Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Фарида Тобашалова: "Аударма сапасы бір ғана адамны...

Фарида Тобашалова: "Аударма сапасы бір ғана адамның жауапкершілігі емес"

05.05.2026

50

Фарида Тобашалова: "Аударма сапасы бір ғана адамның жауапкершілігі емес" - adebiportal.kz

Кітап – қоғамның рухани деңгейін айқындайтын ең маңызды өлшемдердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі биыл да өз миссиясын абыроймен атқарып, мәдени кеңістіктің маңызды оқиғасына айналды.

Елорда төрінде өткен бұл ірі шарада баспа ісі мен әдеби үдерістің өзекті бағыттары айқындалып, оқырман мен кітап арасындағы байланыс жаңа деңгейде жанданды. Көрме аясында көптеген маңызды кездесулер мен кәсіби пікір алмасулар өтті.

Осы мазмұнды алаңның қорытындысы ретінде біз көрменің ұйымдастырушысы, «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашаловамен арнайы сұхбаттастық.

– Соңғы бірнеше жылда Фолианттың баспа профилі қалай өзгерді: қай бағыт күшейді, қайсысы бәсеңдеді?

– Соңғы жылдары біздің баспа қызметінде айқын тепе-теңдік саясаты қалыптасты. Бір жағынан, қазақ классиктерінің мұрасы мен әлемдік классика бағытын жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Екінші жағынан, оқырман сұранысына сай нон-фикшн жанры айтарлықтай күшейді. Қазіргі аудитория танымдық, дамытушы әдебиетке көбірек ден қоя бастады. Сонымен қатар жас авторларды қолдау бағытынан да бас тартқан жоқпыз – «Бүгінгі проза» сериясы арқылы жаңа есімдердің әдеби ортаға келуіне мүмкіндік беріп отырмыз. Яғни біз үшін басты өзгеріс – тек коммерциялық сұранысқа емес, мәдени миссия мен әдеби сапаға қатар мән беру.

– Әлемдік әдебиетті қазақ тіліне аудару барысында қандай қиындықтар туындайды және қай жағдайда түпнұсқаны сақтау, қай кезде бейімдеу қажет болады?

– Мұндай жобаларда негізгі қиындық – түпнұсқаның рухын жоғалтпай жеткізу. Мысалы, шетелдік туындыларда мәдени код, тарихи контекст, авторлық стильді өте нәзік беруге тура келеді. Біз мүмкіндігінше түпнұсқадан ауытқымай, автордың стилін сақтауға тырысамыз. Ал кей жағдайда, әсіресе балаларға немесе кең аудиторияға түсінікті болу үшін, ұғымдық бейімдеу жасалады. Бірақ бұл мазмұнды өзгерту емес, шығарманы оқырманға жақындату ғана.

Аударма сапасы бір ғана адамның жауапкершілігі емес – бұл көпсатылы процесс. Алдымен аудармашы кітапты аударады, кейін мәтін әдеби редактордың сүзгісінен өтеді. Кей жағдайда түпнұсқа тілін жетік білетін сарапшылар немесе ғылыми редакторлардың көмегіне жүгінеміз. Бұдан кейін корректорлық тексеру жасалып, стильдік бірізділік қаралады. Яғни аударма  сапасы – бұл ұжымдық жұмыстың нәтижесі. 

– Баспадағы ең ұзақ аударылған кітап қандай кітап және оның негізгі қиындығы неде?

– Кей шығармалардың аудармасын жасау ұзақ уақытты талап етеді. Мысалы, Анжей Сапковскийдің бірнеше хикаядан тұратын «Мыстангер» циклдік шығармалар жинағының «Соңғы тілек» деп аталатын алғашқы кітабын поляк тілінен қазақ тіліне аударуға екі жыл уақыт жұмсалды. 

Аудармашы Мақсат Мәлік шығарманы қазақ тіліне аудара отырып, сәйкесінше, қазақ/түркі мифологиясының кейіпкерлерін түрлендіріп, түпнұсқадағы славян, скандинав, герман мифологиясынан алынған мақұлықтардың қазақ/түркі мифологиясындағы баламаларын қолданды. Мұндағы басты мақсат – оқырманның санасында оқиға желісі, шынында да,  шартты түрде орта ғасырдағы қазақ тілді қоғамда болып жатқандай сезім ояту, яғни барынша толық локализация жасау. Ескі поляк тілі ескі қазақ тіліне немесе шағатай тіліне стилизацияланды (татаризм, парсизм, арабизмдер, яғни Абай қолданған сөздер), мысалы, ләкин, һәм, дүр, үшбу, шәрт т.б. 

Осындай күрделі шығармаларды редакциялауда редакторға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Негізгі қиындық – мәтіннің мағынасын жоғалтпай, қазақ тілінің табиғатына сай жеткізу және стильдік тұтастықты сақтау.

– Жаңа қолжазба немесе жоба түскен сәттен бастап ол ішкі жүйеде қандай маршрутпен жүреді? Баспаға жіберер алдындағы соңғы чек-лист қандай?

– Баспамызға қолжазба көп келеді, олардың арасында әлсіз дүниелер де, тың ойы, көркемдік деңгейі жоғары шығармалар да бар. Іріктеу кезінде ең алдымен мәтіннің сапасына, авторлық стильге, тақырыптың өзектілігіне мән береміз. Әрине, бүгінгі нарық жағдайында оқырман сұранысымен санаспау мүмкін емес. Дегенмен баспа ешқашан оқырман сұранысымен шектеліп қалған емес.

Қолжазба алдымен бастапқы іріктеуден өтеді. Одан кейін редакциялық кеңестің талқысына ұсынылады. Қолжазбаны қабылдау туралы шешім қабылданған жағдайда әдеби редакциялау, корректуралық түзету, дизайн, беттеу кезеңдерінен өтеді. Барлық редакциялық жұмыстар аяқталған соң, мәтіннің толық редакциялануы, қателердің түзетілуі, дизайнның сәйкестігі, құқықтық мәліметтердің дұрыстығы тексеріледі. Соңында баспаға жіберіліп, тарату жұмыстары басталады.  

– Сіздер мерзімді қалай жоспарлайсыздар: жоба кестесі бөлімдерге қалай бөлінеді? Маркетинг кітап басылып шыққаннан кейін бастала ма, әлде әлдеқайда ертерек пе?

– Жоба бірнеше кезеңге бөлінеді: кітаптың авторлық құқығын алу, аударма, редакция, дизайн, баспа және маркетинг. Әр кезеңнің нақты мерзімі бекітіледі, себебі кешігу жалпы процесті тежейді. Маркетинг кітап шыққаннан кейін емес, жоба басталған сәттен басталады. Кейбір кітаптарда автордың танымалдығы маңызды рөл атқарады. Бірақ маркетинг тек оған сүйенбейді. Оқырманмен байланыс жасау, дұрыс позициялау, кітап өтімді болуы үшін оның құндылығын көрсете білу қажет. Біз шетелдік баспалар сияқты толыққанды маркетингпен айналыса алмаймыз. Көпшіліктің ойындағыдай, маркетинг тек әлеуметтік желіні жүргізу емес, ол – ауқымды сала. Себебі маркетинг көп қаражатты талап етеді.

– Балаларға арналған кітаптарды редакциялау ересектер әдебиетімен салыстырғанда несімен ерекшеленеді және тіл, мазмұн, визуал тұрғысынан қандай талаптар күшейеді?

– Балалар әдебиетінде визуал шешім айрықша рөл атқарады. Сондықтан біз мұқабамен ғана шектелмей, ішкі беттердің де тартымды, сапалы, түрлі-түсті иллюстрациялармен безендірілуіне мән береміз. Қазіргі цифрлық ортада өскен баланы кітапқа қызықтыру оңай емес, сол себепті мазмұн мен безендіру өзара үйлесім табуы тиіс. Ал нон-фикшн жанрындағы танымдық кітаптар қиялды шектейді деп ойламаймын. Керісінше, дұрыс жазылған, сауатты дайындалған танымдық әдебиет баланың ой-өрісін кеңейтіп, дүниені тануға, сұрақ қоюға жетелейді. Ең бастысы – көркем проза мен нон-фикшн арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

– Көптомдық жобалардағы тәуекелдер қандай? 

– Кітаптың баспада дайындалуы мен оқырман қолына жеткенге дейінгі кітапқа кететін шығын өте қымбат. Осы себептен кітаптың өзіндік құны қымбатқа түседі. Қалың оқырманға қолжетімді болатындай кітап шығаратын баспалардың аз болуы да осыдан. Себебі кітап шығару – пайдасынан шығыны көп іс. Мысалға, авторға немесе мұрагерлерге, суретшілерге, аудармашыларға қаламақы төлеу, шет тіліндегі шығармалардың шетелдік құқығын сатып алу, редакциялық және типографиялық шығындарды қоса алғанда, әжептәуір қаражат жұмсалады. Сондықтан «Сақиналар әміршісі», «Атлант сілкінді» сияқты жобаларда негізгі тәуекел – жоғары шығын. Таралым мен баға мұқият есептеледі, себебі кітаптың өзіндік құны өте жоғары болады. 

– Қазақстандағы баспа инфрақұрылымында нені өзгерту қажет деп санайсыз немесе түйіні шешілмеген мәселелер бар ма? 

– Біріншіден, басқа елдерде кітап аудару үшін аудармашының қаламақысын төлеуге үкімет немесе арнайы мекемелер қаржылай қолдау көрсетеді. Мысалы, Германияда Гёте институты неміс әдебиетіне, Түркияда Teda грант агенттігі түрік әдебиетіне қаржылық қолдау көрсетіп отырады. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шетелде таныту үшін  аудармаға мемлекеттік қолдау қажет. 

Екіншіден, кітап шығарудағы тағы бір мәселе – картон-қағаз өнімдерінен бастап, кітап түптейтін жіпке дейін шет елдерден сатып аламыз. Елімізде қағаз өндірісі жолға қойылса, кітап бағасының арзандауына сеп болар еді. 

Үшіншіден, кәсіби аудармашылар мектебін қалыптастыру керек. Қазір ағылшын, түрік, қытай тілінен аудармашылар бар. Ал испан, француз, португал, жапон, корей т.б. тілдерінен көркем шығармаларды аударатын аудармашылар жоқ. 

Сонымен қатар халықтың жаппай кітап оқуы үшін мемлекет тарапынан «Кітап оқитын ұлт» сияқты бағдарламалар көп болғаны жөн. Бұл баспалар шығарған кітаптардың көптеп сатылуына ықпал етеді. 

– Кітап іріктеу кезінде оқырман талғамы мен нарық сұранысын қалай ескересіздер?

– «Фолиант» баспасы қазақ классиктерінің мұрасын, әлемдік классиканы, Нобель сыйлығы иегерлерінің еңбектерін, үздік шетел әдебиетін жүйелі түрде шығарып келеді. Сонымен қатар аса өтімді болмаса да, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында «Бүгінгі проза» сериясымен де кітаптар шығарудамыз. Қазір оқырман қазақ классикалық әдебиетіне және нон-фикшн жанрына ерекше қызығушылық танытып отыр. Осы тепе-теңдікті сақтай отырып, патша көңілді оқырманға әрі сапалы, әрі сұраныстағы кітаптарды ұсынуға тырысамыз. 

Баспа тек әлемдік рейтингке қарап шешім қабылдамайды. Сұранысты бірнеше бағыт арқылы анықтаймыз: халықаралық кітап жәрмеңкелері мен әдеби агенттіктердің сараптамасы, оқырман қауымның әлеуметтік желідегі пікір-ұсыныстары, кітап дүкендерінің сатылым деректері. Сондай-ақ қазақ оқырманының мәдени контексіне қаншалық жақын екенін де ескереміз. Кейде әлемде хит болған кітап бізде дәл сондай әсер бермеуі мүмкін немесе керісінше. Сондықтан тек тренд қуаламай, ұзақ мерзімді құндылығы бар классикалық шығармаларды таңдауға тырысамыз.

– Сұхбат барысында сіздің баспа ісіндегі терең тәжірибеңіз бен кәсібилігіңіз айқын көрінді. Енді сөз соңында өзіңіздің осы саладағы жолыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз, бұл бағытқа қашан және қалай келдіңіз?

– Мен газетте, одан кейін «Аударма» баспасында қызмет етіп, 2014 жылдан бері «Фолиант» баспасында жұмысымды жалғастырып келемін. 2016 жылы баспада алғаш рет көркем әдебиетті қазақ тіліне аудару бойынша жаңа жобаны қолға алып, осы бағытта ауқымды жұмыстар атқардым. Менің жетекшілігіммен 500-ге жуық көркем әдеби шығарма ағылшын, қытай, түрік, неміс, испан, өзбек, қырғыз, саха, әзербайжан, поляк тілдерінен қазақ тіліне аударылды. Бұл қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтуге, әлемдік әдебиеттің үздік туындыларын қазақ оқырманына ұсынуға қосқан елеулі үлесім деп санаймын. Баспа ісіндегі азды-көпті еңбегім ескеріліп, 2023 жылы Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойлық медалімен, 2025 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. 

– Оқырмандарға айтар тілегіңіз? 

– «Фолиант» баспасы жыл сайын тұрақты түрде Орталық Азиядағы ең ірі мәдени-ағартушылық жобалардың бірі – «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді. Бұл көрмені өткізудегі мақсат – бүгінгі қоғамның беті кітапқа бұрылуына септессек деген ізгі ниет. Егер осы мақсат үддесінен шығып, кітаптан теріс айналып кеткен қоғамның бетін бері бұруға мысқалдай болса да үлес қоса алсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Сондықтан кітап оқыңыздар, дүниетанымыңызды кеңейтіңіздер, басқа елдердің мәдениетімен таныс болыңыздар. Әр кітап – жаңа әлемге ашылған есік. Неғұрлым көп оқысақ, бір-бірімізге жақынырақ, мейірімдірек бола түсеміз деп ойлаймын.

–  Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңізге жеміс тілеймін! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan