Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Ілияс Башарұлы. Велосипед...

Ілияс Башарұлы. Велосипед

18.11.2025

3471

Ілияс Башарұлы. Велосипед - adebiportal.kz

Қаламгер Ілияс Башарұлының ауыл өмірінен алынған екі әңгімесін жариялап отырмыз.

Автор туралы аз дерек: 1963 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Қаратау бөлімшесінде дүниеге келген. Айша бибі орта мектебін бітіріп, Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетін тамамдаған. Өмір жолын Жамбыл аудандық баспаханасында бастаған. Институттан кейін аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінде тілші болып істеген. Тоқсаныншы жылдары Байзақ аудандық газеті «Ауыл жаңалығы-Сельская новь» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған. Одан кейінгі жылдары облыстық, республикалық телевидениеде тілші, басшы қызметтерінде істеген. Бүгінде Мемлекеттік орталық «Кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің» директоры болып істейді. Бірнеше деректі фильмдердің режиссері, сценарий авторы, көптеген көркем фильмдердің продюсері. «Ақпарат саласының үздігі».

Велосипед

«Армандар орындалады!» деп айқайлағысы келіп, ішіне сыймай келе жатқан қуанышын су жаңа көлігінің терезесін ашып желмен бірге мына далаға таратып жібергісі келеді. Бірақ оны кім естіп, кім біліп жатар дейсің? Ауылға жеткенде барлығы өздері-ақ көреді. Көреді де таң қалып тамашалап  шулайды. «Керемет екен! Құтты болсын! Жуу керек! деп жарыса тамсанып қарайды. Бұл болса маңғазданып: «Рақмет! Жұғысты болсын!» деп бәріне бір қарап шығады. Көптің арасынан көршісі Мұратты іздейді. Бұған бәрінен бұрын соның көргені маңызды. Оның бұндай «крутой» автокөлігі жоқ. Қызғаныштан іші қыз-қыз қайнайтын шығар. Сол сәтті көруге асығып келеді. Баяғы бала кезі есіне түсіп, алысқа саяхаттап кетті...

Осы бір белесепет деген көздің құрты болды. Жатса-тұрса ойлайтыны көршінің баласы Мұраттың белесепеті. Көшеге шықса болды жап-жаңа белесепетін мініп алып арлы-берлі зымырап жүргені. Су жаңа белесепет құдды бір Жұманның айғыры сияқты ойқастайды да жүреді. Қасына барып сипап көрген, үстіне су жұқпайтын сусардай мың құбылады. 

- Мініп көруге бола ма?-деп қиылып сұрап еді:

- Өй, сен айдай алмайсың ғой. Бір жерін майыстырып қоясың, - деп жолатпады.

Ия, бұл белесепетті жақсы айдай алмайды. Өзінде еш уақытта белесепет болған емес. Әкесіне қанша айтса да құлақ аспай келеді. Ойын кезінде басқалардың белесепетін сұрап алып, кей-кейде айдап қоятыны бар. Өзінікі болмаған соң ба, дұрыстап айдап кете алмаған. Мұраттың айтып тұрғаны сол.

Көп балалы жанұя болған соң ба, ата-анасы бұларды көп еркелете бермейтін. «Барға қанағат» деген ұстаныммен шама-шарқы келгенше балаларын киіндіріп, сабағына қажет деген заттарын ғана алып беретін. Басқа балалар сияқты мейрам сайын жаңа киім киіп, Мұраттікіндей жалтырағанда үстіне шаң жұқпайтын қара топли да жоқ. Бұлар үйелмелі-сүйелмелі болып, бірінен-кейін бірі өсіп келе жатқаннан бірінің киімін бірі киіп, соған шүкір ететін. Жаңа киім киіп, жаңа сөмке ұстап көшеге шыққанда Мұраттың қасына баруға беттемейтін. Ол әдейі осылардың үйінің ауласына келіп болмайтын бірдемелерді сұрап, бір көрініп кетеді.

Міне, енді мына су жаңа белесепет. Таңның атысы, күннің батысы көшені бермей жүрген Мұрат. Басқа балалардікі оның жаңа «Уралы» сияқты емес. Ескілеу дегені болмаса олардыкі де зуылдап тұр. Көшені бастарына көтеріп жарысып жүргені. «Үлкейгенде жұмыс істеп ақша тапсам ең бірінші белесепет аламын. Киімді де Мұраттікінен жақсысын сатып алып киемін», - деп ойлап қояды.

Ауылдың төменгі жағында тау жақтан келіп ағып жатқан өзен бар. Жаз бойы балалар күннің аптап ыстығынан қашып,  сол өзенге барып шомылады. Өзеннің кей тұсы баяу сырғып ақса енді бір тұсы асау толқынымен буырқанып сарқырап ағады. Бұларға сол толқынмен таласып шомылғандары қызық. Бір бірімен жарыса суға күм беріп сүңгіп кетіп, толқынның жалына жармасып, арпалысып арғы бетке малти жөнеледі. Осы сәтті жақсы көреді. Бұл суда шортандай шоршып  жүзеді. Бәрінен бұрын арғы бетке бірінші болып өтіп жағаға шығып масаттанады. «Әп, бәлем! Қайсысың бар менімен жарысатын?» деп суға қайта сүңгиді. Мұраттың біресе мына жағына біресе ана жағына шығып «мықты болсаң менімен жарыс» дегендей алдын ойқастай береді. Мұрат кішкене әлжуаздау. Сонысын пайдаланып өзінің басымдығын дәлелдегісі келгендей оған «жүр кеттік жарысамыз» деп қытығына тиеді. Оның өзімен теңесе алмағанын көріп іштей ләззат алады. Бұл – Мұраттың алдында үстемдік құратын жұлдызды сәті.

Мектеп бітіріп әркім әр тарапқа самғап жатты. Мұрат Алматыға зоотехник мамандығына оқуға түсіпті. Бұл жоғарғы оқу орнына түсе алмай қалада автопаркте жұмысқа орналасты. Слесарьдың көмекшісі. Азаннан кешке дейін автокөліктердің астын шұқылап жатқаны. Тәлімгері Сәкен ағай: «Ақан, сенен жақсы механик шығады», - деп мақтап қояды.

Ақан қалада жүріп техникумды бітіріп алды. Жұмыстан қол үзген емес. Күндіз сабақта түнде балық зауытында қарауыл. Өз тапқаны өзіне жетеді. Басқалар сияқты киімнің соңғы үлгісімен киінбесе де, жаңа киім киюге тырысады. Каникул кездерінде Алматыдан Мұраттың келгенін асыға күтеді. Ондағысы: «Мен де ақша тауып, жағдайымды туралап жүрмін» дегенді білдіру. Бірақ бәрі бұл ойлағандай болмай шықты.  Мұратты көргенде көңілі құлазып кетті. Сыныптастары «Кездеспегенімізге көп болды. Бүгін кешке жиналып «вечер» жасаймыз» деп сыныптас Болаттың ағасының үйіне жиналды. Тағы да сол Мұрат кештің «жұлдызы». Жігіттер жағы «Алматыдан келген досымыз төрге шықсын» деп Мұратқа қошемет көрсетіп жатса, қыздар жағы «астаналық студент» деп айналшықтап қасынан шықпайды. Оның үстіне Мұрат сыныптастарының ешбірі атын да естіп көрмеген «монтана» джинсиін киіп келгенде жігіттердің барлығының аузынан сілекейі аққан. Әр келген сайын бір жаңа киім, «модный Мұрат» деген ат қойып алды қатарластары. Бұл соны көріп қаладан сондай киім тауып киюге тырысатын. Тура Мұраттікіндей болмаса да соған ұқсайтын киім сатып алып киетін. 

Осылай күндер, айлар, жылдар зымырап өтіп жатты. Мұрат оқуын бітіріп келіп колхоздың зоотехник қызметіне жұмысқа орналасты. Көрші ауылдың қызына үйленіп ауылда тұрып қалды.

Ақан болса оқуын бітіргеннен кейін автопаркке қайта келіп жұмысын жалғастырып жатты. Үмітпен танысып отау құрды. Үміт мектепте істейді. Екеуі ақшаларын тірнектеп жинап баспана сатып алды. Үйлі-баранды. Жұмысы да жаман емес. Аға шебер. Жұбайы екеулеп табыс тауып, жағдайларын түзеп алды. Тоқсаныншы жылдардың басында шетел көліктері қаптап келе бастады. Бұл азын-аулық ақшаға ескілеу «иномарка» сатып алды. Баласы мен қызын алып жұбаймен ауылға тартып кеті. Көңілін алып ұшқан қуаныш автокөліктің жылдамдығынан бетер ұшып барады. Көшені қақ жарып кетіп бара жатып масаттана жан-жағына қарап қояды. Осы сәтте алдынан джип машинасы өте шықты. Рөлде Мұрат. Жаңағы алып ұшқан көңілі су сепкендей басылды. Жай зоотехникте қайдан джип? Басы қатты. Кейін білді, колхоз тарап ұжымның мүшелері колхоздың дүниесін паймен бөліп алғанын. Мұрат өзінің және әкесінің үлесін иемденіпті. Бірнеше бас қой, техника алып бірден қарық болғанын.

Ақан ауылда көп кідірмей кешке қалаға қайтып кетті. Ешкімді көргісі келмеді. Миын солқылдатып соғып жатқан ойымен арпалысып үйіне келді. «Неге осы Мұратқа бәрі жеңіл беріле салады?»  Көз алдына сол баяғы белесепет келді. Мұрат «мені көрдің бе?» дегендей белесепетімен ары-бері зымырап жүр.

Автопаркті біреулер жекешелендіріп алып, басшы қызметтерге өз адамдарын әкеліп қойды. Жұмыстың жөнін білмейтін біреуді директор етіп тағайындапты. Қасындағылар бірнен кейін бірі жұмыстан кете бастады. Ақан кеткенде қайда барамын деп қалып қойды.

Ақанның да өз бақыты, өз қуанышы бар. Оның бағына Үміт жақсы әйел болып кездесті. Отбасының берекесін келтіріп қана қоймай жұмысында да беделді. Соның арқасында міне қаладағы үлкен мектептің директоры болып тағайындалды. Сол сәттен бастап бұлардың тасы өрге домалады. Көп ұзамай жаңа кең үйге көшті. Енді міне, су жаңа джипке қолы жетті. Сатып алғаны сол еді бала-шағасын алып бірден ауылға тартқан. 

«Армандар орындалады!» - деп күбірлеп қояды. Үміттің «Не деп сыбырлап келесің?» - дегеніне күлімдеп бір қарап қойып көзін қысты да ары қарай өз ойымен өзі отыра берді. 

Ауылға келмегелі көп болған, Көшеге жаңа тас жол салынып, жарық орнатылып ауылдың іші түрленіп кетіпті. Бұрынғыдай көшені қақ жарып шаңын шығара қарашаңыраққа барып тоқтаймын деп келе жатқан. Көшеде сенделіп жүрген ешкім жоқ. Әркім өз шаруасымен. Үйге келіп тоқтағанда көліктен түсе салып көрші үйдің ауласына көз жүгіртті. Сондағы іздегені – Мұрат. Ол мұны көріп «Ооо, Ақан, сәлем! Сен өзің крутой болып кетіпсің ғой!» - деп айтса деген арман.

Мұрат та, оның көлігі де көрінбеді. Үйге кіріп жөн сұрасқаннан кейін шәй үстінде әңгімеден білді: Мұрат барлық малын, техникасын сатып аудан орталығына  көшіп кетіпті. Әкімдіктен үлкен лауазым ұсынған көрінеді. 

Кешкі астан кейін сыртқа шығып темекісін тұтатты. Мініп келген көлігін барып сыртынан сипалап: «Сен белесепет емессің, мен Мұрат емеспін. Несіне өзінен өзім Мұратпен бақ сынасып жүрмін. Оның жолы басқа, өмірдегі ырзығы бөлек. Менің тағдырыма оның қандай қатысы бар? Құдайға шүкір, менің де бақытым бір басыма жетеді», - деп өзімен өзі сөйлеп кетті. «Осыдан кейін көңілі орнына түскендей болып, темекісін терең бір сорды да қалдығын шиыра лақтырып: «Солааай!» - деді де ішке кіріп кетті.

Трактор

Бүгін ауылда той. Көршінің баласы үйленіп жатыр. Біздің ауылда той, жиын болса «тай-тұяғына» дейін жиналып, бір үйдің балаларындай атсалысып кетеді. Үлкендер жастарға жөн сілтеп, білгендерін айтып, жастары аулаға стөлдер құрып, жарық жүргізіп дастарқанға дайындық қамына кіріскен. Жеңгелер мен келіндер қазан-ошақ жақта өз шаруаларымен абыр-сабыр болып жатқаны.  Біздің үйдегілер де сонда. Тамыз айының күні тамылжып тұр. Азаннан көңілімді Жеңіскүл мазалай берді. Пиялайдағы шайдың астына барып шөккен қайнатқан өріктің маңызы сияқты жүректің түбіне тереңдеп батқан тәтті сезім шығар, әлде түнгі көрген түсімнің әсері ме, жоқ жазғы каникулдың, мен үшін, тым ұзарып кеткені ме, Жеңіскүлді бір көруге ынтықтым.

Екеуміздің ауылымыздың арасы жиырма шақырымдай. Мен үшін оның ауылы қиыр шығыста жатқандай көрінеді кейде. Үш ай каникул үш жылға созылғандай, уақыттың соншалықты еріншек баладай жай қимылдайтыны да жыныма тиеді. Осындайда Алладиннің ұшатын кілемі менде болса күнде таңертең бір сәтке Жеңіскүлдің ауылына ұшып барып, үйлерінің үстінде қалықтап тұрып алар едім. Оны өз көзіммен бір көрсем соны медет тұтып, сағынышымды басып қайтып ұшып кетер едім деп ойлаймын. Немесе, екі ауылдың арасын арманның дариясы жалғап жатса көңілдің кемесіне мініп, барып қайтар едім деп те бір қоямын.

Тостағанның түбіндей аулымызда үш кластық қана мектеп. Төртінші кластан бастап Жеңіскүлдің ауылындағы интернатта жатып оқыдық. Алты күн сонда жатамыз да сенбі кешке ауылға оқушыларды таситын автобуспен келіп, демалыста әке-шешеміздің қасында болып, дүйсенбі таңертеңмен қайта кетеміз. Төртінші сыныпта біздерді «а», «б», «в» деп бөліп, мен «б» сыныбына топ еттім. Жеңіскүл «а» сыныбында. Ауылымызда бір сыныпта бар-жоғы 8-9 баладан болатын. Барлығы бір-бірімен ағайын-туыс. Мұнда келіп көп баланың ортасына түскенде  біртүрлі сезімде жүрдім. Мұғалімдер де көп екен. Әр пәнге бір мұғалім. Ауылда жалғыз ағайды ғана көріп өскен біздерге басында тез үйреніп кету қиындау тиді. Бірте-бірте оған да үйрендік. Қатарлас үш сынып болған соң үстаздарымыз бізге келіп анау екі сыныптың оқушыларын ауыздарынан майы тамғанша мақтайды. Сөйтсек әдейі біздің намысымызды қайрау үшін айтатын көрінеді. Ол сыныптың оқушылары шетінен үлгерімі мықты, шетінен тәртіпті деген сөз емес. Ішінде бірнеше оқушы бар, білімді, алғыр. Негізінен мақтау мен мадаққа ие сол санаулысы ғана. Соның бірі – Жеңіскүл. Математика пәнінің мұғалімі сол қызды айтып қоймайды. Осы Жеңіскүлге көңілімнің ерекше құлағанына пән мұғалімдерінің сөздері әсер етті ме екен, жоқ әлде, екі бұрымы екі иығынан жарыса кеудесіне қарай құлап, ұштарына байланған ақ бантиктері менмұндалап щақырып тұрғандай көрінетіндігінен бе, әлде, алдыңғы екі тісі ақ күріштей жүзіне ажар қоса қалатын күлкісі ме, қап-қара түймедей болған көздері терең теңіздей ойлы  түнығына шақырып тұрғандай әсерленуім бе екен, әйтеуір Жеңіскүлге көңілім ерекше ауды.

Әр сыныпқа бір кабинет бекітіліп қойған. Екі оқушыдан кезекші бекітіліп, сабақтың соңында олар кабинетті тазалап, еденін жуып кету міндеті. Ол жағынан да жарыс. Жоғары сыныптың бір-екі оқушысы арнайы келіп тексеріп, баға беріп жатады.

Сыныпта кезекші болған кезімде сол «а» сыныбындағы Жеңіскүлдің кезекшілігімен қатар түсуді қалайтынмын. Өйткені сабақтан кейін бәріміз еден жуып, кабинетті тазалап, бір-бірімізбен жарысамыз. Соның арқасында сабақ кезінде араласа алмаған олқылықты осы сәтте пайдаланатынмын. Сосын үйге бірге қайтамыз. Бұл жақындаса берудің әдемі мүмкіндігі еді.  Бірге қайттық дегені болмаса ашылып сөйлесіп, сырласқан емеспіз. Ынжықтығым ба, әлде сөзге шорқақтығым ба, әйтеуір үнсіз қасында жүретінмін. Қазір ойласам күлкім келеді.

Сыныптан сыныпқа көшкен сайын Жеңіскүлге сезімім күшейе түсті. Жазғы каникулдың тез біткенін асыға күтетінді шығардым. Міне қазір де сол сезім бойымды толық билеп алған сияқты. Бірінші қыркүйекті асыға күтіп жүрмін. Биыл оныншы сыныпқа барамыз. Айтпақшы, Жеңіскүлге ең алғаш алтыншы сыныпта хат жаздым ғой. Хатымның түрі, «Мен сенімен дос болғым келеді» деп. Оны өзім емес парталас сыныптасым арқылы беріп жібердім. Келген соң сұрадым, «оқыды ма?» деп. «Оқымай алды да жыртып-жыртып тастады» дегенде ішім удай ашыды. Менің хат жазғанымды Жеңіскүл өзі ылғи да бірге жүретін төрт қызға айтқан көрінеде. Сол күні кешке күндегідей бірге қайтып келе жаттық. Мектептен ұзап шыққанда қыздар маған тиісе бастады. Сондағысы «Неге хат жаздың?» деп тап-тап береді. Өзімді кешірілмес  қателік жасаған қылмыскердей сезініп келемін. Алдыға шығып, жүрісімді жылдамдаттым. Бір сойқанның болатынын желкеммен сеземін. Артымнан жүгірген аяқтың даусын естіп жалт қарағаным сол еді, Бүбайша бар пәрменімен сөмкесімен періп қалғаны. Күтпеген жерден соққы алғанымнан алға қарай омақаса құладым. Олар мәз болып күліп жатыр. Ызадан булығып орнымнан тұрдым да артыма қарамай интернатқа қарай жүгіріп кеттім. Осылай хат жазамын деп қыздан таяқ жегенім бар.

Жетінші сыныпта жайлап достаса бастадық. Мектептен қайтқанда сөмкесін алып жүретінмін. Ол дегенің үлкен мәртебе сияқты. Әр нәрсені сылтауратып жиі көруге асығатынмын. Осы дәстүр тоғызыншы сыныпта да жалғасты. Біздің интернат Жеңіскүлдің үйіне бара жатқан жақта. Оның үйі көшенің бас жағында. Сабақ кеш біткенде Жеңіскүлді үйіне дейін шығарып саламын деп кешкі тамақтан қағылатын күндерім де болатын. Ондай жағдайда Жеңіскүл үйінен таба нан мен қызанақ алып шығып, аш қалдырмайды. Үйіне қарама-қарсы, көшенің екінші бетінде өсіп тұратын қалың теректердің арасына кіріп алып тамақтанып аламын. Осылай екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас нығайа берді. Интернатта жалғыз телефон директордың жұмыс бөлмесінде. Түнде терезенің әйнегін ашып, ішке ұрлана кіріп, Жеңіскүлге қоңырау шаламын. Олардың телефоны екі бөлмелі жазғы үйде. Күндіз келіскендей ел ұйықтады-ау дегенде ол сол жерге барып менің қоңырауымды күтеді. Содан екеуміз түннің бір шамасына дейін сырласамыз. Армандарымызды айтып қиялданамыз. Бір қызығы ондай кезде мен шешен болып кетемін. Қасында болсам тілім байланады да қалады. Телефон арқылы сөйлесу ыңғайлы көрінеді. Сайраймын ғой, тоқтамай сайраймын. Сіздерде де солай ма? Осылай екеуміздің бір-бірімізге деген көңіліміз үлкен сезімге ұласып, нығая берді.  Енді міне, «сол қызды көргенше күйіп-жанып барамын» деп айтқандай, сағынышым күннен күнге күшейіп бара жатқан сияқты.

Мен алтыншы сыныпқа көшкенде әкем ауылдағы қызметін тастап қойшы болып кетті. Үш жылдай қой бақтық. Кейде қойлар ауырып өліп жататын. Оны сойып басын денесінен айырмай терісін сыпырып аулаққа апарып, талдың адам бойы жетпейтін тұсына іліп қоятынбыз. Онысы орталықтан комиссия келіп акты жасап, әлгі малдың басын мойнынан балтамен шауып есептен шығару үшін. Малда бруцеллез деген ауыру болады екен. Сондай малды сойып жүріп оның ауыруы маған қан арқылы жұққан көрінеді. Былтыр күзде аяғымның буындары ісіп кетіп ауыруханадан бірақ шықтым емес пе. Осы ауырудың салдарынан мүгедек болып қалу қаупі бар деген дәрігерлердің сөзінен кейін мен үшін бәрі астаң-кестең болып кеткендей күй кештім. Жеңіскүлге қайтіп айтамын. Бәрі бітті деп ойладым. «Өзі сұлу, сымбатты, ақылына көркі сай Жеңіскүл мен сияқты мүгедекті қайтсін» деп мұң құштым. Ауыруханада жатқанымда оған сырқатым туралы айтып, енді екеуміздің болашақта бірге бола алмаймыз деп хат жаздым. Қалалық ауырухананың жұқпалы ауырулар бөлімінде бір айға жуық жатып емделдім. Демалыс күндері үйдегілерге әртүрлі сылтау айтып Жеңіскүл келіп-кетіп тұратын. Сондай бір келген сәтінде үйге барғанда оқырсың деп хатты қолына ұстаттым.

Жеңіскүл хатты жол-жөнекей оқып, үйге жеткенше жылапты. Үйдегілер «не болды?» десе, «ауырып тұрмын» деп айта салған ғой. Ертесіне сабақта отырып та көз жасын тия алмаған көрінеді. Сынып жетекшісі тәптіштеп сұрап қоймаған соң хатты көрсетіпті. Алтынкүл апай алдымен «Махаббатты ойлау саған әлі ерте. Қазір сен сабақтан басқа ештемені ойламайтын кезің» деп ұрсыпты. Артынан құшағына қысып тұрып «Емделмейтін ауыру жоқ, әлі –ақ аттай болып жазылып кетеді. Жылағаныңды доғар» деп жұбатқан көрінеді. Сол оқиғадан кейін Жеңіскүл екеуміздің арамыз бұрынғыдан да жақындай түсіп, бір-бірімізге деген сезіміміз арта түсті. Мектепте үзіліс кезінде кездесіп, мектептен кейін де бірге жүруге асығатынбыз. Жеңіскүлдің көршілері бізді жиі көргеннен соң ба әр түрлі өсектерді өкіртетін болды. Жеңіскүл содан кейін алыстай бастады. Оған мен қатты ашуланып «Осы қатындарға не жоқ, бізден басқа әңгімесі құрып қалды ма?» деп кейіген кездерім де болды. Аздап өлең жазатыным бар. Ішкі сезімімді осы өлеңдеріммен жеткізуге тырысамын. Сөйтіп жүріп Жеңіскүлдің көңілін өзіме қайта бұрып алдым. Өшіп бара жатқан бала махаббатымызды там-тұмдап хаттарыммен, өлеңдеріммен қайта лаулаттым. Кіршіксіз көңіл, шынайы сезім бар болса ол ешқашанда жүректен өшіп кетпейді екен, ешқашан сөнбейді екен. Ішкі дүниеңнің түпкірінде қып-қызыл шоқ сияқты баяу ғана түтанып тұра береді. Керек кезінде қайтадан лаулап жана кететін тілсіз күш екен. Біздің де махаббатымыз осылай бірде баяулап, бірде жалын болып  шарпып алады. 

Елдің бәрі тойдың шаруасымен абыр-сабыр болып жатқанын пайдаланып Жеңіскүлдің ауылына барып, сыртынан болса да бір көріп қайтсам деген ой таңертеңнен мазамды алды. Амалын тапқан сияқтымын. Көрші тұратын тракторшы Күмісбек көкемізге барып «Көке тракторыңызды бере тұрыңызшы. Қырдан шөп тасып алайын» деп қиылдым. Ол кісі де «жоқ» демеді. «Абайлап жүр» деді де қойды.

Ең алғаш айдаған көлігіңіз есіңізде ме?..

Біздің ауылда бар-жоғы үш жеңіл автомашина бар. Ол көліктерге міну- қол жетпес арман. Олардың иелері өзіміздің көкелеріміз. Шетінен паң.  Сонымен бірге, біздің түсімізде айдап жүретін, ұжымның  төрт жүк машинасы бар. Ең қолжетімдісі – осы тракторлар. Шөп тасимыз, көң түсіреміз деп ағаларымыз сұрап алғанда жалынып-жалбарынып, әрең дегенде рольге қолымыз жетеді.

Жалғыз баруға жүрексіндім бе, қасыма өзімнен бір жас кіші Ардақты ертіп алдым. Ардақ әкемнің жалғыз қарындасының баласы. Бізге жиен болып келеді. Бірақ екеуміз бір үйдің балалары сияқты жұбымыз жазылған емес. Сүндетке де бірге отырғызған. Шөпке барып қайтайық дегеніме қарсы болмай менімен ілесе шықты. Трактор айдаған оған да қызық болып тұрған сияқты. Қырға шыққан соң оған шөпке емес көрші ауылға баратынымызды айттым. Сөйтіп, Жеңіскүл қайдасың деп тартып кеттік.

Екі ауылдың арасын қара жол жалғап жатыр. Асфальт болмаған соң жаңбыр, қардан ой шұқыры көп, қисалаңдаған жол. Біз тырылдаған трактормен, тасбақа жүріспен, көрші ауылға жеткенше біршама уақыт өтті. Алладиннің клемі болмаса да МТЗмен жеттік-ау, әйтеуір. Трактормен ауылдың ішіне кіруге жүрексіндік. Ауылдың шетінде Ардақты тракторда қалдырып, жаяу кеттім. Жеңіскүлдің үйіне жақындап, көшенің қарсы бетіндегі құдықтың қасындағы орындыққа барып жайғастым. Оның үйінің дарбазасының есігі ашылып, ішінен Жеңіскүл шыға келетіндей жан дүнием аласапыран күйде. Қайдан шықсын. Менің келетінімді білмейді де ғой. Хат алысып хабарласқан жоқпыз. Хабар алса да ол жүгіріп шыға салатын қыз емес. Мінезі тұйықтау, қылтың-сылтыңы жоқ біртоға. Жеңіскүлге қайтіп хабар берерімді білмей дал болдым. Дарбазасының есігі ашылып інісі сыртқа шықты. Сол кезде Жеңіскүлдің аула сыпырып жүргенін сырттай байқап қалдым. Бар көргенім сол болды. Кездесудің еш реті келмейтінін білген соң сырттай бір көргенімді місе тұтып трактор тұрған жерге қайтып келдім. Тоқтаған жеріміз ойпаңдау екен. Тракторымызды оталдыра алмай әбден әуреге түстік.

Трактор оталдырып көріп пе едіңіз? Біз сияқты балаларға азаптың дәл өзі. Маховигіне бір құлаш арқанды орап, бар күшіңмен тартуың керек. Үш-төрт мәрте тартып көрдік. Не маған, не Ардаққа көнетін емес. Мыңқ етпейді де. Қырсық өгіздер болады ғой, не айдағанға көнбейтін, не жетектегенге жүрмейтін. Айыр мүйізін аспанға тік қадап, танауларынан боран бұрқырап тұрғандай, басын төмен салып, тұмсығымен жерге тіреліп алғандай, көздері тостағандай болып әбден діңкеңді шығаратын. Мына тұрған трактор да сол өгіз сияқты ештемеге көнетін емес. Ардақ бір кезде:

- Қазір келемін, - деп жүгіріп кетті. Жақын маңда тоғанда шомылып жүрген бір топ балаларды шақырып, тракторымызды итеріп жіберуін өтініп соларды ертіп келді. Осында шығар кезде де ауылда қыратты жерде тұрған пәтшағарды, дөңгелегінің астындағы тасты алып тастап, төмен қарай қозғалтып жіберіп оталдырып едік. Барлығы келіп жабылып тракторымызды оталдырып алдық. Өстіп жүргенде күн де ұясына батуға таяп қалыпты.

Тракторға отырып, ауылға қарай келе жатырмыз. Ардақ:

- Не болды? Көрдің бе, жолықтың ба?- деп сұрап қояды.

- Ия,- деп басымды изеп қоямын. Сонша жерден келіп сыртынан ғана бір рет көрдім деп қайтіп айтамын. Қараңғы түсе бастады. Қырсық шалғанда тракторымыздың жарығы жанбайды екен. Түн қоюлана бастады. Жол анық көрінбейді. Жайлап жобалап келе жатырмыз. Жолдан шығып кетсек шетіндегі арыққа түсіп кетіп апат болуымыз мүмкін. Құдай бізге қарайласты ма, толған айдың жарығы жолды ағартып көрсетіп тұр. Сонда да аракідік қисалаңдап жолдан шығып кете жаздаймыз. Амал жоқ трактордың есігін ашып, Ардақ жартылай денесін сыртқа шығарып, жол сілтеуші рөлін атқаруға кірісті. Трактордың жарығы да, менің көзім де сол. Ішімнен Ардақты бірге ілестіріп шыққаныма қуандым. Ол болмағанда жарым жолда қалған екенмін. Осындайда жол ұзарып кетеді емес пе. Ауылымыз тұрған жерінен арыға көшіп кеткендей жетуіміз қиын болып кетті. Ардақ та шаршады ма , ішке кіріп демін алып:

- Тракторды мен айдайыншы, - деп, қиылды. Осында келе жатқанда да рөлді берген жоқпын. Оған берсем, Жеңіскүл мені тарығып күтіп отырғандай,  біз уақтысында жете алмай, оны ренжітіп алатындай «Қайтарда айдайсың» деп қойғанмын.

- Жарығы жоқ, онсыз да әрең келеміз. Одан да жолға қара, - деп рөлді бермедім.

Ардақ өкпесін жасырмай:

- Сен бағана қайтарда айдайсың деген едің ғой,- деп бұртиды.

- Қазір бізге тоқтауға болмайды. Трактор өшсе шаруамыз бітеді. Жолда қаламыз, - деймін оған. - Үйдегілер де іздеп жатқан шығар.

Біздің ауыл қырдың астында орналасқан. Әйтеуір іләкәрлап ауылға да жеттік-ау. Қырдан түсіп, тракторды орнына апарып қойдық. Ардақ секіріп түсіп үйге қарай жүре берді. Мен тракторды өшіріп артынан жайлап түстім. Сарт еткен шапалақтың даусы шықты. Ағам жүгіріп келіп алдында бірінші кездескен Ардақты шапалақпен ұрған екен. Мен оны көре салып қашып үлгердім. Ағамның артында анам келе жатыр. Ағама айқайлап ұрсып тастады. «Жиенді ұрма, оған тиіспе» дейді. Оны тыңдап жатқан ағам жоқ. Мені кішкене қуалап көрді, жеткізем бе. Қараңғыға сүңгіп жоқ болдым.

Жазықсыздан жазықсыз Ардақ таяқ жеп қалды. Кеш болғанда тойдың алдында көрші көкеміз анамнан сұрапты, «Балаңыз шөп әкелем деп тракторды алып еді, әлі келмеді ғой, қайда жүр?» деп. Содан бізді іздеу басталады. Қырда трактор да, шөп те жоқ. «Бұлар қайда жүр?» деп әбден алашапқын болыпты. Анам «тірі болса болды екен» деп кеудесіне сыймай алқынған жүрегін шүберекке түйіп тілеуімізді тілеп, қайта-қайта қырға қарайлаған ғой. Содан ағама айқайлап, «ана баланы іздестір, қырды түгел қарап шық!» деп тапсырған. Ол қырдан таппай қайтып келіп, «аман болса келер» деген де қойған. Соның екпіні ғой Ардақтың шапалаққа тап болғаны. Түнді пайдаланып тығылып үйге жеттім. Барлығы тойда жүр. Тойдың қызығынан ба, біздің аман-есен келгенімізден бе үйдегілер бізді ұмытып кетті. Бәрі басылған соң біз Ардақ екеуміз де тойға араласып кеттік.

 

Ілияс Башарұлы

 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan