(шағын проза)
Менің барлығы он бір ұлым бар.
Үлкенінің түрі ажарсыз, бірақ ол ақылды және іскер адам; әйтсе де мен оны басқа ұлдарымнан кем жақсы көрмесемде, оны өте жоғары қоймаймын. Менің ойымша, оның ішкі әлемі, шектеулі; ол оңына да, солына да, алдына да қарамайды; оның ойы шеңбер ішінде айналып қана жүргендей, бір орында тұр дер едім.
Екіншісі көрікті, сымбатты, сұңғақ бойлы; семсерлескен кезде көрсеңіз одан көз алмайсыз. Ақылдан да кенде емес, оның үстіне ел аралап, жер көргені тағы бар; ол көп біледі, туған жердің табиғи қасиеттері алысқа шықпағандарға қарағанда оның бойында сайрап тұр. Алайда, ұлымның бұл артықшылығын, оның көп саяхат жасағанынан, ел көргенінен емес, оған туа біткен ерекше қасиеттеріне қарыздар дер едім, оның осы қасиеттерін, әуеде бірнеше сальто жасап, суға шебер секіретініне еліктеп, оған ұқсағысы келетіндер жақсы біледі; ол суға тайсалмай секіріп, батыл сүңгиді. Басқалардың қаһары да, жалыны да трамплиннің қасына барғанша жетеді; олар жүрексініп қолдарын бір сілтейді. Бірақ,осының бәріне қарамастан (мұндай ұлға қуанар болар еді) бір нәрсе маған маза бермейді. Оның сол көзі оң жақ көзінен сәл кішірек және жиі жыпылықтайды; неткен болмашы кемістік десеңші, бірақ ол менің ұлымның тайсалмайтын қайсарлығын сипаттайды, ал оның өзгермейтін тұйық мінезін білетін жандар жыпылықтайтын көзіне қарап, бетіне баса қоймас. Тек мені, көзінің жыпылықтағаны емес, оның артында тұрған, оның көңіліндегі жұмбақ сызат маза бермейді, бір у-дың қанына таралғаны, әкесі маған ғана белгілі, бұл ғұмырда оның маңдайына жазылғанды орындай алмайды ма деген ой тыныштық бермейді.Сонымен қатар, оның бойына туа біткен осы айқын ерекшелігі бізді жақындастыра түседі: ол біздің отбасымыздағы тұқым қуалайтын ортақ кемшілік.
Үшінші ұлым да көрікті, бірақ оның әдемі көркі мені қуанта қоймайды.
Бұл әншіге тән сұлулық: анық кескінді аузы; арманшыл түрі; сахна шымылдығы қасында көрінетін басы; тым көтеріңкі кеудесі; оңай көтеріп және жеңіл сілтеуге жаратылған қолдары; аяқтары оған тіреу болудан гөрі көрініске қойылғандай көрінеді. Ия, дауысына да толық дауыстар жетіспейді; оның дауысы өнер білгірін уақытша елеңдетіп қана, содан кейін үзіліп барып, жоғалады. Басқа адам болса мұндай ұлын мақтан еткен болар еді, тек мен емес, мен оны тасада ұстағым келеді; ол да өзінің кемшілігін білгенінен емес, жанының пәктігінен өзіне назар аударта алмағандығынан. Мынау уақыт оған арналмаған, оның уақыты емес; біздің отбасында туған ол өзін мәңгіге жоғалған өзге де отбасының мүшесі ретінде сезінеді, сондықтанда үнемі сары уайымға салынып жүреді,оның көңілін ештеңе шаттандыра қоймайды.
Менің төртінші ұлым, өте көпшіл адам. Ол өз ғасырының нағыз перзенті, оны бәрі таниды, ол мынау жұмыр жерде екі аяғымен нық тұрған адам, әркім онымен сәлемдескісі келеді. Мүмкін, оның осынау жалпы жайлылығы, оның тірлігін жеңілдетіп, оның жүрісіне – қандай да бір еркіндік, оның ойына – белгілі бір қамсыздық беретіндей. Бұдан басқа қасиеттерін қайталап айта беруге болар еді,тек олар шамадан тыс жеңілтектігімен ерекшеленеді. Ол маған қарғып секіретін адамды еске салады, ол қарлығаш тәрізді жерден біртіндеп көтеріліп, ауаны сіңіре жұтып, жерге босқа құлдилау үшін жаратылғандай. Мұндай ой маған келгенде төртінші ұлыма деген сүйіспеншілігім су сепкендей болады.
Менің бесінші ұлым – сүйкімді, мейірімді жан, ол уәде беріп орындағаннан гөрі әлдеқайда аз уәде бергенді жақсы көреді; оның отбасында елеусіз болғаны соншалықты, оның бар жоғын тіпті байқамаппыз; солай бола тұра оның бұл өмірде бір нәрсеге қол жетуіне ештеңе кедергі болмапты. Егер менен мұның қалай болғанын сұраған болса, бұл сұраққа жауап беру маған қиын соғар еді. Мүмкін оның жанының кіршіксіз тазалығынан шығар, құйын дауылға қарсы, мынау аласапыран дүниеде өзінің пәктігін сақтай отырып, өміріне жол салу оңай шығар, иә, оның тазалығына шүбә келтіруге болмайды. Ол тым адал адам. Әркімге адал ниетімен қарайды. Шыны керек, маған оны жұрт мақтап жатқанда үндемей тыңдаймын. Өйткені, менің ұлым сияқты мақтауға лайық адамды мадақтағаннан ештеңе болмайды.
Менің алтыншы ұлым,бір қараған көзге ағаларының ішінде мінезі ауыр сияқты көрінеді. Ол уайымшыл, сонымен бірге мылжың. Онымен бірдеңеге келісу мүмкін емес; кішкентай жеңіліске ұшырайтын болса тоқтамайтын қайғыға кетеді, ал жеңетін болса тоқтамайды, жеңісі туралы мылжыңдап айта береді. Бірақ оның бойында албырттық бар, кей кезде оның ойлары жанын қинаған кезде, күн жарығында ұйықтап жүргендей көрінеді. Ол мүлдем сау адам, ауырмайды, керісінше, денсаулығы мықты, бірақ кей кезде, әсіресе, кеш батарда, ол өзінің барлық шаруасын біреудің көмегінсіз бітіреді. Оның бойы өте жылдам өскендіктен, мүмкін, ол өз жасынан ересек көрінетін шығар. Ол сұлулығымен аса ерекшеленбейді, дегенмен, оның денесінің кейбір жерлері әдемі, мәселен, оның қолдары мен аяқтары әдемі. Бірақ маңдайы өңсіз: тері ғана, сүйегі мыжылған сияқты.
Жетінші ұлым, маған ең жақыны шығар. Адамдар оны бағалай білмейді: олар оның ерекше тапқырлығын жете түсіне бермейді. Мен баламды асыра мақтамаймын, оның ақылы да асып тұрған шамалы, адамдар менің ұлымды бағаламағаны үшін оларға кіна артуға, оларды сөгуге болмайды. Дегенмен де менің отбасымда осы ұлымның орны ерекше; оның дәстүрлерге деген қарсылығын да, оларға деген құрмет рухын да оның бойынан көруге болады, осының екеуі де, кем дегенде, менің ойымша, оның бойында тұтас жиналған. Шынын айтсам, ол осы бір тұтастықты қайда қоярын білмейді. Бірақ оған келешек өмірдің дөңгелегін қозғалысқа қосу бұйырған; оның ақыл-ойында адамды қуаттандыратын үміт пен сенім бар; мен одан ұрпақ қалғанын қалаймын, ал оның балаларынан - тағы балалар болса екен деймін. Өкінішке орай, оның үйлену туралы әлі ойы жоқ. Маған түсініктісі, өте реніш туғызатыны, оның өзінен өзі масаттанып, (басқалардың пікіріне қарсы керемет антитеза) үнемі сенделіп жүретіні. Оған қыздар не керек? Ол қыздарсыз да жалықпайды.
Менің ең үлкен уайымым – ол менің сегізінші ұлым, бірақ бұған айтарлықтай сондай себеп жоқ. Ол маған жат адам ретінде қарайды, ал мен болсам оған әке ретінде қатты бауыр басып,байланып қалдым. Әрине, уақыт көп нәрсені түзейді, бір кезде мен ол туралы ойлап, тыныш жата алмайтынмын. Ол өзінің жолымен келеді; ол ақыры менен бас тартты; оның шойын басы, шағын шымыр денесі – балалық шағында оның аяғы әлсіз болатын, бірақ ол уақыт өте келе күшейе түсті – әрине, ол өзінің мақсатына жетеді. Мен оны өзіме қайтаруға тырысамын, оның қалай өмір сүретінін,неге әкесіне қарсы шығатынына және оған не қажет екенін өзінен сұрағым келеді, бірақ қазір ол менен алыс тұр, ортамыздан көп нәрсенің өтіп кеткені сонша – бәрі бұрынғыдай қалсыншы.Сенің ұлдарың арасында сақал қойған жалғыз осы ұлың дейді. Оның бір қарыс бойындағы, екі қарыс сақалы жарасар ма екен.
Менің тоғызыншы ұлымның сыпайы талғампаздығы, әйелдерді өзіне қаратып алатын қасиеті бар .Ол өзінің нәзік маужыраған көздерімен, егер мен бұл жылтырақты дымқыл жылтырақ шүберекпен сүртіп тастамағанда мені де таңқалдыруы мүмкін еді. Алайда менің ұлым бойындағы ең таңқаларлық нәрсе – ол біреуді таңдандырғысы келмейді. Ол өмір бойы диван үстінде жатып, көзін төбеден алмай, ғасыр бойы тыныш жүргеніне қуанышты болар еді. Ол өзіне ыңғайлы осы жағдай туралы тоқтаусыз қызықты да, қысқа және мәнерлетіп айта береді, бірақ белгілі бір кезге дейін, ал шектен шыққан кезде (сөзсіз, оның тарлығымен) оның сөзі бос былшылға айналады.Оны жәй қимылыммен тоқтатқым келеді, бірақ оның маужырағын көздері менің қимылымды көрмейді.
Менің оныншы ұлымды шын көңілімен сөйлемейді деп санайды. Мен бұл пікірді толығымен қабылдамаймын, мүлдем келіспеймін де. Қараңызшы өзіне, ол өзінің жасына қарамастан салтанатты түрде, түймелері түгелдей салынған сүртігін, өте мұқият тазаланған ескі қара қалпағын басына киіп, қимылсыз, иегін алға тартып, қабақтарын түйіп, тіпті екі саусағын ерніне қойып сөйлейді ғой, қалай көрінетініне қарасаңызшы, сіз міндетті түрде мұндайды көріп, мынау тұрған екіжүзді адам ғой деп ойлап қаласыз! Алайда оның қалай сөйлейтінін тыңдаңыз! Ақылмен кесіп-пішіп, ойланып, артық сөз шығармай қайырып; алдында тұрған адамға бар ықыласымен, құрметін білдіре отырып сөйлейді, сол кезде оның мойны мен денесі ширығып, сөйлеген сайын денесі биікке ұмтылады. Өздерін керемет ақылды санайтын көптеген әкелер ұлымның түрін жақтырмағанымен, оның айтқандары ұнағанын айтады. Алайда, оның сыртқы келбетіне қарамайтын судьялар бар, олар оның сөзінен екіжүзділікті көреді. Мен әкесімін, мен шешпеймін, алайда соңғы пікір мені сендіре дәлелдейтінін жасырмаймын.
Менің он бірінші ұлымның дене бітімі нәзік. Ол менің ұлдарым ішіндегі ең әлсізі, бірақ бұл алдамшы әлсіздік; кей кездері ол табанды, үзілді- кесілді қатал да бола алады, алайда мұндай сәттерде оның басты қасиеті әлсіздігі болып қалады. Алайда, бұл ұялатын әлсіздік емес, онда біздің дүниемізде әлсіздік деп не саналады, мысалы, әлсіздік емес пе, ұшып кете жаздауға дайын тұру – мұнда солқылдақтық та, екіжүзділік те, тұрақсыздық та және адамның жан толқынысы да бірдей тұр емес пе. Осыған ұқсас нәрселерді мен баламнан көремін. Осы қасиеттері, әрине, әкесі маған ұнамайды, өйткені, олар сөзсіз отбасының жоғалауына әкеліп соғады. Кейде маған қарап: «Әке, мен сені өзіммен алып кетемін!» - дегісі келеді. Менде оған: «Сен менің соңғы сенерімсің» - деп ішімнен қайталаймын. Ол маған қарап: «Мейлі соңғысы болсын!» - деп жауап беретін сияқты.
Міне, менің он бір ұлым осындай.
1916 жыл
Тәржімалаған Салауат Кәрім
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.