Бүгін қазақтың көрнекті ақыны Еркеш Ибраһимнің туғанына 95 жыл толды.
Еркеш Ибраһим (Ебікенов) 1930 жылы 7 қарашада қазіргі бұрынғы Көкшетау облысы Балкашин ауданы (қазіргі Ақмола облысының Сандықтау ауданы) жерінде, осындағы нулы-сулы Жыланды өңіріндегі Ақан көлінің аумағындағы Барақбай деген жерде дүниеге келіпті.
«Ана – дария» дейді ғой жұрт, ол теңізді кешпедім,
Арсалаңдап ақ мамаға омырауын шешпедім.
«Өлгенде де екі емшегі иіп жатты бұлақтай», -
Дейді әжемдер, бұл бір сөзі қалай қояр жылатпай..., -
деп өмір бастаулары туралы ақынның өзі жырлағанындай, сәби шағынан тағдырдың қилы сынағын бастан өткізе жүріп есейеді, ержетеді. Жыландыдағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, бала Еркеш Атбасар қаласындағы жетім балаларға арналған үйде тәрбиеленеді, осындағы қазақ орта мектебін бітіреді.
....Содан бері мен сырғанақ теппедім,
Шанамды да іле қуып жетпедім.
Балдан тәтті балалықтың базары
Білмей қаппын сол шанада кеткенін.
Дос едің-ау қырат жер мен сай-сала,
Мен сырғанақ теппегелі қаншама.
Жалтақтаймын жігіттіктің өрінде –
Тағы тастап кетердей бір қол шана.
Бұл – ақынның жетімдік салдарынан туған жерден еріксіз жырақтап, көз көрмеген алыс елге кетіп бара жатқан кезінен, санада сүреңсіздеу суреттері қалған балалық шағынан хабар беретін «Қолшанада» деген өлеңі. Өмірдің сан түрлі сүрлеу-соқпақты қиыншылығына мойымаған Еркеш жас талапты бала болып өседі. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең жазумен айналысып, «ақын бала» деп танылады. Бойдағы талантын дамытуға деген талпыныс ақынды ел астанасы Алматыдан бірақ шығарады. 1951 жылы қазіргі Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, 1955 жылы бітіріп шығады.
Ақ өлеңің өзіңе, қарасын бер,
Егіздері – басқаға, дарасын бер.
Ғаламды бір шумаққа сыйғызайын,
Сезімнің қас пен көздей арасын бер,
Шабыттың күмпілдеген сабасын бер! –
деп жырлаған ақынның өлеңдері 1951 жылы республикалық «Лениншіл жас» газеті мен «Жұлдыз журналында жарық көреді. Осыдан кейін қазақ әдебиетінің қалың оқырмандары Еркеш Ебікенов деген жас ақынның есімін тани бастайды.
Жоғары оқу орнын бітірген соң туған өлкесі Көкшетауға келіп, облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жұмысқа орналасады. 1955-1960 жылдары осы газетте тілші, бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. 1961-1963 жылдары Тың игеру науқаны тұсында астықты өңірлер үшін шығып тұрған «Тың өлкесі» өлкелік газетінің Көкшетау облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет атқарады. Осы кезеңде ақын туған өлкесін молынан аралап, өндірте жазады. Сұлу Көкшесінің ғажап табиғатын, ондағы еңбек адамдарын жырлайды.
Осы кезеңде Көкшетауға сапарлаған қазақтың небір көрнекті тұлғаларының ат басын тірер тиянағының бірі Еркеш Ибраһимнің құтханасы болады. Сондай тұлғалардың бірі, Еркеш ақынның досы Шәмші Қалдаяқов еді. Екі достың шығармашылық тандемінен бірнеше ән туады. Солардың ішінде күні бүгін шырқалып келе жатқан танымал ән – «Шынарым»
Даланың гүлдері шешек жарған,
Өзіңді аңсатып барады.
Көктемдей жайнайды асыл арман,
Дел-сал ғып самалдың шарабы.
Өмірдің сәні не сен болмасаң,
Әнім боп шырқайсың сен қашан, -
деген жолдар мен тамаша әуен баршаға таныс екені анық.
Еркеш Ибраһимнің алғашқы жыр жинағы 1958 жылы «Қарлығаш» деген атпен жарық көргеннен бастап, әр жылдары «Көкшетау көріністері» (1960), «Өмір өлмейді» (1963), «Жұлдызды жылдар» (1966), «Жас ғұмыр» (1972), «Оқжетпес» (1973), «Теміртау толғауы» (1978), «Кездесу» (1982), «»Самғау» (1985) т.б. кітаптары жарық көреді.
Ақын 1963 жылдан «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарады.
Сенбісің арқалы тау Арқадағы,
Сенбісің қауырсынды Қарқаралы.
Бас иіп саған сәлем бергенімше,
Сенен бұлт, менен аңсау тарқамады, -
деп жырлаған ақынның көмірлі, индустриялы өңірдегі шығармашылық ғұмыры басталады. Қарағанды өңіріндегі қайнаған өмірдің тыныс-тіршілігін қаламына арқау еткен ақынның өлең өлкесіндегі қадамы қарышты болды:
Сағынушы ем, жүрегімнің балқыған бір кездерін,
Сағынушы ем, сезімнің толқыған бір кездерін,
Сағынушы ем, қайратымның салқындаған кездерін,
Сағынушы ем, жалынымның лапылдаған кездерін,
Сол отымды, сөнбес отты көрдім жанған дүрілдеп,
Ол отымнан күннің өзі тұрады екен дірілдеп,
Болат сүттей тасиды екен, қайнайды екен сақылдап,
Тек жанарлар, от жанарлар тұрады екен күлімдеп.
Бұл – ақынның Қарағанды туралы жырларынан алынған үзінді. Қазақы түсінік-бейнедегі «сүттей тасып, сақылдап қайнаған болат» оқырманға жылы әсер сыйлайды.
Жас ғұмыр, отты күнім, жалын демім,
Жер баспас ақ тұлпарым, ағынды едің.
Қалдырып кетермісің бір төбеге.
Боздатып көңілімнің ақ інгенін, -
деп өзі жырлағанындай, шығармашылық талантының нағыз толысқан дер шағында шабыттың ақ тұлпары «бір төбеге қалдырып кете барды». Үлкен лирик ретінде танылған талантты ақын, қаламы қарымды журналист Еркеш Ибраһим 1986 жылы 18 қазанда өмірден өтті.
Арқаның аяулы азаматы, алаш жұртының ардақты ақыны Еркеш Ибраһимнің сыршыл өлеңдері елінің мәңгі есінде. Өлеңдеріне жазылған әсем әндер қазақ халқының рухани қазынасы ретінде шырқала бермек.
