Бөлімше орталығындағы Жақсыбай Тәкіловтің екі бөлмелі үйінен «қырықтың бірі – қыдыр» тәрізді қонақ арылған күн болған емес. Ауызғы бөлмеде бір-бірінен жас шамасын айырып болмайтын қара домалақ балалар: біреуі – қонақтың қолына су құюға дайындалып, біреуі тәй-тәй, қаз-қаз басып табалдырықтан аттап, енді-енді еңбектеген біреуі жата қалып жол қарап, ал емшектен шықпағаны бесікте іңгәлап... у-шу, мәре-сәре, балалы үй – базар болып жататын.
Төргі бөлмеде оң жақ қабырғадағы ақ дәке шымылдықтың ішінде жиырма жыл сал болып қалған денесінің солып бара жатқанын сездірмей арыстай ақикөз шал жатыр еді. Жанарын шел қаптаған су қараңғы болса да, қонақты көкірегімен көргендей кеудесін жастыққа қарай көтере шалқайып, бейнет көріп келген адамның қай туысқан, қай тума екенін сұрастырып, ауруды алдарқатып отырады. Ара-арасында жылаған-сықтаған әлгі қара домалақтардың дауысы қонақтың мазасын алады-ау дегендей сыңаймен:
- Мына бір көзге көрінген бірді-екілі жаман немелер шетінен мазаң. Құдайым берейін десе, қиын ба, ұлым кеш үйленіп еді, бар болғыр келінім емшек сүтімен көтере береді, әйтеуір, - деп ақкөңіл шал аржағындағы қуанышын жасыра алмайды.
Бұл осы өңірге аты әйгілі сынықшы Хасеннің Тәкілі дейтін қарт болатын. Адамның он екі мүшесіндегі күл-талқан болып кеткен талай-талай сүйекті ет пен терінің аржағынан сылып алғандай сықырлатып, қолмен қойғандай қалап, құрастырып, сығымдап, сыналап қалыпқа салғандай ғып жіберіп, талайдың сауабын алған сол қария осыдан біраз жыл бұрын көз жұмды. Сынықшы қария көз жұмған соң құрдымның сағасындағы Қазасалған ауылына жан-жақтан андағайлап, андыздап келіп жататын жолаушылар да сап тыйылды.
- Жалғыз ұлы Жақсыбайға Тәкіл сынықшының бірдеңесі жұққан жоқ па екен? – деп жұрт жалтақтасты.
- Жақсыбайға сынықшылық қайдан жұға қойсын. Қарттың қасиетіне зер салу үшін ең алдымен адамға зерде керек емес пе, оның үстіне белі қатып, бұғанасы бекігелі бүкіл бір ферманың бейнетін бір өзі арқалап, қара жұмыс қажап тастаған Жақсыбайдың «осының не сиқыры бар» деп әке қасиетіне мойын бұруға уақыты болды дейсің бе?..
Жалпы, сынықшылық – бақсылық, балгерлік сияқты түп-төркіні діни нанымнан тарап, алдау, арбаумен тамырласып жататын жалған емшілікпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүние. Сынықшыны өмірдің өзі амалсыздан дайындайды. Асау үйретіп атқа мінген, барымта жасап, қарымта қайырған, жаугершілік жорықтарға шыққан елдің ер-азаматы майыпқа ұшырауы, бұғанасы тайып, белін жазымдауы, қабырғасын қиратып, омыртқасын үзіп алуы, тобығын тайдырып, қолын шығарып алуы – табиғи құбылыс. Дәрігері жоқ елде дала сынықшылары міне, осындай уақытта туған ғой. Шыққан бұғанасын, тайған тобығын тар жерде тістеніп тұрып өздері салып алып жүре беретін шыдамды да епті ерлер туралы шындық әңгімелерді талай-талай естігенбіз, мүмкін көзбен көргендеріміз де бар шығар... Дала сиқыршыларының сондықтан көп болуы да заңды, сынықшылық әулеттен әулетке тараған кәсіп сияқты атадан балаға ауысуы да заңды.
Ал соның жалғыз ұлы Жақсыбай ше?
Жақсыбай артық-ауыс сөзі жоқ, мінезге созымтал мың болғыр екенін, он саусағы – өнер, кез келген істің иін салғаннан танып, бір көргенін екі рет қайталаттырмай қағып алатын көздер де, құймақұлақ екенін де екінің бірі біледі. Осы бөлімшеде қырқымның кезінде агрегатты ақаусыз жүргізіп, машинканың жүзін қылаусыз қайрайтын жалғыз Жақсыбай, жаз бойы шеберханасы жоқ көшіп жүретін шағын ғана шөпші ауылдың ұстасы да, қайрақшысы да тағы осы – Жақсыбай, бөлімше орталығындағы жиырма шақты үйдің жарығын жағатын электригі де, слесары да, монтеры да – Жақсыбай. Техника төрт құбыласын түгелдеді десек те – қыс бойы орғыл-орғыл құмның ішін жайлайтын бұл өңір қойшыларының ат шана, өгіз арба сияқты қарапайым құрал-жабдықтарсыз күні жоқ. Жақсыбайдың үйінің алдында шопандардың шыбығы кеткен шаналары, белдігі сынған арбалары үйіліп жатады.
Атқа тік мініп, тік түсетін қазіргі көптеген қойшылар ағайын-туыстығын салып, соның бәрін әйтеуір Жақсыбайға жөндетіп алады. Ал осы өңірдегі отыз отар қойшының, оның көмекшілері мен күзетшілерінің қаншама киіз үйі болса, соның бәрінің көктейтін керегелері, тезге салып қайта иетін уықтары, қайта шабақтайтын шаңырақтары тағы да сол мың болғыр Жақсыбайдың қолынан өтіп жатады.
- Ой, осыны да іс деп, өзің жасап алмайсың ба, аржағында мойным жар бермейді десейші, - деп Жақсыбай онсыз да салыңқы ұртын бір бұртитады да: - Жарайды, тастап кет енді, - дейді.
Мұның үстіне ана бір жылдары Жақсыбайдың пеш түбінде қол көрік үрлеп – күміс қақтап, аздап сақина-білезік соғатыны, тарамыс-таспасын баптап, кебіс, мәсі тігетіні бар еді. Көргеннен көз ақы алмай қалмайтын ағайын-туыстың әйелдерінен абырой таппайтынын білген соң – бұл кәсіпті соңғы жылдары атымен доғарған. Сол Жақсыбай сынық салыпты деген хабар ойда-жоқта дүңк ете қалды.
- Кімнің сынығын салыпты, қай жері сынған екен, қалай сыныпты, салған сынығы дәл түсіп пе, қолы жеңіл ме екен? – деген сауалдар мұндайда өз-өзінен өрбіп жататыны белгілі ғой.
- Өз сынығын өзі салыпты, - дейді, - оң аяғы ма, сол аяғы ма, әйтеуір бір аяғын шөп тиеген машинадан құлап сындырып алған екен, бір апта үйінде жатыпты, қайраны болмаған соң, қайтсін енді... Тәуекелге бел байлаған да! Жақсыбайдың өз сынығын өзі салғаны рас, кейін де сынық салуға талай рет оқталған. Тек батылы, тәуекелі жетпеген, Әлдебіреудің «бейнетіне арашашы боламын» дегенде арандап қалып жүрермін деп жүрексінетін. «Бас шығарамын деп көз шығарып алып жүрсем – сүйекке таңба ғой» деп ойлайтын.
Қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді ғой. Ал елу жыл сынық салған, сол елу жылдың жиырма жылында төсекте екі көзі су қараңғы, сары жамбас сал болып жатса да, адамның он екі мүшесіндегі сүйектің қылтанағына дейін оймен бажайлап орын-орнына қойып жататын атышулы сынықшының баласына оның көзі көріп өскен қасиетінің бір ұшқыны қалайша дарымады екен?!
Әкесі: «Мен еріккеннен емес, ерегіскеннен сынықшы болдым», - дейтін. Онысы шындық.
...Он алтыншы жылғы ұлы дүрбелеңнің тұсында Тәкіл қария ауыл-ауылдың арасында ұрын жүріп, қыз-келіншекті аңдыған бозбала жігіт еді. Жар жағалап, шаруа жайлаған Хасен әулетіндегі жеті-сегіз жігіттің ең кенжесі Тәкіл - әрі серілеу, әрі содыр-сотанақтау болып өсті. Он алтыншы жылдың аласапыран көктемінде сонау Ырғыз, Шалқар жақтан құрдымның сағасындағы «Ұрыөткел» арқылы Әліби Жангелдиннің қызыл керуені Торғай өңіріне өтерде ең алымен осы Қазасалған ауылының топырағын басқан. Содан ол туған босағасына – Торғайға Совет өкіметі орнағасын оралған. Бір аяғын сылтып басатын сол Амангелдінің сардары екен.
- Аяққа не болған? – дейді әкесі ұлына.
- Аяқ сынған. Соғыста жантәсілім, жанталас үстінде сынған аяғымды өз қолыммен салып, өз белбеуіммен өзім таңдым, - дейді ол. Сөйтеді де, қызыл фуражкасының күнқағарын көтеріп:
- Революция үшін бір аяқты беруге болады ғой. Революция үшін жан пида, - дейді. Содыр-сотанақ адамның өжет болатыны да рас. «Бұдан шығар» деп ойлайды әкесі.
Өз сынығын өзі салып дәндеген адам өзгенің сынығын салмаушы ма еді. Қария ойламаған жерден Амангелді отрядының сынықшысы болғанын осылайша әңгімелеп отыратын.
Әкесі аңқылдаған ақ көңіл, адамға жақсылық жасауға жан ұшырып отыратын кісі еді. Мүмкін оны әмбебап сынықшы жасаған осы қасиеті шығар. Ал бірақ сынықты салу үстінде ауру адамның жантәсілім айқайына, жалбарынған жалынышына қарасу теріс ағып кетсе де қарамайтын қайырымсыз қатыгездің өзі де. Бейнетті кісінің сынған сүйегін сипалап отырып, ол бір-ақ сәтте бар күшін бойына жинағандай арқаланып:
- Ә, бәлем! – деп, айқайлап жіберер еді. Жиырма жыл бойы төсек тартып жатқан тірі аруақтай – тек қана тірі көкіректің сылынып сүйегі қалған салалы саусақтары тап осы сәтте кез келген атпал азаматтың атан жіліктерін үгіп жіберердей сықырлататын.
Тәкіл қартқа сынық салдырған адамның аузынан:
- Ойпырм-ай, мына кісінің қолындағы неткен күш, неткен қуат, - деп таңқалғанын естір едіңіз. Сол осы өңірде атышулы сынықшының баласы «өз сынығын өзі салды» деген хабар таралып кеткен соң, бұл ауылға арнайы атбасын бұратын жолаушылар қайтадан көбейе бастады.
Әуелгі кезде Жақсыбай қорқа соғып, бір жағы ыңғайсызданып:
- Ау, ағайындар-ау, мен өз сынығымды өзім салғаным рас, қате кетсе, мүлт кетсе өзіме-өзім жауап беремін ғой, өзіме-өзім өкпелеймін ғой деген тәуекелге барғанмын. Ал енді тәуекелдің бәрі тәжірибе емес қой, - деп жалтарып, келген жұрттың бетін қаққан.
Сан түрлі кәсіппен айналысатын ауылда ғайыптан-тайып майыпқа ұшырайтын, бір жерін сындырып, бір жерін шығарып алатын адам болмай тұра ма?
Бұл – ауданнан алыс, облыстан одағай жатқан қиян шеттегі ауыл. Сынған, шыққанды орнына сала қоятын, оңтайлап таңа қоятын дәрігер тағы жоқ. Дәрігерге баратын көлік-көншік табан астында тағы таптыра бермейді. Міне, мұндайда ауырған жан иесі амалсыздан Жақсыбайға келеді. Алғашқы кезде:
- Ау, мынаны мен сала алмаспын, - деп Жақсыбай сәл сақтық танытатын. Ал аналар ағайын-туыстығына салып, қолқалап отырып алады.
- Менің жаным сенің жаныңнан артық дейсің бе, салшы, әйда, тәуекел, - деп, қайсыбір әзілі жүретіндер сынықтарын Жақсыбайға зорлап салдырған да кез болып жүрді.
Не керек, сонымен бірер жылдың көлемінде Қазасалған ауылында жаңа сынықшы – Жақсыбай сынықшы шықты.
- Бірер жылдың ішінде сынығын салған адамдардың бәрі қатарға қосылып, құлындай ойнап жүр. Бірсыпырасы аудан, облыс орталықтарына барғанда рентгенге түсіп, сынған жерлерінің қалай біткенін тексерткен көрінеді. Шор боп бітіп, қор боп қалған әзір ешкім жоқ, әйтеуір, - деп Жақсыбай бізге жымия қарады.
- Ал енді осы сынықшылықта бақсы-балгерлік, әулие-әмбиелік сияқты діни ұғымдағы нанымдар бар деп ойлайсыз ба? – деп сауал тастадық біз оған.
- Сайтан алсын! – деді Жақсыбай бізге. – Қайдағы бақсы-балгерлік, қайдағы әулие-әмбиелік. Ондай елестің ешқандай сиқыры менің басымды айналдырған емес, өтірік айта алмаймын. Әкемнің ерегіскеннен сынықшы болдым дегенінде жан бар екен. Ал мен ел еркіме қоймаған соң амалсыздан сынықшы болып бара жатқан тәріздімін.
Ал бірақ, бір байқағаным – сынықшылық та кәдімгі кез-келген кәсіп, кез келген өнер сияқты тәжірибені қажет етеді екен. Тәжірибеленген сайын тәуекелшіл де батыл болады екенсің. Қолдың епсектігі, көздің қырағылығы, көңіліңнің көріпкелі, зердеңнің зеректігі керек бұған қоса... – деп Жақсыбай тоқталып қалды.
- Сізді қолынан келмейтін ісі, білмейтін өнері жоқ, - дейді ғой. Соның бәрін кімнен үйрендіңіз, қалай уақыт таптыңыз, - дедік біз оған сөз соңында.
- Ағайын-туыс, ел еркіме қоймаған соң амалсыз сынық салып жүргенім сияқты, қолымнан келетін дүниенің барлығын басқа түскен соң, амалсыздан, еріксізден үйрендім. Мен балалықпен қоштаспай жатып әкем сал ауру боп пеш түбінде жатып қалды. Оның үстіне көзінен айырылды. Семьяның ауыртпалығы мұндайда жалғыз ұлдың мойнына түсетін әдеті емес пе? Пеш түбінде, ақ дәке шымылдықтың ішінде жатып-ақ әкем шіркін мен білетін дүниенің бәрін ауызша-ақ үйретті, - деп ол сәл езу тартып, әлденені есіне түсіргендей болды.
* * *
Жақсыбай сияқты азаматтар туған топырағында шаруа әулетінің сан қырлы қасиетін бойына сіңірген нағыз бесаспап, нағыз әмбебаптар ғой. Олардың атамекен, ата дәстүр, ат кәсіпке адалдығы – азаматтық пен адамгершіліктің, перзенттік парызды өтеудің тағылымды мектебі тәрізді. Шаруа әулетінің жаңа ұрпағы алдымен әмбебап ағалардың осы мектебінен өтуі лазым.
Кеңшілік Мырзабеков
