Галина Феликсон – ақын, жазушы, публицист. 1940 жылы 29 тамызда Украинаның Одесса қаласында дүниеге келген. 2001 жылдан бері Израильде тұрады. Халықаралық әдеби байқаулардың жеңімпазы. «Жарық пен көлеңке биі», «Үнсіз көп нүкте арасында», «Жолдардың тоғысуы» және т.б. кітаптардың авторы.
ЖОЛҒА АТТАНАРДА
Кеш адасты – бос қалған бөлмелерде,
Белгісіздік пен жалғыздық аңқыған ауа.
Зат толы шабадан тұр көлденеңде
Суық пен шаңнан бүрісіп, тоба.
Кілем сусыған,
жыландай жиырылып,
Терезе жақтауында желдің қанаты сынған.
Жиһаз жоқ,
Гүл жоқ,
Жалғыз қабырға...
Бұйығы үміт.
Ешкім ешқашан қайырылмас ошаққа
Мүсіркей қарап тұр жылдар.
***
Әлем өз-өзін танудан шаршады,
Жаны – Үрей мен қорқыныш,
қара, долы...
Тірлігі не?
Аңсары?
... Есімнен адаспасам жарар еді!
Қайғысын көтеруім үшін өзгенің,
Өтірік пен сенімсіздіктің сөктім қабырғасын.
Дұғамда айтқан бар сөздерім:
«Есімнен адаспасам жарар еді»
Жаным қалай дамылдасын?
Жаратушы бар күнәмізді кешірсе,
Аққа айналса, адамның қара жолы.
Көзді ашып-жұмғанша қайғыны қуанышқа көшірсе...
Есімнен адаспасам жарар еді!
МЕН – ДАЛАМЫН!
Әмбеден-ақ жүрегім – алып дала,
Заңғардан биік, шексіздіктен де шексіз мекенім!
Онда Күз мұңы,
Көктем шаттығы бар, алып, қара!
Көкірегінде көкектеткен көкегін.
Жүрегім – алып дала,
Тамырымда ыстық толқындар толқыған.
Жусан уыты мен беде шәрбаты толып қана
Жаным шалқыған.
Гүл алқабы төселген кілем болып,
Желең бұлтты көрпе ғып орандым.
Кеңістікте тарпаңдай жүрем желіп,
Ақ саумалын сіміріп алып самалдың.
Қыста ақ қар астында көз ілемін,
Оянамын көктем болып көкөрім.
Қауырсын шөптің демін сезінемін,
Өмір көктесін деп нөсер боп төгемін.
Шаң басқан соқпақ пен жолайрықтарда
Жалғыз-ақ тілек тілейін.
Сан тарау менен сан айырықтарға,
Құдайым, Рух боп сіңейін.
Әлдилейін, жел болып алабыңды,
Әуен боп тербейін, өлкені.
Мәңгілігім біткенше Дала, нұрлы
Мен Сен болайын, көркемім!
Мен – даламын!
ТАҒДЫР ПОЙЫЗЫ
Дір-дір еткен бұталар көкке жайып қолдарын,
Әуеніне ұйыған қара басқыр қарғаның.
Жол бойында билеген көлеңкелер асықты,
Шайдай күрең іңірдің көру үшін шамдарын.
Терезеде үнсіздік – айқара ашпас құшағын,
Жаңғырығы көшенің қайталайды құс әнін.
Қалжыраған көліктер ештеңені елемес,
Көмейінен Вокзалдың шыққан сәтте құсалы Үн.
Бағыты жоқ Жолдардың,
бағдары жоқ мезгілдің,
Шексіздікті аңсатқан Уақыт,
нені сездірдің?!
Жылтыраған рельстің айнасынан жымыңдап
Көрінеді жанары һәм тырнағы жез күннің.
…Пойыз – біздің тағдырдай Мәңгілікке асыққан,
Мұраты жоқ бұл елге қарайтындай қашықтан.
Көз салады алыстан арманы өлген халыққа –
Уақыт жүзін қартайтып,
жылдар жанын жасытқан.
Көңілінде пойыздың жан түсінбес алаң бар,
Аяй ма екен біздерді, жансыз қызыл вагондар.
Шақырады оларды – Мәңгіліктің пейзажы,
Шақырады ормандар,
өзендер мен орамдар.
…Пойыз кетті.
Тыныштық.
Іңір түнді құшақтап,
Жолдар – мылқау,
Ай – тыныш,
Көретіндей түс аппақ.
Жалқы сәтте Жалғыздық тілгілейді жүректі,
Миллионға бөлшектеп, тастайтындай ұсақтап.
Түн.
Қара түн.
Сәлден соң таң атады тұманды,
Дір-дір еткен бұталар кешегіден қылаулы.
Қара басқыр қарғаның жөтеліндей сұп-суық –
Тамшылардың биімен оянады кіл әңгі.
Дәл осы бір суретпен қаншама Күн, Жыл ауды?
***
Өмір дегенің не?
Су яки құм аққан,
туғаның мен өлгенге дейінгі сынақтан
тұратын марафон,
Үгілген үмітің «қош» дейді үнсіз жолдарға –
Тағдыр сақ-сақ күледі,
Көргендей Сені тірі оттан.
Мыңдаған оқиға тоғысы.
Үнсіздік үні мен парықсыз көзқарас «дауысы».
Кезіккен сәттілік – бағандай жылт еткен жол бойы,
Қаныңда қатарласқан қайғы мен қуаныш ағысы.
Осы сәт – ортағасырлық той секілді,
Қатыгез һәм аяусыз,
Жылдар болса,
бір-бірін алмастырады аялсыз.
Жарық қараңғыға,
Кездесу қоштасуға асығып...
Түбі – жан жегісі қамалған әлемге тап болады,
бояусыз.
Үнсіздік ауырлығы мен шыңғырғанын естігенде,
Жаныңызды қайда қоярсыз?
ОЙЫН
Сөзге бойладым,
Сөзбен ойнадым.
Шілтері торын
Сөзбен байладым. (Сөзде – байламым.)
Шық тұнған өлкеде
Көбелек ойнатып,
Гүлдерге көмкерем –
Заңғарға бойлатып...
Сөз анамның ертегі секілді мейірлі
Сенекте жаныма қондырам.
Жібек боп
бүркейді ол бетімді.
... Шамшырақ жағамын
Қою түн жүзіне,
Тынысын сезсін деп даланың
жіберем,
тырналар көшінің ізіне.
Ұшқындай тараған алаудан
Аспанға ұмсынып, сіңеді.
Өң мен түс арасы жоғалған
Үнемі.
Уақыт – еріген балауыз,
Тұнығым.
Әлем – сөздер ойынына арналған бір арал, қараңыз,
Мен әзір тірімін.
Аударған Саян Есжан
