Жазушы-драматург Жақсылық Мұратбектің «Императордың емі» комедиясы туралы сын-пікірді оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Болашағынан зор үміт күттіретін талаптыларды көрген сайын қуанасың. Жазғанымен сүйсінтіп, ізденісімен қызықтырып жүрген жастардың бірі – Жақсылық Мұратбек. Оның шығармашылық жолы менің көз алдымда басталған-тын. Оны алғаш таныған күннен бері тек өсу, жетілу, даму үстінде келе жатқанын байқаймын. Жас талаптың студенттік кезеңі Астана қаласында өтті. 2017-2021 жылдары Қазақ Ұлттық Өнер университетінде оқыды. ҚР Еңбек Ері Әкім Тарази мен Мемлекеттік сыйлық иегері Роза Мұқанованың шеберханасына («Кинодраматургия» мамандығы) талапкер болып келген сары ауыз балапан сәті есімнен еш кетпейді.
Кешегі алғыр студент, бүгінгі шығармашыл әлеуеті жемісті жігіт есім-сойының соңына «драматург» деген қосымша жалғады. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі атанды. Оқу бітірген соң, оқырмандарына «Тау ішіндегі көлеңке», «Бақсы көрген», «Мен сені сағынады екем», «Көктем гүлсіз басталған», «Аспаны жақын ауылдың...» деген кітаптарын ұсынып үлгерді. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрынан бастап еліміздің бірнеше белді өнер ордасының сахнасында жазған пьесалары спектакль болып ойналып жатыр. «Бәрекелді!» деп бас бармақ көрсетуге болады.
Сол драматург бауырым жаңа шығармасын жолдаған екен. Әуелде «Не жаза қойды екен?» деген сыншыл кейіпте оқыдым. Қызықтым. Сосын қайта оқыдым. «Императордың емі» деген комедиялық пьесасы – билік, қорқыныш, жағымпаздық, халық наразылығы және адам мінезіндегі екіжүзділік секілді әлеуметтік құбылыстарды сатиралық формада бейнелейтін сахналық шығарма.
Пьесаның негізгі оқиғасы сырқатқа шалдыққан императордың айналасында өрбиді. Автор императордың дертін тек тән ауруы ретінде еғана мес, тұтас билік жүйесінің рухани, моральдық дерті ретінде көрсетеді. Елді қорқынышпен басқарған, әділетсіздікке жол берген патшаның ауыруы – кездейсоқ жағдай емес, халық қарғысының, жүйенің іріп-шіруінің көркем белгісі.
Шығармада комедиялық сипат басым болғанымен, оның астарында ащы әлеуметтік сын жатыр. Император сарайындағы уәзірлер, жағымпаздар, қорқақ емшілер, пайдакүнем тоқал, жалған бақсы, тіленші мен саудагерлер арқылы автор қоғамдағы әртүрлі мінезді ашады. Әсіресе бас уәзір бейнесі – билікке қызмет ете жүріп, іштей сол билікті жек көретін, бірақ өз басының амандығы үшін кез келген әрекетке баратын екіұшты тұлға.
Пьесадағы Емберген бейнесі ерекше назар аударады. Ол – сырттай дөрекі, бейпіл ауыз, қиқар адам болып көрінгенімен, шын мәнінде халықтың ішкі қарсылығын, ашық айтылмаған шындығын жеткізуші кейіпкер. Оның императорға қарсы айтқан сөздері – пьесаның идеялық шарықтау нүктесі. Емберген арқылы автор қорқынышқа құрылған биліктің әлсіздігін, халықтың үнсіз жатқан ашуын көрсетеді.
Комедияның тілі қарапайым, ауызекі сөйлеу мәнеріне жақын. Бұл пьесаны сахнаға қоюға ыңғайлы етеді. Кейіпкерлердің диалогтары арқылы мінез ашуға талпыныс бар. Әсіресе базар көріністері, халық арасындағы сыбыр сөздер, сарайдағы абыр-сабыр, емшілердің үрейі комедиялық ырғақ қалыптастырады. Сонымен бірге пьесада әлі де өңдеуді қажет ететін тұстар бар. Біріншіден, шығармадағы оқиға желісін жинақтап, кей көріністерді ықшамдау қажет. Кейбір диалогтар ұзақтау және қайталама сипатта берілген. Екіншіден, кейіпкерлердің аттарын біріздендіру керек: бір жерде «Тоқал», бір жерде «Сүлік», бір жерде «Сұлушаш» деп берілуі көрерменді шатастыруы мүмкін. Үшіншіден, сахналық ремаркаларды нақтылап, әрекет пен диалогтың ара жігін айқындаған жөн. Енді пьеса жазып жүрген қаламгерге бұл кешірімді жәйт. Ал үш пьесасы сахнада ойналып жатқан, жаңа дүниелері көркемдік кеңес сүзгісінен өтіп, сахнаға жол тартқан драматургке жараспас қылық. Мұны Жақсылық бауырым ескеруі тиіс.
Пьесаның ең ұтымды тұсы – оның сатиралық әлеуетінде. Автор күлкі арқылы қорқынышты қоғамды, әділетсіз билікті, жағымпаздық психологиясын әшкерелейді. Императордың сырқаты – жеке адамның ауруы ғана емес, тұтас жүйенің дерті ретінде бейнелеген. Ал оны емдейтін шынайы емші табылмауы – қоғамда шындықты айтатын адамның азайғанын білдіретін көркем шешім.
«Императордың емі» – сахналық тұрғыдан өңделсе, өткір әлеуметтік комедияға айналуға мүмкіндігі бар шығарма. Онда халықтық юмор, саяси сатира, гротеск, фарс т.б. әдеби элементтер бар. Пьеса оқырманды күлдіре отырып ойландырады. Автордың басты жетістігі де осында: ол билік пен халық арасындағы алшақтықты, қорқыныш пен әділетсіздіктің адам мінезін қалай бұзатынын комедиялық тілмен жеткізе алған.
Сөзімізді қорытындылай айтқанда, драматург Жақсылық Мұратбектің «Императордың емі» пьесасы – идеялық өзегі айқын, сатиралық қуаты бар, сахнаға лайықтауға сұранып-ақ тұрған шығарма. Драматургиялық құрылымы редакциялық тұрғыдан жетілдірілсе, бұл туынды бүгінгі көрерменге де әсерлі, өзекті әрі ой салатын комедия бола алады.
Іске сәт, жас қалам!
