Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЕСТЕЛІК
/
ЕСЕНҒАЛИ АҚЫННЫҢ МІНЕЗІ...

ЕСЕНҒАЛИ АҚЫННЫҢ МІНЕЗІ

04.10.2025

1990

ЕСЕНҒАЛИ АҚЫННЫҢ МІНЕЗІ - adebiportal.kz

Ғаламдық руханият кеңістігінде ақындық мінез деген түсінік бар. Мінез болғанда да ол біреудің жағасынан алу, өзгеге қыр көрсету емес, шатақ шығарып шайыр атану да емес, Құдайдың өзі жаратқан бекзат мінез, асыл болмыс. Кемелдігіңмен де, кемшілігіңмен де қалай барсың, солай жүру, солай қалу. Шәксіз билік те, шексіз байлық та Тәңір жаратқан талантты өзгерте алмақ емес. Асыл адамның айнымайтыны, ақеділ көңілінің төрінде сұрапыл тағдырлар тайталасып жатса да, мінезінен сөнбес сәуленің ұшқын атып, шуақ шашып тұратыны шын. Жалғанда жаныңа жұбаныш боларлық құбылыс көп емес. Ал, ақын үшін өлеңнен артық дүние жоқ. Өмірдің бітіп болмайтын өрлі-қилы жолдарында өкпек жолаушыдай күй кешіп, өткелден өте алмаған кездерде де өлеңнен сая тауып, жалғыз жаның жабырқап, көңілің құлазыған сәттерде өлеңмен сырласасың. Есенғали Раушанов сияқты дегдар шайырды еске аласың. Шын шайырдың шынайы жырлары тамсандырмай қоймайды, оның ерек болмысын сағынасың...

Меніңше, шын өлеңге талдау жүрмейді әрі оның қажеті де жоқ. Өлеңді кім қалай түсінеді, қалай қабылдайды, соған байланысты туатын болса керек. Өлеңнің анықтамасы болмайтыны сияқты, өлеңнің туған сәтін де дәл бейнелеп айтып беру қиын. Бірақ, әлгіндегі біз айтып отырған мінез болмаса, өлеңнің де жұлдызы жанып, ғұмырының ұзақ болуы екіталай. «Батырша күліп түрегеп, отырдым жылап ақынша». Бұл – Есенғали ақынның ешкімге ұқсамайтын мінезі еді. Ақынның мінезі, болмысы. Шайырдың қара аспанда жалт ойнатқандай жасын мінезі де, жаздың жұпарлы әрі жұлдызды түніндегідей тұнық мінезі де өлеңдерінде тұр. Жұлдыз сәуле шашқан, гүл бүрін ашқан тұнық түннің қоңыр самалындай әсер жаныңды мәңгілік шуаққа бөлеп қала береді. Әлбетте, Есенғали Раушанов бар кезде өлең жазу қиын. Біз пенделікпен ол кісіні жалған әлемнен шын әлемге, нұрлы әлемге өтіп кетті, бұл тұрлаусыз фәниде енді жоқ деп ойласақ та, ол бәрібір бар. Мінезімен, болмысымен бар. Бәріміздің де көңілімізде солай қалып қойғанына күмән жоқ. Ақынның «Сен қалтырамашы жетім жапырақ, менің де жалғыз қарындасым бар» дегеніндей, бәріміздің де жанымызда жалғыз әрі жалқы шер боздап тұр-ау. Бірақ, оны кімге барып айтып, кімнен медет сұрағандайсың. Мінезді адам қолдан жасай алмайды, Құдай адамның, оның ішінде ақынның жаратылысына мінез бермесе қиын. Мінезі бөлек, өлеңі басқа ақындар көп, бірақ одан сол ақынның өзі зардап шегеді біздіңше. Жұртқа сыпайы немесе жындылау болып көрінгісі келу, қыртып, әлденелерді айтып, әлдекімге соқтығып жүру де мінез атаулыға жатпайтынын түсінетін уақыт келген сияқты. Содан да болар, көптің ішінде ақын туралы түрлі көзқарас қалыптасты. Бірақ, ақын деген ұрдажық, дүлей емес, өз ішінде өзінің жан мұңын тербеткен құбылыс қой. Әркімнің өзінің мінезі болмаса, қанша жерден адам қалай көрінгісі келсе де оның жасанды екені байқалады. Алғашқы кезде біздің санамызда «Есенғали туралы аңыз» қалыптасты. Ақын Аманхан Әлім екеуінің хикаялары, одан сексен алтыншы жылғы әйгілі желтоқсан оқиғасына байланысты туған делінетін «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңі. Бұл өлеңді бар қазақ біледі, оны қайталап оқу шарт та емес шығар. «Қара бауыр қасқалдақ», бұл – мінез ба, мінез. Бір қарағанда құс туралы өлең сияқты, лирикалық шығарма сияқты әсер береді, алайда, бірақ бұл қорғансыз қазақтың хал-күйі дерсің. «Мен екі өлеңге түсінік бермеймін. Оның біреуі «Қара бауыр қасқалдақ», екіншісі – «Әйелден ақын шықпайды» деген өлең», дейтін еді өзі. Әдебиетке жаңа араласып жүрген кезімізде Есенғали ақынның «Қара бауыр қасқалдақ» үшін қуғын көріп, тағдыр кешкенін естіп едік. Өзінен сұрауға бата алғанымыз жоқ. Қазір ойлаймын, бәрібір жауап бермейтін еді. Тек қана «Желтоқсан сайын жетім боп, бір жылап алар жүрек бар» деген өлеңінен аңыз бен ақиқаттың Раушанов ғұмырында астасып кеткенін түсіндік. Білген адамға осы да жеткілікті деуге болады. Біздің өлеңге құштар санамызға төңкеріс жасаған Есенғали ақын туралы алғашқы аңыздар осындай еді. Декан Темірбек Қожекеевтің оқудан шығарып жібергені, Олжас Сүлейменовпен текетірескені, Рафаэль Ниязбековпен келіспей қалған кезі... Раушанов туралы алдыңғы аңыздарды одан сайын түрлендірген. Ақындардың алапат күй кешіп, парасат майданында пенделіктен жоғары шығып кетуіне дейінгі аралықта қаншама шер-тағдыр жатыр. Уақыттың, түрлі құбылыс атаулының, адамдардың қарым-қатынасының, бәрінің де кей мінезді өлтіріп тастайтын кезі болады. Бірақ, шын таланттың мінезі ешқашан өзгермейді де, өлмейді де. 

Қазақ өлеңінде мінезі бір-біріне ұқсамайтын таланттар көп. «Төбелесті күтпеген жерден бастау керек, сонда қызық болады» дейтін Тоқаш Бердияров, «Алматыға қайтадан келген соң не істедіңіз?» деген сұраққа «Не істеймін, баяғы қырттықты қайта бастадым», дейтін Өтежан Нұрғалиев, тағы да сондай кесек тұлғалардың орыны бөлек еді. Есенғали ақын да осы ағаларын жақсы көрді, кезінде еркелеп жандарында жүрді. Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев туралы айтқанда, тіпті кереметтей көңіл-күйге түсетін. Бірде «Дәуірлер көшіп барады. Бекзат болмысты Қуан-ағаның жөні бөлек еді. Қазір Қадекеңдердің, Тұмағаңдардың жоқтығы білініп жүр. «Кеңсайға» жиі барамын. Көлігімді етек жаққа қалдырып, өзім қыр басына шығып, жарықтық ағаларыммен сырласамын» деуші еді. Өзінің де көктемнің көкөзек шағында сол ағаларының жанына кетіп қалғаны өкінішті ғой. Дегдарлық та, бекзаттық та туабітті қасиет. Ал, өзін ғана емес, өзгені де айта жүру кісілік мінезі болатын. Өзінен кейінгі жастарға деген көңілінің де адал болғанын көзіміз көрді. Әйтпесе, өзінен басқа ешкімді мойындамайтын, өзінен өзге ешкімді көрмейтін адам қаншама. Есенғали ақынның «Өлең туған анаңдай қадірлі болу керек. Қазір оны көбісі көңілдесі сияқты көріп жүр», деген сөзі де өзінен кейінгі буынға алапат жауапкершілік арқалатқан сөз еді. Таланттың өзінің де, сөзінің де ешкімге ұқсамайтыны ежелден белгілі. Ақын да өз дәуірінің перзенті. Ақын аузына сыйған сөзді емес, пайым-парасаты жеткен сөзді айтуы керек. Есенғали Раушановтың талант деңгейі, парасаты ірі сөйлеп, ірі жүруге жетті. Ол ешкім қайталай алмайтындай өлең жазды, ешкім қайталай алмайтындай өмір сүрді. Бір қарағанда, әзілдеп отырған сияқты, болмаса қитығып отырған сияқты сөздерінен ақынды түсіну қиын сияқты еді. Өкініші көп өмірден өтіп кеткен сәтін де көбіміз түсінбей қалдық. 

Ақынды жақсы білетіндер ол кісіні «Бірде дана, бірде бала сияқты» дейтін еді. Ілгеріде Алматы қаласындағы Абай-Гагарин көшелерінің қиылысындағы «Баспалар үйінің» алдынан Есенғали Раушановпен кездесіп қалдым. Түс әлеті еді, түс қайта кел маған деді. «Жазушы» баспасының директоры еді, кабинеті де «Баспалар үйінің» бесінші қабатында. Айтқан уақытында бардым. «Шәй ішеміз ба, кофе ма?», деді кең кабинетте. Мен күмілжіп «Маған бәрібір аға» деп едім, «Маған да бәрібір», деді. Содан бір-бір шыныаяқ кофе іштік. Бір уақытта «Несіпбек Дәутайұлы ағаң қалай? Ол ар-ұятымен жазып жүрген санаулы қаламгердің бірі ғой. Несағаң маған сен туралы бір нәрсе айтқан. Бірақ, не айтқанын айтпаймын» десін. Ол қандай сөз болуы мүмкін деп ары ойланамын, бері ойланамын, ақыры таппай қойдым. Ақыры ол сөз де жұмбақ күйінде Есенғали ақынмен бірге арғы дүниеге кетіп қалды. Содан сөз арасында «Телефонның ішінде Facebook деген бірдеңе бар дейді ғой. Ондайды онша түсінбеймін. Сол жаққа көп жігіттер менің өлеңдерімді салып отырады екен. Бірақ, менде бүкіл елге оқысын деп сала қоятындай өлең де жоқ. Әскерде жүргенде тек өлең туралы ойлап жүріп, содан өлең жазып кеттік қой. Әйтпесе, кейбір замандастарым сияқты өкіметтің жұмысына кіріп алып, одан колхоз бастық болып, мөрді қалтаға салып алып, мөр қалтада, ешкім мені жұмыстан шығара алмайды өйй әкеңнің деп жүруге де болатын еді», деп бір риза кейіппен күлді. Жас ақындардың кітаптарын кітап сөресіне жинап қойыпты. «Көбі мені жастарды оқымайды деп ойлайды. Мен оқимын әрі бұлардың өлеңдері бізден жақсы», деді де, Ерлан Жүністің кітабын алып «Осы баланың «Алматы Астанаға жақынырақ» деген өлеңін оқыдым. Бұл бала басқалардан гөрі ақынырақ» деді. Сөйтіп алып «Мен әдебиет, өлең туралы әңгіме мүлде айтпаймын. Басқа әңгіме айтайық» дегені әлі көз алдымда. «Осы есек, маса, теледидар дегендердің не үшін керек екенін түсінбеймін. Сол сияқты, шын талантты адамға атақтың да керегі жоқ. Жарияланбайтын өлеңдерді көп жазу керек. Атақ адамды алысқа апармайды», деп әңгімесін қайырды. Өзіне ғана жарасып тұратын сөз мәнері сұңғыла мінездің сипатын аңғартқандай еді. Құс жаратылысын жақсы көргені секілді, сөзі де, ой-қиялы да еркін, қанатын кең жазған құбылыс болатын. 

Бірде Таразға келемін деп хабарласты. Айтқан күні келді. Жаздың көркем кештерінің бірінде орталық алаңды айнала біраз жүрдік. Өзі жақсы көрген ағаларымыз туралы сұраймын, ол кісі айтады. Ара-тұра әлденелерді сұрап қояды. Бір кезде «Сендер өлең жазыңдар. Жақсы өлең жазыңдар. Мен өлең жазып қарық қылған жоқпын. Бала күнімізде шалдардан естіген әңгімелерді өлең қылып жаздық. Біздің өлеңнің түрі сол», деп салсын. Қарадай қысылып, тығырыққа тірелгендей, одан шығатын жол табылмайтындай әйтеуір «Сіздің өлеңге жету қайда» деген едім. Мұны да әйтеуір жолы да, жасы да кіші адамның айтуы міндетті сөзі деп ойлағаннан айтсам керек. Екінші жағынан шынында да Есенғали сияқты ерекше ақын болу екінің бірінің маңдайына бұйырмайды ғой. Бірақ, Есағаң өзін мақтағанды ұнатпайтынын білетінмін. Біраз уақыттағы үнсіздіктен соң «Біздің өлеңді қайтесіңдер. Өлең деген басқаша болуы керек қой» деді. Бұл да мінез. Сырт қараған адамға бұл сөздер қисайып, қыртып сөйлеп, жанындағы адамды келемеждеп тұрған сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ, әсте олай емес. Мұндай сөз жан дүниесі мөлдір, көңілі тұнық, иманы кәміл, діні берік адамнан шықса керек. Сөйтіп кештетіп жазушы Несіпбек Дәутайұлының жұмыс бөлмесіне келдік. Сол кезде Несағаның алдында ортаңқол бір ақынның өлең кітабы жатқан. Сыйлап кеткен көп кітаптың бірі сияқты. Есағаң кітаптың бетін ашып қарап отырды да, шамалы оқып көріп, «Несаға, өлеңдері жақсы екен» деді. Ақын інісінің мінезін білетін Несағаң күлді де, шылымын тұтатуға кірісті. Бір қараған адамға әдейі істеп отырған сияқты, алайда, Есенғали ақынның көңілі кіршіксіз таза еді. Мен, менің шығармашылығым деп сөйлеуге толық хақысы бар еді. Әрине, ол өзінің кім екенін жақсы білді, бірақ менің кім екенімді сен де білуге міндетті едің деп ешкімге өзі туралы айтқан кезі жоқ. Біз де Есенғали сияқты жазу, Есенғали сияқты сөйлеу деген «дертпен» «ауырдық». Бірақ, оның мүмкін бола қоймайтынын түсіндік. Бірде Алматыда ақын Ерлан Жүніс екеуміз көңілділеу жүріп, Есенғали ағамызға «Баспалар үйінің» алдында кездесе қалдық. Әрнені бір айтып әңгімелесіп тұрып алғашқы жазған өлеңі туралы сұрадық қой деймін. «Өй, сендер де ит жылғыны қозғап. Оны мен қайдан білейін. Есімде жоқ. Бір білсе Аманхан біледі» деген. Мінез ғой. 

Бір күні таңертең телефоныма хабарлама жіберіпті. Ашып қарасам, Есенғали Раушанов. «Егемен Қазақстан» газетіне бір жас ақынның өлеңдері шығыпты. Қарап көрерсің», деген жазу тұр. Ол кезде өзім де аталған басылымның Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі едім. Газетті алып көрсем, ешқандай жас ақын емес, кәдімгі Есенғали ақынның жаңа өлеңдері. Кейін сол газетке шыққан «Үш қыз» деген өлеңі қоғамда қызу талқыға түсті. Жалпы, Есағаң өлеңде де, өмірде де ешкімге қалай ұқсамайтын болса, сөзде де, мінезде де ешкімге ұқсаған жоқ. Тағы бірде Таразға келіп, Тараздан Несіпбек Дәутайұлы үшеуміз Мархабат Байғұт ағаның ауылына бардық. Түркістан облысының Таупістелі ауылында өткен әдеби іс-шарада ағалардың алғаусыз әңгімесін, жарасымды әзілдерін тыңдаған едім. Бұл күнде бұл таутұлғалардың бәрі де бақилық болған...өкінішті...

Есенғали Раушанов қазақ өлеңіндегі өзгеше шайыр. Бітімі бөлек, мінезі ерек жаратылыс. Мінезімен-ақ дараланып көрінетін дегдарлығы өзіне ғана жарасып тұрады. Ешкім де екінші Есенғали бола алмайды, оның қажеті де жоқ. Ақын Маралтай Райымбекұлы Есағаңның мінезіне қатысты бір әңгіме айтып беріп еді. Тоқсаныншы жылдардың шамасында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында, яғни Шерхан Мұртазаның туған жерінде жазушының алпыс жылдық мерейтойы өтіп жатады. Қаптаған көпшілік, кілең көрнекті тұлғалар жүр дейді. Маралтай ақын осы тойға Есенғали Раушанов та келіпті дегенді естіп алып, сол кісіні іздемей ма. Әркімнен бір сұрайды, ешкім көрдік, білдік дей қоймапты. Бір уақытта шарқ ұрып жүріп басына ақ қалпақ киген, келбеті келісті, сырбаз шын Есенғалиға кездеседі ғой. Бір қызығы, оның Есенғали екенін жас Маралтай білмейді. Әлгі кісіге «Мен Есенғали Раушанов деген ақынды іздеп жүр едім, көрген жоқсыз ба?», деп Есенғалидың өзінен сұрайды. Сонда мінезі бөлек Есағаң «Ондай қыртты танымаймын» деп жанынан өте шыққан екен. Классик ақынды іздеп әбден сілесі қатқан Маралтай тағы біреулерден Есенғалиды көрдіңдер ма деп сұрағанда, «Қазір ғана сол кісімен кездестің ғой» деген жауап алған екен. Мінез деген құбылысты өз ыңғайына қарай ешкім де жасап ала алмайды, қалыптастыра да алмайды. Есенғали Раушанов жастарды жақсы көрді, қолдады. Әрине, ешкімге сен мықты ақынсың, болашақта ұлы ақын боласың дегенін естіген жоқпын. Бірақ, талантты жастарға іштей шын тілекші болғанын білемін. Ауылда еңбек демалысында жүрген кезімде ақын, ғалым Жанат Әскербекқызы хабарласты. Қуанышты жаңалық айтты. Есенғали Раушанов өзі басқарып отырған «Жазушы» баспасынан біраз жас ақындардың кітаптарын шығарып бергелі жатыр екен. Тізімде мен де бар екенмін. Шынымды айтайын, бұл хабарға қуансам да, Есенғали сияқты ерекше ақынға өлең беруге жүрексіндім. Және ол ойымды Жанат апайға айттым да. Сонда ол кісі «Есенғали аға өлеңдеріңе жақсы қарайды, өлеңдеріңді тездетіп жинап бер», деді. Нәтижесінде жиырма жеті жасымда «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» деген өлеңдер жинағым жарық көрді. Осы бір ұмытылмас сәттер үшін Есенғали Раушанов пен Жанат Әскербекқызы сияқты аяулы ақындарға қарыздармын деп білемін. Жақсының жақсылығын айту да міндет!

Мінез дегеннің өзі адам жанының айнасы сияқты дүние ғой. Шын шайырдың мінезі де өлеңдері сияқты жарқырап көрініп тұрады. Сол бір көктемнің, сәуір айының таң бозында әлеуметтік желілерден Есенғали Раушановтың өмірден өткенін естідім. Тосын, қаралы хабар. Іле Несіпбек Дәутайұлы аға хабарласып «Есенғалиды естідің ба? Қап, бекер болды ғой бұл. Азаматым-ай» деп дауысы бұзылып сала берді. Амал жоқ, адам-пенде Құдайдың жазғанынан артық не қылсын. Көркем делінетін көктем мезгілінде, сұлу дейтін сәуір айында ұлы шайыр өзі жақсы көрген құстарменен ілесіп, құсжолына мәңгілікке сіңіп кете барды. Өзі жанындай жақсы көрген алып ағаларының мекеніне асығыс аттанды.

...Көп жыл өтпей Несіпбек Дәутайұлы ағамыздан да айырылып қалдық...

...Біраз уақыт бұрын ағаларымды түсімде көрдім. Ұлықбек Есдәулетке арнаған өлеңінде Есенғали ақын «Не болады халіміз жұмақтағы, басқа барар жер де жоқ бірақ-тағы» дейді ғой. Сол сияқты, мінезі бөлек мәрт тұлға жұмақтың жасыл бағында, бұйра бұлттардың баурайында жүрген шығар. Ол жақтағы күн де, түн де басқаша дейді. «Ауылдың аспанында жұлдызым болатын» деп өзі айтқандай, бұл жақта Есенғали жұлдызы мәңгі сөнбейді. 

 

Хамит ЕСАМАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan