Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Кинорецензия туралы бір сөз...

30.06.2022 4363

Кинорецензия туралы бір сөз 12+

Кинорецензия туралы бір сөз - adebiportal.kz

Бәріміз білетіндей кинорецензия ең әуелі фильмге жазылатын сыни талдау. Киноның қыр-сырын, ішкі мәнін, тұтас табиғаты мен ерекшелігін ашып көрсететін өз алдына жеке бір ғылым саласы. Кинорецензия туралы ғалымдардың пікірі әртүрлі. Зерттеуші А.Тертычный кинорейензияны талдамалы журналистикаға жатқызады. Оның пайымынша, рецензияның негізін сыни пікір, сыни ойлау жүйесі құрайды. Яғни көркем әдебиет, өнер, ғылым туындыларына жазылатын талдау. Оның басты мәні – пікір иесі мен зерттеліп отырған нысанның қарым-қатынасын тезге алу. Рецензияның басқа газет жанрларынан айырмашылығы, рецензияның мәні шынайылыққа негізделген оқиғалар, очерктер, репортаждардай емес, кітаптар, қойылымдар, кинолар, телебағдарламалар сынды өнермен астасқан ұғымдар тарапынан бас көтереді. Сол қасиетімен кинорецензияның типологиясы басқа жанрлардан өзгеше болып келеді.

Зерттеушілер, кинорецензияны ауқымы мен қамтитын мазмұнына қарай, көлемді және шағын рецензия деп жіктеп қарастырып жүр. Көлемді рецензиялар мамандандырылған басылымдарға жарияланады. Жазбаның көлемді болуы авторға тақырыпты терең әрі жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді. Мұндай рецензияларды ғылыми ұстаным басты назарда болады және қоғамда өз орны бар, көпшілікке белгілі, нақты саяси-қоғамдық және адамгершілік, философиялық ұстанымға ие, тәжірбиесі мол сыншылар дайындайды. Ал шағын рецензиялар бүгінгі таңда әлдеқайда көп тараған. Ондай рецензиялар қысқа, нақты, тұжырымды, тез оқылатындай ұтымды болады. Автор онда кеңінен көсіліп отырмайды. Естелік, жекелеген әсерлер, лирикалық шегініс сынды дүниелерге ешқашан орын болмайды. Ең бастысы ой нақты, дәлел тұжырымды, дәйекті болуы керек. Сонысымен де қысқа, шағын жанрдағы рецензиялар қазіргі таңда да өтімді болып тұр. Кинорецензияның монорецензия, полирецензия сынды түрлері де болады. Бірінші типтегі басылымдарда автор, әрине, бір туындыны талдағанымен, салыстыру мақсатында басқа туындыларды атап өтуі мүмкін. Мазмұны ықшам, көлемі қысқа болып келеді. Полирецензия деп екі немесе одан да көп шығармаларды бір-бірімен кең тынысты үлгіде салыстырып талдауды қарастырады. Әдетте монорецензияда автор талданатын жаңа шығарманы баршаға таныс болып қалған шығармамен салыстырады, ал полирецензияда жаңадан шыққан, көпке танымал емес туындылармен салыстыру жүргізеді. Бұл да бір кинотанудың өзіне тән қызық үлгісі. Рецензияны тақырыбы бойынша көркем әдеби нұсқадағы және театрлық танымдағы кинорецензия деп бөлуге болады. Соңғы кездері анимациялық фильмдердің көп шығуына байланысты мультфильмдер мен компьютерлік ойындарға да рецензия жазу аса сұрансқа ие.

Бір қызығы «рецензия кім үшін жазылады?» деген сұраққа нақты жауап беру қызықты әрі қиын. Бір жағынан сараптамалы талдау, ең алдымен киноны түсірген режиссерге керек. Осылайша ол өзінің шығармасын басқа адамның пікірі арқылы салыстырып, ой сүзгісінен өткізе алады. Бұл тарапта, көрермен де рецензия арқылы режиссердің не айтқысы келгенін бағамдай алады. Көрермен үшін жазу бір басқа да, режиссер мен кино сыншылары үшін жазу бір басқа. Толық кәсіби талдау көрермен үшін қызықсыз болуы мүмкін. Ал керісінше жалпы көпшілік үшін жазылған рецензия режиссер мен сыншылар үшін тым үстірт көрінеді. Күрделі тақырып туралы кең аудитория үшін де, сыншылар үшін де қызықты әрі оңай жазу арнайы терең білім мен тәжірибенің негізінде ғана қол жеткізіп, үйренуге болады. Кинорецензияны қалай жазу керектігін айтпас бұрын, оның тарихына қысқаша тоқталып өтелік.

Кинорецензия жанры алғашқы кинолардың шығуымен, яғни ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде пайда болды. 1895 жылдың қарашасында алғашқы киносенанстың өзі баспасөздің қатысуымен өтті. Алдыңғы кинорецензиялар да кино «ерекше визуалды техника, әдемі декорациялар, актерлердің тартымды ойыны» деп аталып өтеді. Яғни, сынау функциясы алдыңғы кездері тек сипаттау түрінде болған. Кино драматургияның күрделенуімен, кинорецензияларда қарастырылатын мәселелердің де ауқымы кеңейе түсті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кино сыны мәлім мөлшерде саяси идеологияның құралы болды. 1960-70 жылдардағы француз фильміне келген «Жаң толқын» қоғамның кино туралы түсінігін, киномен бірге кинорецензия ұғымын өзгертті. Кинорецензиялар әуелі тілдік жағынан өзгеріске ұшырады. Неміс кинотанушысы Норберг Гробтың пікірінше 1960 жылдардағы киножурналистер арасында «жаңа образдар», «жаңа баяндау формасы» пайда бола бастайды. Кинематограф дамуының алғашқы жылдарында киноларға деген сыни көзқарас шыққан бейненің қабылдануыменен, қабылданбауымен шектелетін. Яғни бұл жерде өнерге берілетін бағаның тым сыңар жақтылығы. Баға тым жағымды немесе керісінеше жағымсыз сипатының басым болуы. Алғашқы кинолардың жұтаңдығы, өткен ғасырдың басындағы кинорецензиялардың шағын мәнерде жазылуына себеп болғаны анық. Айталық, Германиядағы кино өнеріне арналған журнал 1907 жылы жарық көрді. Одан ертеректе шыққан журналдар да негізіген кино саласына арналған арнаулы беттер мен «кинобағандар» ғана болды. 1907 жылы Германияда шыққан журнал, кейін тұтас халқаралық киногазеттердің жарыққа шығуына түрткі болды.

1910 жылдардан бастап кино өндірісі дами бастады. Соған сай фильмдердің хронометражы барынша ұзарды. Сәйкесіне экрандағы драматургия барынша тереңдей түсті. Бұл үрдіс деректі фильмдердің де жеке дамуына мол мүмкіндіктер туғызды. Сол дәуірдегі еуропалық кино сыншылар өздерінің идеологиялық, эстетикалық ұстанымдарына сай баспа беттерінде кинорецензияларын үзбей жариялап тұрды. Олардың қатарында Герберг Ихеринг, Рудольф Арнхайм, Зигфрид Кракауер, Курт Тухолский сынды белсенді кино сыншылар болды. Ал киношолушыларға арналған журналдар дүниежүзілік екінші соғыстан кейін етек ала бастады. Ондағы рецензиялар негізінен кино түсіруді, монтаж жұмыстарының, актерлер ойынымен киім үлгілеріне, фильмнің декорацияларына бағытталып жазылды. Олардың басты мақсаты фильм туралы нақты ақпарат беру, сонымен қатар кино туындысын жарнамалау негізінде болды. Сондықтан да олардың пайымында анау айтарлықтай күрделі сын бола қойған жоқ. Осы кезеңдер де болып жатқан әлемдік геосаяси ақуал кино өнеріне өз салқынын тигізбей қалған жоқ. КСРО мен Германия арасындағы текетірес кино туралы танымдық мақалалардың саяси астар алуына әкеліп соқты. Бұл уақытта кино ғана емес, әдебиет және өнердің басқа салалары мемлекеттің бір бағытта жүргізген саясатынан алыстап кете алмады. Және соған қызымет етті. Тек 1950 жылдардан кейін ғана кино шын өнердің көзіне айнала бастады. Еуропада жаңа неміс киносы, жаңа француз фильмінің жас толқындары қанат жая бастады. Соның негізінде оқырмандарға толыққанды, таза сын мен өнер кеңістігіне көтерілген кинорецензиялар ұсына алатын «Posinif» сынды француз журналдары шыға бастады. 1957 жылы «Кинокритика» журналының негізі қаланды. «Жаңа киносын» ұғымы қалыптасып, ғылыми айналымда жаңа термин ретінде орныға бастады.

Неміс кинотанушысы Хельмут Дидериктің пайымына сүйенсек, киносыншылар әуелі кино өнеріне кәсіби маманданған тұлғалар болуы керек. Олар белгілі фильмдерге сын жазады, кинофетиваль туралы баяндайды, актер, кинорежиссерлер туралы кітап жазады. Осылайша кино сыны жай ғана сипаттаудан, терең талдауға дейінгі жолды басып өтті. Сүйтіп рецензия жанрының типологиясына кірді. Сонымен қатар, кинорецензия жанры басқа аралас жанрлардың пайда болуына, жеке дамуына өз ықпалын тигізді. Кинотанушылардың пікіріне негізделсек кино өнері туралы жазудың бірнеше түрі бар. Әрине, оның бәрі авторға байланысты, сондықтан бұл туралы мызғымайтын қағида жоқ. Қағида бар жерде өнердің болашағы да күмәнді. Ең бастысы кино туралы жазудың өзіне тән жолдарын, ерекшеліктерін мұқият зерделеген жөн. Кино өнерінде баса айтылатын дүниелер, киноның болмыс-бітімін ашатын ерекшеліктер толық қамтылып, өз мәресіне жеткізе айту бұлжымас қағида болғаны маңызды. Айталық кинорецензия жазуда дұрыс әдісті таңдай білмек керек. Ең қарапайым жазылған рецензияның өзі қандай аудиторияға, қандай басылымдар мен оқырмандарға бағытталатынын айқындап алған жөн. Сосын рецензия жазатын фильмді дұрыс таңдай білу бөлекше мәнге ие. Ең бастысы сын жазған автордың танымына, талғамына, парасат деңгейіне лайықты болғаны жөн. Сол өлшемге лайық болғанда ғана, кино туралы айтылар сөздің барынша шынайы, ғылыми, тұжырымды ой болатыны талассыз. Рецензияны филмьга арналған жарнама ретінде бақай есеппен пайдалана жазудың, фильмнің кемшіліктері мен жетістіктерін өз мүдең мен арзан жоспарыңа негізделіп бұрмалаушылықпен жазудан сақтана білу керек. Кино сынға қойылатын ең басты талап – аталған фильмді жан-жақтылы аша білу. Фильм бойында жасырынған детальдары, астарындағы ойларды, көрермен назарынан тыс қалған нәзік дүниелерді көріп, айта білу бөлекше мәнге ие. Осындай жоғары талаптардың биігінен табылатын сын жазу үшін автордың қолында барлық мәліметтер болғаны ләзім. Фильмнің режиссері, оның бұрын-соңды жарық көрген шығармалары, фильмге түскен актерлер туралы, олардың бұрын ойнағн фильмдері, актердің басты характірі мен ерекшеліктерін толық бағамдай білу аса маңызды болмақ. Осы аталған маңызды түйіткілдер киноның сюжетініе тікелей қатысты талаптарды ортаға қояды. Соның нәтижесінде фильмде қандай оқиғалар жүріп жатқаны, кейіпкерлердің мінез-қлқы, оқиғаның орыны, айтар идеясы мен көтерген тақырыбы, артқы музыкасы, камера, жарық, дыбыс сынды техникалық құралдардың атқаратын міндетінің тиімді пайдаланылуы, фильм барысында өз рөлін толық атқарып, дұрыс сөлей білуі көркем фильм үшін бұлжымас қағида болуы керек. Осындай әмбебап өнердің өзара құралуы мен тиімді қызыметінің арқасында шын киноның көрерменге қалай әсер сыйлайтынын жеткізе білу киносыншының басты мақсаты болуы керек. Осындай ізгі ниет пен айқын мақсатты көздеген сыншы ғана, кино туралы өнер биігіне көтерілген, оқырманға айтары бар аяулы дүние жазуға хақылы деп ойлаймыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар