – Ә, онда бопты. Жақсы… – деп қарт сәл қозғалақтап, шапанын қымтанды. Ұстаздың келіскеніне көзім әбден жеткен мен оған қарай ұмсына түстім... Ғарифолла ақсақал тамағын қырнап, жұтынып алды да:
– «А-аааа…» – деп қуақылана басын сәл шалқайта ұстап, аузын аша берді… Осы сәтте мен де орнымнан ұшып тұрып оған ентелей үңілдім.
О, тоба!.. Бала-шағамыздың таңдайын қарадық, ауырғанда, сырқағанда. Бозбала кезімізде де талай таңдайларды көрдік, кім санапты, солардың бәрі де әдетте шұңғыл боп келетін-ді. Ал мына таңдайдың құрылымы тіпті басқа. Тайпақ, тайыз!
...Әл-Фарабидің музыка аспаптары шанағын дөңес қылмай жасау керек деуі – резонанс құбылысы кезінде ондағы үннің күшейіп, бояуы қанық болатындығын аңғарғанынан еді. Оқымысты бабамыздың осы тұжырымына сәйкес келіп, бізді бір мүшел уақыт өткеннен кейін таңқалдырып ойға түсірген шоң әнші Ғарифолланың жазық біткен таңдайы еді», – дейді. (Бөрібай Кәртен. «Ғарифолланың таңдайы» 1997 жыл).
Таңдайға қатысты тайға таңба басқандай Бөрібай Кәртеннің осы бір қысқаша естелік жазбасы көп жайдан хабар береді, әрі домбыраның шешен сөйлеуіне қатысты көзқарасымызды да бекемдей түседі деген пікірдемін.
***
Өмірді уақытпен өлшесең сан, махаббатпен өлшесең мағына шығады...
***
Жастардың дінді сондай-ақ салт-дәстүрді конструктивті сынауы олардың кері кеткендігі емес, керісінше интеллектуалдық тұрғыдан өскендігін, шындыққа бір сүйем болсын жақындап келе жатқандығын көрсетеді.
***
Қадым заманның тірі шырақшысы, қазақтың қара өлеңі бүй дейді:
«Өлеңнің баста десең басы менде,
Балаусадай майысқан жасы менде.
Қара бұлтты қайырып қар жауғызған,
Шұбар ала жайшының тасы менде».
Бұл СӨЗДІҢ сірә да шендесі жоқ алапат күш екендігін көрсетіп тұрған айрықша пайым. Жоғарыдағы оймақтай ойдың бәрі де рас. Сөзбенен күн жайлатып, шілденің шіліңгір ыстығында ақ түтек дауыл тұрғызуға да болады. Мұндай дерек әйгілі этнограф Әлікей Марғұланның еңбектерінде бар.
…Тек бір ғана шарт қатаң сақталуы тиіс.
Ол сөз ұстартқан адам ауызының аса дуалы болмағы ғана.
Сонымен дуа дегеніміз не?
Қазақтың ескі ертегісі мен жыр аңыздарының өн бойы бала жетектеген ана мен бата берген дуалы ауыз қарияға толы.
Осы жағынан келсек, дуа – зады ықылымнан таған тартқан, жаны кемел адамның ауызындағы жұпар сөз болса керек. Ал қазір батаны айтпағанда жөні түзу ас қайырар ахуалы да қалмаған ақсақалдықты аяймын.

***
Үйіңіздің суықтығы сыртқы дүниенің де суық екендігінің көрсеткіші емес.
***
Әдебиетте әбден көз үйренген сюжеттер мен сөйлемдер бейне бір «дін» секілді. Мұндай дайын дүниелермен оқырманды алдап, уақытын ұрлап, әсте обалына қалуға болмайды.
***
Шешем жарықтық теледидардың бағана толқынынан аяқ астынан ақау шығып көрсетпей қалса да «осы патшалыққа бірдеңе болды-ау» деп уайымдап кететін. Адам санасын атала еткен автократияның құдіреті-ай деймін.
***
Адам басына түскен қайғы мен қылбырау қобыздың ішегіндей-ақ болсын...
***

«...Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды.
Жия бергім келеді, жия бергім...».
Шіркін, Мұғағали адамның ахуалын тап басып таниды ғой. Бұл бір шумақ өлеңнің бастапқы екі жолы менің де қазіргі жан дүниемнің аумаған айнасы секілді.
Бұл жердегі «момын едім...», «жақсы едім...» деп отырғаны адамның ішкі жан тазалығы болса керек.
Ал қытығы басылмаған қыздай (кешегі) «ұяңдығым» жайында ойласам, ұяттан кірерге жер таппай безектеп кетемін.
...Кірледім,
Беріштендім,
Мазалымын...
Ішінде мың күнәнің жазалымын.
Сен қайда жүр екенсің кекіл қойған,
Кешегі сүттен де аппақ тазалығым?
***
В.Ленин: «Орыстанған өзге ұлт өкілдері этникалық орыстан да өткен шовинист болады» – депті. Рас сөз.
ТІЛ – МЕНТАЛИТЕТ – ПСИХОЛОГИЯ…
Бастапқы екеуі жайлы бірдеңе айта алмаймын. Ал соңғысына келсек, біздің психология таза орыстікі…
Ащы да болса айтайын, біздің қазақ деп отырғанымыз антропологиялық аз-кем бөлініс қана. Негізінде біз (бар болғаны) қазақ тілінде сөйлейтін «орыстармыз» десек те болады.
(жалғасы бар)
