Тарлан суреткер тағы бір туындысын көлденең тартты.
Атауының өзі жұртты елең еткізсе керек-ті. Бірақ театр сахнасымен таныс жұрт авторына қарап-ақ, әдеттегідей кейіп танытқанымен, іші тағы бір дүбірді сезді. Сезетіні - «Болу, болмаса бордай тозу» дейтін Гамлетті, «Ұлтты ұрыға, қоғамды тонауға айналдырған қорқаулар» деп ашынатын тайқы тағдылы Есенинді Қостанайда қазақша сөйлеткен сахна ақтаңгері Ерсайын Төлеубай су жаңа актерлермен бұл жолы Гоголь - Пушкинге «ауыз салды». Ауыз салды дейтініміз - аты аталған қос классиктің тағдыр-талайы хақында, әсіресе Гогольдің бастан кешкен азабы мен тозағын, сондай-ақ Пушкинмен 5 жылдық достығын, рухани туыстығын орыстар қанша жерден қаузаса да, әлі шынайы рухани болмысын сахнаға көшіре алмаған екен.
Деректерде Гоголь Петербургке аяғы тиісімен алдымен алып-ұшып Пушкинді іздеп, ақын тұратын үйге келсе, қызметшісі қожайын ұйықтап жатыр дейді. Гоголь: «Е, түнімен өлең жазған ғой» - десе, қызметшісі: «жоқ ол түнімен карта ойнады» - депті. Мұндай жауапты күтпеген хуторлық бозбала таң-тамаша болады. Міне, осыдан бастап ақынды көрсем деген құштарлығы одан сайын арта түссе, Пушкин де Гогольмен танысуға асығып, қос дарын бірін-бірі құшақ жая қарсы алып, өле-өлгенше дос болып өтіпті. Сөйтіп 31 жастағы Пушкин 21 жастағы Гогольмен рухани тағдырласқа айналған екен.. Алайда қос классиктің осы достығын орыс зиялылары әлі күнге дейін сан-саққа жүгіртуде.
Ендеше режиссер-драматург Ерсайын Төлеубайдың осындай даудамайлы дара тұлғаларды қазақ сахнасына әкелуінде қандай сыр бар? Айтпағы не? Бұл сауалдардың жауабын ойлағанда Ерекеңнің біз атын атаған бұрынғы қойылымдарын еске түсіріп, байыбына барсақ болғаны, шет жағасын сезе береріміз анық. Өйткені, Е.Төлеубайдың драмалық туындыларына тән, ортақ бір өзек бар. Ол – рух дерті! Руханият трагедиясы! Естеріңізде болса, қоғамдық кеселге қарсы күресем деп Гамлет «миым, оян!» десе, Есенин: «Ұлтты ұрыға, қоғамды тонауға айналдырған қорқаулар» деп аһ ұрмаушы ма еді?! Олай болса театр тарланының бұл жолғы тың қойылымынан да күтеріміз бар. Әдебиет корифейі Гогольді қай қырынан танытты? Пушкинді ше? Ұлы ақынды қадірменді ұстазым деп бағалайтын Гоголь қойылымда басты кейіпкер болуы неліктен? Дарья мен Дантес не үшін керек болды? Сауал көп. Ауыр жүк. Ал Ерсайын сол ауыр жүкті «Есениндегідей» бұл жолы да небәрі 7 кейіпкерге (массовкадан басқа) артқан. Түпқазық драма Гогольдің (Олжас Бегайдаров) төңірегінде өрбиді. Жалдамалы пәтерінде малайы Семен(Бақытжан Таңатқанұлы) картоп пен балық пісіріп, Гогольге дайындап берген сәтте, әлдекім есік қағады. Келген Александр Пушкин(Төленді Әлғожин) мен әйелі Наталья Гончарова(Айым Бірмағамбетова) екен. Семен қонақтарын үйге кіргізе сала, нанға ақша қалмады, көр қазып ақша тауып келейін деп шығып кетеді. Міне осылай қойылым басталады.
Пушкин де(Төленді Әлқожин) әп дегеннен-ақ бұйра шаш, жүнді жақ ақынның албырт күйін, ал ақсүйек Наталья(Айым Бірмағамбетова) тәкаппар талғампаздығын бірден сездіреді. Жасқа тән адуындылық, назды қылық, ашық мінез бәрі сырттай жарасып-ақ тұр. Бірақ ең бастысы, сахнадағы образдардың сырты мен ішінің табиғи үйлесімі. Жалпы Ерсайынның драматургтік қолтаңбасына сентенциялық диалог тән. Әр кейіпкердің аузынан шыққан сөздер қысқа әрі шола. Гоголь: «Құлмыз. Құлдың айтары жок. Жаздық айттық дегеннің бәрі жалған өтірік. Өтірік күлеміз, өтірік жылаймыз, өтірік сөйлейміз, өтірік өмір сүреміз. Жан баққан сорлымыз. Өз ойыңды өзің ойлай алмайсың. Қорқамыз.
Неден осыншама сорлы болып жаралдық» - немесе: «Қайыршы қоғамның жазушысы да қайыршы! Асықпа уақыт талант тудырады, талант уақытын табады» әйтпесе: «Арманым туған елім Украинаны әлемге паш ету. Гоголь-Украина, Пушкин – Россия. Театрда туып арғы арманыңды айта алмағаннан ауыр азап болмас» - десе Пушкин: «Сенің шындығың халықтың шекпені, менің поэзиям Ресейдің іш киімі. Құдай - жолында күнәға батқан халыққа керегі асыл сөз. Құтқарушы - сөз, сөз! Асыл сөз - Поэзия.» яки: орыс халқын поэзияны сүйіп, өлең оқуға үйреттім. Не таптым? Тілін сатқандардың жағын сындырдым. Орнаттым өзіме – ескерткіш мәңгіге!» - деген секілді ой шоқтары трагедияның өн бойында ұшқын атып жатыр. Спектакльдегі диалогтарда режиссер Натальяның ашынасы, тегі голландық Дантеске(Қуаныш Маратұлы) Ресейді оятқан Еуропа, ал Дарьяға(Айжан Тәжентай) Еуропаны құтқарған менің атам Кутузов дегізетіні секілді кесек-кесек астарлы сыр арқалатқан. Содан барып-ақ әр кейіпкердің сахнадағы орнын аңдай аласыз. Тек осы бір тұста қойылымдағы жас актерлерге айтатынымыз – осындай диалог-монологтарын сылдырлата-сыдырта сөйлеуден гөрі, әр сөздің акцентін іздеу керек. Интонацияға, үн иірімдеріне мән берсе. Егер әр сөзді шоқ десек, оны маздату керек. Айталық, Зәмзәгүл Бекайдарова қасіретті дәл күткеніміздей маздатып, лаулатып жіберді. Образдың ішкі болмысын шебер меңгерген, тайпалмас актер екенін тағы бір танытты.
Қойылымдағы бір жаңалық – Пушкиннің қазақ елін еске алуы. Пушкиннің Орал өңірінде болғаны тарихтан белгілі. Қойылымда «Орал - Жайықтың бойын жайлаған ат үстінде еркін өскен қазақ деген ел бар. Қыздарына дейін атқа мініп қымыз ішкен Амазонкалар. Өте өнерлі халық. Біз өз жазғанымызды өзіміздің жатқа айтуымыз қиын. Ал олар болса бір поэма дастаныңды бірнеше күн жаңылмастан жатқа айтады. Сөз байлығы мұндай көп болар ма!» деп тамсандырады.. Реті келіп тұр, айта кетейік, Гогольдің қазаққа қатысты тағы бір жері бар екен. Тарихта батыр әрі қолбасшы Доспамбет жыраудың(1490 – 1523) екі ұлы болған: Есақай мен Қосай. Қосай түрік қызына ғашық болып, жау жағына өтіп кетеді. Бірде түн ішінде жұртына қайтып келе жатқан Доспамбет жаумен бетпе-бет кездесіп қалып, оны өлтіреді. Сөйткен түн қараңғысындағы жауы өз баласы болып шығады. Қапыда өз баласын өлтіріп алған жырау баласына арнап «Қосай» жырын шығарды. Белгілі ноғай ғалымы Әшім Сиқалиев осы тарихи оқиғаны Николай Гоголь «Тарас Бульба» повесіне арқау етіп алғанын жазады. (А. Қорғанұлы)
Ерсайын іздемпаз. «Есенин» де, осы «Гоголь-Пушкин» де ұзақ тынымсыз ізденістің нәтижесі. Зерттеулерінде ол өзіне керекті штрих-детальдарды сүзіп алды, түзіп алды. Мысалы, осы қойылымдағы декорацияның қақ ортасында биікке өрілген баспалдақ бар. Сонау бала кезінде әжесінің ертегісін еміп өскен Гогольге адамдардың жаны көкке баспалдақпен көтеріліп кетеді деген ұғым сіңіп қалады. Осы спектаклдің кульминациясында Гоголь: «Сайтан салтанат құрған кер заман! Болды, бітті осымен. Мен тірімде өлімін, өлген соң тірімін. Естимісіңдер? Өлген соң тірімін. Сүйегімді суымай көмбеңдер. Баспалдақ беріңдерші. Жоғары шыққым келеді. Баспалдақ» - деп ойлы көрініс те, малай Семеннің де: Баспалдақ. Бәрінің арманы төбеге шығу. Төменде жүретін сол біздер. Е, әкем байғұс атымды Александр деп қойғанда ғой, патша болар ма едім, тым болмаса ақын. Құрығанда Николай Васильевичтей бірдеңе жазатын бірдеңе болғанымда ғой. Құдай оны да бұйыртпады мендей пақырына. Қайран биіктік мені қайтсін» - дегендер түйсік-сезімді дыз еткізері анық.
Тағы бір айрықша деталь - табыт. Бұл - суреткердің жан азабы. Гогольдің өзі ұстамалы науқасы барлығы, ендеше мәйіті әбден иістеніп кетпейінше табытқа салып, көмбеңдер деп жазып ескерткен.(1845ж.) Қойылымда режиссер табытқа мүлдем басқа қырынан келген. Оның бір ұшқынын Семённің аузымен: «Табыт. Жаңа туған баланың-табыты. Адам. Дұрыстап көму керек. Бір құдайға аузына келгенін айтып өлетін кәрі қақпастардан, дүние боғына былғанбай өлген періште артық. Тақтайы жақсы. Табыт болар, болмаса дәміміз таусылған күні орындық болар» - деп аңғартады.
Гоголь шығармашылығының шиыршық атуына Пушкин себепкер деседі. Спектакльде Пушкин Гогольге «Ревизор» мен «Өлі жандардың» идеясын аңғартып өтеді. Сахнада «Өлі жандардың» екіші томын отқа тастап жіберіп, содан кейін еңіреп жылаған дейтін желі өзіндік көрініс тапқан. Әйтсе де дертті жазушының қасында ұлы ақын образы эпизоттық көрініспен шектеліп қалған секілді. Пушкинді аша түсу керек пе еді. Өйткені драманың атына заты сай болса керек-ті. Жалпы пьесаның өн бойында аңғара білген кісіге, біз жоғарыда әдейі үзінділер келтіргендей бүгінгі заманмен үндесіп жатқан қоғамдық-әлеуметтік талай драма бар.
Қойылымның декорациялық және музыкалық шешімі де негізгі идеяға орай сәтті шыққан.
Спектакль премьерасына қостанайдағы қазақ-орыс жұрты келді. Ішінде жастар көбірек көрінді. Маған осы орайда канадалық театр режиссері Робер Лепаждың «Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» дегені еске түсті...
жазушы, "Қостанай таңы" газетінің Бас редакторы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.