Гүл жаны тұнған жыр екен

«Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды». Бұл екі ауыз сөз әр қазақтың жүрек төрінен орын алып, барша қазақ Аналарына арналған гимнге айналып кеткені қашан. Ал бұл өлең жолдарының авторы ақын Қайрат Жұмағалиев екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. 

Гүл жаны тұнған жыр екен - adebiportal.kz

Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданындағы қазіргі Бейсен ауылында дүниеге келген. 

Ол жастайынан жақсы жырлар жазып, жарқырап көрінді. Ақынның «Тұңғыш», «Жанар», «Перзент үні», «Жеңісбай», «Айнамкөз», «Құбажон», «Құланиек», «Жүрегімнің бөлшегі...» сынды кітаптарынан бөлек жалпы саны 30 дан астам жинағы жарық көрді.  Ол өлеңді өрілтіп жазып, төгіп оқыды.

Қайрат Жұмағалиевтің өлеңдері ТМД елдерінің тілдерінен бөлек ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк тілдеріне аударылған. Және өзі де бірнеше тілден классикалық шығармаларды қазақша тәржімалады. 

Мәселен Гомердің, Физулидің, Низамидің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің, Есениннің, Хикметтің, Блоктың шығармаларын ана тілімізде сөйлеткен ақынның бірі осы Қайрат Жұмағалиев.

Жұртын жырға бөлеген ақынның тағдыры да бөлек. 1952 жылы полигонға байланысты бозбала Қайраттың ауылы түгелдей көшіріледі. Содан бері Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударған ақынның туған жерге деген сағынышы бір сәтке де басылған емес. 

Алматыда білім алып, қызмет істеп, ақындық жолда абырой биігіне көтерілген Қайрат Жұмағалиев 2009 жылы туған топырағына қайта оралып, Жайықтың жағасына табан тіреді. Анаға, балаға, далаға деген сағынышын өлеңіне өзек еткен ақын 2013 жылы дүниеден өтті.

Қайрат Жұмағалиевтің өмірі мен шығармалары туралы «Әдебиет порталынан» оқи жүріңіздер. Себебі, халқы хормен айтып жүретін өлмес өлең жазып қалдырған мұндай ақынды ұмытуға болмайды.

 

Күз гүлі

Далада — самал шалқыған,

Далада — жалқын нұр екен.

Қоңыр күз жаздың артынан

Ойлана қарап тұр екен.

 

Тыныс ап дарқан даладан

Босаттым ойдың тізгінін…

Қырқадан маған қараған

Жолықтырдым күз гүлін.

 

Қарашы, тіпті, өктемін!

(Гүл жаны неткен сірі еді!)

Аңсады ма ол көктемін

Мұңдана күлімсіреді.

 

Қуатты ойға нәр алдым

Осынау бір тал гүлден,

Шат қиял қайтып оралды

Сол гүлді үзіп алдым мен.

 

Жайраңдап маған тіл қатты

Гүл жаны тұнған жыр екен.

Көктемнен бері ол

Бұл сәтті

Сарғая күтіп тұр екен…

 

Күй

Ыңыранды «Көбік шашқан» тасқындамай,

Жүректе ащы дерттің асқынғаны-ай!

Қайтып та елжіремес ел жүрегі,

Мөлтілдеп қара көзге жас тұнғаны-ай!

 

Кім, сірә, қастерлемес бұл өнерді!

«Серпер» күй көңіл бұлтын түре келді.

Шемен боп көкіректе қатқан қайғы

Көктемдегі сең құсап жүре берді.

 

Құрман ата құдіреті ала бөтен:

Тыңдасаң көзінен жас тамады екен;

Артынша күймен тербеп күллі халқын

Жас балаша жұбатып алады екен.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan