Танитын ортасы үшін Ғазиза Құдайбергенқызы - демалыссыз жұмыс істейтін кітапханашы. Телефонында 1500 контакт болса, соның жартысына жуығы әлдебір кітап керек болса кез келген уақытта хабарласып, Ғазизадан кітап сұрайды. Кейде әлдебір кітаптың не атын, не жартылай бетін ғана суретке түсіріп жіберсе де, кітап оқитын адамға құрметі бөлек Ғазиза Құдайбергенқызы ол не кітап, қай баспадан, қашан шыққан деп сол кітапты іздеп кетеді.
«Менің ең бірінші мүддем – кітапханаға адамның келуі. Бір келген адамның қайтып келуі үшін мүдделімін. «Мына жерде әдемі кітапхана бар екен, жұмысты сол жердің кофесін ішіп отырып істеу керек» деп келсе қуанамыз» дейтін Ғазиза ханым кітап оқытудың, оқырман тартудың біраз әдісін біледі. Мысалы, өзі басқаратын академиялық кітапхананың кітапханашыларына: «Кітап оқы деп айтпаңыздар, оқытатын әдістеме ұсыныңыздар. Балаға таңертеңгі уақытта он бес минут кітап оқытып, статистикасын шығаруды, баланы тыңдаушы және пікірін айтатындай қылып үйретем десеңіз, ата-ана өзі-ақ сізге баласын жетектеп келеді. Сол кезде біз: «Оқырманымыз көбейді, кітапханашылардың біліктілігі бар, айлығын көбейтіңіз, жағдайын жасаңыз» деп айқайлап айтамыз. Аренаға шығу деген осы», - деп айтады екен.
Академиялық кітапхана директоры бір кездері өзінің мамандығын өзгертсем деген ойының болғанын да жасырмайды, өйткені, Ғазиза ханым кітапханаға адам келмеуінен, жаңа кітаптар шықпауынан қорқады. Егер кітапханаға оқырман аз келсе, оның несі қызық (кітапханаға осынша адам келді деп өтірік статистика беріп отыруға да құлықсыз), қалай болғанда да жаңа мүмкіндік, жаңа әдістің бәрін пайдаланып, кітапхана жұмысын ілгерілету керек дегенге тоқтаған. Кітапхана ісін дамытуға арналған жаңа жобалар осындай мақсаттан туған. Әуежай мен вокзалда, сауда орталықтарында «Marwin» желісінен бөлек кітап дүкендері мен қалалық кітапханалар филиалдары ашылса деп армандайтын ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиевамен сұхбатымызды оқырман ретінде бастадық.
– Сіздің кітапхана жүйесіне қосылып, кейбір кітапты оқи бастағанда, бастапқы беттері ғана болады, ары қарай оқи алмайсың, бұл неге байланысты?
– Ол былай, мысалы, автор кітабын береді, бірақ, тек қана үш бетін беруі мүмкін. Ары қарай кітаптың өзін тауып алуың керек. Автормен келісім-шартта қалай көрсетілсе, сол бойынша ғана ұсына аламыз.
– Ал кітапты соңына дейін оқу үшін ақылы жүйені дамытуға болмай ма?
– Үкіметтің жобасы бар, яғни биллинг жүйесі бойынша ақылы қызмет, оқырман картаны тіркеп, кіріп, Kazneb.kz жүйесінде кітаптың электрон нұсқасын жүктеп алады. «Bitrix», «Кітап кз» дегендер жеке, ал біз мемлекеттік ұлттық жоба, ұлттық портал болғандықтан, дәл қазір ақылы қызмет көрсете алмаймыз, бірыңғай оқырман билеті үшін биллинг жүйе дегенді ұсындық.
– Қолға түспейтін кітаптардың электронды нұсқаға аударылуы кешеуілдеп жатыр, соны күтіп жүрген оқырмандар бар...
– Ол авторлық құқыққа байланысты мәселе. Бізде рұқсаты бар авторлардың еңбектері, көне кітаптар, қолжазба барынша сканерленіп жатыр. Электронды кітап деген ePub форматта, ал біздің қазіргі салып жатқанымыз электронды емес, сканер.
– Сканер дегеніңіз жақындатсаң бұлдырап кететіні бар, мұның сапасын көтеруге бола ма?
– PDF сканерлік нұсқаны арнайы бағдарламамен тазалайды. Қазір робот сканерлер шықты. Біздің техникамыз ескілеу. Екінші, жаңағы бағдарламаға салып көрдік, әдемі, ағартады. Ғылыми зерттеулерге мәтінді алып қоя салғанға ыңғайлы. Жасанды интеллекттің бір түрі ғой ол да. Бірақ, қазақшасы жоқ екен. Кітапхана саласының бағдарламасын дамытуға IT мамандары қызығушылығы мен біліктілігін жұмсаса дейміз, өйткені бұл жоғары сұранысқа ие.
– Оны электрондыға айналдыруға болмай ма?
– Болады, бірақ, ол кәдімгідей бағдарлама. Ақпараттық технологияларға жауапты орынбасар екеуміз бір бағдарламаға отырдық, қазақ тілінде бағдарлама жоқ болғандықтан, біз оны аудардық.
– Абонемент жұмысына қатысты сұрақ. Бұрын үйге кітап беретін...
– Ұлттық кітапханалар қор сақтаушы болғандықтан үйге кітап бермейді. Бізде ішкі ережелер бар. Алматыдағы ұлттық кітапхана сияқты жүз жылдан асқан тарихы бар емес, бұл негізі о баста электронды кітапхана болып ашылған құрама қор ғой. Өзім кітапханашы ретінде байқағаным, қорды қалыптастыру енді-енді ретке келіп жатыр. Ана жер, мына жерден келген кітап, солай жиналған. Ал негізі қалыптастыру, комплектілеу баспалармен жинақталған болуы керек. Екінші себебі, қарыз оқырман өте көп. Оған қарамай дублет қордағы тек көркем әдебиетті үйге беруді қарастырып жатырмыз. Сол жағалаудағы көпшілікке қол жетімді қылу жоспары бар. Балалар әдебиеті залында үйге кітап беріледі. Отбасылық формуляр ашып қойса, әр жастағы балаға алуға болады. Ақылы болған күнде кітап құнын, оқырман құжатын ала алмайсың. Келешекте Egov арқылы байланыс болады. Қазақстан кітапханаларын пайдалану туралы ережені реттеу үстіндеміз. Үйге кітап беру, қандай кітап беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Кітапты қайтармайтын оқырманның кесірінен қайтаратын оқырман зиян шегіп отыр, бұл жауапкершілік мәселесі.
– Біраз жылдан бері кітапхана басқарып келе жатқан адамсыз, бүгінгі оқырман қандай деп ойлайсыз? Жаңа оқырманды не нәрсе, қандай тақырып қызықтырады?
– Алматыдағы кітапханада болдым, 2022 жылдан бері осы жердемін. Бүгінгі оқырман кітапхананың заманауи кейпіне мән береді. Жастарға жаңа технология, ыңғайлылық, қолжетімділік, жарық, әдемілік маңызды. Трендтегі кітаптар, аудармалар, бестселлерлер болсын, әлеуметтік желіні пайдаланатын жастар жаңа заман жанрын сұрайды, бірақ, классикалық шығармалар әлі де сұраныстан түскен жоқ. Кітапхананың категориясы мен көлеміне қарай ғой, әр оқырман өз талғамына сай дүниені, жанрды, кітапты табуы керек деп ойлаймын, қорға комплектация жасаған кезде соны ескеру керек. Классика сұраныстан түспейді, бірақ қордың жасақталуы кезінде жаңа заманның оқырманының жаңа жанрлар, іскерлік, қаржылық сияқты жаңа тақырыптарға қатысты талабы барынша ескерілуі керек.
– Жаңа заман кітапханасы нетворкингке айналуы тиіс деген пікір айтып жүрсіз. Осыны кеңірек түсіндіріп өтсеңіз.
– Нил Гейманның: «Кітапхана еркіндік пен бостандық алаңы, жазушы ретінде содан табыс тауып отырған автор ретінде мен кітабымның оқылуына және адам келуіне мүдделімін» дейтіні бар ғой, менің де мүддем – осы жерге адамның келуі. Бір келген адамның қайтып келуі үшін мүдделімін. «Мына жерде әдемі кітапхана бар екен, жұмысты сол жердің кофесін ішіп отырып сол жерде істеу керек» деп келуі керек» десе қуанамыз. Оқырман дегенді байлап тастамау керек. Оқырман үйде де оқырман, әуеде де оқырман, олар кітапхана қызметін пайдалансын. Балалар келеді ноутбугімен, кітабымен, кітапхана қорын, сервисті, казнетті пайдаланып диплом жазады, электрон құжат жеткіземіз, электронды жазылған базаларды пайдаланады, міне, осылай кітапханалар алаңға айналуы тиіс. Нетворкинг – түрлі салалардағы адамдар табысу алаңы. Әлеуметтік институт. Қоғамның даму орталығы. Кітапханада базарда жүрген сияқты айқайлай алмайсың, кірген кезде өзі-ақ қалыпқа түсіреді. Кітапханада шаралар көбейді, адамдар көп шулайды деген пікірге келсек, әрбір келген адам өзін дұрыс ұстаса ешкім шуламайды, бұл жеке адамның қоғамда басын алып жүруіне байланысты. Біз жобаларды, шараларды алып тастай алмаймыз, кітап оқуға, авторға насихат, мерейтойларды атап өту, көрме жасау – бізбен бірге жасасып келе жатқан шаруалар.
– Балаға арналған кітап жеңіл, көңілді, қызықты болуы керек, бірақ, біз әлі баяғы өзіміз өскен дүниелерді ұсына береміз, бүгінгінің баласына жетім Аянның мұңы, соғыс, ауыл тақырыбы қызық па, қызық емес пе, оны ойлап жатпаймыз. Ал сіздер балаларды кітапханаға тарту үшін не істейсіздер? Олар баяғы біз оқыған «Керқұла атты Кендебайды» оқи ма, оқыса түсіне ме? Біздің балалар жазушылары комикс жазуға немесе жаңа заманғы қиял-ғажайып ертегілерін жазуға төселіп келе ме?
– Балаларға, жасөспірімдерге арналған шығармалар біздің тілде тапшы. Қазір балалардың өздеріне жаздыру керек пе деп ойлаймын, өйткені, 14 жастағы қызым 9-10 жасар кезінде театрға «Жусан иісіне» барып әсерленген, сол кездері оған осындай мұңлы шығарма, ауыл тақырыбы ұнайтын, талғамы қалыптаспады ма, мен ұсынған шығарманы ғана оқыды ма... ал қазір фантастика, детектив, жаңа заман жайлы шығарма оқығысы келеді. Оның пікірін тыңдаймын, себебі қалыптасқан оқырман. Әлем әдебиетін оқығаннан кейін сұранысы бөлектеу. Табиғат, ауыл түтіні, жусан керек шығар, бірақ, жаңа заман баласына ұсыныс болу керек, яғни ұсыну форматын табуымыз керек. Мысалы, «Бұлбұлды» оқыдым, соғыс уақыты, бірақ, қалай берген, әдемі, жалықтырмайтын, сюжет, оқиға, диалог, қазбалай берсең түрлі «мessage» жатыр. Бәрін алып шығуға болады. Біз бұл тақырыптарды мүлдем жұлып тастап, жаңа заманды ғана ұсына алмаймыз, шама келсе алуан етіп, мысалы, фантастиканы да ұсыну керек. Бала оқып отырған әдебиетінен дәл қазіргі өзінің ғасырын көруі керек. Газет-журнал мен комикстер оқырман тәрбиелейді. Комикс жанрын, оның қазақша нұсқасын дамыту керек. Алматыда комикс орталығын аштық, ол жерде негізгі қор орыс тілінде болғанмен (комикс сататын дүкенге Санкт-Петербургтен демеушілік көрсетті), сол бұрыштан балалар шықпайды. Экскурсияға кішкентай балалар келген болса, ол үлкен әдебиетті оқуға баспалдақ. «Жаһаннан» балаларды қиял-ғажайып ертегілер арқылы қияли қылып тәрбиелеу керек пе, реалист қылу керек пе деген материал оқыдым. Біз барлық жағдайда тепе-теңдік ұстауымыз керек, әсіре реалист, әсіре романтик қылмау керек, ортаны ұстау керек. Баланың оқитын дүниесін кітапханашы, арнайы маман, ұстаз, ата-ана таңдасып, талғамын қалыптастыруға көмектесуі керек деп ойлаймын. Бұрын шығармалардан махаббат туралы ғана оқитынмын, драмалық жағын іздеп, қиялданып, күні бойы шығарма есімнен шықпай, келе-келе әлем әдебиетін, іскерлік әдебиеттерді оқи бастадым, түрлі кітап шыға бастады, қиял-ғажайып ертегілер қандай да бір потенциалдарымды дамытуға көмектесті. «Қыран жетпеген жерге қиял жетеді». Бала қиялдау арқылы арман-мақсаттарын айқындайды деп есептеймін. Сондықтан, ертегі, аңыз, оқиға, хикаяны алып тастамау керек. Бүкіл респонденттерге әлеуметтік зерттеу жасап жатқан ешкім жоқ, сондықтан бірді-екілі пікірге бола қазір балалар сондай деуге болмайды. Қазір кітап нарығы, кітапхана қоры оқырман не сұрайды, барлығын ұсына алуы, насихатталуы керек деп ойлаймын.
– Келешектің кітапханасын қалай елестетесіз? Ол мысалы, былай болуы мүмкін бе, бала жаңа ертегі жинағына қызығуы үшін сол бойынша қуыршақ театрдың қойылымын көрсетіп немесе тарихи шығарманы таныстыру үшін сол тақырыпқа сай фильмнен үзінді көрсетіп деген сияқты...
– Жалпы кітапхана туралы айтып отырмыз ғой, бұл категориясы мен аумағына байланысты. Үлкен қалаларда мультимедиалық мүмкіндік болуы керек, былтыр өзіміздің дизайнерлермен отырып осы кітапханада модернизацияның дизайнын жасап қойдық. Қоңыр жасыл шамдармен классикалық зал және аппақ, әдемі техникалық мульт зал бар. Шетел кітапханаларында қандай тәжірибе енгізіп жатыр, бәрін қарап отырамын, оларда кітапханада техникалық аймақ, телеарна түсірілімдерін жасау, фотозоналық локация бар, кіреберісте кітап дүкендері, сувенир сататын дүкен енгізіп тастаған, құлаққаппен билеу, аудиокітап тыңдау, егер кітапхана аумағы мүмкіндік берсе барлығын жасауға болады. Кітапты оқып болып балаға түсіндіру, шығарманы талдау, баланың пікір айтуын қалыптастыру арқылы біз үлкен жұмыс істейміз. Өйткені қоғам мен мемлекеттің дамуы – әр азаматтың дамуына тікелей байланысты. Жеке пікір қалыптастыру, балансты ұстау, адамзатқа тән құндылықтан ауытқымау, оның ішінде ұлтқа тән құндылықтан аттамау – барлығын тектен, мінез, болмыс, тәрбиеден бөлек, ілім-білім береді. Рух, рухани өзек дейді ғой, көркем шығармалардың орны бөлек, ол насихаттала беру керек, сол үшін барлық форматты пайдалана бергеніміз дұрыс.
– Былтыр кітапханашылар күнінде өткен конференцияда бірқатар мәселелер айтылды, сонда «оқырмандар «Меломанға» түскен кітаптарды сұрайды» дедіңіз, негізі бұл мәселені шешуге бола ма?
– “Меломан” сияқты кітаптарды, авторларды насихаттайтын, бағыты қазақиланған үлкен дүкендер желісі іске қосылып жұмыс істесе деп ойлаймын. Ол маркетинг дүкендер желісіне бүгін шыққан кітап ертең оларға түсетіндей жағдай жасалса, жастар барады, оқиды, бізде әлеуметтік желіні қолданушылар саны көбейп келе жатқандықтан кітапты, авторлары насихаттаудың маркетинг, менеджерлік жағын енгізу керек. Жастар болсын, орта буын жастағы өзіміздің қаламгерлерге интеллектуалды дүниесін сатып өткізуді үйрену керек. Қазір кітаптың түрі шығып жатыр, кітап шығару жеңіл болып кетті, бала күнімізде ерекше ғаламат адамдар ғана кітап жазады деп ойлайтынбыз, бүгінде екінің бірі кітап шығара беретін болды, соның ішінде талантты авторлар бар, осы дүкендер желісінде өзінің интеллектуалды тауарын өткізуге жұмыс істеу керек. Бүкіл әлемді зерттеп отырса. Ана кітап пәленбай миллион экземплярмен өтіпті десе, авторды қарау керек, не пайдаланды, не қолданды, жалпы біз интеллектуалдық білімімізді сата алмайтын қоғамбыз, ұяламыз, кітапты туысыңа, көршіңе, құрбыңа сату керек, сондықтан «Меломанды» тілге тиек ететінім сол. Олардың насихаты күшті, кітаптар яғни өнімнің алуандығы да бар. Ол жерде қазақша дүниелерді көп табатын болдық қой.
– Сіздер баспалармен де ынтымақтастықта жұмыс істей бастадыңыздар, бұл әрине, оқырманға жаңа дүниені жылы күйінде жеткізуге мүмкіндік береді. Болашақта баспалармен қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға қатысты идеялар бар ма?
– Бұрын жаңа кітаптарды таныстырып отыратын газет болған, «Книжное обозрение» болу керек. Кітапханашыларға: «Сіздер тірі кітап шолушысысыздар, қай баспадан не шығып жатыр, оқырманға ұсыну үшін біліп отыруларыңыз керек» деймін. Негізгі жұмыс істейтін құралымыз, себепкер – кітап болғаннан кейін баспалармен бірігіп жұмыс істеу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Алматыда «Меломан», баспалар, ол мейлі жеке болсын, кітап бүгін шықса ертең соны кітапханаға алуға тырысатынмын. Бұл жақта да осы бағытта жұмыс істейміз. Кітапхана мен баспалар бірігуі керек, сонда тікелей оқырманмен жұмыс істейді. Пікірлеседі, оларға қандай кітап шығарамыз, не аударамыз дегенде ол кісілерге де пікір керек шығар, ынтымақтастық ары қарай да жалғаса береді, Былтырдан бері Алматы болмаса Астанада кітапханашылар жиналады, сол кезде бүкіл баспаларды өнімдерімен шығарғымыз келеді, кітапханашылар көру үшін, қор жинау үшін республика көлемінде байланыс орнатқымыз келеді. Баспаларда да маркетингтік жолмен жұмыс істейтін ассоциация құрылса. Барлығы 3893 кітапхана бар ғой, бір кітаптан алғанның өзінде қандай нәтиже! Ол кітапханаға да жақсы, баспаларға да жақсы. Өткенде Маңғыстауда болғанда байқағанымыз, жалпы біз масштабқа үйренгенбіз ғой, елу адам, жүз адам болсын дейміз, азшылықтың пікірін тыңдамаймыз, сонда бір үлкен кісі келді, кеше ғана Алматыда Фатима Ғабитова туралы кітаптың таныстырылымы болды деп оқырман сол кітапты оқығысы келіп отыр. Жеткізуі, таралуы бар, сатып алғанның өзінде ол кітап Маңғыстауға әлі барған жоқ. Әр өңірде жүздеген оқырман бары анық. Сондықтан өңірлерге, аудандық жерлерге кітапты жеткізуді қолға алу керек. Қазір «Кітап-аманат» шықты, бірақ ол бүкіл баспаны, авторды қамтиды деп ойламаймын. Өйткені «Атамұра», «Жазушы, «Жалын», «Алматыкітап» деген үлкен баспалар ғой. Мен өскен кішкентай ауылда жеке өз алдына кітап дүкені болды, сондай жолдарын қарастыру керек, бұл үш тарапқа да өте пайдалы болар еді.
– Кітапханадағы сирек қолжазбалар жайында айтып өтсеңіз. Оның ішінде автор қолтаңбасы барлары бар ма?
– Сирек қолжазба – шағын сектор. Еуропа кітапханаларының негізгі іргетасы сирек қолжазба болса, ұлттық кітапхананың да қоры сол. Сирек қор, қолжазба болсын, ол құр тұрмауы керек, адамға, қоғамға қызмет етуі, пайда әкелуі керек. Зерттеу жұмыстары, жоба дегенге қаражат бөлінбейді ғой, кітапханашылардың көбі фанаттықпен кірісіп, өз жобаларымен айналысады, 4-5 маман сирек қор бойынша жұмыс істеп жатыр. «Сирек кітаптар сөйлейді» деген айдар аштық, видео форматта инстаграмм мен тик-ток жүйесіне жүктейміз, әр жолы тақырыптарды әртүрлі таңдап аламыз. Бас басылымдарға әр жолы зерттеу мақалаларын беріп отырамыз, жұрт білуі керек, сирек кітаптар мен қолжазбалардың өзінің сақталу тәртібі бар, көрме қойғанның өзінде апарып тастап кете алмайсың, ерекше сақталуы тиіс десек те, ол шкаф түбінде жатпауы керек. Ол біздің тарихи дереккөздерге де әсер етуі мүмкін, бұрынғы түркі дүниесі, қай тіл болсын, осы тарапта жұмыс істеп жатырмыз. Сирек қор өте жақсы жұмыс үстінде. Библиографиялық көрсеткіш шығардық, латын әліпбиінде шыққан кітаптар мен газет журналдарға қатысты. Бір жағынан ізденушілерге оңай. Жылдарымен арнайы көрсетіледі. Бұл өте ауқымды жұмыс. Бүгінгі таңда ҚР ҰАК сирек қорында 13 836 дана сирек кітаптар мен қолжазбалар бар, оның ішінде кітап жинақтары, мерзімді басылымдар, электрондық басылымдар, ноталар, карталар, изоматериалдар бар.
– Сіз классикалық кітапхананың жанашырысыз ба, әлде жаңа кітапхананы қолдаушысыз ба?
– Оншақты жыл бұрын мен барлық кітапханалар модернизациядан өтуі керек, бейнесі жаңа кейіпке ену керек деп ойлайтынмын. Қазір ол ойымнан елу пайыз ауытқыдым. Барлығы автоматтандырылып, кітапханаға келгенде кітапханашыны көрмейсіз, сөреден кітапты аласыз, сіздің формулярыңызға түседі, оқып болғасын жәшікке тастап кетесіз, автомат жүйе керемет деп қызығатын едік қой. Ол кітапты тасуға, өңдеуге көмектеспесе, соның керісінше керегі жоқ па деп қалдым. Қазір уақыт тығыздығына байланысты онлайн тіркеледі, бірақ, керісінше әңгімелесу, сөйлесу жетіспейді. Өмір жанталас, асығыс, уақыт қысқаруынан бәріміз бір жаққа асығып бара жатырмыз, қайда бара жатқанымызды өзіміз білмейміз. Меніңше, бұл жерге адам келетіндіктен оған тірі адам қызмет етуі тиіс. Сөйлесу, айту керек, эмоция, қамқорлық, мейірімі сезіледі. Адам тыңдап, сөйлеп үйренеді. Бізде кейде оқырмандар жай ғана ресепшндерге рахмет айтып жатады. Кейде тіркеуде кезек болып қалады, сондайда қосымша тіркеу ашу керек пе деп ойлаймыз да, бір жағынан балалар кітапхана қызметін көрсін, қадірін білсін дейміз. Физикалық тұрғыдан жаңару керек. Мысалы, шуды естіртпейтін креслоны қойса, оқырман креслода отырып қасынан өтіп бара жатқан туфли тықылын естімейтін болады, Қазіргі уақытта ешкім кітапханаға келіп алып жеті сағат бойы көркем әдебиет оқып отырмайды, курстық жұмыс жазады, сондайларға шыныдан жасалған миникабинет шығыпты. Жастар кеңістікте отырғанды жақсы көреді, залда тығылып отырғаннан оларға кеңістік ұнайды екен, кітапхана жылы, жайлы, жарық болып, жиһазы жаңару керек . Сонымен бірге кітапхана дәстүрлі қызметін жоғалтпауы тиіс.
– Бұлай бөлуге болмайтын шығар, дегенмен, жігіттер мен қыздардың қызығушылығын байқауға бола ма? Мысалы, атыс-шабыс оқитын қыздар немесе әйелдерге арналған романға қызығатын жігіттер бола ма?
– Алматыда жүргенде әлеуметтік желіде осы жөнінде пост жазғам, негізі жігіттер кітапханаға көп келеді. Физика, математика, IT технология бойынша. Қазір аралас. Қоғамда, отбасында әйел адамның интеллектуал болғаны дұрыс, ер адамның интеллектуал болғаны тіптен жақсы. Бұрындары осы талғамды анықтауға, кім қандай ктап оқиды дегенге зерттеу жасайтын едім, жыл аяғында арнайы бағдарламаға түскен дерек бойынша статистика жасағанда көркем шығарма жанрына сұраныстың театрда қойылымдар қойылғанда артатыны байқалған. Сол кезде «Махаббат, қызық мол жылдарды» сұраған жігіттер көп болды. Оқырман ішіндегі сұраныс та түрлі кездеседі. Детектив, фантастика оқитын қыздар, романтикалық шығарма оқитын ұлдар болады.
– Кітапқа келгенде интернеттің бәсекелестігін қаншалықты сезінесіз?
– Кітап жеңе ме, интернет жеңе ме дегенге... біз мектепте оқыған кезде компьютер болған жоқ, бірақ, 20 баланың ішінен бесеуі ғана кітап оқитын. Ия, кері әсері бар, бірақ, салыстырмалы түрде кітапты түсініп, түйсініп оқу да қабілет пе деп қалдым. Барлығы бірдей көркем шығарма оқымайды. Ол жеке адамның өзіне керек дүние деп ойлаймын. Интернет бәсекелестігі сезіледі, адамына байланысты. Кітап оқитын жастар көп.
– Ұлттық академиялық кітапхананың бренді деп атауға болатын бірегей жобаларыңызды атап өтіңізші.
– Біздің кітапхананың Академиялық кітапхана статусы болғандықтан көпшілікке қолжетімді кітапханаға келу мәдениеті, пайдалану деген бар. Оқырман таңдап отыратын заман емес. Кітапхана есігін кім ашады, соны кіргізу керек, сол оқырманның қайтып келуіне қызмет көрсету керек. Екі жыл қатарынан «Kitap time» атты кітап жәрмеңкесін өткіздік. Кітапханашы оқырман келмесе қоғамға өзі шығуы керек. Мысалы, балалар сурет салуға, театрмен келеді, сол күні кітапханаға жүздеген адам келеді. Бұрын балаларды кітапханаға қинап әкелмеу керек дейтін, қазір келсін деймін, отыз бала келсе бесеуі кейін осында қайтып келеді. Өткенде жеке балабақшаның тәрбиешілер балаларды әкелді, әлгі балалар кіріп келді де, кітапқа шоколадқа жармасқандай жабысты. Сол күні балалар кітапқа жармасып алып пуфикте жатты. Ата-аналар кітап дүкеніне апармайды, кітапханаға әкелмейді, уақыттарын қимайды, кітапқа отбасылық бюджеттен ақша бөлмейді. «Интернеттің заманы, балалар кітап оқымайды, жастар сондай» демеу керек, оқырманды көшеден өзің шығып табуың керек, оқырман менің мамандығым, айлығым, жеп отырған наным, кітап насихатының түрлі форматын қарастыру үшін «Kitap time» жыл сайын өткіземіз бе деген мақсат бар. Сонымен бірге кітапханашылар өзгеруі керек, бізде жас кітапханашылардың іскерлік кездесуі деген жоба бар, балаларға арналған әкелерімен келіп оқитын клуб ашқанбыз, «Сирек кітаптар сөйлейді», «Ашық әдеби лекция», қоғамдық лекция... Жаңа жобаларға қатысты кітапханалық подкаст жасасақ па, сирек кітаптар мен қолжазбаларды зерттейтін медиажобалар жасасақ па деген ойлар бар. Бұрын үйде кітапхана жасақтайтын едік қой, сонымен мақтанатын едік, бала үйден газет-журнал көрмегесін қайдан оқиды, сондықтан үй кітапханасына арнайы конкурс жарияласақ па дейміз, бұл кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға көмектесер, қор жасақтай алмасақ та, классикалық шығармалардың тұруына септігіміз тие ме деген біраз жобаларды жоспарлап отырмыз.
– Кейде фейсбукте оқырмандар баяғыдай жақсы кітаптар азайып кетті деп ертедегі авторларға сағыныштарын білдіріп отырады, сіз де солай ойлайсыз ба?
– Керісінше қазір кітап көбейді. Кімге қандай кітап керек, бар. Соңғы екі-үш жылда проза, жалпы барлық бағыт дамып жатыр. Жақсы оқырман болу да қабілет, бір сыдыртып оқи салмай ішінен жаңалығын іздеу керек. Балама кітап оқыған кезде ол: «Автор не айтпақшы болды?» деп сұрайтын, моралін ақтарып кететінбіз. Жаңа кітап шықса алдымен оқимын, сондықтан аударма болсын, кез келген тақырыпта болсын табуға болады, жай ғана насихаты аз болуы мүмкін. Сондықтан барлық платформада, кітап дүкендерін, дүңгіршекті көбейту керек, ауылда, ауданда кітап дүкендерін ашу керек.
– Тап қазір не оқып жатырсыз?
– Микаэль Энданың «Момо» деген кітабын оқып жатырмын. Тыңдаушы қыз туралы. Ол өзі он екі жаста. Үлкені де, бала-шағасы да, бәрі сол қызға барады, ол ақыл айтпайды, жай тыңдайды, естиді, мысалы, екеуміз бірдеңеге келіспей қалсақ, Момоға барамыз, адамдар сол жерде өзінен-өзі келісіп, оның беріп отырған эмоциясынан ба, мәселе ары қарай шешіліп кете береді екен. Негізгі қызық кітап.
– Бүгінгі заманғы кітапханаға жаңа заманғы құрал-жабдық, жаңа технология керек, бұл жағынан мәселе жоқ шығар, сонымен бірге кітапханашылардың уақытын реттеу, айлық деген мәселелер бар. Сіздің кітапханаға қатысты қандай да бір арманыңыз бар ма?
– Жаңа құрал-жабдық керек, ИФЛА дейді, былтыр халықаралық конференцияға барған кезде арнайы көрмеге бардым, кітапханаларға арналған жаңа принтер, сканерлер, түрлі құрылғылар шықты. Біз жалпы естелікпен өмір сүретін халықпыз ғой, бізге керек сияқты, аудиокассета, видеокассеталарды Ташкенттің академиялық кітапханасынан көрдім, кітапхананың медиатекалық бөлімінде грампластинка болса, соны заманауи қылып, мр3 нұсқаға айналдырып береді. «Алтын қор», мемлекеттік бағдарлама демей-ақ, кез келген оқырман келіп, аудикассетадағы дауысты аударып ала алатындай техникалар болса, подкаст жасағымыз келіп отыр ғой, соған сай құрылғылар, қазіргі кітапхананың жұмысын автоматтандыратын көп техника шығып жатыр, ол бізге керек. Кеше Алматы көрмеге шығарыпты, шағын терминал кітапхана сияқты дүниелер әр жерде тұрса. Сауда орталықтарында «Marwin» желісінен бөлек кітап дүкендері ашылса, қалалық кітапханалар филиалдары ашылса. Шерімбек деген жігіт Иранда жүрген кезінде фото салды, әдемі кластикалық кітапхананы үлкен сауда орталығынан ашып қойыпты. Бізде де барынша барлық жерде кітапхананы, кітап дүкендерін көбейту – арманым. Амстердамда әуежайда коворкинг кітапхана ашып қойыпты, біз де әуежай, вокзалда кітап дүкенін ашсақ, одан қатты шығын шығып зиян шекпейміз. Ұлттың, мемлекеттің дамуы – интеллект деңгейін көтеруге байланысты. Қазір жастармен көп әңгімелесем, «кітапхана мен кітап туралы айтқанда оқымасына, алмасына қоймай, сетевиктер сияқты жұмыс істейсіз» деп шәкірттерім күледі. Бұл мамандығым, жеп отырған наным, қоғамның адамы, саланың жанашыры ретінде барлық мүмкіндікті салу керек қой. «Жұрттың бәрінде кредит, көңіл-күйі жоқ, қайдағы кітап оқыған» дегенге айтарым: соғыс кезінде де кітап оқыған, кітап оқу деген – үлкен мәдениет. Бөліп алып тастай алмайсың. Үлкен мешіттегі кітапхананы да жалпы халық келетіндей қылып жасауға болады. Арманым – шағын болсын жеке кітапхана мен жеке кітап дүкенін ашу. Қазір бүкіл кафе-ресторанда да кітап қойып тастайтын болды. Кітаптың қадірін де кетіруге болмайтын шығар деп ойлаймын, қол жетімді болмаса қадірі күшті болады. Бұл жерде кітап нарығын реттеуге қатысты министрліктің кірісіп жатқан нәрсесі дұрыс, мониторинг жасап, артық, керек емес дүниелерді тонналап шығара бермеу, кітаптың өзінен артық қоқыс жасамау керек. Кітаптың қадірін жоғалтады, қадірі кеткен нәрсе ешқашан сұранысқа ие болмайды. Визуалды жағынан кафе-ресторанда кітаптың тұрғаны дұрыс шығар. Бір кафеге бардық, жұрттың керек емес, өткізіп тастаған кітаптары емес, жаңа заманғы жанрды қойыпты. Оқып үлгермесең де, есіңде қалады, қызым сол жерде бір кітапты оқып бастап, ақыры дүкеннен сатып алдық. Осыған қатысты кітаптарды ел назарына арнайы қойып қоятын кафелермен де авторлар жұмыс істеуі керек пе деп ойлаймын.
– Сіздің кітапты көп оқитыныңызды білеміз, қаламгерлер де сізге бүйрегі бұрып тұрады, кітапханаға бір жағымды атмосфера қалыптастырып келесіз, бұл сіздің кітапқа деген ықыласыңыздан. Өзіңіздің жазатын ойыңыз жоқ па? Бәлкім бұрынырақта жазған шығарсыз?
– Жаңа кітапханашыларға айтып жатырмын, кітапхананың атмосферасын жасайтын кітапханашы. Кітапханашының эмоциясы, мамандығын сүюі маңызды. Атмосфера, аура деп кейін сөйлеп жүрміз, бір жерде өзіңді жайлы сезінесің, бір жерде жайсыз сезінесің, қолыңа үстай алмайсың тек сезесің. Кітапхананың атмосферасы кітапханашыға байланысты, оның мамандығын жұрт қадірлеуі үшін ең бірінші өзі қадірлеуі керек. Жұмыс деп қана қарамауы керек. Сонда ғана өнімдірек болады. Жалпы бұл мамандық менің армандаған мамандығым емес, негізі ұстаз болғым келген. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берсем деп, бірақ кітапханаға барып жүріп, аяқ астынан осы мамандықты алып игеріп кеттім. Бірінші мамандығым кітапханашы-библиограф. Мектепте «Ақжелкен» (ол кезде «Пионер»), «Ұлан», «Арай», «Мәдениет және тұрмыс» бар, он бес шақты газет-журналға жаздырып беретін, үйде бұрышым болды, шашауын шығармай тігіп қоятын едім, әр сейсенбі мектепте баспасөзге шолу жасаймын. Сөйтіп жүріп өзімнің оқырман болып қалыптасқанымды байқамай қалдым. Қазіргі таңдағы жеткен жетістігім – қазақ тілін афоризм, эпитеті болсын сіңіріп, түсіне алатындығым. Ол түсінген кезде ғана адамға пайда береді. Қазақ тілінде сауатты сөйлей алу, жаза алу, талғампаз оқырман ретінде қалыптастырған жетістігім деп ойлаймын. Мектепте оқып жүргенде өтетін іс-шараларды, оқушы ой-көзқарасын жазып жас тілші атандық. 1992 жылы «Ақжелкен» журналына «Мейірім» деген әңгіме жаздым. Алматыға келдік, кіл мықтыны көрдік, журналист те, жазушы да емес екенмін ғой деп, ары қарай жазғам жоқ. Қазір телеграм каналымды жүргізем, «Кітапханашы күнделігі» деп шағын ойларымды жазып отырам, жүзден астам адам тұрақты оқиды. Кейінірек «Кітапханашы күнделігі» деген дүние шығарсам ба деген ой болған, реті келіп, бұйыртып жатса, бізде әлі ондай дүние жоқ. Ол оқырман ерекшелігін тану, кітапханаға, мамандыққа деген пікірін өзгертеді деген мақсат қой. Мамандыққа деген сыйластықтан туған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Ғазиза Құдайбергенқызы ұсынған керек деректер
ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры:
1. Хасан Оралтайдың жеке мұрағаты – 1 883;
2. Заки Ахметовтің жеке қоры – 39;
3. Ғылыми залдар: Кеңес Нұрпейісов – 133; Тұрсынбек Кәкішев – 306; Шора Сарбаев – 1052; Х. Ерғалиев қоры – 571;
4. Ұлттық галерея (Президенттік мәдениет орталығы) – 2 879;
5. Республикалық кітап мұражайы – 6 705, оның ішінде латын графикасындағы кітаптар (634), мерзімді басылымдар (258) құрап отыр.
ҚР ҰАК электрондық каталогында 10 000-нан астам сирек кітаптар жарияланды, күн сайын оқырмандардың сұраныстары ЭДД бойынша тапсырыстар арқылы орындалып келеді.
ҚазҰЭК-на сирек басылымдардың 10 000-нан астам контенті құйылды (ҚР Ұлттық кітапханасы (Алматы), Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар ОӘҒК және басқа да өңірлер, ҚР жоғары оқу орындары, мұражайлар). Қордағы көптеген сирек кітаптар дублетті болып табылады, өйткені ҚР ҰК (Алматы), облыстық кітапханалар өздерінің сирек кітаптарын бізден бұрынырақ цифрландыра бастаған. Таяу жатқан шет елдер мен көршілес елдердің кітапханалары ҚазҰЭК үшін сирек кездесетін кітаптарын құюға ұсынғандары қуантады (Якутия – 12, Қырғызстан – 3, Әзербайжан – 1 ұлттық кітапханалары, өзбек әдебиеті порталы - 14).
Ғылыми зерттеу жұмыстары
Сирек кітаптар мен қолжазбалар жинағын анықтау жұмыстары жалғасуда («ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек қоры» сериясы). Келесі басылымдар дайындалды:
Ақмола облысының тарихы туралы сирек кітаптардың суреттелген ұсынымдық көрсеткіші (100-ден астам дереккөз);
Латын қарпіндегі 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген кітаптар;
Латын қарпіндегі 1929-1940 жылдары жарық көрген мерзімді басылымдар;
«Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз!»
«Азаттық» радиостанциясының 75 жылдығына орай Хасен Оралтай қорының материалдары бойынша басылым дайындалды (300 б. астам);
Бұл басылымдар шектеулі мөлшерде демеушілердің қаржыландырулары есебінен шығарылды.
Келесі басылымдарды құрастыру бойынша дайындық жұмыстары жүруде:
Құрбарғали Халидидің «Тауарих- и хамса-и шарқи» (Шығыстың бес елінің тарихы) атты шығармасының үшінші томы. (Сөздігін дайындап, қолжазбасын зерттеуде).
«Сирек қордағы араб графикасымен жазылған құнды кітаптар мен қолжазбалар» (400-ден астам көздер);
Қазақстан тарихы туралы сирек кітаптар (4000-нан астам дереккөз)
«Қаламгер қолтаңбасы» (300-ден астам дереккөз);
«Хасен Оралтайдың қорынан...»
«Азаттық» радиосынан берілген көптеген хабарлары латын қарпінен кирилл әрпіне түсірілуде.
«Шора Сарыбаевтың қорынан...» (500-ден астам)
Сәдуақас Ғылманидің қолжазбасын араб графикасынан кирилицаға оқу-жаңғырту және жазу.
Араб қарпімен жазылған кітаптармен жұмыс
Араб қарпімен жазылған басылымдар жинағы, оларды ғылыми зерттеу және жүйелеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Қазіргі уақытта сирек қорда әртүрлі тілдерде (қазақ, түрік, осман, шағатай, өзбек, татар, ұйғыр, парсы, әзербайжан, түрікмен және т.б.) 500-ден астам кітап пен 156 қолжазба сақталған. Топтамалар төмендегіше бөлінген:
Құрандар – түрлі тілдерде, түрлі уақытта, әлемнің түрлі елдерінде жарияланып, қайта жазылған және 50-ден астам дереккөздерді құрайды;
Қолжазбалар – 156 (әр қолжазба жеке зерттеуге лайық, мүмкіндігінше Араб ғалымдарын тартатын боламыз);
Төте жазу – 100-ден астам дереккөздер (кітаптар мен мерзімді басылымдар). Осы топтамамен ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындысы бойынша «Qazaqstan tarihy» порталында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Қайруллиқызы Мұқанованың 2 мақаласы жарияланды: https://e-history.kz/ru/news/show/339356 «Смағұл Сәдуақасовтың» «Күлпәш» романы» 31.07-де мерзімімен және «Смағұл Сәдуақасов Қазақстан жастарын кәсібилендіру туралы» 10.08-дегі мерзімімен .https://e-history.kz/ru/news/show/339376 жарық көрді.
300-ден астам литографиялық басылымдар.
Бұдан бөлек, жеке дәптерлер, қайта жазылған араб мәтінді дәптерлер де сақталған. Олар құнды болуы мүмкін, сондықтан пайдаланушылар үшін ҚазҰЭК-ке цифрландыру және орналастыру үшін «Белгісіз қолжазбалар» жинағын құру туралы шешім қабылданды.
Электрондық каталогпен және ҚазҰЭК порталымен салыстыру бойынша араб қаріпті басылымдар коллекциясымен үлкен жұмыс жүргізілді, қорға қабылданбаған басылымдар зерттелді және оларға бастапқы библиографиялық сипаттамалар жасалды (150-ден астам дереккөз). Сондай-ақ, осы жинақтарды цифрландыру үшін салыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.