Иссумбоси
Шынашақтай бойлы болса да, тағдыр жолында тап келген қиындықтарды жеңе біліп, өз бақытына қол жеткізген қайсар балақай туралы жапон халқының бұл ертегісі жас оқырмандарды қызықтырары сөзсіз.
Ерте, ерте, ертеде бір шағын ауылда шал мен кемпір өмір сүріпті. Шал мен кемпірдің балалары болмапты. Олар осы жағдайды ойлап қатты қамығады екен.
— Бізге бір ұл сыйлап, жабырқау көңілімізді жұбата гөр! - деп олар әрдайым Күнге жалбарынады екен.
Жылдардан жылдар өткенде Күн олардың тілегін қабыл алыпты. Бір күні таңертең шал мен кемпір шабдалы ағашының түбінен кіп-кішкентай нәресте тауып алды. Бұл нәресте расымен де ұл екен. Оның кіп-кішкентайлығы соншама, бастан-аяқ денесі кішкентай саусақтай-ақ еді. Сондықтан шап-шағын дене тұрқына қарап, ата-анасы оған Иссумбоси, яғни «Шынашақтай бала» деген ат қойыпты.

Уақыт шіркін зырлап өте беріпті... Алайда жылдар өтсе де, Иссумбосидің бойы мүлде өспепті. Ол бес жасында да, жеті жасында да, тіпті он екі жасында да сол баяғы кіп-кішкентай, шынашақтай қалпында қалыпты.
Балақай әнді жақсы айтып, биді тамаша билей білгенімен, ата-анасының жұмыс-шаруасына ешқандай көмек көрсете алмапты. Бұл жағдайға Иссумбосидің өзі де қатты қамығатын еді. Оның үстіне ауыл балалары да Иссумбосимен бірге ойнағысы келмейтін, оны көргенде әрдайым мазақтап, бірі «қортық» десе, енді бірі «тышқан» деп әбден ызаландырып, келемеждейтін.

Иссумбоси мұндай жағдайға әрдайым сабырлылық танытып, ұзақ уақыт шыдаумен болды. Ақыры бір күні ол бұл жерден кетуге бел буды.
– Астанаға барамын, - деді ол бір күні ата-анасына. – Мүмкін, сол жерден өзіме лайық жұмыс тауып қалармын. Маған рұқсаттарыңызды беріңіздер, еш алаңдамаңыздар!
Шал мен кемпірдің ұлынан еш айырылғысы жоқ еді. Бірақ амал нешік? Жыл өткен сайын тіршілік ету қиындап, күнкөріске жетерлік азық-түлікті табу да оңай болмай бара жатқан еді. Кейде тіпті үйде тамақ істеп ішерлік бір уыс күріш те болмай қалатын. Ақыры ойлана келе, шал мен кемпір ұлын қалаға жұмыс іздеу үшін жіберуге шешім қабылдады.
Иссумбоси бірден жолға жинала бастады. Жолда тіреу болатын таяқтың орнына ол тамақ жеуге арналған хаси ағаш таяқшаларды алды. Ал шай ішетін кішкентай тостағанды қолшатыр ретінде пайдаланатын болды. Астанаға дейінгі жүрер жол ұзақ еді. Сапар барысында жалғыз жолаушыны алда көптеген қиындықтар мен күтпеген қауіп-қатерлер күтіп тұрған болар, бәлкім? Сондықтан Иссумбоси қылышын да асынып ала жүрмек болды. Оның «қылышы» – кәдімгі іс тігетін ине болатын. Ол «қылыш-инені» сабаннан жасалған қынапқа салып алды.
Ата-анасы Иссумбосиді ауылдың шетіне дейін шығарып салды.

– Осы жолмен жүре берсең, сені өзенге алып барады. Ал астанаға жету үшін өзеннің ағысына қарсы ұзақ жүзуің керек, - деп ата-анасы барар жолды түсіндірді.
– Еш уайымдамаңыздар, - деп ата-анасын жұбатады Иссумбоси. Ол басын жерге жеткенше иіп, ата-анасына тағзым етті де, жолға түсіп, жігерлене адымдап, көңілдене әндетіп жүріп кетті.
Иссумбоси сол жүргеннен ұзақ жүрді, бірақ алдынан кезігер өзен әлі көрінбеді. Бір кезде алдынан Құмырсқа кездесті.
– Құрметті Құмырсқа! Өзенге қалай жетуге болатынын айтып жібермейсіз бе? - деп сұрады одан Иссумбоси.
– Өзенге дейін әлі көп жер бар, - деп Құмырсқа ықыласпен жауап берді. — Бақбақтардың арасындағы мына соқпақпен жүре берсең, өзенге тезірек жетесің.
– Рақмет, мейірімді Құмырсқа! - деп Иссумбоси, көрер көзге әрең байқалатын жіңішке соқпаққа қарай бұрылды.

Иссумбоси соқпақпен жүре берді, жүре берді. Бақбақ гүлдеген алаңқай да аяқталды, одан әрі қырықбуын өскен алқап созылып жатты. Әбден әлі құрып шаршаған кезде ғана Иссумбоси қарсы алдынан судың сарқыраған дыбысын естіді. Тағы да біраз жүрген соң, ол үлкен өзеннің жағасына келіп тірелді.
Өзенге жетуін жеткенімен, ағысқар қарсы қалай жүзбек? Дәл осы кезде тостағаны кәдеге жарады. Иссумбоси тостағанды қайық етіп мінді, ал хаси таяқшасын ескектің орнына пайдаланды. Балақай қайығын өзеннің ағысына қарсы бағыттап, ескекті бар күшін салып, тынымсыз есумен болды. Күн батып, қараңғы түскенде, Иссумбоси қайығын қамыс арасына бекітіп қойды да, бүк түсе бүрісіп жатып, ұйықтап қалды...
Ол осылайша қайықпен өзенді қарсы бойлап үш күн жүзді. Ақыры бір кезде өзен жағасынан қаланың алғашқы үйлері көріне бастады. Үйлердің саны барған сайын көбейе түсті. Тостаған-қайық үлкен әрі әдемі көпірдің астынан жүзіп өтті. Осылайша қажырлы Иссумбоси астанаға жүзіп жетіп алды.

«Неткен үлкен қала! Мұнда адам қандай көп еді! Бір мезетте осыншама көп адамды бұрын-соңды көрмеппін! - деп ойлады Иссумбоси. – Бірақ енді бұл қаланың ішінде қайда барсам екен?»
Ол жолай кездескен біреулер болса, қай жерден жұмыс табуға болатынын сұрағысы келді. Алайда кіп-кішкентай баланы мұнда ешкім байқай қоймады. Иссумбоси біраз ойланып тұрды да, алыстан көрінген сонау үлкен үйге қарай барғаным дұрыс болар деп шешті.

Әлдебіреудің өзін аяғымен таптап кетуінен қорыққан Иссумбоси жан-жағына мұқият қарап, адамдар аз жүретін жерлерді таңдап, өте сақтана адымдап, көшеде жылдамдата басып келе жатты.
– Неткен әсем үй! Нағыз салтанатты сарай деген осы-ақ болар! - деп таңдана күбірледі Иссумбоси, межелі жерге жеткенде. – Мүмкін, бұл үйден маған лайықты жұмыс табылып қалар.
Ол қақпаның толық жабылмаған саңылауынан ішке өтіп, бақтың ішімен жүрген қалпы, зәулім үйдің алдындағы биік тас баспалдақтың алдына келіп тоқтады.
– Әй, мұнда біреу бар ма? Сәлеметсіздер ме! Бұл, мен – Иссумбосимін! - деп балақай бар даусымен айғайлады.
Осы кезде үйден бір ұзын мұртты адам шығып, баспалдақпен төмен түсті. Ол жан-жағына қарап:
– Бұл не болды екен?! Мұнда біреу шиқылдап тұрған сияқты ма, өзі? Бірақ ешкім көрінбейді ғой! - деді таңырқап.
– Мен мұндамын, сіздің гетаңыздың (гета – жапондардың ағаштан жасалған аяқкиімі) көлеңкесінде тұрмын! Өтінемін, абай болыңызшы, мені басып кетпеңізші! - деп Иссумбоси сабырсыздана айқай салды.
Әлгі адам сонда аяғының астында тұрған Иссумбосиді көріп қатты таңғалды. Ол балақайды жерден көтеріп алып, алақанына отырғызды да:
– Сен кімсің және мұнда не үшін келдің? - деп сұрады.

– Мен Иссумбосимін! Астанаға сонау алыстағы ауылдан келдім. Сіздің үйде маған лайықты жұмыс жоқ па?
Адам күліп жіберіп:
– Ал сен не істей аласың, батыл саяхатшым? - деп сұрады.
– Ендеше қараңыз! - деді Иссумбоси.
Ол сабан қынабынан ине-қылышын суырып алды да, ұшып бара жатқан шыбынды бір-ақ түйреп түсірді.

– Мен және де ән айтып, би билей аламын! - деді ол.
Сөйтіп, Иссумбоси сол жерде әлгі кісінің алдында тамаша би билеп берді.
– Жарайды, ендеше. Мен сені қызметке аламын, - деді үй иесі.
Осылайша балақай сол зәулім үйде қызметші болып орналасты. Оны бәрі жақсы көрді. Иссумбоси әсіресе үй иесінің сұлу қызы Ханакоға қатты ұнады.
Ханако жазу жазған кезде, Иссумбоси қағаздың шетін ұстап тұруға міндетті еді. Ал сугороку ойынын ойнағанда, Иссумбоси тақтадағы тастарды жылжытып тұратын. Сонымен қатар ол қажетіне қарай ән айтып, би билеп, үй иелері мен қонақтардың көңілін жиі көтеретін.

Сөйтіп қызмет етіп жүргенде бірнеше жыл өтті. Бір күні Ханако Иссумбоси мен қызметшілерін ертіп Киёмидзу ғибадатханасына барды.
Ғибадатханадан қайтар жолда олар адамдар көп жүре бермейтін, қаңырап жатқан иен жермен келе жатты. Кенет ағаш арасындағы көлеңке жерден үш бірдей алып жын атып шықты. Бұл жындардың біреуі жасыл, екіншісі қара, ал үшіншісі қызыл түсті екен. Жасыл мен қара түсті жындардың қолында жуан темір найзасы бар екен. Ал қызыл жын қолына сиқырлы таяқша тәрізді бақыт балғасын ұстап алған екен.
Жындар жолаушылардың жолын бөгеп тұра қалды.
– Қолға түстіңдер ме, бәлем! Қазір мына қызды ұрлап әкетеміз, ендеше! - деп олар бар дауыстарымен қарқылдай күліп, дауырыға айқайласты.
Сол сәтте қорықпас қайсар Иссумбоси алға шықты.
– Бұл арам ойларың жүзеге аспайды! Өйткені мұнда мен – Иссумбоси бармын! – деп айқай салды ол, батыл дауыспен.
Осы сөздерді айтқан қорықпас Иссумбоси екпіндей жүгіріп келіп жоғары секірді де, қарсы тұрған жасыл жынның көзін қылышымен түйреп алды. Қатты түйрегені соншалық, жынның жасыл түсі бұрынғыдан да бетер жасылданып кетті.
– Ойбай, көзім-ай! - деп айғайлаған жын найзасын лақтырып жіберіп, қаша жөнелді.
Содан кейін Иссумбоси бірден қара жынға қарай ұмтылды. Жете бере, оның да көзіне қылыш-инесін түйреді! Сосын тағы да түйреді! Көзін ауырсынғаннан түсі қап-қара болып кеткен қара жын да ойбайлап қаша жөнелді.
Мұны көрген қызыл жын апандай аузын арандай ашып, қорықпас Иссумбосиге тап берді.
Бірақ Иссумбоси оның шабуылына да дайын еді. Ол аса ептілікпен қызыл жынның аузына секіріп кіріп кетті де, оның тілін қылышымен піскілеп түйрей бастады.
– Ойбай, тілім ауырып кетті! Тоқтатшы! Жеңілдім! Болды! - деп бақырды сонда қызыл жын.
Сонда ғана Иссумбоси жынның аузынан жерге секіріп түсті. Қызыл жын болса, алды-артына қарамастан қаша жөнелді. Ол қашып бара жатып, бақыт балғасын қолынан түсіріп алды.

Иссумбоси сиқырлы балғаны жерден көтеріп алып, оны жындардан құтқарылған қызға көрсетті.
– Сұлу Ханако! Бұл – бақыт балғасы. Онымен жерді үш рет ұрсаңыз, кез келген тілегіңіз орындалады. Енді бұл балғаның иесі сізсіз. Алыңыз, - деді ол.
– Жо-жоқ! - деп жауап берді сұлу Ханако. – Бұл бақыт балғасын сіз өзіңіз жындармен шайқаста жеңіп алдыңыз ғой. Сондықтан сіздің тілегіңіз орындалсын!
– Менің тілегім бе? Менің жалғыз ғана тілегім бар. Мен денемнің дәл өзгелер сияқты үлкен болуын қалаймын! - деп саңқылдай сөйледі Иссумбоси.
Қыз сиқырлы балғамен жерді ұруға кірісті.
– Бір! Иссумбосидің денесі үлкейе түсті.
– Екі! Иссумбоси тағы да үлкейе түсті.
– Үш! Балғаны үшінші рет соққанда Ханаконың алдында сұлу да сымбатты, ұзын бойлы жас жігіт тұрды.

Иссумбосидің ерлігі туралы хабар Астана халқына тез-ақ тарады. Шынашақтай батыл бала туралы естіп-білмеген бірде-бір адам қалмады.
Көп ұзамай қайсар Иссумбоси сұлу Ханакоға үйленді. Ол қартайған ата-анасын өз жанына көшіріп алып келіпті. Сөйтіп, бәрі бірге ұзақ та, бақытты өмір сүріп, мұрат-мақсаттарына жетіпті.
